Жарияланымдар

Астана және адреналин

Астана ауа-райы да, адамдары да суық, жұмыс пен үйдің арасындағы жалықтыратын, қажытатын қала дегенді құлағым жиі шалады. Бір қарағанда солай да сияқты. Кеңсеге лайық киінген, қабағы қату, түрі сұсты адамдар жұмысқа асығып кетіп бара жатады, асығып қайтып келе жатады. Бірақ жұмысбасты қаланың да қыдыратын кезі, көңіл көтерін сәті, қызық іздеп, қорқыныш құшағына сүңгитін мезеттері көп.

Адам адам болып жаратылғандықтан да өзіне өзі бір челлендждер ойлап тауып, оны еңсергеннен рахат тауып өмір сүрмей ме?! Әрине актив демалысты жұмсақ диван немесе салқын сыраға өлсе де айырбастағысы келмейтіндер де мыңдап табылады. Бірақ бұл пост ондайларға арналмаған. Бұл пост — адреналиннің порциясы болмаса, бесінші нүктесі тыныш таппайтын, жүрегі соқпай, миы істемей қалатын энерджайзерлерге арналған.

Астана әлем картасында құр әдемі қала ғана емес, тұрғындары әрі білімді, әрі мәдениетті, ештеңеден қорықпайтын, бар нәрсеге ашық шаһар ретінде белгілі болғанын қалар едім. Шүкір, елордамыз жылдан жылға оған да жақындап келе жатқан сияқты. Әрісі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын былай қойғанда адреналин іздеген адамдарды қанағаттандыратын қызықтарымен де мойындалаған озық шаһарларды өкшелеп келеміз.

Сонымен адреналиннің кезекті порциясы керек болғанда қайда барған жөн. Астанадан алысқа кетпейтін бес түрлі вариантты қарастырып көрейік.

5. Марафон, дуатлон, триатлон
Байқасаңыз соңғы жылдары Астанада жүгірушілер, жүзушілер және велошабандоздар саны күрт артты. Мақтанып қояйын — біреуі мен. Әдепкіде екі шақырымнан кейін өкпесі қысылып, бүйірі шаншып, тізесі қақырап қалатын Маралбек қазір біреулерді вокзалға апарып салып, тура он шақырым жердегі үйіне 50 минутта қиналмай жүгіріп келе алады. Енді адреналин қайда дейсіз ғой. Адреналин жарыста. Әрине, ресми жарыста жүлдеге іліну мүмкін емес, бірақ әр жаңасы сайын, тіпті әр жаттығу сайын бұрынғы жетістігіңді жақсарта түсу адреналинді де, эндорфинді де көбейтеді. Қысқасы, кемі бір ай тұрақты жүгіріп көрмейінше түсінбейтін де шығарсыз. Ал бір бастасаңыз тоқтай қоюыңыз екіталай.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана марафоны, Ironman секілді жарыстар қатыссаңыз орасан адреналинге көміп тастайтыны хақ. Мен де әлі қатысып көргем жоқ. Бірақ жоспарда бар.



4. Картинг
Келісем, жүгіру біреуге ит әуре болып көрінуі де мүмкін. Адреналин деп жүріп, сағаттап жүгірудің не қажеті бар дерсіз. Жақсы. Онда картингке бара қойыңыз. Отырып алып, кайф алатын тамаша вариант.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астанада мен білетін екі карт трек бар. Мұндағы машиналардың жылдамдығы сағатына алпыс шақырымға дейін жетеді. Бұрылыстарда 45 шақырым. Машина айдайтын болсаңыз, жылдамдықты шамамен түсініп отырған шығарсыз. Оның үстіне бұл жерде де сіз біреумен жарыса аласыз. Ал кез келген жарыс, әсіресе жеңіс адреналинді еселей түседі. Ал бағасы 1500-5000 теңге арасы.



