Жарияланымдар

Әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған тұңғыш қазақ

Блог - Erbol: Әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған тұңғыш  қазақҚазіргі кезде «Kaspi Bank»-те «Kaspi қаһармандары» имидждік кампаниясы жүріп жатыр. Басты мақсат – өз күшімен жетістіктерге жеткен қарапайым қазақстандықтарды насихаттау. Бұған дейін әлемнің барлық шөлдерін бағындырған желаяқ Марат Жыланбаев, жеке балалар үйін ашып, 350 баланы тәрбиелеп, өсірген Тұяқ Есқожина басты кейіпкер болған. Жақында әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаевтың қатысуымен жаңа кампания басталды. Қызық болғанда қазақстандықтардың көпшілігі оны қарапайым альпинист ретінде қабылдайды екен. Ақпарат, насихаттың аздығы. Kerekinfo оқырмандары үшін Мақсұт туралы ақпарат бере кеткенді жөн көрдік.

Мақсұт Жұмаев — 1977 жылдың 1 қаңтарында Батыс Қазақстанның Федеровка ауылында дүниеге келген.
Сырым батырдың ұрпағы. Батыс Қазақстан аграрлық университетін (ветеринар), «Қайнар» университетін (заңгер) бітірген. Альпинизмге кездейсоқ келген.

Сұхбаттан: 1 курсты біткен соң, Алматыға тәжірибеден өтуге келдім. Таныстарыммен жиі тауға шығып жүрдік. Алматыға келерде таныстарымнан сұрап алған жол сөмкені арқалап тауға шығу қолайсыздау болғандықтан, тауға арналған рюкзак сатып алмақ болдым. Ол кезде мұндай кәсіби жабдықты тек стадион маңындағы «Хантәңірі» деп аталатын арнайы фирмадан сатып алатын. Мен таңдаған сөмке 99 доллар тұрады екен. Ақшам жетпеді. Әлгі фирма қызметкерлері сөмкені алу үшін соларда бір апта жұмыс істеуге болатынын айтты. Сөйтіп, сөмкені иемдену үшін шетелдік туристердің жүктерін тасыдым. Ол кезде альпинистердің көбі осылай ақша табатын. Жұмыс барысында солармен танысып, ақыры альпинизмге келдім.

«KazTransCom» ААҚ оңтүстік филиалының заңгері, «Қағазы трейдинг» ЖШС әкімшілік бөлімінің маманы, «Тайлан» АҚ» ЖШС заңгері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дыбыс операторы болған. Қазір ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық әскер спорт клубының спорт комитетінің қызметкері. Әскерлерді таудағы дайындыққа үйрету тобының жетекшісі. Әскери шені лейтенант.

Әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын 14 тау бар, соның бәріне Мақсұт Жұмаевтың табаны тиген. «Дүниежүзіндегі ең қатерлі 14 шыңға шыққан 27 адам бар. Мен сол шыңдарға 12-ші болып шыққан жалғыз қазақпын», дейді өзі.

Айтуынша альпинизммен кәсіби түрде университет бітірген соң айналыса бастаған. Көп спорт түрлеріне қарағанда альпинизммен жастайыңнан айналысу керек деген қағида жоқ.

Ең бірінші шыққан шыңы — 1997 жылы Үлкен Алматы шыңы. Барлық альпинистің олимпиадалық алтын медалі – Эвереске шығу. Менде алғаш рет Іле Алатауына шыққан соң Эвересті бағындыруды армандадым, 2007 жылы мұны орындадым дейді.

Альпинизмге ең алғаш келгенде 6,7 мыңдық шыңдарды бағындырмастан, бірден 8 мыңдық биіктіктегі Шиша-Пангма шыңына шыққан (биіктігі – 8046 метр). 8 мың метр биіктікті бағындырған ең жас қазақстандық. Әрі 8 мыңдыққа шыққан ең жас альпинист саналады. Ол 8 мыңдық шыңға 23 жасында шыққан. Мұны әлі ешкім қаталамапты. Осы сапарынан соң, оны бірден Ұлттық құрамаға қабылданған. Сол кезде Қазақстанда «Қазақстан құрамасы – әлемнің ең биік шыңдарында» бағдарламасы болған. Бағдарламаның басты мақсатының бірі – Қазақстан имджін көтеру. Мұндай әлемнің бірде-бір елінде болмаған көрінеді. Қазақстан әлемде альпинистерден құрама команда жасақтаған бірінші ел. Бұл құрамада 50 альпинист болған екен. Оның 10-ы экспедиция барысында қаза тауыпты.

