Жарияланымдар

Астананы биік аттракционнан тамашалаймыз

Астанаға келген таныстарыңызды Бәйтерекке апарудан шаршадыңыз ба? Енді қаланың көрнекі жерлері жаңа бір нысанмен толығатын болды. Елорданың әдемі көріністерін ұшқан құс биіктігінен тамашалауға мүмкіндік беретін аттракцион Астана күніне орай ашылады. Ол Қазақстандағы ең биік аттракцион болады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
Астана жаңалықтары: Астананы биік аттракционнан тамашалаймыз

Нысанның биіктігі 65 метр, бұл 22 қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Салыстырмалы түрде алсақ, алматылық аттракционның биіктігі 60 метр. ТМД елдерінің ішінде ең биік айналмалы дөңгелек Мәскеуде орналасқан. Оның биіктігі 73 метр.

Жаңа «дөңгелектің» ауа баптағышпен әрі жылыту қондырғысы орнатылған 36 кабинасы бар. Бұл аттракционды жылдың кез келген мезгілінде қолдануға мүмкіндік береді деп жазылыпты Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында astana.gov.kz.

Нысанның құрылысы кезінде елорданың климаттық жағдайы ескерілді.

-Айналмалы аттракцион жел тармақтары тәртібі бойынша арнайы төрт бағанмен орнатылды. Аттракционда қыста – 15 градустан аспайтын аязда және секундына 20 метр жылдамдықтан аспайтын жел кезінде де серуендеуге болады, — деді нысанның құрылысымен айналысатын мердігер компания өкілі медиа орталықтың тілшісіне.

Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Әрі қарай

Жекешелендіруге қалай қатысуға болады

2017-2018 жылдары Астанадағы коммуналдық меншіктегі 20 заңды тұлға жекешелендіріледі.

Жекешелендіру нарықтағы бәсекелестікті ынталандыруға бағытталған. Коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар жеке компаниялардың қызметін дамыту үшін жеке секторларға өтеді.

Астана жаңалықтары: Жекешелендіруге қалай қатысуға болады

Саудаға кәсіпорындармен қатар, жеке тұлғалар да қатыса алады. Аукион, тендер немесе жабық тендерлерге қатысу үшін:

1-қадам:

Тізілімнің www.gosreestr.kzвеб-порталына тіркелу қажет:

1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі (әрі қарай ЖСН), тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірі (әрі қарай БСН), толық атауы, бірінші жетекшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейлі банктегі есеп-айырысу шотының реквизиттері;

4) байланыс деректері (пошталық мекен-жайы, телефоны, факс, e-mail).

Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген жағдайда қатысушы бір жұмыс күні ішінде Тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.

2-қадам:

Қатысушының ЭЦҚ-мен қолы қойылған сауда-саттықа қатысу туралы өтінімін тіркеу.

Тендерге және жабық тендерге қатысушылар электрондық (сканерленген) көшірмелерін берумен қатар сауда-саттық шарттарымен келісетіндігі жайлы өтінімді тіркейді:

1) тендерге қатысушымен қол қойылған, тізілімнің веб-бетінде арнайы бөлінген электрондық конвертке жүктелетін бағалық ұсынысты;

2) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптардың сәйкестігі.

3-қадам:

Сауда-саттыққа қатысу.

Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай 2017-2018 жылдары коммуналдық меншіктегі 20 заңды тұлға бәсекелестік ортаға тапсырылуы тиіс. 2017 жылы 12 заңды тұлғаны жекешелендіру жоспарланған.

Шілденің аяғына дейін 9 кәсіпорынды саудаға шығару жоспарлануда. Жекешелендіру мәселелері бойынша комиссия жекешелендірудің түрі мен әдісін анықтайды. Нысандардың бағалау құны бағалаудан кейін белгілі болады.

Жекешелендірілетін нысандардың тізімін мына жерден көруге болады: upgs.gosreestr.kz/p/ru/UpgsSearch/second-wave-search

4-қадам:

Сауда-саттық қорытындысын білу.

Аукцион қорытындысы туралы хаттама — аукцион қорытындысын тіркейтін әрі жеңімпаз бен сатушының жарияланған баға бойынша жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартына қол қою міндеттерін белгілейтін құжат болып табылады.

5-қадам:

Келісім шартқа қол қою.

Аукцион өткізілген күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде жеңімпаздармен құжаттардың түпұнсқалары бар болған жағдайда сатып алу-сату келісім шартына қол қойылады.

Сонымен бірге аукцион, тендер немесе жабық тендер жеңімпазы сатушыға сатып алу-сату шартына қол қойған кезде келесі құжаттардың көшірмесін салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен бірге немесе нотариалды куәландырылған көшірмелерін ұсынады:

1) жеке тұлғалар үшін: паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;

2) заңды тұлғалар үшін: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік немесе анықтама.

Құжаттардың түпнұсқалары салыстырып тексеруден соң бір сағат ішінде иесіне қайтарылады.

Шетелдік заңды тұлғалар қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариалды куәландырылған аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариалды расталған көшірмелерін ұсынады.

Сонымен қатар, жеңімпаз сатушыға сатып алу-сату шартына қол қойған кезде өтінімге тіркелген құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариалды куәландырылған көшірмелерін ұсынуы тиіс.

