Жарияланымдар

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқау-акциясының басталғандығы жарияланды деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Байқауды «Хабар» және «КТК» телеарналарының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер Ассоциациясы ұйымдастырып отыр. Конкурстың мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

«Бұл акция-конкурсты ұйымдастыра отырып, бір жағынан біз алдымызға мұқтаж жандарға көмектесетін, қайырымдылық іс жасайтын адамдарды танымал ету міндетін қоямыз. Екінші жағынан жас ұрпақты қайырымдылық пен ізгіліктің жарқын үлгісі арқылы жоғары адамгершілік нормалар мен ұстанымдарға тәрбиелеу міндетін алға қойып отырмыз», – дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге үлес қосып, өзінің қайырымдылықтары арқылы басқаларды ынталандырып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Елордалық журналистердің материалдары кітап болып басылып шығады

Елорданың 20 жылдығын мерекелеудің аясында жергілікті газеттер «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» беттерінде жарияланған материалдардың негізінде екі тілде елорданың күнделікті тіршілігі мен әр жылы өткен маңызды да қызықты шаралар туралы кітаптар баспадан шығады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Жоба жетекшісі Қайсар Жұмабайұлы материалдар баспаға берілмес бұрын көптеген жұмыстардың атқарылғанын айтады.


«Мұндай кітаптарды шығару идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің бұрынғы номерлеріндегі материалдарды оқи отырып, мен қаланың қалай өскендігі, ондағы құрылыстың қалай жүргізілгені, оның даму қарқындылығы, түрлі кең-ауқымды саяси, мәдени іс-шаралар туралы қызықты материалдармен таныстым, құнды фотосуреттерді көрдім. Астана тұрғындары үшін 20 жыл ішінде елордамыздың қалай өзгергендігін көру қызық болады деп ойлаймын. Ең алдымен бұл материалдарды газеттеріміздің беттерінде арнайы айдармен жариялауды жөн санадық. Жыл басынан газеттеріміздің 20 нөмірін белгілі бір жылы жазылған материалдарға арнадық. Енді міне кітаптарымыздың баспадан шыққанын күтіп отырмыз», — дейді «Elorda Aqparat» ЖШС-нің директоры Қайсар Жұмабайұлы.


Ол, сондай-ақ, әр кітаптың бірегей екендігін алға тартты.


«Қазақ тілінде шығатын кітап «Астана ақшамы» газетіндегі материалдарға, орыс тіліндегі кітап «Вечерняя Астана» газетіндегі материалдарға негізделген. Бір қаладағы шаралар болған соң, екі кітаптағы материалдар ұқсас болуы мүмкін, әрине. Десек те, бұл аударма емес. Бұл – әр түрлі журналистердің жазған мақалалары. Кітаптың атаулары әлі бекітілген жоқ. Олар «Елорда шежіресі» және «Сердце мое – Астана» деген атаумен шығады деп жоспарлап отырмыз», — деп бөлісті Қайсар Жұмабайұлы.


Айта кетейік, жоспар бойынша Астананың 20 жылдығына орай басып шығарылатын кітаптар осы жылдың қараша айында таныстырылмақ.

Астананың ақпараттық саясаты: ашықтық және жылдамдық

2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласының даму бағдарламасы мен  басқа да мемлкеттік бағдарламалардың іске асуын ақпараттық сүйемелдеу, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жұмысы туралы халықты ақпараттандыру үшін қаланың барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс комиссиясы құрылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Қалалық мәслихатта мемлекеттің ақпарат саясатын іске асыру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау болып өтті. 


Астана Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есиннің мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс тобы мемлекеттік ақпарат саясатын үйлестіру және оны тиімді іске асыру жұмыстарын жүргізеді.


 «Аталған салада бізге жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін жариялы түрде ұйымдастыру қадамдарын жетілдіру мен оның регламентін бекітті. Мемлекеттік ақпарат саясатын үйлестіру және оны тиімді түрде іске асыру үшін қаладағы барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс тобы құрылды. Қалалық басқармаларда БАҚ-пен жұмыс істейтін жауапты қызметкерлер бекітілді, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау бойынша 18 бөлек медиа-жоспар әзірленді», — деді Данияр Есин. 


Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, астаналық тұрғындар жалпыұлттық даму бағдарламасы туралы жоғары деңгейде ақпараттандырылғанын көруге болады. Атап айтқанда, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша ақпараттандырылу деңгейі 78,4 %, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 72,8 %, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  бойынша 71 %, «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша 70,9 % құрайды.


Астана қалалық мәслихаты депутаттарының отырысында ақпараттандыру жұмыстарын әлеуметтік желілерде де күшейте түсу керектігін, әсіресе жастар арасында кеңірек тарату керектігін атап өтті.


Астананы газдандыру: көгілдір отын қай мерзімде пайда болады

Астана әкімдігінде 2018-2020 жылдарға арналған Астана қаласының қоршаған ортасын сауықтыру, газдандыру және қала халқын көмірмен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жоспарын іске асыру мәселесі бойынша брифинг өтті. Осы жылы қалалық әкімдік 8 негізгі компания-іске асырушылармен көмірдің әр түріне бағаны бекіту шеңберінде меморандумға қол қойды. Айталық, «Шұбаркөл» көмір маркасының бағасы – 13 600 теңге, «Қаражыра» көмір маркасы – 14 000 теңге, «Майкөбе» — 12 500 теңге, «Богатырь көмір» — 9500 теңге, «Кузнецкий» — 12500 теңгені құрайды. Қалада көмірдің жалпы қоры 10 255 тоннаны құрайды.  


«Биыл көмір жеткізу өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Көмір жеткізу мәселесі тұрақты, өткен жылмен салыстырғанда айқай-шу жоқ. Қатты отынның бары және қандай орындарда қанша мөлшерде сатылып жатқаны жөнінде қоңырау шалып білуге болатын 109 сенім телефоны бар», — деді отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының отын-энергетика ресурстары бөлімінің жетекшісі Мақсат Есмағұлов. 


Оның айтуынша тамыздан бүгінге дейін Астанаға 180 мың тонна көмір жеткізілді. Жалпы, энергия көздерін қоспағанда барлық жылу маусымы кезеңіне 400 мың тонна көмір қажет.  


Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша астанада мемлекеттік тәжірибе жүргізуге арналған «Астана қаласын газдандыру» техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалғанын айтты. Ол әзірленіп, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді. ТЭН болжалды мерзімі – 2018 жылдың қарашасы. Сонымен қатар бір мезетте тарату желі құрылысын да жобалау басталды.


«ТЭН-ге сәйкес Астана қаласындағы газтарату желісінің құрылысы үш кезекке бөлінді. Бірінші кезектегі жобалау аяқталды. ТЭН-нің қорытындысын алсақ алдымен сараптамаға кірісеміз. Іске қосу кешенін біз ЖЭО-мен бірге жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезекте Көктал 1 және Көктал 2 аудандарын газдандырамыз», — деді спикер. 


2021 жылдан кейін құрылыстың екінші кезегін іске асыру басталады және Мичурин, Интернациональный, Тельман, Garden Village және Family Village кенттеріне газ кіргізу жоспарланып отыр. Ал үшінші кезектің шеңберінде Ильинка, Шұбар мөлтекауданы мен Өндіріс тұрғын алабын газдандыру жоспарлануда.


Астана қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Әбдіманап Жұмәділдаев газ енгізу қала экологиясын айтарлықтай жақсартып, көк түтіннен сақтайтынын айта кетті.


2019 жылы Астанада Халықаралық инновациялық альянстың отырысы өтеді

Сеулде Global Digital Innovation Alliance Халықаралық инновациялық альянстың ашылуы өтті. Іс-шараға АҚШ, Бельгия, Бразилия, Қытай, Малайзия, Сингапур, Португалия, Корея, Румыния сынды елдердің жетекші қалалары қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты Астана Innovations АҚ сілтеме жасап.

Аталған шараға Қазақстаннан Астана Innovations АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев қатысты.

«Жаңа альянс – уақыт талабы. Америка, Сингапур, Қытай, Бельгия сынды елдердің жетекші қалаларының тізімінде Астананың да болуы мені қуантты. Меніңше, форумға қатысуымыз екі бағытта қарастырылуы керек. Біріншісі – тәжірибе алмасу. Сондай-ақ біздің талаптарымызға қолайлы инновациялық көңіл-күйдің барометрі іспетті», – деді Олжас Сартаев.

Astana Innovaitions басшысы альянстың келесі отырысы Астанада өтетінін ерекше атап өтті.

