Жарияланымдар

Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі

«Жаһандық және аймақтық деңгейде
Қазақстанның алатын рөлі жоғары» — Паоло Бартолоцци
Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биыл- 26 жыл. Осындай аз уақыттың ішінде жас мемлекетіміз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы — қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жаһандық бастамаларының арқасында Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың сенімді мүшесі ретіндегі халықаралық беделі айтарлықтай артты. Халықаралық деңгейде Қазақстан қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістер бастамашысы, мәдениет, дін және өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы ретінде танымал болды. Еліміздің іргелес жатқан көрші елдер және сыртқы әлеммен арадағы белсенді, әрі бейбіт қарым-қатынасы Орта Азиядағы Қазақстандай табиғи байлығы және Еуропа мен Азияның арасындағы экономикалық қатынастарға өте қолайлы еліміздің экономикалық тұрғыдағы дамуын жеделдете түскендігі анық. Қазіргі таңда Н. Назарбаевтың ұсынған бастамалары әлемдік деңгейде мойындалып, жетістікті әрекет етіп келеді. Солардың бірнешеуінің жұмысына тоқталып өтсем деймін.
Ең маңызды бастамалардың бірі- ол ядролық қаруды таратпау және қарусыздану табыстары. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.
Одан соң, АӨСШК – құрлықтағы мәні зор қауіпсіздік құрылымының құрылуы. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. Ол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін өңірлік құрылым Еуразия құрлығында жоқ еді. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Сөйтіп, осы бастама АӨСШК үдерісінің басталуына бірден-бір себеп болды.
Үшінші кезекте- тағылымы мол діндер көшбасшыларының съездері. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына бірқатар мемлекеттердің басшылары, белгілі саясаткерлер мен дінбасылары қолдау білдіріп, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада бірінші Съезд өтті. Форумға қатысушылардың басты идеясы бүкіл Жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруі мақсатында әртүрлі діндер өкілдерін ынтымақтастық пен бірлікке шақыру болды. Содан бері Астанада 2006, 2009 және 2012 жылдары тағы үш Съезд өтті.
Елбасымыздың ұсынған Еуразиялық одақ құру идеясы өз кезегінде өзге елдер тарапынан қолдау тапқан болатын. «Еуразиялық одақ» тұжырымдамасы идеясының мәні – Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, геосаяси, тіпті саяси кеңістігін біріктіру. Өз елдерінің экономикалық жағдайына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларға талдау жасаған соң және оны түбегейлі жақсарту мәселесін басшылыққа ала келіп, Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақ (КО), артынан – Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), ал ең соңында түпкілікті мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шешімге келді. Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы тығыз экономикалық байланыстың қалыптасуының бастамасы 2010 жылы Кедендік одақ құру арқылы жасалған болатын.
Беделді ұйымдардағы төрағалық та еліміздің беделін айтарлықтай өсірді. 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды. ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде еліміздің осы Ұйым қызметінің бағыттары бойынша белсенді жұмысы саммиттің қорытынды құжатында – «Қауіпсіздікті қолдайтын қауымдастыққа қарай бет бұру» атты Астана декларациясында көрініс тапты.
Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан халықаралық проблемаларды шешуде үлкен рөл атқарып келеді. Әлемде кезекті экономикалық дағдарыстармен қатар, әскери және діни қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде Президент жаңа саяси бастамалар көтерді. БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс дегенді баса айтты. Әрине, бұл үшін БҰҰ-ның 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жаппай жауапкершілігі көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Ассоциациясы 2012 жылдың 12 қаңтарында www.group-global.org сайтында G-Global ақпараттық-коммуникативтік интернет алаңы форматында зияткерлік желісін іске қосты. G-Global – бұл әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастар, пікірсайыстар жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы платформа.
Еліміздің жаһандық бастамаларда алатын орны ерекше екендігін айқындайтын басты дәлелдердің бірі- елордамыз Астана қаласында өткен Халықаралық EXPO-2017 көрмесі. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта өткен көрме энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктірді. Бұл көрме Қазақстанды тағы да бір қырынан әлем назарына таныта білді. Көрменің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл — Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. «ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО» беделімізді биіктетіп, рухымызды көтерді», — деді Мемлекет басшысы.
Тарих көрсеткендей, Қазақстанның жаһандық идеялары мен бастамалары ғаламшар өкілдерінің жүректері мен саналарынан орын тауып, біртіндеп іске асу үстінде. Қазіргі кезеңде еліміздің тәуелсіздік пен кемел елді орнықтыру және дамыту жолындағы қадамдары нық. Президентіміз ұйытқы болған жаһандық бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау табуы- Елбасының көреген саясатының арқасы. Атамыз қазақ «нар жолында жүк қалмас» деп бекер айтпаған. Демек, Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғасы бар, өзіндік көзқарасы, өзіндік ұстанымы, өзіндік даму жолы бар жас мемлекетіміздің шығар асуы әлі де биік болмақ.
Әрі қарай

