Жарияланымдар

Әзілхан Нұршайықов.Махаббат қызық мол жылдар

  • TOP
Блог - patick: Әзілхан Нұршайықов.Махаббат қызық мол жылдар

Назарларыңа «Махаббат қызық мол жылдар» романының электронды нұсқасын ұсынамын. Өткенде пікірлерімнің бірінде (қай тақырып екені есімде жоқ) «Осы кітап кімде бар?» деп сұрап едім. Ешкім үндемеді. Ең болмаса «Менде жоқ» деуге жарамадыңдар. Бірақ мен кекшіл емеспін, оқымағандарың оқып алыңдар, мә:
Әрі қарай

"Малай әйелдің әңгімесі" сериалын көруге 5 себеп

«Малай әйелдің әңгімесі», немесе «The Handmaid’s Tale» — канадалық жазушы Маргарет Этвудтың аттас романына негізделген америкалық сериал. Премьерасы 2017 жылы болды, ал қазір екінші маусымы көрсетіліп жатыр.

Теледрама көрермендер мен сыншылардың жүрегін бірден жаулап алды. Алғашқы маусымы талай беделді сыйлықтарға ие болды, соның ішінде екі «Алтын глобус» пен төрт «Эмми» бар.

Сериалды көрерменге ұсынушы Hulu сервисі оны үшінші маусымға ұзартты.

Сюжеті болашақта, қазіргі АҚШ аумағында құрылған Галаад деген тоталитар мемлекетте өрбиді. Елде діни теократия негізінде басқарылатын режим орнайды, бізге үйреншікті болып қалған көп нәрсеге тыйым салынады. Қысқасы қазіргі Америка қоғамына қарама-қайшы заман болады. Сонымен қатар тоталитаризм Галаадтың жалғыз проблемасы емес. Қиын экологиялық жағдайға байланысты офицерлер мен шенділердің әйелдері бедеуге айналады. Қоғамда еш статусы жоқ қарапайым әйелдер еркінен тыс малай ретінде чиновниктердің үйлеріне қабылданып, соларға бала туып беруі тиіс. Негізгі оқиғалар осындай бір малай әйелдің атынан баяндалады.

Бұндай қызықты сериал көрермен назарынан тыс қалмауы керек деп есептейміз. Сондықтан «Малай әйелдің әңгімесін» көруге бес себепті атап өтпекпіз. Сонымен кеттік:
Әрі қарай

Оскар 2018: Кім жеңеді?

Киностан: Оскар 2018: Кім жеңеді?4 наурызда Америка киноакадемиясының «Оскар» киносыйлығы үлестіріледі. Биыл фавориттердің үздік үштігінде:
  • Гильермо дель Тороның «Су пішіні» фэнтези-мелодрамасы — 13 номинация
  • Кристофер Ноланның «Дюнкерк» әскери драмасы — 8 номинация
  • Мартин Макдонахтың «Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд» драмасы – 7 номинация.
Енді биыл «Оскарды» кім алады деген сұраққа жауап іздеп көреміз. Болжамды осыған дейін үлестірілген әртүрлі киножүлделер негізінде жасайтын боламыз:

Сонымен біздің болжамды түйіндесек, тізім былай болады екен:
Үздік фильм, үздік актриса, екінші пландағы үздік актер, үздік түпнұсқа сценарий — «Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд» (Фрэнсис МакДорманд, Сэм Рокуэлл, Мартин МакДона)
Үздік актер — Гари Олдман («Ауыр кезең»).
Екінші пландағы үздік актриса — Эллисон Дженни («Мен, Тоня»).
Үздік режиссер — Гильермо дель Торо («Су пішіні»)
Әрі қарай

Адамды адам еткен - арақ

Блог - patick: Адамды адам еткен - арақДарвиннің теориясы бойынша маймылтектес тіршілік иелері еңбек арқылы саналы адамға айналды. Бірақ еңбек етпес бұрын маймылдар ағаш басынан жерге түсуі керек қой. Дәл осы тұста арақ көмекке келеді.

АҚШ-тағы Дартмут колледжінің зерттеушілері осындай тұжырым ұсынып отыр. Оны мен өзіміздің National Geographic Қазақстан журналынан оқып қалдым. Осы қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп кетті.

Мақаладан үзінді келтірейін:
«Берклидегі Калифорния университетінің физиологі Роберт Дадли – «мас маймыл» болжамы жайлы алғаш ой ұсынған адам. Оның ойынша, ағаштан жерге түсуге батылы барған примат жемістің жаңа түріне қол жеткізді-міс. «Егер сен алкогольдің иісін сезіп, жемісті өзгелерден бұрын алсаң, ол – сенің артықшылығың, – дейді Дадли. – Сен өзіңді жеңімпаз сезініп, калорияға да қарық боласың». Бұл өзгеріс өз кезегінде жаңа өмір салтының пайда болуына итермеледі.[1]».

