Жарияланымдар

Жастардың бизнеспен айналысуға құлшынысы зор

Жасұлан Адаев, «Бастау» бизнес мектебінің үйлестірушісі: АСТАНАЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСУҒА ҚҰЛШЫНЫСЫ ЗОР
Астана жаңалықтары: Жастардың бизнеспен айналысуға құлшынысы зор
– Таяуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен Астанада «Бастау» бизнес мектебінің ашылғаны белгілі. Жоба кімдерге арналған, мақсаты қандай?
– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым көпшілігін жастар құрап отырғаны мәлім. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, белсенді бөлігі. Олардың алаңсыз-қамсыз білім алуына, еңбек етуіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыратын жобаларды көптеп жүзеге асыруда. Палата жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі арнайы кеңес құрылды. Сондай-ақ, жақында «Бастау» бизнес мектебі ашылды. Жобаның мақсаты – 29 жасқа дейінгі жас азаматтарды еңбекке баулып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтырып, жеке бизнесін ашу үшін жан-жақты бағыт-бағдар беру. Әзірге Астана қаласында ғана жұмыс істей бастаған бизнес мектептегі оқыту жүйесі 3 сатыдан тұрады, әр саты бір ай мерзімді қамтиды. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бірінші сатыда ынталандыру курстары өткізіледі, онда дәріс алушылар сөйлеу шеберлігі, яғни адамдармен қарым-қатынас жасаудың мәдениетін, сауда жасау негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, кәсіптік курстар барысында жастар алып-сату менеджері, ивент-менеджер, дизайнер секілді қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік алады. Айта кету керек, бірінші саты тегін оқытылады. Тек оқытудың екінші сатысынан бастап 20 мың теңге көлемінде ақы алынады. Басқа оқыту курстарымен салыстырғанда, мұны анағұрлым арзан деуге болады. Екінші сатыда дәріс алушы нарықты зерттеу арқылы болашақ бизнесінің стратегиялық жоспарын жасап, оны әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты танымал етудің қыр-сырын үйренеді. Команда құруды, оны басқаруды меңгеріп, нарықтың заңдылықтарын, тұтынушылар сұранысын түсіне бастайды. Ал соңғы үшінші саты – тәжірибеге бағытталған. Бұл кезеңде тыңдаушы арнайы сарапшының кеңес-көмегімен алдыңғы сатыда жасаған бизнес жоспарын жетілдіріп, іске асыруға әзірленеді. Айта кету керек, сарапшылыққа белгілі бір сала бойынша айтарлықтай табысқа жеткен, тәжірибелі кәсіби маман, кәсіпкер шақырылады. Сарапшы өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, жас кәсіпкерді бизнесті неден бастау керек екенін және табысқа жетудің алғышарттарымен таныстырады. Бизнес мектептің тыңдаушысы өзінің жобасын толыққанды жетілдіріп, яғни барлық сатыдан өткен соң оған кәсіпкерлікті заңды түрде тіркеу ұсынылады. Жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелгеннен кейін біз жас кәсіпкерді «Даму», «ҚазАгро», екінші деңгейлі банктер секілді бизнесті қолдауға бағытталған институттармен, яғни инвесторлармен кездестіріп, бизнес жоспарын қорғатамыз. Ары қарай инвесторлар жобаның тиімділігі мен маңыздылығына қарай оларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын болады.