Аса биік болмаса да К2 шыңын 5 рет қатарынан бағындыра алмай, тек 6 рет барғанда шыға алдық дейді.
2003, 2005, 2007, 2009, 2010 жылдары бірде ауа-райы, бірде қалың қардың әсерінен мақсаттары орындалмаған. Ал, 2005 жылы таудағы лагерде шыңға өрмелейтін құралдарын ұрлап кетіп, шыға алмай қалыпты). Тау басында мұндай да қызықтар болып тұрады екен.

Шыңдарға қазақстандық альпинист Василий Пивцовпен бірге жұптасып шыққан.

Ең соңғы рет 2014 жылы Чогори шыңына (8611 м) шыққан. Сонымен альпинистік крьерасын аяқтаған.

«Альпинизм атақ та, даңқ та, байлық та бермейді. Тек оның берері жеңіскерлік сезімі. Тауға альпинистің керек-жарағынан бөлек, қасиетті Құранды, әкемнің фотосын, ойыншық арыстанды, Қазақстанның туын көтеріп шығамын. Ол ту менің бүкіл эспедицияма қатысқан. 8 мың метр биіктіктен асатын шыңға шығуға орта есеппен экпедицияға 2 ай кетеді. Ал тауға көтеріліп-түсуге бір аптадай уақыт жұмсаймыз. Қалған күндер дайындық жұмыстарына кетеді. Допинг сияқты қосымша қуат беретін заттардан альпинистер бойларын аулақ ұстайды. Спиртті медициналық көмек үшін аламыз» дейді ол.

Жары орыс ұлтының өкілі, ол да альпинист. Исатай есімді ұлы, Айлин деген қызы бар. Үшінші сәбиін күтіп отыр.

Мақсұт туралы 4 деректі фильм түсірілген. «Гималайский дуэт: Дхаулагири — Аннапурна», 2006, 18 мин, (Дворецкий/Жумаев/Пивцов). «Дотянуться до звезды», «Экспедиция „Клуба 7 вершин“ на К2», «Максут Жумаев. Рождённый быть горцем».

Әрі қарай

Ұялы байланыстан үнемдейміз

Блог - Erbol: Ұялы байланыстан үнемдейміз

Осыдан жиырма жыл бұрын адамдар «Желі ұстамай тұр», «Менің телефоныма ақша салшы», «Саған жаңа ғана телефонмен хат жібердім, алдың ба?» немесе «Телефонымды үйге қалдырып кетіппін, хабарласа алмадым» дегенді естісе, ақыл-есі ауысқан деп ойлауы мүмкін еді. Қазір ұялы телефонсыз өзімізді жалаңаш қалғандай сезінеміз. Почтаны тексеріп, чатқа шығып, баратын мекен-жайымыз туралы білуді смартфонсыз елестете алмаймыз.

Алайда, мұндай «ғажайып құрылғы»қазір арзан болғанымен, біз ұялы байланыс пен қосымша қызметтер мен қосымшаларына өзіміз байқамастан әжептәуір қаражат жұмсаймыз. Өзіміз бен айналамыздағы адамдардың ұялы байланыс шығынын есептеп көргенде смартфонды орта деңгейде белсенді қолданушы айына 5 000 теңгені сөйлесу мен интернетке жұмсайтынын байқадық. Бір отбасында бірнеше адам белсенді пайдаланушы болса, отбасылық бюджетке кәдімгідей шығын болары анық. Мысалы: үйдегі 4 адамның екеуі айына 5000, екеуі 3000 жұмсаса, отбасылық бюджет 16 000 теңгеге азайып отырады. Бұлай болмауы үшін не істеу керек? Үнемдеу жолдарын қарастырып көрейік.

Бірінші – тарифті дұрыс таңдау
Менің таныстарымның жартысынан астамы тарифке мән бермейді екен. Өйткені тариф таңдау қарапайым нәрсе емес. Жалпы білетіндер «жақсы» немесе «жаман» тарифтердің болмайтынын айтады. Өйткені ұялы байланыс операторлары адамдардың түрлі санаттарына арнап, тарифтерді жоспарлайды. Тек өзіңіздің қажеттілік деңгейіңізді анықтап, тарифті таңдауға тырысыңыз. Тарифті таңдау үшін өзіңіз жиі жүргізетін негізгі операцияларды анықтап алыңыз. Бұл үшін тарифтік навигаторды қолдансаңыз болады. Оған сіз қажетті параметрлерді енгізесіз. Ол сізге қолайлы тарифті анықтап береді. Тарифтік онлайн-навигатор қызметін шетелдік, қазақстандық көптеген ұялы байланыс операторларының көпшілігі ұсынады. Егер сіздің операторыңыз мұны қарастырмаса, «қолмен» түзетуге тура келеді. Тариф таңдау үшін анықтап алатын параметрлер:

