Блогтан - бизнеске

«Блог жүргізгеннен блогерге не пайда?»
Дәл осы сұрақ көпті мазалары сөзсіз. «Жарнамамен күремесе де, қасықтап ақша табуда» тұрғысындағы жауапты айта алмағандықтан (әзірге ҚазНетте жарнама жағынан табысты болған блогерді көрмедім), «Көзін тапқанға кез келген істе пайда бар,» — деп-ақ құтылуға болады.

Иә, шынында да, біле-білген жанға блог жүргізу — үлкен мектеп. Қандай да бір тақырыпты тарқатып жазу үшін әбден ізденеді, оқырмандарына қызығырақ пост ұсыну үшін ізденістен алған ақпараттарын тәжірибеге ұластырады. Соңында өзі ізденіп, өзі қаныққан сол тақырыпта әбден шыңдалып, маман боп шыға келеді.
Жазып жүрген салада шеберлігін әбден арттырып, еңбегін табыс көзіне айналдырып отырған жандар аз емес. Блогтан бизнеске қарай бет алған Қазнеттің бірнеше блогері жайлы біле жүріңіз.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеЛаура Мырзақоңырова, Дәмді әлем
— Күнделікті пісірген тамағымды, тәттілерімді Инстаграмдағы парақшама жүктеп жүрдім. Фолловерлерім қалай пісіргенімді жиі сұрайтын, пікір қылып бір-екі рет жазған соң басқаша жол іздей бастадым. Сөйтіп, damdialem.blogspot.com блогымды ашып, мәзірлерді сонда жазам деп шештім. Басында блог жүргізу, оны оқырмандардың талқылап, «рецептті» тағы сұрауы маған өте қызық болды. Аз уақыт ішінде блогыма неше түрлі тағамның мәзірі толып қалды. Өзім білетін тағамдар қатарын толықтыру үшін, блогыма жаңа мәзір салу үшін барынша іздендім, көп нәрсе үйрендім. Блогымды оқып, сол арқылы танысқан құрбыларым тапсырыс бере бастады. Біреуден біреу естіп, тапсырыс берушілер қатары да көбейді. Жеткізу мүмкіндігім болмағандықтан Ақтаудың ішінен ғана тапсырыс қабылдаймын. Көбіне кішігірім отырыстар мен туған күндерге тәттілер, торттар пісіремін. Үлкен тойға да тәттілер дайындап беруімді өтініп жатады, бірақ көп көлемде дайындайтын үлкен ыдыстарым жоқ. Оның үстіне, мұғаліммін, уақытым да көп емес. Тапсырыстарды түнде дайындаймын, себебі, екі баламды ұйықтатып барып жасамасам, әр нәрсені шұқып, маза бермей қояды. Табысым жаман емес, азық-түлікке кеткен ақшаны есептеп, екі еселеймін — бағасы шығады. Қазір блогымды сайтқа үлкейтіп жатырмын. Алдағы уақытта жеке ісімді кафетерий ашудан бастап, үлкен мейрамханаға дейін ұлғайту ойда бар. Бизнесім жүріп кеткенде де блог жүргізуді тастамаймын. Оқырмандарымды далада қалдырғым келмейді.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеӨркен Кенжебек, Өркеннің өрнегі
— Алғаш блог деген дүние барын 2008 жылы білгем. Қазір «Астана ақшамы» газетінде журналист боп істейтін Әділбек Жапақ желкелеп апарып, бір интернет-кафеден жеке блогымды ашып берді. Сондағы паролім есте қалмапты. 2009 жылы Асхат Еркімбай тағы бір ашып берді. Тағы ұмыттым. Қашан саналы түрде өзім қызығып, 2010 жылы мамыр айында Асхат пен Есенгүл Кәпқызы өткізген семинарға қатыспайынша, ұмыта бердім. Содан бері төрт жыл… Шеберліктің шыңына жеткен жоқпын. Шыны керек, 2010-2011 жыл аралығында 1-1,5 жылдай блогингтің құмарына түсіп, түн ұйқымызды бұзып, күніне 4-5 жазба жазған дәурен өтті. Кейін құмар басылды. Есейдік пе, білмедім, сайт ашып кеттік. Қазақтілді блогерлер әлі кәсіби бизнес жолына түскен жоқ. Бірақ, былтырдан бастап өзімді медиалектор ретінде позициялауды жөн санағам. Қанша дегенмен, сайт ашқан, жапқан, газет-ТВдағы 7 жылдық тәжірибеміз бар. Соны бөлісейін әрі «бере жатса, артық тиын қалта теспес» деп, лекторлыққа кіріскенмін. Ұсынысты ең бірінші Яков Федоров досым айтты. "Қазақстанның әр түкпіріндегі 13 Назарбаев зияткерлік мектептерінің оңтүстік-батыс жағын мен алсам, солтүстік-шығыс жағын сен алсаң," — деді. Келістім. Семинарларымды барынша қызықты өткізуге тырысқанмен, тақырыбым – саяси болғандықтан ба, сәл ауырлау өтеді. Көбіне семинар тақырыптарым – блог ашу, блогты жүргізу, жаңа медиа талаптары, әлеуметтік желілердегі медиамінез-құлық, журналистің ақпарат іздеуі, оның ұстанымы және т.