Жарияланымдар

Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыссыз режим бір аптаға ұзартылды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жұмыспен қамтудың жол картасын іс жүзіне асыру шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, аумақтық әскерлерді арнаулы жинақтау туралы қорғаныс министрі Н. Ермекбаев баяндады.

Мемлекеттік комиссия коронавирус инфекциясының таралуын шектеу мақсатында қызметі екі мегаполистің тіршілік әрекетін қамтамасыз етумен және тұрғындардың денсаулығымен байланысты ұйымдарды қоспағанда, барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күшіне енген жұмыссыз режимді осы жылдың 13 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Мемлекеттік комиссия Шымкент қаласы әкімінің биылғы 4 сәуір күнгі сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізу туралы ұсынысымен келісті.

Ауруханаішілік жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Үкімет басшысы әкімдерге инфекциялық, провизорлық және карантиндік нысандардағы санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын құрылымдардан үш жұқпалы аурулар ауруханаларын салу туралы шешім қабылданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ТЖ кезеңінде жеке қорғаныш құралдарын шығаруға бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде қауіпсіздік пен жұмыс істеудің жекелеген алгоритмін әзірлеу тапсырылды.

Отырыс барысында Жұмыспен қамтудың жол картасын (ЖҚЖК) сапалы жүзеге асыру, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа да өңірлерде нақты жобаларды тез арада бастау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оған қоса Үкімет басшысы әкімдерге кем дегенде 240 мың жұмыс орнын құруды, отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кемінде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз етуді, ЖҚЖК аясында жұмысқа орналастыру үшін мобильді рекрут пункттерін құруды, жұмыссыздарды жобаларға Электрондық еңбек биржасы арқылы тартуды тапсырды.

Премьер-Министр төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардың төлем алуы (42 500 теңге) үшін азаматтарға есепшот ашу жұмыстарын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік комиссия мектеп оқушыларының төртінші тоқсанда қашықтан оқу мәселесін қарастырды. «Білім және цифрлық даму министрліктеріне қашықтан оқыту процесіне мониторинг жүргізіп, әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырамын», — деді А. Мамин.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери міндеттілерді Қарулы күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақыру мәселелері, сондай-ақ экономиканың секторларында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты аса зардап шеккендерді Қызмет түрлерінің тізіміне енгізу үшін қажетті ұсыныстар қаралды, олар 1 сәуірден 1 қазан аралығында еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден босатылады.

Мейірімге толы үй

Отбасылық типтегі балалар үйінің тәрбиеленушілері қысқы ертегіге дайындық үстінде. Ұлдар жағы декорация қиып, ал қыздар жәрмеңкеге ойыншықтар тігуде. Осы үйдегі жылулық пен мерекеге дайындық қарсаңындағы қарбалас жайлы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты тілшісінің жазған материалынан оқыңыздар. 


Осыдан бір жыл бұрын Балалар үйі балаларды қолдау орталығы қызметін атқару болып қайтадан жаңартылды. Онда түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып, осында келген балаларды отбасыларға орналастыру жұмысы жүреді. Қазір мұнда 79 бала бар, бәрі де өз отбасында тұрып жатқандай өмір сүреді. 6 коттедж салынған және әрқайсысында 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар орналасқан. Әр үйдің өз сәні мен тіршілігі бар.



Мұнда ас бөлме, жатын бөлме, сабақ оқуға арналған бөлме, демалатын орын кіші оранжерея бар. Әр отбасында ең көп дегенде 15 адам тұрады. Отбасында бала көп болған сайын бір-біріне қамқорлық пен татулық арта түседі.


Тәрбиеленушілердің дамуы үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Айталық, тігін және ағаш шеберханасы, хоккей және футбол алаңы, кітапхана, робот техникасы кабинеті, тағы басқа үйірмелер бар. 



Кітапхана 8 мың кітаппен қамтылған, кітапты сонда немесе үйге әкетіп оқуға да болады.



Тәрбиеленушілер хоккей ойындарына, киноға шығып тұрады, ал қыздар үшін бұл жерде сұлулық салоны ашылған, онда олар маникюр, шаш үлгілерін жасауды үйренеді. Курсты аяқтаған соң сертификаттар беріледі және осы сертификаттармен жұмысқа орналаса алады. 