Оны мен қалай елестетем? Он шақты миллион жыл бұрын ата-бабаларымыз жердегі жыртқыштардың кесірінен ағаш басында тіршілік етеді. Бірақ ағаш басындағы азық шексіз емес, сондықтан пісіп жетілген, иісі бұрқылап жерде шашылып жатқан жеміс-жидектерге қалай да қол жеткізу қажет болады. Сосын ішінен бір батылы аса сақтықпен жерге түсіп, бұзыла бастаған жемістің дәмін татып көреді. Бұзылған жеміс ашытқы бөлетіні белгілі. Ал ашытқы дегеніміз бүкіл алкоголь атаулының негізі. Көп жеп қойғаннан кейін әлгі примат бабамыз аздап көңіл-күйі көтеріліп, тіпті маңайдағы жыртқыштарға сес көрсетіп қояды. Сосын ол енді жемісті жерден теріп жеуді әдетке айналдырады. Өйткені ол әрі тәтті, әрі көңіл-күйді көтеріп, ерекше сезімге бөлейді. Артынан басқа приматтар да оның ісін қайталайды. Оларға да ұнайды. Уақыт өте келе „адам болғысы“ келген маймылдар уақытының көп бөлігін жер бетінде өткізуге бейімделеді. Ал әрі қарайғы эволюцияны менсіз-ақ өздерің білесіңдер: тас қарулар, от жағып үйрену, пісіріп үйрену, дәнді-дақылдар теру мен оны егу және ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы.

Алкоголдің адамзат дамуы үшін рөлі бұнымен бітпейді. Көне дәуірдің ғұламалары қалдырған, біздің заманымызға дейін сақталған тарихи һәм мәдени мұралар мен жәдігерлер арақ-шараптың көмегімен дүниеге келгенге ұқсайды. Өйткені алкоголь адамға шабыт сыйлайды. Шабытсыз бұл жақұттар пайда болмас еді. Тағы да НатГео дерегіне жүгінеміз:

»Шынтуайтында, жер-жаһанда дәнді-дақылдардың түр-түрінен жасалған алкоголь жайлы деректер өркениеттің алғашқы кезеңінен бастау алады. Пенсильвания университетінің биомолекула археологі Патрик МакГоверн: «Мұның бәрі жай сәйкестік емес», – дейді. Оның айтуынша, Тас дәуіріндегі ғұрыптардан бермен адамның ақыл-есін өзгертіп жіберетін ішімдік атаулы шығармашылыққа шабыт бітіріп, тіл мен өнердің дамуына серпін берген. Адамзат тарихының шар­уашылық жүргізуден бастап, жазудың пайда болғанына дейінгі дәуір аралығына көз жіберсек, оның қай-қайсысында да ішімдікпен бір байланыстың болуы әбден ықтимал. «Әлемнің әр түкпірінен табылған бұлтартпас деректер алкогольді ішімдіктің адамзат мәдениеті үшін маңызды роль атқарғаны анық, – дейді МакГоверн. – Отыз жыл бұрын бұл дерек дәл бүгінгідей мақұлдана қоймаған еді». Әзіл-шынын араластыра сөйлеген МакГоверннің айтуынша, ішімдіктің адамзат баласының ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, біз енді өзімізді «Хомо ішкіштер» деп атасақ та болатындай.[2]".

Осыдан келіп адамдардың араққа құмарлығының себебі де анықталатындай. Демек бұл біздің қанымызға сіңген әуестік, бізді ғасырлар бойы алға жылжытып келген инстинкт. Ендігәрі ішкішті кінәлауға асықпа, өйткені бұл геніне программаланып қойылған нәрсе.

Ендеше алкоголь өнімдерін жеккөрінішті қылып көрсету әдетімізден арылып, оның адамзат тарихындағы маңызды рөлін мойындайтын кез келді, ағайын.

Сілтеме:
[1][2]: «Тоғыз мың жылдық құштарлық» © National Geographic Қазақстан, 2017
Әрі қарай

Веложол: Орбитадан ҚазҰУ-ға дейін (+видео)

Алматы велосипедизацияға шындап кірісіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын алдымен Абай даңғылында, кейін Тимирязев көшесінің бір бөлігіне веложол салынған еді. Биыл веложолақ түскен көшелер көбейді.

