Жарияланымдар

Қайталанбас махаббат хикаясы

Блог - AidaMuntiyeva: Қайталанбас махаббат хикаясы
Осыдан жеті жыл бұрын… Маусым айының он жетісі. Жайма шуақ күннің елесі де көрінбейді. Аспан қара-сұр түске боялып, жаңбыр тоқтамастан нөсерлетіп, құйып жатыр. Мен бар жоғы тоғыз жаста едім. Біздің үйіміздің дәл жанында орналасқан 304-ші пәтердің арғы жағындағы ащы зар қатты әсер еткен болуы керек, әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Бұл уйде ұзын бойлы, қолы ашық, жүрегі таза еркек, иманды, өзгелерге тек жақсылық ойлайтын, күннің сәулесіндей шуағын шашып жүретін қамқор әрі мейірімді әйел, тәрбиелі, үріп ауызға салғандай сұлу, ақылы көркіне сай қыздары- Айманмен үшеуі тұрушы еді. Міне, бүгін ошақтың ұйытқысы болып отырған – аяулы жар, қамқор ана о дүниеге аттанды.
Содан бері үш жыл өтті… Айман екеуміздің арамыз жеті жас болса да құрбы едік. Қазір оның көзінен бұрыңғыдай ұшқынды, бойынан бұрыңғыдай сенімділікті байқай алмайсың. Анасының қазасынан кейін ашылып та сөйлемейді, үйінен де көп шықпайды. Жер басып жүруінің бір-ақ себебі бар. Ол — әкесі. Айманның орнына өзімді қойып көргем, сондықтан оның не ойлап, не сезетіндігін жақсы білем. Десе де, жас қыздың күннен күнге шынайы өмірден алшақтап бара жатқандығын көру, жаныма ауыр тиуші еді.

Міне, бүгін екінші күн Айманның өмірге деген құлшынысы артқандай, күлімсіреп әндетіп жүр. Бұны көргенімде, барлық жаманшылықтың артта қалғандығын, енді Айман үшін жаңа өмір басталатындығын сезгендей болдым. Бірақ Айманды өмірге қайта алып келген не нәрсе болды екен? Ұзақ ойланып, бойжетіп тұрған шағы ғой, бәлкім махаббат болар деп түйдім. Жақын барып, өзінен сұрап едім, айтқаным дәл келіпті – махаббат екен. Тек… Сүйген кісісі жәй адам емес, танымал әнші болып шықты. Мен бұл- махаббат емес, фанатизм екендігін анық байқаған едім. Бірақ ол кезде Айман олай ойламайтын, ақымақ қызша күндердің бір күнінде ғашығына қосылатындығына риясыз сенуші еді. Мен үшін Айманның бұның бәрі бос қиял, арман екендігін түсінгендегі, жүрегінің екінші рет жаралануын қалай қабылдайтығын елестетудің өзі қорқынышты еді. Оған түсіндіргім-ақ келді, бірақ аз уақыт ішінде басынан өткеретін тамаша сезімдерді одан тартып алуға дәтім бармады.

“Аз уақыт”- мен ойлағандай аз болмады, екі жылға созылды. Осы екі жылдың ішінде ол жігіт Айманның жанының бір бөлшегіне айналды, суреті бөлмеде, керек десеңіз стақанының сыртында, көпшік пен көрпесінің тысында тұрды. Айман оның қатысқан концерттерін, түрлі ток-шоуларын, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарын үзбей қадағалап отырушы еді. Жанкүйерлерге арнап өткізген кездесулерінен мүлде қалмайтын. Бір қызығы, әлгі әншінің оны мүлде танымайтындығын біле тұра, өзін әлемдегі ең бақытты адамдай сезінетін.

