Емельян Пугачевтың кім екенін айтып тарихты қопарып, сүйегін сырқыратпай-ақ бастай берейін. Орал қаласындағы Пугачевтың бір кездері тұрған үйіне бардым. Ағаш үй қайта жаңартудан өткен:
Бір қабырғада сол кездегі көтерілістерге қолданған қару-жарақтар, көтеріліс болған жерлердің карталары, көптеген миға қонбаған цифрлар, сарғайып кеткен біреулерге маңызды құжаттар:
Екатерина деген бір орыс әйелдің Пугаевтың көтерілісін басуға атсалысқандарға берген сый-сыяпаттары. Сый-сыяпаттардың құнды болғанына қарағанда жоғарыда аталған екі адам бір-біріне жұлдызы қарсы жау болған деп шамаладым. Не үшін екенін білгілері келіп бара жатқандар үшін Википедиядан біле салғандары оңайырақ. Сыйлықтардың ішінде көтерілісті басуға белсене қатысқаны үшін берілген алтын жіппен тоқылған қолғап назарымды аударды. Мүмкін алтын жіппен тоқылғаны үшін шығар:
Мынау патшаның тағы деді мұражай қызметкері. Кім отырғанын ұқпай қалдым, себебі алтын жіпті қолғаптан назарымды ала алмай алаңдап тұрған едім. Емельянның өзі отырған шығар деп шамаладым. Жоғарысында Екатеринаның портретінің үстіне салынған Пугачевтың суреті, авторы белгісіз:
Келесі бөлмеде сол кездегі жергілікті халықтың тыныс-тіршілігінен хабар беретін тұрмыстық заттар. Балық аулау құралдары:
Орыс пеші:
Әйелдер бұрышы:
Ыдыстар, үтіктер:
Алтын жіппен тігілген қыздардың киімі. Алтын жіппен!
Мұражайдың келесі бөлігі шаруашылық заттары:
Жазғы ас үй:
Заттардың барлығының түпнұсқа болуымен қатар, мұражай ішін еркін аралап жүруге рұқсат беретіндері үстеме әсер береді екен. Сол кезде өмір сүріп жүргендей бір әдемі сезім жылт етіп те өтті. Қызық сезімде болдым: Елордадағы Ұлттық мұражайдан ала алмаған әдемі әсерді кішкентай Орал қаласындағы қайдағы бір орыс шошаласынан алу дегеніңіз нені білдіреді? Мүмкін мен патриот емес шығармын.
Жүрегі езіліп, егіліп жылады… Кеудесін әлі де өше қоймаған қимастықтықтың шоғы күйдіріп бара жатты, оған өкініштің ап-ащы уын қосыңыз… Тамағына бір кесек өксік тығылып алып, ауа жібермей тұрғандай ышқынды, дәл қазір ғұмырының нүктесі қойылғандай, бір қимас армандары қалғандай жан-жағына алақтай берді. Жалғыз болып келген өмірге, жалғыз кете бере ме? Әділетсіздік қой, барып тұрған. Өзімен жастылар дәл қазір балаларының, одан қала берді немерелерінің атынан жаңылысып, абыр-сабыр күй кешуде. Ал, бұның кімі бар? Дүние төрт төңкерілсе де әзірге қозғала қоятын ыңғай танытпайтын, жалбыр жүнді сары мысыққа қөзі түсті. Жылу батареясының үстіне бауырлап жатып алған күйі көзін еріне ашып-жұмып, пырылдап мамыражай күйге енген. Өзінің өліара халінің бір жұрнағы болса да мамыражай күйде жатқан мысыққа әсер етпегеніне ызаланды, қолындағы телефонын бар күшімен, дәлдеп тұрып жылу батареясына қарай жіберіп қалды.
Жап-жасыл жағалауда, қармақ салған әлдекімнің жанында, қармаққа түскен күмістей жып-жылтыр шоршыған шабақтардың ортасында, неше күннен бері тоңазытқыштың астынан жылтыңдап, тырнағына ілікпей мазақ қылған әлгі бармақтай (әрине өзімен салыстырғандай «бармақтай» болмасы анық, адами тілде «бармақтай ғана») тышқанның әлсіретіп кеткен жүйкесін «тыныштық терапиясымен» емдейтін, жанына жағымды балық иісі… Бір сәтте бәрі быт-шыт болды. Көптен күтім көрмеген, балшыққа баттасқан сабалақ жүндері жер сыпырып жүретін сүйкімсіз канден ит арп ете қалып, ойша салып алған мөп-мөлдір көрінісін быт-шыт еткендей, тыжырынып, жұмылуы көздерін ажырайтып, жан-жағына қарады. Быт-шыт болған телефон, бетін басып егілген иесі. Еее, жағдай түсінікті… Келген сайын бір бума гүл, небір тәттілермен қоса бұл үйге шаттық ала келетін әлгі келбетті жігіттің бой көрсетпей қойғанына біраз болып қалыпты-ау. Кеш болса айнаны шыр айналып, гүл-гүл жайнап, құлпыратын иесінің жүзі соңғы кезде солғын тарта бастады. Кешке жақын безілдейтін есіктің қоңырауы да басылмады соңғы кездері. Асүй жақтан аңқитын тағамның тәтті иісі де бұның «танауын қытықтауды» қойды. Охо, келбетті жігіт келген күні бұл үй ханның сарайындай тамашаға толатын еді. Гүл-гүл жайнаған иесі бақыттың бал күйін кешіп, құлпырар еді… Шаттықтың шарабына масайып, бар әлемді жақсы көріп кетуші еді, әрине әлемнің ішінде өзі де бар:
-Муркам менің, тәп-тәттім. Тамағынан қызыл түске боялған тырнақтарымен қасып-қасып жіберіп, сап-сары жүндерін бетіне тақап құшақтап алатын. Иесінің өзіне бөлген ілтипатын келбетті жігітпен бөліскісі келмей қызғанып та қалатын.
-Сүп-сүйкімді екен өзі. Келбетті жігіт те құр қалмай бұны сипайтын. «Атаңның басы саған!» Тілі болса дәл осылай айтар еді, бірақ адамдар сияқты сөйлеу бақыты бұйырмаған соң, жағымсыз дауыспен «Мыыы-ййау» деп баж ете қалатын. Жақтырмаған түрі. Келбетті жігіт те өз ниетінің теріске шыққанын іштей сезсе де иесіне білдірмей:
-Тентек өзі- деп еркелетіп, арқасынан қаситын. Иесі асүйге кіріп кеткен бойда, келбетті жігіт екі көзін ажырайтып (бұндай сүйкімсіз болар ма еді):
-Брись!
Жігіттің лезде сүйкімсіз құбыжыққа айналатын, адамдар «екіжүзді» деп атайтын сортқа жататынын іштей болжап та қойған еді. Иесі мен жігіт ұзақ сөйлесетін, не айтса да иесі жымиып, күле береді. Жігіттің иесін құшақтағаны, еркелете сүйгені, шыр айналдырып көтеріп алып билейтіні бәрі көз алдында. Иесінің халатсыз қалып, әлгі жігіттің бұлшық еттері бұлаудай ойнап, жан алысып, жан берісіп, ыңырана жасайтын тірліктері де бұның көз алдында. Ентігін баса алмай, кеудесі дір-дір етіп демалып жатырған иесінің қандай рахат күйде екенін өзінің сүтке әбден тойып, күннің шуағында, маужырап жататын күйімен салыстыратын. Бірақ, иесінің бақытты күйі бұның сүтке тойған күйінен әлдеқайда артық екені көрініп тұратын.
Бақытты күндерді мазасыз күндер алмастыра бастады. Үйге жұмыстан ұнжырғасы түсіп келетін иесінің түрі аянышты еді. Келеді де телефонды қолына алады, құлағына ұзақ тосып тұрады, ар жағынан жауап болмаған соң, терең күрсініп отыра береді. Әрі-беріден соң күлімдеп тұратын мөп-мөлдір көздерінің жиегінен гауһар тамшылар құлай бастайды. Бұл жұбатқысы келіп, денесін бүрістіріп, құйрығын теріс қарап тұрған екілікке ұқсатып, жанына барып сүйкенеді. Бар жасай алатыны осы болса қайтсін енді? Иесі бұны құшақтап, кеудесіне басады да, тағы жылайды:
-Қайдасың? «Қасыңдамын ғой» дегісі келеді де, өзіне айтылмағанын ұға қояды, келбетті жігітті іздеп отыр. Мультфильмдегі етік киген мысық болса ғой, етігін киіп, қолына қылышын, басына қалпағын киіп алып, сапарға шығар еді. Келбетті жігітті ұстап әкеліп, басын игізіп кешірім сұратар еді иесінің алдында. Өмір ғой, ал өмірде ондай таңғажайып болмасы белгілі, қолдан келер қайран жоқ. Иесінің дәл қазіргі жынды адамша күбірлеп, біресе жылап, біресе талықсыған адамдай көзін жұмып ұзақ отыратын түсініксіз түрін көргісі келмей, жылу батареясының үстінен төрт тағандай секіріп түсті де, дыбысы білінбес жүрісіне басып, асүйге өтіп кетті.
Өмірін нұрға, құшағын гүлге толтырған Саянмен кездесу кездейсоқ басталған. Қырықтан аса бастаған бұның жүрегіне отызға тола қоймаған жас жігіт өмір сыйлайды ойлай қоймаған. Кеудесінен жүрек емес, әлдеқашан қан айналымын ретке келтірер бір уыс етке ғана айналған тастай қатқан кесекті ғана сезетін. Көктемі 20 жасында өтіп кеткен, содан оралмады, күз, күз артынан қыс, қайтадан күз… Өмірі осылай өтіп кете берер ме еді Саян кездеспегенде? Тар көшеден өте бере зулап келе жатқан көлік бұның көлігін оңдырмай соғып, аударып тастады. Дүние шыр айналып жүре берді. Не болғанын түсініп үлгерген жоқ, көз алдын түнек басты. Есін ауруханада жиды. Соқтығысқан көлік апатынан басынан жарақат алып, ауруханада жатыр екен. Дәрігер келіп қорқатын ешнәрсе жоқ екенін айтып кеткеннен кейін, жанына ұзын бойлы, көзінде жарқыраған оттан гөрі ұяңдық басым, жымиғанда екі бетінің ұшында ойық пайда болатын, сүйкімділігі ер адамға артықтау берілген келбетті жігіт келді:
-Қалайсыз? Бізді қорқыттыңыз ғой. Оянғаныңызға қуаныштымын.
