Жарияланымдар

Бұл өмірде бәрі бар

Бұл өмірде жақсы да бар, жаман бар,
Бұл өмірде сөз ұқпайтын надан бар.
Бұл өмірде ақылы шексіз дария,
Ойы ұшқыр, сөзі дана адам бар.

Бұл өмірде тағыда бар: күнмен түн,
Бұл өмірде қарық-қарық күлкі, мөлдір үн.
Бұл өмірдің қатігезін, шипасын,
Анашымның құрсағында ақ білгенмін.

Ақ пен қара қатарласып жүреді,
Жақсылықта жамандықтың тірегі.
Бір бірінсіз қадірі жоқ, мәні жоқ,
Ұсқынсызсыз сұлу болмас іреңі.

Түсінбесең түсінерсің кейін Сен,
Сұраусыз зат жоқ, мейлің сенбе, мейлің сен.
Еткен ісің жаңғырығын берер хақ,
Жауаптысың жеті ұрпаққа дейін Сен.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Атасы басқа аттан түс

Тосыннан жау келгенде ерттеп мініп, төбелмен,
«Атасы басқа аттан түс» — деп інісін алып жөнелген.
Інінің орнын айшықтап айта білген әуелден,
Қазақтан басқа халықты таба алмассың бәр елден.

Тай құлындай тебіскен, аға мен іні бір ұғым,
Ініңдей жақын бола алмас, болса да қанша көп ұлың.
Кәрі шаңырақ иесі, інінің орны бір бөлек,
Сөндірмей жаққан ошағын ата-анаңның, соны ұғың.

Інің емей немене ата-анаңның ошағы,
Түбірін тауып қазекем осылай сөз жасады.
Аға мен саға бір ұғым, сағасы мықты өзеннің,
Ұққан жанға әуелден болады артық бағасы.

Бір жапырақ нанды бөліп жеп құрттайыңнан бірге өскен,
Үлгі алып ағадан келе жатқан бір көшпен.
Ұмытпаң соны ағалар қарайлап жүрің артыңа,
Болсада көкірек бір құшақ аспанменен тілдескен.

Ағасы барда жаға бар қамқор боп жүрің ініге,
Ініңнен жақын болмайды мынау пәни тіріде.
Қаны бірдің жаны бір, іс түскенде басыңа,
Суырып берер жүрегін інің келер қасыңа.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Жүрек саған арнадым

Сәл нәрсеге қиналасың қинайсың,
Ашулансам кең кеудеге симайсың.
Армандаған мақсатыма қол жетсе,
Аз кем уақыт маған ләззат сыйлайсың.

Тақ-тұқ соққан сағатқа ұқсап жүрегім,
Уақытымды өлшеп жатыр білемін.
Санай берсін, санаса да уақытымды,
Ұзағырақ соқса екен тілегім.

Ашысында тәттісінде тағдырдың,
Кенде болмай басқалардан, алдым мың.
Қиялымды жырымменен маздатып,
Үміт отын жүрек, сенде жандырдым.

Қуаныштан да өрекписің кейде сен,
Ыссыдан да қысыласың терлесем.
Жүрек саған не сыйлайын өмірде,
Саған арнап өлең жазып бермесем.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Бұл өмірде не жаман

Өмірге келдім іңгәлап,
Иіскеп мені жатты анам.
Тылсым дүние шартарап,
Өмірге солай аттағам.

Бес жастан кеиін сезіндім,
Қызығын бала кезімнің.
Жақсылыққа үйір боп,
Жамандықтан безіндім.

Бала қиял жетелеп,
Сай-сала кезіп кетер ед.
Тылсым дүние сырларын,
Білуге талап етер ед.

Телміріп қарап аспанның,
Құс жолын оймен басқанмын.
Құштар боп өмір сырына,
Есігін мектеп ашқанмын.

Шомылып білім нұрына,
Сусындап өмір сырына.
Өмір атты мұхитты,
Жырладым қосып жырыма.

Ат жалын тартып мінгесін,
Өмірдің сырын білгесін.
Жамандықтан жерініп,
Аулақ салдым іргесін.

Сыр сандықты ашқанмын,
Білімге қадам басқанмын.
Шомылып өмір нұрына,
Жырымнан шашу шашқанмын.

Талай жырлар оқылып,
Көңілге терең тоқылып,
Жақсымен жаман арасын,
Жүрекпен сезіп ашқанмын.

Бұл өмірде не жаман,
Айтқан сөзді ұқпайтын,
Айдаған жолдан шықпайтын,
Надан болсаң сол жаман.

Бұл өмірде не жаман,
Басынан сөз асырмай,
Өр көкірек басылмай,
Менменшіл болсаң сол жаман.

Бұл өмірде не жаман,
Ақ қарасын айырмай,
Мәнісін біліп қайырмай,
Сөз айтқан сырттан сол жаман.

Бұл өмірде не жаман,
Тай құлындай тебіскен,
Санаспай барды бөліскен,
Құшақтасып көріскен,
Ер жетіп болып толғанда,
Көкірек бір құшақ болғанда,
Іс түскенде басыңа,
Келмесе тумаң қасыңа.
Бәріненде сол жаман.