Digital Bridge» инновациялық форумында халықаралық Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтеді

5 қарашада Астанада ЭКСПО павильондарының бірінде IT-индустриясының басты оқиғаларының бірі — «Digital Bridge» Халықаралық инновациялық форумы барысында халықаралық Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. 


Форумның басты жаңалығы Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтуі. Шара кезінде Astana Hub-тың негізгі өнімдері таныстырылып, бағдарламаның алғашқы түлектерінің жетістіктері және ЭКСПО павильондарының бірінде орналасқан технопарк инфрақұрылымы көрсетіледі», деді ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Динара Щеглова.


Оның айтуынша, сандық көпір форумы Қазақстанның инновациялық және цифрлық әлеуетін халықаралық аудиторияға ұсынып, осылайша біздің нарыққа шетелдік сарапшылар, стартаптар, компаниялар, инвесторлар мен АТ-ның басқа да өкілдерін тарта алатын тұғырнама болады деп есептейді.


Digital Bridge форумына 600-ден астам қатысушы тіркелген, 50-дан астам спикер өздерінің қатысатынын растаған.


«Біз 23 елден қонақ күтіп отырмыз, олар Сингапур, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Эстония, Франция, Германия. Форумда 9 панельдік сессия жұмыс істейтін болады, онда қатысушылар жаңа стартап жобаларды ілгерілету, мемлекеттік секторда блокчейн-технологияны қолдану, электронды мемлекеттік қызметті дамыту, киберспорт, «ақылды» қала жобаларын талқылайтын болады», деп атап өтті Динара Щеглова.


Ұйымдастырушылардың айтуынша Digital Bridge жыл сайын өткізу көзделген.


Онлайн-форум: Астана әкімі құрылыс, транспорт, жергілікті бюджетті толықтыру мәселесін талқылайды

«Электронды үкімет» e.gov.kz порталында Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен интернет-конференция өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Онлайн-форум қатысушыларының кездесу шеңберінде «Жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қабылданған шаралар. Мемлекеттік қызметшілердің жалпыға тән моральдық-этикалық нормаларды сақтауы», "Құрылыс саласын дамыту және Астана қаласының сәулеттік келбеті мәселесі туралы", «Жолаушыларды тасымалдау бойынша қаладағы көлік кәсіпорындарының проблемалы мәселесін шешу және автомобиль жолдарының жағдайы», сондай-ақ «Жергілікті бюджетті толықтыру және астанадағы коммуналдық меншіктің халі» мәселесі бойынша тақырыптарды талқылайды.

Форумға қатысқысы келгендер e.gov.kz сайты арқылы («Ашық диалог» — Интернет-конференция парақшасына электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіре алады). Басталу уақыты: 2 қараша 2018 жыл, сағат 09:00-15.00.

Жолдау іс жүзінде: Байқоңыр ауданы қалай өзгеріп жатыр?

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды іске асыру кезеңдері елордадағы № 10 мектепте талқыланды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Кездесу барысында тұрғындарға «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы түсіндіріліп, өзекті мәселелер талқыланды. Шараға Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қатысты.

«Жолдау аясында ауданды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көшедегі жарықшамдардың саны артып, спорттық және балаларға арналған ойын алаңдары орнатылып жатыр», – деп атап өтті Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында әкім 2018 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, 2019 жылға белгіленген жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, ауданның өмір сапасын жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.

Ақылды аудан қалай өзгереді

Әлемнің барлық жетекші елдерінде интеллектуалды қала дамуда. «Ақылды қала» — қалалықтардың өмір сапасын жақсарту үшін қалалық кеңістікті тиімді дамытудың концепциясына айналды.


Мұндай жаңашылдықтар жастар мөлтекауданындағы «ақылды» ауданда көптеп пайда болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


 Astana Innovations АҚ мамандары жаңа технологияларды А. Бараев, А. Кравцов, Ж. Ташенов көшелері мен Байқоңыр ауданындағы Т. Хусейн көшелерінің бойында орналасқан  Жастар (Молодежный) мөлтекауданына енгізбек. Онда 10 бағыт қамтылады: абаттандыру (жылы тротуар, жолдарды жылыту, т. б.), «ақылды» жаяу жүргіншілер жолы, транспорттық жоспарлау, цифрлық – мобильдік кәсіпкерлік, «ақылды» инфрақұрылым (жарықтандыру, нөсер кәрізі), экологиялық шешім (қоқыстарды бөлек жинау), қауіпсіздік т. б.