Еңкейіп бетінен сүйді. Еріні жұп-жұмсақ, бетіне ыстық із қалдырып кетті.
-Кінәлімін, кешіріңіз! Сіз әбден жазылып кеткенше жаныңызда боламын.
Сөзінде тұрды. Күн құрғатпай келіп, жағдайын біліп жүрді, келген сайын әдемі гүл мен қызықты кітап алып келіп, оқып беріп отыратын. Кетерде маңдайынан сүйіп қоштасатын. Өмірі көрмеген, танымайтын бір жігіттің өміріндегі ең қамқор адамына айналғаны таңғалдырарлық жай еді. Мүмкін бұрын бұндай қамқорлық көрмеген суық көңіл жылт еткеннен жылу іздеді ме екен?
Тәуір болып үйіне шыққаннан кейін де Саян қонаққа келді. Хал сұрасудан басталған қамқорлық тереңдей бере сезім атты «қораға» тірелді. Енді шегіну мүмкін емес еді. Кеш болса елеңдеп, Саянды іздейді, күндіз жұмысында қолы қалт етсе Саянның сөздерін есіне түсіреді. Қоштасардағы бетінен сүйгенін есіне түсірсе кеудесі шымыр ете түседі, бұрын соңды болмаған іңкәрлік пайда болды. Айналасындағылардың бәрін жақсы көретіндей, бәрімен күлімдей сөйлесе бастады. Үнемі қатулы қабағынан ығысатын жұмыстастары оның өмірінде өзгеріс болып жатқанын сезе бастады. Жұмыстан кейін күтіп тұрған жас жігітті көрген кейбір жел сөзге жақындау әйелдер қауымы әлдеқашан түйін жасап үлгерді. Гулеген жел сөз өзінің құлағына да тиді, ешбірін елеген жоқ. Бәрі бақытын қызғанғандай көрді. Саянның жас қыздармен де жүрісі көп екен, қырыққа келген әйелдің басын айналдырып, пайда көргісі келеді екен-мыс. Бұл өсектердің күніне түрін естісе де елемеді. Саян-аппақ, ниеті тап-таза. Жай ғана жымиғанына қарап бағасын беретін айналасындағылар кім еді сонша? Әйтпесе Саянның бұны қалай еркелетінін, тіпті сәбидей әлпештеп көтеріп алып билейтінін, таңды ұзақ сырласумен атыратынын, оның алып армандары жайлы қанатты тәтті қиялдарының барын кім біліпті, өзінен басқа? Құшағы- нағыз рахаттың ордасы, бақыттың бесігі. Құшырлана сүйгені қандай? Миына сүйісу туралы сигнал барғаннан бастап, жүрек бүлк етіп, бар тамырларына ып-ыстық қан ойнатып, саусақтарының ұшына дейін ләззаттың хабары баратын. Иә, бұндай бақытты сезіп көрмеген қызғаншық, сезімсіз, сұп-сұр әйелдер қайдан білсін? Себебі әйел көп, ал Саян жалғыз! Өсекте де, ұятты да ысырып тастады. Ғұмырының жартысын ел сөзінен ығысып, одан қала бере жалғыз ұлының көңіліне қарап өз-өзін құлыптап ұстады. Жанына не керек екенін білсе де, іздемеді, табылғанын елемеді. Ұлыбританияда оқитын ұлы ағылшын қызына үйленіп, сол жақты мекендеп қалатынын жеткізгенде, өзінің жалғыздығын сезді. Ғұмырында есте қалардай тәтті күй кешпегеніне ызаланған, өкінген. Жан-жағына елеңдеп шуақ іздей бастаған. Құлпырған қызғалдақтар тұрғанда, тамыры қатайып қалған қарағайдай ағашқа кім назар аудара қойсын? Бір іңкәрлікке шөлдеген, ғажайыпты күткен… Саян кезіккенде іздегенінің, аңсағанынын барлығын содан тапқысы келген, тапты да…
Саян арманшыл еді, өз кәсібін ашқысы келетін, үлкен жоспарларымен бөлісетін:
-Қолдау жетіспейді,-деп мұңайған сәттерінде ойланбастан, көмекке ұмтылатын. Өмір бойы тынымсыз еңбегінің жемісін жалғыз өзі қайтпек, одан да жаны қалайтын адамының бақытына, қуанышына себеп болсын. Қомақты қаржыны Саянның шотына аударған. Сол күні Саянның үнемі ұяң күлімдейтін көзіндегі жайнаған отты көрсең! Ооо, жолындағының бәрін өртеп жіберуге де жететін еді от! Саянының жүзіндегі қуаныш отын көріп, бұл да есі шыға қуанған. Өмірінде айтуға тұрарлықтай бір қадам жасағанына сенімді еді.
Саян жоғалды. Телефонына жауап бермеді. Мүмкін жұмысқа кірісіп кетіп босамай жатқан шығар деді басында, содан соң алаңдай бастады. Мүмкін бір бәлеге тап болды ма, ауырып қалды ма, әлде… Мазасыз сұрақтар миын жеп, мең-зең күйге түсті. Көктемінің соңын жаз емес, бірден күз жалғай бастайды. Жапырақтарын ызғырық шалып, үсе бастады. Аспанда қалықтаған қарылғаштары, күзден қайыр жоқ екені біліп, жылы жаққа ұшып кетті. Сылдырап, сыңғырлайтын өзен бетіне мұз қата бастады. Суыққа қайта бой үйрете бастады. Көктем келіп қала ма деп көкжиекке елеңдей берді…
Саянын көрді бір күні, су жаңа машина тізгіндеп алыпты. Бағдаршамнан түйісіп қалды. Жүрегін қуаныш, лезде өкініш, үміт, тағы да күйініш оты орап, мың күйге түсті. Жанындағы еліктей лағындай, қарақат көзі мөлдіреген қызды көріп, жүрегін ып-ыстық күйінде суырып алып, мұзға лақтырғандай күй кешті. 20 жасында жап-жас күйінде жолдасынан айырылғанда дәл мынадай қайғырмаған шығар мүмкін. Мүмкін, жастықпен қымбатынан айырылғанын дұрыс сезбеді де. Аспанда қалықтап жүрген ең аяулы арманы быт-шыт болып сынып, қоқысқа лақтырылғандай күй кешті.
Үйге кіре бере егілді, жылады. Тағдырына ызаланды, өтіп кеткен көктеміне өкпеледі. Алдамшы бақытты өлердей жек көрді. Арман атаулымен өштесіп алды. Кырықтың қырқасына шығып, кемелденер шағында бойжеткеннің от күйін кешкен өзін топас санады. Арызын кімге айтарын, кімге жұбанарын білмеді. Пырылдап рахат күй кешкен мысық екеш мысықтың тыныштығын қызғанды. Оны іштей бір сыбап алды. Ең аяулы арманының айдан құлаған күні дүниенің мамыражай тыныштық кешіп жатқанына таңғалды.
Жылап іспектей болған бетін жуып болып айнаға қарады, бетін әжім торлапты, самайына шыққан бір тал ақ шашын ешкім көріп қоймады ма деген күдікпен, жан-жағына ұрлана қарады да, білдіртпей жұлып алды.
Кешті асыға күттім… Әлі де күтсін, тағатын тауыссын деді ме, күн көккжиекке тіреліп алып, батпай қойды.Сағаттың әр тілі зіл байлап алғандай алға жылжымады. Күндізгі бар тірлікті құшағына алып, қалғып кететін мынау тар қала бүгін сергек. Өтпей қойған уақыттың кербездігі есіме Оны салды. Сағынсын, зарықсын, ең соңғы шыдамы таусылып барып, аяғыма егіле жылап құласын дейтіндей Оның асқақ тұлғасы мен алға жылжымай қойған мына уақыт екеуі егіздей. Өксікке тұншығып өліп қалмаудың амалын іздей бастадым. Ең болмаса өзімді өзім жұбатайын дедім. Тұңғиыққа батып бара жатып, қолына түскенді қармап қалғысы келеді екен адам, ал, қармап қалғаныңыз қандай нәрсе екені маңызды емес. Ішкілікке салынып кеткен туыс ағамды сөккем, сөйтсем, батып бара жатып қармап қалғаны – қу арақ екен. Біреудің ішіне үңілмей жатып, сыртынан жазасын дайындап қоямыз.… Жиналған адамдар арасынан Жұбанышымды іздедім. Менің құтқарушым сол болуы керек. Бір мейірге шөлдегенде шөліңізді басатын су болмаса, у ішесіз… Әйтеуірі, жұтылатын, кеуіп қалған көмейіңізді жібітер сұйықтық болса болды.…
Жұбаныш әдеттегідей қоңыр көздері күлімдеп, ортада жүр. Мен ол үшін әншейін көптің бірі шығармын. Назарын аудартатын ерекшелігім жоқ, ерекше көрініп те әуре болғым келмеді. Бәрі биге көше бере, бойымдағы соңғы батылдығымды жинап алып, жанына жетіп бардым да, қолынан ұстап алдым. Түк түсінбей абдырап тұрды да, күліп жіберді:
— Айым, қалайсың?
Үнсіздік… Басқа уақытта томаға тұйық жүретін мені түсіне алмай қалды, мүмкін мас деп ойлады. Маған бәрібір еді. Соңымнан соттап, арымды таптап, елге күлкі етсе де бәрібір еді.