б. Бізде қазақ тренер шықса, ол міндетті түрде ақшасыз, тегін семинар өткізу керек секілді көрінеді. Егер ақша деп қалсаң, онда сен — оңбағансың, патриот емессің. «Әй, уақытым бар, дайындығым бар,» — деп айтайын десең, түсінбей қалады көбі. Бірақ, жайлап сеңді бұзып келеміз. Бұрын әр семинарыма 10 мың алсам, қазір сол соманы 5-6 есеге көбейте салсаңыз, табысымыз шамалап қалады. Кейін бизнесім мықты боп жатса, блог жүргізуді тастауым мүмкін. Әлішер Елікбаев секілді әр семинарға кемі 1000-1500 доллардан берем деп жатса, блогты тастау… зәшем, ол қиын емес.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеӘйгерім Бегімбет, Әйгерімнің блогы
— Блогымда жазылып жүрген посттардан бөлек «Фотогалерея» деген айдар болды. Сол жерге түсірген суреттерімді салам да, артынша ұнатпай қалып, өшіріп тастаймын. Солай біраз уақыт салып, өшіріп жүрдім. Блогыма жақсы сурет салу үшін достарымды, көрші-қолаңдарды, айналамдағының бәрін суретке түсіріп, машықтандым, тәжірибе жинадым. Биыл көктемде ғой деймін, Шымкенттегі жекеменшік газет фотограф болып жұмыс істеуге шақырды. Мені Гугл арқылы тауыпты. Сонда қызмет етіп жүріп, таныстарыма, достарыма 10 тойды тегін түсіріп бердім. Мақсатым — білмегенімді үйрену еді. Қазір дос-жарандарымның тойына тегін барғанымнан бөлек, бір тойды бастан-аяқ түсіріп, барлық суретті флешкаға жазып бергенім — 5000 теңге, ал, альбом жасау 15 мың теңгеден басталады. Түсірген суреттерімді флешкасына жазып берген соң өшіріп тастап отырады екем, дұрыс емес. Тимур аға (Бектұр) «суреттеріңді жина, сайт ашып берем,» деген. Ол сайтты өзіме PR үшін пайдаланамын, ал блогты тастамаймын.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеРайхан Әкімбаева, Еркеқыз
— Керекинфо сайтына алғаш тіркелгенімде сондағы блогерлердің жазғанына қарап шабыттанып, қыз балаға арнап тоқыған дайын көйлегімді ілдім. Көйлек сүйкімді шыққан болса керек-ті, ең алғашқы тапсырыс та көйлек болды. Алғашқы постыма көптеген мақтау пікірлер жазылды, сол пікірлер мені ары қарай тек қана блог жазуға емес, сонымен қатар, тоқыма тоқуға да шабыттандыра түсті. Бір-екі постымнан кейін-ақ тапсырыстар түсе бастады. Алматылық блогер қыз өзіне саусақсыз қолғапшаға (митенки) тапсырыс берді. Бұрын-соңды ондай тоқымаған мен үшін жаңалық болды, ізденуіме тура келді. Әркез бір көйлектің схемасын іздеп отырып, басқа жаңа дүниелерге тап боласың. Көбіне кішкентай ұл-қыздарға тоқығандықтан жаңа дүниелер көзіңнің жауын алып, тоқымасыңа қоймайды. Байлыққа батып кетпесем де, пайдасын көріп жатырмын. Қазір жаз болған соң тапсырыс аз, күн салқындағанда көбейеді. Кейде физикалық жақтан үлгермей қалып жатамын. Жеке дүкен ашу ойымда болғанмен, нақты жоспар жоқ. Әзірге осы темппен-ақ қолымды шынықтыра берейін. Тапсырыстар тым көп болып жатса, дүкен емес, фабрика ашып жіберемін-ау… Шымкентке көшіп келгенімізде интернетке шыға алмай, блог жазуым тоқтап қалған-ды. Содан бәсеңдеп қалдым. Кейін жазып көрдім, бірақ бұрынғыдай алып-ұшып тұрған шабыт болмаған соң ба, қалды. Блог жазуыма еш кедергі жоқ, тек жалқаулығым басып тұр.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеАйжан Кәрібаева, Кербезful