Соңғы салынған веложолдардың бірі Орбита ықшамауданы жақтан бастау алады. Әлгі атышулы трамвайдың жолы. Трамвай жабылған соң соның орнына веложол салуға шешім қабылданыпты. Биыл жазда басталған құрылыстың бір бөлігі аяқталды. Жалпы бұл веломагистраль Орбитаны Көкбазармен жалғауы керек. Қазір Орбитадан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алдына дейін велосипедпен тоқтамастан жетуге болады.
Блог - patick: Веложол: Орбитадан ҚазҰУ-ға дейін (+видео)Бағыты: Саин (Торайғыровтан төмен) — Торайғыров — Каблуков — Өтепов — Атакент паркі — Тимирязев — ҚазҰУ аялдамасы. Болашақта жол одан әрі созылып, Байтұрсыновқа барып тіреледі. Ал Байтұрсыновтан Абайға дейін жол жасалып қойды.
Орбита ы/а (Торайғыров көшесі):Торайғыров, Каблуков көшесінде веложол бұрынғы трамвайдың линиясының үстіне салынды. Теміржол монтаждалған да жоқ, үстіне асфальт құйып тастады.
Торайғыровтан Каблуковқа өтетін тұс:Каблуковтан Өтеповқа бұрылатын тұс:Өтеповтың бойында жағдай сәл басқаша — бұрынғы трамвай жолы монтаждалды да, үстіне асфальт төсеп, машиналарды жіберді. Ал машинадан босаған жол жиегі велосипедшілерге берілді.
Өтепов көшесі: Велосипед жолы Өтепов бойымен келе жатады да, Жароковты қиып өтіп, Атакент паркіне кіріп кетеді. Парктің ішімен кесіп өтіп, Тимирязевтің бойындағы ҚазМұнайГаз жанармай бекетінің қасынан бір-ақ шығады. Бұрынғы «Студент» деген сауда орталығына кіріп-шығатын қақпа. Қазір ол ғимарат бұзылып, орнына «Атакент молл» деген сауда үйі ашылды.

«Атакент молл» С/Ү, веложол осы жерден үзіледі. Бірнеше метрден кейін екі-үш жыл бұрын салынған Тимирязев бойындағы веложол жалғасады:
Бір қуантқаны — жаңа велотрассаның бойына велосипед жалға алу нүктелері қойылды. Нүктелер санын білмеймін, бірақ жеткілікті. Жол бойында жиі кездеседі.
Блог - patick: Веложол: Орбитадан ҚазҰУ-ға дейін (+видео)

Енді аздаған статистика:
Орбита — ҚазҰУ бағытындағы веложолдың ұзындығы — 7 км
Орташа жылдамдық — 19-20 км/сағат
Арақашықтыққа кететін уақыт — 20-21 минут

Трассаның сапасына келсек — екіұдай пікірдемін. Торайғыров, Каблуков бойы вибрация туғызады. Жолы шоқалақ дей алмаймын, бірақ тегіс емес. Өтеповтың бойы жақсы. Әрі қарай Атакент паркінің іші де әртүрлі — кейбір учаскесі теп-тегіс, кейбір жерлері кедір-бұдырлы. Сосын бұрынырақ салынған Тимирязев бойындағы жол да аса тегіс емес. Дірілді велосипедке орнатылған камераның селкілінен байқауға болады.

Әрине жоқтан жақсы ғой. Шіли сынауға да болмас. Бұрын автомобиль жолымен де жүрдік қой. Қазір бөлек жолмен жүреміз, демек қауіпсіздік деңгейі де артты. Сондықтан жолдың салыну фактісінің өзіне майлы плюсті беруге болады. Тек осы жобамен айналысып жатқан компаниялар «Еуропалық стандартқа сәйкес» деп БАҚ беттерінде мақтана бермесе екен деймін. Иә, жол бар, бірақ еуропалық деңгейге әлі алыстау секілді.

Дейін/кейін форматы үшін алынған фотосуреттердің «дейіні» Яндекс-картадан, «кейіні» өзімдікі :)

Видеонұсқа:
Әрі қарай

"Жигули" сыралары. Қайсы жақсы?

Қазақстанда сыра қайнататын неше зауыт болса, «Жигули» деген бренд те сонда немесе одан да көп. Тіпті кейбір өндірушілер «Жигулидің» бірнеше түрін шығарып қоятынын қайтерсің!

Солардың бірқатары міне:Блог - patick: Жигули сыралары. Қайсы жақсы?
Неге «Жигули», алдымен соған тоқталайық. Совет заманында осындай атпен шығатын сыра сорты болды және ол қарапайым жұмысшылар, былайша айтқанда орта таптың арасында сұмдық танымал еді. Ол бағасы арзан болуымен, қол жетімді болуымен (дефицит емес), жағымды дәмімен танымал болды. Сондықтан оны бәрі ішті және аға буынның есінде жақсы сақталды.