Өле алмай шалажансар болып қиналып жатқан кезде, ажалдың қалай келері маңызды емес. Теріңді тірілей сыпырып алып, отқа шыжғырса да, денеңді бөлшектеп, балталап шапса да, өңешіңді үзердей қылқындырса да — ауруы бірдей еді. Ақырымды ойлауға мұршам жоқ. Оның жерлеп кеткен сезімін өлтіріп алмай, бір назарға ілігіп кетсем дедім. Әйелді өлтіруге көп күш жұмсап керек емес, бар болғаны назар аудармасаңыз болды. Өз-өзінен солып қала береді. Әйел күн сайын не үшін таранып, боянып, әдемі киінуге тырысады? Әрине, сүйікті болу үшін, елеусіз қалмау үшін. Әйелді жалғыз өзін иесіз аралға апарып тастасаңыз осылай сыланып, таранып, әдемі болып жүрер ме екен? Жоооқ, егер өзін енді ешқашан ешкімнің көрмейтінін түсінген күні-ақ, босаңсып сала береді. Шашына қызылды-жасылды гүлдер тағып, айна алдында өз-өзіне ұзақ сүйсінуін қояр еді. Ал, мына қоғамда елеусіз қалғанының өзі соңғы үмітпен айна алдында таранады: «Тамсанар біреу...»
Менің күйіп-жанғаным, өртенгенім Оның самарқаулығын жібіте алмады… Оның алдында өзімді ұмытқам, ұят, ар деген ұғымдарды ойдан шығарылған далбаса деп сендіргем өзімді. Бәрі бекер екен. Өз-өзіме өлім жазасын кескенімді ұқтым. Көрден мені ешкімнің алып шықпасын ұқтым, өлген күні жұмаққа апарар деп ойлауға алып қойған соңғы Үмітімді пайдалануға көштім. Үмітім– Жұбаныш еді.
Қолынан ұстаған күйі көлеңкелеу бұрышқа жетектеп әкелдім. Жұбанышым да ақырын көрейін дегендей соңымнан еріп келеді. Билеген сайын қызынған адамдардан алыстай бере тоқтай қалдым да, ерініне қадалып, ыстық сүйіске көміліп кеттім. Тоқтатып, себебін сұрап алуға еркектігіне сын көрді ме, ештеме сұрамастан аймалай берді. Бірнеше күннен жиналған ыза, ашу, көрген жәбірдің есесін ащы сумен емес, сүйіспен де қайтаруға болады екен.
— Қазір, қазір...-дей берді жан-жағына қарап. Ып-ыстық сүйіске тұншыға бердім, бір сәтке тоқтап қалсам, ойымның өзгеріп кететініне, Оны осы уақытқа дейін аңсап келген бар болмысым кері өз қалпына түсіп, тағы да зарығып кететініме, алдымдағы Жұбаныштан айырылып қалып, қайтадан түбі жоқ табытқа ұқсас суық ойдың тұңғиығына батып кететініме күмәнім жоқ еді. Өзіме ойлануға мұрша бермедім, Жұбанышымды да ойлантуға уақыт жібермедім.
Ақыл-деген суық, кез-келген құбылыстың алдын алып, өзге арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Нәтижесінде өзіңнің қалауың емес, өзге біреудің өміріндей жат дүниеге тап боласың, көп ойланып-толғанған сайын болмысыңды, ішкі қалауыңды, сезіміңді, өзіңе ғана тән ерекшелікті жоғалтасың. Міне, мен осындай қорытынды ойлап таптым өзім үшін, бірақ өзгелерге бұл тәсілді тиімді деп ұсынған емеспін.
Ойланбай жасаған ақымақ қадамың өміріңдегі ең ыстық сәт болып, есіңде қалып қоюы мүмкін. Жұбаныш қолымдағы ермексаздай еді. Қандай қалыпқа түсіріп, қандай мүсін жасасам да көнуге тиіс болып көрінді. Арт жағымызда тұрған ашық есікке еніп кеттік. Кіріп бара жатқанымыз бөлме ме, көр ме белгісіз еді. Жыл сайын сырланып, қалыңдап кеткен ауыр есіктің ысырмалы темір кілтінің сыртылған дауысы шықты. Біреуіміздің ойымызға есікті кілттеу туралы ой да жетіп үлгеріпті. Мен ұят туралы ойлаудан бас тартқалы қашан, шамасы есікті кілттеген мен емес, Жұбаныш болар.
Созылмалы темір керует бір созылды, бір жиналды, қинала сықырлаған дыбысын да шығарды. Көзге түрткісіз қараңғыда бірімізді-біріміз қалай тапқанымыз белгісіз, бірақ, миға түскен хабар бойынша қолымыз қателеспей қалаған жерін тауып жатты. Ұзақ уақыт сарылтып, басымды жерге бүгіп әкелген Оның асқақтығына өшігіп алсам керек, есесін осылай қайтарғандай болдым. Ол мені дәл қазір көрмесе де, сезіп, қызғансын дедім. Тіпті бір уақытта дәл қазір жанымда қарап тұрса ғой дедім. Есікті бекер кілттеді ғой Жұбанышты сөктім іштей, бірақ, оның дәл қазір бұл қалада емес екенін жақсы білсем де, қиюы келіспейтін ойлар санамды мазалай берді.
Ілгегі жартылай шешілген оның жейдесі, сырмасы ағытылмастан қалай шешіліп қалғаны белгісіз менің көйлегім, сыңары төрден бір шыққан аяқ киімдер, жатып үлгермей-ақ жан-жаққа жайрап қалған төсек пен жастық, ентігіп, өң мен түстің ортасында ойын жинақтай алмай отырған Жұбаныш, өз қылмысыма риза болған мен… Бұл оқиғаға куәгерлер осылар еді.
Жұбаныш не үшін деп сұрамады, мен түсіндірмедім… Жапа шеккен де ешкім болмады. Бір кезде су деп ішкен удың зияны болмады. Ішімді жайлап бара жатқан уды у қайтарса керек. Ал Ол сол күйі асқақтық, биіктік атауын сақтап қалды. Қол жеткізбеді. Себебі қол жеткізген күні біз биіктікті мойындауды доғаратын едік.
Жаз бойы өзге балалармен таласа жүріп біз жинаған тезектерді қапқа салып алып келді де, қазандықтың оттығын ашып, солайымен төңкере салды. Отқа салынған әр тезек таныс маған, әр бұдырына дейін, көлеміне дейін көз алдымда. Әр түйірінің бір тарихы бар керек десеңіз. Оттық тұтату үшін соляркаға малынған әнебір жұқалау ақшыл тартқан тезек көрші Қамбар шалдың сынық мүйіз сиырынан шыққан өнім. Өзіміздің сиырларға деп салынып қойылған шөпке түсіп кеткен сынық мүйіз сиырды «Қарасан келгір, шошала тигір» деп әлемдегі бар қарғысты жаудырып қуалап бара жатқанымда, қорамыздың алдына қалдырып кеткен сұйықтау тезегін күннің көзіне әбден қураған кезде қораның іргесіне қарай сүйей салғанмын. Міне, осыған ұқсас әр тезектің өз тарихы бар. Жазғы аптап ыстыққа әбден қурап, кепкен тезектер от тиісімен гүр етіп жана бастады. Сазбен сыланған қоңыр пешке жан бітті. Бойы қыз-қыз қайнап, үйге жылуын тарата бастады. Бірнеше жылдың куәсі болған қара қазан қойылды отқа. Әжем қазан ішін ыстық сумен шайып жіберіп, ешқашан ұмыт қалмайтын «Біссімілләсын» айтты да, ет салды. Көзін сығырайта қабырғада ілулі тұрған сағатқа қарады. Тамақтың дайын болар уақытын жобалау үшін. Қоңыр пешке арқасын сүйей отырды да, көрпенің астына бетін қайырып тастап кеткен сарғыш кітабын алды. Мен де әжеме қарай жылжыдым. Үйреншікті әдет, ешкім тіл қатып сөйлеспесе де, іс-әрекет жасала береді.
Қоңыр пеш пен әжем қатты ұқсайды бірі-біріне: екеуі де жып-жылы, тоңсақ екеуін паналаймыз, екеуі де бір-бірімен үнсіз ұғысатындай. Қоңыр пеш әжем жоқ болса жетімсіреп қалатындай, пеш жағылмаса әжем көңілсіз болатындай. Далада ысқырып тұрған боранның қаһары да түк емес: әжем мен қоңыр пештен қаймығады. Долдана айналасын астаң-кестең еткен ақ боранның ызғары үйге ене алмай, бар жігері құм болып басылатын. Ал, біз қоңыр пешке арқамызды сүйеп қойып мамыражай күйге көшеміз. Көзәйнегін киіп алған әжем сыбырлап кітап оқи бастады. Мен алдына басымды қойып тыңдауға көштім. Негізі, әжем кітапты маған оқып, түсіндіру үшін оқымайды, өзі үшін оқиды. Оқығаны да қызық, іштей көз жүгіртіп оқуға әдеттенбеген, сыбырлаған дауысын анық есту үшін мен әжеме одан сайын жақындай түсемін. Кешегі бастаған «Елім-ай» кітабының бүгін ортасына келдік. Өз заманының адам төзгісіз халін оқып, жүрегі ауыратын болса керек: «Алда, қасқа-ай» деп терең күрсініп алады. Кімді аяғанын білмедім, мүмкін кітап кейіпкерін, мүмкін есіне түскен өз замандастарын.
Сыбыр-сыбыр дауыс. Шырт-шырт етіп жанған от. Қыж-қыж етіп қайнаған қазан. Сарт-сұрт еткен даладағы боран. Пыс-пыс етіп демалған мен. Тыңдап жатырмын. Бір кезде бетіме тамшы тамып кетті. Әжем жылап отыр. Бір-бір көзі шөлмектің түбіндей қап-қалың көзілдірігінің астынан жылжи аққан көз жасы бетіндегі әр әжімнің ізін қуалай жүріп, менің бетіме тамып жатыр. Сонда да оқуын тоқтатпады. «Алда, қасқа-ай» деген бұл жолғы дауысына діріл қоса шықты.
Тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Мұрынды қытықтаған сүр еттің тәтті иісінен ояндым. Әжем кітабының бетін қайырып, көрпесінің үстіне қойыпты да, дастархан жаюға кірісіпті. Кірпігіне қырау қатып, құлақшынын бастыра киген атам қой кезектен келіп жатыр екен. Біздің үйдегі іс-әрекеттің бәрі бірі-бірімен үнсіз байланыста. Атам қай уақытта келетінін алдын ала айтпайды, бірақ атам кіріп келе жатқанда тамақ та пісіп үлгеріп, дастархан жайыла бастайды. Әжем де кітабының бір тарауын аяқтайды. Арада жылдар өтті. Атам қайтыс болды, әжем үлкен ұлының қолына аудан орталығына көшіп кетті. Ортасында жалғыз пеші бар тоқал там бұзылды, орыны күреліп басқа ғимарат салынды. Ауылға газ келді де, бұрынғыдай таласа тезек жинайтын балалардың қолы босап, ерігіп жүрді. Ауыл маңы сиырдың тезегінен қоқып кетті, оны жинайтын, керек ететін адам табылмады. Ал мен үнемі тоңып, бір жылу іздеп жүретін күйге түстім.
Армангүл арман қуып Астанаға келді… Арман қуып деп етжүректі елжіретпей-ақ қояйық, негізі мақсаты — ел қатары жұмыс жасап, қол-аяғы сау жігіт кездессе тұрмысқа шығып кету. Ауылындағы жігіттердің бәрі ақсақ-тоқсақ екен деп ойлауыңыз да мүмкін. Ауылдағы алты бойдақ жігіттің ойында әзірге үйлену туралы ниет жоқ секілді. Ал, ол бойдақтардың есі кіргенше Армангүлдің қурап кететін түрі бар, әрине, ауыспалы мағынада. Анасының газет қиындысына жазып берген адресін таксиске ұстатып қойып, бөлесінің үйін іздеп келді. Пойыздан түскелі әсем қалаға ауызын ашып таңырқаумен келген оның тамағы әбден құрғап, шөлдей бастады. «Бөлешка шәй әзірлеп қойса...» деп ойлап та қояды іштей. Есік қоңырауын алты қайтара тызылдатып, есікті әрең аштырып алды. Бөлесі іш киімшең есікті айқара ашып жіберіп:
-Бағанадан бері түсімде Ботик звондап жатыр екен деп, өзімше болып телефонды алмай тұра тұрайыншы деп жатсам, сен екенсің ғой… – деп арғы бөлмеге өтіп кетті. Ешкім «Ішке кір» демесе де, әйтеуірі «Кет!» деген жоқ қой деп Армангүл де оның артынан ілесті. Буын бұрқыратып шай қайнатып қойып, шұрқырасып амандасып, апасын сағынғанын айтып көізне жас алып, аздап сыңсып ала ма деп ойлаған. Бөлесі жайрап жатқан төсектің ортасына гүмп ете түсті де, жоқ болып кетті. Бұл состиып әлі тұр. Қолындағы сөмкесін жерге қойып жатып, екеуі екі жақта жатқан биік өкшелі туфлиге аяғы тиіп кетіп, шойнаң етіп құлап түспесі бар ма…
-Тууу, шешін де қасыма жата тұршы… Қазір ұйқымды қандырып алғасын сөйлесеміз,-деді бөлесі.
«Жат десе жатайын...» Бір аяғын батысқа, бір аяғын шығысқа беріп жатқан бөлесінің қасында бұған ауысар орын да жоқ екен… «Ееее, жарайды, отыра тұрайын.»
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бөлесі ояна бастады. Әуелі есінеді, керілді. Содан соң телефонын қолына алды. Күбірлеп бірдемелерді оқыды да, өзінен өзі жымиды. «Дурак!» деді сосын дауысын әндете созып. Аяқ жақта шоқиып отырған бұған қарап қатты да қалды:
-Массаған, сен қашан келдің?
-Таңертең…
Есінеген күйі аузын жабуды ұмытып кетті ме, әлде ойланғандағы түрі сондай ма, ауызы аңырайып, ұзақ ойланып отырда да:
-Ааааа...-деді. Деген жоқ, ашық тұрған ауызынан дыбысты ауа шығара салды тек. Іш киімшең бөлмеден шығып кетті де, арада біршама уақыт өткеннен кейін іш қиімшең кері кірді бөлмеге:
-Кеттік, шай ішейік,-деді ме, демеді ме белгісіз, әйтеуірі басын есік жаққа қарай бұлғаң еткізе салды. Бөлесінің аты Тұраргүл, Армангүлден екі жас кішілігі бар, мектеп бітіре салысымен «Оқуға түсемін, юрист боламын!» деп үйіндегілердің мазасын алып, ақыры дегеніне жетіп, қалаға кетіп қалған. «Әй, юрист дегенің не?» деген шешесінің сұрағына: «Динараның апасының жұмысы сондай көрінеді, ақшаны қырып табады екен!» деген. Армангүл бөлесі таңдаған мамандықтың маңызын да түсінбеді, сұрамады да, ауылдағы жалғыз орыс Юрамен қандай байланысы бар екен деп іштей ойлаған да қойған. Тұраргүл десе тұраргүл, айтқанына тұрады.Ойлаған мақсатына жетті.
Келесі күні Тұраргүлге ілесіп Армангүл кетті жұмыс іздеп. Соңы жоқ ұзын кезекке тұрып, жұмысқа тіркелуге келді. Тұраргүлдің «Мұрыным қышып бара жатыр, самаурын салып келмесем» деп сыртқа шығып кеткені сол ғана еді, артта тұрған екі келіншек алдыңғы кезекке шығып алды. Армангүл тіршілік білдіріп, наразылық та таныта алмады. Үстінен ыстың иісі аңқып Тұраргүл келді де екі әйелдің алдамшы қуанышын су сепкендей басып айқай шығарды. Екі келіншектің бірі қандай сылтау айтарын білмей:
-Айналайын, айқайлама, жүрегім ауырады. Құлап қалсам сен жауап бересің!-деп сумкасынан «аспирин» дәрісінің қағазын жыртып, екі түймесін алып, екі ауызына лақтырып жіберді де тұра берді. Күтуден шаршады Армангүл. Кешкі сауынға келетін сиырларды күткені жанның рахаты екен. Таңертең тіркеліп, кешке жақын бір-ақ кірген есіктен Үміті сөніп шықты. Үмітінің ұзын бұрымы шорт кесіліп, шолтиған шашын артқа бір сілкіп тастап, бұған жалт қарап, жөніне кетті. Бұл да кетем деді ауылға.
-Астана әдемі екен…
Тұраргүлге келгелі айтқан жөнді сөзі осы болды.
-Жігіттері тіпті әдемі!
Армангүл ұяла жымиды.
-Кеттік. Үйге барамыз. Әдемі көйлек киеміз, боянамыз, ресторанға барамыз. Әдемі жігіт аулаймыз.
Армангүл үндемеді.
Шолтиған шашы сарыға боялған Үміті артына бұрылып, Армангүлге кері қарап тұр еді…
— Былай ғой...?- деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.
— Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.
— Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.
— Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…
Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.
Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін кері жалғады:
— Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.
«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»
— Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.
Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:
— Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?
Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.
— Алдым.
— Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.
Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:
— Үйленеміз! — деді сосын әй-шәй жоқ.
«Мәссаған, мынауың пысық қой!»
Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.
-Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.
Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.
Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.
-Иә, болды. Жарты сағаттан кейін,- телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.
Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін кері жалғады:
-Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.
Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».
«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр» деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?
-Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.
-Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.
Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!» деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?» деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:
-Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда,- деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:
-Ал, жиенбай, бас жатақханаға!- деді де тағы да себепсіз күлді.
Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.
-Тентек болма, болды,- деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.
-Арқалы ақын… Ақыраған ақын… Сонаааааау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай!-деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!» деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын ақыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр).
Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:
Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.
Өмірді казірден бастап көріп ал.
Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой,
Мына өмірді көрместен блинчик болып кеттің ғой… деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр.
Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты.
Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты.
Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.
-Өлең оқы, ақын қыз!-деді.
Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды.
Итбай ойланып отырып:
-Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз!-дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.
-Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың!-дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:
-Мына ғалым ағаңды танисың ба? Іііі… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше?-деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімнен көрсетіп шықты.
-Іііі… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал, өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды…
Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?» деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?
-Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол!-деп қоштаса бере: — аузыңнан сүйейінші,- деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады.
Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын бұны шақырды:
-Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік,-деп газет редакторына аса тебіренсіпен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:
-Келтіреміз ғой жайлап,-деп басын шұлғып келіскендей болды.
Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:
-Ағаң тегін емес дедім бе, дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз,-деді.
Аспан өртеніп жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес ең алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты.
Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді крассовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы.
Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай ақыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік» деп ойлады іштей.
Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!» деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.
Айымның ауылға келуі біреулер үшін елеулі өзгеріс, біреулер үшін қызғаныш болды, біреулер үшін шыбынның қонғанындай да әсер қалдырмады. Жасы отызға таяп қалса да әлі балғын қыздай көрінетін Айым қызғаншақ әйелдердің ұйқысын ұрлады, тыныштығын бұзды. Нәпсісі әлсіздеу ер адамдардың көңіліне құрт түсірді. Оның ақкөңілділігін, жайдарлылығын әркім өзінше түсінді. Көрген адамға жымия бас изеп амандасып, танымаса да үй-жайын, амандығын сұрап қалбалақтап қалатын ақжарқын Айымның бұл мінезін әркім өзінше түсінді — әйелдер: «Зымиян, көзбен арбауын қарашы. Қаладан әбден бұзылып келген сайқал ғой» деп тілдеді, ер адамдардың әрқайсысы іштей: «Жанымдағы еркектерге қарағанда менің артықтау сымбатым мен қайратымды айтпай-ақ сезіп тұр ғой мынауың, менде көңілі бар-ау осы. Әйтпесе, жылы жүз танытпас еді» деп пікір түйді. Ал, өзгелердің өзі жайлы қалай ойлайтыны туралы Айымның қаперіне де кірмеді, ауыл адамдары адалдықтың бейнесіндей көрінді. Сәлемін алып, күлімдеп тұратын ерін де, әйелін де өзі туралы теріс ойлайды деп күмәнданбаған. Жалғыз өзі тұратын нағашы әжесінің қараша үйін қоңыр әуенге тұндыратын кешкілік. Қолына гитарасын алып, мұңлы әуенге басқанда үнемі күлімдеген көздерін ауыр мұң торлайтын. Алысқа қарап, біреуді сағынғандай ауыр күрсінетін. Екі үйдің ортасын сарғыш-жасыл мүк басқан, саусағыңды тигізсең шытынап кетердей болып күнге әбден тозған аласа шифер бөліп тұратын. Әуен шыға бастаса болды сол шиферге артылып алып, көрші үйдің шарбағына қарап тұрамын. Бірде-бір артық дақ түспеген аппақ бетін көлейгелеген қоңыр шашын иығынан асыра сілкіп тастап, әнін жалғастыра беретін. Әжесі көршілер не ойлайды дегендей қипақтап, Айымның дауысы қаттырақ шығып кетсе шарбақтың есігін жаба түсіп, әбігерге түсетін. Бұлай әбігерге түсуінің де өз себебі бар: қарапайым әңгімеге не өсекке, айқай мен сыбырға ғана құлақтары үйренген алақандай ғана қарапайым ауылдың тұрғындары жанды дауыстағы әнді тосырқап жүрді. «Перілермен байланысы бар, дуаны осылай жасайтын болса керек» деп жүрді ойы ең озық, ерекшелеу ойлайды деген көзі ашық білімді әйелдер. Жел сөз біздің үйдің іргесіне де жетсе керек, анам: «Әй, қыз, жаныңды шығарам, бері кел!» деп мені ол үйге жолатпайтын.
