Жарияланымдар

Жолшыбай (фоторепортаж)

16 сәуір. Қарағанды — Жезқазған тас жолына шықтым. Негізгі бағытым Жезқазғанның бер жағындағы Жәйрем кенті. Жәйрем облыс орталығы Қарағанды қаласынан 360 шақырым жерде орналасқан. 3 сағат жүретін жерді бақандай 5 сағат жүріп бардым. Қарағанды — Жаңаарқа арасындағы тас жолы сын көтеретін жағдайда емес. Әрбір 1 км. сайын аюдың апанындай шұңқырлар)

1. Арнасына сыймай жатқан Нұра өзені.
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

2. Жол бойындағы намазхана
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

3. Жаңаарқа (Атасу кенті) Жәйремге дейін 150 км қалды
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

4. Жо-жоқ бұл — Сирия емес! Бұл — ЖӘЙРЕМ!
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

5. Жәйремде қараусыз қаңырап тұрған бос үйлер көп
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

6.…
Блог - ErzhanKhamitov: Жолшыбай (фоторепортаж)

Республикалық трасса болып саналатын Қарағанды — Жезқазған тас жолын жөндесе халық бір қуанып қалар еді.

P/s.
… Жоғымды тауып бер деп жатқан кім бар,
Жолымды жөндеп берсе болды емес па!.. М.Ақанов

Ұсыныс!

Қазақстан аумағындағы супермаркеттерде тек қана қазақша әуен ойнап тұруы керек. Бұл өзге тілде ойлайтын елдің санасын жаулауға жақсы әсер етеді. Өзімізге де жағымды. Маркетологтар күннің әр мезгілінде әр түрлі ырғақтағы әуендерді қоюға кеңес береді екен. Мысалы: сағат 2-5 арасында баяу ән қою. Бұл мезгілде супермаркетке үйде отыратын, асықпайтын адамдар сауда жасауға көп келеді екен. Әуен де баяу болса олар асықпай жүріп таңдауын жасайды. Керісінше сағат 6-9 аралығында тез әуен қояды. Бұл мезгілде жұмысынан үйіне асығып бара жатып тез-тез сауда жасайтын қызметтегі адамдардың уақыты (час пик). Яғни, супермаркеттегі қойылатын әуендер адамның санасына, іс-қимылына тікелей әсер етеді. Оны көбіміз байқамаймыз да. Егер біз сол әуендерді қазақшаға ауыстыртатын болсақ қазақ тіліне жақсы әсері болады деп ойлаймын. Адамдардың көп шоғырланатын, көп баратын жерлері де осы супермаркет сияқты. Насихатты шағыннан бастау керек)
Әрі қарай

Елдестірмек елшіден, Жауластырмақ жаушыдан...

