Бата (Ремейк. Өткен мен болашақты жалғастырған бата)

Дастархан төрінде жетпіс төрт жастағы ата, шөккен денесіне шапан үлкен, етегі жерге тиер-тимес. Соны байқап шапанның екі жақ өңіріннен ұстап, анда-санда беліне қапсырып жинап қояды.
Ас, жеп-ішіліп болды дегенде қолын жайып:
-Үйдің кішісі қайда, бата сұрасын, -дегенде үлкендердің бірінің белгісімен үйдің кішісі дәл жанына жүгіріп келіп:
-Иллә әмин!, -деп қолын жайды.
Сол мезетте… Қас-қағым сәтке уақыт кері қарай, 61 жылға кері шегерілді.

Тракторшы және бала

Минск трактор зауытынан шыққан алғашқы трактордың моделі (МТЗ-5 Беларусь). Тракторға негізгі жүктелген қызмет жетектегі екі тісті соқамен жер жырту, қызметін жақсы атқару үшін құрастырушы және жобалаушы тарапына тракторға қырық аттың күшіне тең қозғалтқыш сыйлады.
Трактордың жетілген түрінде брезентті кабина орнатылды, әзірше трактордың жетілген түрі ауылға жеткен жоқ. Бірер жылдан соң ондай тракторлар ауылда көбейеді. Орталықтандырылған тракторды жөндейтін шеберхана, жанармай құю станциясы салынады. Әзірше жанармай темір бөшкелермен ауылға әкелінетін.
Тракторға техникалық қызмет көрсету тракторшының мойнында. Трактор жағатын жанар майды құйяды, механизмдерін майлайды, тозған немесе істен шыққан бөлшегін алмастырады. Сырт киімге мұнай өнімінің иісі сіңіп, тамшыларына бұлғанатын.
Тракторға қызмет көрсету өз алдында, оған отырып басқарып жүргізу рахатқа бөлемейді. Кабинасы жоқ тракторда жазда шыбын-шіркей маза бермейді, беті күнге күйеді. Тракторға тіркелген құрал, механизм жұмыс істегенде жан-жақта шөп –шалаң, шаң-тозаңды көптеп шашып ауаны ластап тракторшыны жылы күнде қымтанып киінуге мәжбүрлейтін. Басынан картоз-фуражкасы түспейді.
Дегенмен, тракторшының жұмысы ауылда ең құрметті мамандық қатарында. Тракторды басқарып, қызмет көрсетіп, оны жөндеу біліктінің ісі саналатын.
Гүрілдеп, тырққылдап трактор кешкі ауыл тыныштығын бұзды. Арық бозбала тракторшының қасында отыр. Үстінде мереке күндері киілетін ақ жейде, қара шалбар. Шашы тақырлап алынған.
Бала өскенде жүк көлікті немесе тракторды рулінен екі қолдап ұстап оны жүргізіп келе жатқанын талай рет елестетіп көрген.
Жайшылықта кез-келген бала тракторшының жолаушысы болу мәртебесіне бөленбейтін.
Жұмыстың ауырлығынан қажып, шаршаған, үсті кір тракторшыны елестету оңай шығар. Бірақ, баланы қасына алған тракторшы күш, қайрат, сән жарасқан жігіт ағасы. Сәнге сәйкес қыр мұрынына қанат бітіріп, толқыған бір қарыс шаш өсіріп оны маңдайына қайрыпты.
Тракторды жүргізіп шаршадым демей жұмыс аяқталған соң дала басындағы жұмыс киімін ауыстырып, жуынып-шайынғанға ерінбейтін. Өзі жуынбас бұрын тракторында жуып үлгеретін. Ылғида жаңа трактордай жайнап шығатын.

Бірер минут бұрын.

Құрдас балалардан қандайда бір ерекшелігімен көзге түспеген бозбаланы аяқ астынан жақын –жақпай туыстары емес, ауылдың сыйлы ақсақалы қонаққа шақырыпты. Ақсақалдың кенже ұлы тракторына отырып әкесінің қонағын алып кетуге барған. Баланың анасы ақсақалдың үй-ішін сыртынан білетін.
Ақсақал және үлкен ұлы соғыстан аман-есен оралыпты. Ақсақал соғыста ерлікті мол жасағанын жеңіс мейрамында кеудесіне тағып шығатын медальдерінен белгілі. Қандай ерлігі үшін қандай медалін алғанын, соғыста не көргенін тісінен жарып шығармайтын. Үлкен ұлы соғыстан оралған соң жеке үй тұрғызып үйленген. Қазір ағаш ұстасы. Олда әкесі секілді. Соғыста көрген, білген жайттары жайлы тіс жармайды. Бір үйден екі еркек соғысқа кетіп оралғаны сирек. Анасы:
-Ақсақалдың бағын берсін,-деп ырымдап баласын мерекелік киіміне киіндіріп қонаққа шығарып салды. Неліктен баласын қонаққа шақырды, тағыда неліктен деген сұрақтар көмейінде тұрғанмен ештеңе демеді. Ешнәрсе текке жасалмайды, бір оңды шешімі бар.