Шарбаққа артылып, кезекті бір әуенді тыңдап тұрған кезімде Айым әнін кілт үзіп: «Көркемім, кел бері, ән айтамыз» деді. Мен үйден апам шығып қала ма деп жалтақтап тұра бердім.
-Апаң ұрысса өзім шақырдым деп айтамын, қорықпай кел бері,-деді жылы жымиып. Шынымен де әйелдер түрлендіріп айтып жүрген сиқырдың бары анық, жымиса да жүрегіңді елжіретіп, өзіне тарта түсетін бір жұмбақ күші бар еді. Ашуы қатты апамның айқайы жайына қалды да, жанына жетіп бардым.
— Ән айта аласың ба?
Басымды шайқадым.
— Кел үйретемін, ән айтқан жақсы, ауырмайсың,-деді. Әннің ауруға қарсы тұратын күші туралы түсінбесем де, қайталап сұрауға бата алмадым. Өзімді топас етіп көрсеткім келмеген шығар мүмкін.
Мен Айымға үйірсек болып алдым. Кеш болса болды жанынан шықпаймын. Ән айтқанда мұң торлайтын жүзінде көзінен тамып түскен мөп-мөлдір жас сырғанайтын кейде. Себебін сұрауға тағы да бата алмадым. Бұл жолы топастығымды білдіріп алам деп емес, «Біреудің жеке ісіне араласу-мәдениетсіздік» дегенді бір кітаптан оқығам, төмен деңгей көрсеткім келмегендіктен үндеген жоқпын.
— Олар мені түсінбеді. Жақсы көретін адамдардың сатып кеткені қиын,-деді. Өзімше бәрін ұққан адамдай артық сұрақ қоймадым.
Әдемі әуен әлсіздерді жаулап та үлгерді. Әсіресе ер адамдардың тамсанбасына қоймады. Адуын әйелінің қасы мен қабағын бағып жүретін ер адамдар үшін Ақзер кемпірдің шарбағында көктем бардай көрінетін. Әйелдерінің сұрғылт жүздерінен таба алмаған жылулықты Айымнан көретін еді. Іштей кезіксе екен, сәлемдессе екен, жымиса екен тағы деп тілегенмен, әйелдерінің шайпау мінезінен қаймығып: «Ақзер кемпірдің үйіндегі жиені жынды ма бірдеме ғой өзі, ыржалақтап күле береді. Есі дұрыс емес, жындыханадан шыққан болуы керек. Беті де аппақ қудай, дәрі сорып тастаған ба тіпті!» деп екіленіп отыратын. Ауылға әдемілік келгелі мазасы қашқан әйелдердің бұл сөзден кейін уайымы сейіліп, құмандағы шайын кері ысытып жіберіп, қызылынан баптай құятын. Әншейін де мән бермейтін күйеуіне мейірлене қарап: «Жағаң кірлепті ғой, көйлегіңді тасташы жууға» дейтін. Бар мейірім, ықылас осымен ғана шектелетін.
Ауылда той анда-санда ғана өтетін. Соның біріне Айым барды. Оның жаны одан сайын әдемілене түсті. Жүзі балбұл жайнады. Өзі де әдемі, дауысы да әдемі, жаны да әдемі деп ойлайтын едім, енді оның әр қимылы да әдемі деген тағы ұғым қалыптастырдым. Денесінің әр буыны әуеннен тұратындай, әуен ойнаған сайын мың бұралады, жоқ, денесі мың бұралған сайын әуен ойнайды. Жасқаншақтау ер адамдар өз-өзін әштей әлсін-әлсін қамшылап: «Билеймін, осында билемегенде қайда билеймін. Өзі қиылып қарап тұр ғой маған» деп жігерін жиғанмен, жанындағы қабағы қатулы әйелінің шу шығармай, тыныш отыруын би бақытынан артықтау бағалап, отырғышынан тұрып кете алмады. Ал, шынына келгенде Айым ешбір еркекке тесіліп қараған емес, тіпті арнайы көз тоқтатып та қарамайтын, тек әдемі ғана жымиятын, адамның бәрін жақсы көріп, құшақтағысы келіп тұратын. Ал, батылы жеткен бір-екі батырлау жігіт ортаға шығып биледі Айыммен. Олардың әйелдеріне көзім түсіп кетті, күлгені жылайтын адамның бейнесіне ұқсап, бейшара күйге түскен. От тастауға құмар өзге әйелдер оларға сыбырлап әлденені айтып жатты. Не айтып жатқандарын естімесем де болжадым.
-Әй, оңбаған!
Залды жасындай жарып өткен ащы дауыс жалт еткізді бәрін. Әйгілі адуын Гүлбарша екен. Алда үлкен соғыс болатынын сезіп те үлгердім, Айымды жетектеп алып-ақ кеткім келген. Бірақ, оның жанына баруға да жүрегім дауаламады. Мына болғалы тұрған шайқастың бір оғы маған да дәл тиетінін білдім. Орнымнан қозғала алмадым.
-Қаланың бар еркегін тауысып, енді мында келдің бе? Жөніңе кет, бұзылған қатын!
Тойдың думаны кілт үзілді. Өзге де ауыр сөздер айтылып жатты, Айым бетін басқан күйі далаға жүгіріп кетті. Артынан шығып кетуге батылым жетпеді, мына ызғарлы жанарлардың байлауынан босана алмадым. Үйге келгеннен кейін көз ілмедім. Айым қандай күйде екен? Ол бәрімізді де жақсы көретін: әйел-еркек, ұл-қыз деп бөлген емес. Ауылды ерекше тамсанып отырып мақтайтын, адамдарын өз бауырындай көретінін де айтқан. Жақсы жігіт табылса ауылда қалам деп әзілдеуші еді кейде. Бірақ қанша ойланғанмен Айымға тең келер жігіт таба алмағам, ауылда қалған бойдақ төрт-бес жігітті іштей ойлап көрсем де, ішінен іліп алары жоқ еді. Айымның ойын, жанын түсінбейтіні белгілі. Әркімге бір жымиғанынан-ақ қызғанышқа бой алдырып, жұдырықтарын ала жүгіретіні анық. Сырласы, жұбанышы сиқырлы гитарасын да қақ бөліп, отқа жағып жіберіп «Қызуы керемет,ә!» деп ыржалаңдап отырулары да ғажап емес.
Таңертең көзімді аша сала апамның абыржыған түрінен шошыдым.
— Ақзердің…
— Не болды?
— Әлгі әнші қыз…
Апамның оны әнші қыз дегенін естіп таң қалдым. Бұрын «пері қыз», «заржақ» деуші еді.
-Таңда қалаға кетем деп…
-Кетіп қалды ма?
— Паромнан жалғыз өтемін деп…
Жүрегім дір етті… Бір жайсыздықтың болғанын ішім сезді. Жаңа ғана қалаға кетіп қалды ма деп өкініп тұрған мен енді қалаға кетіп қалса екен, әйтеуір аман болса екен деп тілей бердім іштей.
— Гитарасы су бетіне бірден қалқып шығыпты… Өзін жарты сағат өткеннен кейін тауыпты.
— Сендер өлтірген, сендер!-деп бақырып жылай бердім. Әсемділікті, нәзіктікті бағалай алмаған ауылыма ызам келді, адамдарынан өш алғым келіп өкіріп жыладым.
Ақзер кемпір екі есеге қартайып кеткен екен. Бір жыл бұрын жол апатынан қаза тапқан жалғыз қызы, артында қалған бір түйір ғана жиені де шынайы жалғыздық дегенді ұқтырған күйі кете барды.
Үйдің маңайы адамдарға толы, біреулері мал сойып, біреулері ошақ құрып, әбігерге түскен. Жаулықтарын шарт байлаған әйелдер көздерін бір-бір сығып алып ас қамына кіріскен. Кеше ғана атарға оғы болмай жүрген әйелдер бүгін ерекше нәзік болып көрінгендей: жанарларына мөлдір шық тола бастаған. Мөлдір деймін-ау? Түк те мөлдір емес, үй шатырының бар кірін шайып келіп ағатын жауынның лас тамшысы! Иә, осындай теңеу табу арқылы оларды аяусыз жазалағым келді.
Құран оқылып, бауырсақтар желіне бастады.
— Жарықтықтың мінезі жайлы екен, кеше таңғы дауылдан ешбір белгі қалмағандай бүгін күн жайдарлы, ә?- деді адуын Гүлбарша өзін ақтағысы келгендей.
Отырғандар қипақтап, әңгіменің ауанын өзгерте бастады:
— Бауырсағың жақсы шығыпты ғой, майды әбден қайнатып барып пісіргенсің-ау?