Енді КСРО жоқ, алайда сол «халық брендінің» атағын пайдаланып кетпек болған өндірушілер өздерінше «Жигулёвское» деген атпен сыра «линейкасын» шығарып жүр. Неше түрлісі бар. Мен Қазақстан зауыттары өндіретін «Жигулилердің» бәрін ішіп көрдім. Бір уақыттары "№1 Пивзавод" өндіретін құйылмалы «Жигулиді», сосын шөлмектегісін ішіп жүрдім. Алайда олардан тез жалықтым. Бастапқыда сезілмейді, бірақ 0,5 литрден кейін жаман дәмі сезіле бастайды: құйылмалысы тұрып қалған сұйық қара шай сияқты болып кетеді, шөлмектегісі темір татып кете ме — бірдеңе, очм.
Шөлмектегінісінің түрі мынадай:Блог - patick: Жигули сыралары. Қайсы жақсы?
Тұрақты пайдаланатын сүйіктімді таппағандықтан «жигулилерден» күдер үзіп, құйылмалы «Шымкенттікке» ауысып едім. Бірақ жақында мынадай бір қызық жағдай болды.

Қайын атам сыраның фанаты ғой. Мен оларға қонаққа барғанда «Жигули Барное» алып жатыр екен. Мен бұрын оны Алматыда ішкенмін, сондықтан нашар екенін білемін. Бірақ көңіліне тиіп қалармын деп ештеңе демедім. Кейін ішіп қалсам дәмі басқа, Алматыдағы «Барное»-ға ұқсамайды.
«Жигули Барное» осы:Блог - patick: Жигули сыралары. Қайсы жақсы?
Сосын Алматыға келе сала әлгі сыраны қайта іздеуге кірістім. Табылды, бірақ этикеткасы сәл басқа екен (дизайнын өзгертіп жіберіпті біздікілер). Ішіп көрдім, ұнамады. Іздеуді жалғастырдым. Ақыры іздегенімді таптым — алюминий банкада демесең, дәмі дәл өзі!Блог - patick: Жигули сыралары. Қайсы жақсы?Сөйтсек, сыртын дұрыстап оқу керек екен. Бір түрі Алматыда өндіріледі, екіншісі Мәскеу облысында Мытищи қаласында шығады. Сол ресейлікті алу керек. Қазақстандық пен ресейліктің сыртқы түрі бірдей немесе ұқсас болуы мүмкін, алайда дәмі екі түрлі.

Нағыз «Жигули» іздегендерге берер кеңесім — сыртын оқып алу керек. Мытищи қаласында өндірілгені жақсы, дәмі жағымды, көп ішіп қойғанның өзінде қойлайсыздықтар үшін кешірім сұрамайсың ;)

Ол табылмай жатса №1 Пивзавод өндіретін «Жигули» алуға болады. Керемет емес, бірақ бір-екі рет көруге болады. Әлгі «Алматинское», «Алма-Ата» (бір қызығы — екеуі екі түрлі зауыттан шығады) деген түрлеріне жоламай-ақ қойыңдар — сідік.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Қаде

"Қазақтың тойы бітпесін" © Халық мәтелі
Блог - patick: #QazzaqDepression. Қаде
Сәби
Сәби шетінесе қайғы ұзаққа бармайды. Көбінесе адамдардың көңіл-күйі бір қалыпты-сабырлы болады. Көңіл айтуға келген адам қарасы да көп болмайды. Адамдар тез тарайды. Әдетте қырқы, жүзі дегендер болмайды. Үшінші-жетінші күнмен шектеле салады.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді.

Жас
Жас шетінесе — ата-ана ғана қатты қайғырады. Өлім себебі көбінесе үшеу: армиядан темір табытпен келеді, желігіп жүріп жол апатына ұшырайды немесе көшеде біреумен ілініп төбелестен қайтыс болады.
Жерлеу кезінде ғана бәріне ауыр болады. Үші мен жетісінде қайғырып жүрген адамдар саны минимумға жетеді.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді.

Орта жас
Кенеттен кеселге тап болған 40-50 жас шамасындағы адамның қазасы. Көптен сырқаттанып жүргендіктен ол кісінің өлімі көпшілікке жаңалық бола қоймайды. Дегенмен туыстары дауыс салады. Қаденің соңы естеліктермен бөлісуге ұласады: қайтыс болған адаммен болған оқиғалар, айтқан сөздері, мінез-қылықтары.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп кетеді. Бұл позицияға олардың орнына ойын балалары бекітіледі.

Қария
Жылап-сықтау аз болады. «90 жас деген той ғой» — деген репликаны жиі естуге болады. Көпшілігі күліп жүреді, тіпті қабір басында анекдоттар естіп қалуға болады. Негізгі рәсім аяқталған соң — тоймай қалғандар, немесе жылы-жұмсақ дәметіп жүргендер қариямен жақын болғанын сылтау етіп қалып қояды.