Бір күні Айманның әкесі жүрегі ауырып, науқастанып қалады. Айман жаны қысылып менің қасыма келіп “осы күнге дейін ертегі кейіпкеріне сенген жас қыздай, ақымақ болып келген екенмін. Қара басымның ғана қамын ойлап, әкем туралы мүлде ұмытып кетіппін. Әкем де о дүниеге аттанса, өз-өзімді кешірмеспін! Одан да жұмыс тауып, өмірімді қалпына келтірейін,-” деп еңкілдеп отырып, жылайды. Ең алдымен арманына айналған, қияли кейіпкермен қош айтысу керектігін өзі жақсы түсінетін. Бірақ бұнысынан түкте шықпайтындығын біліп, танымал әншінің жанкүйерлермен кездесуіне соңғы рет келеді. Кездесу біткеннен кейін, жанкүйерлер әншімен суретке түсіп, қолтаңбасын кезекпен алып жатады. Кезек Айманға да келіп жетеді. Қыз жігіттің көзіне ұзақ, телміре қарайды. Жігіт болса:
-Сізге не керек? Суретке түсеміз бе? Әлде қолтаңба берейін бе?-дейді
-Жоқ, ешқайсысы да керек емес. Тек жай ғана менің көзіме қарап, “Мен сені мүлде танымаймын? Сенің кім екеніңді, тіпті сен туралы еш нәрсе білмеймін! Сені сүюім мүлдем мүмкін емес деші !”-өтінемін деп, жасқа толы көзімен жалына қарайды. (Айман дәл осы жолмен ғана, жиіркеніш сезімін оятып, одан бас тарта алатындығына сенімді еді.) Жігіт:
-Мен сені сүйем,-дейді де, қыздың қолындағы қағазды алады. Айман алғашында, есі ауысқан адамдай, өз құлағына өзі сенбей бір орнында тұрып қалады. Есін жиған уақытта, одан бетер қиналып, ойы сансаққа жүгіріп, көз жасын көл қылады. Үйіне келіп, жігіттің беріп жіберген қағазын қараса, телефон нөмірі тұр екен… Бүгінде, екеуі бақытты отбасын құрды. Айманның әкесі болса, дертінен құлан таза айығып, немерелерінің қызығына тоймай, шалқып ғұмыр кешуде.

Өмір –алып ойын алаңы. Бізді қай жерде және қандай тосын сый күтіп тұрғандығы сізге де, маған да беймәлім! Бастысы, жеңіске жетудің екі алтын қағидасын есіңізден шығармаңыз. Оның бірі- ережемен ойнау жане сол ереже курастырушысы болу, екіншісі- ешқашан берілмеу.
Әрі қарай

Екі жылға созылған екі күн

Блог - AidaMuntiyeva: Екі жылға созылған екі күн
Орыс тілі сабағы. Қоңыраудың соққанына бес минуттай болды. Кабинетке апайымыз кіріп келді(екі күндік іс-сапардан келген). Әрқашан сұлу, өзіне жарасымды киімін киіп, ерекше күтіммен, тіпті шаш үлгісін де жоғарғы талғаммен жасайтындығына үйреніп қалған біз оның бүгінгі күйіне үйренісе алмай-ақ қойдық. Апайымыз бұны байқаса керек, орнына жайғасып отырып алды да, күліп жіберді. Оқиғаның мән-жайын білмей, жалтаң-жалтаң етіп біз отырмыз. Екі-ақ күннің ішінде басымнан не өткені, үш ұйықтасаңдар да түстеріңе кірмес...-деді. Біз болсақ, не болды екен?-деп одан әрі қызыға түстік. Апайымыз сәл жымиып, әңгімесін бастап кетті.

Осыдан екі күн бұрын, ақпанның төрті. Қасымда екі әріптесім бар, үшеуміз Орал вокзалында поезд күтіп отырмыз. Ертең Астана қаласында өте маңызды семинар. Міне, поезд да келіп тоқтады. Екі әріптесім мініп кетті, билеттерімді көрсетіп мен де соңдарынан шапшаң мінейін деп жатсам, тексеруші құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мүлде есімнен шығып кетіпті, құдды поезға алғаш мініп отырғандаймын! Киім және тамақтар салынған үлкен сөмкеден басқа, бөлек тұрған кішкене сөмкемді ашып ішінен құжатымды іздей жөнелдім. Құжат жоқ! Киім мен тамақ салынған үлкен сөмкеде жоқ екенін білсем де, ашып тастап ақтарып жатырмын. Бұл сөмкеде де жоқ. Сенесіз бе? ЖОҚ! Енді не істемекпін?! Телефонымды алып, жұбайыма қоңырау шалдым. Құжат үйде де жоқ екен…