— Марқұм Бауыржанның қадесіндегі бауырсақ шикі болып шығып, масқара болды ғой.
— Иә, келіндері салақтау ма бірдеме, тым сылбыр екен.
Жаңа ғана тістеген бір үзім бауырсақ тамағыма тұрып қалды. Жүрегім айнып далаға атып шықтым. Ошақ басынан бауырсақтың иісі әлі кетпепті. Әйелдер мақтап жатқан бауырсақтан кермек дәм татиды екен. Өкініш пе?
Мен оның алдымен қызыл туфлиін көргенмін. Иа, рас! Адамның басын көрмей қалай алдымен аяғын көреді дейсіз ғой, шамасы?! Кезекті жұмыс күнінен шаршап, мойныма ауыр жүк байланғандай, көзімді жерден алмаған күйі отыр едім. Есік қағылды… Сары үрпек балапандай, қатты сөйлесең үркігенін қойшы, дәл қазір-ақ күл паршасы шығып үгітіліп, үлпілдеп тұратын бақбаққа ұқсас талдырмаш хатшы қыз шығар деп, басымды көтермеген күйі: -Кіре бер-дедім енжар күйде. Тық-тық етіп басылған аяқ дыбысы әдеттегіден өзгеше. Тықылдаған дыбыс жиілеп, жиілігі сағат соғысындай бірдей ырғақпен қайталанып келе жатыр. Өзіне нық сенімді адамның жүрісі. Жерге әр қадамын санамалап басады. Басымды көтермеген күйі еденге қарадым, маған аяңдап келе жатқан адамның аяғына қарадым. Қып-қызыл биік өкшелі туфли, балтырдың бәрі оқтаудай түзу болуы міндетті емес қой дегендей, аздап қисықтау келген аяқтарын еркелей басады. Басымды көтермеген күйі, қызыл туфли иесінің бет-әлпетін ойша өрнектеп алдым. Шашын жоғарыға түйіп, ерінін де шоқтай қып-қызыл етіп жандырып бояп алған шығар, сірә? Кірпіктерінің қысқалығына күйініп, аяусыз сүрмелеген болуы мүмкін. Ал, қасы… Керілген қарылғаштың қанатына теңеуге «патша көңілім» сараңдық танытып, көздің формасына сәйкес сыза салған әншейін бір сызық болсын деп түйдім… Осылай өз ойымдағы бейнені суреттеумен әуреленіп отырғанда: — Уақытыңызды алсам кешірерсіз,- деген немқұрайлы дауыс иесін еріншек біреу шығар деп түйіндеп те үлгердім. Уақытымды алғанына шын көңілмен ыңғайсызданып тұрмаған болу керек, арғы жағында «уақытыңызды алсам да, алмасам да бәрібір мені тыңдауға тиістісіз» деген өзіне сенміділікті аңғардым: -Ал, келіңіз, тыңдап отырмын. Алдына келіп тұрған әйел затының бетіне қарамастан сөйлеп отырған бұл қандай еркек деп таңғалғандай, біраз үнсіз тұрып қалды: -Сіздерге жіберген шығармаларымды неге жарыққа шығармағандарыңызды білуге келдім,-деді. Есіме түсті. «Адалдықты ойлап тапқан өзіміз...» деп басталатын шығарманың авторы болуы керек. Өмірдің көлеңкелі тұстарын ғана суреттейтін шығарманы басуға оң ниет танытпам едім. Өзі де еңсесі түсіп жүрген адамдарды әлдекімнің солқылдақ ойлы, күңгірттеу пікірлерімен улағым келмеген. Жанымдағы столға келіп отырғанда ғана, алдымдағы адамның бейнесін өз-өзіме тосын сый жасағандай көргім келіп, басымды көтердім. Еріні шоқтай қызыл болмаса да, қызғылт далаппен бояп реңін келтіріп қойыпты. Кірпігін аяусыз бояған деген ойым тым артықтау екен, мүлдем боялмапты. Қасын суреттеуге неге сараңдық танытқанымды өзім де түсінбеймін, әлде уысыма түспей жүрген әдемілікке ызаланғаным ба? Қара қасты, қой көзді, аққұба келген қыз алдымда тұр. Ал, шашын суреттеуден қателеспеген екенмін. Ұзақ қарап қалғаныма өзім ыңғайсызданып: — Отырыңыз, отырыңыз,- дей салдым, аяқ астынан әбігерге түсіп. Отырған соң, алдымдағы үстелде бетін теріс қаратып жаба салған Абайдың кітабына ұзақ қарап отырды да: — Мен де оқимын. Бірақ оқып іздегенімді енді таптым деген кезде, үнемі жоғалтып аламын,-деді жұмбақтау үнмен. — Нақтырақ нені? — Мысалы адалдықты. Оқып отырып адалдықтың барына сенемін, ал кітапты жауып тастап шынайы өмірді көргенде тітіркенемін. Неге дейсіз ғой, адалдық, біреудің ала жібін аттамау туралы үнемі айтып жүретін ағайым мал ұрлығымен сотталып кеткенде-ақ көзім жеткен. -Жақсылықтан Үміт үзу — адамның ең соңғы амалы құрығандағы әрекеті. Бірақ бұл әрекет арқылы да Өмір тоқтайды. Сенім керек. — Сену дейсіз бе?! Ертегіге ұқсас әңгіме… Менің бала көңілім Алладан шын ниетіңмен тілеген тілегің орындалады дегенге де сенетін… Күнде кешкісін арақ иісі мүңкіп келетін әкемнің есіктен кіргенінен-ақ үйдің мазасы қашатын. Бүгінгі күннің ойраны тағы бұзылатынын табалдырыққа жығылып құлаған кезде жарда ілулі тұрған заттардың салдыр-гүлдір құлаған дыбыстарынан сезетінмін. Әкем жұмыстан қайтар уақыт жақындаған сайын, екі көзімді тарс жұмып алып, ішімнен жүз, кейде мың қайтара Алладан папамның үйге сау келуін тілейтінмін. Анам да Алладан тілеп әбден ығыры шықса керек, «Айым, сен періштесің ғой әлі, періштелердің тілегі қабыл болады. Папам үйге сау келсін деп тілеші» дейтін кейде. Періштесің деген бір-ақ сөз аппақ Үміт оятатын кеудемде. Алланың мені еститініне күмәнім қалмайтын. Ал, жұмыстан қайтқан әкемнің сүйретіле басып, жер дүниені «төңкеріп» келе жатқанын көргенде, аппақ гүл бейнесіндегі Үміт кенет қап-қара киімді шайтанға айналып, «Сені алдадым тағы» деп сақ-сақ күлгендей болатын. — Қызық екен, бірақ бәрі бірдей олай сәтсіз бола беруі мүмкін емес, бір күні адалдық құшағын айқара ашары анық,- деп өз пәлсапамды тықпалай бастадым: — Бір-екі сәтсіз оқиғаларға қарап,өмірдің бүкіл болмысының бағасын беруге болмайды. Бұл дәлелсіз пікірімді бағаламағандай, иығын енжар қиқаң еткізді: — Білмеймін. Кітап басқа, өмір басқа. Бір-бірімізді босқа алдаймыз. Қарап отырып, дау туып, ал өзімнің сөз таба алмай қынжылғаныма іштей өкпелесем керек, Абайдың кітабын қолыма алып, қайта жаба салдым. -Егер адалдық, ар-ұят, намыс туралы ұғым болмаса, адамдар әлдеқашан хайуанға айналып, ал Өмірдің ат қорадан айырмасы болмас еді? — Ал, әдемі рөлдерді ойнап, жай ғана әртістердей жүргеніміз Өмір ме? -Сіз өзіңіз ойлағандай емес бәрі. Бір адамның көзқарасымен барлық адамзаттың бейнесі ашылмайды. Адалдық бар, кітапта жазылатын әдемі өмірлер кездеседі. Ол осы пікірімді де құрғақ деп тапқандай енжар күйде: -Мүмкін солай да шығар,-деді. Ойланып қалдым, мына қыз жын ба, пері ме? Келе сала осы уақытқа дейін жианаған өмірлік ой-тұжырымыма қарсы пікір айтты. Өз көзқарастарымның дұрыстығына күмәнданып қалғандаймын ба? Аң-таңмын. Әй-шәй жоқ есіктен ене сала, мені ойландырып тастаған бұл кім?… Біздің әңгіме осылай басталған. Содан кейін қызыл туфли мен былғарыдан тігілген қара бәтеңке жұптасып тротуарды кезді әуелі. Содан кейін ресторанның табалдырығын аттады. — Әңгімемен жарты күнім өтіп кетті,-деді ол жанарына түсініксіз мұң қамалып. — Босқа өткіздім деп ойлайсың ба? Үйде ұйықтаумен де өтіп кететін уақыт емес п? Ал, біз қаншама пікір алмастық. — Ғұмырдың соңғы нүктесі қойылар сәтте барлық өткен уақыттардың мыңнан, тіпті миллионнан бірін кері қайтарса ғой деген ақырғы тілек болады екен адамда. Тіпті бір жұтым ауа үшін бір ғана тыныстауға зар болуы мүмкін. Әр сәтті бағалау керек. — Өз басым дәл қазіргі сәтімді бағалаймын! — Бағалауға тұрарлықтай еткізіп өткізу бізге байланысты болуы мүмкін. Жұмбақтау жымиды. Күле алады екен. Және әдемі күле алады. Бетінің екі ұшындағы пайда болған ойық су бетіне тас лақтырғанда пайда болған дөңгелек көріністей тез пайда болып, тез жоғалды. Жымиғанын доғара қойды, демек. — Күліп жүрші үнемі… — Кім үшін? — Ешкім жоқ болса, мен үшін күліп жүрші… Миығынан мырс етті, сөзімді тағы да арзанға балағаны. Ішілген шараптың ба, әлде келелі әңгіменің әсері ме, бойымды, ойымды әлсіздік билей бастады. Екеуміз де табиғаттың алдында дәрменсіздік таныттық. Ол әйел, ал мен ер екенімді қанша елегіміз келмегенмен, бізге дейін жазылып қойған заңдылыққа қарсы тұруға қайратымыз жетпеді, әлде өзіміз солай болғанын қаладық па? Бағалы әңгімелер іштей жүректерді жақындастырды, пайда болған жақындық жылылық шақырды. Ал өзіңе жылы тартқан бейнеге сүйсінбеу мүмкін емес. Адалдыққа мүлдем жат болса да, дәл қазіргі тәтті кезеңді жіберіп алып, кейін өкінгім келмеді.