Инвестициялық жобалар

Инвестиция біздің экономикамызға таңсық термин емес. Инвестиция — табыс алу, меншікті капиталын молайту үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер салатын, үстеме табыс әкелетін қаражат. Капиталдың ең маңызды белгісі — оның иесіне пайда әкелу мүмкіндігі. Салынған қаражаттар толығымен өзін-өзі өтеуі тиіс. Бұл операция салдарынан пайда жоғары болу қажет. Яғни, тәуекелдерді жабу үшін. Халықаралық тәжірибеде кәсіпорынның даму жоспары бизнес-жоспар ретінде көрсетіледі, ол негізінен кәсіпорынның даму жоспарының құрылымдастырылған сипаты болып табылады. Егер жоба инвестицияны тартумен байланысты болса, онда ол «инвестициялық жоба» деп аталады. Жалпы түсінігі бойынша жоба – бұл белгілі бір мақсатқа көзделетін кәсіпорынның іскерлігін жақсарту жайлы арнайы ұсыныс. Инвестициялық жобалардың түрлері және мазмұны әр түрлі болуы мүмкін. Яғни бұлар құрылыс жобаларынын мүлікті бағалауға дейін жоба сәйкес келмеуі мүмкін. Инвестор тарапынан алғанда инвестициялаудың мәні — «ертеңгі күні» пайда алу үшін «бүгінгі» пайданы алудан бас тарту. Мұндай операциялар банктермен ссуда беруге ұқсас келеді. Жалпы алғанда, егер инвестициялық жоба өте нақты анықталып бағаланса, онда оның экономикаға әкелетін әсері жағымды болады. Сонымен қатар, осы инвестициялық жобаны әзірлеуші тұлға белгілі бір қаражаттар сомасын сала отырып, болашақта өз пайдасын екі немесе одан да көп мөлшерде ұлғайтуы мүмкін.
Елімізде қолға алынған сондай жобалардың бірі — аглоөндірісті қайта жаңарту. Бұл жобаға «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 7,5 млрд қаржы инвестиция салмақ. Жобаның мақсаты — машинаның меншікті өнімділігін 30% — ға арттыру және цех қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту. Бұл жалпы құны 7,3 млрд теңгені құрайтын аглоөндіріс өнімділігін арттырудың негізгі жоспар кезеңдерінің бірі болып табылады. Жоба бойынша №6 агломашинаны қайта жаңартуға үш миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған. Аглоөндірісті қайта жаңарту бойынша жоспарды іске асыру, 2015 жылы №7 агломашинадан басталды. Жоспарға сәйкес, 2018 жылы №5 агломашинасында жұмыс жүргізіледі. Осылайша, төрт жыл ішінде үш агломашина жаңа параметрге шығарылады. «Осы жаңғырту нәтижесінде агломашина өнімділігі артады және домна пештерінің агломератпен қамтамасыз ету сенімділігі артады. Яғни, кәсіпорынның негізгі металлургиялық агрегаттарының өндірістік қуаты мен жұмыс сенімділігі артады» дейді АрселорМиттал Теміртау» АҚ жөндеу жұмыстары бойынша директоры Вадим Басин.
Соңғы жылдары Қазақстан экономикасында белгілі бір мақсаттық сипаттарға әр түрлі инвестициялық қорларды құру ерекше маңыздылыққа ие болып отыр. Олар өздеріне инвестициялық ресурстарды жинақтайды. Еліміздің экономикасының дамуы отандық және шет елдік инвестициялардың тартылумен тығыз байланысты болып келеді. Инвестицияларды әр түрлі қаржы құралдарын шығара отырып тарту бүгінгі күні кең көлемде қолға алынды. Қазақтан Республикасында жалпы инвестиция саласының дамуына қолайлы климат қалыптасқан. Қазіргі таңда көптеген инвестициялық жобалар әлі қабылданбаған, олар көбінесе химиялық, металлургия, құрылыс материалдары өндірісіндегі жобалар болып табылады. Менің ойымша бұндай жобаларды мемлекет тарапынан жартылай болса да, қолдап және қаржыландырылуы керек. Өйткені бұл жобалар, еліміздің экономикасын әрі қарай дамытуға септігін тигізеді және халық тауарларына сұранысты арттырады.

