Жарияланымдар

«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?

Перзент үшін деп жиған-тергенің баланың бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

«Кенже ұлымның таңдағаны бір үйдің жалғызы болды. Ұлдан да, қыздан да жалғыз дегенде іштей секем алдым. Жалғыз перзентін ата-аналары еркелетіп, бетінен қақпай өсіреді емес пе? Мұндай қыздардың басқа отбасыға барып, сіңуі, тәртібіне көндігуі өте қиын. Балам «ойлан, асығыс шешім қабылдама, әлі жассың» деген ақылымды тыңдамады. Қайтсін, жақсы көріп қалған да. Бұл ойымды отағасы да құптай қоймады. Сонымен көңілім күпті болып, ұлымызды үйлендірдік. Ағайын-туғанды жинап, келін түсірдік.»

Бұл Таразда тұратын апайымның айтқаны. Ұлының шаңырақ көтергенін сүйіншілеп, қуанышты жаңалығымен бөліскен апайымның қуанышы ұзаққа бармады. Жас отбасының шаңырағы шайқалды. Мыңжылдық құдалық бір жылға да жетпеді. Оған себеп жаңа құдалардың «жаңа» көзқарастары мен пайым-парасаты болды. Оқиғаның анық-қанығын Айжан апай айтып берді.
"… Жаңа құдаларымызбен алғашқы таныстығымыздың өзі бүтін бір өмірді шешіп тастады. Әлі де босағамыздан аттамаған қыздарына үй сыйлайтынын, олардың бөлек тұрғанын қалайтынын жеткізді. Не керек, танысу кешінде болашақ құдаларымыз сөйледі, біз тыңдадық. Келіскендей кейіп танытып, үш сағаттан соң тарқастық. Той қамына кіріскеніммен көңілім еш жай таппады. Бақуатты отбасының қызын келін етіп жатқаныма қуана қоймадым. Біздің де жерге қарап отырған жайымыз жоқ. Барлық балаларымызды үйлендіріп, кемі 2-3 жыл қара шаңырақта ұстап, балалы болып, өз-өздерімен көбейген кезде еншілерін беріп шығарып салғанбыз. Ал кенжемізді қолымызда қалдырып, мына үйдің иесі боласың деп жастайынан құлағына құйғанымыз әдірем қалды. Сүйгеніне қосылып, бізден сытылып шығуға асықты. Балалардың бақыты үшін оған да көндік. Қартайып, қуаттан айырылған жоқпыз. Бастысы, балалар бақытты болсын деп шештік.
Содан құдалар қыздарын дәстүрге сай ұзатты, біздер келін түсіріп мәзбіз. Алдымен құдалық шақырдық. Келіннің жасаулары мен жиһаздарын сыйға тартқан үйлеріне апарды. Артынан тек киім-кешек, алтын бұйымдары мен косметикалық заттары келді. Ағайын-туыс жиналып, құдалықты атқарып алдық. Жаңа құдаларымыз да риза болып, жастарға бақыт пен махаббат тілеп елдеріне қайтты.
Құда-құдағиларды шығарып салған соң, абысындарым келіннің жасауын көргісі келді. Мұндай қызыққа ауылдағы бойжеткендер де жиналады. Келінім барлық бұйымдарын өзі таныстырып, бағаларына дейін айтып мақтанып алды. Үлкен абысыным жас келінге батасын беріп, құтты болсын айтты. Соңынан «жалғыз ғана қайынбикеңе атағаныңды бер, бұл көңілдің, сыйластықтың белгісі. Қазақ дәстүрінде «Құттық» деген бар. Ол келін болып түскен үйіңнің қыздарына беретін сыйың» деді. Мұны естіген келінім ешқандай қарсылықсыз үлкен қораптағы гауһар білезікті ұсынды. Ал қызым мұндай бағалы сыйлықтан бас тартып, басқа алтын жүзікті таңдады. Одан бөлек бойдақ қыздарға жұғысты болсын деген ырыммен мойынорамал, косметикалық заттар үлестірді. Сыйлыққа қарық болған қыздар мәре-сәре болып, дастарқанға жайғасты, дәмнен ауыз тиіп, ән айтып, би билеп, таңға таяу тарқасты.

Бұл тойдың соңы дауға, сыйдың соңы ұрысқа ұласатынын білгенде, жастардың басын қоспаста едік деген өкішін бүгінде өзегімді өртейді.