… Май шамның әлсіз сәулесі түсіп тұрған бөлмеге ендік. Есік ашылып жабылғандағы леппен майшамның оты дір етіп өшіп бара жатты да, кейін маздап кетті. Қабырғаға түскен екеуміздің көлеңкеміз де дірілдеп тұрды да, кейін еңсесін тіктеп алды. Табалдырықты аттамас бұрын пайда болған күдік те сейілді. Қызық, көргеніме көп болмаған Айым көптен танитын адамымдай болды. Мен оны зарыға күтіп, жаңа табысқандай болдым. Талай жыл бірге болған адамың жаныңа дәл осылай жылу сыйлай алмауы мүмкін. Ол бауырыма тығыла түсіп, күрсінді. Оның да бұл сәтті жібергісі келмейтіні белгілі еді. Мүмкін қарсылық танытар деп әлі де сенімсіз күйде маңдайынан сүйдім… Май шам еріген сайын лаулай түсті. Еріген балауыз кемерінен тасып барып төгіліп жатты, жиі-жиі шығарған демімізден оты жалп ете өшіп, бықсып барып, қайта жанады. Қабырғаға түскен көлеңкеміз әлдеқашан бір денеге айналған. Бірде баяу, бірде үзіліп барып қайта жалғасатын, тіпті әлденеден қашқан адамның тез-тез жүгірісіне ұқсап, кері біразға дейін қимылсыз қалатын мына қабырғадағы көлеңкелердің бейнесіне қарап, бұларға тап қазір ешкім де, еш нәрсе де бөгет болмайтынын түсінерсіз. Мейлі ертеңгі күнді ұлы қасірет күтіп тұрса да, дәл қазіргі ләззат үшін ештемеден де бас тарту мүмкін емес еді. Денемнен әл кеткен сайын, белгісіз сиқырдың арбауына сүңгіп бара жаттым… Ол киініп, үсті-басын дұрыстап, кетуге ыңғайланды: -Тағы да біраз қалсаңшы. -Жұбайыңыз күтіп қалар. Бір ғана сөз есімді жиғызды. Адалдық бар деген пікірім желге ұшты ма? Ол қоштаспастан шығып кетті. Асығыс басқан қызыл туфлидің тықылы алыстай берді. Жұмбақ күйде пайда болып, белгісіз күйде жоғалып кеткен Айымды елеңдеп күтіп жүрдім. Жолымда ақ та, қызыл да туфли кездесіп қалып жатты. Бірақ ешқайсысы да ыстық болмады.… Машиналардың қосалқы бөлшектерін сататын қара базарға керекті заттарымды іздей бардым. Іші-бауырыңа кіріп, тіпті, дәл қазір көлігіңді өзі-ақ жөндеп беретін адамдай асты-үстіме түсіп жатқан жігіт ағасының қолын қайтару мүмкін емес еді. Әркім өз кәсібінің шебері. — Кілтті алып бере салшы,- деген сөзді аяқтамай жатып-ақ, зілдей темірді көтеріп әкелген әйел ерінің алдына қолындағысын тастай салды: -Осы ма? Оны да самарқау айтты. Сөзге сараң қандай жан еді өзі? Бетіне қарадым. Айым! Алтынды тот баспайды деуші еді ғой. Тот басқаны былай тұрсын, әбден жеп қара түтігін шығарыпты. Жұмбақ жымиятын мұхиттай терең көзқарасы жаңбырдан кейін қалған қаққа ұқсап жай ғана мәнсіз жылтыңдайды. Әйтеуір, көз деген аты ғана болғасын, жан-жағына енжар қарап тұр. Қызыл туфлиімен әуен ойната басатын аяқтарды айтсаңшы?! Жұп-жуан түйенің аяғы дерсің. Самайына ақ шаш кірген шығар десем, демінен шыққан ыстық бу салқын ауаға араласып, шашына қырау болып тұрып қалған екен. Ақша санауға бейімдеп кесіп тастаған қолғабының ұшынан көрініп тұрған сұп-сұр саусақтары суыққа әбден үйренген болуы керек, тоңатын түр танытпайды. Бетінен бұрынғы Айымның жұрнағын да таба алмадым. -Айым, қалайсың? Бетіме бажырая қарады. Көзінің оты адамды өртеп жіберер найзағайдай жарқ еткенде, жүрегім тіксініп кетті. Бекер айттым. — Ә, сен бе? Аздап жымиғандай болды, екі бетінің ұшында пайда болатын әдемі ойық бұл жолы көрдің үңгіріндей суық еді… Күндегі сұрамсақ көршісін көргендей ешқандай таңданбады да. Жанындағы ер адам жолдасы болса керек, мынау кім дегендей қарап тұрды да, өз ісіне көшіп, саудасын қыздыра берді. Мен кетуге ыңғайландым. -Адалдық бар ғой. Мұрнының астынан міңгір ете қалды.Өзге адамның түсінуі мүмкін емес еді: -Бірақ аппақ болуы міндетті емес,-деді тағы, әкелген темірлерін ауыстырып жатып, — Әп-әдемі аяқталуы да шарт емес. — Оған өткенім маңызды емес, бүгін, сосын алдағы уақытта дақ түспесе болды арамызға,- деді басын күйеуіне қарай елеусіздей бұрып, — Осылай бақытты шығармын. Ештеме дей алмадым. Іздеген заттарым да жайына қалды. Теріс бұрылып кете бардым. Жүн байпақ киілген жуан аяқтарға қызыл туфлиді ойша қиыстыра алмай, миым солқылдап ауырып кетті. Біреуге өкпелегендей болдым. Әдемілікті жұтып қойған уақытқа ма, әлде жолы ауыр адалдыққа ма, қиялымда әдеміліктің анық бейнесін сомдап қойған алдамшы қызыл туфлиге ме? Белгісіз…
Ол келді… Келетініне сенімді болсам да, көбіне керісінше орындалатын тілектерімнің бірі шығар деген күдік те қылаң беріп, күні бойы мазамды қашырып еді. Есіктің қоңырауын үзіп-үзіп екі рет басты. Оныңда бойында да күмән мен күдік араласқан сенімсіздік пен үміттің әдемі арпалысы болып жатқанын сездім. Қоңырау соғысынан-ақ. Есікті қалай ашатынымды, оны қалай қарсы алатынымды күні бойы көз алдыма миллион рет елестетіп, бір нәрсе жетіспей тұрғандай болып, көз алдымдағы көріністі миллион рет өзгерттім. Енді миллион бірінші көрініс шынымен жүзеге асқалы тұр. Есікті аштым, ол кірді:
-Мазаңды алған жоқпын ба?- деді. Сәлемдесуді абыржып тұрып, ұмытса керек.
-Ұйықтағалы жатыр едім…
(Қайдағы ұйқы… 1 аптадан бері күттірген кеш емес пе еді.)
-Алдымен хабарласып алуым керек еді, ыңғайсыз болды-ау. Қолындағы жылтыр қағазды пакетін қолыма ұстата салды. Аяқ киімінің бауын шешуге ыңғайланды. Осыншама бәлсініп тұрғаныма енді өзім өкіне бастадым:
-Қош келдің, төрлет.
Жүзіне нұр жүгіріп жымиды да, есік алдынан төрге қарай озды. Екі адам қатар тұра алмайтын тар дәлізбен өтіп бара жатып қабырғаға тіреліп тұрған мені жанай өтті. Үстіне сеуіп алған жағымды иіссуына араласқан аз ғана мөлшерде ішілген шараптың иісі бойыма құмарлық пен құштарлық отының әлсіз ғана шоғын тастап үлгерді. Шарапты батылдық үшін ішкеніне сенімдімін. Жұқа жібек көйлекшең тұрған менің кеудемді иығы жанап оның да қандай сезіммен өтіп бара жатқанын білгім келіп кетті.
-Жаңа жолдас жігіттермен отырып қалып едім.
Тым көп күттіріп қойғанына кінәлі адамдай жымиды. Төргі бөлмеге кіріп отырғанымен үйге күнде келіп жүрген адамдай жан-жағына назар аудармады. Екі күннен бері бөлменің түсқағазы мен жердегі кілемдерді ауыстырып, әншейінде гүл өсіруге желкем жібермейтін мен ең әдемі деген гүлдерді сатып әкеліп жасаған еңбегімнің біреуіне де мән беріп қарамай отыра берді. Қорқынышқа ұқсас құштарлық пен ынтызарлық сезіммен бірге осыншама тыраштанудың қажеті де жоқ екен ғой деген ой миымда жылт ете қалды. Бөлмеге өсіруге лайықты емес болса да әдемілікті еселеу үшін әкелініп қойылған, құмыраға отырғызылған раушангүлге қарап мырс етіп жымидым. «Раушангүл, мұңаймашы...»
Екеуміз де үнсізбіз… Ұзақ қарап отырып, әдемі жымиды:
-Ұйықтағалы жатырсаң да әдемісің…
Бетімнің өрті шығып, қызарып кеттім. Ұйықтағалы жатыр едім деп бәлсінгенім қалай, ерніме алқызыл далап жағым алғаным қалай? Дегбірсіздене күткенімді сезіп отыр. Иығымнан сенімсіздеу құшақтап өзіне қарай ақырын тартты. Өзіне қарай ақырын тартты дегенім де артықтау, тіпті білінбейтін күшпен ғана тартқан сияқты, мүмкін жай ғана иығыма қолын салды. Ал мен өзіне қарай тартты деп шартты рефлекспен ойласам керек, иығына басымды қойдым. Тап-таза, ұқыпты үтіктелген жейдесіне басымды қойып жатып, былтырғы тойда кездескендегі жанында отырған толықша келген ақсары жүзді жұбайы көз алдыма елестеп кетті. Ұқыпты әйел болса керек.