Тігіншілер бірден кәсіби құрал-жабдықтарда үйренеді, өз жұмыстарымен фестивальдер мен жәрмеңкелерге қатысады.



Қазір шырша, гномиктер, түрлі мерекелік костюмдер мен телефонға арналған тыс қабын тігуде.



«Мен түрлі материалдан ойыншық жасағанды жақсы көрем. Желтоқсан айында бізде жәрмеңке өтеді, өзіміз жасаған заттарды сатамыз. Бисерден түрлі заттар жасағанды ұнатамын. Бұдан бөлек, биге, тенниске, волейболға және басқа үйірмелерге барамын», — дейді Аня.



Мұнда тек балалардың тәрбиесіне ғана емес, қосымша білім беруге де үлкен маңыз береді. 


Тәрбиеленушілер үшін қазақ, ағылшын, ментальды арифметика курсы және сурет салу, вокал, музыка үйірмелері ашылған.



Үйірмелер бос уақытты өткізуге көмектесіп қана қоймай, балалардың шығармашылық талантын ашуға да бағытталған.




Жоғарыда робототехника, сұлулық салоны, шахмат кабинеті орналасқан. Келесі кезекте біз ұлдардың өнерін көрелік деп сыртқа шықтық.




Келесі кезекте біз ұлдардың өнерін көрелік деп сыртқа шықтық.


Студия түрлі құралдармен жабдықталған: ұста ісі, ағаш қаңқасын кескіндеу, кесу, сондай-ақ, лазер арқылы сурет және оның кесу аппараты.



«Біздің шеберханада қышпен де жұмыс істейді. Бірақ қазір сазбен жұмыс жасамаймыз, себебі ол салқынға шыдамайды. Негізі балалармен түрлі заттар жасаймыз. Міне қазір робототехника үйірмесімен бірге арнайы құралда мерекелік заттар жасап жатырмыз», — деп түсіндірді қосымша білім беру мұғалімі Василий Семенов.



Балаларды асырап алу жақсы жүріп жатыр. Асырап алу құжаттары жеңілдетілген. Бала асырап алам деген әлеуетті ата-аналар қамқоршылық бөліміне тиісті құжаттарды тапсыруы тиіс, одан кейінгі барлық процесс онлайн түрде жүргізіледі.  


«Басты талап — отбасыға бала емес, балаға отбасын тауып беру. Отбасы дұрыс таңдалса бәрі жақсы болады. Баланы асырап алу барысы бір айға созылуы мүмкін. Негізінен біз отбасын қолдау қызметі арқылы балаларды өзінің ата-анасымен өз отбасында қалуын көп ойластырамыз. Бұл қызмет осы жылы 57 отбасына серіктестер арқылы тұрғын үй беру, жұмысқа және балабақшаға орналастыру бойынша көмектесті», — дейді директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары Бибігүл Такисова.


Баланы асырап алуда ағайынды балаларды бөліп жармайды. Мысалы Машаның 4 ағасы бар. Бір отбасы асырап алғысы келсе 5 бала да бір үйге баруы тиіс.



Басшылық өздерінің түлектерінің болашақ өмірін қадағалауда ұстайды. Ол үшін Мәдина Жиенбаеваның «Таңдау» бағдарламасы жұмыс істеуде. Барлық баланы оқу орнына түсуге және жұмысқа орналасуға дайындық жүргізеді және «Дара» қорының «Наставничество» жобасы арқылы балаларға өз жолын таңдауға және достар табуға көмектеседі.



«Тәрбиеленуші 29 жасқа толғанша балалар үйі оның тағдырына қарайлайды. ЖОО мен колледждегі оқуларына көмектесеміз. Оқу орнына барамыз. Ал олар өздерінің оқудағы, жұмыстағы жетістіктерімен бөліседі. Әр баланы мейірімге баули отырып, біз олардың жақсы адам болып ер жететініне  сенімдіміз», — деді Б. Такисова.


Отбасылық типтегі осындай орталықтар балалардың ересек өмірге нық қадам басуына көмек көпірі. Тәрбиешілер өз тарапынан махаббат, қамқорлық сыйлайды. Әрине туған ата-ана алақанының жылуын сыйламасы анық, дегенмен балалардың жүрегіне жылу, жүзіне жылылық сыйлайтыны сөзсіз.