Барлық ақпараттарды www.gosreestr.kz веб-порталынан, сондай-ақ, 55-68-01, 55-74-66 телефондары бойынша білуге болады.
Материал Астана қаласының ресми сайтынан astana.gov.kz алынды
Әрі қарай

Махаббат деген...

Әркім әрқалай қабылдайтын дүние ғой негізі. Бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, анықтауышпен тәпіштеп жазатын дүние емес. Кейбір адам өмірінің соңғы деміне дейін сезініп, кейбір бейбақ оның не екенін білмей өтеді екен…
Жақында демалуға теңіз жағасына бардық. Бір шағын аралда тұрақтап, үй жалдадық. Тұрақтағанда заттарымыз үйде, өзіміз таң атпай шағын моторлы қайыққа отырып алып аралдарды кеземіз. Кейде буырқанған толқындарға тап болып, кеменің ішінде отырып-ақ тұзды суға шомылып аламыз. Сапарға шыққан оншақты туристің ішінде алпыстан асқан шал мен кемпір бар (нақты жасын білмедім, еуропалықтар бізден жас көрінеді негізі). Жағажайы аппақ ұндай майда, суы Крис Хемсворттың көзіндей көгілдір әрі мөлдір аралда сәл аялдаймыз. Шомылып күнге қыздырынамыз. Ал әлгі жұп сөмкелерінен ас-суын алып, жағадан саялы жер тауып, бір-біріне сүйеніп отырады. Бір сағаттан соң жартасты аралға барып, тау-тасқа өрмелейміз. Әлгі жұп қайықта бір-бірімен шүйіркелесіп, мәз болып отырғаны. Ендігі қызық — сноркелинг. Маска мен түтігімізді тағып алып, су астын қызықтаймыз. Әлгі екеуі тағы қайықта. Апаның қызыл шляпасын киіп алып, суды тізесіне дейін кешіп жүргенін бір-ақ рет көрдім. Оның өзінде қайықтан алыс кетпей, шалына қолын бұлғады да жүрді. Әбден шаршап, үстіміз малмандай су болып, тоңып-дірдектеп, күнді теңізде батырып, қас қарая үйге оралдық. Апамыз бен атамыз бұл турдың мұндай екенін білмей қалған-ау деп ойладым. Біраз күн өткен соң таң ата ертелетіп жағажайға бардым. Бұл кезде су тап-таза, күн әлі шыға қоймаған. Жағада да ешкім жоқ. Тек аралдарға қыдыруға шыққан туристер ғана жиналуда. Қайыққа бара жатқан адамдардың арасынан сол баяғы қызыл шляпалы апа мен жолдорбасын арқасына асып алып, ілбіп басып кетіп бара жатқан атаны бірден таныдым. Тағы да асау толқынмен алысқан шағын моторлы қайыққа мініп кетіп барады…
Мен осы уақытқа дейін түрлі жұптарды көрдім. Бикеші сылқым сұлу, жігіті қалталы, сымбатты жұпты, келіншегі ерке мінезді, күйеуі сабырлы жұпты, бір-біріне құштарлығы асып-тасқан жұптарды да. Бірақ қызыққаным сол егде жұп екен…
Сонымен махаббат деген не? Иә, оның нақты анықтамасы жоқ. Тек белгілері бар. Бір-бірін сүйетін жұптар ешқашан ұрыспайды, бір-біріне өмір бойы құштар болады деген бос әңгіме, меніңше. Кейде басқаға көрсетпейті сасық мінезіңді тек оған паш етесің. Кейде құштарлық туыстық сезімге ұласып кете барады. Бірақ,…
Өміріңнің соңғы минуттарын сүріп жатсың десе, жаныңда оның болғанын қалар едің.
Таңертең терезеңнен теңіз сығалап жатқан бес жұлдызды отельде немесе жалға алған пәтердің ауасы жоқ, қапырық тар бөлмесінде ме маңызды емес, тек оның құшағында оянуды қалар едің.
Жұмыс жасайтын жалғыз ноутбугыңның жанып кеткен батареясынан аяған 200 долларға сатып алған Dior Addict-іңнің иісінен де артық көрер едің оның «бал қосылған сүт» иісін.
Өз мансап, бедел-абыройың, табыс пен жетістігіңді ойланбастан айырбастар едің ғой оның қас-қағым сәтті шағы үшін.
Сервантес, Гюго, Данте, Камю томдарын құрбан етерсің оның шай үстіндегі әншейін әңгімесіне бола.
Оған, әлбетте, алып ұшып бармайсың асығып, бірақ бара жатып, бар дұға тілегіңді арқалап алтарьге бара жатқандай сезімде боларсың.
Оның дүниедегі ең сұлу емес екеніне шүбә келтірерсің, бірақ рухани сұлулығына тең келмейтініне күмәнің жоқ қой.
Шіркін, ғашық болған, сүйген, махаббатты сезінген ғажап бақыт қой. Егер ол екеуге ортақ болса…
Әрі қарай

Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexism

Өй, қатын! деп айтса сізге, намысыңызға тиеді ғой, ә? Ал мені жақындарым мақтағанда "Еркексің!" дейді…
Блог - Basic: Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexismСурет Архун Архунустікі
Хатыма кіріспес бұрын, сұрақтарыма жауап беріңізші:
— Әйел саясаткерді, бастықты, бизнесменді жалпы табысты әйел затын көргенде бұл жетістікке таза өз күшімен жеткеніне сенімдісіз бе? (еркектерді ше)
— Сіз өзіңізден 7 жас үлкен, ажырасқан, екі баласы бар әйелді алар ма едіңіз? (бұл ұсыныс емес, әлбетте :D)
Бүкпесіз жауап бергеніңізге алғыс, енді мені шынымен мазалайтын сұрақтарға көшейін.
— Неліктен қазақ қоғамына Францияның болашақ президенті Эммануэль Макронның экономикалық даму, тең мүмкіндіктер беретін «Макрон заңы», оңшылға да, солшылға да жатпайтын «En marche» («Алға») саяси қозғалысы, бестселлерге айналған «Революция» кітабы қызық емес, ал оның 24 жас үлкен әйелі қызық? Құдды Франция президентінің жұбайлық міндетін ендігәрі өздері атқаратындай.
— Неліктен Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 500 жуық әйел қайтыс болады (БҰҰ деректері)? Ал 2016 жылы тұрмыстық зорлыққа шыдамай 316 әйел өзіне қол салған (ҚР Бас прокуратурасының деректері).
— Неліктен отбасының ажырасуының басты себепкері әйел бола береді? Баянның ажырасуына содыр күйеуі емес, Баян кінәлі, Айқын бала-шағасын тастап кетсе, Баянның шәкірті Жұлдыз кінәлі. Әлгі еңку-еңку жер шалған ер образы қайда? Ноқталанған бұзаудай еріп кете бере ме? Тіпті әйел байғұс зорланса да, «бар бәле өзінен», «ашық-шашық киінбесе, зорланбас еді», «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» мақалына тіреп қояды. Түптеп келгенде күйеуінен таяқ жеген әйел "қоқысын" сыртқа шығарса, «бөрік ішіндегі сынған басты, жең ішіндегі сынған қолды» еске аламыз. Ал әйелінің намысы үшін таяқ жеген «сүмелекті» ел болып аяп, жылу жинауға дайынбыз.
— Неліктен күйеуі кетіп қалып, баласын асырап отырған жалғызбасты ана біздің қоғам үшін қалыпты жағдай да, әйелі кетіп қалып өз балаларын бағып отырған әке — қаһарман? Тастанды сәбилер ше? Баласын тастаған көкек аналар жазаланып, халықтық қарғысқа ұшырағанда әкелерінің тасада қалуы дұрыс па? Оң жақта отырып бала тапқан қыз сүйекке таңба да, тірі баласын қаңғытып жіберу абырой ғой ә?
— Неліктен қыздар қазіргі сән үлгісімен киінсе, "ұятсыз, батысқа еліктеген сұмырай" болып шыға келеді? Аталарымыздың мәйкішең, (шорты) дамбал киген суретін мен де көрмеппін.
— Ау, google-дың өзі неліктен қазақ қыздарын аңди береді? Қазақ қыздары деп тере берсеңіз қайда кетіп барасың тіркесі сумаң ете қалады. Қазақ жігіттері десеңіз, өлең мен эссе ғана шығады. Бетпақтық танытып теріп көріңізші "қазақ жігіттері қайда барасың деп)))
Блог - Basic: Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexism
Бұл хатымды орташа есепті қазақ жігіті түсінбес. Сексист қоғамнан жырылып қайда барар дейсіз. Ал сіз, үш қыздың әкесі ретінде не дейсіз?
Құрметпен Femina.B
Әрі қарай

Д.А.-ға (2-хат)

