МИССИЯ: Бұл әлем сіз болмасаңыз, не істер еді?

Блог - MeihuaZheng: МИССИЯ: Бұл әлем сіз болмасаңыз, не істер еді?

Әр компанияда «Корпорациялық даму стратегиясы» (Стратегия корпоративного развития) деген құжаттар топтамасы болады. Компания пайда болған соң әдетте оның аты ойлап табылады, заты, жарғысы және осы даму стратегиясы жасалады.
Әдетте даму стратегиясын жазу үшін арнайы компания жалдайды, өйткені стратегияжазғышты штатта ұстаудың қажеті жоқ, ол бірреттік қана жұмыс. Кейде ақша аз болса, штатқа алынған пиаршы, сапа менеджменті бойынша маман өздері жазып шығады.
Жалпы, шыны керек, даму стратегиясын жасауға деген көзқарас та, қатынас та немкұқрайды. Онсыз да жасалатын жұмысқа жоспар құрып қажеті қанша деп ойлайтын болуы керек. Негізі, ол құжаттың маңызы айтарлықтай дер едім өз басым. Сайтыңызға орналастыру үшін ғана емес, «осы істеп жүрген жұмысымның мәні не өзі? кімге керек? не үшін?!» деген сұрақ мазалағанда сол миссия/басымдылық/мақсат/міндеттер деген құжатқа көз тастасаңыз — сұрақтарыңыз жоқ болуы керек.
Это в идеале!
Ал біздің жағдайда миссия деген не?

МИССИЯНЫҢ МИССИЯСЫ
Егер сіз әлгі айтқандай, даму стратегиясын өзі жазып жатқан компания қызметкері болсаңыз, миссия деген тарауды жазу үшін бір ғана сұрақ қойыңыз, соның жауабы — сіздің миссия болмақ:
Сіздің компания жоқ болса, қоғам, мемлекет және тұтынушылар не жоғалтады?

Айталық, жауап: Менің компаниям жоқ болса, тұтынушылар ең алдымен жоғары сапалы жастық-көрпеден қағылады — мұндай өнімді жақын шетелде де жасамайды, біздің өзіміз ойлап тапқан технология бойынша жасаймыз. Ал мемлекет үлкен салық төлеп отырған отандық өндірушілердің бірін жоғалтады, "Қазақстанда жасалған" маркасымен шығатын өнімнің бірі нарықтан кетсе, оған да абырой болмайды.

Осыған сәйкес сіздің миссия жасалады:
Жақсы тыныққан адам ғана жақсы еңбек ете алады. Ал әр қазақстандықтың жақсы тынығуына біздің көрпе-жастығымыз сеп болады. Отандық мамандардың жасап шығарған өнімі оқушы балаға да, жұмысбасты ересекке де, зейнеткер ата-апаға да жоғары сапасымен әрі қолжетімді бағасымен ыңғайлы.
Тұжырымыңыз неғұрлым нақты, ұғынықты, түсінікті болса, бизнесіңіз де соғұрлым нақты, ұғынықты әрі түсінікті болады.

Әлемге танымал компаниялардың жариялаған миссиялары:
COCA COLA: Әлемді сергіту. Шаттыққа шабыттандыру. Әрбір әрекетімізді мәнді ету (To refresh the world… To inspire moments of optimism and happiness… To create value and make a difference).
IKEA: Әрбірдің күнделікті тұрмысын жақсы өзгерістерге толтыру (To create a better everyday life for the many people)
GILLETTE: Клиенттеріміз өздерін күнде жақсы сезінуі үшін қырыну және гигиена заттарын ұсынамыз. Ұстараны ары қарай жақсарта алмаймыз деген күні біз жұмысымызды тоқтатамыз (All designed for the unique needs of men – helping them to look, feel and be their best every day. We'll stop making razor blades when we can't keep making them better)

