Жарияланымдар

«Көк сайтанның» әлегі

Блог - Dawil-Altay: «Көк сайтанның» әлегі

Қараңғы түн. Даланың іңірде соққан ақ бұрқағын елемей, тымағымның бауын шандып байлап, аяңшыл ақ боз аттың ат желдірер жүрісіне салып, таулы ауылға қарай тартып барамын. Сонау алыстан жылтыраған қос жарық сұлба маған қарай жақындап келеді. Миыма сан түрлі сұмдық ойлар орала берді. Алғаш есіме түскені — ит-құс болды, бірақ екі сұлба маған жақындаған сайын үлкейіп келе жатқандай әсер берді. Бала кезімнен әкемнің үйретіп қойған сайтан қашыры, қасиетті Құран сөзі „Бісміллә„-ні ішімнен қайта-қайта қайталай бердім. Әлгі сұлбалар жоғалып кеткенді былай қойып, жақындаған сайын жарқырап келе жатқан сияқты. Бағана тауға шығар алдында ауылдағы кешкі ас үстінде Жамей апайдың айтқан көк сайтан туралы әңгімесі әсер етті ме екен деп көзімді уқалап қоямын, бірақ жарық сұлбалар көз алдымнан алыстап кетер емес. Осы орайда кешкі ас үстіндегі әңгімені де айта кетейін…

Жәмей деген тау етегіндегі ойда орналасқан ауылдағы немере ағамның көршісі. Азан шақырып қойған есімі — Жәмила. Өзі бізге жамағайын болып келеді. Оның жұбайы өмірден ерте өтіп кеткен. Өзінің пысықтығы арқасында шиіттей бес баласын асырап, қатарға қосқан. Былтыр ғана кенже келінін оң жағына түсіріп, немерелерін алданыш етіп, ауылдағы мектепте оқытып жатқан болатын. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жас кезінде ол адуынды келіншек болған көрінеді. Бүкіл бір отбасының ісін өзі дөңгелетіп отырады екен. Ал жездеміз жұмысқа онша қыры жоқ, сал-серілеу, ойын-сауықшыл адам болыпты.

Енді Жемей апайдың айтқан әңгімесіне оралайын. Ол әңгімесін:
— Осы кенже ұлға аяғым ауыр болып жүрген кезде қар қалың түсіп, бұрын-соңды болмаған ызғарлы қыс болды. Сері жездеңнің жаз бойы жинап алған шөбі таусылуға таяп, етекке түсім жем сатып алуға тура келді, — деп бастады. – Күздегі сатқан малдың ақшасын оның қалтасына салып, ойдағы ауылға жібердім. Дәл ілгі таудың етекке түсер жеріне келгенде жездеңнің ат арбасын басынан аяғына дейін көк киіммен қымтаған бір жігіт күтіп алыпты. Ойында ештеңе ағаң «тауда көлік табылмай қаңғырып қалған біреу болса керек» деп ойлап, ат арбасына отырғызып алыпты да көздеген бағытына қарай жүре беріпті. Шамамен сүт пісірім уақыт өткеннен кейін арбаға жеккен атының жүрісі баяулап, жүруден қалыпты. Арбадан түсіп қараса, атының аяғын біреу шідерлеп тастапты. Әлгі арба үстіне отырғызған жігіт те ғайып болған екен.

Дәл осы жеріне келгенде Жемей апайдың әңгімесін ары қарай тыңдауға батылым бармай, жөнімді айтып, жолға шығып кеткенмін. Ал қазір әлгі қос жарық сұлбадан жүрексініп келемін. Кенет астымдағы атым осқырынып қоя берді. Қанша қамшыласам да, аттап басар емес. Менің атымды да „біреу„ шідерлеп қойды ма екне деп ойлап, жерге ақырып сырғып түстім де, аяғын сипап көрдім. Ешкім де шідерлеп қоймаған екен. Көңілім сәл орнына келіп, батылдана түсіп, атыма қайтадан қарғып міндім де, қос жарық сұлбаға қарай қамалға шапқан батырдай аттандап қоя бердім. Көп ұзамай жетіп те қалған екенмін. «Албастының әкесі болсаң да!» деп ұрандап келдім де, әлгі жарықты қамшымен бес-алты рет салып өттім. Сонда да менің көзіме көрінген жарық жоғалар емес. Жарықтың маңайынан құралаң-құралаң еткен бейнелер пайда болғандай. Астымдағы атымнан ауып түсе жаздап барып есімді жиып қарасам, қарсы алдымда адам тұр. Тымағымның бауын ағытып, дауысым дірілдеген күйі:
— Кімсің? — деп сұрадым.
-Мен Сақанмын, сен Есхатпысың? — деді ол қайыра жауап беріп.