Өнерді жақсы көргеннен кейін, қоғамдағы жағдайдан хабардар болып отыру мақсатында қазақ өнерінің жаңалықтарын, жалпы жаңалықтарды жібермеуге тырысамын.
Кеше, ‪#‎Астана‬ арнасындағы ‪#‎Сырласу‬ бағдарламасына ‪#‎ТөреғалиТөреәлі‬ келді. Бұл жолы жалғыз емес, әкесі Төреәлі Төлепұлымен бірге келді. Алғаш ашылғандағы «Сырласу» сырласу еді. Қазіргі бағдарлама пиарға ғана бағытталған сияқты болып кетті. Оның өзінде өнерпаздарды емес тек арнаны, бағдарламаны жарнамалау ғана. Осыдан бір апта бұрын бағдарламаға ‪#‎Орда‬ тобының әншісі ‪#‎ДастанОразбеков‬ келген болатын. Сол кезде жүргізуші, журналист ‪#‎ӘйгерімСейфолла‬ Дастанға «Сіз Заттыбек, Төреғали, Ернар Айдар, Қайрат деген әншілерді тыңдайсыз ба?» деген сұрақ қойды. Дастан: «Тыңдамаймын. Бірақ, қосылып тұрса өшір деп айтпаймын. Төреғали болсын, жігіттер айыпқа бұйырмасын музыкаға келгенде өзгенің әнін орындаудың қажеті жоқ. Бірақ, бұл менің сөгуім емес» деді. Осы жердегі ең бірінші болып айтылып қалған Төреғали деген сөзді ‪#‎ЕлАуызында‬ деген әншілердің сөзін қиып-қиып шағыстыратын бағдарлама қағып алды да екеуінің арасына шоқ сала салды. Ол жерде Дастанның барлық әншілерді айтқысы келгені есі дұрыс адамға белгілі нәрсе сияқты ғой. Әлде мен шатасам ба?! Жақсы. Осымен ‪#‎плагиат‬ туралы әңгіме аяқталған болатын. Енді не керек? Әрине, Төреғалиға барып хабар беру керек. "Әй, анау Дастан сені ұрлықшы деді." деген сияқты әңгімені таратып, арналарына рейтинг жинауға кірісті. Сөйтіп, тез арады бағдарламаға Төреғалиді қайта шақырып алды. Бағдарлама барысында Әйгерім Төреғалиға «Кеше ғана Дастанмен сөйлесіп келдім. Ол, Төреғали сияқты жігіттер тыңдарманды алдағанды қойсын.Орындап жүрген ‪#‎хит‬ әндерінің басым көпшілігі өзгенікі, тек сөзін жазып шығарып жатыр» деп ортадағы отты көседі. Осы әңгіме дұрыс па?! Болмайтын әңгіме ғой. Анандай әңгімеге кез-келген адам ашуланып қалады. Ондай әңгімеден кейін өнерпаздар болсын, жанкүйерлер болсын екіге бөлініп алады. Содан бір-бірін балағаттау басталады. Әкесі де түсінбей қалды. «Халықты алдауды қойсын деп айтқаны ұят болған екен» деп ренжіп қалды. Ал, негізінде Дастан солай айтты ма? Ол жалпы айтқан сияқты. Оның ішінде Ернар да, Қайрат та, керек десеңіз Заттыбек те бар. Дастан дұрыс айтты. Өзгенің әнін алсаңдар алғанын айтыңдар деді. Несі бар?! Айтсын! Дастан Өте дұрыс сөйлеп отыр. Төреғали де орынды сөз айтып отыр. Бірақ бір түсініспеушілік бар. Ол түсінішпеушілікті тудырған өсек, сөз тасу! Бұл жерде Дастанды #Орда тобынан бөліп қарау керек. Топтағы жігіттер бір төбе де Дастан бір төбе.
Жігіттер! Кішкентай Алматыда жүріп бүкіл Қазақстанға қыртымбай әңгіме таратқанды, алауыздықты қойыңдар! Мейлі «пиар ход» болсын, келісілген дүние болсын бәрібір. Халық іштеріңде не болып жатқанын түсінбейді. Қарапайым халық «мыналарың қатын болып кеткен ба?» деп сөгіе салады. Ол кезде мынанікі дұрыс, мынау бұрыс деп жатпайды. Шындығына келгенде кінә журналист жақтан. Ұрыстыру мақсат болса сұрақты да сол ұрысқа реттеп қоюға болады. Солай емес па?! Сондықтан да тату болыңдар!

P.s. Дастан айтпақшы: «Бұл менің сөгуім емес» )

Қазақ өнері, қазақ әндері жасасын!
Әрі қарай

Депутатқа ұсыныс...