Үлкендер жағы гарба ойнайды, ал қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді. Олардың орнын басуы тиіс жасөспірімдер тығылып темекі шегіп жүреді, немесе атыспақ ойнап жүреді.
Әрі қарай

1 жылдық велотәжірибе: әуесқой велосипедшіден ақыл-кеңестер, көрген-түйгендер

Блог - patick: 1 жылдық велотәжірибе: әуесқой велосипедшіден ақыл-кеңестер, көрген-түйгендер2016 жылдың мамыры әлі есімде: қалтырап-дірілдеп, велосипед руліне жөнді ие бола алмай, біресе түсіп, біресе мініп бара жатқан едім.

Қазір 2017 жылдың маусымы: қазір ондай мандраж жоқ, автомобиль жолымен жүремін, тротуармен кетіп бара жатқан велосипедшілерге мұрын шүйіре қараймын. Әйтсе де биыл тротуармен жүруімді барынша азайтсам да, бәрібір айыппұл алып үлгердім [1].

Өзімнің басымнан өткен жағдайлар мен аздаған тәжірибемді басшылыққа ала отырып, қоғамдық көліктен немесе өз машинасынан велосипедке ауысқысы келіп жүргендерге аздаған кеңестер бергім келеді.

Алдымен велосипедпен жүрудің артық-кемшіліктеріне тоқталайын.

Сонымен плюстары (Кэптік танытсам кешірерсіңдер):
1. Шынығу. Велосипед тепкен кезде денеңнің көп бөлігі қимылға түседі, сәйкесінше велосипед кішігірім тренажер қызметін де атқарады.
2. Инфаркт мүмкіндігін азайтады. Біздің стресске толы заманда бұл маңызды. Байқаған шығарсыңдар, қазір жасы 30-дан асқан еркектер арасында жүрек талмасы көбейіп кетті. 40 жасында не операция жасау, не бақилық болып кету қалыпқа айналды. Білгірлер осындай жағдайдың алдын алуда велосипедтің рөлі ерекше дейді.
3. Таза ауа. Көпшілігіміз таңертеңнен кешке дейін офиста отырып жұмыс істейміз. Күнге аз шығамыз, көшеде нендей оқиғалар болып жатқанын интернеттен ғана көреміз. Жұмыстан шығып үйге жеткенше машинада қамалып отыратынымыз бар тағы. Ал велосипедпен келе жатсаң айналаңдағы құбылыстарға ерікті/еріксіз көз саласың, сыртта не болып жатқанын көресің, аздап даланың ауасын жұтасың, үйіңе серуендеп жетуге болады.
4. Жол ахуалына тәуелсіздік. Машина кептелісте тұрып қалуы мүмкін, жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатуы мүмкін, не машинаң орта жолда бұзылып қалуы мүмкін. Ал велосипедте дөңгелек жарылғаннан басқа не бұзылушы еді? Сүйреп алып кете бересің.
5. Зиянсыздығы. Велосипед улы газ бөлмейді, жаяу адамдарға да қаупі азырақ. Кісі қағып кеттім дегеннің өзінде оны өлімге душар етпейтінің анық.
6. Мүліктік құнының төмендігі. Қазір велосипедтер бағасы 30-40 мың теңгеден басталады. Әрине, автомобильдің құнындай түрлері де кездеседі. Бірақ қала ішінде жұмысқа барып-келу үшін арзандары да әбден жарайды. Сәйкесінше жоғалтып/ұрлатып алған жағдайда да өкініштің ауқымы шамалы болады :)
7. Үнемділік. Бірден айтайын — нақты есебім жоқ. Өз жағдайымның мысалын ғана келтірейін. Мамыр-қазан аралығында жаңбыр жаумаған күннің барлығында дерлік велосипедпен жүруге тырысамын. Әрине кейде жұмыстан кейін бір алыстау жерге бару керек, не болмаса супермаркетке кіріп шығу керек — ондай кездері алдын-ала жоспармен машинаға отырып шығамын. Басқа уақытта машина үйдің алдында шаң басып тұрады.