Албасты деп ойлағаным ойдағы ауылдың тракторшысы, өзіммен бірге бір партада сегіз жыл бойы бірге отырған сыныптасым Сағымжан болып шықты. Әйтеуір оның шайтан болып шықпағанына қуандым.
— Ой, Сақанбысың? Мен Дәукенмін ғой, — дедім сасқалақтап.
-Саған не болды? Трактордың шырағын сабалап, қарадай зәремді алдың ғой!
«Бөрі арығын білдірмес, сыртында жүнін қампитар» дегендей, қорыққанымды құрдасыма білдірмей:
-Ее, жай ғой! Сені қорқытайын дегенмін, — деп қалжыңдап, сөз арнасын бұрып жібердім.

Сөйлесе келе түсінгенім: Сағымжан тау жақтағы ауылдан соғым алмақшы болып қас қарая жолға шығыпты. Жарты жолға келгенде тракторынан кінәрат тауып, амалы таусылып тұрған екен. Ары-бері өткен жолаушылар болса көмек сұрау мақсатында тракторының жарығын жағып қойыпты.

Екеуміз трактордың жарығын өшіріп, бір атқа мінгесіп, біздің үйге қарай тарттық. Мен оған Жәмей апайдан естіген әңгімені айтып бердім де:
— Шынымен де осы маңда жаман нәрсе бар ма? — деп сұрадым. Осы сәтте Сақаным ішек-сілесі қата күлді.
— Сені жын түртті ме? — дедім оған ештеңе түсінбеген кейіппен қарап.
— Ойбуй, — деді ол күлкісін тыя алмай. — Ол әңгіменің жалғасын саған мен айтайын. Істің шынын білгенде көзіңе «қос» көрінбес еді-ау!
— Қайдағы «қос»? — дедім мен қызарақтап.
— Әлгі арбаны күтіп тұрған — менің әкем. Ол Сәпек марқұмның (Жәмей апайдың күйеуі) құрдасы екен. Ол үйден жолға шығар кезде біраз ащы судан татып, қызып алған екен. Менің әкем ол жолда бірдемеңе ұшырап қалмасын деп салт атпен ере шығыпты. Әкем құрдасынан озыңқырап барып күре жолдағы қалтарысқа атын байлап, Сәпектің арбасын күтіп тұрыпты. Ақкөңіл Сәкең жөн сұрамастан әкемді арбасына отырғыза салыпты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ат арба үстінде ұйықтап кетіпті. Сол кезде әкем арбаны ат арбаны тоқтатып, атты шідерлеп тастапты да, өзі байлаулы тұрған атына қарай кетіпті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сәкең ат аяғының шідерленгенін және қасына отырғызған жолаушының ғайып болғанын біледі де, жүрегі ауызына тығылып, ат арбаны тастаған күйі қаша жөнеліпті. Құрдасы салт атпен қашып бара жатқан Сәкеңді әрең қуып жетіп, ат арбасына қайтарып алып келіпті де ойдағы ауылға бірге барыпты.

Ал жоддағы екі құрдастың арасында болған жағдай Жәмей апайға өтірік-шыны араласып жеткен екен. Сөйтіп бұл «Көк сайтанның» әңгімесі екі ауылға кеңінен тараған аңызға айналыпты… Атқа мінгескен екеуміз ауыл шетіндегі біздің үйге жеттік. Ішімнен „Қорыққанға қос көрінеді„ деп айтып қоямын…

