Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Бүгінгі лекциямды мен қазіргі істеп жүрген жұмыс орнымдағы тәжірибеме арнаймын.
Қалай келдім, нендей проблема болды, онымен қалай айналыстым, қандай көрсеткіштерге қол жетті. Егжей-тегжейлі.
Facebook-тағы парақшамда көрсетілгендей, мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында істеймін. Мерзім: 1,5 жыл.
Осы уақытқа дейін жұмыс істей жүріп, көзім жеткен нәрсе: журналистерге керегі эксклюзив, мереке сайын сыйлықтар емес, жақсы қарым-қатынас. Сәлемің түзу болса, олардың да компанияға қатынасы басқаша болады. Жалпы, PR-дың мәні де сол — компания басына күн туғанда бұқараның пікіріне бірден-бір әсер ететін нәрсе — дағдарысқа дейінгі қарым-қатынас, медиа мен қоғамдағы қалыптасқан беделі.
Сонымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағандыдағы өкілдігінің бірден көзге түсетін проблемалары мыналар еді:
— кәсіпкерлік тақырыбында жазылатын дүниелердің сапасы нашар (шаруа қожалығы ашылды, Табан ауданындағы Ұлтарақ ауылында кәсіп ашылды деген тәрізді);
— джинса (жергілікті медиақұрылымдар жаңалықтарды тек қана ақылы негізде жариялайды);
— палатаның өз баспасөз қызметінің ұйым мақсаты мен міндеттерін насихаттаудағы кемшіліктері;
— көпшіліктің назарын аудартатын лайықты ақпараттың жоқтығы;
— әлеуметтік желіде жұмыс жүргізілмеуі (кәсіпкерлердің біразы желіде отыратындығына қарамастан);
— мультимедиа материалдардың жоқтығы;
— баспасөз өкілдерімен жүйелі жұмыс құрылмағандығы.
Проблемалардан бөлек, жайлы факторлар да бар еді:
— ұйым өкілдері — жоғары білікті мықты мамандар, яғни спикерлердің әрдайым өз саласы бойынша мүдірмей пікір айта алуы;
— ұйым басшылары кез келген уақытта баспасөз сауалдарына ашық, дайын;
— екі тілде сөйлейтін мамандар;
— баспасөз хатшысының басшылармен араласуына кедергі жоқ (алдын-ала жазылу, бастықтың қабағын бағу деген шикіліктің жоқтығы), тең дәрежеде сөйлесу, пікір алмасу мүмкіндігі;
— баспасөз хатшысы статусын, баспасөзбен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын жақсы түсінуі;
— бастамашыл мамандар — баспасөзге тақырып беріп, оның акцентін талқылап, мән-жайын түсіндіруге әзірлігі.
Сонымен, палатаға келгенде ең алдымен танысу хатын жаздым.
Аты-жөнім, тағайындалған қызметім, осыған дейін істеген қызметтерім, тәжірибем, сөйлейтін тілдерім, ұсынатын тақырыптарым. Жылы лебіз — ақпарат беруге әрдайым (тәулік бойы маған хабарласуға болады деп) дайын екендігіміз, барлық байланыс көздері (телефон, пошта, вацап, әлеуметтік желі, скайп, агент).
Нәтиже: Жасым қатарлас журналистердің бірен-саранымен универде бірге оқығандықтан сырттай таныстығым болмаса, көпшілігі менің атымды да естімеген кісілер. Сондықтан, танысу хатыма (40 шақты адресат) жартысынан көбі жауап берді, негізінен, "қош келдің, қуаныштымыз, хабарласамыз, сәттілік!" деген сипатта. Біразы бірден вацап бойынша қосылып, сәлемін айтты. Бөле-жара атап өтетін нәрсе — хабарласқандардың барлығы орысша жазатын журналистер.
Сонымен, таныстық.
Енді, тақырыптар аясын шолу керек.
Палата деген немене? Несие беретін жер ме, әлде акимат сияқты нәрсе ма?