Енді минустары (көп минустар автомобильмен қарым-қатынасына байланысты):
1. Автосүйерлердің көзқарасы. Олар велосипедшілерді ұната бермейді. Алдыңды орағытып, жаныңнан жарқ етіп пайда бола кететін тосын әрекеттері үшін шығар. Жалпы велосипедшінің ниетін аңғару қиын: великте бұрылыс, тоқтау сигналдары жоқ, көпшілігінде түнде қосатын жарық шамдары да болмайды. Сондықтан көшелерімізде велосипед пен автомобильдің соғысу оқиғаларын кездестіріп жүрміз, кездестіре де бермекпіз. Автожүргізушілер реті келсе терезесін ашып боқтап қалуды, айқайлап ұрысып қалуды, сигналдатып шошытуды, тіпті жол жиегіне қысып тастауды міндеті санайды. Бұған бір жағынан велосипедшілердің жол ережесін сақтамауы да өз үлесін қосып жатса керек.
2. Жол жиегіне тұрақтаған автомобильдер. Велосипедшілердің жарақат алуы, тіпті өліп кетуі осы жағдайлардан болып жатады. Велосипедші жоғары жылдамдықпен келе жатыр делік. Жол жиегіндегі машиналардың біреуі есігін ашып қалса бітті дей беріңіз. Аман қалса рахмет айтыңыз. Сондықтан жиегінде машиналар қойылған жолдарда аса сақтық танытқан жөн.
3. Шаң мен газ. Көлік ағынында келе жатқан өзге машиналардың түтінін жұтуға, олардың дөңгелегінен көтерілген шаңмен демалуға мәжбүр боласың.
4. Қазақстан қалаларының велосипедшілерге бейімделмегендігі. Біздің қалаларымыз автомоболистердің жағдайын қатты ойлайды: оларға арнап паркингтер салады, жолдарды кеңейтеді, жыл сайын жаңа асфальт төсейді — бәрі солар үшін. Соңғы жылдары Алматы мен Астанада ғана велосипедшілерге арнап жолдар салына бастады. Бірақ бұның бәрі бір жүйеге бірігіп, велосипедші жолшыбай бөгелместен, ештеңені айналып өтпестен тиісті жеріне жететіндей жағдай жасалғанша әлі талай заман ауысады деп ойлаймын.
5. Жыл мезгіліне тәуелділік. Қазақстан жылдың төрт мезгілінің белгілері толықтай көрініс табатын сирек елдердің бірі. Күз бен көктем — көбінесе нөсермен өтеді, қыста — міндетті түрде қалың қар және суық. Сонда жазда ғана еркін серуендай аламыз. Мысалы Алматыда велик үшін ең оңтайлы айлар: мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек.

Енді велосипедшінің тәртібіне қатысты. Бұны барлығы біліп жүруі керек:
— Тротуармен жүруге болмайды. Бір қызығы сол — көпшілігі бұны білмейді. Велосипед тротуармен жүруі тиіс деп ойлайды. Жоқ! Бұл заңмен тыйым салынған. Жаяу адамдар мені жақсы түсінеді деп ойлаймын: артыңнан ұшып келіп сигналын шырылдатқанда бір теуіп, велосипедімен бірге омақастырғың келеді. Жалпы жаяу жүруге арналған аймақтардың барлығында велосипедке тыйым салынған.
Мен де бастап үйреніп жүргенде тротуармен жүрдім. Аздап тәжірибе жинаған соң автомобиль жолына ауыстым.
— Велосипедші велосипедке мініп орнынан қозғалған сәттен бастап жол қозғалысының тең құқылы мүшесі. Яғни, ол да өзгелер секілді жол ережесін сақтауы керек, ешкімге кедергі болмауы керек, тиісті белгілер беруі керек.
— Велосипедші тек жолдың жиегімен ғана жүреді. Жолақтың ортасына түсіп алып, артыңа автомобильдерді тізіп қоюға болмайды. Жалпы кез келген көлік түрі жылдамдығы 40 км/сағаттан төмен болса жолдың жиегімен, ешкімге кедергі келтірмей қозғалуы керек. Жиекпен ғана жүру велосипедшінің қауіпсіздігі үшін де маңызды.
— Бұрылу алдында тиісті бағытқа орай тиісті қолыңды көтеру керек. Оң жаққа — оң қол, сол жаққа — сол қол. Жалпы өзгелер үшін предсказуемый болу керек (қазақша қалай?) — өзгелер сенің не істейін деп тұрғаныңды алдын ала білетіндей болған дұрыс. Кенеттен, оқыс маневр жасауға болмайды.
— Көзге көрінетіндей болу керек: ол дегеніміз — айқын түсті киімдер (қызыл, көгілдір, жасыл футболка), түнде артқы бөлікке қызыл шам, алдыңғы жаққа жарығы жақсы түсетін фара. Бұлар жыпылықтап тұрса тіптен жақсы — көзге тез шалынады. Сосын, әрине, сәуле қайтаратын жолақтар да болғаны дұрыс.
— Жолдың арғы бетіне өту — жаяу өткелі арқылы ғана. Кәдімгі жаяу адам ретінде, великтен түсіп, көлігіңді қолыңмен сүйреп өту керек. Жолдың бойымен келе жатып солға бұрылуға (1 жолақты жолдан басқа кезде), кері айналуға болмайды.
— Қауіпсіздік: Басқа шлем міндетті түрде керек. Қажет деп тапсаң басқа да қорғау құралдары.