Қонақты күту.

Қонақты күтуге үй іші әзір, дастархан жасалған. Қараңғыдан үйдің босағасын аттап кіргенде жарық электр жарығы баланың көзін ашытып еріксіз жұмдырды. Көзі жарыққа үйренген әулет мүшелері -ұлдары, немерелері, келіндері дастархан басында бас қосқанын көрді.
Бүгінгі кеште әулеттің жалғыз қонағы. Балалығымен жалғыз қонақ болғанын байқамады.
Төрде отырған ақсақалдың қасына төрлетіп отырғызды. Бала өзін ыңғайсыз сезінді. Оның орыны төменде отырған немерелердің жанында.
Табаққа салынған ас қойылды, асқа бата берілді. Күнделікті отбасының машығы бойынша бір адамдай тамақтануға кірісті. Әкесі анда-санда ұлдарынан күн қалай өткенін, қандай шаруа бітіргенін сұрастырып қояды, ұлдары болса қысқа жауап қайырады. Кеш өз кезегімен өте берді. Қонақты шығарып салғанға уақыт келді.
Үстел басынан тұрмас бұрын, ақсақал, қонақ баланы орнынан тұрғызып:
-Аштықты, соғысты өткердік. Бейбітшілік заман орнады. Дастарханда ақ нан. Заман, жылға қарап ауыспайды, адамның ісімен ауысады. Жаңа заманның қарқынды құрылысы басталды. Заман ауысқан шақ, мына бала жаңа заманда жол бастайды, сендер бұның артынан еруге жарайсыңдар, -деп қонағына қаратып қол жайып, бата берді:
-Алдыңнан күн, артыңнан ай тусын!
Жол бастағанда жолың болсын!
Бастаған ісің оңды болсын!
Жамандыққа бассаң, аяғыңда тұсау болсын!
Жасаған жасын жүз болсын! Әумин, -деп жайған алақандарын бетіне тосып, сипады.

Бүгінгі күні.

Батаны естіген бала бүгінде егде тартқан. Қала тұрғыны. Бала кезіндегі арманына сай жүк көлікті, тракторды жүргізбеседе, соншалықты қажет маңызды жұмысты атқарды. Зуыттың конструкторлық бөлімде жобалаушы қызметін атқарды. Бүгінгі күні бір-біріне босағасы тиіп, көп қабатты үйдің бір қабатта көрші орналасқан пәтерде шағын отбасылық қуаныш аталып өтуде. Атаны қуанышмен бөліскенге көршісі қонаққа шақырыпты. Отбасының кенжесі әліппемен қоштасыпты.
Дастархан басынан қонақтар тұрып тарқайтын кезде қуашыш себепкерін, ата қасына шақырып батасын берді. Одан кейін баланы өзіне жақын тартып маңдайынан сүйіп көзіне қарап:
-Жаман не екенің білесің бе? Жақсы не екенің білесің бе?, -деп сұрады. Бала атадан ұялып тұр. Қайсы заманда болмасын бала аты бала ғой. Дауыстап жауап бермесе де бірнеше рет басын төмен және жоғары көтеріп шұлғып жаманды және жақсыны ажыратынын білдіртті. Ата әрі қарай қонақтарға және балаға көңіл бөлетіндей қырындап отырып:
-Байқасам, мына отырған атаңның басынан талай оқиғалар өтіпті. Жақсылыққа жолым болып, пендеге жамандық жасауға ыңғайым болмапты. Мына құлақ, бала кезден мол жақсы тілекті естіпті. Жақсы сөз жарым ырыс -деген мақалдың мағынасын түсінбегенмін, өмір түсіндірді -деп. Балаға қарап:
-Естіген жақсы тілектер мына құлақ түбінде жүрсін, айтылған жақсы тілектерді ұмытпа, сонда жүрегін өмірде өз жолыңды тапқызады. Ісіңмен өз заманыңды жасайсың. Анаң-әкең, мына алдыңда отырған атаң күткеніндей-деп балаға арнаған тілегін аяқтады. Бала болса, балалығымен басымен шұлғи берді.
Әрі қарай