3. Авто/мото спорт
Картинг баланың ойыншығы деп ойласаңыз, әлдеқайда салмақты сынға қалай қарайсыз? Мотоцикл немесе автомобиль айдау былай да оңай емес, ал мотокросс немесе дрифтке қатысатын болсаңыз ұмытылмас әсерге тойып алатыныңыз сөзсіз.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана көшелерінде жүйткіп жүрген автомобильдерден tri-mira.kz деген лейблдарды көрдіңіз бе? Осы фирма қалада мото және автоәуесқойлардың (профилердің де) жарыстарын өткізіп тұрады. Ралли, драг-рейсиң, дрифт, джимхана… жарнасын төле де таңдағаныңа қатыс. Бірақ көлік өзіңнен. Бұл жағы аздап қиындық тудырады. Сылтау іздегендер «Машинаны қайдан алам»,- деп жатқан диванында әрі аунап түскен шығар. Құрығанда видеосын қарап көр.



2. Роуп Джампиң
Бұл жерде машинаның керегі жоқ. Батылдық болса жеткілікті (ауылда "*өтің тұрса" дер еді).

Блог - Marco: Астана және адреналин

Роуп Джампиң деген арқанға оранып алып, биіктіктен секіру. Астанада 45 метрден төмен құлдилайтын мүмкіндік бар. Аса биік емес. Бірақ жүрегің аузыңа тығылатындай қобалжуды сезінетініңізге кепілдік менен. Осыны жазып отырып-ақ, табаным мен алақанымның ылғалданып бара жатқанын сезіп отырмын. Есіңізде болсын, бұл қауіпті іс, сондықтан сыраны да, басқа алкогольді де қоя тұруға тура келеді. Кеше ішсең де, бүгін секіртпей қоюы мүмкін.



1. Парашют
45 метр дегеніміз 15 қабатты үй. Ондай биік сияқты емес пе? Онда 800 метрге қалай қарайсыз?

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астананың іргесінде Северный деген аэродром бар. Ал онда Астана парашют спорты федерациясының базасы бар. Салмағы 45 пен 90 келінің арасындағы жасы 18-ден асқан кез келген адам сол жерге барып, парашютпен секіре алады. Алдымен екі сағат дайындықтан өтесіз. Қалай секіру керек, негізгі парашют ашылмай қалса не істеу қажет, қалай қонған жөн, парашют сүйреп кетсе не істейсіз… шындығында бұл жерде сұрақ та, күдік те, қорқыныш та көп. Инструкторлар осының бәрін түсіндіреді, арнайы платформадан секіртеді. Содан кейін ұшаққа отырғызады да, 800 метрге жеткен соң шығуды бұйырады. Білесіз бе, әуеге ұшақпен көтеріліп, өз аяғыңмен қонғанның әсері бөлек екен. Бәріңізге бір рет көруге кеңес берем.


Астананың өзі секілді Астанадағы эктрим спорт түрлері де даму үстінде. Бірақ бізде бір үлкен артықшылық бар. Ол баға. Қай қайсысының да құны салыстырмалы түрде шетелдегілерден әлдеқайда арзан. Бұл біріншіден өзімізге, екіншіден Астанаға келген шетелдіктерге жақсы мүмкіндік. Біз де, олар да жаңа тәжірибе, жаңа эмоция жинай аламыз. Ол өз кезегінде Астананың адамзат санасындағы, әлем картасындағы орнын бекіте түседі.

Домбыра Party: Домбыра суықтан қорықпайды

Өткен аптаның эйфориясы тас-талқан бола жаздады. Жалғыз өзім жарты сағаттай отырып, тоңып қалған соң енді қайта бергенімде бірден он шақты адам сау етіп, жинала қойды. Танысы, таныс емесі бар, бәрі патиді арнайы іздеп келе жатқандар екен. Жаңа ғана нәскиден бір шыққан нәстрәение әп-сәтте пәтәлөкке жетіп барды. Содан әнді жібердім. Менің репертуарым таусылғанда, домбыраны Тұрсынхан деген жігіт алды. Мамандығы инженер-құрылысшы екен. Үйді де ән айтқандай салса, жаман маман емес сияқты. ;) Бағасын өздеріңіз берерсіздер.