Тимати Ноаның «1876-2007» атты мақаласын оқыған едім. Телефон шалу дәуірінің соңы туралы. 2007 жылы америкалықтардың орташа айлық қоңырау шалуы 2013 рет болғанда, мәтін хабарламасын жіберу 2018 реттен асқанда телефон шалу дәуірі аяқталды дейді. Мен үшін бұл дәуір кейінірек аяқталды…
Есіңізде ме, телефоныңызда полифиония әуені болса дауысын айқайлатып қоюшы едік қой. Біреулер диктофонға жазып алып әуенге қоятын. Мобильді интернет дамығанда рингтондар да түрленді. Кейін телефонға қайта стандартты рингтон қою сәнге айналды. Мүмкін сән емес, адамдар жалыққан шығар. Сіз үнемі ренжисіз, телефон шалсам көтермейсіз деп.
Тұтқаны алмасаң өршелене қоңырау шалатындарды жек көрем. Менің мүлгіген тыныштық аймағыма баса-көктеп кіріп келе жатқан адамға ұқсатам. Есіңізде ме, айтып едім ғой сізге осы Тимати Ноаның телефон шалуға болатын «жалаңаш адам» принципі туралы. Яғни тек жалаңаш көрген (эротикалық мағынада емес) немесе көруің мүмкін адамдарға ғана ескертпей қоңырау шалуға болады. Егер ондай санатқа жатпаса, алдымен хабарлама жіберіп, қоңырау шалуға рұқсат сұраған жөн.
Шынын айтқанда соғылған қоңырау дауысын естігім келмейді. Мен қоңырауын асыға күтетін адам мүлдем жоқ бұл өмірде. Бейтаныс нөмірлерді көрсем тіпті қоңырау қабыл алмауым мүмкін. Түн ішінде жақындарым телефон шалса, зәре құтым кетеді суыт хабар ма деп. Суыт хабар тек түнде емес, тапа тал түсте келуі мүмкін екенін білсем де…
Кейде телефонымды авиа режимге қойып қоямын. Соңғы уақытта жиі. Бірақ үнемі онлайнмын. Тәулігіне 24 сағат. Маған жаза қойсаңыз, жауап бере қоямын)) Бұл әрине араласқым келетін немесе араласуға мәжбүр адамдарға қатысты))) Білесіз бе, қымбатты Д.А., соңғы уақытта бар ғой онлайн коммуникацияда да «тағылық» таныта бастадым. Әлеуметтік желідегі әңгімені жекеме сүйретіп әкелгенде, ортақ чатта отырған адам себепсіз жекеме шыққанда «біртүрлі» болып қаламын. Тіпті тіксініп қалам десем болар.
Жоқ, қоғамнан қашады, депрессияда деп ойлай көрмеңіз. Адамдармен сөйлесуге әрқашан әзірмін. Тек реал өмірде. Өтінемін, тек қоңырау шала көрмеңіз…
Ізетпен Б.
Әрі қарай

Жаяу жүру зияны

Кейде болады ғой баратын жеріңе көлікпен емес жаяу барғың келетін. Осы жаяу-ақ баруға болады ғой. Бір уақыт ақша үнемдейін дейсің. Сөйтіп тазалау тротуар позитивімен кетесің. Асықпаай. Қарсы ұшырасқан елдің бəріне күлімсірегің келіп. Əнебір құттай киосктің самсасын жегің келіп. Қалтаңдағы қатқан пішінайды көгершіндерге үгітіп бергің кеп. Сол кезде бұтына жасыл колготки киіп алған семіз қыз да сондай фэшн боп көрінеді. Мына маңдайын əжім торлаған апай да сондай ажарлы, құдды фильмнің кейіпкері дерсің…
Осылай мамыражай көңіл күйде келе жатқанда міндетті түрде бірдеңе шығып қалады ə? Қой такси ұстап үйге зытайын, мына долы қатын бүкіл кайфымды бұзды.
P.S. Айтпақшы көшеде көпшілік көзінше баланы ұрмаңызшы.
Әрі қарай

Доктор Розенхан əзілі немесе психиатрияның ақыры

Стэнфорд университетінің психология жəне құқық профессоры Дэвид Розенхан бір қызық эксперимент жүргізеді. Ол ақыл есі дұрыс үш психолог, психиатр, педиатр, суретші, үй шаруасындағы əйел жəне аспирантты іріктеп алады.

Бұл сегіздік психиатрия клиникаларына барып белгісіз шуды, дүрсілді еститінін айтып өздерінің психикалық жағдайына шағымданады (шындығында олардың барлығы сау). Дəрігерлер оларлы науқас деп тауып клиникаға жатқызады.
Жындыханаға түскен соң барлығы да өздерін тəуір сезінгенін, шуды, бөгде дыбыстарды естімейтінін айтады. Олардың барлығы 52 күн емдеуде жатады. Ал клинкадан шыққанда жетеуіне «шизофрения» диагнозы қойылады, ал біреуіне «маниакальды-депрессивті психоз» жазылады.
Клиникадан шыққан соң дəрігерлер олардың жағдайы жақсарғанын байқайды. Алайда бір де бір дəрігер олардың ақыл есі сап-сау адам екенін байқамайды.
Эксперимент нəтижесі жарияланғанда барлық клиникалар оның нəтижесіне күмəн келтіріп, мұндай өрескел қателіктің орын алуы мүмкін емес деп шулайды. Профессор экспериментті қайталап тағы да жалған пациенттерді жіберетінін айтады.
Осыдан соң клиникалар келесі 193 пациентті мұқият тексеріп, 41-іне «псевдонауқас» диагнозын қояды.
Ал профессор сөзінде тұрмаған еді. Ол клиникаларға ешбір адамды жібермеген болатын…
Әрі қарай