Тағы бір маңызды нәрсе бар: игнор мен сабыр. Автожүргізушілер сигнал беріп шошытуды, боқтағанды жақсы көреді. Ондайларға мән берме, оларға қайтара боқтама, ұрыспа. Елемеген болып күліп қойып баса бер. Конфликтінің соңы қашан да жақсылыққа апарамайды. Дурактарды жібере салған екі жаққа да тиімді.

[1]: Жұмыстан шыққан кезде бірден автомобиль жолына түсіп кету қиындау — сондай бір ыңғайсыздау аймақ. Сол бір 300-400 метр жерде ғана тротуармен жүретінмін. Жақында біреу видеоға түсіріп алып шағымданыпты. 5 АЕК мойныма ілінді. Бір қызығы — шағымданушы менің кім екенімді біледі, арызда менің аты-жөнім, туған күнім көрсетілген. Арызданушының кім екені өзіме де қызық енді :)
Әрі қарай

Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемалар

Біздің елдің жаңалықтары: Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемаларАлматыда қоғамдық көлікке бөлек жолақ берудегі мақсаттардың бірі — қала ішіне сыймай кеткен, жол жиегін босатпайтын бей-берекет автомобильдерден арылу еді. Бірақ жекеменшік көліктің иелері оңай берілетін түрі жоқ. Кез келген заңнан жеке пайдасы үшін тесік тауып кетуге шебер халық емеспіз бе, бұл жолы да жолақтың пайдасы мардымсыз болып тұр.

Жақында Желтоқсан көшесін бастан-аяқ жүріп өтудің сәті түсті. Видеотіркегішіме ілінген кадрлар арқылы бір-екі мәселені сөз еткім келеді.

Желтоқсан мен Наурызбай батыр көшелеріндегі «А» жолақтары былтыр, 2016 жылы жазда пайда болды. Мойындау керек, оң өзгеріс бар, әсіресе бастапқы кезде кәдімгідей көрінді: жол жиегінде тізілген машиналар азайды, қоғамдық көліктердің де жүрісі жылдамдай түсті деп ойлаймын.

Бірақ, бірағы бар! Уақыт өте келе автомобильдер кейбір учаскелерге қайтып орала бастады. Бұған себеп — тиісті шараның болмауы. Жол-патруль полициясы қоғамдық көлікке арналған жолақты бақылаудан қалған сияқты әсер береді. Бұл жерде де тобыр инстинкті ойнап кетеді — біреу әкеліп қойса және олар полиция тарапынан еленбесе, қалғандары да соған еріп машиналарын қоя бастайды.

Желтоқсан көшесінен негізі үш тәртіп бұзушылықты байқадым:
Біздің елдің жаңалықтары: Алматыдағы автобус жолағы: Желтоқсан көшесіндегі проблемалар — Машинаны дұрыс қоймау. Қоғамдық көлікке арналған жолағы бар жолдарда өзге машиналар бірінің артынан бірі, бордюрге жағалай орналасуы керек (7.6.1. жол белгісі, суреттегідей). Алайда барлық жерде бұл талап сақталмай отыр. Ал дұрыс қойылмаған машинаның арты шошайып, автобус жолына шығып кетеді, сәйкесінше, қозғалысқа да кедергі.

— Жолақтың үстіне қою. Аталған көшеде жол жиегіндегі қалтадан орын жетпегендер «А» жолағының өзіне қойып жүргендер бар. Бұл автобустардың жолын толықтай жауып, бөгеп тастау деген сөз. Ешкім жазаламайды екен, неге қоймасқа?

— Тротуарға көлік қою. Бұлар енді айыппұлдан қорқып, сақтық шарасына көшкендер шығар деп ойлаймын. Желтоқсан бойында жаяулар аймағына шығып кеткен автомашиналарды көп байқадым. Әйтеуір дөңгелек жүре алатын жерлердің бәрін жаулап алыпты.

Аталған мәселелер түптеп келгенде қоғамдық көлікке басымдық беруге арналған жұмыстардың нәтижесін жоққа шығарып отыр.

Бұл постты Алматы әкімдігіне және Ішкі істер департаментіне жіберіп көремін. Нәтиже бола ма, болмай ма — оны келесі постымда жазамын.
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Иман

Блог - patick: #QazzaqDepression. Иман
Подъезде жалдап тұрмайтын өзі қалды. Көршілерінің барлығы әлдеқашан коттедж салып немесе жаңа құрылыстан пәтер алып көшіп кеткен. Енді айналасындағылардың барлығы жалдап тұратындар. Түрлерін де танымайды, біреуі кетсе ертесіне басқасы көшіп келеді. Танысып үлгермей жатып олар да ауысады.