Дауыл Қаділбекұлы
Әрі қарай

Тірі болғаныма қуанып келемін

Блог - Dawil-Altay: Тірі болғаныма қуанып келемін

Көзімнен аққан жас тамшылары жағамды жуып барады. Жылап, жүгіріп келемін. Жұмыр жерді басып жүрген адам біткеннің бәріне өкпелімін: ішінде өзім де бармын. Сол тебініммен жан ұшыртқан бойы қаланың қақ ортасын жарып ағып жатқан асау өзенге келдім. Өлгім келген ниетпен көзімді жұмған күйде суға секіріп кеттім. Құм араласқан су құлақ, мұрныма кіріп, тынысымды тарылтқан сайын рахаттанып барамын. Қош бол, мынау жалған дүние! Біз бұл тірлікке алданып келгенбіз және сол баяғы алданып қайтамыз.
Дүлейдей толқында жел ұшырған қаңбақша домалап бара жатқан менің төбеме қатты бір нәрсе ұрылғандай болды. Онсыз да арғы дүниеге асығып бара жатқан маған бұл соққы майдай жағып, разы болып ағып барамын. Өзіме де сол керек еді. Көзім қарауытып, ештеңені көрмедім. Қалғып барамын. Артымда қалған опасыз дүниеден құтылғаныма іштей қуанып жатырмын
Қанша уақыт өткенін, қайда келгенімді білмеймін: көзімді сығырайта ашқанда бетіме жарық нұр түсіп тұрғанын ұқтым. Ерінім кеберсіп тұрғандай сезілді. Кенет «Тынысы тоқтамапты. Кеудесінде жаны барға ұқсайды» деген баршын дауыс естілді. Бар қайратымды бойыма жинап, өзенге қайта секіру туралы ой келді. Аяғымды айтпай-ақ қояйын, саусағымның өзін әрең қозғалттым да, талықсып кеттім. Есімді жиғанда «Сорлы бала, басына не күн туды екен деші… Бағы бар екен! Таңертеңгі серуенге ерте шығыппын» деген бағанағы таныс дауыс естілді. Көп ұзамай «Осы жастарға не болған? Басына қиындық түссе болғаны, өздерін өлімге қияды» деген өзге адамның дауысы шықты.
Мені сөз етіп жатқан екі адамды «Өлер жолымды тосқанмен қоймай, мені жазғыруларын қарашы оңбағандардың!» деп ішімнен тілдеп қоямын. Амал не, аузым икемге келмей жатыр… Бәрін қойшы дедім де, өткенімді ой елегінен өткізе бастадым.