• Қандай нөмірлерге жиі хабарласасыз (өзіңіздің операторыңыз, басқа операторлар, қалалық нөмірлерге)
• Бір қоңырауға орташа алғанда қанша уақыт жұмсайсыз?
• Бір күнде шамамен қанша рет қоңырау шаласыз?
• Қалааралық және халықаралық қоңырауларға қаншалықты жиі қоңырау шаласыз?
• Сізге роуминг қажет бола ма?
• Ұялы интернетті қолданасыз ба және шамамен қолданатын трафик мөлшері қандай?
Өзіңізге қажетті жауап алған соң барлық ұялы байланыс операторларына мониторинг жасап, өзіңізге ыңғайлы тарифті таңдаңыз.

Менде 3 байланыс операторының нөмірі бар. Жақында бірін ғана қалдырғым келіп, тарифтік навигатордың көмегіне жүгіндім. Таңдау Tele2-нің Супер+ тарифіне түсті. Өйткені 702-ден басталатын нөміріме бірлік шақ келмейді. Салғаныңды жұтып алып қарап отырады. Үшінші нөмір басында жеке оператор ретінде шыққан еді, кейін басқа оператормен қосылып, тарифтері қымбаттап кетті. Маған қолайсыз. Tele2-нің Супер+ тарифін біраз қоладнғаннан кейін шынымен қолайлы екендігін байқап, отбасымызбен таңдадық. Тегін нәрселер көп екен: Желі ішінде қоңырау шалу, 9000 смс, басқа операторларға 90 минут, 5Гб интернет, тегін. Интернетінің жылдамдығы да көңілден шықты.

Тариф туралы толығырақ оқимын десеңіз.

Тағы бір маңызды нәрсе – өзіңіз таңдаған оператор ұсынатын акциялардың соңынан жүгіре бермеңіз. Мұндай акциялар (мысалы: сүйікті нөмір, бірліктерді екі еселеу т.б) сіздің шығындарыңызды азайтуы мүмкін. Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды. Өзіңіздің ішкі немесе айналаңыздағы қажеттіліктер өзгереді. Сіз таңдаған тариф бір жылдан кейін маңыздылығын жоғалтып, тиімді ұсыныс болудан қалуы мүмкін. Ұялы байланыс нарығында бәсекелестік жоғары, сондықтан тиімді жаңа тарифтер жиі пайда болады.

Екінші – SMS-ті ұмытыңыз, MMS-ті тіпті ойламаңыз
Қазіргі кезде ұялы байланыс арқылы хабарлама жіберу арзан тұрады. Тіпті кейде кейбір пакеттермен бірге тегін болады. Бірақ, тегін мессенджерлер бар кезде, ол үшін төлем жасаудың қажеті не? Ұялы телефоныңызға Viber, WhatsApp, Telegram-ды орнатып, достарыңызға тегін хат қана емес, фото, видео мәліметтерді жібере аласыз. Бұл қосымшалар өте қарапайым жұмыс істейді. Ұялы телефоныңызға орнатасыз. Қосымша автоматты түрде кітапшаңыздағы нөмірлерді табады, әрі қарай бұл бағдарламаны орнатқан достарыңызбен сөйлесе берсеңіз болады. Viber-де тегін қоңырау шалсаңыз болады. Мұнда тек трафик үшін төлеу керек. Бірақ, бұл бәрібір арзан. Әрі қазір көп жерлерде Wi-Fi деген «ғажайыптың» барлығын ұмытпаңыз.

Үшінші кеңес – интернетте үнемдеңіз
Қарапайым бірінші кеңес: Wi-Fi-ды жиірек қолдануға тырысыңыз. Қазіргі кезде ол көптеген жерлерде тегін. Жаңартулар мен қосымшаларды жүктеуді тек Wi-Fi бар жерде жасауға тырысыңыз.
Екінші, егер мұндай мүмкіндік болмаса, жоғарыда айтылғандай өз қажеттілігіңіздің «мөлшерін» анықтай отырып, тиімді тарифті таңдаңыз. Егер интернетке кірмейтін болсаңыз, лимитсіздік үшін төлеудің қажеті жоқ.