Әдеттегіше жұмысына кетіп бара жатыр еді. Оны көрді. Жаңа көрші. Бір қабат төмен тұрады. Жаңа көршісі есігін жауып жатып:
— Ассалаумұғалейкүм, — деді күлімсіреп.
Бұл сасып қалды. Әдетте ешкім онымен, ол ешкіммен амандаспайды. "Әліксәләм" деген бірдеңені айтқандай болды. Бөгелмей түсіп кетті.

— Ассалаумұғалейкүм!
Күн сайын еститіні осы болды. Ол да мейлінше мәнерлеп жауап беруге тырысады: "Әлеикум ассалам".

Аты Иман екен. Таза киінеді, басында ақ тақия, амандасқанда ылғалдау алақаны біртүрлі жағымды әсер етеді екен.

Өздерің байқағандай екеуінің қарым-қатынасы жақсара түсті. Аман-саулықтан бөлек, кездесе қалса басқа да тақырыптарға бас ауыртады. Ішінде дін де бар. Әсіресе дін туралы айтылса Иманның жүзі бал-бұл жанып кетеді. Имандылық пен мейірімділік туралы тоқтамай айта беруге бар. Айтқан әңгімелері қызық, биязы дауысымен сыпайы тақырыптар төңірегінде сөз қозғағанда қалай елітіп кеткеніңді байқамай қаласың.

— Ислам кіршіксіз дін ғой, — деді Иман бірде пышағын қайрап жатып, — Исламнан таза дін жоқ бұл әлемде…
Подъезд алдындағы ағаш орындықта отыр. Үйіндегі пышақтарын бір қайрап алайын деген-ау. Тап-таза орамалды орындық үстіне ұқыптылықпен төсеп, пышақтарын тізіп қойыпты. Бұл қасына отыра қалып, Иман тірлігін аяқтағанша әңгімелерін тыңдады.

— Құдай кешіре білетіндерді ұнатады, — деп бастады бірде ол. Әдеттегідей есік алдындағы орындыққа жайғасыпты. Бұл жолы тапаншасын тазалап отыр. Шошып кетті. Оның қолындағы қаруды көрмеген болып, асыққан түрмен тез кетіп қалды.

Әлгі оқиға көпке дейін есінен кетпеді. Иманнан бұндайды күтпеп еді. Әлде бала-шағаның ойыншығы ма екен? Солай болар-ау. Әйтпесе сыртқа шығып қару тазалағаны біртүрлі емес пе? Сонда да Иманмен кездесіп қалудан қашып жүрді.

Демалыста үйінде тынығып жатқан. Есік қағылды. Иман келіп тұр. Түк болмағандай жылы күлімсірейді.
— Кел, — дейді ол, — біздің үйден шәй ішіп кет.

— Жалғыз бастысың, тамақ дайындау қиын шығар. Бізге келіп тұр, — деді Иман үйге кірген соң, — Жеңгең тамақты жақсы пісіреді. Қош келдің, төрлет.

Үстел басында үшеуі тамақ ішті. Шынымен де дәмді пісіреді екен. Балалар ана бөлмеде ойнап жүр.
— Исламның басты қағидасы — мейірімділік қой. Дінде адам түгіл, жәндікке де зиян қылуға болмайды, — деді ол. Теледидарда Таяу Шығыстағы кезекті терракт туралы айтып жатты. Радикалдар камераға қарап: «Аллаху акбар, аллаху акбар» деп айқайлап жүр.

Ислам әңгімесін кілт тоқтатып, балалар жаққа қарады:
— Мейірлан, байқа, балам. Атылып кетпесін, магазинін алып тастап ойнаңдар, — деді. Балалар АК-47-ге таласып қалыпты.
— Кезекпен ойнаңдар, бір-біріңе мейірімді болыңдар. Мейірлан, ақылың бар ғой. Ініңе бере ғойшы, шамалы ойнап тастайды ғой. Ініңе мейірімді бол, — деп ақылын айтып жатты.

Тамақ жүрмей қалды. Бұл үйден тез кетуге асықты. Шәй ішіп, ас қайырғаннан кейін бір минутқа да бөгелгісі келмеді. Есік жаққа беттеп еді, жеңгей тамақ салынған пакет ұстатып жатыр:
— Қуыс үйден құр шықпа деген. Дәм ғой. Үйден жерсіз, — деп қояр да қоймай ұстатып жіберді.

Үйіне келіп, пакеттегі тамақтарды тәрелкеге салмақ болып еді. Қотарғанда бауырсақтармен бірге бір РГД-5 ыдысқа домалап түсті.

Пакеттің сыртынды «Халал» деген жасыл жазу бар екен.
Әрі қарай