Депутат десе қарапайым халықтың көз алдына жұмыс істемейтін, жалақысы көп, мемлекеттің ақшасына қыдырып жүретін жасы 50-ден асқан ағатай елестейді. Істеген жұмыстары міне-міне деп көрінбеген соң солай ойлайды. Жалпы, халықтың арасында депутатқа деген негативті көзқарас бар. Бірақ, бәрі балаларының депутат болғанын қалайды)
Мен жаңадан сайланатын депутаттарға әлеуметтік желіден аккаунт ашуды ұсынар едім. Депутаттың кемінде 3-4 көмекшісі болады. Соның біреуіне смартфон ұстатып қойып, өзі бағыт беріп отырса халық істеген істеріне көз жеткізер еді. Оның үстіне халыққа да жақындай түседі. КВН-шиктер де ұйқы туралы әзілдерін азайтар еді. Содан, депутаттардың арасында рейтинг есептеп сыйақымен мараппаттап отырса тіпті бәсеке күшейіп, парламенттегі жұмыс ашық көрінер еді. Кімнің- кім екені көрініп, халық жұмысын интернет арқылы білген соң дауыс беруге де көзқарасы басқаша болар еді. Солай емес па?
Әйтпесе, мандаттан үміткерлердің жартысынан көбін халық саяси аренада көрмеген. Танымайды. Тіпті, «Ақ Жол» партиясының атынан тізімге енгендердің 70% кәсіпкерлер екен.
Қарапайым облыстық деңгейдегі мемлекеттік басқармалар да әлеуметтік желіні оңынан пайдаланып отыр. Осы желі арқылы өздерінің аудиториясын қалыптастыруда.
Жалпы, депутаттардың атқарған жұмыстарынан хабардар болып отырғым келеді.
Әрі қарай

Сайлаудағы саяси жүріс...

Біздің журналистерге рейтинг болса болды ғой шіркін! Өзі түсінбей отырған халықты "Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова депутат болады" деген тақырыптармен одан сайын шулатып қойды.

Біріншіден, кандидат болды деген мандат алып депутат болды деген сөз емес. Әзірше олар жай ғана тізімге енді.
Екіншіден, бұл деген саяси жүріс. Яғни, танымал адамдарды тізімге енгізе отырып халықтың сайлауға деген көңілін бөліп, көбірек дауысын жинау. Уақыты келген кезде сол «вид» үшін жүрген әртістер өздерінің дауысын лайықты деген немесе билік айтқан үміткерге беріп шетке жылжи салады. Бұл жерде олар өздерінің жас екендерін, ағаларға сенетіндерін айтып халықтың алдында тағы бір мәрте беделдерін көтеріп қалады. Жақсы емес па?

Үшіншіден, жылына 2,5 миллион доллар табатын Қайрат Нұртас 500- ақ мың үшін әншілігін қойып депутат болады дегенге сенбеймін) Сондықтан-да сабыр сақтайық!

Өзім, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан ағамыз депутаттықтан үміткер болғанына шынымен қуандым! Сәттілік аға! Мүмкін Сіз, мандатқа мұқтаж емес шығарсыз. Бірақ, Ел Сіздей депутатқа мұқтаж!
Әрі қарай

Ұзақ өмір сүру. Ақсақалдың құпиясы.

Әдемі қартайып, ұзақ өмір кешу әр адамның арманы шығар. Кез-келген адамға барып осының құпясын айтып көрші десең «денсаулық мықты болуы керек» немесе «ауырмау керек» дейді. Қарап отырсақ екеуі де бір нәрсе айтып отыр. Яғни, денсаулығың мықты болса,
Әрі қарай

"Шал" мен "Кемпір" сөзінің шынайы мағынасын түсініп жүрміз бе?

Жанібек Қожық деген Маңғыстаудың адамы зерттей келе мынадай тұжырым жасапты: Қадірлі достар!.. Қазіргі жастардың көбі келіншегін «кемпірім», күйеуін «шалым» деп жиі атайды. Жастар кемпір, шал сөзінің шынай мағынасын білмейтін болар. Егер де сол
Әрі қарай

Бұл айда "шайтан азғырып кетті" деген сылтаулар өтпейді...

