Сырты бүтін, іші түтін...

Автобустың төрінен бір орын табыла ма деген есек дәмемен артына қарай жылжыдым. Алдымда қасы көзі қою қара, жылтыр шашы жабысқан жігіт отыр. Орын бермегеніне алғашында өкпелесем де, артынан қуандым.
Құлағын құлаққаппен мықтап бекітіп алған жігіттің ұялы телефонына әлдебіреу қоңырау шалды. Жөнсіз уақыттағы қоңырауға кейіген кейіпкерім телефонын әзер дегенде көтерді. Жауап беріп болғаны сол, жанындағы жолсерігі жол қысқартуға әңгімесін бастап кетті. Әппақ шашын, әспеттеп әшекейлеген әжетай ақ періште емес екен…
Сөмкесінен суырып, әлденені берді де, сыбдырлай, әңгімесін айта жөнелді. Телефонның құлағында қоқаңдаған жігіттің үні өшіп, назары түгелдей бейтаныс апаға бұрылды.
Мен сығырайып қарасам жігітке «Жизнь — после смерти» деген брошюр мен тілдей қағаз берді. Содан апам, аялдамасы жақындап қалғанын айтып, сылқым қыздай сектасының мекен-жайын айтып, телефоны брошюрде сақтаулы екендігін мәлім етті. Шайтанның арбауынан кем түспейтін арбаумен жігіттің келуін қатты өтінді.
Жексенбі күні темір жол вокзалының о жақ, бұ жағын айтты.(мен бұл кезде терезеге қараймын деп, естіп қалдым). Естіген құлақта жазық жоқ!
Апамыз шыққан соң, маған да орын бұйырды. Қасымдағы жігіт терезеге таңылды да қалды. Апамыз әбден «ой салса» керек.
Бірақ жігітке сол жерге бармауын айта алмадым. Өз таңдауы білсін. Егер қазақ бауырым болса, айтар едім.
Айтайын дегенім, осындай бөтен ағымдағы адамдардың қоғамдық орында неге ашықтан ашық ақпар беретіні… Сол жігіттің орнында жасы кәмелетке толмаған, оң солын ажыратпаған азамат(ша)лар болса, үп-үлкен кісі дін туралы айтса тапжылмай тыңдап, сол жолды таңдап кетсе, тағдыры не болмақ? Білімі бетегеден төмен адам да, бұндай атжалманның тырнағына ілініп кетпей ме?
Сіздерден сұрарым, бөтен пиғылдағы адамдарға ұшырасаңыз, тиісті орынға айтып, қолыңыздағы парақты шара қолданатын орындарға жеткізіп, қаламыздағы жас жеткіншектердің санасын уламауға үлес қосайық! Қисық жолға қақпа болсақ – болашағымыз жарқын болмақ!
Әрі қарай