Өткен тәулікте астанаға 2 мың тоннаға жуық көмір келіп түсті

Қазіргі таңда қаладағы көмірдің жалпы қоры 10 мың тоннадан асады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астанаға 1727 тонна көмір келіп түсті, оның ішінде 345 тоннасы – «Шұбаркөл», 482 тоннасы – «Қаражыра» көмірі. Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, 21 желтоқсандағы жағдайға сәйкес көмірдің жалпы қоры 10 490,81 тоннаны құрайды.

Астанадағы көмірдің бағасы төменде көрсетілген:
«Шұбаркөл» тоннасы – 11 400 теңге, «Қаражыра» тоннасы – 13 200 теңге, «Майкөбе» тоннасы – 12 500 теңге, «Богатырь көмір» тоннасы – 9 000 теңге, «Кузнецкий» тоннасы – 12 250 теңге.
Қазіргі таңда нарықтағы көмірге қатысты жағдай тұрақты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елорданың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын.

Астана әкімдігі күн сайын нарықтағы көмірге қатысты жағдайға мониторинг жүргізіп, оны үнемі бақылауында ұстап отыр. «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында тұрғындар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.

Сарышұнақ аязда өткен марафон

Қалалық Триатлон паркте өткен қысқы стартқа адамның мүмкіндігі жоғары екендігін дәлелдеп 1,6 –мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Далада сарышұнақ аяз тұрса да (сынап бағанасы -25 градусқа дейін түсті), кәсіби спортшылар жарыс алдында денелерін қыздырып, әуенге билеп көңілді тұрды.



II Astana winter marathon атты марафонға 1,6 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірген. Олардың үш жүзден астамы еліміздің аймақтары мен Ресей мен Украинадан келіпті.


Ең жас қатысушы 12- де, ал ең ересегі – 74 жаста.



Шыдамдылық пен жеңіске талпынғандар 5, 10 ,21 шақырымдық үш қашықтықта бақтарын сынады. Ал 42 шақырымдық жарыс дүниежүзілік талапқа сай күннің қатты суытуына байланысты өтпеді. Спортшылардың қауіпсіздігі аса қымбат.  



Astana Winter Marathon –ның  «Шексіз мүмкіндік» ұраны қатысушылардың мінезін толық ашып тұрғандай. Мұнда физикалық дайындық қана емес, шыдамдық пен күш-жігерді көрсету маңызды.



Барлық қатысушыларға үлгі болған жан – Азия, Африка, Австралия және Американың шөл даласын жалғыз жүгіріп өткен  қазақстандық марафоншы, ел мақтанышы Марат Жыланбаев. Ол осы жарыстың кеңесшісі де қатысушыларды жігерлендіруші де.


Қатаң климаттық жағдайларға қарамастан адамдар Астана, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Екібастұз, Оралда да жүгіруге шықты. Адамдарға қыс келсе де үйде жатпаңыздар дегім келеді. Далаға шығыңыздар, жүгіріп, шана, шаңғы тебіңіздер!», — дейді Марат Жыланбаев.


Бес шақырымдық қашықтықтағы марафонда Серік Исмаилов пен Адель Шахайдар жеңіске жетсе, он шақырымдық қашықтықты алғашқы болып Мирас Жетібаев пен Зарина Ментаева бағындырды. Ал 21 шақырымдық марафонда Базарбай Дауталиев пен Татьяна Миргородскаяға тең келер атлет табылмады. .


Марафон Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Шараның бас демеушісі – «BI group» компаниясы.

Астана халқының 95% электронды денсаулық құжаты бар

Медициналық құжаттардың 70 пайызы цифрланды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың баспасөз мәслихатында «Smart медицина» жобасының қалай жүзеге асып жатқанын айтты.

«Жоба сәуір айында басталды, осы аралықта біз медициналық құжаттарды цифрландыру бойынша көп жұмыс атқардық. Астана халқының және қонақтарының 95 %-ның электронды денсаулық паспорты бар. Осылайша біз уақыт өте келе дәрігерді қағазбастылықтан құтқарамыз. Жобамен медициналық құжаттардың 70 түрі цифрланды. Кей журналдарды және сыртқат тарихын, амбулаторлы карталарды алып тастадық. Бұл дәрігерлердің науқасқа көп көңіл бөлуіне мүмкіндік берді», — деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Осы жоба аясында мобильді қосымша іске қосылады, ол арқылы науқас өзінің мәліметтерін және дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Одан бөлек жуықта «Жедел жәрдем үшін жасыл жол» аты пилоттық жоба іске қосылды, ол арқылы жедел жәрдем жүргізушісі шақыртуға кешігіп бара жатса көлікте орнатылған бастырма арқылы бағдаршамның жасыл түсін қоса алады.

