Жақсы дос - жан азығы
Ата-бабаларымыз кезінде өзінің жан досы үшін өмірлерің қиып, қиындықтарына бірге төтеп берген. Ал, қазіргі таңда жан дос деген некен-саяқ. Көпке топырақ шашпаймын, бес саусақ бірдей емес әрине, алайда кейбір достар өзінің жолдасын қызғаныштан, көреалмаушылықтан бұрыс жолға бағыттатып отырады. Шынайы дос — қашан да бір-біріне адал, арам ойлары жоқ, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын жандарды айтуға болады. Достықтың сақтаушысы, қорғаушысы адалдық пен шынайылық деп ойлаймын.
Дос деген киелі ұғым. Дос — биікке жетелейтін, шыңға шығаратын, көкке көтеретін, қызық қуанышына ортақ, қиындықта демеу болатын жан. Нағыз достар бір-біріне сенім артатын, жақсылығын асырып, жамандығын жасыратындар. Дос табу оңай, бірақ оны сақтау қиын. Бақтағы гүлді дұрыс баптап өсірсең, әдемі, жайқалып өсіп тұрады. Солай, достықты да баптап сақтасаң ұзағынан болады. Сондықтан да достық ұғымы мәңгілік сақталсын, берік болсын десең, өзің дұрыс бағбан болуың қажет. Бұл ұғым биігінен төмендемесін десек әрбір адам дос тұрғысынан адал болғаны абзал. Сонда ғана достықтың құны жоғары болары анық. Ал, сіздер үшін қазіргі уақытта достық ұғымы базардағы бағадай арзан ба, әлде қымбат па?