Миссияны атқарумен қатар, компания келешекте (шамамен он шақты жыл ішінде) нақты қандай жетістікке қол жеткізбек? Онысын «Компания мұраты (видение)» деп аталатын тарауда жазады. Көп эксперттер мұраттарды мақсаттармен біріктіріп жазу қажет дейді, меніңше сол дұрыс.
Сонымен мақсат-мұраттар жазған кезде оларыңыз SMART талаптарына жауап беруі керек:
Specific: нақтыланған — басқаша түсіну мүмкін емес, мазмұны тұрақты (мысалы, "қажетін қанағаттандыру", «көңілді ету» деген сияқты тіркестер қолданғанда абай болу);
Measurable: өлшемі бар — мүмкіндігінше есептеп, өлшеп білуге болатын жоспары бар (мысалы, алдағы бес жылда көшбасшы үштіктің қатарынан табылу, клиенттеріміздің санын миллионға жеткізу, жылдық айналым көлемін 100 млн теңгеге жеткізу, өнімімізді әлемнің 25 еліне жеткізу);
Achievable: қолдан келетін — айды аспаннан шығаратын, қияли арман емес, қажырлы еңбек арқасында қол жеткізуге болатын нәтиже (мысалы, «африкалықтардың арманын орындаймыз» емес, «африка құрлығындағы өмірді ыңғайландырамыз — 8000 км қашықтыққа су құбыры мен электр желілерін жүргіземіз»);
Results-oriented: нәтижеге ұмтылған — мақсат, мүдде, мұраттардың өзара балансын сақтап, нәтижеге межелі мерзімде қол жеткізуге мүмкіндік беретін;
Time-bound: уақытпен шектелген — мақсат-мұраттарға қол жеткізу мерзімін белгілеу керек. Соңғы нәтиже ғана емес, аралық көрсеткіштерді де (тоқсан сайын, жыл сайын, үш жыл сайын) белгілеп, компания өзінің жұмысын бағалауы керек.

!!! Яғни, мақсаттар мен мұраттарды жазған кезде "өсіру", «тереңдету», «дамыту», «күшейту» деген сияқты жалпылама сөздермен жазуға мүлдем болмайды.

ӘР ҚЫЗМЕТКЕР — КОМПАНИЯНЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛШЕГІ
Ары қарай корпорациялық құндылықтар, стратегиялық мақсаттар және бизнес жүргізудегі үлгі боларлық әрекеттері жазылады. Бұлардың жазылуы да әр компания үшін аса маңызды. Оған компаниядағы барлық қызметкердің берік болуы — одан да маңызды. Осы құндылықтар мен мақсаттардың әрқайсының бойына әбден сіңіру үшін пиаршы жұмыс етеді.
Оның барлығы «Корпорациялық мәдениет» деген ұғымға кіреді. Әр қызметкер, лауазымы қандай болсын, бұл қағидаларды қатты ұстануы — компания жетістігінің, өнімдерінің сұранысының жоғары болуының бірден бір негізі. Миссияда айтылғандай — оқушының, ересектің, зейнеткердің көңілінен шығатын сапалы көрпе-жастық жасап, сапалы қызмет көрсету — ең басты міндет.

Мысал келтіре кетейік. Айталық, бір аймақта сіздің көрпе-жасық шығаратын компания өнімдерінің сапасыз подделкасын жасап сатыпты. Ол өнім бір айға жетпей жіптері сетінеп, бояуы оңайыпты. Сатып алған адам көңілі қалып, компанияға арыз жазады. Сонда оның қоңырауын қабылдаған хатшы қыздан бастап, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысатындардың барлығы компанияның құндылықтарын негізге ала отырып әрекет етсе, жанжал өте қысқа мерзімде жойылады. Теориялық түрде, тіпті бір тәулік ішінде жоюға болады. Барлық деңгейдегі қызметкер шын ынта-ықыласын көрсетсе.

Біздің елдегі тәжірибе көрсеткендей, жазылған стратегия мен корпорациялық мәдениет іс жүзінде жай ғана шатпақ күйінде қалады. Компания құндылықтарын түйсінбек түгіл, жұмысқа құлшыныстың жоқтығынан, көп адам жай айлық алып жүргендер қатарында. Жалпы, клиенттің разылығы үшін жұмыс істемейтін, білімі мен біліктілігін жоғарылатуға ұмтылмаған қызметкер жұмыс істеуге құқығы жоқ деп санаймын. Ісін белгіленген мерзімде бітіре алмайтын, клиент өтінішіне салғырттықпен қарайтын, бизнес-процестерді сынақ мерзімі ішінде ұғына алмаған адамның болашағы бұлыңғыр. Үнемі айтатыным:
Ешқандай аз айлық сенің салғырт жұмысыңды ақтамайды. Он бес мың ба, қырық мың ба — осы айлыққа істейтін жұмысқа кірістің екен — істе. Істемесең — көбірек айлық беретін жерге тайқай, бұл орынға адам табылады.