Апта өткен жоқ судай жаңа құдағиым телефон соғып тұр. Айтқан уәжі мынау болды. Амандық-саулықтан соң бірден, қызын өз үйлеріне жіберуімді айтты. Сол сәтте аузыма сөз түссінші. Сасқанымнан әлі де қонақ келуде, жас келінді көріп, шайын ішуге келіп жатқандар бар. «Бөлектеуге асықпаңыз. Отбасыммен жақын таныссын, абысындарымен аралассын, ертеңгі үйі осы болған соң отбасына сіңсін», — дегенім сол еді, құдағиым кетті оталып. Мұны естіген отағасы да құдағидың сөзін құптап, келінімізге ұлымызды жетектетіп, шығарып салдық. Осымен тынышталамыз деген ойымыздың көп уақыт өтпей күл-талқаны шықты.
Бұл тынышымызды да құдағиымыз бұзды. Айтуына қарағанда дым көрмеген бейшара екенбіз, қызымның алтын жүзік таққысы келсе, өзім әперуім керек екен. Келінімізді тонап, дымсыз қалдырыппыз. Мұндай туыстың барынан-жоғы деп үйретіп отырған құдағидың қызынан, өз келінімнен не қайыр күтейін. Ағайынның ақылымен бастары көбеймей тұрғанда баламды арашалап алуды жөн көрдім. Әкесі де қарсылық танытпады. Содан «мұндай тілемші дәстүрлеріңе түкіргенім бар» деген құдағиымызбен араны ашық қылдық. Ортада ұлыма қиын болды. Жар құшқан құшағы бос қалды, төсек мұздап, көңіл суыды. Баламды да ақылсыз етіп тәрбиелемеппін. Туысқаннан дүниені жоғары қойған адаммен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып, ол да қолын сілтеді", — дейді ашынған ана.
Иә, «жастардың татулығын «бұзуға» себеп болған «Құттық» дәстүрін өшірмей, қайта жаңғырта береміз» деген апайыма жақсы күндерде жолығайық деймін. Шын мәнінде «Құттық» емес «құлқын» шайқалтты шаңырақты. Сезімге сызат түсірді, жалындаған махаббатты сөндірді.
«Құттық» — «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи дәстүр. «Құттық» алғандар да құралақан келмейді. Олар да жас келінге жақсылықты ырымдап, сый-сияпат жасайды. Бағалы заттар, киім, алтын бұйымын жақынына қиып беру тек көргенді, тәрбиелі, текті ұрпақтың қолынан келеді екен.
Жан қалтаң бай болғанымен, жан-сарайың кедей болса, көзің тоқ болғанымен, көңілің аш болса қиын екен. Балам үшін деп жиған-тергенің балаңның бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

Жазып алған — Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

​20,30,40,50 жас: Еркектер НЕНІ қалайды?

Жалғасын оқыңыз, түсінесіз…

Адамның өмір сүру барысында көп нәрсе өзгереді. Балалық шағымызда біз алаңсыз болсақ, есейе келе дүниетанымымыз да көбейіп, арман-мақсаттарымыз, ойымыз, тіпті, достармен, өмірлік серігімізбен де қарым-қатынасымыз жылдар бойы өзгеріп отырады.
Кейде оны түсінбей қаламыз… Ойымыздағы, санамыздағы бейнелер өзгере бастағанда діліміздегі сөз тілімізге көшеді: «Бұдан алдын мұндай адам емес едіңіз, қатты өзгердіңіз». Неліктен олай?
Себебі, ер адамдардың жұбайына деген нәзік қарым-қатынасы жасының ұлғаюына байланысты өзгеруі мүмкін. Қарым-қатынастың өзгеруінің белгілері қандай? Жалғасын оқыңыз, түсінесіз…

