Жарияланымдар

#миқатырма1

Блог - karshadai: #миқатырма1

Қалайсыздар? Керекке түрі жаман жазбалар жазам деп, қырық түрлі уәде беріп алып, жоқ болып кеткеніме бір жылдан аса уақыт болыпты :D.Дәл қазір миымда «жазайын» деп ойға алған ештеңе жоқ. Миым тартылып қалған көлдің орны сияқты болып тұр. Оның үстіне «менің шимайым кімге керек?», «кім оқиды мені?» сияқты сұрақтар санамды езгілеп тастаған. Оған қосымша бойдағы түрі жаман жалқаулық, енжарлық бәрі қабаттасып Арайлыны төрт жылдың ішінде «лузерге» айналдырып жіберді. Адамдар өз жастық шақтарын студенттік өмірімен байланыстырады. Ертең 30 жасқа таяғанда ізімнен ерген сіңілдеріме, бауырларыма «жастық шақтың қадірін біліңдер» деп ақыл айтып отыратынымды ойласам жастыққа етбетіммен жатып жылап алғым келеді. Сөйте тұра 4 жылғы студенттік өмірімді нәтижелі іс пен әрекетке емес өмірге өкпе айтуға арнағаныма сене алмай жүрмін. Ия, менің баааақандай төөөөрт жылым көз алдымда желге ұшып кетті. Миымды, ұйқыны жақсы көретін денемді сәл қозғалтсам менен кішкене болсын "қоғамға пайдалы" адам шығар еді ау деп ойлаймын. Ойлаймын да, ауеееер күрсінем *lol*:J. Енді міне, ұятым ұйқы берер емес. Сіздер «22 жасар қыз өзіне не керегін білмейді» дегенге сенесіздер ме? Айтқандай менің жасым 21 де екен ғой. Кеше біреу жақында 23-ке келесің дегендей көзім жасаурап, көңілім босап кетіп еді. Тоқта, мен 21-ге былтыр ғана келіп ем ғой деп есімді жиып алдым. Осы жаста керемет жетістіктерге жетіп, қоғамға, айналасына пайдалы болып жүрген құрбыларымды көрсем, басым төмен салбырап, сүмірейем де қаламын. Неге бұлай дейсіз ғой. Басты себеп: менің мақсатым жоқ. Сырттай танитындар мұны оқыса менен теріс айналып кететін шығар. Рас, менің нақты мақсатым жоқ. Алдағы өмірім бұлыңғыр. Жасағым келетін дүние көп. Бірақ қайсынан бастарымды білмеймін. Бала кезімде журналист болуды армандадым. Теледидардағы жаңалық жүргізетін апайларды көріп, солар сияқты хабар жүргізіп ойнайтынмын. Құдай тілеуімді беріп журналистикаға түстім. Жалқаулығымның және мектептегі «жұлдыз ауруына» шалдығуымның кесірі тиіп грантқа ілікпедім. КазГУ қалды жайына. Осылайша шүкірімді айтып Таразды місе тұттым. «Бұл жерден де мықты адамдар шығып жатыр ғой» деген ой санамда қылаң берген сәттен бастап бәріне немқұрайлы қарайтын болдым. 2 курс оқып жүргенде журналист болу үшін дипломның да, жарты бет қағаз үшін тырмысумен өтетін төрт жылғы оқудың да қажеті жоқ екеніне көзім әбден жетті. Дәл осы сәттен мамандығыма деген қызығушылық жоғалды. Қалған екі жылды әке-шешемнің несие алып оқытқан ақшасы үшін оқыдым десем өтірік айтпаймын. Сабаққа баруға бір ғана мотивация болатын. О құдіретті мәхәббәт пәтшағар! Өзімнен бір курс жоғары оқитын Е. деген жігіт осы жазбаны оқып отырса, «бала шағаңның қызығын көр, айналайын» деп бата бере салайын. Соның көзіне түсу үшін өлең де жаздым, іс-шараларға қатыстым, әдеби клубтың жетекшісі болдым. Арманыма жеттім дегенде шектен тыс қиялилығымның кесірінен ол жігітпен қош айтысып тындым. Болды бітті. Мотивация өлді. Әрі қарай бәрі қорқынышты кинодағыдай өрбіді. Әйтеуір өзімді қатты ұстағанымның, әжемнің өйт, бүйт, оны жасама, мынаны жасама деген апта сайынғы айқайының арқасында және тәрбиелеген үлкен әжемнің (марқұм) жиі түсіме кіріп «сигнал» беруінің арқасында өліп қалмай, бүгінгі күнге жетіп, ертең диплом алайын деп отырмын (көрімдік дайындай беріңіздер);). Ешкім мені осыншалықты әлсіз адам деп ойламайтын шығар. Ендігі өміріме үлкен мотивация қажет. Махаббат емес бірақ) Өлең жазатын, сәл қиялилау, шектен тыс сезімтал, арманы тым көп, тек діттеген айқын мақсаты жоқ,өмірлік ұстанымы қалыптаспаған,әлі ештеңеге қол жеткізбеген 22 жасар қызға қандай ақыл айтар едіңіз? (күйеуге шық деу жоғынан). Ия, адам 40 жасқа келіп те өзіне не керегін түсінбеуі мүмкін. Ал мен өзімді тезірек тапқым келеді. Алға жетелейтін жалғыз серігім — сенім. Менің де құдайдан үмітім бар ғой) Айтпақшы, ертең мені бір жерлерде жолықтырып қалып, «мәәә сен сондайсың ба не?» деп таңырқау жоғынан). Дилетант болғым келмейді. Профессионал болсам деймін. Бар болғаны осы. «Керектік» оқырмандар, блогерлер қазақтың кішкентай ғана сары қызына азғантай ғана ақыл беріп, жол сілтеуге келгенде сараңдық таныта қоймас.)Мен сіздерге сенем!
Әрі қарай