***

Қазақтың қарапайым сөзімен айтқанда, ес біліп, ат жалын тартып білгенше рахатта өсіппін. Әкем ауқатты адам болған соң бір үйдің жалғызы болсам да маңымдағы ауылдың қара домалақтары сияқты жастайымнан қабырғам қайысып еңбек етіп көрмедім. Сыныптастарымның мені сыртымнан «ақ саусақ», «байбатша», «жатып ішер» секілді лақап аттарымды боратып жүргендерін естіп қалсам, сәті түскенде ұстап алып, сазайларын тарттыратынмын. Денемнің зорлығынан ба, әлде әкемнің ақшасының молдығынан ба, әйтеуір олар бетіме айтуға батпайтын, ал сабақ үлгерімім алға шықпаса да, көштің артында қарайып қалып көрмеппін. Сосын әкемнің ауқатының арқасында орта мектепті де, жоғары оқу орнын да табысты бітіріп, үйдегілердің арманын орындадым-ау әйтеуір, себебі оған дейін менде арман болып көрмеген. Бар арманым — үйдегілердің тілегін орындау еді. Жоғары оқу орнындағы кезімнен бастап топтастарыммен бірге басқосуларға барып, басқалармен танысып, араласа бастадым. Көк түтін мен ақыл аздырар ащы суға да сол кезден бастап үйір бола бастадым. Оның үстіне еш мақсатсыз жүрген мен сияқты далбайға бұл да бір табылмайтын ермек болды. Бұл әдетім қазіргі салық қызметкері болып жүргенге дейін жалғасып келді.
Қалай екенін білмеймін, әйтеуір басқан қадамдарымның барлығы сәтті болып, қызметке де оп-оңай орналастым. Өзім армандаған қызға үйлендім. Шынымды айтсам: ол менің ең алғашқы арманым еді. Кезінде жоғары оқу орнында оқып жүргендегі топтас жігіттердің «өлдім-талдым», «сүйдім-күйдім» деп қыздар үшін жылап, сырларымен бөліскенде оларды түсінетіндей кейіп танытқаныммен, ішімнен «Аз күндік алданышқа жүрегін ауыртып жылаған ақылсыз жігіт-ай» деп күлетінмін. Мүмкін менің көзқарасым тұрғысынан олардың бәрі ақымақ болған шығар…
„Күлген күле жетер, екі етегін түре жетер„ демекші, мен де бір қызға (қазіргі әйеліме) өліп-тіріліп ғашық болдым. Менің шынайы сезімімді сезінген болар, ол да мені ұнатып, көп ұзамай тойымыз да болды. Жыл артынан жыл өтіп жатты. Екі ұлдың әкесі болып үлгердім. Әкем мен шешем өмірден озды. Осылайша өмір заңы бойынша күндерім бір қалыпты өтіп жатты.
Осыдан екі жыл бұрын біздің көршіміз сыйлықты лоторея билетінен миллион юань ұтып алып, бір күннің ішінде миллионер болып шыға келді. Тосыннан байып шыға келген көршіме қызыға да, қызғана да қарап жүретін болдым. Миллион дегеніңіз мына мен сияқты қарапайым салық қызметкері өмір бойы тырбаңдаса да жинай алмайтын ақша ғой. Сонымен қойшы әйтеуір, мен де мекеменің қасындағы сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенді төңіректей бастадым. Ең алғашында 10-20 юань мөлшерінде бағымды сынап жүрдім. Кейде ұтамын, кейде ұтыламын дегендей. Бір күні билет сататын дүкеннің ішіндегі екі бейтаныс адамның үйін сатып, сыйлықты лоторея билетін алу арқылы байыған тәуекелшіл жан туралы әңгімесін құлағым шалып қалды. Сосын бір алғанда бірнеше мың юаньның билетін бірақ алуға шешім қабылдадым. Бар тапқан айлығым бір апталық лоторея билетін сатып алғанға жетпейтін болды, сондықтан үйдегі қорға қол салатын, достарым мен туыстарымнан қарыз алатын болдым. Барлығы құрдымсыз құдыққа түсіп жатты. Ең ақыры жоғары өсімді қарыз алып ойнауға дейін бардым, бірақ үмітім ақталмады. Ақыры үйімді де сатып жібердім. «Құмарпазға қашанғы еремін?» деген болуы керек, әйелім де менен ажырасып кетті. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, күнде сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенге барып, көк экранға қарап телміріп отырамын. Менен қарызын алғылары келгендер ұялы телефоныма маза бермейтін болды. Оларға «Бір аптада қайтарамын» деген жаттанды өтірігімді айтамын.
Менің „бір аптам„ бірнеше аптаға жалғасқан соң мені сотқа сүйреп апарғылары келетін адамдар шықты. Ақыры жұмысымнан да айырылдым. Сөйтіп жүріп қарыз берген адамдардын аузы-мұрным қанағанша таяқ жедім. 100 мың юаньнан басталған қарызым 500 мың юаньға дейін жетіп, бір басымдағы жалпы қарыздың өзі миллионнан асып жығылыпты. Оңаша отырсам уайымға батамын, ал сыйлықты лоторея сататын дүкенге кірсем – қайғы-мұңнан арылып сала беремін. Дүкенге күлімсірей кіріп, күңірене шығамын. Осыдан бір күн бұрын таныстардан қарызға алған 400 юаньнің бәрін лоторея билетіне салдым. Айналамда маған қазыр беретін адам қалмады. Танауым жер иіскеп, жалға алған жер асты жатақханама қарай тарттым.
Қарным аш. Бар ақшаны қағазға айырбастаған мен ақымақ екенмін. Мен сол түні көп ойландым. Таң ата келе „Бұлай адам болып жүргенше, өлгенім артық„ деген тоқтамға келдім. Бөлмемде жазу жазатын қағаз да қалмапты. Ақыры қалтамдағы лоторея билетін алып, қолымдағы қарындашпен әйеліме „Екі ұлыма жақсы қара. Мен кеттім мәңгілікке… күйеуің — Досжан„ деп соңғы сөзімді жаздым.
Одан кейінгі әрекетімді жоғарыда жаздым. Осы уақытқа дейін не болғанын ой елегінен өткізіп жатқан кезде мені аман алып қалған екі қарияның бірі радионы қосты. Радиодан «Бүгін сыйлықты лоторея билетіне шыққан нөмірлер: 2, 8, 10» деп хабарлады.
Бұл мен бағана соңғы сөзімді жазған билеттегі сандар ғой! Ақшаны ойлағанда бойыма қайрат бітті ме, әлде жақсылап тынығып алдым ба екен, орнымнан атып тұрдым да жатақханаға қарай тарттым. Келсем, билетім орнында тұр екен. «Уф» деп демімді ішке тарттым да, қолым қалтырай сыйлықты лоторея билетін сататын дүкенге жүгірдім. Жүрегімдегі өлімге деген құлшыныс өшіп, тірі қалғаныма қуанып келемін.
Дүкендегі сатушыға билетті көрсетіп, оның жол сілтеуімен банкке тарттым. Ұтып алған қаражатымды қолыма алып, қарызымнан құтылдым.
Екі аптадан кейін… үйімді қайтадан сатып алып, әйелім де қайтып оралды. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой. Содан бастап лоторея билетіне жоламайтын болдым. «Татқаны — бір, тағдыры — бөлек» жандар-ай! Ең соңғы билеттен сыйлық шықпаса, көмусіз қаларым даусыз еді… Дауысымды шығара «Тәубе!» дедім.
Әрі қарай