20 жас: «Қарындас, сізбен танысқым келеді...»
Жас жігіттердің қызығушылығы артатын, арулармен байланыс орнатуға құлшыныс білдіретін жасы. Жыныстық жетілу, гормондық өзгерістер және мінез-құлықтың белсенділігі бұл жаста арта түседі. Қарама-қарсы жыныс өкіліне құрмет көрсету, оған қорған болу, сезімдер тасқыны, махаббат — барлығы да бұл жастағы жігіттердің бойынан көрініс береді.
Өзіне деген сенімі артатын, тауды қопармаса да, бойында жастық жалын лапылдап, биік арман-мақсаттарына ұмтылатын, махаббат жолында «көзсіз батырлыққа» да барудан тайынбайтын жас. Бұл кезеңде оларды жанды баурайтын тәтті сөздер, сұлу қыздардың ортасы көбірек қызықтырады. Тұрақты қарым-қатынас, ішкі түйсіктің салқынқанды оймен астасуы әлі бұл жаста ертерек.
Егер осындай жастағы жігітте көңіліңіз болса, одан отбасын құру туралы ұсынысты ұзақ уақыт күтіп жүруге мәжбүрсіз. Себебі, ол отбасын құруға өзін дайынмын деп көрсеткенімен, іштей әлі де шала, «аяғын нық басуға» оннан бірі ғана дайын болуы мүмкін.

30 жас: «Кемелденген жылдар...»
Отбасылы, бір-екі перзенттің әкесі болып үлгерген ер-азаматтың ой-өрісі, таным-түйсігі осыдан он жыл алдындағыдай емес. Нәзік қарым-қатынаста да өзін бірқалыпты ұстайды. Көңіл бөлу, елдің назарында болу бұл жастағылар үшін бұрынғыдан да маңызды. Соған сай ол өзінің жұбайына да өзіне көбірек назар аударуын, жағдайын жасауын, қас-қабағын бағуын талап ете бастайды.
Бұл жастағы ерлердің көпшілігі жұбайлық қарым-қатынастың біркелкілігінен жалыға бастайды. Яғни, өздерінің тілінде айтсақ, «күнделікті бір ғана емес, әр түрлі тағамның дәмін татқысы келетіндігімен» ақталуға тырысады.
Сіз не істейсіз? Біріншіден, сөзіңізге абай болыңыз! Күйеуіңіздің күн өткен сайын беті жалпайып, қарыны шығып келе жатқанын бетіне басып, оның өзіне деген сенімін таптамаңыз. Отыздан асып бара жатқан жігіттердің көпшілігі толыса бастайды. Мұны қабылдауға тиіссіз.
Екіншіден, азаматыңыз жас қосылған сайын айналасындағы әйелдердің өзін ортада ұстауы, ерекше көрінісі және адамдармен мәмілесі, ақыл-парасаты жайлы сөз қозғаса ашуға бой алдырмаңыз. Ол әдейі болмаса да ішкі талаптарын осылайша ескертеді. Сондықтан, еріңіздің талаптарына сай, оған жауап бере алатын әйелге айналыңыз.

35-40 жас: «Мазамды алмашы, көңіл-күйім жоқ...»
Орта жастағы ер-азаматтардың жан-дүниесі ішкі депрессиямен арпалыс үстінде. Отбасының бітпейтін кәкір-шүкірі, бала-шағаға қажеттілердің кем-кетігін толтырып беру, іні-қарындастардың жағдайын да мидың бір бұрышында сақтау, өз ішіндегі текетірес, сырттағы әріптеспен немесе жолдастармен келіспеушіліктер- қысқасы, осылардың барлығы жиналып келіп, еркектің жүйкесін жұқартуына себеп болады. Сондықтан, ер адамның күндізгі көңіл-күйі жатын бөлмеңізде де жалғасуы мүмкін. Егер осы әсерлерден ерлі-зайыптылардың арасындағы жақын байланыс әлсірей бастаса, кейінгі орынға түсіп қалса мазасызданбаңыз. Күдігіңіз де орынсыз. Өйткені, ол сізге бұрынғыдай жақын бола алмаса, шаршағаны. Түсіністік танытыңыз, тынығуы үшін жағдай жасап, бұрынғы қалпына келтіре аласыз.
30-35 жастағы әйелдердің көпшілігінде еріне деген қызғаныш сезімі артады. Сонымен қатар, сезімі де күшейе түседі. Бұл әйел организміндегі бала табудан кейінгі өзгерістер. Бұл- әйелдер үшін қалыпты жағдай болып саналады. Ал ерлер керісінше. Әйел оған қарай жүрсе, ол алыстай бастаған секілді көрінеді.
Сабырлылық танытыңыз!