Иә, бүгін тек Тұрсынхан екеуміз ән айттық. Көрермен қосыла шырқады. Өтіп бара жатқандар әдеттегідей тұра қалып тыңдап, қолпаштап жатты. Бірақ суықтан домбыра қорықпаса да өзім тоңып, бір сағаттан сәл-пәл асыра патиді бітірдік.

Келесі апта күн жылынады деп жатыр ғой. Енді қалып қоймаңыз.
Әрі қарай

Домбыра Party: Reloaded

Сағынып қалыппын. Ән сұрап кеу-кеулеген көрерменді, «Бері әкел домбыраны»,- деп ортаға ұмтылған өнерпазды, жастығы есіне түскен қарияны, таңырқай қараған бөбекті, бәрін сағыныппын. Бүгін құмарымыз қанды. 2017-нің жазындағы алғашқы Домбыра Party рахатқа бөледі де тастады. Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Алматы патиларын ұйымдастырып жүрген Сағыныш деген қарындасқа сырттай ырза болушы едік, бүгін өзімен танысып, өнеріне куә болып, қол соқтық. Бір емес бес өлең айтқан еді, видеоға дұрыс жазылғаны осы ғана екен.



Домбыра патидің маған ең ерекше ұнайтын тұсы — өнері бар адамның қарап тұра алмайтыны. Басында қысылса да, қызды-қыздымен күтпеген адамдар сайрап кетіп жатады. Бүгін Асқар деген ағамыз суырылып шықты.



Домбыра тарта алмаса да ән айтқысы келген көрермен көп болды. Бір-екеуін мен сүймелдеген болдым, қалғаны домбырасыз-ақ шырқап жатты. Тағы бір қызық — осы сайттың қолданушысы, Домбыра Party идеясына мұрындық болған жігіттердің бірі Aldeken -нің ұлдары өнер көрсетті. Кішісі Аронға тамсанып тұра беріппіз, ал Ахметті әйтеуір суретке түсіріп үлгердік.

Блог - Marco: Домбыра Party: Reloaded

Қуырдақтың көкесі әдеттегідей пати аяқталар тұста келді. Түрлеріне қарасаң, аузынан ана сүті кетпеген титімдей ғана үш бозбала келе қалды. Сен тұр, мен атайын деген мыңболғырлар екен. Ортаны әбден қыздырды. Ақылтай, Елнұр, Құштар есімді үшеу «Шабыт» колледжінің бірінші курсында оқып жатыр екен. Көп ән айтып еді, камераға ілінгені мыналар ғана.









Шабыт колледжінің студенттерімен қимай қоштасып жатқанда Шабыт университетінің студенттері келе қалмасы бар ма. Бұл жігіттер күйдің шебері екен.









Мереке мен Бақытжанның күйінен алған эйфориямен қайта қойғанды жөн көрдік. Бірақ бұл биылғы патилардың басы екенін ұмытпаңыз. Енді әр бейсенбі, сағат сегізде, Нұржол бульварында кездесеміз
Әрі қарай

Сарайшық

Бұл да енді көрген жер. Сарайшыққа қарай жолға шыққанда тарихтың тереңіне сүңгіп, жылдардың, тіпті ғасырлардың иісі сіңген көне шаһардың құпиясын ақтарып тастайтындай сезімде болдым. Иек астындағы қырдан асып түскенде әлдебір құпия өз-өзінен маған ғана ашыла салатын сияқты… Бірақ бүгінде біз суреттен көріп жүрген Сарайшықтан да түк қалмапты. Смартфоныма ілінгені осы ғана.

Блог - Marco: Сарайшық

Алақандай ғана жердегі үйінді. Біреу әкеліп, «Мынау Сарайшықтың орны», демесе құлаған қораның қалдығы деп өтіп кетерім анық еді. Аянышты-ақ. Бірақ ештен кеш жақсы, Жайықтың жағасында жұмыс қызып жатыр екен.

Блог - Marco: Сарайшық

Әлгінде қоңылтақсып қалған көңіл орнына түскендей де болды. Оны сол мезетте түсірілген мына видеодан да байқалады.