 Astana Innovations  АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сартаев жобаның қала мен Жастар мөлтекауданын үш бағытта дамытуға арналғанын айтты.


«Бірінші бағыт – бұл урбанистикалық шешім, екінші – ІТ, smart-шешім, үшінші бағыт – экологиялық «жасыл» шешім. Ақылды аудан – бұл өз кезегінде зертхана сияқты, ол жерде біз үш бағыт бойынша түрлі деңгейдегі технологияларды тестілеуден өткізе аламыз», — деді ол.


Сонымен қатар, мобильдік қосымша әзірленіп жатыр, оның көмегі арқылы барлық тұрғындар кіре берістерге орнатылған камерадан үйдің айналасында не болып жатқанын көріп, бақылап отыра алады. 


Тұрғындар Face Recognition технологиясына негізделген камераның тануы арқылы ғана ішке кіре алады. Ол пайдалану үшін рұқсат беретін карточка, кілт, магнит және смартфон талап етпейді. Бұдан бөлек, жылы тротуар, жолдарды жылыту, «ақылды» жаяу жүргіншілер жолы, транспорт жоспарлау, мобильді кәсіпкерлік, «ақылды» инфрақұрылым (көшені жарықтандыру, нөсер кәрізі), қоқыстарды бөлек жинау.   


Еске сала кетейік, жоба инвесторлардың қаржысы есебінен іске асырылады.

Жыл басынан iKomek қызметіне 700 мың өтініш келіп түскен

Жыл басынан орталыққа қала тұрғындарынан 703 мыңнан астам өтінім келіп түскен, олардың  99,7 % атқарылған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, тұрғындар тарапынан түсетін өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 300 мыңға артқан. Мұнымен қоса, қоңырау кезінде шешілетін өтінімдер саны да көбейген.


«2017 жылы 400 мыңға жуық өтініш қаралса, биыл олардың саны 703 мыңнан асты. Олардың 99,7 % атқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудандар, әкімдік аппараты мен басқармалар кеңселеріне келіп түсетін ресми өтініштер саны 20 %-ға төмендегені байқалады.


iKomek орталығының қызметтер каталогында 1050-ден астам қызмет бар, оларға оператор бірінші қоңыраудан-ақ жауап бере алады.


Бүгінгі таңда тұрғындар өтініштерінің 77 % бірінші қоңыраудан-ақ жабылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті  85 %-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.


Орталықта белгілі болғандай, су астында қалуына, жолдар/жаяу жолдар жабынының зақымдалуына, лифт жұмысының қалпына келтірілуіне, құдық қақпақтарының ашық қалуына, қаңғыбас иттерді аулауға қатысты сұрақтар тұрғындар тарапынан жиі түседі.


iKomek бірыңғай байланыс орталығы барлық қалалық тіршілікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес беріп, тұрғындардың өтініштерін қабылдайды, өтініштерді өңдеу мен орын алған оқиғаны, апатты шешу жұмыстарын, коммуналдық және шұғыл қызметтер жұмысын бақылап, үйлестіреді. Сонымен қатар, қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы қаладағы жағдайды «дәл осы жерде және қазір» тәртібінде бақылайды.


Барлық өтініштер өңделіп, оларға тіркеу нөмірі беріледі де, Астана қаласы тұрғындары өтініштерінің тізіліміне енгізіледі, ары қарай белгіленген мерзімде атқару үшін мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызметтерге жолданады.


«iKomek» орталығының операторлары тұрғындардан өтініштерді барлық байланыс арналары арқылы қабылдайды:


  1. Әлеуметтік желілердегі хештег #astana109

Facebook www.facebook.com/astana109


Instagram www.instagram.com/astana109


Telegram-арна t.me/astana109112


  1. Қалалық әкімдік сайты www.astana.gov.kz
  2. Чат-бот Telegram: t.me/astanaikomek109_bot
  3. Қалалық және мобильді телефондардан 109 тегін нөмірі

Естеріңізге сала кетейік, Астана тұрғындары үшін 24/7 тәртібінде жұмыс істейтін әмбебап көмекші – Қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы елорда қаласы әкімдігін трансформациялаудың бірінші кезеңі аясында 2017 жылдың 29 желтоқсанында құрылған болатын.