Жарайды, бұл менің бастық болсам — қырар едім деген фашистік армандарымның үзігі.
Тақырыбыма оралайын.
Постымның соңында мен өзіміздің қазақ компанияларының миссияларын көрсетпекпін.
Компанияның миссиясы түсінікті ме? Жарияланған миссияларына компания қызметі сай ма? Компанияның бизнесі сізге түсінікті ме? Сіз сол компанияға жұмысқа тұрғыңыз келе ме? Құндылықтарына мойынсұнар ма едіңіз?
Осы сұрақтар төңірегінде пікір білдірсеңіздер апашка қуанып қалар еді.
Сонымен:

САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА: Қордың миссиясы – ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын ұлғайту және Қор тобына кіретін активтерді тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру.
ҚАЗМҰНАЙГАЗ: Ұлттық мұнай-газ саласын дамытуға қатысудан Қазақстан Республикасы үшін барынша жоғары тиімділікті қамтамасыз ету; Компания активтерінің ұзақ мерзімді құнын арттыру, рентабельділікті жоғарылату, өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз ету; Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, интеграцияландырылған мұнай-газ компаниясы ретінде орнығу; Бизнесті әлеуметтік-жауапкершілік тұрғысынан жүргізу, отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жеткізушілерін қолдау, жергілікті кадрларды дамыту.
САМҰРЫҚ ҚАЗЫНА ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ҚОРЫ: Мегажобалардың іргелі девелопменті, «жасыл» технологиялар қолданылатын құрылысты инвестициялау, сондай-ақ құрылыс саласына инновациялар енгізу арқылы Қазақстан Республикасының құрылыс саласы мен жылжымайтын мүлік нарығын дамытуға жәрдемдесу.
ҚАЗПОШТА: Барлық клиентке Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың қажеттіліктерін толығырақ қанағаттандыратын, заманауи сапалы почталық, қаржылық және логистикалық қызметтер спектрін ұсыну.
ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ: Жүйе құраушы инфрақұрылымдық компания бола тұрып, біз экономиканың тұрақты өсуі үшін сапалы көліктік негізді қамтамасыз етеміз, Акционер үшін құнды құрамыз, қажет және бәсекеге қабілетті көлік-логистикалық қызметтерді көрсету жолымен тұтынушыларға және тұтастай қоғамға пайда келтіреміз.
KCELL: Миссия компании — создание новых продуктов и услуг, чтобы удовлетворять существующие и новые потребности клиентов новыми, захватывающими способами; принесение пользы людям и создание комфортной жизни с помощью инновационных услуг, основанных на наших навыках в области информационных и коммуникационных технологий (қазақша нұсқасында миссия туралы ештеңе жоқ)
AIR ASTANA: Біз Еуразия жүрегінен әлемдегі ең үздік әуекомпаниялардың бірін құрып жатырмыз.
КАЗКОМ: Казкоммерцбанк работает для того, чтобы повысить качество жизни людей, открывая для них широкие возможности мира финансовых и банковских услуг, позволяющих осуществить планы, надежды и мечты с пользой для себя, своей семьи, своей компании, бизнеса, общества и страны.

BEK AIR: обеспечить безопасные, эффективные и финансово доступные основной массе населения авиаперевозки по Республике Казахстан и за ее пределы. Для этого компания выбрала надежные модели воздушных судов Fokker-100, имеющие наиболее подходящую для региональных полетов конфигурацию.
(соңғы жағында қосып қойыпты: Главные лозунги Авиакомпании «BEK AIR» — «Не надо нам помогать — просто не нужно нам мешать и мы всё сделаем сами!» :) )
Әрі қарай

PR. Кәсіби ұғымдар

PR ілімі жөніндегі лекцияларды жалғастырайық.
Бұл постта мамандықтың үнемі қолданылатын ұғымдарымен таныстырып өтемін. Кейін барлық кәсіби ұғымдарды тарқатып, мысалын молынан келтіріп, әрқайсы туралы жеке-жеке жазатын да болармын.
(Бұл мәтін кеше таңертең он шақты студентке оқылған дәрістен алынған)