Әрі қарай

Димаш тек дарын емес

«Жетістік — 10 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген бар ғой. Ести-ести әбден жаттанды болып, түк қадірі қалмаған сөз. Бірақ ақиқаты ақиқат енді.

Қазір трендте жүрген Димаш Құдайбергенов бұл қағиданың айқын иллюстрациясы. Әлгі «The Singer»-дің бірінші турында айтқан өлеңі естеріңізде ғой. Соны Димаш осыған дейін екі конкурста орындаған екен. Бірінші «Жас Қанат» байқауы. 2012 жыл.



Сөз жоқ, баланың таланты бұл видеода да көзге, жә құлаққа дейінші, ұрып-ақ тұр. Не деген диапазон?! Не деген дарын?! Дегенмен енді екінші конкурстағы әнін тыңдап көрейік. 2015 жыл, Витебск, «Славянский базар».



Әлгінде өсетін бала деп пе едім? Мына жерде бала шынымен өскен. Үш туған апасы кәсіби музыкант адам ретінде айтып отырмын. Милизмдер, бізше айтқанда иірімдер тереңдеп, нәзіктеле түскен. Бірақ бұл да әлі идеал емес. Қазіргі Димаш тіпті басқа. 2017 жыл, Қытай, «The Singer».



Твоюжна… Менің реакциям осы. Әсіресе жоғарыдағы екі видеоның фонында, мына соңғы орындауы КОСМОС!!! Дауыстың тазалығы, иірімдердің дәлдігі таңқалдырмай қоймайды.

Осы кезге дейін таланты үшін жақсы көріп келсем, енді Димаштың еңбекқор екеніне де көзім жетім отыр. Бұл тек әншінің емес, ұстаздарының, ата-аналарының да еңбегі. Біз талантты өлтірмей, жақсылап дайындай алады екенбіз.

Так ышто, еңбек етіңдер!
Әрі қарай

Саршаян жөніндегі "ұзақ" әңгіме

Зоологтың бастан кешкендері: Саршаян жөніндегі ұзақ әңгіме
Бұл дала кезген адамға сабақ болар оқиға.

Кәсібімізге байланысты кеміргіш індеріне көп үңілеміз, тіпті жалаң қолымызды сұғып жіберіп, қармап жатамыз. Қорыныштысы кеміргіштер емес… Ін аузындағы қуыстарды неше түрлі ұсақжәндіктер қоныстанады. Неше түрлі қоңыздар, құмырсқалар, кірпі, тасбақа, жылан – бәрін кездестіріп жүрміз. Бұл «квартиранттардың» кейбірі ін қожасына пайда әкелсе, екіншісінің пайдасы да, зияны да жоқ, ал үшіншісі қожайынның арқасында күн көреді. Біз үшін қауіптісі інге тығылатын улы жыландар, бүйі мен саршаяндар.

Күн қатты қызған кезде сексеуілді тоғайдың шетіне шатыр құрып дем алғанбыз. Түс ауып, кешкі салқынмен жүрмек болып, астымызға жайған брезент жаймамызды жинап алсақ, құмға көміле жиналған он шақты саршаянды байқадық. Екеуі ірі, қалғандары мап-майда болып, жыбырлап жатыр. Ұсақтарының бірін шырпы қорабына салып алдым. Бұл әлі тісі шыпаған бөлтірік сияқты, шағуды білмейтін кезі…

Саршаян – өрмекші тұқымдастарының ертеден келе жатқан түрі. Түріне қарап, өрмекшіге ұқсату қиын, есесіне жұрттың бәріне таныс. Бунақ-бунақ ұзын құйрығы мен алдыңғы аяқтарындағы қысқаш-шымшуырлары оны өзге тұқымдастарынан ерекшелеп тұрады. Ұсақ жәндіктерді қысқаштарымен ұстап алса, ірлерін құйрық ұшындағы улы бізбен шаншып, жансыздандырады.