-Отыздан асқанша тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың өз есебі бар. Олар қоғамға қауіпті,- деген пәлсапасына:
-Қоғамға ма немесе күйеуін қызғыштай қоритын әйелдерге ме?-дедім қиқарланып.
-Күйеуін қоритын әйелдерге ешқандай қауіп жоқ, үйін шаттыққа бөлеп отырған әйелін ешбір еркек уақытпен текетіресіп, қартаймауға бар жанын салып, қарабасының қамы үшін ғана жүрген отыздан асқан қыздарға айырбастай алмайды, ал қоғамға қауіпті. Не демографияға үлесі жоқ, не ер адамның жағдайын жасауға атсалыспайды, жасаған істерінде еш болашақ жоқ, — деді нық сеніммен. Әңгіменің нүктесін қойдым дегендей, айналасына маңғаздана қарады. Мойнына тағылған алтын алқаның ұсақ жылтыр көздері де ресторанның шамдарына шағылысып, менің алдымдағы оның жеңісін одан әрі қолпаштағандай жалт-жұлт етті.
-Тым сенімдісіз ғой,- бар айтқаным осы еді. Себебі өзеуреп сөз таластыру жеңіс емес деп түйіндедім. Жанындағы күйеуіне қарадым. Сұңғақ бойлы, қара торы келген жігіт. Біздің әйелдерге тән әңгімемізді естігенімен, барынша мән бермеуге тырысып, жанындағы жігітке машиналардың қосалқы бөлшектері туралы ақылдасып жатты. Жаңағы әйелге деген іштей пайда болған қарсылығыма қоса, күйеуінің мына ұсақ әңгімелерге назар аудармаған әрекеті жағымды пікір қалыптастырып, ойыма адами қасиетке жатпайтын азғындыққа ұқсастау ой тастап та үлгерді. Мен оны аңди бастадым. Бағанадан бері қалай назар аудармағанмын?! Кең маңдайы – кең пейілділігін, қоңырқай жүзі мен қалың қабағы – нағыз еркекке тән айбатты, қыры шыққан мұрыны – сымбаттылығын, жымиғанда бірге күлімдейтін қоңыр көзі – ақкөңілділігін ешкім айтпаса да ұқтырып тұрғандай. Қадалып қарағаным әйеліне күмән тудырып, одан сайын менімен тәжікелесе ме деген оймен көзімді тайдырып әкеттім. Оны тану үшін 4-5 секунд қана жетті. Барлап, іштей ол жайлы пікір қалыптастырып та үлгердім. Ал, оған қараған осыншалықты қысқа ғана секундтар ішінде әйелдік қырағы көздер сезіп те үлгерді. Мен оның күйеуін барлап, ал әйелі менің көзқарасымнан менің ойымды да оқып үлгерді. Ән айтылды. Баяу ырғақ басталысымен жаңағы ақсары жүзді әйелді оң жақ жанында отырған ер адам жұп-жұмыр білектерінен ұстап, биге алып кетті. Ооо, енді қарап қалмау керек.
-Билеп қайтсақ дау шыға қоймас,- дедім жымиып. Ол күтпесе керек, абыржып күліп, басын изей берді.
Жұқа капрон көйлегімнен қолдарының ып-ыстық табы сезіліп тұрды. Суық тиіп ауырғанда әжемнің беліме, аяғыма, ішіме басатын, жаныма жайлылық орнататын ыстық бұлауы есіме түсіп кетті. Менің де дірілдей шыққан ып-ыстық демім оған мейлінше жақын сезіліп тұрған еді. Жанында уақытша тәттілік сыйлап тұрғанын да сезіндім. Билей жүріп, жұмысым жайлы,өзім жайлы, жағдайымды сұрады. Шығармашылықтың адамы екенімді біліп, қызығушылығы арта түсті. Не жайлы жазатынымды сұрады, ерекше тақырыпқа ауысқым келетінін, тың ойлар әкелгім келетінін, көп ешкім айта қоймайтын тыйым салынған тақырыптарда ашық ой қозғағым келетінін білген ол 4 минуттық би уақытының аздық ететінін ұғынды. Оның қызығушылығы артып, ары қарайғы ойымды білгісі келе түсетініне сенімді едім. Қолы тигенде жұмыс жағыма соғып кететінін де айтты. Ызғарлы көз сыртымнан дәлденіп тұрғанын, қарамасам да сездім, қызғаныш пен шамалы уақыттың ішінде ғана пайда болған ерегес отының да табын сездім. Енді қалудың реті келмейтінін біліп, той иелерімен қоштасып шығып кеттім.
Бұл кездесудің қалай басталғаны да есімнен шыға бастаған екен. Иығына басымды қойып жатып, жейдесінің жағасынан саусақтарымның ұшымен ғана аялай сипадым. «Сен тазалап, үтіктеген жейдені дәл қазір мен иеленіп отырмын!» Бұл әйел затының ең осал тұсы болса керек, өзге ойларға жол берілмейтін қатты қуанышта да, өте ауыр қайғыда да, ең жауапты сәттерде де өзіне тән жымысқы ойларынан ешқашан ажыраған емес. Есі шығып қатты қуанып жатып та, жанындағыларды көзімен бір сүзіп шығып, қуанышына ортақтасып тұрған әйелдерді барлап шығуы мүмкін. Риясыз күліп тұрған құрбысының ерніне жағылған помаданың тісіне жұғып қалғанын көріп, мысқыл ой пайда болуы мүмкін. Әнебір шетте зорлана жымиып тұрған тағы бір құрбысының қатты күлсе бетінде пайда болатын ұсақ әжімдерінен ыңғайсызданып тұратынын да ұғып қалуы мүмкін. Әйтпесе, дәл қазір ерегес ойларға жол беретін сәт емес еді. Көптен аңсап жүрген бақты уысыма түсіргендей, рахаттана көзімді жұмдым. Сұқ саусағына салынған неке жүзігі бөлменің шамына шағылысып, бетіме түскен шашымнан сипап ысырды. Шамға шағылысқан неке жүзігі «Бәрі де уақытша ғой, есіңді жисаңшы...» деп, ортамызға жік салғысы келгенмен, мен уақытша бақтың болса да дәмін сезінгім келгендей, аяулы сәттен ажырап қалғым келмей оның құшағына тығыла түстім.
-Не үшін шақырдың?
-Ұнаттым, мені де ұнататыныңды сездім.
Маңдайымнан сүйді.Ұшы қиыры жоқ сахараны кезіп келіп, әбден шөліркеген ерін мен таңдай бір тамшы ғана мөлдір суды көрсе қалай ынтығатыны белгілі ғой. Мүлгіген тыныштықты дамылсыз дүрсілдеп тұрған менің жүрегімнің үні ғана бұзып тұрғандай болды. Ернімнен сүйгенше ғасыр уақыт өтіп кеткендей болды, маңдайымнан кейін ернімнен сүйетінін алдын ала сезіп, күтіп отырсам керек. Жауырынымнан қапсыра ұстаған ып-ыстық алақандары, денемді күйдіріп бара жатыр, күйдіргені былай тұрсын күл қылып өртеп жіберсе де көнуші едім. Әлсіз сезілетін шараптың иісіне көміліп, мен де мас адамдай мең-зең едім. Оның әрбір қимылын, тіпті қарашықтарын қалай қозғалтқанына дейін есімде сақтап қалуға тырыстым. Өзіне қарай қапсыра құшақтағанда оның бар денесін өзімнің тәніммен, жаныммен сезінгім келді, сездім де. Жейдесінің түймелерін ағыта бастадым, тар көздерінен өтпей тұрған әлде сүйір тырнақтарыма ыңғайсыз келіп шешілмей тұрып алған бір-екі түймесіне іштей «өшігіп» алдым. Тіпті, түймелерге дейін үйіндегі қожайынның тілеуін тілейтіндей, маған қарсылық көрсетіп тұрғандай әсер қалдырып кетті. Сиқырға толы рахатты сезініп тұрып, мынадай ұсақ ойға жол берген мені «әйел» демей көріңіз. Көйлегімнің сырмасын ағыта бастап еді, дәл жанымда тұрған шамның түймесін басып өшіре салдым. Ортадағы дәліздің шамы бөлмеге әлсіз ғана жарық сыйлап тұр еді. Мойыныман, иығымнан сүйгендері бойымды сиқырға бөлегендей, біртіндеп өз күшімнен ажырап бар жаттым. Иығынан қапсыра құшақтаған да, кеудесін өртей сүйген де, шешілген көйлегімді кейінге қарай ысырған да, оның жейдесін шешкен де мен емес секілдімін. Өң мен түстің ортасындағы тәтті кездей өтті. Құшағынан шығып кетсем, мына ертегіге ұқсас күйден ажырап қалып, сұп-сұр ортада аңырап отырып қалатын Күлше қыздың күйін кешкендей болатынымды ұқтым. Ол жинақтала бастады. Уақытша бақыттың баянсыздығына өкпелеп тұрғанымды сезгендей, жұбатқысы келіп, қапсыра құшақтап, құшырлана сүйді:
-Көреміз ғой әлі…
Мен басымды изедім. Бірақ кейін қайталанатын кездесулер дәл осындай толғандырып, дәл осындай сезімге ие болатынына сенімді емес едім.
-Жарайды, сау бол…
Есіктен шығарып сала, жаңағы тәп-тәтті уақыттың әрбір қас-қағым сәтін жоғалтып алуға қимайтын ең аяулы затымдай ойыма кері қалықтатқым келіп, жастыққа басымды қойдым.
… Таңертең құмыраға отырғызылған раушангүлдің бозғылт тартқан түрін көріп, кеуде тұсым шымыр етті. Жұбатқым келіп күлтесін аялай сипап едім, қауызынан бөлінген бір тамшы сөл жапырағына қарай тамып бара жатты… Даланың, жердің табиғи топырағына жаратылған оның тағдыры құмыраға бәрібір телінбейтін еді… Жылап тұрған раушангүлді емес, өзімді аядым…