«Мәлімет бойынша сырқат жанға жету 20-25 пайызға қысқарып жатыр, яғни адам өмірін сақтап қалудың мүмкіндігі арта түсті деген сөз», — деді Қамалжан Надыров.

«Жасыл жол» — Астана әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жобасы.

Астанада жолаушылардың 93 % жолақыны көліктік картасымен төлейді

Қалалықтардың тек 6% ғана жолақыны қолма қол төлейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық көлікте жолақыны төлеудің электронды төлем жүйесін енгізгелі жолаушылар ағыны деңгейін анықтауға мүмкіндік туды. Бұл транспорт компаниясының талдау жасауға және алынған мәліметтер арқылы қаладағы бағдарлар желісін сапалы реттеп, автобустардың кестесін құруға мүмкіндік береді.

«Статистикаға сәйкес бүгінге дейін жұмыс күндері жолаушылар орта есеппен 712 мың сапар шексе, демалыс күндері бұл көрсеткіш 470 мыңды құраған. Тәуліктік ең жоғары жолаушылар ағынының көрсеткіші – 759 мың сапар. Бірегей картаны 605 мың адам пайдаланады, орта есеппен жеңілдікпен жүретін жолаушылар ағыны – 76,5 мың сапарды құрады. Сонымен қатар, ЖЭТЖ қолданудың үлесі — 94 % тең», — деді әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен бірге, оның айтуынша жолаушылардың 93% көліктік картаны пайдаланады, 0,4% QR-код арқылы төлейді, 0,6% СМС арқылы төлесе, 6% жолақыны қолма қол ақшамен төлейді.

ЖЭТЖ енгізу, оның бағалауынша, жолаушылар ағынын ашық етіп, оның салдарынан тасымалдау табысының 30% өскен.

«Көліктік картаны толтырудың 10 әдісі бар: RTVM терминалы, киви, теңге және касса 24, мамандандырылған кассалар, Transcart.kz, kaspi.kz. сайттары арқылы төлеуге болады. Жыл соңына дейін тағы да 100-ден астам бір мезетте толтыратын агенттік орындар пайда болады. Бұл көліктік картаны толтыруда активацияны қажет ептейтін жаңа, жылдам, сол сәтте орындалатын тәсіл», — деп хабарлады өз кезегінде «Астана LRT» ЖШС төлем жүйесі департаментінің директоры – басқарушы директор Дәурен Нұралиев.

Елордада қоғамдық көлік жүйесі қалай дамып жатыр?

Қалалық бағыттар желісін жаңғырту қалада жаңа қоғамдық бағыттарды қосуға және қала маңына екі бағыт қосуға мүмкіндік берді. Соның арқасында Софиевка мен Малотимофеевка ауылдарына қоғамдық көлікпен қатынауға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Сонымен қатар, қоғамдық көлік маршруттар схемасын оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Барлығы 13 маршрут оңтайланды: 10 қалалық, 3 қала маңы. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде «Көктал-1», «Көктал-2» ТА, Орталық мамандандырылған ХҚКО, «Барыс-арена», Оқжетпес к-сі, «Жағалау-4» ТК, Сусамыр көшесі, «Шұбар» шағын ауданы байланыс және көлік қолжетімділігімен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа, 9 көше (Күршім, Құсмұрын, Тарбағатай, Ақмола, Қайнар, Тұран, Арай, Ғарышкерлер, Ұлы дала) және 6 жаңа ауданға «Жағалау-4», «Алай» СО, мамандандырылған ХҚКО-да, «Көктал-2», «Барыс-Арена» МС, «Шұбар» шағын ауданына қоғамдық көліктің қатынау мәселесі шешілген.

