Туған елге тағзым
Бүгін Қызылорда қаласы НЗМ оқушылары үшін «Туған елге тағзым» атты танымдық-зерттеу экспедициясының 7-күні. Арайлап таң атып келеді, бүгінгі ауа райы да саяхаттауға өте қолайлы екен. Сонымен, біз қаладан 150км қашықтықта орналасқан "Қорғалжын" қорығына аттандық. Астанадан шыққан соң, айналадағы керемет жасыл алаңды тамашалап отыр едім, көзім ілініп кетіпті. Түсімде "Қорғалжын" қорығында жүр екенмін, бір апай қорықты таныстырып жүр, сәлден соң қорық туралы фильм көрдік, бірдеңенің шиқылдаған даусын естідім, құстар секілді, жақындап барғанымда… ұйқыдан оянып кетпесім бар ма! Сөйтсек мені достарым оятыпты, қорыққа келіп те жеттік. Автобустан түскенімде алдымнан бір ғимарат көрдім, ол көптен күттен Қорғалжын. Шынымды айтсам мен алғаш рет қорықтамын. Кіруге асығып тұрмын, "ішінде не бар екен" деген ой мені мазалады. Қорықтың қызметкерлері бізді жылы қарсы алды. Кіргеннен соң қорық өмірімен таныстыратын фильм көрдік. Фильмде мынандай мәліметтер берілген. Қорық 1958жылы тұрғызылған. Жер аумағы 258,9 мың га. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 331 түрі, атап айтқанда, жусан, тобылғы, бидайық, т.б. өседі. Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, бауырымен жорғалаушылардың 3, қосмекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тіршілік етеді. Яғни, дала суыры, қоян, борсық, ақбөкен, т.б. мекендейді. Қорғалжында 32 мыңдай қасқалдақ, 10 – 12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықтан қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек, бірқазан сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бізді қорық қызметкерлері ғимарат ішіндегі керемет әлеммен таныстырмақшы. Көрдіңіздер ме, барлығы менің түсімдегідей. Сол дауыстар, сол фильм, сол қорық қызметкері. Мені бағанағы дыбыстың қайдан шыққаны қатты қызықтырды. Міне сол дыыбыс шыққан жерге келдік. Менің алдымда неше түрлі құстардың макеті тұр. Макет жиегіндегі тетікті басқанымда, түсімде естіген құстардың шиқылдаған даусы шыға бастады. Өкінішке орай біз құстарды бетпе-бет көре алмадық, себебі олар қорықтан 50км қашықтықтағы «Теңіз» көлінде мекендейді… Ал оған баруға біздің көлігіміз жарамайды екен. Міне, біз қайтадан Астанаға қарай жол тартпақшымыз. "Қорғалжын" қорығының жасап жатқан жұмысы, қызығы мен қиыншылығы қатар кездескен өмірі мені қатты таңқалдырды. Келешекте басқа да қорықтарға барып-қайтамын деген ойдамын. Ертеңгі күн сәтті болғай…
Әрі қарай