45-55 жас: «Денсаулығым сыр берген секілді...»
Бұл жастағы еркектің жыныстық құштарлығы төмендемегенімен, мүмкіндігі шектеулі болады. Яғни, жасқа байланысты денсаулықтың төмендеуі де еркектік қасиетке әсерін тигізбей қоймайды. Денсаулығына күтіммен қараған, салауатты өмір салтын жастайынан ұстанған еркектер мұндайдан аулақ болуы ықтимал. Олар үшін жұбайымен қатынас бұрынғыдай қызықты.
Бұл кезеңде жұбыңызға көмек бергеніңіз жөн. Бәлкім, дәрігердің нұсқауы, бәлкім, қуаттандырушы дәрумендер, спорт арқылы оның денсаулығын оңалтуға әрекет етіңіз. Өйткені, ер адам қай жаста болса да өзінің қажет екендігін сезінуі тиіс. Жасы келген әйелдердің көпшілігі жұбайлар төсегінен бөлініп, жатын орнын да ауыстырып жатады. Дұрыс қадам еместігін ұғыңыз.
Өмір бойы балаларыңыздың мәселесімен шапқылап, солар үшін өмір сүргеніңіз де жетер. Енді өзіңіз үшін өмір сүруге тиіссіз.
Қай жаста болса да еркек үшін маңыздысы — НАЗАРда болу. Әдемі, жылы қарым-қатынас орнату. Осы амалдарды орындауға, оның көңілін табуға ұмтылсаңыз, өкінбейсіз.

А. Сәрсенбаева, ERNUR.KZ

​Шаншу қадалғанда не істеу керек?

Шаншу — сіз елемейтіндей, мән бермейтіндей ауру емес. Шаншуды уақытында жазбасаңыз, асқынып кетуі мүмкін.

Көпшіліктің көкейіндегі сұрақ. Бала кезімізде әжелеріміз пештің жанындағы көсеуді темірге ұрғылап алып, қадалған шаншуды түйрейтін. Сенім бе әлде ем бе, әп-сәтте жазылып шыға келетінбіз.

Шаншу қадалған тұсты көтере алмай, тіпті дем жетпей қиналатынымыз жасырын емес. Мұндай жағдайда дәрігерлер қыздыратын жақпамай беріп, 5-7 күнге ем жазып береді. Негізінде жатып алып жағдайын жасайтын ауру емес. Әрине қалжыңдауға да болмайды. Бірақ өз бетіңізше ем-дом жасап, 1-2 сағат шамасында айығып кете аласыз. Сонымен салқындап қалған адамның арқасына шаншу қадалып, мазасын алып жатса, сіз де қарап тұрмай алдымен ырымын жасаңыз. Оны жоғарыда айтып өттік. Ендігі кезекте үй жағдайында жасалатын ем жолдарын ұсынамыз.

1. Сұйық демделген 1 шыны шайға 1 шай қасық бал араластырып, ішкізіңіз. Жылы орап жатқызып қойсаңыз, бір терлегеннен-ақ аттай болады.
2. Бұл кезде аяғына, табанына аздаған көлемде қыша немесе бұрыш сеуіп, уқалаңыз. Бұл ем табаныңызды қыздырып, суықты алады.
3. Ас бөлмеңіздегі картоп пен ақжелкенді үккіштен өткізіп араластырыңыз. Оған бал қосып, мұқият араластыру керек. Дайын болған езбені шаншу қадалған тұсқа таңып қойсаңыз, түйін жазылып, ауырғаны басылады. Ем кезінде жылы оранып жатыңыз немесе жылы киініп алыңыз.
4. Кез келген өсімдік майын қыздырып, шаншу қадалған жерге жай қимылмен жағып, уқаласаңыз да керемет ем болады.
5. Шаншу қадалған жерге қыздырылған тұз бассаңыз да көмегі тиеді.

Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.

Ләззат АХМЕТОВА,ERNUR.KZ.

Босанғаннан кейін дене бітімін тез қалыпқа келтірудің құпиясы

Аталған мәселені жеңудегі басты қаруыңыз бен құпияңыз — уақыт. «Бұл қалай?» дерсіз…

Дене бітімін бір қалыпта сақтау — көп әйел үшін үлкен күреспен келетін жеңіспен тең. Бұл күрес, әсіресе, босанғаннан кейін ауыр болады. Аяусыз алысқандар ғана жеңіске жетеді.
Егер, «Мен дүниеге ұрпақ әкелдім, маған енді бәрі кешірімді» деп ойласаңыз, бұл сіздің жңілгеніңіз. Ал, «Баламды өсіріп алғанша біраз уақыт күте тұрайын, күресті сосын бастаймын» десеңіз, сіз бұл жағдайда да ұтыласыз. Неден? Уақыттан. Себебі, босанғаннан кейін дене сымбатын қалыпқа келтірудегі сіздің басты қаруыңыз да, құпияңыз да уақыт болуға тиіс. Яғни, уақытты тиімді пайдалану және әр жаттығуды өз уақытымен бастау.
Иә, әр жаттығудың өз жасалу уақыты бар. Ерте бастасаңыз — денсаулыққа зиян, кеш батсасаңыз — пайдасы жоқ. Сондықтан, олардың басталу уақытын білу маңызды.