Құрметті бауырлар, достар! Айлардың қасиеттісі ‪‎Рамазан‬ да келіп жетті. Бұл айда «шайтан азғырып кетті» деген сияқты сылтаулар өтпейді. ‪Себебі барлығы кісенделіп, тозақтың есігі жабылып, жұмақтың есігі айқара ашылады. ‎Ораза‬ ұстау деген тек қана тамақ, су ішпеу емес қой. Шамамыз келгенше жаман әдеттен, өсектен, ғайбат сөзден тыйылайық. Рамазан айын көзімізді, аузымызды, құлағымызды, қолымызды, аяғымызды тыюмен өткерейік. Мейлінше көп сауап жинап қалуға тырысайық. Қыздар қауымы болсын, ұлдар болсын әлеуметтік желілерге тек жақсы сөз жазып, тек салиқалы сурет салайық.
Көшеге «Рамазан айы құтты болсын» деген баннер тұрмақ, еліміз оразаның кестсесін де ұмытып қалған кездер болған. Бір ауылда тұрып «айт» әр көшеде әр қалай басталып жататын. Намаз оқитындарын ашық айта алмайтын да кезең болды. Ал қазір, Қарағандының көшелерінен осындай әлеуметтік жарнамаларды көргенде ішің жылып, қуанады екенсің. Еріксіз Аллаға шүкір дейсің. Ең бастысы Еліміз, Елбасымыз, туған-туыс, ата-анамыз аман болсын! Рамазан айында жинаған сауаптың жемісін көруге жазсын. Ораза ұстамағандарға нәсіп етсін, ұстағандарға жеңілдік берсін.
Барша мұсылман қауымына жайлы ораза тіледім! Қабыл болсын!
Блог - ErzhanKhamitov: Бұл айда шайтан азғырып кетті деген сылтаулар өтпейді...
Әрі қарай

Қарты бар үйдің қазынасы бар!

Блог - ErzhanKhamitov: Қарты бар үйдің қазынасы бар!
Менің атам Ибраев Хамит Ыбырайұлы 90 жастан асып өмірден қайтты. Немере, шөберелері қасына жиналып дастархан басында отырғанда апама қарап: — Осылардың қызығын көрсек! Екеуіміз енді жүзге келсек — деуші еді. Апам да қалжыңдап: — Еще өзінің жүзге келетін ойы бар деп күліп отыратын) Дегенмен, мықты болды. Бір қисайып белім деген емес. Қасқайған бетінде өтті. Бір жылдары ауырып емханаға апарғанда «кәрі адам, ота жасай алмаймыз, жүрегі шыдамайды» дегенде болмай жасатқызғанбыз. Жүрегі шыдады! Дәрігерлердің тезірек құтылғылары келді ма қайдам, «әрі кетсе бір-екі апта өмірі қалды үйлеріңізге жеткізіп алыңдар» деді. Шыны керек дайындалдық. Бірақ, шыдамдылығының, сабырлығының арқасында, берген дәріні уақытылы ішіп, жақсы күтім жасағанының арқасында дертке төтеп берді. Одан кейін он шақты жыл қасымызда болып тағы 3 шөбересін қолына ұстап кетті.

Жастайынан жетімдікті көріп, жігіттік жасқа енді келгенде соғысқа барып, кейін ел ісіне араласқан атам туралы бір кітап жазатындай ақпаратым бар. Әзірше соғыс туралы әңгімесін біле отырыңыздар)

Баламыз ғой. Соғыс дегеннің қалай болатыны қызық. Көңіл-күйі бар-ау дегенде сұрақты жаудырамыз: «Соғыс туралы айтыңызшы», «неше неміс өлтірдің», «қандай мылтық ұстадың» деген сияқты. Есіне түсіріп,қай-қайдағы ойға оралмасын дейтін шығыр, жымиып қана қоятын. Тек бір-екі әңгімесін ғана қайталап айтып отырушы еді.