Үшінші, ұялы телефоныңызға ұялы интернет үшін арнайы бағдарламалық шешімдерді орнатыңыз: мысалы, web-парақшаларды сығымдап, 3G-интернетті үнемді жасайтын браузерді немесе электронды поштаңызды сығымдалған нұсқада көруге мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны.
Ең соңғысы, егер лимитсіз интернетті қолданып, тұрақты Wi-Fi қолдансаңыз – қажет емес ұялы қызметтерді өшіріп тастаңыз. Мысалы: ауа-райы, анекдоттар үшін текке ақша төлеудің қажеті не? Бұлардың барлығын интернеттен тегін-ақ көре аласыз.

Төртінші кеңес- роумингті бақылаңыз
Шетелден оралған соң көптеген абоненттер байланыс үшін қарыз болып қалғанына шағымданады. Кейін туыстары шалған жиі қоңыраудан немесе интернетті жиі қолданғаннан байқаусызда минусқа кетіп қалғаны анықталады. Бұл көптеген адамдардың тарифтерін немесе роумингтегі «әрекетін» бақыламағаннан немесе өз смартфонының жұмыс принцптерін түсінбегеннен болады. Смартфондардың көпшілігі дұрыс жұмыс істеуі үшін өздігінен интернетке қосылып, бағдарламаларды жаңартып, жүктейді. Мұндай «еркіндікті» шектеу үшін 3G өшіру жеткіліксіз, желіге GPRS және EDGE арқылы кіруге де шектеу қою керек.

Шетелде жүрсеңіз, мүмкіндігінше әуежай, қонақ үй, кафелерде болатын Wi-Fi-ды қолдануды ұмытпаңыз. Егер интернетті мүлдем қолданбайтын болсаңыз, оффлайнды жұмыс істейтіндерден бөлек барлық қосымшаларды өшіріңіз.
Егер саяхатыңыз ұзаққа созылатын болса – жергілікті оператордың сим картасын алыңыз, бұл сізге арзандау болады. Бірақ, хат жазу, фото, видео жіберу барысында мессенджерлерді қолдануды ұмытпаңыз.

Ең соңғы және сәл мағынасыздау кеңес: өзіңізге қажет кезде ғана қоңырау шалыңыз! Ұялы телефон ұзақ сөйлесуге арналған құрал деген ереже жоқтығын да ұмытпаңыз)
Әрі қарай

Ернар Патиктің ізімен немесе Corolla күнделігі

Toyota Corolla алғашқы әсер
Бірден айтайын, енді қайтып тура осы бағада, осы жағдаймен, осы жылдың Corolla-сын ала қал десе, бас тартатын едім. Көліктің жағдайы: 2010 жылғы, Алматыға осы жылдың шілдесінде келген, келгелі көз алдымда, досым айдаған, почти жаңа көліктің жағдайы. Қазір екінші деңгейлі автонарықтан көлік алуға қорқасың. Сырттан «свежий» кірмегелі көп болды. Мұнда жүргеннің ұрылып-соғылмағаны, моторы май жемейтіні аз. Ұрыныманы ба дейсің. Сосын өзің білетін көлікті аңдисың. Досым сатамын дегелі жабыстым. Осы жексенбі күні алып, дүйсенбі жұмысқа айдап шықтым. Күні бойы автотұрақта тұрды. Кешкісін келіншегімді алып кетуге 31 арнаға барғам. Оталмай сол жерге қалдырып, үйге таксимен кеттім. Енді алмаймын деудің бір себебі осы.
Әлі көлікті толық сезініп үлгерген жоқпын. Бірақ, бірінші әсер: ешқандай комфортты сезіне алмадым, жүрісі ұшқалақтау, еркін 1100-бен басуға тым әлсіздеу сияқты елестейді, металлы жұқа, сәл бассаң майысады, ходовкасы да әлсіз сияқты көрінді, өзіңді сенімді сезіне алмайсың, кәдімгі Лададан айырмашылығы аз, бірақ аты танымал бренд болғаны үшін өтіп жүрген сияқты көрінді. Мүмкін қателесемін. Болашақ көрсете жатар.
Енді оталмай қалу оқиғасы: Таңертең емін-еркін оталды. Әл-Фарабимен жоғары шыққанда сәл қиналғандай болды. Мотордың ышқынған даусы байқалды. Кешкісін 31 арнаның алдында өшіріп, 10 минуттай отырдым. Қайтып оталдырайын десем, кілт бір бұралды, датчиктер түгел жанды, екінші бұрасам тық-тық етеді, оталмайды. Кілтті бұрағанда винтеляторы гуілдеп істей бастады. Әдетте моторы қызған машинаның винтеляторын тура жалғап қояды. Кілт бұрасаң болды, гуілдей бастайды. Тура сол сияқты. Бірақ, білуімше менікі тура жалғанбаған. Фары, ішкі свет, магниофон, сигнал түгел істеп тұр. Демек аккумулятордан емес. Противоугонкасы әлде кілттегі чиптен ба деп, есікті ашып-жауып, коробканы қозғап, парковкаға қайта қойып, қайта оталдырсам да сол. Қызығы кілтті өшіріп суырып алсаң да, бүкіл датчиктері жанып, чинтеляторы гуілдеп тұра береді. Кез-келген машина кілтті суырсаң өшуі керек. Жолда датчиктер жанбады. Бұрынғы иесі де, ондай жағдай болмағанын айтты. Ақыры ойланып, ойланып, компьютері қуып кетті деген шешім жасадық. Вирус кіріп кеткен компьютер сияқты командаларды дұрыс орындай алмайды. Қуып тұр. Өзіміздің қолдан келер қайран жоқ, тастап кетуге тура келді. Кешкісін форумдарды оқып едім, ақпарат таппадым. Жасағыштар келіп, сканерлеп көріп еді, бір жерден короткий замыкание беріп тұр деді. Іздеп таппады. Екіншісі де. Бүгін СТО-ға кіргіздік.
Әлі іздеп жатыр. Табылса, ауруы неден болғанын жазармын. Біреу-міреуде сондай ауру шығып қалса, оқып, пайдаланар. Жапон алсаң, камридің 25-не дейінгілері, ниссанның 97 жылға дейінгілеріне жететін көлік жоқ түсінгенім. Одан бергілері электроникамен толтырылып тастаған қаңылтырлар.
Әрі қарай