Д.А.-ға

Сəлем қымбаттым. Сізді де желі жалықтырып, «достарыңыз» түңілдіре бастады ма? Иə, лайктың қадірі қашып, лентаңыздан қызық кетіп, комменттің де мағынасы қалмаған сияқты. Бастапқыда көзге шалынған ақымақтарды анфоллоу жасап жол таптым. Өзімше ақыл айтып сақтандырмақ та болдым. Бірақ «желіалаңдық вирусы» біраз аккаунтты шалыпты. Бұл вирус лайкпен, шейрмен тарайды екен. Тіпті вирусты бір емес бірнеше рет жұқтыруға болады. Жұққан сайын науқастың жағдайы нашарлап ем-домға келмейді деседі. Реал өмірді ұмытып есі тек желіге алаңдаулы. Өмірінің бар мұраты, функциясы тек желіге өтеді. Тек желі аясында жүзеге асады. Қазақы дəстүрлер, діни ритуалдар, мемлекеттік бағдарламалар, достық ишаралар, жұбайлық міндеттер де желіде жүзеге асырыла беретін болыпты. Өкініштісі біраз жақындарым да эпидемия құрбаны болған сияқты. Əлде тек симптомдары ма. Білмеймін қай кезде қалжың, қай кезде шын екенін. Смайлдар фактчекингі тренингіне бару керек еді… Кейде эпидемияның ошағынан сілтемелермен бөлісіп отырады. Содан соң лайк басуға қорқасың. Баспасаң бəлелер аңдып отырады. Оффлайнда да өмір бар дегендей. Кейде бар ғой, сізден де сезіктеніп қалам
Жартаста жалғыз отыру қызықсыз, бейадекваттармен қауіпті. Қайтпек керек?
Құрметпен Б.
Әрі қарай

Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық

Блог - Basic: Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық

Мен билегенді ұнатам. Кəдімгідей еш нəрсені ойламай, терлеп-тершіп. Тек музыка, ырғақ жəне сен. Керемет қой. Бірақ, соңғы уақытта билеуге қысылатын болдым. Ертең құтырған қазақ қыздары масқара болды деген видеоконтентке арқау болармын. Бақайларымды ғана жыбырлатып отырамын енді)))
Арасында бірдеңе жазып, сүйкеп тұрушы едім. Қазір… құрсын, жұрт менің не айтпағымды емес, қатемді іздеп отырады.
Меніңше, интернеттің, жаңа медианың,əлеуметтік желілердің дамуы бізді тым идеал етіп жіберді. Біз қателік жасаудан қорқамыз, өз пікірімізді ашық айтудан қорқамыз (тобыр демей-ақ қояйын, ағысқа қарсы келсең біттің), жалпы саналы ойлаудан қалып барамыз.
Nicolaus Mills айтқан «culture of humiliation» (масқаралау мəдениеті) біздің өмірімізге дендеп енді.
Шетелдік ғалымдар бұл мəдениет салдарының нəтижесі ретінде Тайлер Клементиді көп айтады. Қарапайым колледж студенті. 2010 жылы досымен интимді видеосы тарап, жұрттың масқарасына төзе алмай Вашингтон көпірінен құлап суицид жасаған. Ол кезде ол 18 жаста еді.
Һм, синий кит қорқынышты ма, желіде өлімтік іздеп отырған тобыр қорқынышты ма )))
Жақында желіге құқық қорғау органдары мен журналистердің əдемі ұсынуы нəтижесінде астаналық қыздың топлесс суреттерін, тіпті жеке құжаттарының деректерін біліп қалдық. Оған қарғыс жаудырмаған тобыр өкілі жоқ шығар. Оның қателік жасауға құқы жоқ. Ал біздің оны табалауға, қорлауға, масқаралауға құқымыз бар. Бірақ сол құқықты кім бергенін түсінбедім.
В контакте желісінде күнде болмаса да күнара жеке жазбадағы интим суреттер, скриндер "ұят трафигіне" айналып жатады. Тіпті бірнеше секунд аралығында ғана жарияланатын контентке арналған snapchatтың өзінен «масқаралар» лектеп ағылуда. Ал біз оны ашқарақтанып жұтып, құсып ары қарай таратудамыз.
Сіз бен біз олардың орнында болуымыз мүмкін бе? Ертең дəл сізді не мені жұрт масқаралап, рейтинг жинауы мүмкін емес екеніне сенімдісіз бе? Мен — жоқ. Мен де пендемін. Кейде жақын адамыма intimate суреттер жіберуім мүмкін ғой.
Сонда осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройың адырам қалады. Білесіз бе, адамгершілікті контенттен гөрі осындай «сұмдық» контенттің таралу жылдамдығы да, географиясы да əлдеқайда ауқымдырақ. Сенбесеңіз дəл қазір бөлісіп көріңізші, бір дертке шалдыққан адамға көмек қажет деген сілтемені жəне əлгі жаға ұстатар топтағы кез келген масқараны. Бірінші контент бір күн салбырап екінші күні лента архивінде ғайып болады. Ал масқара,… ооо, масқараңызға бəленбай лайк басылып, шейр жасалып, дəл қазір оңтүстік мейлі солтүстік) жақта жұртты «о тобалатып» жатыр.
Түсінесіз бе, масқаралау мəдениеті бізді адамгершілік, аяушылық, жанашырлық дефицитіне апара жатыр. Басылған əр лайк, жасалған əр шейр сайын…
Француз психологы, əлеуметтанушысы Серж Московичидің «шағын топтың əсер ету теориясы» бойынша бірнеше адамның үйлескен əрекеті қалың тобырға қарсы тұра алуы мүмкін екен. Жұрт жабыла көміп, тас атқылаған бейбаққа жай жылы сөз жазыңызшы. Мүмкін дəл сіздің сөзіңіз оны суицидтен алып қалып, өмірдің бəрі «масқара» сəттерден құралмайтынын, адамзаттың бəрі тобырдан құралмайтынына сендірер.

Блог - Basic: Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық
Әрі қарай

Димаш Құдайберген "I am a Singer" жобасына қалай қатысты?