Проводникке барып оқиғаны баяндап бердім, не десем де көндіре алмадым, құжатсыз кіргізе алмайтындығын, тіпті кіргізген күннің өзінде ең бірінші тексеруде-ақ поездан тексерушілер түсіріп кететіндігін айтты. Кенет проводниктің алдында отырып алып жылай жөнелдім, өзге еш нәрсе ойыма келер емес(Елестетіп көріңіз жасы отызға келіп қалған әйел… Әлгі кісінің түрін көрсеңіз… ) Алғашында проводникті көндіру үшін жасағанмын, бұл әрекетімнен еш нәрсе шықпайтындығын, жағдайымның қиын екендігін түсінгеннен кейін одан әрі жылай түстім. Бұл- көзімнен парлап аққан шынайы жас еді.

Поезд жүріп кетті, сөмкелерімді құшақтап, он минуттай отырдым. Одан кейін өз-өзімді жинақтап, әріптестеріме қоңырау шалып, поездан қалып қойғанымды, бірақ ертеңге дейін міндетті түрде жететіндігімді айттым. Тұтқаны қойғаннан соң сіңіліме қоңырау шалып, өзінің құжатын әкелуді сұрадым. Құжатты салып алып, Оралдан Ақтөбеге дейін баратын автобусқа жаңағы сіңілімнің құжатымен билет алдым. Ақтөбеден түсіп, тек Қостанайға дейін апаратын такси таптым. Қостанайға жеттім, енді Қостанайдан Астанаға бару ғана қалып еді, осы кезде, қалтамдағы қырық мың теңге бітіп қалды.

Түңгі сағат екі, Қостанайдамын. Ақпанның сары аязы. Жалғыз өзім. Бейтаныс орта. Кеше үйден шыққаннан кейін тамақ ішкен емеспін. Ақтөбеге келе жатқанда, автобустың ыстығынан болса керек, барлық тамақ бұзылып, ашып кеткен, содан лақтырып тастағанмын… Іздеп жүріп Астанаға дейін баратын такси тауып алдым. Бірақ жүргізушіге ақшам жоқ екендігін айтпаған едім. Жер көк тайғақ, машина әзер дегенде жүріп келе жатыр. Құдайдан аман есен жетсем екен деп тілеп отырмын. Анам қоңырау шалды, телефонның ар жағында меннен бетер уайымдап, жылап жатыр. Өзім дірілдеп отырсам да, анамды жұбатып телефон тұтқасын қойдым. Қорыққаным сонша, ұйқыны да ұмыттым.

Кенет он жыл бұрын бірге оқыған құрбымның Астанада тұратындығы есіме түсе кетті. Түннің беу уағында, таныстарымның бәрін аяқтарынан тік тұрғызып, қоңырау шалып, әлгі құрбымның мекен-жайын іздестіріп, тауып алдым. Таңғы сағат жеті, мекен жай бойынша келіп тоқтадық. Есікті қағып, тіпті табалдырықты аттамастан “Айнұр, маған дереу жетпіс мың теңге керек,”-дедім. Елестетіп көріңіз, он жыл бұрын оқыған сыныптасыңыз, таң атпай кіріп келіп, жетпіс мың теңге сұраса берер ме едіңіз? Әй, қайдам! Айнұрдың жолдасы маған сенімсіздікпен қарады, әйеліне “Бұл кім өзі? Неге ақша сұрап тұр?”-деп сұрақтарды төндіріп жатыр. Семинардың басталуына тек қырық минут қалды. Айнұрдың қолын ұстап алып, ақша дереу керек екендігін, кейін қайтарып беретіндігімді айтып жалынып-жалбарынып сұрап алдым. Он минуттың ішінде таранып, бетімді әрлеп, көйлегімді киіп бөлмеден шықтым. Айнұрдың жұбайының көзі шарасынан шыға жаздады. Құдды күлбикенің ханшайымға айналғандына куә болғандай. Үйден тез-тез шығып, таксиге мініп сағат жетіден елу тоғыз кеткенде орнымда болдым! Сол кездегі менің ішкі сезімімді білсеңіздер, шіркін! Өмірге қайта келгендей болдым… Міне, екі жылға созылған екі күннен кейін, үйіме оралып, тоңазытқыштағы бар тамақты жеп, тіпті душ қабылдауға шамам жетпей бір тәулік бойы қозғалмастан ұйықтап, бүгін таңғы жетіде тұрып алдарыңызға келіп отырмын ,-деп шытырманға толы әңгімесін аяқтайды.