Жалпы, PR маманы оқу орнын бітірген соң мынандай қабілеттері дамып шығуы тиіс деген түсінік бар:
— Текст жаза білу, спичрайтинг. Бұл ретте оның эрудициялық жан жақтылығы, әдеби мәнерлігі, психологиялық біліктілігі, жеке басының әдептілігі көзге ұрып тұруы тиіс.
— Кез келген адаммен қарым қатынас орната білуі қажет. Бұл ретте пиар маманы жеке басының имиджіне қатты назар аударуы шарт. Өйткені өзіміздің артық және кемшін тұстарымызды өзімізден жақсы білетін ешкім жоқ. Ал социумда біздің артық тұстарымыз кемітіліп, кемшін тұстарымыз зорайтылып көрінеді. Үнемі жұрт арасында, маңызы бар шаралардың маңынан табыла алатын әдеті болса тіпті жақсы.
— Креатив! Сіздің басты артықшылығыңыз – креативтік қабілетіңіз. Неғұрлым жақсы дамыса, соғұрлым жұмысыңыз да өнімді, табысыңыз да жоғары. Кез келген проблеманы творчестволық тұрғыда шеше алу қабілеті.
— Бірнеше проблеманы бір уақытта шешуге қабілетті (орысша айтқанда, работа в режиме многозадачности).

Осы қасиеттері толық дамыған пиар маманы далада қалмайды.
Көпшілігі білетіндей, мен Қарағандыда журналистика мамандығын алып шыққам, арнайы пиар бойынша академиялық білім алмағандығымнан, пиар ілімі туралы теориялық тұрғыда мықтылығым шамалы. Дегенмен, осы салада алты жылдай жұмыс істеп келе жатқандығымнан, практикалық тұрғыда бірер ақпаратпен бөлісемін. Сондықтан, ғұламалардың анандай, мынандай айтқандарымен миларыңызды шатпаймын.
Есесіне, PR практикасынан алынған үздік мысалдар — кейстер арқылы үйренгенді өзім жақсы көргендіктен, блогымда да солар туралы жазамын.

Кейс дегеніміз не?
Кейс (ағылш.: case) — іс, оқиға, жағдай. Бұл ұғым бизнесте және білім беру саласында түрлі жағдайларды сипаттау арқылы, ондағы проблемаларды шешудің жолдарын табу мақсатында пайдаланылады.
Яғни, кейс модельдеу арқылы түрлі шешімдерді қарастырып, ең тиімдісін қолдану.

Жұмыс барысындағы кез келген акт кейс ретінде қарастырылып, оңтайлы шешімдердің түрлі жолы талдануы керек. Қандай мәліметтерге сүйенуіміз қажет?
— оқиға\проблема
— оны туындатқан себептер
— оқиғаның\проблеманың ауқымы (компания шеңберінде, стейкхолдерлер, ел көлемінде, т.б.)
— оны шешуге қауқарлы, құзырлы тұлғалар
— қажетті уақыт

PR мамандары жұмысында қолданатын негізгі PR құралдар
— БАҚ-пен қарым-қатынас
— Жеке қарым-қатынас
— Ішкі коммуникациялар
— Арнайы шаралар
— Беделді басқару
— Сыбыс.

Кейспен жұмыс барысында PR құралдарды сәйкесінше пайдалану арқылы, маман мына міндеттерді көздейді:
• компания туралы шынайы, дәл, түсінікті ақпарат таратып, қоғамда компания\тұлға туралы дұрыс, жағымды пікір, бедел қалыптастыру;
• бұқарамен байланыста болу, әрдайым қоғаммен пікір алмасу, пікірімен санасу, қоғамдағы өзгерістерді бақылау арқылы, қызметін соларға сәйкес ыңғайлау;
• компанияның өз саласында көшбасшы танылуын қамтамасыз ету;
• компанияның түрлі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, т.б. салада ықпалын өсіру;
• танымал, беделді адамдар арасында, мемлекеттік қызметтегі белді тұлғалар арасында ниеттестер (лояльность) санын көбейту

Күнделікті жұмыста қолданылатын кәсіби ұғымдар:
Паблисити
Паблисити (англ. publicity — публичность) — қарапайым тілмен айтқанда, ақысыз жарнама. Яғни, компанияның қызметі, өнімдері, өкілі туралы компанияның өтініші немесе ақысы үшін емес, үздік, танымал, сарапшы болғандығы үшін ақпараттық құралдарда жарияланған материалдарды біз паблисити деп танимыз.

