Шағын шеберханадағы қолөнер кәсібі

Біздің бүгінгі репортажымыздың басты кейіпкері – Дәуірбала Нұрбаева апамыз. Алматы облысы, Балхаш ауданы тұрғыны тігін шеберханасын үйінен ашып алған. Кәсібін дөңгелетіп отырған апамыздың қос көмекшісі қыздары – Нәзира мен Эльмира. Дәуірбала апа Кеңес Одағы кезінде қарамағында 70-тен астам жұмысшысы бар тігін цехында басшы болған. Өзінің айтуынша ісімерлік анасынан тиген шарапат болуы мүмкін. Апамыз дәл қазір екі қызымен бірге үйіндегі шеберханасында құрақ тігіп отыр. Тапсырыс берушілерге алдын-ала дайын болып тұруы үшін көрпе тыстарын жаңалауда. Әрине, репортажды тілші өз көзімен көріп, отырып, оқиға ортасынан жазуы заңдылық. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды дегендей скайп арқылы апамыздың шағын шеберханасында болып қайттым. Оған бола ұрыспайтын шығарсыздар енді. Апам құрағын тіге отырып, сөзінен де жаңылмай нәсібіне айналған кәсібі төңірегінде аз-мұз әңгімесін айтып берді. Апам өзі сөйлесін, ал, рұқсат болса.

Керек тілші: Шағын шеберханадағы қолөнер кәсібі

Екі қызым, қос қарлығашым, 1990 жылы осындай кәсіп ашу туралы ұсыныс айтқаннан соң, біртіндеп бастап кеттік. Қыздарыма үйретіп те жатырмын. Қазір төселіп қалды. Мен тек бағыт беріп отырамын. Біз осы бір шағын тігін шеберханамызда қоржын, тұзкиіз, кішкентай дорбалар, той жабдықтары, көрпеше, киіз үй ішін жабдықтары сынды бұйымдарды жасап шығарамыз.
Қазір тігін машиналарының барлығы токпен жүреді. Еш қиындығы жоқ. Екі аяқпен педалін басып отырсаң болды, қолың бос. Тек қана ойыңдағы, қиялыңдағы құрақты жақсылап келтіру керек. Бұрыңғыдай емес технология дамыған заман ғой. Шешем өзі нағыз ісімер кісі еді. Абысын-ажын, құрбы-құрадасына, бала-шағасына отырып алып киім тігетін. Содан болар менің де іске икемім болып шықты. Сондықтан ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі кәсіп деуге толықтай негіз бар. Ынтасы мен құлқы бар адам ғана іс тіге алады. Әйтпесе қазір көк инені түрте алмайтындар жетіп жатыр ғой. Қазір жастардың жұмысы бар, баласы бар, бәрі бар, тек уақыты жоқ. Сондықтан қолөнерлік деген адамның ынтасы мен қызығушылығына ғана тәуелді. Бұл таланттың сыртында төзімді қатты қажет ететін өнер. Құрақ көрпелер 10 мыңнан басталса, тұскиіздер 20 мың теңге шамасынан басталды. Нақты бір бағасы жоқ. Бұл шығармашылық жұмыс болғандықтан қолөнер бұйымдарына жұмсалған күшті есептеп барып, арнайы бағасын қоятын боламыз.

Керек тілші: Шағын шеберханадағы қолөнер кәсібі

Түскиіз сәндік үшін төсектің тұсына ұстайтын болғандықтан тұскиіз аталған. Түскиіздің шеті түрлі-түсті жіппен өрнектеп, барқыт, мәуіті, шұға сияқты кестеленген бір түсті матамен көмкереміз. Біртұтас мазмұндағы бірнеше «мүйіз», «гүл», «жапырақ», «шырмауық», «түйетабан», «алқа» сынды өрнектер арқылы өзінше бір мән бергіміз келеді. Көбіне ою түрлерінен қошқар мүйізді бастырып жатамыз. Әсемдік үшін ішінара моншақтармен де әшекейлейтін кездеріміз болады. Алдағы жоспарымыз жалға беретін сегізқанат киізүйлердің санын арттырмақпыз.

Керек тілші: Шағын шеберханадағы қолөнер кәсібі

Дариға Назарбаевның ұлы Айсұлтан үйленген кезде біздің шеберхананың безендірген киіз үйін апарып тіккен болатынбыз. Тағы да тойға керек тойбастар қоржыны, құрақ көрпе, тұскиіз сынды бұйымдарға тапсырыс алды. Жалпы сұраныс көп. Тапсырыс берушілер екі қызыма хабарласып, уақытын келіседі. Келісілген мерзімге жоспарлағаннан соң іске кірісеміз. Содан соң шын көңілмен, әйбаттап отырып, сапалы ғып тігу керек.
***Бұл фотосурет жеке архивтен алынып отыр. Шағын шеберханада жабдықталған киіз үй қабырғасы.
Керек тілші: Шағын шеберханадағы қолөнер кәсібі

Еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Биыл 2014 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен төрткүндік халықаралық EMITT-2014 көрмесінде Қазақстаннан барған шеберлердің арасында болдық. Көрмеге әлемнің 70 елінен 4500 қатысушы болды. Онда киіз бұйымдарының жасалу тәсілі жайында шеберлік-сыныптарын өткіздік. Ерінбей жұмыс істеген адамға ақша да, дүние де, мал да табылады. Қазір Қазақстанның жағдай бұрыңғыдай емес едәуір жақсарған. Әркім өзінің сүйген жұмысы істесе жамандық көрмейді, жарығым. Және құлшынысты балалар көп. Сондықтан ата кәсібіміз дамып, жаңа сипатқа ие болуда.

PS: “Еріншектік-күллі дү­ние­дегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұят­сыздық, кедейлік-бәрі содан шығады”-деп айтып кеткен ғой хакім Абай. Апамның да бүгінгі кәсібі жайлы айтқандағы түйіні осыған келіп тірелді. Сонымен сөздің қысқасы Дәуірбала апа сабақ алғысы келетін тәлімгерлерді өз шеберханасына шақырады. Осы жазбамды оқуға мәжбүр тарапқа рахметтен басқа айтарым жоқ.
Әрі қарай