— Менің салам видеоблог болған соң, ең алғашқы видео түсіре бастағанда «бьютиблогты міндетті түрде жасап көремін» деген ой болған. Өйткені, қазақтілді аудиторияға дәл осы сала жетіспейді деп ойлаймын. Қазірше бьютиблог саласын видеоблогыма енді-енді қосып келе жатырмын. Екі видеом бар, бірінде кешкі макияж жасау жолын көрсетсем, екіншісінде шаш үлгісін, маникюр жасау бар. Ең бастысы, өз тәжірибеңмен бөлісемін, өзіме көмектесетін, өзім қолданатын нәрселерді жеткізіп отырамын. Негізі хоббиді кәсіпке айналдыру тек дұрыс ойға, икемге байланысты. Сол себепті бьютиблогымды бизнеске айналдыру жоспарда бар. Қазірше оған тек жақсылап негіз салу керек. Баян (тәтем) екеуіміздің онлайн-дүкеніміз бар. Ол жерде қыздардың әшекейі, көзілдіріктер, сұлулық пен сәнге арналған бұйымдар сатылады. Онлайн-дүкеніміз Инстаграм арқылы жұмыс істейді, енді оны бьютиблогпен байланыстыруымыз керек. Оның барлығы біраз уақыт пен тәжірибені керек етеді. Өйткені, бұл — Баянның да, менің де негізгі жұмысымыз емес. Тікелей онлайн-шоптың табысы жап-жақсы. Табысты қайтадан айналымға салып отырамыз. Бизнесіміз дамып кетіп жатса, блог жүргізуді тоқтатпаймын. Өйткені, бұл жерде бизнестің көзі — блог емес, блогтың көзі — бизнес болып отыр. Сол себепті менің қызығушылығым бизнесте емес, блогта. Екеуін бір-бірімен байланыстырып, екі жаққа да пайда әкелгім келеді.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеРахат Ғизатолла, Сарықазақ
— Блог жүргізіп жүріп, суретке түсіре бастадым. Суретке түсіре бастаған соң, фотоаппарат және оның аксессуарлары туралы, суретке қалай түсіру керек секілді тақырыптарды жаза бастадым. Болашақта осы тақырыпта видеоблог жүргізем деген жоспар бар. Фотографияда теория мен практиканы қатар алып жүру керек. Бірақ, техника мен уақыт тапшылығына байланысты практикам аздау секілді. Айналы фотоаппаратты қолға алған сәттен ақша табу жағын қарастыра бастадым.
Алғашқы клиентке өте қатты қобалжыдым, екі жастың лав сториі болатын. Алғашқы емес, әр клиентке қобалжимын. Өйткені, әр адамның ерекшелігі бар, фотосурет арқылы оның тән сұлулығымен қатар жан сұлулығын, мінезін көрсете білуің керек. Бизнес деп айту маған келіңкіремейтін сияқты. Өйткені, мен өзге мамандық бойынша тұрақты жұмыс істеймін. Ал, фотография — қосымша. Сондықтан одан түсетін ақша да — қосымша табыс. Ақша көбіне фотоаппараттың өзіне жұмсалады, фототехникалық аксессуарлар сатып алуға кетеді. Фотосуретке түсіре бастағалы жазуым азайды. Бір нәрсені суреттеп жазып отырғанша, бір фотосуретпен ойыңды жеткізіп тастағың келіп тұрады. Тіпті суреттің астына коммент жазуға да ерінетін болып кетіппін. Егер техниканың тілін жақсы білсең, ізденісің жақсы болса, бұл кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Өзімде де хобби және қосымша табыс көзі ретінде алып жүрген іс бар. Ол — қолөнер. Қолөнер туралы блог жазып, тәжірибе жинамасам да, шыңдалуыма бірден-бір себепкер болған — блогер-достарым. Алғаш рет әшекейді өзіме жасап, әлеуметтік желіге суретін салғанымда блогер-достарым мақтау пікір жазған. Сол мақтауға қомпаңдап, одан сайын әдемі, ерекше дүниелер жасауға асығып жүрдім. Солай-солай бір жұмысымнан келесісін асырамын деп жүріп, кішігірім шебер боп шыға келдім. Тапсырыс беруді бастаған да — мақтап жүрген жандар еді, жарнамасын күшейткен де — солар . Тапсырыс Фейзбук және Инстаграм арқылы келеді. Қазір табысым жақсы. Болашақта жеке бизнесті қолға алғым келеді. Үлкен мақсатыма қарай адымдап келемін. Арманыма жететініме сенем!

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске
Әрі қарай