Имидж
Белгілі бір тұлғаның, компанияның, өнімнің мақсатты түрде жасалған қоғамдық келбеті.
Стратегия
Нақты жоба аясында жасалатын іс-шараларды іске асыру (белгілі бір тұлғаны, компанияны, өнімді нарықта танымал ету, т.б.) мақсатында жасалатын әрекеттер жүйесі.
Кейс: CocaCola. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде компания өнімі сатылмай, қиындық кешкені бар. Сауда төмендеп, ел соғыспен басқайғы болып кеткен. Соғыс бітеді. Бірақ қашан? Ол белгісіз. Дегенмен, сауда тоқтамауы керек. Ол үшін компания маркетологтары мен пиаршылары мынандай әккілікке барды: соғысып жатқан америкалық әскерилерге коланың біраз партиясы жіберіледі. Сусынды жеткізушілер коланы әр солдатқа «елің сені ұмытпайды, сарбаз!» деген сипаттағы сәлемдемемен таратады. Бұл кезде ел ішінде кола «сарбазыңды ұмытпа!» деген лозунгпен, сатудан түскен әр цент – Америка әскерінің жабдығына кетеді деген үндеумен сатыла бастайды. Өздеріңіз білесіздер, америкалықтар сияқты патриоттар басқа еш елде жоқ, сөйтіп, сусынның сатылымы бұрын-соңды болмаған көлемге артқан.
Мұндағы стратегия — америкалықтардың патриоттық сезіміні пайдаланып, «CocaCola — жеңістің сусыны — патриотизм сусыны» деген ойды сіңдіре отырып, сауда көлемін арттыру.

Жоспарлау
Стратегия аясында жасалатын шараларды іске асырмас бұрын, оларды жоспарлау міндетті. Ол үшін мына қадамдарды ескеру қажет:
— нарықтағы ахуалды зерттеу
— нақты мақсатты айқындау
— іске асыру тактикасы
— мақсатқа жетудің күнбе-күн графигі
— бюджет.
Кейс: Dixie Cups. Америкада көшелерде су ішетін крандар болатын. Бірақ 20 ғасыр басында оны гигиенаға жатпайды деп танып, үкімет құбырларды жабуды шешеді. Осы кезде елде ағайынды екі кәсіпкер газдалған сусын беретін автоматтар орнататын. Бірақ ол автоматтардағы ыдыстар жіпке байланған шыны стакандар еді. Үкімет ережесі шыққан кезде олар енді су емес, стакан сату керектігін түсінеді. Ол үшін олардың құрған жоспары:
1. Инвестор табу. Олар барлық банкке барып ақша сұрайды. Бірақ, ондай біртүрлі жобаға ешқайсы несие бергісі келмеді.
2. Мүдделі топ немесе жеке инвестор іздеу. Ол үшін Америка консерві компаниясының басшысы Грэхем мырзаға барады, ол кісі микроб пен инфекциядан өлердей қорқатын кісі еді. Тап сол кісі 200 мың доллар көлемінде қаржы бөліп, жобаны қолдайды.
3. Танымал адамдарды өз жағына тарту. Осы шаруаны тындыру үшін арнайы зерттеу ұйымдастыру үшін Америкадағы беделді доктор Крумбайнға хабарласып, тағы бірқатар ғалым кісілермен баспасөз беттерінде бірреттік осындай қағаз стакандар індеттердің алдын алатын бірден бір шешім деген сипаттағы мақалаларды жариялайды.
4. Мектеп, ауруханаларда, қоғамдық жерлерде арнайы лекциялар оқытылып, ақпараттық парақшалар таратылады.
5. үкімет қолдайды, ауқымды жарнамалық науқандар ұйымдастырылады.
Осы кезге дейін америкалықтар бірреттік стакандарды дикси капс деп атап келеді.

Стейкхолдер
Стейкхолдер дегеніміз: компанияның дамуына мүдделі, табысынан дәмелі, өніміне қызығушы тараптар. Пиар маманы үнемі осы стейкхолдерлердің мүддесіне сәйкес жұмыс істейді.

Озық ойлылар
Орысша — лидеры мнений. Халық сөзін ұйып тыңдайтын, айтқанын қалт жібермейтін, сонысына сенетін, соларға ұқсауға тырысатын танымал тұлғалар.

