Жарияланымдар

Әттең...

Демалыста келетін жылда ауылға,
Улап-шулап ойнайтын су маңында.
Қара сирақ балалар сенуші еді,
Қара шалдың аузынан туғанына.

Балалық шақ бал дәурен қайда қалды,
Ұнатушы ем қозымен ойнағанды.
Аққыртаудың басында мақта бұлттар,
Еңісінде жайылған қой қоралы.

— Ата, қашан бітесің? Болдың ба?, — деп,
Немерелер жан-жақтан салдырды әлек.
Мақпалкөлге отарды үйіре сап,
Қатар-қатар құлаушы ек шалғынға кеп.

Сақалын сипап алып, қоштап ұлын,
Содан атам айтатын дастан-жырын…
Айдаһармен алысқан батыр болып.
Өткермеген күй кештік бастан бұрын.

Жыңғылын Тайбурыл қып шабысатын,
Жеңілсе қамшылаған намыс-атын.
Жүгірмектер содан соң жатып алып,
Алпамыс, Қамбар болып алысатын…

Құлаққа құйып өскен шал нақылын,
Ержеттік, тұлпар болды арда құлын.
Бала күнгі арманым – дастан жазып
Журналына бастырсам Алматының…

...Өзің едің қасқайған тас-қамалым,
Қиялына дем берген жас баланың.
Көрмей кетті қара шал дастанымды,
Журналында басылған Астананың…
Әттең…
Әрі қарай

АҚҚЫРТАУ

Аққыртау, аппақ қырқа сайын далам,
Құдайы ырзығынан айырмаған.
Жусаныңа жұпарлы аунап өскен,
Шаңырағыңа бас иді шайыр балаң.

Аққыртау, аппақ өлке адыр мекен,
Маңдайыңа бақ жазған Тәңір бекем.
Ата сақал аузында шалдар түгіл,
Алты жасар ұлың да қадірлі екен.

Аққыртау, сырларың көп ақтармаған,
Қойныңда дұшпан жатқан аттандаған.
Топырағыңда Күреңін кісінетіп,
Жотаңда жауға қарай жортқан бабам.

Аққыртау, құлаш құшақ киелі аймақ,
Майлыөзек ақ жағаңды сүйеді ойнап.
Сабадан сарқа ішкен сары қымыз,
Абадан аталарым бие байлап.

Аққыртау, Жалғызтөбе, шағыл құмдар,
Шағыл құмды шөктірді сағым жылдар.
Биіктегі сексеуіл кешкен ғасыр,
Бейіттегі шалдарды сағындыңдар…
Аққыртау…
06.05.2012 жыл
Әрі қарай

СОЛ СЕН ШЫҒАРСЫҢ...

Өмір жолында сүрініп сан ақтарылғам,
Сабақ алып ем сенделткен ағаттарымнан.
Қолымды жайып бет бұрып құбыла жаққа,
Бармақтай бақыт сұрағам Жаратқанымнан.
Сол сен шығарсың…

Сендермен өтсе тәп-тәтті шырын күндерім,
Бақыт дегеннің не екенін ұғындым дедім.
Омырауынан бұрқырап Жәннаттың иісі,
Бесік таянып емізер ұлымды менің.
Сол сен шығарсың…

Қылығыменен сейілтер уайымды тұнған,
Еріне адал болуға дәйім ұмтылған.
Келіндік жолда қадірі таудан биік боп,
Ақ алғыс алар ене мен қайынжұртынан.
Сол сен шығарсың…

Кеудеде тұнған, жаралған назыңнан әлгі,
Сағыныш дейтін тербетсе сазым ғаламды.
Таңдайымдағы тілекке Жаратқан берген,
Маңдайымдағы бақыт боп жазылған мәңгі.
Сол сен шығарсың…

Өзің жоқ болсаң жүрегі аласұрған-ды,
Әлемнен таппай дәл сендей жанашыр жанды.
Мойыныма келіп «Әке» деп асылатұғын,
Құлындарымның сүйетін Анасын мәңгі.
Сол мен шығармын!

Жүректен сөзім төгіліп жақұт боп шашыл,
Кедергі емесі, бәрібір, уақыт тоқтасын.
Адалдықтары үлгі боп барша ғаламға,
Қолұстасып кеп ашатын Бақыт қақпасын.
Ол біз екеуміз!
29.12.2013 жыл
Әрі қарай