Менің қолымдағы саршаян әлі әлсіз, күнге қарасаң ішек-қарны көрінетіндей мөлдір. Бұлар кейде тірілей туып, кейде жұмыртқадан жарып шығады. Қырық-елу шақты кішкентай шаяндар енесінің арқасына жабысып, бір-екі апта тәрбие алады. Түсіп қалмау үшін бұл кезде аяқтарында тырнақ емес, сорғыш жабысқы болады. Осы бір-екі аптаның ішінде тырнақтары өсіп, сыртқы қабыршақ қабаты қатқылдана бастайды. Алдағы бір-бір жарым жыл ішінде қабыршағы (хитин) әлі алты-жеті рет ауысуы тиіс. Содан кейін ғана саршаян ересек шағына жетеді.

Саршаян түн жәндігі. Күннің нұры тайған бойда қорқынышты қысқаштарын ұмсындырып, бунақты құйрығын бұлғақтата азық іздеуге аттанады. Қысқаштарында орналасқан өте сезімтал талшықтар ықтимал жемтікті қалт жібермейді. Шап беріп ұстаған құрбаны әл бермейтіндей болса, бунақты құйрық іске қосылады. Бір шанышқаны жеткілікті. Аздан соң жемтіктің қарсыласар шамасы қалмайды. Қатты ашыққан кезде саршаян өзінен кіші, әлсіздерін де жеп қоя салады. Тағы бір қасиеті тамақсыз да ұзақ уақыт өмір сүре алады.

… Әлгі қорапша далада киген күртенің қалтасында жүре беріпті. Іссапардан оралып, есеп-қисабымды өткізіп жүргенде жұмысшылардың бірі шырпы сұрады (темекі шекпесем де, қалтамда міндетті түрде сіріңке жүреді). Ойымда ештеңе жоқ, қалтамдағы қорапты ұстата салдым. Темекі тұтатпақ болған жігіт ойбайлап атып тұрғаны. Аузындағы темекі бір жаққа, шырпы қорабы бір жаққа ұшты. Жігітке емес, қорапшаға ұмтылдым. Ішінде бас жағы езіліп қалған саршаян жатыр екен. Осыдан жиырма күн бұрын қолға түскен әлжуаз жәндік жауына қарсы тұра алатын «сарбаз» болып өсіпті. Аш құрсақ күндер тіпті әсер етпеген.

Мұратбай Алашбайұлы
Әрі қарай

Star Wars қазақша және жалпы

Блог - Marco: Star Wars қазақша және жалпы

Star Wars-қа барып келдім. Жетінші эпизод қой. Жабық көрсетілім деген аты болмаса, сол баяғыдай қытыр-қытыр поп-корн жеп, телефонға шұқшиған, бірі кіріп, бірі шығып, сеңдей соғылысқан жұрт. Кино көруге қашан келеді екен жұрт?!
Әрі қарай

Досың қандай болса, сен де сондайсың

Блог - Marco: Досың қандай болса, сен де сондайсың

Көп векторлы саясат деп күпінеміз ғой көп жағдайда. Бірақ шындығында бізден тараған векторлардың ішіндегі аса салмақтысы Ресейге қарай бағытталған. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас (демократия, ше), мәселе онда емес. Осыдан екі ай бұрын Ақордада Путинді қабылдаған Назарбаев Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті. Дегенмен бұл дипломатияда ең көп айтылатын тезис екеніне де дау жоқ. Бірақ жұрттың бәріне бірдей жағу тағы мүмкін емес. Таңдайтын кездің келіп қалғанын түрік-орыс кикілжіңінің өзі-ақ аңғартып отыр. Түріктікі артық болды демедік пе күні кеше. Морт кетпегенмен Анкараның томсырайып қалғаны анық.
Әрі қарай

2015 жыл. Қорытынды

Блог - Marco: 2015 жыл. Қорытынды

Жыл бұрын доллар екі еседей арзан болатын. ЭКСПО-ны дүркіретіп өткізетінімізге сенімді, 26-Ақ Олимпиада қожайыны атанудан үмітті едік. Бірақ мұнай бағасы бұл кезде барреліне 80 доллардан түсіп үлгерді. Елде өткен әлем чемпионатынан соң отандық әуесқой боксшыларға қарсылас жоқ деп көкірек кере бастадық. Ал мен темекіні бұрқыратып жүрдім.
Әрі қарай