Блог - Basic: Димаш Құдайберген I am a Singer жобасына қалай қатысты?

Қазақтың бір ұлы шетелде абыройлы болса, бөркімізді аспанға атып "әлем бізді тағы да таныды" деп шаттанамыз. Қуанышты әрине. Меніңше, елімізде «көзі ашылмай жұрген» таланттар баршылық, тек білікті, сауатты продюсерлер азшылық. Димаш Құдайберген Қытайдың «I Am a Singer» телешоуына қатысқанда оның өнерін ұнатқан-ұнатпаған жандардың барлығы бірден жанкүйеріне айналып кетті. Осы жұлдызды сәтке жетуіне еңбек сіңірген жандардың бірі де бірегейі Ертай Нүсіпжанов жобаға жолдаманың қалай алғаны, жобаның ерекшелігі туралы айтып берді.

— Қытайда білім алғаныңызды, соңғы кездері өнер саласында түрлі жобалар жасап жүргеніңізді білеміз. Бір кездері facebook-тегі жеке парақшаңызда «шетелдік музыкалық жобаға қатысуға қазақтың қай әншісін лайық деп ойлайсыз?» деп көпшілік арасында сауалнама да жасаған едіңіз. Одан кейін де біршама жазбаларыңыздан үлкен бір жаңалықтың болатынын көпшілік сезіп жүрді. Бұл Қытайда өтіп жатқан «I Am a Singer» жобасы туралы ой қайдан, қалай пайда болған еді?
— Қытайда білім алып жүрген жылдары Қытайдың көптеген ірі компанияларында, журналистика саласындағы ССТV сияқты медиа орталықтары мен агенттіктерде тәжірибе жинадым. Сол жылдары-ақ қазақты танытудың түрлі тетіктерін қарастырып жүретінмін. Оқуымды аяқтап, «Қазақстан» ҰТА-да қызмет істеп жүрген кезім болатын. Ол 2014 жылдың қысы еді. «I Am a Singer» жобасының 2-маусымы жүріп жатқан кез. Телефонымдағы арнайы бағдарлама арқылы осы жобаны үзбей көріп жүрдім. Шебер ұйымдастырылған екен. Шарттарты да өте қызықты, соңына дейін үзбей көрдім. «Осында қазақтың бір әншісі шықса ғой» деген арман кеудемде «бұрқ» ете қалды. Ол туралы көптеген достарыма айтып жүрдім. Көп ұзатпай интернеттен ұйымдастырушыларын тауып, телеарнаға да, жекелеген адамдарға да ой-өтінішімді айтып хат жаздым. Бірақ Қытайдағы миллиард халықты айтпағанда, мен сияқты әлемнің әр бұрышынан қаншама өтініштер келеді? Жауап болар деген үмітпен ұзақ күттім, бірақ хабар келмеді. Мейлі ол қандай нәтиже бермесін, бастаған әрбір ісімді соңына дейін жеткізу менде бұрыннан қалыптасқан әдет. Бірінші талпынысым нәтижесіз болғанымен, әрі қарай жол іздеуімді тоқтатқан жоқпын. Сәл кейіндеу Қазақстандағы Қытай елшілігіндегі қытайлық қызметкерлермен де кездесіп, бұл идеяның екі ел халықтарының мәдениетін танытуда өте үлкен рөл атқаратынын жеткіздім. Олар ойымды қолдағанымен, жобаның коммерциялық сипаты болған соң, жекелеген компаниялардың ісіне араласа алмайтындықтарын айтты.
Блог - Basic: Димаш Құдайберген I am a Singer жобасына қалай қатысты?
Мен жыл сайын Қытайда «Шанхай кинофестивалі» аясында өтетін «Фильм тілі, аударма, дубляж» тақырыбындағы халықаралық симпозиумның тұрақты мүшесімін. Оны ҚХР Мәдениет министрлігі ұйымдастырады. Оған әлемнің 60-қа жуық мемлекеттерінен кино өнеркәсібі саласынан әртүрлі мамандар қатысады. 2015 жылғы Шанхай қаласында өткен қорытынды отырысқа Қытайдың ақпарат және мәдениет вице-министрі Дин Вэй мырзаның өзі қатысты. Сонда мен төрт адамның бірі болып баяндама жасадым. Артынан ол кісінің өзі арнайы келіп, «жасаған баяндамаңыз сәтті болды деп» қолымды алып, құттықтады. Жекелеген кездесулер кезінде ҚХР Ақпарат министрлігі, халықаралық департаменттің бастығы Ма Ли ханыммен жолығып, қазақ-қытай мәдениетін дамытатын жобалар туралы, оның ішінде «I Am a Singer»- тележобасына қазақ әншісін қатыстыру арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізе алатындығымызды айтып, өтініш білдірдім. Сол мезетте-ақ ол кісі мені өзінің орынбасары Жаң Миң деген кісіге табыстады. Кейін мен Қазақстанға келгеннен соң ол кісімен тұрақты байланыста болдым. Қытайдағы ең ауқымды, коммерциялық жоба болған соң бірден шешімін табу қиынға соқты. Ол кісі арқылы, тағы бірнеше адамдармен байланыс жасап жүрдім. Сөйтіп жүргенде тағы бір жыл аяқталды. Соңында ұйымдастырушы тараптан маған қоңырау келді. «Біздің жобаға қызығушылық тантытқаныңызға алғыс білдіреміз. Бірақ біздің талап жоғары. Халқымыздың талғамы биік» деп, телефондағы адам әңгімесін жылы-жұмсақтай бастады. «Жауапсыз қалды демесін» деген оймен ғана хабарласып «құтылғылары» келгенін бірден түсіндім. Мұндай мүмкіндіктің енді қайтып болмайтынын білген соң мен де ойымды бүкпесіз айтым: «Мен сіздердің шешімдеріңізді менің Отаным – Қазақстан деген бүкіл бір мемлекетті менсінбеушілік деп есептеймін. Бізге еш мүмкіндік берместен жобаға қатыстырғыларыңыз келмейді. Демек, жобаның басқа да идеологиясы бар. Сәлемдемемді басшыларыңызға жеткізерсіз деп үміттенемін» деп сөзімді аяқтадым. 2016 жылдың көктемі басталды. Ұйымдастырушыларға жақын жүрген адамдарға тағы да хат жаза бастадым. Менің табандылығыма риза болды ма, әлде ұялды ма екен, әйтеуір кастингке жолдама берді. Қуанышымда шек болмады. Қазақ мәдениетінде үлкен бір сенсациялық серпілістің болатынын сол кезде-ақ сезіндім. Кімді қатыстырамын деген сұраққа жауап іздеуге кірісіп кеттім. Көптеген достарыммен, музыканттармен ақылдастым. Мақпал Исабекова, Гауһар Қаспақова, Маржан Арапбаеваларға жоба туралы айтып, қызығушылықтарын байқадым. Айқын, Мәдина Садуақасова, Жанар Дұғалова сияқты бірқатар әншілерге бұдан әлдқайда бұрынырақ хабардар еттім. Бұл туралы ұсынысты Димашқа алғаш әкесі Қанат арқылы жасадым. Бірақ көпшілігі бұл конкурстың маңыздылығын аса түсінбеді, белгісіз себептермен біразы бас тартты. Бірақ Құдай тағала бұл жобаға қатысуды Димашқа бұйырып тұрыпты. Күзде кастингке апардым. Жобаның бас продюсері, әрі бас режиссері Хоң Тао мырза Димаштың өнеріне деген таңданысын жасырмады: «Сіздің екі жылдан бергі жасаған зор еңбегіңізге ризамыз, бізге осындай талантты таныстырғаныңызға қуаныштымыз» деп алғысын білдіріп, кастинг уақытының әлі аяқталмағанын, нақты шешімді кейіндеу хабарлайтынын айтып шығарып салды. Көп ұзамай қуанышты хабар алдық.