– Меніңше, жол көрсетіп, жөн сілтеп жіберсе, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін талапты жастар жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда «Бастау» бизнес мектебіне қызығушылық танытатындардың қатары аз болмауы тиіс деп топшылаймыз. Жалпы, осы уақытқа дейін бизнес мектепте қанша адам дәріс алды және жыл соңына дейін неше адамды оқыту жоспарланып отыр?
– Дұрыс айтасыз, жастардың жеке бизнесін ашуға деген ынтасы жоғары. Тек кейде неден бастау керек екенін білмей, сәтсіздікке ұшырап қалудан жүрексініп, кәсіпкерлікпен айналысудан тартынып тұратындары да жоқ емес. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да «Бастау» бизнес мектебі қазірдің өзінде еңбексүйгіш, табанды да талапты жастардың өзіндік ортасын қалыптастыра білді. Қызығушылық танытып, тілеулес болып жатқандар баршылық. Аймақтардан хабарласып, жергілікті жерде де осындай бизнес мектептердің ашылғанын қалайтындықтарын айтуда. Әрине, мұндай мектептерді бірден барлық өңірде ашуға мүмкіндігіміз бар еді. Алайда біз санға емес, сапаға мән беріп отырмыз. Сөйтсе де, жер-жердегі жастар тіпті Астанаға арнайы келіп оқуға ниет білдіріп жатқанын айта кету керек. Мәселен, жақында Түркістан қаласынан хабарласып, 20 азаматтың «Бастау» бизнес мектебінде оқығысы келетінін жеткізді. Алдағы уақытта Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде және Қарағанды секілді ірі қалаларда осындай бизнес мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта дәріс алып жатқан білімгерлеріміз туралы айтар болсақ, оқытудың бірінші сатысына 100 адамнан екі толқын қабылдаған болатынбыз, олардың әрқайсысы 3 топқа бөлініп оқыды. Бірінші толқыннан 58 адам екінші сатыға өткен болатын, тағы да 15 адам екінші толқынмен бірге келесі сатыға өтуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қазіргі таңда бизнес мектепте барлығы 158 адам оқуда. Бірінші толқынның екінші сатысында дәріс алған 58 адамның 45-і үшінші сатыға өтуге әзірленуде. Екінші толқынның ішінде бастапқы сатыда оқыған 100 адамның 70-і екінші сатыға өтуге қызығушылық танытып отыр. Ал үшінші толқынға тағы да 100 адамды қабылдағалы отырмыз, біздің есебіміз бойынша үшінші толқын қосылғаннан кейін «Бастау» бизнес мектебі бір мезгілде 215 адамды оқытатын болады. Жалпы, жыл ішінде бірінші сатыда барлығы 900 адамды, оның ішінде 540 адамды екінші сатыда оқытуды жоспарлап отырмыз. Ал 450 адам оқытудың толық курсын өтеді деген ойдамыз. Біз қазірде 600-ге жуық жұмыссыз жүрген жастардың дерегін алып, оларды өз дәрістерімізге шақыра бастадық. Осылайша бизнес мектепке жастарды, әсіресе жұмыссыз азаматтарды жұмылдырмақ ниеттеміз. Топтарға бөлгенде мақсатты түрде жұмыссыз жастарды, студенттерді және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан жас кәсіпкерлерді аралас оқытатын болдық. Бұл жастардың бір-бірімен тәжірибе алмаса оқуға, өз мақсаттарына жетуге талпынуға түрткі болады деп ойлаймын.

– Сөз жоқ, бастамаларыңыз орынды, мақсаттарыңыз құптарлық. Дегенмен де, бизнес мектепте оқыту жүйесі несімен ерекшеленеді?
– Әлбетте, оқыту үдерісі жалықтыратын, іш пыстырарлық болса, одан нәтиже шығара қою неғайбыл. Бизнес мектепке ешкім мәжбүрлі түрде, еркінен тыс келмейді. «Білсем, үйренсем» деп ынталанып келеді. Олардың ынта-ықыласын өшіріп алмас үшін, керісінше жан-жақты қызықтыра түсу үшін біз оқытудың әрі қызықты, әрі пайдалы түрлі әдістемелерін қолданамыз. Мәселен, әр сенбі сайын аптаның қорытындысын жасап, түрлі бизнес ойындар өткіземіз, онда әрбір дәріс алушы өзінің ойлау қабілетін жетілдіріп, іскерлік ортада өзін ұстау дағдысын қалыптастырады. Оқу процесі білімгерлердің көңілінен шыға ма, ұнайтын немесе керісініше кемшілік жағы қандай, осының барлығын саралап, арнайы бейнероликтер түсіреміз, оны содан кейін әлеуметтік желілерге жариялап, қоғамның жалпы талқылауына шығарамыз. Ғаламтор арқылы басқа да жастармен байланыс орнатып, олардан да түрлі қызықты ұсыныстар қабылдап отырамыз. Қазіргі уақытта біздің әлеуметтік желідегі жазылушыларымыздың саны 3 мыңнан асып үлгерді. Жалпы, жастардың уақыты текке өтпей, өзіне керекті, өміріне, алдағы қызметтік жолына азық болар дүниелерді алуы тиіс. Дәріске шақырылатын сарапшы-мамандарды тәлім алушылардың өз ұсыныс-тілектері бойынша бекітетінімізді айта кету керек. Мәселен, бизнес мектепте жүргізілген сауалнама нәтижесінде білімгерлердің 90 пайызы «Қазақстандық арман» («Казахстанская мечта») кітабының авторы, жас миллионер Марат Әбиевпен кездесуді қалайтындықтарын білдірген. Көп ұзамай бұл кездесуді ұйымдастырдық та. Сонымен қатар, бизнес мектепте Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның әйел-кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Қазбекова, тәуелсіз журналист, бірнеше жобалардың, деректі фильмдердің авторы Юлия Сенчук секілді өз саласының шеберлерімен кездесу өтті. Алдағы уақытта да осы секілді өмірі, қызметі, табысқа жету жолы тағылымды тұлғалармен кездесуді жиі ұйымдастырып тұрмақпыз.

– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп дұрыс атап өттіңіз. Десек те, осы күшті біз кейде нақты, нәтижелі істен бұрын, жастарға берері аз, алаулатқан-жалаулатқан науқандық шараларға жұмсап жататынымыз жасырын емес. Кейде пайдалы бастама қолға алынып жатса да, олар әлгіндей аты бар да, заты жоқ іс-шаралардың кесірінен көрінбей қалып қойып жататыны бар. «Бастау» бизнес мектебі сондай жалтетпе жобалардың қатарынан болмайды деп сенеміз, әйткенмен, бастаманың нәтижесін қашан көруге болады?
– Иә, бүгінгі менің замандастарымда күш те бар, ерік-жігер, ақыл-ой да жетерлік. Еңбекке деген құлшыныс, ынта-ықылас та жоқ емес. Жерге шыбық шаншып, күтімін қалай жасасаң, ертең оның өсіп-өнбегі де, я керісінше, солып-сөнбегі де соған байланысты ғой. Бұл тарапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен жастарға айрықша көңіл бөлініп жатқаны бекер емес. Жастарды жұмыспен қамту, олардың білім алуы, шығармашылық әлеуетін жетілдіруі үшін қарастырылып отырған мүмкіндіктер шындығында көп-ақ. Кейде өзіңіз айтпақшы, жастардың уақыты, мол потенциалы пайдасыз, болымсыз істерге жұмсалып кетіп жататын сәттер де болады. Әйткенмен, бұл уақытша жағдай деп ойлаймын. «Өтті-кетті» науқандық іс-шаралардың ғұмыры қысқа болады ғой, әдетте. Ал біздің бизнес мектепке келетін болсақ, өзіңіз көріп отырғандай, алаулатқан-жалаулатқан ештеңеміз жоқ. Астана қаласында алғашқы пилоттық жобамызды сәтті іске асыра бастадық. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Ел бүгіншіл, біздікі ертең үшін» деген ғой. Яғни, жобамыздың нақты бағасын да, жемісін де ертеңгі күні көретін боламыз, бұйырса. Ал әзірге бізді қуандыратыны, бастамамыздың расында да жастардың кәдесіне жарайтын, пайдалы іс екеніне қазірдің өзінде көз жеткізе бастадық. «Бастау» мектебінде тәлім алған Азат есімді жас кәсіпкер Астана қаласында өзінің ивенттік агенттігін ашып, шаруасын дөңгелете бастады. Сол сияқты бір білімгеріміз Work and trаvel агенттігін ашты, ал Жанұзақ есімді жігіттің өз дәріханасы табысты жұмыс істеп тұр. Жанұзақ осы бизнес мектепте алған білімін нақты тәжірибеде ұштап жүргенін айтады. Бұл біздің алғашқы қарлығаштарымыз деуге болады. Әйтсе де, кәсіпкерлікпен айналысуға үлкен төзім, табандылық, уақыт керек. Кейбір замандастарым бір іспен айналыса бастаса, ай өтпей нәтижесін, табысын күтеді. Нәтижесін көре алмаған соң, салы суға кетіп жатады. Әрине, кәсіпкерлікпен айналысу оңай шаруа емес, оның жемісі қажырлы еңбекпен, асқан төзімділікпен келеді. Және де бір ескеретін жайт, «Бастау» бизнес мектебінде дәріс алған жастардың барлығы түгел кәсіпкер болып кетуі шарт емес. Жұмыссыз жүрген жастар болса, жұмыс табуына көмектесіп, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер болса, оған қолұшын беріп, әйтеуір, біздің мектепті бітірген соң да олармен байланысты үзбей, нақты бір жетістікке жеткеніне куә болып жатсақ, еңбегіміздің еш кетпегені дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сенбілікке 81 мың адам қатысады