Аяжан Мадибекова, ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті.
Әрі қарай

Сыр еліндегі білім додасы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша IX республикалық пән олимпиадасы өтуде. Олимпиада бағдарламасы бойынша Сыр өңірінен тарихынан сыр шертетін, археологиялық зерттеулер кезінде табылған көне заман мұраларын сақтап, зерттейтін «Археология жəне этнографиялық ғылыми-зерттеу орталығы» жұмыс жасап келеді. Орталықтың көрме залы 2011 жылдан бастап археологиялық қазбалар барысында табылған экспонаттар, тематикалық билбордтар мен Сыр елінің тарихи-мəдени ескерткіштері көрермен назарына ұсынылуда. Көрме залы бірнеше бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімінде Арал маңына жүргізілген археологиялық зерттеулер тарихына үңілдік. Тамыры тереңде жатқан ортағасырлық Жанкент қаласы жайлы мағлұматтар қабырғаларда бой көтерген. Сондай-ақ, бірнеше тарихи дəуірлердің нысаны ретінде зор ғылыми маңызға ие болған Шірік рабат археологиялық экпедициясы жайлы да көп мағлұматтармен қанық болдық. Академик С.П.Толстов енгізген «Батпақтағы қалалар», Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыз қалалармен таныстық. Арал өңіріндегі көпжылдық археологиялық ізденістерді қорытқан еңбектер де көрініс тапты. Аралдың кепкен табанына жүргізілген зерттеулер, Арал-Асар қонысы жəне Кердері мавзолейі туралы сөз қозғалды. Көрме залының екінші бөлімі Шірік рабат мəдениетіне арналған. Залда Сырдың төменгі ағысындағы архитектуралық ескерткіштер атап айтқанда, ХV-XVI ғасырлардағы Сырлытам мавзолейі, XIX ғасырда Кəрібай мавзолейі, XIX ғасырда Қалжан Ахуы, Сараман Қоса медресесі, Орақ мұнарасы туралы мəліметтер келтірілген. Сонымен қатар, көрме Сыр өңірінің сақ өркениеті: қалалар мен бекіністері, ғибадатханалар мен кесенелері, суармалы егіншілік, қолөнері мен сыртқы өркениеттермен байланыс, асарлар саны 50-ден асатын Жетіасар мəдениеті туралы деректерімен де құнды. Сондай-ақ, 1959, 1960-1961 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының негізінде ашылған оғыз кезеңіне жататын ортағасырлық қалалар жайлы сыр шертетін құндылықарымызды насихаттайтын бұндай мұражайлардың болуы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет үшін үлкен мəртебе. Барлығы жеті бөлімнен тұратын көрме залы туралы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша өтіп жатқан ІХ республикалық пəн олимпиадасына келген қатысушылар тың мəліметтермен қанықты. Университет мұражайында тарихи жəдігерлердің сақталуы Қызылорданы əлемге танылуына мүмкіндік ашады.
Әрі қарай