«Қала маңын қоса алғанда 13 маршруттың қозғалмалы бөлігі жаңартылды. 6 маршрутта автобустар саны артты. Жаңа экспресс маршруттарды енгізу және қала іші автобустардың жүру жылдамдығын арттыру, аялдамаға келу уақытын қысқарту арқылы жолаушылар тасымалдау сапасын және жылдамдығы арттырылып жатыр», — деді әкімдікте өткен баспасөз конференциясында «Астана LRT» ЖШС-нің басшысы Бекмырза Игенбердинов.

«Астана Операның» балет труппасы итальяндықтарға жаңажылдық ертегі сыйлады

20 желтоқсанда «Астана Опера» театры гастрольдік сапарын Карло Феличе Театры сахнасында (Италия) П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен ашты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиналған жұрт қазақстандық әртістердің би өнеріне, оның кербездігі мен әсемдігіне тәнті болды. Спектакльден соң көрермен қауым жаңа жылдық керемет балет қойылымы үшін өнерпаздарға алғыстарын білдірді.

«Щелкунчик» спектаклінің 6 қойылымына да билеттер гастроль басталғанға дейін сатылып кетті. Ғажап көріністі балет сан түрлі аудиторияға арналған. Залда балет өнерінің нағыз бағалаушылары да, тамаша театр әлеміне жаңа қадам басқан жас көрермендер де болды. Итальяндықтар дуаланған ханзада туралы балетті зор сүйіспеншілікпен қабыл алды.

«Осы кеште Маридің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева керемет орындап шықты. Щелкунчик-ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан шеберлікпен сомдады. Щелкунчик-қуыршақ – Әнел Есқалиева, Тышқан патшасы – Жәнібек Иманқұлов, Дроссельмейер – Ильдар Шакирзянов, Фриц, Маридің інісі – Әнел Есқалиева, Штальбаум – Рахметолла Науанов, Штальбаумның әйелі – Әсел Кенжебекова т.б. өз бейнелерін тамаша орындады», – делінген хабарламада.

Италияда труппа «Щелкунчик» балетінің тағы 5 спектаклін (дирижерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев) ұсынады. «Астана Опера» театры гастрольдік кесте бойынша енді Испания еліне жол тартады. Қазақстандық әртістер 29 желтоқсан және 5 қаңтар аралығында София Патшайымның өнер сарайы сахнасында (Валенсия) П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін қоймақ.

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде.

ТЖД: Балаларға пиротехниканы сатуға тыйым салынды

Интернет Решения (IR.KZ)
2 dakika

ТЖД Астана тұрғындарын көшелер мен базарларда пиротехника өнімдерін сатып алмауға шақырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мереке күндері отандық және шетелдік (Ресей, Қытай, Корея) фирмалар өндіретін пиротехникалық заттарды сатып алу еш қиындық тудырмайды.

ТЖД қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді белгіленбеген жерден сатып алу және оларды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай пайдалану көптеген өрт оқиғаларының орын алуына, адамдардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне себеп болуы мүмкін екендігін айтады.

«Өрт қауіпсіздігі ережелеріне» сәйкес, пиротехникалық өнімдерді базарларда, сауда алаңдарында, көшелерде және осы мақсаттарда жарамсыз дүкендерде сатуға тыйым салынады. Пиротехниканы 18 жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ сертификаты мен егжей-тегжейлі нұсқаулығы жоқ өнімдерді сатуға және пайдалануға тыйым салынады», – деді Астана қаласы ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу басқармасының басшысы Орал Әбдрахманов.

Жыл басынан жолақысын төлеуден жалтарған 7 мыңға жуық жолаушыға айыппұл салынды

Астана LRT жүргізушілерді қандай бұзушылықтары үшін жазалайтынын айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан қоғамдық көлікте жолақы төлеуден жалтарған 7 мыңға жуық жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Салынған айыппұлдың сомасы 30 млн теңге шамасында. Сонымен бірге, 900 автобус жүргізушісі ЖҚЕ мен тасымалдау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл – 12 млн теңгені құрайды.

«Жолаушының қоғамдық көлікте жолақы төлеуге міндетті екендігі туралы «Автомобильді көлік туралы» заңымен бекітіліп, талап етілген», — деп еске салды әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» компаниясының көлік қадағалау департаментінің директоры Самат Шаймерденов.

Өз кезегінде «Астана LRT» ЖШС көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жолбыр 7 қоғамдық көлік жүргізушісінің қарама қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені үшін жүргізуші құқынан айырылғанын жеткізді.