Астана жаңалықтары: Сенбілікке 81 мың адам қатысады
Сенбі күні Астана қаласында «Біз – таза қала үшін!» ұранымен жалпы қалалық сенбілігі өтеді. Оған 81 мың адам, 460 техника жұмылдырылатын болады, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Экологиялық айлық аясында Астанада қала аумағын санитарлық тазарту, көшелер, тротуарлар мен аудан аулаларын ретке келтіру, ағаш отырғызу, сондай-ақ Есіл өзені арналарын, Ақбұлақ пен Сарыбұлақты қоқыстардан аршу, арықтардағы кәріз жүйесін тазалау көзделген.
Жалпы қалалық экологиялық сенбілік кезінде 3300 ағаш отырғызылмақ. Оның ішінде жапырақты шегіршін, сүмбіл терек, қызыл тал, үйеңкі мен жиде ағашы бар. Сондай-ақ, мектептер, балабақшалар және медициналық ұйымдар аумағында 3000-ға жуық көшет егіледі.
Шараға қаламыздың көшелері мен аулаларын абаттандыруға ниет білдірген қала тұрғындары мен ұйым өкілдері қатыса алады.
Әрі қарай

Қала маңындағы мал ұстау жағдайлары тексерілді

Астана жаңалықтары: Қала маңындағы мал ұстау жағдайлары тексерілді
Еліміздің айнасы елордада қоғамдық тәртіптің сақталуы басты назардан түскен емес. Оған қоса, қала іргесіндегі елдімекендердің де тазалығы ұдайы бақылауда. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «Астана Ветсервис» мамандарымен бірлесе отырып, қала аумағында мал ұстау ережелерін бұзу факторларының алдын алу шараларын жүргізді.

Аталмыш шара мал ауруларының туындауы мен таралуының алдын алу, үй жануарларының көшелерде, бақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жайылуына тыйым салуға бағытталған.
Елордалық полицейлер қала ішінде орналасқан Теміржолшылар, Мичурино, Интернациональный, Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс, Тельман, Пригородный, Ильинка елдімекендерін тексерді. Бір күннің ішінде мал иелеріне 100 мың теңгеден астам сомада айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері мен ветеринар мамандар тұрғындарға үй хайуанаттарын ұстау ережелері мен тазалық сақтау талаптарын түсіндірді.
Әрі қарай

Жекпе-жектен халықаралық турнир басталды

Астана жаңалықтары: Жекпе-жектен халықаралық турнир басталды
Бүгін «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған күш-қуат құрылымдары командалары арасында жекпе-жектен халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

ҚР Ұлттың ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін күш сынасатын сайысты ұйымдастыруға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің күнтізбелік жоспарына сәйкес ҚР Ұлттық ұланы мен Қоян-қолтық ұрыстан бүкілқазақстандық ассоциациясы ұйытқы болды.
– Екінші рет өткізіліп отырған, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған турнирге Ресейдің, Қырғызстанның командалары мен еліміздің 20 спорт командасы қатысуда. Жекпе-жек – нағыз жігіттер айналысатын спорт түрі. Бұл сарбаздардың жауынгерлік өнерін дамытуға да үлкен әсерін тигізеді, — деп ҚР Ұлттың ұланы Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов доданы салтанатты түрде ашып берді.
Кілең мықтылар сайысқа түскен додада ел наысын жекпе-жектен әлем чемпионы Айбек Хырыхбай, кикбоксингтен Азия чемпионы Медет Саметаев, кикбоксингтен өткен «Қызылжар» турнирінің жеңімпазы Әлкен Төлегенов және басқа да сайыпқыран спортшылар қорғайды.
Сайысқа жалпы 167 спортшы қатысады. Турнирдің жартылай финалы мен ақтық сыны ертең өтеді.
Әрі қарай

Астанада 40 тоннаға жуық астық жиналды

Астана жаңалықтары: Астанада 40 тоннаға жуық астық жиналды
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша Астана қаласының астық нарығына қатысушылардың қамбасындағы астық – 39 815 тонна. Жиналған астықтың барлығы дерлік азық-түлікке жіберілді, деп хабарлады қалалық Статистика департаменті.