1942 жылы Қарқаралы қаласындағы 42 азаматпен соғысқа аттанады. 3 ай дайындықта болып кейін майданға жіберген. – Біздің әскер үшін ең қиын кезеңдердің бірі еді. Немістер «Біз сендерді жеңеміз! Өмір сүргілерің келсе беріліңдер» деген қағаздар тарата бастады. Окоптарымыздың арасы 60-70 метр ғана болатын. Көз алдымда бір орыстың және бір қазақтың жігіттері неміс жаққа өтіп кеткендерін көрдім – дейтін. Қақтығыстардың бірінде замандасы Ақтаев Рымбайдың: «Хамит, Хамит, аяғымды жұлып кетті..» деген дауысын естиді. Жаудың бетін қайтарып, дәрігермен қасына барғанша ол жүріп кеткен. Соның алдында ғана «Хамит, мыналарға еріп кетіп жүрме! Немістерге сатылма!» деп отыратын дейді. Сол күні атам да екі қолынан ауыр жарақат алып госпиталге түседі. 3 айдан астам уақыт сонда жатып 1942 жылдың соңына қарай еліне қайтарған. – Менен кейін Аймақов Әділхан және Омаров Айташ деген екі азамат еліне оралды. Қалған 39 Қарқаралылық майданда қалды – дейтін. Соғыстан келгеннен кейін көп ұзамай қазіргі #Қарқаралы ауданына қарасты #Темірші ауылында еңбек етіп көп жылдар бойы бухалгер болып қызмет атқарды. Зәбира апаммен отбасын құрып 6 бала тәрбиеледі. Сол Темірші ауылын айдаладағы Семейге қосып жіберейін деп тұрған жерінен аман алып қалып, жақын жердегі Қарқаралы ауданына қосуға ат салысқан. Өзінің айтуы бойынша Қарағандыдағы алғашқы ағаштарды отырғызған екен. Ол жеке әңгіме.

P/S: «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Қазақстанда 5015 соғыс ардагері қалыпты. Қашанғы жүрер дейсіз. Қадіріне жетіп құрмет көрсетейік. Өткендегі Азамат деген ақымақтың ардагерге қол жұмсағанын көріп күйіп кеттім. Тарихын білмеген, тәрбие көрмеген тексіздер ғана сондай қылыққа барады! Ардагерлерімізді аялайық ағайын!

Барлығымыз абыройлы болсақ игі,
Бірге жүріп тоқсанға толсақ игі.
Әй бірақ біздің арман таусылмайды
Дүниеге әкелсек те он сәбиді.
Мен өзім атам тірі болса деймін,
Атам да атам тірі болса дейді)
Қ. Алагөзов
Әрі қарай

«Қарғыстың өзі тілек еді ғой!»

Қарғыс, ғайбат айтуды біздің қазақтан асырып айтатын ел жоқ па деп қаласың кейде. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі: «жер жүзінде қазақ әйелдерінен басқа бір әйел құдайын қарғай алмайды» дейтіні бар.
«Әке-шешенің баласына және зұлымдық көрген адамның залымға жасаған бетдұғасы (қарғысы) қайтарылмайды.» делінген екен хадисте. Яғни, кез-келген уақытта Алланың қалауымен қабыл болып кетуі мүмкін. Шешенің балаға ашуланғанда айтып жататын сөздеріне тереңінен үңілмей үстіртін қарап жатамыз. Бәріміз де бала болдық. Балалықпен бірдеңені бүлдіріп қойсақ әжелеріміз қалай ұрсатын еді: «Өй, бар болғырлар», «Тұқымың құрымағыр», «көсегең көгергір», «Әкең аман болғыр», «өркенің өскір» т.б. Бұндай сөзге ренжіп жатқан біз жоқ. Осындай қарғыс естіп өскен біз недеген бақытты едік. Қарғыстың өзі тілек еді ғой. Үлкендердің ақылдарына, сөздік қорларына қалайша таң қалмайсың?! Ал, қазіргі жастардың баласына ұрысқандағы сөдерінен адам шошиды: «оңбаған», «өй, құрығыр» т.б. Осы сөзді естіген бала не болады?! Өз баламыз ер жеткенде оңбай кетсе кінәні кімге жабамыз?! Әр сөзімізге абай болайық ағайын! Қарғыстан Құдай сақтасын.

«Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал мүліктеріңе бетдұға етпеңдер! Дұғаларың қабыл болатын уақытқа тура келіп бетдұғаларың қабыл болады.» (Мүсілім)

«Жақсыға жаным құмар әрқашанда,
Жақсыға жақсы тілек арнасам ба?
Жақсы бол деп қарғашы досым сен де,
Бір күні бір жаманды қарғасаң да!»
(Қ.Медеубаев)
Әрі қарай