«Бiрiншi байлық – денсаулық, екiншi байлық – ақ жаулық...» (Халық даналығы)

Мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз, ол әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Орамал- кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей. Басқа тағылған орамал тазалықтың, әдеміліктің белгісі.
Орамал тағудың физиологиялық тұрғыдан да әйелдерге пайдасы бар. Әрине, бұл өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе. Десек те, С. Асфендиров атындағы Мемлекеттік медицина университетінің емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева бұл жайлы былай дейді:«Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір-лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Осы жолдың авторының өз тәжірибесінде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», т.б. дертінен жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, сөйтіп, онда еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады, нәтижесінде ағзаның гормональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлі ісік, т.б. ауруларға жол ашады».
Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Оның басты қасиеті де осында жатса керек. Бүгінде көпшілік орындарда, көшеде, үйде, түрлі мекемелерде басына қазақы әдеппен орамал тартып жүретін әйелдерді өте сирек кездестіресің. Бұл – орамал тағу мәдениеттіліктің бір нышаны екенін ескермеудің салдары. Осыған орай, жастар арасында «Қоғамдық орындарда қыздардың орамал тағуына көзқарасыңыз қандай?» деген сұраққа сауалнама жүргізіп көрдік.
Жанар Рамазанова, ҚарМУ-дың филология факультеті, журналистика кафедрасының оқытушысы:
-Біздің қоғамда орамал таққан әйелді көргенде, өкінішке қарай, жұрттың көбі бір жақты, жағымсыз кейіп танытады: 1. Ол әйел дінде. 2. Дінде болса, теріс ағымдағы дінде. 3. Асқа(құранға) бара(келе) жатыр. Осы әрекеттерінің өзі исламға түбегейлі қайшы екенін де түсінбейді. Ал, сол орамал таққан қыз-келіншектің ауызында Алласы, жүрегінде иманы бар, жас келін, жас ана немесе бес уақыт намазы бар, демек, Алланың тура жолында екенін қаперіне де алмайды. Өз басым, қоғамдық орындарда кездесетін орамал тартқан қыз-келіншектерге ықыласым ерекше.
Назерке Таледжан, студент:
-Мен қыздардың орамал тағуына қарсы емеспін. Себебі, Адам қандай киімде болса да, қоғамға кесірін тигізбесе, онда ол адамның дүниетанымына, таңдауына қарсы келуге болмайды.
Медет Кәрім, студент:
-Орамал тағып жүрген дұрыс. Орамал тазалықтықтың белгісі және сырт көзге әдемі көрінеді. Сонымен қатар, өзіміздің қазақилығымызды көрсетіп тұрады. Шашын жайып жүрген қыздарға үлгі болады деп ойлаймын.
Айзат Серғазы, студент:
-Қазақ қыздарының орамал қоғамдық орындарда тағып жүруіне қарсы емеспін. Себебі, менің ойымша, барлық адамға толерантты көқараспен қарау керек. Сондықтан, әркім не кигісі келеді, соны киюі керек. Әркімнің өз таңдауы бар, оның таңдауын құрметтеуіміз керек.

Данияр Мекеев, студент:
-Қоғамдық орындарда болсын, қай жерде болса да қыз баланың орамал таққаны дұрыс. Көбісі бұрын қыз бала тұрмысқа шыққан соң ғана орамал таққан деп жатады, бірақ қыз бала бойжеткен соң орамал таққаны дұрыс деп ойлаймын.
Саяжан Серікова, студент:
-Қыздардың орамал тағуына қарсы емеспін. Себебі, кез-келген қызға әдемі жарасады. Оның ешқандай әбестілігі жоқ деп ойлаймын. Орамалды тек әдемілік үшін емес, тазалық үшін де таққандықтан, қолдаймын.
Сауалнама қорытындысы бойынша пікір білдірушілердің ойлары бір жерден шықты. Жастардың орамал таққан қыздарға оң көзбен қарайтынын байқадық. Бұл әрине қуантарлық жағдай.

Аяжан Мадибекова
Әрі қарай