— Қазақстанда да, алыс-жақын шетелде түрлі байқаулар, ток-шоулар аз емес. Осы конкурс туралы аз-кем айтып берсеңіз, ерекшелігі неде?
— Бұл конкурстың мақсаты таланттарды таныту емес, керісінше, халық алдында талай жылдан бері өнерін көрсетіп жүрген ең танымал жұлдыздар арасындағы бәсеке. Қатысушыларға ұйымдастырушы тарап өздері шақырту жібереді. Жоба шарттары жылда өзгеріп отырады. Оны әр айналым басталарда немесе аяқталғанда ғана ресми хабарлайды. Әр айналымның жеңімпазын залға жиналған 20-60 жас аралығындағы 500 көрермен анықтайды. Олар келесі айналымға қатыспайды. Әр көрерменнің үш әншіге дауыс беруге құқы бар. Әр айналымдағы ұпай саны ең аз қатысушы жобамен қоштасып, орнын жаңа бір әнші толықтырып отырады. Оған алдыңғы үштіктен көріну сияқты үлкен талаптар қойылады. Ол үдеден шықпаса, оның орнын тағы бір әнші толықтырады. Осы маусымның ендігі шарттары қандай болатынын ұйымдастырушы тарап құпия ұстайды. Басты талап – әнші көрерменнің жүрегін жаулауы, әр жолы әр қырынан, жаңа стильде, басқа жанрда көрінуі керек. Сол себепі басы-аяғы 14 айналымнан тұратын жоба соңында мүлдем басқа әншілермен жаңарып, жеңімпаз атануы әбден мүмкін.

Блог - Basic: Димаш Құдайберген I am a Singer жобасына қалай қатысты?
— Білуімізше Димаш қытай тілін білмейді. Конкурс талаптарына сай келді ме? Қандай талаптар қойылды?
— Жобаға дейінгі барлық ұйымдастыру жұмыстары мен аударманы өзім жасадым. Димаштың қытайша сөйлеуі міндет емес, бірақ қытайша ән айтуы керек болады. Әрбір әншінің ұйымдастырушы «Хунан» телеарнасы тағайындаған жеке-жеке агенттері болады. Қытайда танылған әнші Арай екі тілде еркін сөйлегендіктен оны Димашқа агент ретінде шақыртты. Мұнда айта кететін бір жайт бар. Димаш конкурс басталғанға дейін қытайдың мықты музыканттарының бірі (1997 жылы Қазақстанда өткен «Азия дауысы» фестиваліне қатысқан) – Лан Тиен Янь мұғалімнен қытайша әндерді дұрыс орындау, эстрада жанрының талаптарын меңгеру бағыттарында арнайы сабақтар алды. Бұл конкурс дауыс мүмкіндігін көрсететін емес, әншінің жан-жақтылығын, тіпті түрлі сұхбаттар арқылы әншінің білімділігін сынайтын алаң екенін ол кісі өз тәжірибесі ретінде бөлісті. Әлбетте, бақ сынаушы Димаш болғандықтан, соңғы шешімді өзі қабылдап, қандай ән орындайтынын өзі біледі.