Бензин «дағдарысы» қайдан пайда болды?

«Бензин бағасы өсті». «Бұл не деген масқара, өзіміз мұнай өндірушымыз, жанармай жоқ». Әлеуметтік желілерді ақтарсаңыз осындай пікірлер көп. Көлігі бар екінің бірі жанармайдың жоқтығы мен бағаның өсуіне наразы. Айыптау біреу, мемлекет неге реттемейді? Тоқтаңыз. Айыптауларды азайтып, мән-жайға байыппен қарайық. Мемлекет жағдайды барынша реттеп отыр. Мемлекет те бензин тапшылығын қолдан жасауға құлықты емес. Өйткені әлеуметтік ахуалдың ушығатынын біледі. Ендеше жанармай тапшылығы қайдан пайда болды?

Алдымен ішкі нарықтағы жағдай

Қазақстан жыл сайын 80 млн. тонна мұнай өндіреді, оның 15 млн. тоннасы Атырау, Павлодар, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Бұл біздің зауыттар өңдей алатын ең шекті көлем. (Бұдан артық өңдеуге зауыттардың өндірістік қуаты тек 2016 жылы ғана зауыттарды қайта жасақтаудан кейін ғана мүмкін болмақ). Тамыз айында отандық зауыттар өндіріс жоспары бойынша АИ-92 маркалы бензиннің 208 мың тонна, дизельдік отынның 415 мың тоннасын өндіру қажет болған. Ал, бұл айда нарықтағы тұтыну көлемі АИ-92 бойынша 287 мың тонна, дизелдік отын 415 мың тонна. АИ-92 бойынша жетіспейтіні 79 мың тонна. Жалпы жыл сайын біздің зауыттар 1,9 млн.тонна АИ-92 маркалы автобензин мен 4 млн. тонна дизель отынын өндіреді. Ал, тұтыну мөлшері жыл сайын шамамен 2,8 млн.тоннаны және дизель отынын тұтыну 4,6 млн. тонна. Жетпейтін жанармай үшін Ресейлік жанармайға тәуелді болатынымыз түсінікті.

