Жарияланымдар

Кешіріңіз...

-Кешіріңіз, Ержанов көшесі қай жақта екенін айтпас па екенсіз?
-Е, оның несіне кешірім сұрайсың. Білмейтін көшеңді сұрағаныңа сен айыпты емессің ғой. Адам кешірімді аңдаусызда өрескел қылық көрсетіп алса сұрайды. Айталық сен мені көшеде байқамай қағып кеттің…
-Кешіріңіз, ағай, мен асығып тұр едім…
-Бұл жолы да орынсыз кешірім сұрап тұрсың. Сен асығып бара жатқаның үшін менің алдымда кінәлі емессің ғой. Егер сен мені өзіңнің бір танысың екен деп қалсаң. Жаныма жетіп келіп қал-жағдайымды сұрап әңгіме айта бастасаң. Мен сол кезде саған «Мені біреумен шатастырып тұрсың»- десем, сен ыңғайсызданып қалып кешірім сұрайсың. Міне, бұл жағдайда кешірімің орынды болар еді.
-Ағай, орынсыз кешірім сұрағаным үшін кешіріңіз.
-Шырағым-ау, сен өзі бір түрлі қызық екенсің. Адам кешірім сұрағаны үшін жазықты болмайды ғой. Кешіріңіз дегенім үшін кешіріңіз дегенің қалай? Мәселен, сен мені балағаттасаң, жазықсыз тілдесең. Соңынан өзіңнің қателігіңді түсінсең кешірім сұрауыңа болады.
-Ағай!
-Ау.
-Сіз қырт екенсіз.
-Немене?
-Қырт екенсіз деймін. Онда да жәй қырт емес, көк қырттың өзі екенсіз!
-Әй, шырағым, сен неге маған тіл тигізесің-ей!
-Ағай, кешіріңіз. Енді дұрыс болды ғой деймін, ә?
Авторы: Мартбек Тоқмырза
Әрі қарай

Логинымның атауы хақында

Логинымның неліктен «Мартбек аға» деп аталғаны жайлы білгісі келетіндерге:
Мартбек Тоқмырза — аласапыран өмірде әділдік пен адалдық үшін алауыздықпен алысып өткен азаматтардың бірегейі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, журналист, сатирик, сүйікті ұстаз, аяулы жар, асыл әке. «Мәселенің мәнісі», «Жымиясың сен неге?» атты кітаптары жарық көрген. Меруерт есімді аяулы жары мен Бекарыс, Бибарыс дейтін алтын асықтай екі ұлы бар. Өмірінің соңғы жылдарында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде оқытушылық қызмет атқарды. Шәкірттері еліміздің БАҚ саласында жемісті еңбек етуде. Мартбек аға біз 1-курсқа оқуға келгеннен бастап ең сүйікті ұстазымызға айналды, ағайымыздың сабағын кәдімгідей асыға күтетін едік. Әр сабағынан рухани байып шығатынбыз, мамандығымызды ағайдың арқасында қатты жақсы көріп кеттік. Қазір 4-курста оқимыз. Жазып жүрген дипломым Мартбек аға жайлы. Қазіргі таңда ол кісінің журналистік қырын зерттеудемін, сондықтан осы блогты аштым. Мартбек Тоқмырза жайлы ұрпақ білсе екен деймін.
Әрі қарай