— Байқауға қатыстыру барысында ұйымдастырушылық жұмыстардың ішінде ең қиыны не болды?
— Конкурсқа жол іздеген екі жыл ішінде оңай жұмыс атқарылған жоқ. Талай табалдырықтар тоздырып, есіктерді қағып жүріп, бірқатар келіссөздер жүргізіп жүріп, Құдайдың қалауымен жеттім. Бейжің мен Шанхайға осы жұмыстар үшін қаншама рет бардым? Кездесу нәтижесіз болып талай рет бос қайтқан кездерім болды. Жоба барысында, Димаштың қатысатыны шешілгенге дейінгі қаржылай шығындардың барлығын өзім көтердім. Демеуші іздеп сабылғам жоқ. Өйткені, жобаның қаншалықты маңызды екенін Димаш эфирге шығып екі ел халқын дүр сілкінткенге дейін ешкім түсінген жоқ. Басқа емес, айналамдағы адамдардың өзі қатардағы бір конкурс деп қабылдады. Сондықтан да бұл расымен де Димаштың бағы деп ойлаймын. «Тәлейің бар екен» дегенді Димаштың өзі де көптеген қытайлық әріптестерінен, ұйымдастырушылардар естіді. Димаш арқылы өнерде де осал емес екенімізді Қытайға дәлелдедік. Себебі, өзін Қытай нарығында мойындатқысы келіп жүрген қаншама ел бар?! Бұл конкурсқа әлемдік деңгейде үлкен сұрыптаулар жүреді. Жеті қатысушының қатарына бір ғана шетелдік әншіні таңдалатын болса, ол мүмкіндік қазаққа бұйырды! Қытайда алған білімімді ұлттық мүдде жолында игілікті істермен ұштастыру бұрыннан келе жатқан азаматтық арманым еді. Тарихи жағдайдың себепкері болғаныма өте қуаныштымын. Сол арманға қол жеткізіп, қазақтың атын жарты әлемге таныту бақытына ие болдық.

— Биылғы жылғы байқау қатысушылары осал емес. Димаштың мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
— Иә, қытай әншілері бізге беймәлім болғанымен, олар қытай халқының алдында өте беделді, миллиондаған жанкүйерлері бар әншілер. Мысалы, осы жолы жасы 60-тан асқан Гонконг тумасы, канадалық әнші Дулиша (Teresa Carpio) қатысып жатыр. Өте мықты әнші. Ли И Лянның жасы 51-де. Қытайлар көп үміт күтіп отырған әншінің бірі. Қазір Димаштың талантына тәнті болып жатқан халықтың қарасы өте көп. Димаш Құдайбергеннің аты «weibo» іздеу жүйесі бойынша бірінші орында келеді. Сайыстың алғашқы күні-ақ 400 мыңнан артық адам іздеу салған. Фоллоуер саны да әнді орындап біткенше 60 мыңнан 120 мыңға жекен. Алайда Қытайдың бірқатар эксперттері егер Димаш опералық ән айту стилін өзгертпесе, көп ұзаққа бармайды деген ойларын айтып жатты. Әрине, біреудің алдына біреу шығып көрген жоқ. Бәрін бақ пен бап шешеді, бір Құдайдың қалауы біледі. Ең бастысы – Димаштың өз-өзіне сенімі мықты. Осы бетіңнен тайма деп өзім де кеңес бердім. Қалай болғанда да, «қазақтың ұлы бәйгеге түсіп жатқанда, кез келген қазақ үйде тақымын қысып», тілеуін тілеп отырғаны анық! Алла жар болсын деймін!

Бұл байқауға Қазақстан атынан тағы кімнің қатысып, жүлде алу мүмкіндігі бар деп ойлайсыз?
— Кейбір дереккөздерге сүйенсек, бұл 5-маусым «I Am a Singer» жобасының соңғы маусымы. Димашты қатыстыру туралы бір шешімге келмес бұрын, көп ойландым. Бір рет берілетін мүмкіндікте қате таңдау жасап алмау керек болды. «I Am a Singer» жобасына жасы 30-40-тан асқандар қатысып жатқандықтан, маған Димаш бұл сахнаға тым жастау болып көрінді, бір кездері. Егер Гауһар Қаспақова көптеген талаптарды орындаса, осы жобада топ жарады деген де үміт болды. Өкінішке орай, басқа көп ешкімді елестете алмадым. Өйткені, біздің эстрада той-томалақ деңгейіне түсіп кеткенін мойындауымыз керек…

Сұхбат алған Бэлла Орынбетова
Әрі қарай