2 аптадан соң…
Кей жаттығуларды босанғаннан кейінгі 2-аптадан бастап жасай беруге болады. Егер босану процесі табиғи жолмен өтсе, әрине. Мұндай жағдайда сүйегім қатаймады деп қорықпауға болады. Себебі, бұлар — ең жеңіл жаттығулар.

Дұрыс тыныстауға үйрететін және қарын, арқа, бөксе бұлшықеттерін нығайтатын тыныс алу жаттығуы:
1. Тегіс, қатты жерге шалқадан жатып, аяғыңызды бүгіңіз. Табан еденге тиіп тұратын болсын.
2. Бір қолыңызды белдің астына, екінші қолыңызды құрсақ тұсына (кіндіктен төмен) қойыңыз.
3. Кеудемен емес, ішпен тыныс алыңыз. Дұрыс тыныс алғаныңызға сенімді болу үшін қолыңыз ішіңізге ауаның толғанын сезінуге тиіс.
4. Тыныс шығарғанда қарындағы, құрсақ тұсындағы бар ауаны сыртқа шығарып тастауға тырысыңыз. Қабатында жамбас қуысы бұлшықетін де жиыруды ұмытпаңыз.
5. Осылайша күн сайын 20 реттен қайталап тұрыңыз. Ауаға отырып-тұру жаттығуы жамбас пен бөксе, сан, арқа бұлшықеттерін нығайтады.
6. Екі аяқтың арасын иық деңгейінде алшақтатып, тік тұрыңыз.
7. Терең тыныс алып, орындыққа отырғалы жатқандай тізеңізді бүгіп отырыңыз. Алға еңкеймей, бөксенің артқа қарай бүгілгені маңызды. Осылайша саныңыз еденге параллель қалыпқа жеткеншге «отырыңыз».
8. Тыныс шығарғанда, орныңыздан тұрып, денеңізді қайта тіктеңіз.
9. Жаттығуды күнделікті 20 реттен қайталаңыз. Құрсақ бұлшықеттерін қайта жиыру үшін келесі жаттығуды жасаңыз.
10. Тегіс жерге шалқадан жатып, тізені бүгіңіз. Табаныңыз жерге тиіп тұрсын.
11. Тыныс алып, оң аяқты тізені бүккен күйде кеудеңізге қарай көтеріңіз. Құрсақ бұлшықеті қаншалықты мүмкіндік береді, соншалықты жақындатасыз кеудеге.
12. 3-10 секундтай осы қалыпта тұрған соң демді шығарып, аяқты қайта бастапқы қалпына келтіріңіз.
13. Дәл осылай сол аяқпен қайталаңыз.
14. Бастапқыда әр аяққа үш реттен жасап бастап, бірте-бірте қайталау санын арттыра бересіз.

Жаяу жүру — калория жұмсудың ең тиімді жолы. Сондықтан, күн сайын бір мезгіл таза ауада серуендеуді ескерусіз қалдырмаңыз.

