Ою-өрнекті орынды қолданып жүрміз бе?
Қазақтың ою-өрнектерінің 200-ден астам түрі бар. Жалпы, ою-өрнек деп сурет пен сызықтардың белгілі бір ретпен орналасуын айтады. Яғни ықылым заманнан бері қазақтың оюы әр затта өзіндік ерекшелікке сай орналасқан. Көлемі кіші, жіңішке әрі жапырақ тәріздес оюлар киімде бейнеленеді. Өте ұсақ түрлері зергерлік, кестелік сияқты нәзік істерде, ал ірі ою-өрнектер сырмақ, кілем, текемет, тұскиіз, алаша, сонымен бірге сәулет өнерінде кеңінен қолданылған.
Қызыл кеңірдек болып қырқысып, айтысып-тартысып жатпаса да, кейде ою төңірегінде, осы ұлттық нақышты төңіректеп жүргендердің арасында кішігірім дау-дамай туындап жүр. Этнографтардың айтуынша, қазіргі ұлттық киімдердегі оюдың орналасу реті мен көлемінде өрескел қателіктер бар көрінеді. Күнделікті тіршілікте не болмаса жиын-тойда ұлттық нақышқа толы киіммен жүргенді құп көретіндер ортамызда баршылық. Сол құп көргендердің іс-әрекетінен мін табатындар да табылады арамызда. Қазақтың киімін көпке насихаттауды жаны сүйетіндер де жанымызда жүр. Сонымен, олар былай дейді:
Жұмақадір ИСАБЕК, этнограф:
— Кейінгі кезде сән үйлерінің тігіп жатқан ұлттық киім үлгілерінің қазақы нақышпен әспеттелуі көңіл толарлық жағдайда емес. Олай дейтінім ою-өрнектің орналасуы шашыраңқы емес белгілі бір тәртіппен жағасында, жеңінде, етегінде және өңірінде орналасуы тиісті еді. Кейде киімге жамыратып оюды салып қояды. Не болмаса текеметтің оюындай үлкен қошқармүйіз тұрады. Әркім өз білгенін жасап, оюды ана жер, мына жеріне жабыстыра салып, ұлттық өнердің бояуын жоғалтып алмаса екен деймін. Қазақстанның мемлекеттік орталық мұражайы бар, сол жерде құдайға шүкір этнограф-ғалымдар, осы саланы зерттеп жүрген арнайы мамандар жеткілікті. Сәнгерлер болсын, жалпы кез келген жанға кеңес беріп, көмек қолын созуға дайынбыз.
Флора ҚАЙНҰЛЛАҚЫЗЫ, «Бәйтерек» суретке түсіру орталығының директоры:
— Қазақ болғандықтан, қазақша киім кигенді жақсы көргендіктен де шығар, өзім ылғи қазақ оюларымен әспеттелген көйлек кигенді жөн санаймын. Өйткені өзімнің қазақ екенімді өзгеге білгізгім келеді. Ою-өрнекті зерттеуші ғалым болмасам да, күнделікті тұрмыста киетін әрі жиын-тойға арналған киімдерімде, өзімнің жобалуыммен қазақтың ою-өрнектері бейнеленген. Бала-шаға мен күйеуім де ұлттық нақыштағы көйлекті киіп әдемі болып жүргенді ұнатады. Ал енді ою-өрнектердің орналасуында өзіндік реті болатынын білмеппін.
Сабыркүл АСАНОВА, сәнгер:
— Бала кезімнен көнекөз, ісмер әжелерімізден үйренгеніміз бар, сонымен бірге оюды зерттеуші ғалымдарымызбен пікірлесіп, өзім де осы саланы зерттеп, зерделеп жүргеніме бірталай жыл болды. Қазақтың ұлттық нақыштарының дамуы мен қолданысына біраз еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Заманауи, еуропалық үлгідегі киімдердің барлығында қазақтың нышаны тұру керек. Кей уақытта подиумнан анық көріну үшін сәнгерлерімізге оюлардың айшықтарын үлкендеу, түрлерін өте жарқын етіп жасау керек болады. Оюдың көлемі кіші болып қалса, мінбеден көрінбей қалуы мүмкін. Бірақ дәл қазір маңыздысы, ою-өрнектің орналасу ретінде емес кең көлемде насихатталуында.
Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері:
— Қазақтың ою-өрнегі, ата бабамыздан келе жатқан өзіндік эстетикалық даралықты көрсетіп тұратындықтан соны сақтап, бірақ бүгінгі заманның талабына, сұранысына сай өзгертіп тұрса, оны мен ешуақытта айып санамаймын. Қазақ екендігімізді айқындайтын, ұлттық нышанның киімдерімізде болуын үрдіске айналдыру керек.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, әнші:
— Бала кезімізден өзіміздің ұлттық нақышымызға қызығып өстік. Этнографтар сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан ою-өрнектердің сол қалпында сақталуын талап ететін шығар. Бірақ дизайнерлеріміздің бүгінгі заманның сұранысына қарай, бүгінгі сән үлгісіне үйлестіре отырып өзгертуіне қақысы бар деп ойлаймын.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, мәдениеттанушы:
— Бұрынғы заманның киім үлгілерінде осылай болды екен деп, соны жалғастырмауымыз керек. Керісінше, сол құндылықтарымызды дамыта, байыта отырып, бүгінгі қоғамға лайықтап ұқсата білуіміз керек.
Көп таразы көңіл қазы. Көптің таразысына әр пікірдің мұртын бұзбай салдық. Талдап, саралау өз еншілеріңізде. Дегенмен ұлттық нақышты ұтымсыз қолданып, атадан мұра болып қалған киелі өнердің киесі ұрмаса, қазақы қалыптың мұрты бұзылмаса болғаны.
#НаурызДода