Менің бір түсінгенім, әр іске ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын үміт үзбеуіміз керек. Өйткені, кез-келген мәселенің шешімі бары сөзсіз. Бойымыздағы сенім мен жанарымыздағы үміт оты ғана бізді биікке жетелемек!
Әрі қарай

Әулие Валентин күнін тойлау керек пе?

Блог - AidaMuntiyeva: Әулие Валентин күнін тойлау керек пе?14 ақпан. Қызыл раушан, шоколад, ашық хаттар. Бұл күн- саудагерлердің қалтасын қылыңдататын, түрлі тосын сыйлар мен романтикаға толы күн.
Әулие Валентиннің кім екенін білмесек те, қызылды-жасылды ашық хаттарды таратуға құмар-ақпыз. Жүрекшелерді құрбыларымызға қарағанда көбірек алсақ, мәз болып өзімізден бақытты адам жоқтай сезінеміз. Әулие Валентин кім? Бұл күннің шығу тарихы қандай біле жүргеніміз артық болмас. Валентин туралы аңыздар көп. Алайда кең тарағаны: ерте заманда, дәлірек айтқанда 469 жылы Рим императоры Геласиустың жарлығымен 14 ақпан «Әулие Валентин күні» деп жарияланады. Бұған себеп: әлгі опасыз оңбаған Валентиннің отанын қорғаудан қашып, әскерге бармау үшін үйленетіндердің некесін жасырын қиып, «қиналғандарға» «қол ұшын берген» «ерлігі» әшкереленіп, басы шабылған осы күнді әспеттеу болса керек. Қарап отырсақ, Валентиннің діннен безген арсыз екені анық аңғарылады.
Исламның қағидаларында өзге діннің әдет-ғұрыпын орындап, мейрамдарын тойлауға қатаң тыйым салынған. Ал Әулие Валентин күнін мерекелеп жүргендердің көбісі оны «ғашықтар күні» деп қана ойлайтыны рас. Расында, ол – католиктердің діни мерекесі болып табылады. Сонда, ол күнді тойлап жүрген қазағың мұсылман ба, әлде католик пе? Әрине, мен бүгінгі көпшілік жастарымызға күйе жағудан аулақпын. Сөйтсе де, нағыз қазақы махаббат мейрамы болып саналатын Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнінің әулие-сымақ Валентин күнінен төмен тұрғандығына таң қаламын.
Бір жағынан, дәл осы күні жастар бір-біріне ыстық сезімдерін білдіріп, ара-қатынастарын нығайта түседі. Дәл осы күні кішігірім елеусіз әрекеттерге көп көңіл бөлініп, адамдар бір-біріне қуаныш нұрын сыйлайды. Махаббат- асыл қасиет, асқақ мұрат, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезім, ғажайып әлемге бастар алтын көпір. Ал бұл мейрамды тойлау тойламау өз еріктеріңізде.
Автор: Мунтиева Аида
Әрі қарай

Болашақ мамандығымызды бірге таңдайық.