Азық-түлікке жіберілген негізгі өнім бидай жалпы астық көлемінің 93,7%-ын құрады. Дәнді дақылдардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда, 91,6%-ы қаладағы элеваторларда жинақталған. Қаланың ұн тарту комбинаттарында қайта өңделетін 2390 тонна бидай бар. Сондай-ақ, астық нарығына қатысушылардың қолында 2088 тонна арпа және 439 тонна қарабидай бар.
Ал, былтыр 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша Астана қаласының астық нарығында 30 822 тонна астық болды.
Әрі қарай

Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді

Астана жаңалықтары: Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді
Кейінгі кезде Астанада мекемелердің жұмыс уақытын өзгерту көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді деген мәселе көтерілуде. Осыған байланысты мектептерде сабақтың сағат 7.40-та басталуына тұрғындар наразылық танытқан еді. Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында осы жағдайлар талқыланды.

– Жол бойындағы көлік тығыздығын шешуге байланысты түрлі шаралар қолданылғанымен, аталған жағдайдың әлі де түйіні тарқамаған. Біз қалаладағы әрбір мекемелерді тыңғылықты зерттедік. Егер жұмыс уақытын өзгертетін болсақ, діттеген жерімізге 15-20 минутта жету мүмкін болмақ. Бұл тек мектептерге ғана емес, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандары мен мемлекеттік органдарға да қатысты. Әрине, алдымен қалалық әкімдіктің уақыты өзгереді, ұлттық компаниялар мен орталық билік органдарына да осындай ұсыныс жасалды, — деді «Астана LRT» ЖШС басшысы Талғат Ардан.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева бұл өзгерістердің жалпы білім беру мекемелерінің бірінші сынып оқушыларына қатысы жоқтығын атап өтті.
– Студенттерді қоспағанда 200 мыңнан астам бала оқуды сағат 8.00-ден бастайды. Біз қазір әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатқанымызды тағы да айтып кетейін. Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да. Соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылады, — деді Э. Суxанбердиева.
«Астана қаласында жаңа көлік жүйесін» енгізу мақсатында «Астана LRT» ЖШС «TYPSA» халықаралық компаниясымен бірлесе отырып, мониторинг жүргізіп, елорданың жүктеме көп түсетін кейбір көше-жолдарын анықтады. Сол себептен қалалық мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс тәртібін өзгерту қажет болып отыр.
Әрі қарай

Елордалық депуттаттар тұрғын үй қорын жаңғырту барысымен танысты

Астана жаңалықтары: Елордалық депуттаттар тұрғын үй қорын жаңғырту  барысымен танысты

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Астана қаласында Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» мәселе қаралмақ. Осыған дайындық барысында елордалық депутаттар шаһардағы тұрғын үй қорын жаңғырту шаруаларымен танысты.

Халық қалаулылары Сарыарқа және Алматы аудандарында орналасқан екі үйге арнайы ат басын бұрып, онда атқарылып жатқан жұмыстарының жайын байқады.
Бөкейхан көшесіндегі №30 үйдегі жөндеу істері аяқталуға таяу.
– Бұл үйге электр желілері, су құбырлары мен жылу жүйелері ауыстырылып, энерготиімді терезелер орнатылған. Жөндеу жұмыстарының сапасы тұрғындарды қанағаттандырып отыр, — деген «Адал» ПИК төрағасы М.Баеков.
Одан кейін бас сұққан Ғабдуллин көшесіндегі 4/1 үйдің жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр екен. «Өркен қала» ЖШС директоры Қаһарман Жазин теңгенің тұрақсызданған тұсында, жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны тұрғындардың қалтасы көтере бермейтінін айтты. Наразылық танытқан тұрғындардың мәселесі алдағы сессия кезінде кеңінен талқыланбақ.
Әрі қарай

Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған жаңа орталық ашылады

Астана жаңалықтары: Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған  жаңа орталық ашылады

Астана қаласында Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» Жекеменшік қайырымдылық қоры 16 қыркүйекте «Аутизм. Әлем барлығы үшін ортақ» бағдарламасы шеңберінде Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған жаңа орталықты ашпақ.