Импорт Ресейден

Бұрын бензинді Ресейден ешбір кедергісіз әкелуге болатын. Яғни әрбір жеке оператор (жеке компаниялар) қанша сатып алатынын, сататынын өзі білетін. Соңғы үш жылдан бері жағдай өзгерді. Ресей жағы Қазақстанға отынды әкелу кезінде жоғалатын пайданы өтеу мәселесін көтерді. Себебі қазақстандықтар бензинге баж төлемейтін. Ресей мамандарының есебі бойынша, бұдан Ресей жағы шамаман жыл сайын 580-600 млн. доллар көлемінде шығын шегіп отыр. Ресейдің бұл талабынан кейін мұнай өнімдерін тасымалдау арнай индикативті баланспен реттелетін болды. Индикативті баланс дегеніміз — екі мемлекет үкіметтерінің жыл сайын қол қоятын арнайы құжаты. Бұл бойынша Ресейден кедендік алымсыз тасымалданатын бензин көлемін анықталады. Бұдан артық тасымалданса экспорттық алым алынады. 2012-2013 жылдары Қазақстанға Ресейден әкілетін бензинге баж салығын мемлекет төлеп келді. Сөйтіп, жеке операторлар үшін АИ-92 бензинінің 1 тоннасы 600 доллардан болса, мемлекет үшін 940 АҚШ долларынан келді. Салмақ мемлекетке түсетін. Мемлекет бұл қадамға амалсыз барғаны түсінікті. Егер баж салығын мемлекет өзіне алмаса қазақстандықтар үшін бензин тоннасына $330-350 қымбаттар еді. Әрине артық алымды мемлекет төлеп отырған соң, жеке компаниялар сатып алу мөлшерін кемітпейтіні түсінікті. 2014 жылдың балансы АИ-92 бойынша 670,8 мың, дизельдік отын бойынша 470 мың тонна белгіленген. Алайда, биылғы мамыр айының өзінде жеке компаниялар шекті мөлшерден 100 мың тонна артық тасымалдаған. Мемлекет бұл жағдайды реттеу үшін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ін бірыңғай оператор тағайындады. Ендігі жерде жеке операторлар сұраныс көлемін осы бірыңғай оператор арқылы өткізуі тиіс. Алайда маусым айында жеке операторлар келесі айға жеткілікті сұраныс бермеген. Яғни «No 1 отын қауымдастығы» мүшелері болып табылатын бөлшек сауда нарығының қатысушыларынан ҚМГӨ атына РФ-ден импортталатын мұнай өнімдерінің көлемін сатып алуға мүдделілік таныту туралы өтініштері келіп түспеген. Өйткені қордағы жанармай көлемі сұраныстан көп. Шілде, тамыз айларында маусымдық жұмыстардың салдарынан жанармайға сұраныс артатыны түсінікті. Жанармай нарығындағы тапшылықтың бір себебі осы.

Тапшылыққа тағы бір себеп, Ресейдің Ачинск МӨЗ-дегі авария салдарынан РФ ішкі нарығында мұнай өнімдері қоры төмендеді. Бұл Ресейдегі бағаның өсуіне әкеп соқтырған тағы бір фактор болды. Артынша РФ ФАС бензин экспортын шектеді. Бұл
Қазақстандағы бензин тапшылығының тағы бір себебі.

Ресейде мұнай өнімдері нарығы мемлекет тарапынан реттелмейді. Сондықтан жеке нарықта бензин бағасы соңғы жылдары ұдайы өсуде. Мысалы: қаңтар-ақпан айларында литрі 147 теңге болса, наурыздан маусымға дейін 151-ден 165 теңгеге дейін көтерілген. Аргус Медиа-ның зерттеуі бойынша 2014 жылдың тамыз айында Қазақстандағы МӨЗ-да бензиннің көтерме бағасы тоннасына 591 $ құраса, Ресейде 670 $ болған. Бұл көрсеткіштен-ақ жанармай бағасының тиімсіздігі байқалды. Мемлекет нарықтық тепе-теңдік үшін 22 тамызда АИ-92 бойынша бағаны 128 теңгеге көтеруге мәжбүр болды.

Мұнай өнімдерінің бағасын әлемдік нарық белгілейді. Әлемдік мұнай котирвокалары бойынша АИ-92 134 тенге/л, дизельдік отын– 122 тенге/л құрауы керек. Кейбір сарапшылар бензин бағасы нраықтық өлшем бойынша 170 теңге болуы керек деседі. Қазақстан бұл ретте де жанармай бағасын барынша қолайлы етіп ұстауға тырысып отыр.

Жанармай тапшылығы қашан шешіледі?

«ҚазМұнайГаз Өнімдері» нарықты реттеп, жанармай тапшылығын азайту үшін барын салуда. Экономикаға кері әсері мен шығындарға қарамастан тамыз айында Ресейлік «Башнефть», «ЛУКОЙЛ» сынды компаниялармен қосымша 34 мың тонна мұнайөнімдерін жеткізу туралы келісімге қол қойылған. Мұның ішінде жеткізілуі тиіс 10 мың тонна АИ-92-нің 6,2 мыңы Қазақстанға қарай жіберілген. Қазіргі кезде «Газпромнефть», «Гелиос», «ҚазМұнайГаз» компанияларының жанармай тиелген вагондары жолда көрінеді. Демек алдағы бір-екі аптада мәселе шешілуі тиіс.

Баға өсе ма?