Бұл ең қиыны еді. Жалпы, аймақтарда палатаның миссиясын насихаттау, қызметі туралы ақпараттандыру шаруасы ауыр жүрді. Өйткені біз Даму сияқты ақша бермейміз, әкімдікіндей құзырымыз жоқ, партия сияқты ойбайлап келушілерге де көрсете алар көмегіміз шамалы. Біздің ұйым:
— кәсіпкерлердің құқығын қорғайды, негізінен бизнестің меморгандармен туындаған мәселелерін шешеді, істі болғандардың соттағы ресми өкілдері (адвокаттық қызмет) болады;
— мемлекеттік сатып алу, тендерлерде орын алған әділетсіздікпен күресуге атсалысады;
— бизнес-бастаманы сүйемелдейді (идеямен келесіз — сізге бизнес-жоспар, бюджеттік жоспар жасап, маркетингін, нарығын анықтайды), соңына дейін, жоба қаржы алғанға (Даму, Казагро немесе басқа қаржы институттары арқылы) дейін кәсіпкермен бірге жүреді;
— мемлекеттен алынатын қаражат — субсидия, несиелерді ала алмаған жағдайда көмектеседі;
— шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі;
— бизнес жүргізуге қатысты барлық заңнама бойынша түсіндірме береді;
— статистикалық, деректер базаларын жасақтайды.
Палатаның істейтін жұмысы одан да көп, ең негізгілері ғана осы. Яғни, маған жұмыс аясының кеңдігі, міндеттердің көптігі, жұмыстың бастан асатындығы қатты ұнады. Сондықтан, келісім беріп, айылығының көңілімнен шықпай тұрғанына қарамастан, астананы тастап, осы ұйымға келдім.
Басты проблема — экономика, кәсіпкерлік тақырыбы аймақтарда (провинцияда) өтпейтіндігі.
Газетті ашып қалсаң — бауыздап кетті, сойып тастады (Қарағандының бағзы заманғы репутациясы әлі тірі), несие үшін бала-шағасымен үйінен қуылды, біздің майқұдықский ГГГ жеңді, әкім тұрды, әкім отырды, әкімнің орынбасары әкімге жәрекмалла айтты, Әбдішев сотталды, Әбдішев босатылды, көше атын өзгертуге халық қарсы, жөнделмеген жол, автобус жолақысы, әкім жаман, жоғи әкім күшті… Болды. Анда-санда әкімдіктің өзі «экономикалық өсім қарқынды» деп, қыртқан, түсініксіз цифрларды жариялайды. Жаңа кәсіпорындар ашылғанда, шын мәндегі аймақ экономикасына қандай мультипликативті ықпалы мен пайдасы болды, Арселор Қытайға темір-терсек өткізгенінен не пайда, оның салығы қайда жұмсалады — ондай ақпарат мүлдем жоқ. Сабдарлы саясат, 1000 қадам, кәсіпорын ашылды, кәсіпорын жабылды.
Енді ТВ қосайық — әкім келді, әкім жеді, әкім ұрысты, балабақшада утренник болды, Талқанбай Бұлтаңбаевтың арғы атасы Қошбол батырға ескерткіш қойылды, оны әкім салтанатты түрде ашты. Жаңа мектеп ашылды. Әкімдік адамының сөйлеген сөзі: «президентіміз елбасының тапсырмасымен осылай етватрмыз» (тапсырма болмаса, пысқырмайтын да болар).
Бұдан шығатын міндеттер:
Экономика, кәсіпкерлік тақырыбына, кәсіп жүргізудегі қиыншылықтарға көпшілік назарын аудару керек.
Журналистердің кәсіпкерлік айналасындағы мәселелерге қызығушылығын арттыру керек.
Аймақта қалыптасқан "әдет-ғұрыптан" — релиздер форматынан, сауал жіберу, жауап алу тәртібінен, ешкім түсініп болмайтын құрғақ түсініктемеден, анау-мынау адамның қолы жете бермейтін ұйым статусынан бас тарту керек.
Еш хабарламада «елбасы тапсырмасымен», «100 қадам», «ойбай, бітті, құрыдық» деген шаблон, құр статистика болмау керек.
Палата мамандарының барлығын эксперт ретінде ғана таныстыру, құрғақ комментарий беруден бас тартқызу керек.
Релиздерді сторителлинг форматында ғана жасап, тұрақты ету керек.
