Жарияланымдар

БОСҚЫНДАР

Блог - AnuarEskara: БОСҚЫНДАР
Бейбітшілігі баянсыз мемлекетте береке болмайды. Соңғы уақытта ел мүддесі деп, өзгенің сойылын соққан халқымен берекесі безген кейбір мемлекеттердегі саяси ахуалдар әлем назарын аудартып, үрей тудырып отыр. Әсіресе, Таяу Шығыс елдері шимайланған саяси шиеленіспен қарулы қақтығыстан көз ашпай отыр. Тынышы қашқан елден түн жамылып қашқан халқы бүгінде шартарапты шарлап, бас сауғалап босқындап кетті. Олар Отанында жоқ бейбітшілікті іздеп, өз атамекендерінен безінуге мәжбүр.

Сенің ажалыңа адамзат кінәлі
Жуырда отандық бұқаралық ақпарат құралдарында 3 жастағы босқын сәбидің өлімі Еуропаны дүр сілкіндіргендігі айтылды. Алайда бұл жағдай тек қана Еуропаны ғана емес, өзгелерді де алаңдатпай қоймады. Адамзаттың қатыгездігінен көз жұмған бейкүнә сәби Сириядағы берекесіздіктен безіп, Грекияға қашпақ болған кезде суға кеткен босқын отбасының бір мүшесі еді. Оның жансыз денесі түріктердің Бодрум қаласына жақын жағажайдан табылған. Reuters агенттігінің фотографы Нилуфер Демирдің үш жастағы Айлан Курдиді түсірген суреті Еуроодақтағы көші-қон проблемасы жайлы пікірталасты одан әрі өршітті. Тіпті бұл сурет Еуропа елдерінің билік басындағылардан өз еліндегі азаматтық соғыстан қашқан сириялықтарға көмек көрсетуді талап еткен белсенділер мен құқық қорғаушылардың ашу-ызасын туғызды. Ал Сириядағы ахуалды сырттан бақылап отырған кейбір жандардың бұл оқиға жанына қатты батты.

Босқындар саны жағынан Сирия алдынғы орында
Жаратқанның жер бетіндегі жұмыр басты пендесінің бір-біріне деген мейірімсіздігінен, тіпті мұсылман бола тұра, мұсылманға қастық қылған қатыгездік іс-әрекеттерінің салдарынан қазір қаншама жазықсыз жандар жапа шегуде. KAZAKH.TV-нің ақпаратына сүйенсек, БҰҰ әлемдегі босқындар саны рекордтық көрсеткішке жетті деп хабарлайды. Тіпті ұйымның хабарламасы бойынша қарулы қақтығыстар мен қудалаудан қашып, өз үйлерін тастап, бас сауғалаған жандардың саны адамзат тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өткен жылы әлемде 60 млн-ға жуық босқын тіркелген, олардың жартысынан астамы – балалар. Бас сауғалап жүргендердің басым көпшілігі – сириялықтар. Өйткені, бір ғана Сириядан 9 млн. босқын кеткен-мыс. Тіпті жақын аралықта сириялықтар әлемдегі босқындар саны жөнінен бірінші орынға шығуы ықтимал деген де мәлімет бар. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, 2 млн. сириялық босқын Мысыр, Ирак, Иордания, Ливанға қашып кетсе, 1,7 млн. адамы Түркияда бас сауғалап жүр. Сондай-ақ, әлі де болса Сирия аумағынан шыға алмай жатқандар бар көрінеді. Ал Lenta.ru сайтының таратқан хабарына сүйенген республикалық «Егемен Қазақстан» газеті үстіміздегі жылдың шілде айындағы санында ондағы босқындар саны 4 млн-нан асты деп жариялады. Жалпы Сирия халқы дүниежүзілік қауымдастықтың қолдауына мұқтаж. Қазіргі таңда елінен қашуға мәжбүр болған босқындарды кейбір елдер қабылдауға ниет білдіріп отыр. Германия 30 мың, Норвегия – 1500, Франция – 500, Нидерланд – 250, Белгия – 150 босқынды қабылдауға дайын болса, Австралия тағы да 12 мың босқынды қабыдауға дайын екендіктерін айтады.
Еске сала кетейік, Сириядағы азаматтық соғыс (бүгінде осылай аталып кетті) 2011 жылдың наурыз айынан бері жалғасып келеді. Тунис пен Египеттегі билікті құлатқан «Араб көктемінен» әсерленген шерушілер сол жылдың наурыз айында Дамаск, Деръа, Хамс, Аллепо сияқты қалаларда президент Башар Асадтың үкіметіне қарсы шығудан бастаған болатын. Арада бес жыл уақыт өтсе де, бұл елде әлі күнге дейін қарулы қақтығыстар жалғасып келеді. Ғаламтордағы кейбір мәлімет көздеріне сүйенсек, елдегі қақтығыстардың салдарынан 230 мыңнан астам адам қаза болған.