Қазіргі кезде ресейлік трейдерлер Ресейдің куропалық және оңтүстік бөлігінде мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары салдарынан тапшылық байқалуы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Бұл өз кезегінде реттелмейтін ресей нарығында бензин бағасын көтеруге әкелуі мүмкін. Бұл да қазақстандық нарыққа әсер ететіні түсінікті. Жақында Энергетика министрлігнің өкілдері қазіргі баға соңғы баға еместігін мәлімдеді. Нарықтағы жағдаймен бағамдасақ бүгінгі бағаның тәуір екені түсінікті.

Ресей жанармайына тәуекел қашан азады?
Отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту жұмыстары аяқталмайынша, өкінішке орай, жағдай өзгеріссіз қалатынын Энергетика министрлігінің өзі мәлімдеп отыр.

Не істелуде?
Отандық МӨЗ өндіретін бензин көлемі ақырындап ұлғаюда. Мысалы: былтырғы жылмен салыстырғанда өткен 6 айда 17,4% артық бензин өндірілген. Егер зауыттар модернизацияланса өндіріс көлемі тағы артады.

Не істеу керек?
Дәл қазір сарапшылардың бар кеңесі үнемді көліктермен жүруге үйреніңіз, автокөлігіңіз болса бензиннен газға көшіңізден аспай тұр.
Әрі қарай

kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық

Бүгін әлеуметтік желіде сайтқа тіркелу бойынша қиындықтар туралы бірнеше сұрақ алдым. Тіркелгісі келіп, бірақ тіркеле алмағандарға түсінікті болу үшін фото түрінде түсіндіруді жөн көрдік.

1. Браузерге (Chrome, Opera, Mozilla) kaspi.kz атауын жазамыз. Сайт ашылады.
Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
2.Оң жақ қапталдағы «Кіру/тіркелу»-ді, одан кейін «Тіркелу»-ді басамыз Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
3.Ұялы телефон нөмірін көрсетіп, «Ары қарай»-ды басамыз Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
4.Ұялы телефоныңыздың нөмірін енгіземіз. Ұялы телефоныңызға смс келеді. Смс-пен келген құпиясөзді енгіземіз. Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
5.Аты-жөн мен туған күнді енгіземіз. Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
6.ЕСКЕРТУ: ЕГЕР СІЗ БҰРЫН (НЕСИЕ АЛҒАН НЕМЕСЕ ДЕПОЗИТІҢІЗ БОЛҒАН) НЕМЕСЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ KASPI BANK-ТІҢ КЛИЕНТІ БОЛСАҢЫЗ, ОНДА ЖҮЙЕ ҚОЛЫҢЫЗДАҒЫ KASPI КАРТА НӨМІРІН НЕМЕСЕ КЕЛІСІМ-ШАРТ НӨМІРІН СҰРАЙДЫ. ЕГЕР БҰРЫН НЕСИЕ АЛЫП ЖАУЫП ТАСТАҒАН БОЛСАҢЫЗ, ҚОЛЫҢЫЗДА КЕЛІСІМ-ШАРТ ТА, КАРТА ДА ЖОҚ ЕКЕНІ ТҮСІНІКТІ. БІРАҚ, ОЛ ЖҮЙЕДЕ САҚТАЛЫП ҚАЛҒАН. СОНДЫҚТАН, ТІРКЕЛУДІ ЖАЛҒАСТЫРУ ҮШІН online@kaspibank.kz-КЕ ХАТ ЖАЗЫП НЕМЕСЕ 9999-ҒА ХАБАРЛАСЫП КЕЛІСІМ-ШАРТ НӨМІРІН АЛЫҢЫЗ. БАНК КЛИЕНТІ БОЛМАҒАН АДАМДАНАН ЖҮЙЕ КАРТА НЕМЕСЕ КЕЛІСІМШАРТ СҰРАМАЙДЫ.
7. 7 саннан кем емес құпиясөз ойлап тауып, енгіземіз. Құпиясөзді ұмытып қалмаңыз.Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
8.Болды! Сіз тіркелдіңіз. Енді сайт қызметі қолжетімді.
Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық

Логиннің орнына телефоныңыздың нөмірі қолданылады. Келесі жолы сайтқа кіру үшін ұялы телефон нөмірі мен құпиясөзді енгізсеңіз болды. Сұрақтар болса, хабарласыңыздар!
Әрі қарай

Қаржылық сауаттылықты арттыру жобасын ұсынып, грант ұтып алыңыз!

Kaspi bank пен ХЭСА қоры «Қаржы мәдениеті» бағдарламасының аясында жалпы бюджеті 180 000 000 теңге болатын гранттар конкурсын жариялады.