Журналистерге пайдалы шаралар ұйымдастыру керек.
Барлық байланыс көздері бойынша үнемі желіде болу керек.
Баспасөз шақырылмай қалған жұмыс топтарының шараларынан үнемі релиз тарату (яғни, не болып, не қойып жатқандығынан хабардар етіп отыру) керек.
Баспасаөз шақырылған шараларға келе алмай қалған журналистерді қажетті материалдармен қамтамасыз ету — аудиожазба, фотосуреттер, қосымша ақпаратты жіберу керек.
Әріптестердің жұмысын жеңілдету, жеделдету мақсатында аудионың сөзжазбасын жіберуге тырысу керек.
Материалдарының тақырыптары бойынша қажетті кәсіпкерлердің байланыстарымен бөлісу керек.
Шынын айту керек, бұл жұмысқа әбден төселгенше 4 айдай уақыт өтті. Өйткені орталық аппараттағы бұқарамен байланыс департаментінде 10 адам істеп отырған жұмысты аймақтарда жалғыз баспасөз хатшылары істейді. Жұмыс көлемі азырақ деуге келмейді. Жалпы, жұмыс тақырыбын, стратегияны, ережелерді түсіну үшін, жұмыс қарқынын оңалдырып, өзіңе ыңғайлап алуға 3-4 ай кетуі — қалыпты нәрсе. Ал ұжыммен 1 айдан аз уақыт ішінде тіл табысып үлгеру қажет. Ол жұмыс істеу кезінде психологиялық жайлылықты қамтамасыз ететін бірден-бір фактор.
Палатада баспасөз хатшыларының жұмысының бағасын көрсететін KPI жүйесі жасалған. Төрт ай бойы мен ол бойынша аутсайдерлер қатарынан табылдым. Үздіктер қатарынан табылу үшін мына шарттар орындалуы керек:
— аптасына сайтқа 5 мақала
— мәтіндердің 2 тілде жазылуы
— мәтін сапасы
— арнайы айдарлар бойынша айына 4 мақала, интервью, аналитика
— басты жаңалықтарға айына кемінде 4 материал шығару
— баспасөзбен қарым-қатынас: сауалдар саны, жауап берілген уақыты
— журналистерге арналған арнайы шаралар (оқыту, пресс-турлар, ойын-сауық)
— ТВ-контент
— баспасөз мониторингі бойынша көрсеткіш
— кампанияларды аймақтарда өткізу
— басшылық имиджін көтеру бойынша шаралар
— баспасөз конференциялары айына 3-4 рет.
Аутсайдер кезімде қызметімде қалуым-қалмауым екіталай шаруа еді. Осы шарттарды орындауға шамам жеткен соң, үздіктер қатарына кіріп, департамент бастығының ұсынуымен жалақым өсті.
Алғашқы нәтижелер.
Сонымен, жарты жылдан соң жұмысымыздың алғашқы нәтижелері көріне бастады:
Релиздер күнделікті жіберіліп отырғандықтан, журналистердің «кәсіпкерлер палатасы» деген тіркеске, кәсіпкерлік проблемалары деген тақырыпқа көздері үйрене бастады.
Кәсіпкерлік бірден несиеге белшеден батып тұрып бастайтын нәрсе еместігін түсініп, сол туралы жаза бастады.
Бизнестің мемлекеттік органдармен арасындағы көптеген мәселелердің беті ашылды, баспасөзде ол туралы кеңінен жазыла, айтыла бастады.
Бизнестің қызметіме зияны тиеді деп қоя салатын мәселелері бойынша ой-пікірлері енді басқаша — сенімдірек шыға бастады, жалтақтамай, бар проблеманы бар деп, ашып айта бастады.
Баспасөз беттерінде «палата көмегінің арқасында» деген сөздер жиіледі.
Журналистер түрлі сауалдарымен жиірек хабарласа бастады, нақты, түсінікті, көңіл толатын жауаптарын алып жатты.
Сауалдарға бірден, тез арада, 3-4 сағат ішінде жауап беру әдетке айналды, кері байланыс реттелді.