Бұл өмірде не жаман,
Өміріңнің жалғасы,
Қызығыңның алғашы,
Іштен шыққан шұбарың,
Айтқан тілді алмаса,
Айдаған жерге бармаса,
Айтқан сөзді ұқпаса,
Ісі ойыңнан шықпаса,
Көңлің толмай балаңа,
Пұшайман болған сол жаман.

Бұл дүниеде не жаман,
Таңда мәшһар күнінде,
Күнәңды өзің сезгенмен,
Өлшеніп ісің безбенмен,
Жаман жағың басым кеп,
Алладан найза жасын кеп,
Түиреп өтіп жаныңды,
Шырылдап жанып тамұқта,
Жауап берсең сол жаман.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Өмір қысқа

Күн қысқа, өмір қысқа, жанған шырақ,
Жатады дамыл таппай жан қансырап.
Өмірің бей берекет өтіп жатыр,
Уақытша жаратқаннан алған сұрап.

Көңіл құс, жырың тарғыл, сырың мөлтек,
Бәріне бағынбайтын сезім тентек.
Бірде тұл, бірде терең тулап тартқан,
Ақындық жүрегіңе берген әнтек.

Жатсада жан қансырап ағындайсың,
Тағдырдың салғанына бағынбайсың.
Тулаған теңіз болып шөл қысқанда,
Көрінген көк жиектен сағымдайсың.

Көрінген көкжиектен кексе кердең,
Кәрілік қонағыңдай кешке келген.
Күтесің амалың жоқ сабыр сақтап,
Жан тәтті қорықпасаңда ештемеден.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Искеу үшін жаратылған қызғалдақ

Искеу үшін жаратылған қызғалдақ,
Сағынғанда жүрек шіркін сыздамақ.
Естен кетпес жара түсіп жаныңа,
Мәңгі бітпес жүрегіңде із қалмақ.

Қайысады, майысады желменен,
Шабыт беріп сезіміңді емдеген.
Тылсым сезім тереңіне батырып,
Күреңіткен ақын жанын тербеген.

Содан кеиін іздейсің кеп іздейсің,
Сағыныштан қоңырайған күздейсің.
Қиял кеме, арман теңіз тулаған,
Ойға шомып үмітіңді үзбейсің.

Саған деген сезімімді тыймар ем.
Сенің үшін сөз маржанын жыйнап ем.
Бір өзіңе жымыңдаған көктегі,
Түнгі аспанның жұлдыздарын сыйлар ем.

Осы жолдар тек өзіңе арналған,
Менің үшін қол жетпейтін мәңгі арман.
Қылаң беріп нұрын төгер жаныма,
Күш алатын арайлы аппақ таңдардан.
Әрі қарай

Жемқорлық

Біреуге жолап кетсең пайда іздейді.
Түсірер қолға өзіңді айла іздейді.
Сызылып ұзатылар қыз сияқты,
Иіліп құрақ ұшып сіз, біз дейді…

Заманның қалғандайма соры құрып,
Адалдың кеудесінде зор ықылық.
Қылғынып бүткіл дүние бара жатты,
Жемқордың жемсауына тоғытылып.

Пара алмасаң бересің пара қолдан,
Алады берсең қолдан, бермесең жолдан.
Парасыз ауа жұту қалып барад,
Қалайша құтылармыз бұндай сордан.

Дүниенің төрт бұрышын ақша тіреп,
Жемқордық адал жанды сойды іреп.
Адамшылық қыт болған бұл заманда,
Қалайша өмір сүрер ақын жүрек.

Апырай аузыңды ашшаң ақша дейді,
Жай ғана қадам бассаң ақша дейді.
Ақшасыз қалып барад өмір сүру,
Ақшасыз жақыныңда үйітіп жейді.

Бәр нәрсе өлшенеді ақшаменен,
Арданда қымбат болды ақша деген.
Ұшына пирамида ақша қойып,
Қайран заман жаныңды жұлып жеген.

Қайдасың қарапайым қазақшылық,
Қайдасың азаматтық азатшылың.
Сорлы қазақ айырылсаң болмысыңнан,
Тоз — тоз болып кетерсің тұрып — тұрып.

Насыреддин Қожырбайұлы
Әрі қарай

Наурыз

Көктем келді бар әлемді таң қылып,
Күміс кілем жауып берді таңғы шық.
Жер ананың қуанышын бөлісе,
Ерке желде алып қашты ән қылып.

Қозы- лақтар асыр салып аулада.
Шөл Құнажын жабысады қауғаға.
Үзілердей майысады қызғалдақ,
Тентек желден жанын сұрап сауғаға.

Қара бұлыттар көшеді кеп жөңкиді,
Нөсерлетіп құяды кеп кей-кейде.
Асау бұлақ сыңғырлаған күлкісі,
Көктем күні ашылмаған сыр бейне.

Қарлы боран шаршатыпты даламды,
Көктем келіп көк майсаға оранды.
Саңырауқұлақ сығалайды сыртыңнан.
Отқа тойған ауыл малы жарамды.