Конкурстың басты мақсаты – қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыратын жобаларды қолдау.

Конкурсқа жеке, заңды тұлғалар да қатыса алады. Жобалар қысқа мерзімді (үш айға дейін) және орташа мерзімді (алты айға дейін) аралықта ҚР аумағында жүзеге асырылуы керек.

Конкурсқа ұсынылатын жобалар Депозиттер және ақша қаражатын сақтау; Несиелер және несие тарихы; Отбасы бюджетін жоспарлау және басқару;Қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтары; Банктік шарттар, банктермен өзара қарым-қатынас орнату және басқа да тақырыптар аясында қазақстандықтардың қаржылық білімінің артуына, ақпарат алуына әсер ете алуы тиіс.

Қазақ тіліндегі және өңірлерде жүзеге асатын жобалар басымдылыққа ие. Өтініш беруші 500 000 теңгеден 10 000 000 теңгеге дейінгі көлемде грант ала-алады. Өтінімдер – 2014 ж. 1 қыркүйегіне дейін қабылданады.

Конкурстың толық шарты мен өтінімді көшіріп алыңыз.
Әрі қарай

Блогкемптің пайдасы

Заман-ай десеші). Пенде біткен пайда жоқ жерге аттап баспайтын болды. Санаулы күннен соң, Blogcamp өтпекші. Уа, қандай пайдасы бар дейді, білмейтіндер. Отыра қалып, түсіндіре бастайсың. Танысасыз, табысасыз, тәжірибе жинайсыз. Ой түйесіз. Ойланасыз. Таныстырасыз. Жобаңызды басқалармен салыстырасыз. Жоқ дегенде, Сатыбалдыны түсініп оқи бастайсыз, дейсің арасында. Сөз тәмам. Ақша табам ба, ақша дейді кейбірі. Бара қалса, аспаннан ақша жуатындай. Ақша іздеген бармай-ақ қойса болады. Басқа пайдасы… Блогкемптің пайдасы әркімге әртүрлі. Мен үшін, мен үшін… Тәжірибе, блогшылармен танысу өз алдына. Өзіме қымбатты Блогкемптен таптым. Сол бір алтын адам айтады.

-Блогкемп болмаса біздің таныспауымыз да мүмкін еді, деп. Үнсіз қостаймын.
-Блог болмаса біздің таныспауымыз мүмкін еді. Тағы да қостау.
Әрі қарай

Blogcamp осылай басталған

2011 жылдың 8 қаңтары. Сағат 4-тің кезі (таңғы емес). Абай мен Момышұлының қиылысындағы пиццерияда терезеге жақын столда үшеуміз отырмыз. Арамыздағы біреу тынымсыз пицца жейді. Біреу тынымсыз жазады. Мен ойланып отырмын. Тынымсыз пицца жеп отырған Димаш. Тынымсыз жазатын Асхат. Димашты жегізіп, Асхатты жазғызып, мені ойландырып қойған бір ғана мәселе бар. Блогшылардың басын қосу. Осылай отырғанымызға 1 сағатқа жуықтады. Дәл сол күні твиттерді парақтап отырып, Ерлан Қарин ағамыздың мына жазбасына көз түсе қалмасы бар ма?!
«Қазақ блогерлерінің кездесуін ұйымдастырсақ, қандай мәселелерді талқылауға ұсынар едіңіз?» erlan karin (@erlankarin) January 08, 2011
Әрі қарай

Хабарландыру

Алматылық блоггер һәм флудерлер, трольдар, жалпы интернет қолданушыларға хабарландыру. Алматыда Timur Bektur жүр. Иә, иә әйгілі Тимур Бектұр. Бүгін түнгі 1-де Атырауға қайтады.
Тимекеңді білетіндер, көргісі келетіндер, ақыл-кеңес алғысы келетіндер бүгін кешке көріп қалу мүмкіндігі бар. Тимурдың келуін сылтауратып wordpress-тің Қазақстаннан қайтқанына ас әрі мини құрылтай өткізіп жіберсек (ас, құрылтай дегенге бәйге тамашалап, қымыз ішіп, тегін тамақ жеп, артынан нашар өтті деп өсектегенге сылтау табылды-ау, деген ой тумасын.) деген ой бар. Жиналатын орын, уақыты: Соны халық болып шешу керек. Ұсыныстарыңды күтемін. Жалғас Ертайға гүлдеріңді (сыйлыққа мәшиненің, пәтердің кілті дегендер де жарай береді) ұмытпаңдар. Бүгін туған күні.
Әрі қарай