Тура жарты жыл өткенсін, мен еңбегімнің құнын білу үшін сауалнама жүргіздім. Оған бас аяғы 20 шақты адам қатысып (неге аз екенін білмеймін), жұмысыма бағасын берді. Сұрақтармен де, жауаптарымен де таныса аласыз:
Сұрақтар: docs.google.com/a/palata.kz/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewform?c=0&w=1
Жауаптар жиынтығы: docs.google.com/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewanalytics
Сауалнама жұмысыма айтарлықтай нақтылық енгізді. Тұрақты түрде жасайын десем, не сұрай берем, мазаларын алып деген ой келеді. Мүмкін, палатадан кетер алдында жасармын.
Журналистермен байланысты нығайту
Біраз уақыт өткен соң, журналистерге танымдық-пайдалы шара өткізбек боп шештім. Жұмысына пайдалы не істеуге болады? Әрине, семинар немесе мастер класс! Аяқ астынан бұл ойымды жүзеге асыруда үлкен көмегімен келе қалған — Александр Данилов деген жолдасым еді. Адам саны көп болды, 30 шақты журналист қатысуға тілек білідіріп, барлығы келіп, қатысып, сертификаттарын алды.
Сашаның өзі де, мен де, тыңдаушылар да өте риза болдық.
Бәрі сондайлық керемет, ың-шыңсыз ба сонда? деген сұрақ мазалап отырса, жауабым — әрине, жоқ. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, жұмыс сипаты сондай — бірде күшті, бірде боқ, әлбетте, таяқ жеген кездер болды.
1. Палата қызмет ете бастаған алғашқы жылы (мен екінші жылында келдім) журналистерге тақырып өткізе алмағандықтан, ақы төлеп жаздырып, жаман үйретіп алған. Нәтижесінде, медиақұралдар арасында «палата бай, ақша төлейді» деген пікір әбден қалыптасып қалған. Соның салдарынан алғашқы кездері журналистердің қатысуынсыз өткен шаралар көп болды. Ол үшін, әрине, регулярно таяқ жеп отырдым. Тіпті төлейік деген тапсырманы орындаудан бас тартып, аяғында мониторинг дым жарияланымсыз қалғаны да бар. Бұл — джинса, ол жөнінде бөлек пост жазамын.
2. Осы уақыт ішінде журналистердің жіберген 2 сауалын ақыры жауапсыз қалдырдым. Қол тимеді, ұмытып кеттім, істегім келмеді. Үнемі хабарласыңдар, жауапсыз қалдырмаймын деп қақылдағаныммен, менде де осындай жағдайлар болды. Ол үшін жек көріп кеткенім жоқ өзімді, жұмыс қой, түрлі жағдай болады…
3. Аккредитация жасамайтын әдетім үшін әлі күнге дейін сөз естимін. Бірақ, аккредитациядан саналы түрде бас тартқан адам болғандықтан, қалай болған күнде менің релизім міндетті түрде жарияланатынын білетіндіктен, қанша таяқ жесем де, оны жасамаймын. Мәжбүрлегім келмейді әріптестерді.
4. Шығармашылық адамымын, мені қинамаңдар, қалай жұмыс істегім келеді — солай істеймін деген ауру қағидам бар. Түн ортасына дейін жұмыс істеп, таңертең қатты кешігіп (кейде түс ауа) келетін әдетім де бар. Сол үшін маған 4 рет сөгіс жарияланған. Оның екеуі — қатаң сөгіс. Технически, менімен уже баяғыда қош айтысуы керек еді. Бірақ, әзірге орнымдамын.
5. ҰКП орталық аппаратының талабы бойынша мен күнде 1 релиз/мақала сайтқа жариялап отыруым керек. Шыны керек, «шығармашылық адамы» болғандықтан, шабытымды тосып жүріп алатын кездер баршылық. Кейде бүтін 1 апта мүлдем мақаласыз болатын кездер де баршылық. Ал кейде тыныштала алмай, аптасына 10-12 релиз жазылатын кездер болады. Мұнымды басшылық түсіне бермейді, ырбыңдатып алдық, көзіңді құртам дейтін кездер болады.
Қазіргі істеп жүрген жұмысымның түрі осы. Сұрақтарың болса, сұраңдар. Біраз нәрсе айтылмай қалды ғой деймін.