Көктем келіп наурыз тойы тойланды,
Бар тіршілік қуанышқа бойланды.
Ақ мол болып бар мұсылман қуанып,
Бір біріне өкпелерін жойғанды.

Наурыз тойы мерекесі халқымның,
Наурыз тойы бірегеиі салтымның.
Наурыз тойы ұлт болмысы ежелгі,
Қазақ үшін қымбат сенің бар тұрғың.

Насыреддин Қожырбаев
Әрі қарай

Көктем сыйы

Күннің жылы шуағын аңсағанда,
Бұрқасын қарлы аяздан шаршағанда,
Күлімдеп көктем келді жайма шуақ,
Әдемі сырын сыйлап барша адамға.

Жымыңдап бар тіршілік ұйықтап жатқан,
Үйреніп қуануды қозы лақтан.
Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайды,
Шаттанып сыршыл бұлақ ағып жатқан.

Аңсатып ару көктем келіп жеткен,
Әсем қыр керіледі тау етектен.
Көк майса қызыл кілем жамылып ап,
Далам жатыр қысыңмен еңбек еткен.

Бүршік жарған махаббат дірілдейді,
Ерке сылқым арулар күлімдейді.
Балаң жігіт ұрланып қарап қояр,
Ұяңдықтан жүргені білінбейді.

Сығалап туырлықтан сылқым ару,
Жүрекке өрекпіген таппай дәру.
Қарайды келе жатқан аттыларға,
Жігіттің бір сөзіне болып зәру.

Кетеді ойлар кезіп шартарапқа,
Көктеммен қайта оянып махаббатта.
Аңсаған сүйіктісін қайран ару,
Түсуге дайын тұрар жанған отқа.
Әрі қарай

Маңғыстауым

Қарт Каспий жағасында Маңғыстауым,
Алады сұлулығы көздің жауын.
Мойынын көкке созған мұнаралар,
Тілейді қазағымның есен сауын.

Қарт Каспий жағасында Маңғыстауым,
Сары далам сахаралы, заңғар тауым.
Ыстықсың бар тұрғыңмен туған өлкем,
Мен үшін, болмасада бақша бауың.

Маңғыстау ұлы мекен асқақтаған,
Ілгері көшпен бірге басқан қадам.
Халқымның ауызекі жырларымен,
Тұңғиық тылсым дүние сыр сақтаған.

Үш жүз алпыс екі әулие мекен еткен,
Жеткізген сол қасиетті текке тектен.
Қасиетті мекенім Маңғыстауым,
Қайтпайтын қара нарым алған беттен.

Бұл жерден сонау заман хандар өткен,
Көштетіп жер жаннатын таңдап өткен.
Саураннан сан айналып кетсе дағы,
Мекенін Маңғыстаудай аңсап өткен.

Маңғыстау Машайықтың жатқан жері,
Ашылған абыройын жапқан жері,-
Жырлаған осылайша Түмен атам,
Бір туар Адайымның Ақтаңгері.

Мән беріп бұл жолдарға қарасаңыз,
Көз жетер емесіне бұның аңыз.
Сатысын тарихаттай ұлы өмірдің,
Меңгерген осылайша ақын абыз.

Адайдың бел баласы Қосай ата,
Көшше де жауға шапса берген бата.
Дуалы сол ауыздан шыққан сөздер,
Отырған орындалып жоқ бір қата.

Кәпірлер Қосай десе есін берген,
Ұраны естілген дейд бір көш жерден.
Өтпейтін алмас қылыш тұлғасына,
Өлмейтін Кащей деген есім берген.

Топан су қаптағанда оңды, солдан,
Нұқ ата пайғампармен жолдас болған.
Қосаймен жолдас болсаң жолың болар,
Деген сөз әуел бастан содан қалған.

Ақпанмен құнан орыс, мұңал, тобыш,
Біріккен бір кісідей болса соғыс.
Адайдың сегіз арыс қалың елі,
Бас қосса бітпейтұғын дейді жоқ іс.

Ақбота,Қаратоқа, Көшке, өрдек,
Жеменей де солармен бірге өрмек.
Бұл күнде әр қайсысы бір бір ел боп,
Аты шыққан биікке тасы өрлеп.

Бұл күнде Адай ата ұрпақтары,
Үмітін аталардың мол ақтады.
Әр салада абыройлы еңбегімен,
Бола білді бүгінде Ел мақтаны.

Күштерің біле білсең тек бірлікте,
Қазағым қалың жұртым тектілікте.
Аумалы төкпелі ғой мына заман,
Сондықтан шақырамын тек бірлікке.
.
Мойымай қыйындыққа дағдарыста,
Бәйгеден көрініңдер әр жарыста.
Бір жеңнен қол шығарып қалың адай,
Кенелің әрдайымда мол табысқа.

Самғаған қаршығаша құз жардағы,
Өздерің бабалардың ізгі ардағы.
Қазақтың бір ұлына ой тастаса,
Ақынның орындалар бар арманы.
Әрі қарай