***

Студенттерге осы негізгі профұғымдарды түсіндіріп болған соң, соған байланысты модельденген қарапайым кейс-тапсырмалар бойынша жаттығу орындау ұсынылды. Оларды да осында көрсете кетейін, өз бетіммен жаттығам десеңіздер, мархабат.
Паблисити
Компания шайдың жалбыз қосылған жаңа түрін нарыққа шығармақ.
Оған халық тарапынан қызығушылығын ояту үшін, өнім жақсы өту үшін қандай пиар құралдарды пайдаланамыз? Паблисити жасау үшін нендей деректерді алға тарту керек?
Имидж
Басшыңыз өте ақылды, парасатты, білімді де білікті адам. Көп жыл мемлекеттік салада қызмет істеп, жинаған беделі бар. Бір журналист оның баяғыда үйленбей тастап кеткен келіншегі бар екендігін, ал ол келіншегі бала туып, оған алимент төлеуден қашып кеткендігін біліп қойып, сол туралы мақала жариялады. Не істеу керек?
Стратегия
Көптен бері бірге жұмыс істеген басшыңыз бір саладан, мысалы, мұнай өндіру саласынан кетіп, жаңадан фирма ашып, қоғамдық көлік тасымалымен айналысуды шешеді. Жаңа компанияны танымал, халыққа пайдалы ету үшін қандай стратеuия жасаймыз?
Жоспарлау
Сіздің компания Қазақстанға жаңа дәрі түрін әкеліп, оны халыққа таныстырмақ. Пиар құралдың қай түрін пайдаланасыз? Оны қалай жоспарлаймыз?
Стейкхолдер
Компанияңыз қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды ұйғарды. Жақын жатқан шетелдік жұлдыздарды шақырып, үлкен думан ұйымдастырмақ. Осы жоба аясындағы стейкхолдерлер кімдер?
Озық ойлылар
Сіз банктің пиаршысысыз. Жаңа қызмет түрін ұсыну қажет. Айталық, төлем карталарына эксклюзив суреттер салу. Кез келген дизайнмен. Қызмет түрі екі мың теңге. Әрине, басқаларынан ерекше болуға барлығымыз құмармыз, бірақ, артық ақша төлеуге ықыласымыз ауатыны шамалы. Осы қызмет түрін халық арасында танымал ету үшін, жеке дизайны бар карточка жасатпаса, тамағынан ас өтпей қалатындай ету үшін қандай әрекетке барасыз?
Әрі қарай

Ол Люданы іздеді... (с)

Киностан: Ол Люданы іздеді... ©Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында шетелдік компаниялардың бірінде қызмет ететін, сәйкесінше ағылшын тілінде жиі сөйлеп үйреніп қалған 30 жастағы бойдақ, ұлты кәріс ресейлік азамат Леонид Вон, түркі халқының жаңа жылы болып саналатын Наурыздың қалай тойланатындығын өз көзімен көру мақсатында жұмысынан демалыс алып, облыс орталығы — Орал қаласына келеді. Ал бұдан бұрынырақ ол Пенза қаласынан көптен бері көрмеген, хабарласпаған бұрынғы махаббаты, өзінен 3 жасқа үлкен Люда есімді кәріс қызын осы жаңа жылды бірге қарсы алуға шақырып қояды. Ал оның жеке нөмірін ортақ ескі таныстарынан біліп алады. Леонид телефон арқылы сөйлескенде Люданың әлі тұрмысқа шықпағанын біліп, өзінің ұсынысын Наурыз мерекесі кезінде білдіргісі келгендіктен, алдын-ала қымбат сақина сатып алу үшін, Оралдағы сауда орталықтарының біріне барады. Және осы жерде жергілікті қылмыскерлердің нысанасына ілігеді. Оны аңду басталады.
Әрі қарай

Көмескі өмір

Кеудемізде жан болғаннан кейін кебісімізді сүйретіп жұмысқа барамыз. Ұйқылы-ояу, басым қалтақ-қалтақ етіп автобуста отырмын машиналардың паенліндегі ойыншық күшік тәрізді. Көзімді бір ашқанымда көзіме «Коммеск-өмір» сақтандыру компаниясының бильбордына түсті. Коммеск деген не сөз екен? Осы сайттағылардың 90 пайызы менен білімді. Мүмкін көмескі өмір шығар?
Әрі қарай