Блог - AidaMuntiyeva: Болашақ мамандығымызды бірге таңдайық.Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық бойынша оқытады. Алайда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 74 % меңгерген мамандығымен жұмыс істемейді екен. Сонда қалған 26 % ғана диплом бойынша қызмет атқарады. Бұл дегеніміз түлектеріміздің әу бастан-ақ мамандықты дұрыс таңдамауының кесірі.«Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Өз жаныңызға жақын мамандықты іздеп табу- күрделі әрі жауапты жұмыс.
Бастысы:" Маған немен айналысқан ұнайды? Болашақта өзімді кім етіп елестетемін? Осы мамандықты оқу арқылы қоғамға қандай үлесімді қоса аламын? Бұл салада жетістікке жете аламын ба, жұлдызым жоғарыдан көрінеді ме?"- деген сынды сұрақтарға жауап табу. Оқуға түсуді емес, бастысы кім болғыңыз келетінін ойланғаныңыз жөн! Себебі мамандық таңдау — ол өмірлік таңдау.
Қабілетіңізге, қызығушылығыңызға байланысты белгілі бір мамандық түрін таңдағаннан соң 4-5 жыл бойы білім алатын оқу ордасын байыппен таңдаған дұрыс. Бұл мәселені шешуге, төмендегі 2013-2014 жылғы оқу орындарының рейтингі көмектеседі деген ойдамын.

Әлемнің үздік оқу орындары:
1.California Institute of Technology(United States)–94.9%
2.Harvard University(United States)–93.9%
3.University of Oxford(United Kingdom)–93.9%
4.Stanford University(United States)–93.8%
5.Massachusetts Institute of Technology(United States)–93.0%
6.Princeton University(United States)–92.7%
7.University of Cambridge(United Kingdom)–92.3%
8.University of California, Berkeley(United States)–89.8%
9.University of Chicago(United States)–87.8%
10.Imperial College London(United Kingdom)–87.5%

Ұлттық рейтинг-2013 ж. Үздік ЖОО тізімі:
1. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
2. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
3. М.Әуезов атындағы ОҚМУ
4. Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ
5. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
6. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет
7. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
8. Қазақ ұлттық аграрлық университет
9. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті
10. Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

2013 жылдың үздік техникалық жоғары оқу орындарының бестігі мыналар:
1. Қазақстан-Британ техникалық университеті — 91,19%;
2. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті — 72,08%;
3. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті — 67,23 %;
4. Алматы технологиялық университеті — 53,68%;
5. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті — 52,77%.

Гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындары арасында үздік болып төмендегі университеттер анықталды:
1. ҚМЭБИ (КИМЭП) университеті — 96,30%;
2. Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университеті — 59,02%;
3. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті — 58,33%;
4. Қазақ гуманитарлық-заң университеті — 56,06 %;
5. Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті — 56,03 %.

Еліміздің үздік медициналық жоғары оқу орындарының бестігі:
1.Астана медициналық университеті (Қазақ мемлекеттік медициналық академиясы) — 86,41 %
2. Қарағанды мемлекеттік медицина университеті – 74,21%
3. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті – 68,34%
4. Семей мемлекеттік медицина университеті – 45,01%
5. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы – 40,98%

Қазақстандағы педагогикалық ЖОО-ның бестігі:
1. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – 94,80%
2. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – 73,92%
3. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты – 67,01%
4. Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты – 51,43%
5. Тараз мемлекеттік педагогика институты – 51,17%

Еліміздегі үздік өнер оқу орындары:
1. Қазақ ұлттық өнер университеті (Қазақ ұлттық музыка академиясы)–91,28 %
2. Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы –74,08%
3. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы –39,22%

Мамандықты таңдай отырып, тағдырыңызды таңдайтыныңызды ешқашан естен шығармаңыз.Конфуций: «Жаның қалайтын істі тап, сол кезде ешқашан жұмыс істемейтін боласыз», — деген. Ең бастысы, сізге не қажет екенін білу. Жүрек үнін тыңдасаңыз ешқашан қателеспейтініңізге кепілдік беремін. Ендеше, іске сәт!
Әрі қарай