Босқындар мәселесі — дағдарыстың төбе көрсетуіне себеп
Bag.kz хабарлағандай, соңғы уақытта Таяу Шығыс пен Африкадан қашқан босқындар Италия, Греция, Франция, Венгрия сынды Еуропа елдеріне мыңдап ағылуда. Осыған орай, Франция, Италия және Германияның сыртқы істер министрлері Еуроодақтан босқындардың жүріп-тұруы туралы ережені қайта қарауды талап етіп отыр.Олар мигранттарға баспана беру және босқындардың ЕО аумағында қозғалуын реттеу керектігін алға тартуда.
БҰҰ-ның мәліметінше, жыл басынан бері Жерорта теңізін кесіп өткен мигранттар саны 264 мың адамнан асып жығылған. Босқындардың ең көп барып жатқан – Германия болып отыр. Жыл соңына дейін бұл елден баспана сұрап өтінім берген босқындар саны 800 мыңға жетеді деп күтілуде.
Еуропаға қарай бас сауғалап кеткен босқындардың дені Германияға жетуге асығады. Ал Германия билігі оларды қалай орналастыруын білмей дал. Тіпті босқындарды бос тұрған банк, әуежай, конгресс ғимараттарында жайғастырғанымен, оның өзі жеткіліксіз болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін қазір шатыр қалашығының құрылысын қолға алған. Сондай-ақ, Берлинде босқындарды тіркейтін жаңа орындар ашылып, ол аптасына жеті күн істейді.
Бейбіт өмір іздеген босқындардың әлем кезіп былайша босып жүруі әлемдегі өзге елдердің экономикасына да әсер етері сөзсіз. Мамандардың айтуынша, әлемдік дағдарыстың орын алуына мұның да бір жақты әсері бар көрінеді. Айталық, жапа-тармағай неміс жеріне асыққан босқындардың салдарынан Германия федералды жерлерінің бюджетінде айтарлықтай проблемалар туындауда. Үстіміздегі жылы ондағы шығындардың көлемі екі есеге ұлғайған. Мәселен, өткен жылы шығынның мөлшері 2,2 млрд еуромен шектелсе, биыл 5 млрд еуроға жеткен.

Бізде заңда бар, босқында бар
Қазақстанда “Босқындар туралы» заң 2010 жылдың қаңтарында күшіне енді. Бұл заң төңірегінде бірқатар жұмыстар да атқарылып жатыр. Себебі, Қазақстанға да ара-тұра әр түрлі себептерді желеу етіп, бас сауғалап келушілер төбе көрсетеді. 24.kz хабарында Страсбургте өткен Еуропарламент отырысында Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер:
— Еуроодаққа мүше елдер бірлесе отырып әрекет етулері қажет. Бұл жерде адам өмірінен өзге маңызды еш нәрсе болмауы тиіс. Қақтығыстар жүріп жатқан аймақтардан келген келімсектердің басым бөлігін, яғни 31,4 мың адамды Германия, Франция – 24 мың және Испания шамамен 15 мың босқынды қабылдауы тиіс. Алайда Еуропа барлық қашқынды қабылдай алмайтынын алдын ала ескертемін, — дегені бар.
Әзірге Еуроодаққа мүше елдерге алдағы екі жылда Таяу Шығыс пен Африкадан қашқан 160 мыңға жуық келімсекті қабылдау ұсынылып отыр.
P.S. Әлемде жаға ұстатар жайттар жетерлік. Бұл мүдделер соғысы екені анық. Ал халық бейбітшілікті көксейді.
Әрі қарай

Тісім сынды

Тісім сынды
Қашып келем. Зәре-құтым қалмай зытып келемін. Екі алақаныммен ауызымды тас қылып жауып келемін. Әлгінде ғана қатты соққыдан тісім сынып қалған. Мұрнымнан да қан сауғалап, ізінен қалмай еріп келеді. Сонау алжыған Аңғарбайдың ауласынан бері қарай менімен жарысып келеді.
...Әдеттегідей бейқам күйде карта ойнап отырғанбыз. Құрдас шал-шауқанның барлығының жиналып алып ермек ететін кәсібіміз ғой бұл. Әрі әр түрлі тақырыптарда өсекті өкіртеміз. Бүгін әңгімеміздің ауа-жайы қыз-қырқынды төңіректеп кеткен сол еді, табан астынан әлгі арамыздағы үлкеніміз, сексеннің бесеуіне келген Аңғарбай селкілдеді де қалды. Ойламаған жерден көршісінің жесір қалған келіншегін алам деп ойран салды. Өзінің кемпірін о дүниеге аттандырып жібергелі қашан. Енді сол кемпірінің артынан «жолдама» алып кетер шағында оның мұндай өнеріне қайран қалыстық.
Рас айтамын, оның бұл қылығын әзіл деп түсіндік. Сөйтікте әжуалай бастадық. Сексендегі сезімін онсызда жеткізе алмай булығып жүрген Аңғарбай бізден сірә, жәрдем күтсе керек. Алайда оның бұл алдамшы ойы өзін алдап соқты.
Ақыры жан-жағынан әзілмен түртпектеген біздің қылығымызды көтере алмай шәйтан түртіп, ашуланып кетті. Ең бірінші оң жағында отырған Оңғарбайды отырған орнынан оңдырмай түсірді. Қарсы отырған Шалқарбайды шалқасынан түсірді. Қалған бес шал болып ашуын баспақ болып едік, сексендегі селкілдеген шалың әлі де болса қуатты болып шықты. Төртеуін төрт жаққа лақтырып, бесінше менің көзіме от ойнатты. Тұмсықтан жұдырықпен түрткені сол еді аузыбасымды алақаныммен жауып алжып мен кеттім. Естерімізді жия сала жеті шал болып жеті жаққа қаштық. Қалғанын қайдам, әйтеуір өзім қорқанымнан шарбақтан секіріп, айналада қарқылдап тұрған балаларыммен жасты жастардың қасын көк шаң етіп табанымды жалтыраттым.
Жар жолға жете берген де білдім. Ауызымдағы екі тісім сыныпты. Үнемі өсек айтқан кезде сол екі тісім ерекше жарқырап тұратын еді. Ал енді екеуі сол енді бармастай болған Аңғарбайдың ауласында қалды. Бұдан кейін өсек айтпаймын, уәде беремін. Өйткені, тісім сынды, сәні кетті, сабақ болды.
Әрі қарай