Балапан жазба)

Бұл «Балапан жазба». Күлмеңізші. Алғашқы жазбам болғандықтан ғой енді)

Блогымды бастамас бұрын, алғашқы постыма не жазамын деп 99 рет ойланып, 101 рет толғанып, бар күш-жігерімді бойыма жиып, ойымды тиянақтап, құдды соғысқа аттанатын жауынгер құсап әрең дегенде ноутбугымның пернетақтасына жан бітірдім) Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, жаңадан блог бастау мен үшін кішігірім той болып тұр. Бұрынырақ неден жасқанғанымды қайдам жазба жазуға жүрексінетінмін. Өзімді қамшылап, икемдеп, жазып отқан түрім осы) Алғашқы қадамыма ақ баталарыңызды беріп жіберсеңіздер түк қарсы емеспін) Негізінде осылай еп-еркін бастап кетуіме соңғы уақыттағы facebook-тегі блогерлік турасында қызу талқыға түсіп жатқан дүниелер әсер етті. Әсіресе Аршат Ораз ағаның блогерліктің не екенін нақтылап жазып ұғындырып берген жазбасы өте-мөте пайдалы болды. Нұрлан Жанай ағаның постын да айтпасам болмайды) Және де өзіме бұрын таңсық болған дүниелердің сырын ашуға бірден-бір әсер еткен нәрсе алтыншы блоқұрылтайдың менің қаламда — ТАРАЗДА өтуі. Иә, иә, мен Таразданмын) Жуалы ауданынанмын) Иә, дәл өзі! Бауыржан Момышұлының туған топырағынанмын, Шерхан Мұртазаның Мыңбұлағының суын ішіп өскен қызбын. Осы жерде мақтанбауым мүмкін емес. Мақтанам! Жуалы десе тік тұрам) Осы топырақтың қасиетін бойыма сіңіріп өскендіктен, білім мен іздену жолында жалқаулыққа жол бермей діттеген мақсатыма еңбектесем де, жеткім келеді. Дәл осыған келгенде мені қай жерде жүрсемде туған жерімнің қасиеті алға жетелейді. Сұмдық жақсы көрем!) Хош, қысқасы биылғы блогқұрылтай блогосфера әлеміндегі мен қатысқан алғашқы шара болғандықтан, кейбір кездерде «түс көріп жүргендей» күйде болғаным рас. Бірақ іштей «осылай-осылай адам болып кетем, білмегенімді ізденіп қуып жетіп аламын» деген ойда болдым. Ойымды іске асырамында!
Сонымен, мен мұнда не жазамын?
Ең алдымен, көзім көріп, көңілім түйсінген өмірдің түрлі иірімдері хақында ойларымды осында қорытатын боламын.
Одан соң өзімді қызықтыратын дүниелер жайындағы кішігірім зерттемелерімді жазамын. Ол көліктердің тарихы болуы мүмкін, ол Майкл Джексонның өмірі болуы мүмкін. Қысқасы ештеңеге таңқалмаңыз)
Келесі әлбетте, оқырманы жоқ болса да өз шығармашылығыммен бөлісіп отырамын. Ол әрине — ӨЛЕҢ!
Адам өміріне, психологияға қатысты посттарды да көзіңіз шалып қалуы әбден мүмкін.
Қыз бала болғандықтан сән әлемі, стиль, фэшн әлеміне де мың сүңгіп ізденемін. Спорт тақырыбында да жазуым әбден мүмкін. Еріншек болмауға әбден тырысамын. Жан-жақты болуға уәде беремін. Қысқасы, фантазиямның әл-дәрмені жеткенше дені дұрыс жазбалар жазатын боламын.
ПЫ.Сы: Осы жазбамды оқып отырсаңыз, маған сәттілік тілеп комент жазсаңыз балаша мәз боп қалам, ерінсеңіз ішіңізден тілей салыңыз) Құдайдан қайтады ғой):J
Блог - karshadai: Балапан жазба)
Әрі қарай