Жарияланымдар

қызыл сақа

Қызыл сақа

Ауылымда, мендік рахат бейіште,
Ешкім білмес елден ерек еңісте.
Құлдыраңдап жүретінбіз бала боп,
Бала болып, сәби болып періште.

Сол ауылда кездерімнен ес білген,
Достарыммен асық ойнап өстім мен.
Он кенейге алған қызыл сақаммен,
Жеңілуді білмейтінмін ешкімнен.

Қына бояу қызыл сақам керемет,
Алшысынан тік түсудің шебері ет.
Шиырып кеп атқан кезде дәл тиіп,
Шатқа бөлеп жіберетін не керек!

Жеңілгендер келтірсе де сан күдік,
Бәрін ұтып қайтатынмын паң күліп.
Қызыл сақам қызықтырып қолымда
жүретұғын естен бәрін тандырып.

Мақтанышым сонда менің сақа анық,
Ұтылғанға жүрем түрді қатал ғып.
Кердең бастым бала арманы асыққа
ауылдағы ең бай бала атанып.

Балалық-ай!
Бала көңіл, балаң шақ,
Асық өмір асықтырды жан аңсап.
Ауылым да қалды қырдың астында,
Асық емес қазір қолда қаламсап.

Қазір ойын шын өмірге жалғасты,
Асық күндер ғашық түнмен алмасты.
Қызыл сақа түскен шақта қолымнан,
Қызылшақа өлең жазғам алғашқы.

Қызық күндер көз алдымда зырлапты,
Уақыттарым көп нәрсені ұрлапты.
Қиялымның сағымына айналған,
Ауылдағы сол бір күндер тым тәтті,

… Мына өмір — туындаған көп сұрақ,
Асықтардың ойынындай боп тұрат.
Бәрін бірдей ұтып алғым келеді,
Әттең оған қызыл сақам жоқ бірақ…
Әрі қарай

ӨМІР

Өмір

Өмір деген – өлімнің баяулаған процесі
Автор

Өлгім келеді!..
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

Уақыт, уақыт…
өліп бара жатырмыз,
күнімізді түнімізбен жұбатып,
көміп қана жатырмыз.
Ажалына
асығады бәзбіреу…
кейде өмір азабына,
төзе алмайтын пақырмыз.
Сіз не дейсіз, Ақын қыз?

Зырылдамай,
тоқта уақыт!.. (тілдеймін)
Өлімдерін кімнің, қалай?
күтетінін білмеймін.
Күресемін
күнде өлмеу үшін мен
Жыр кешемін…
үмітімді өз әлімше үрлеймін.
Кешігіп қап жүрмейін.

Сабылыс…
Біріміздің артымызда біріміз.
Өлгенімде өлең мені жарып ұш,
жарамайды-ау басқа ертеңге түгіміз.
Алда мың ой,
Өлең мені жетелейді мәңгіге
(арманым ғой)
Бола жатар… жоғалмаса тіліміз,
белгісіздеу күніміз…

Жағалайды
неге осы күзде Мұң?!
Сансыз ойлар мазалайды,
Қалса б-о-о-лды іздерім.
Кел төрлегін,
Аласұрған шабытым.
Мен өлген күн,
жарқырасын
жырдан соққан күмбезім.
үмітімді үзбедім…

P.S.
Дүниеде қалу үшін дерегі,
Өлеңменен өмір сүріп жатырмыз.
Менің қатты-ы-ы өмір сүргім келеді…
Сіз не дейсіз, Ақын қыз?
Әрі қарай