Аталған көп атқарымдық орталық осындай қызметті ұсынатын елордадағы әзірше тұңғыш және жалғыз оңалту-коррекциялық мекеме болмақ. Аутистік спектрдегі бұзылыстары бар 600-ға жуық бала жыл сайын осы бағдарламаға қатыса алады. Балалар мен олардың ата-аналары үшін кәсіби мамандардың көмегі тегін көрсетіледі.
Бұл осы желіге кіретін екінші орталық болып отыр. Алғашқы орталық осы жылдың шілдесінде Алматыда өз жұмысын бастаған. 2016 жылы тура осындай орталықтар Қызылорда және Өскеменде құрылмақ.
Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» Жекеменшік қайырымдылық қорының «Аутизм. Әлем барлығы үшін ортақ» бағдарламасы аутистік спектрдегі бұзылыстары бар балаларды қалыпты өмірге бейімдеп, оңалтуды және осындай балалар мен олардың отбасыларына қоғамның толыққанды мүшесіне айналуға мүмкіндік беруді көздейді.
Әрі қарай

Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды

Астана жаңалықтары: Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалымен өткен кезекті аппарат отырысы барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сауда орындарындағы қалыптасқан жағдай, «AstanaBike» жобасының жүзеге асырылуы, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беру мәселелері сөз болды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әділбек Жақсыбеков қала тұрғындарынан келіп түскен өтініш-тілектер мен шағымдарға айрықша талдау жүргізу керек екендігін атап өтті. Ағымдағы жылдың 18 ақпанында өткен әкімнің халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша 186 ауызша және жазбаша өтініш түскен. Елорда әкімі сондай-ақ, кезекті есеп беру кездесуіне қазірден бастап дайындалу керектігін айтты.
– Сауда орындарында жұмыс топтарын құрсақ та, бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Яғни, «Шарын» және «Шанхай» сауда орталықтарында автотұрақ қалыптасқан, онда көбінесе оңтүстік өңірлерге қатынайтын қалааралық автобустар жүреді. Бұл ретте жолаушылар заңсыз тасымалданады және қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Аталған мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Мұндай жағдай теміржол вокзалы төңірегінде де бар. Тұрақ ақысын алатын автобустардың кестесін және кезегін жасайтын адамдар да бар, — деді елорда әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша мүмкіндігінше автобекет жұмысын, сондай-ақ, қала аумағында жолаушылардың мініп-түсу орындарын, техникалық тексеруді және рейс алдында жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуді ұйымдастыру тапсырылды.
Астана қаласының әкімі отырыс соңында «AstanaBike» жобасын тіркеуді жеңілдетуді, техникалық ақауларды жоюды және жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Әрі қарай

Нұрсұлтан Назарбаев: Астана – еліміздің ұлы мүмкіндіктерінің бейнесі

Астана жаңалықтары: Нұрсұлтан Назарбаев: Астана – еліміздің ұлы мүмкіндіктерінің бейнесі
Мемлекет басшысы жетекші шетелдік және отандық БАҚ-қа сұхбат берді. Сұхбат барысында Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы жайлы айтып кетті. Елбасының негізгі пікірлері туралы толығырақ ORTCOM.KZ порталынан оқи аласыз.

Астана қаласының құрылуы Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуының ең ауыр кезеңінде дамуға серпін берді, деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

— Кеңес Одағы құлдырағаннан кейін ауқатты ел бола алатынымызға күмән келтіргендер көп болды. Астана бұл жағынан шенеуніктер мен халықтың дамуына серпін берді. Жаңа елорда – болашағымыздың және еліміздің ұлы мүмкіндіктерінің бейнесі. Астананың арқасында басқа да қалалар дамып келеді, — деп атап өтті Елбасы.

Елбасының пікірінше, елорда ғылыми, мәдени, спорттық орталыққа айналды.

— Бұл қала қай жағынан алып қарасақ та, болашақтың қаласы. Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу, жаңа орталықтардың салынуы қала келбетін жақсы жағынан көрсетеді. Астана ғылыми ілгерілеудің, барша қазақстандық ұлттың дамуының орталығына айналады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

astana.gov.kz
Әрі қарай