"Қазақстан" Ұлттық арнасы "Әке" атты туындыны жарыққа шығарды. Өз жақындарымызды бағалай білейік! Ата-ананың қадірін білуге тәрбиелейтін телехикаяда жарынан айырылған жалғызілікті әке қызы мен ұлын ертіп, ауылдан Алматыға көшіп келеді. Балаларының болашағына алаңдаған ол қалада жақсы жұмысқа орналасып, үлкен мүмкіндіктер мен бақытты өмірге қол жеткізуге болады деп сенеді. Қатарынан кем қылмай оқытып, олардың үлкен өмірге дұрыс қадам басуына көмектескісі келеді. Бірақ, балалары қала өміріне бейімделе қоймайды. Әкелері өзіне оңтайлы жұмыс іздеп, көп қиналады.
Өмірдің қадам басқан сайын алдыңнан шыға келетін сан түрлі қиындықтарына шыдас беруге әкенің күші жете ме? Балаларының өзіне деген кіршіксіз махаббаты мен сенімін кері қайтару жолында қандай тәуекелдерге барады? Телехикая осы оқиғалар төңірегінде өрбиді.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы «Аяулы арман» атты жаңа отандық телехикаяны көрермен назарына ұсынбақ.
Туындыда балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі мен үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдары туралы баяндалады. Кейіпкерлер қуаныш пен қайғыны, алғашқы махаббат сезімдерін, достық пен сатқындықты бастарынан кешіреді.
Бірақ, олар жалғыз емес. Бозбала мен бойжеткендерге үнемі ата-анасы мен туған-туысқандарының орнын басқан жолдастары, ұстаздары және тәрбиешілері қолдау көрсетіп отырады.
Телехикая 64 бөлімнен тұрады.
Теленовелланың ерекшелігі — туындыға кезінде балалар үйінде өскен актерлермен қатар, жасөспірімдер үйінің қазіргі тәрбиеленушілері де қатысады.
Рөлдерде Қуаныш Керімқұлов, Шәріп Серік, Ербол Семқұлов, Раушан Ермағамбетова, Әйгерім Айдар, Данияр Базарқұлов, Алдаберген Шалбаев, Ұлбосын Шалқарова, Нұржан Аташ, Жандарбек Садырбаев, Әдемі Сүлейменова сынды актерлер ойнайды.
Алғашқы бөлімі "Қазақстан" Ұлттық телеарнасында 24 наурыз, сағат 21:05-те ұсынылады.
Қазіргі таңда көрермен қауым тек қана фонограммамен ән таыңдаудан жалыға бастады. Ал қазақстандық шоу-бизнестің тек санаулы өкілдері ғана «Live» қойылымдарын ұсыну мүмкіндігіне ие. Осы ретте «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендерге де әншілердің өздеріне де жанды дауыста ән тыңдап, ән шырқауға тамаша мүмкіндік жасап отыр.
Бұл жобаның ең басты ерекшелігі — ол тек телевизиялық жоба ғана емес, белгілі бір әншінің немесе топтың жеке концерті де. Концерттің өзі әдеттегідей студиялық павильондарда емес, көрермендері бар кәдімгідей концерт залында өтеді. Басқаша айтқанда, кез келген адам мықты ұйымдастырылған шоудың көрермені бола алады. Сонымен қатар, ол өзі ерекше сүйіп тыңдайтын әншінің концертін тамашалап қана қоймай, оның шығармашылығы туралы көптеген мәліметтерден қанығып, сүйікті әртісін жақынан тануға мүмкіндік алады.
Концертте кез-келген азаматтың өзі қадір тұтып, құрметтейтін әншіге сұрақ қоюына мүмкіндік жасалады. Ол үшін арнайы «Бос микрофон» айдары қарастырылған.
Осылардың барлығынан бөлек, кештің жүргізушілері көрермендермен ашық диалог жүргізеді.
Осылайша, аталған жобаның аясында көрермендер қазақстандық эстрада жұлдыздарының ән айту деңгейлерін анықтай алады. Концертте әншілерді ерекше музыкалық қойылымдарымен арнайы бэнд-ансамбль сүйемелдеп отырады. Әншінің репертуарынан таңдап алынған хит әндер жаңа үлгіде, жаңаша орындалады.
«Аталмыш жобаны біз әр апта сайын көрермендерімізге ерекше қызықты шоу көрсетіп отыру үшін арнайы ұйымдастырдық және ол әр бейсенбі сайын «Қазмедиа орталығында» өтеді. Концерттің ерекшелігі — оның интерактивті форматта өтетіндігінде. Осы жоба арқылы біз көрермендердің ықыласына ие боламыз деген ойдамыз. Өйткені, мұндай шоу елде бұрын-соңды болмаған және ол өзгелерге ұқсамайтын болады. Біз көрермендеріміздің өздерінің сүйікті әншілерінің әндерін тыңдау үшін әр бейсенбі сайын концертке жиналуын әдетке айналдыруды мақсат етіп отырмыз», дейді «Сәлем, Қазақстан!» жобасының продюсері Жан Мұқанов.
«Сәлем, Қазақстан!» концерттік шоуын баршаға танымал актер – Тәуекел Мүсілім мен белгілі фотомодель, интернет кеңістігінің жұлдызы Әсел Асқар жүргізеді. «Сәлем, Қазақстан!» жобасының креативті командасы әншілер үшін де көрермендер үшін де көптеген тосынсыйлар дайындап отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінен жұлдыздардың жанды дауыстарын есту мүмкіндігіне сіз де ие бола аласыз.