2 айдан кейін…
2 айға дейін жоғарыдағы жеңіл жаттығуларды жасасаңыз, одан кейін келесі сатыға өтуге болады. Бұл сатыда сізге ең сенімді көмекшілер аэробика және жүзу жаттығулары бола алады. Жүзу және аэробика жаттығулары екпінді, қарқынды қимылдауға мәжбүрлемейді. Баяу, бірқалыпты жаслаатын қимылдар. Сондықтан, сүйек пен буынға аса қауіп жоқ, есесіне, көп калория жұмсалады.
Жоғарыдағы жаттығуларды жасай жүріп, олардың қатарына төмендегілерді қосуға болады.
Бөксемен көпірше жасау
1. Қатты, тегіс еденге тізені бүгніп шалқалай жатыңыз.
2. Демді шығарғанда жамбас сүйегін барынша жоғары көтеріп, бөксе бұлшықетін жиырыңыз.
3. Қайта дем алып, жамбасты түсіріп, бастапқы қалыпқа келесіз.
4. Осы қимылды 15 реттен үш айналым қайталаңыз. Кеудені көтеріп-түсіру
5. Бұл жаттығу босанған аналарға жеңіл болуы үшін аяқ ұшымен емес, тіземен жасалады. Сондықтан, еденге екі қол мен тізені тірейсіз. Аяқ бастарын айқастыра ұстап, көтеріп тұруға болады.
6. Осы қалыпта қолды шынтақтан бүгу арқылы кеудені көтеріп-түсіріңіз. Арқа, бел сүйектерінің тік болуын қадағалаңыз.
7. Күн сайын 30 рет қайталау жеткілікті. Отырып-тұрып жүру
8. Бір аяқты алға, екіншісін артқа жіберіп, тізені бүге жартылай отырыңыз. Екі аяқтың бір сызық бойында орналасуын және арқаның тік болуын қадағалаңыз.
9. Орныңыздан тұрып, аяқтардың орнын ауыстырып, қайта отырып-тұрыңыз.
10. Әрбір аяқпен 10 реттен қайталай отырып, 2 айналым жасаңыз.

6 айдан асқан соң...
Босанғаныңызға 6 айдан асқанша ағза қайта қалпына келіп үлгереді. Сондықтан, белсенді физикалық күш түсіретін жаттығуларды жасай беруге болады. Олардың қатарында жүгіру де бар. Күн тәртібіне аптасына үш рет жүгіруді батыл қоса беріңіз. Жүгірудің алдында денені қыздыру жаттығулары, соңында керіліп-созылу жаттығуларын жасау міндеті. Бастапқы 5-10 минутта жылдам жүріп, 15 минут қарқынды жүгіріп, соңғы 5-10 минутта қолмен жаттығу жасай жүріп бяу жүрумен аяқтауға болады. Жүгірудің қабатында бұрыннан жасап келе жатқан жаттығуларды ұмытпаймыз.
Дене сымбатын сақтау маңызды. Әйткенмен, денсаулыққа зиян келтірмейтіндей жолдарды жасаңыз. Сондай-ақ, әрбір жаттығуды жасамас бұрын дәрігерден кеңес алыңыз.

Оқи отырыңыз: Қаңтар айына арналған қаржылық жұлдызжорамал

Аударған: А.Мейірханқызы, ERNUR.KZ

​Нәрестенің арқасындағы «ТІКЕНЕК»: Ол не? Қалай білінеді? Қалай алуға болады?

Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай кез келген нәрестеде бола бермейді.

Медицинада балалар ауруы ретінде мойындалмаған дерттің бірі – нәрестенің арқасында болатын «тікенек» (кочерга – «көсеу»). Жас аналардың көпшілігі, тіпті, кейбір бірнеше баланы өмірге әкелген аналардың өзі бұл туралы білмейтін болуы мүмкін. Себебі, ол барлық нәрестеде бола бермейді. Десек те, ол апа-әжелерімізге таныс. Халықтық медицинада оны емдеу керектігі айтылады. Әлбетте, балаға ыңғайсыздық тудырған жағдайдан арылту қажет. Дегенмен, медицинада бұл туралы не делінген? Нәрестенің арқасында «тікені» бар екені қалай білінеді? Оны қалай емдейді?

Сәбидің мазасын алатын «ТІКЕНЕК» — ол не?
«Тікенектің» тағы бір атауы – «қылтан». Ол – нәрестенің арқасындағы терісін жарып өтіп шыға алмай жатқан түк.
«Тікенекті» байқау қиын емес.
Мұндай түктер сыртқа шыға алмаған соң тері астында өсе бастайды. Түк өскен сайын «көсеудің» (кочерга) пішініне айналады да, ішінен қадалып сәбидің тәніне батады.
Сондықтан да бұл дерт «көсеу» деп аталған.

Медицинада бұған арнайы түсініктеме берілген
«Тікенек» немесе «көсеу» аталған бұл жағдай сәбидің бір қалыпта ұзақ жатуы әсерінен ұйпаланып, түйіршіктеліп қалған түктер. Ол нәрестені жақсылап шомылдырса кетеді, деседі медицина қызметкерлері.
Нәресте туылғанда оның терісі қызарып тұруы қалыпты жағдай. Терінің қызаруы кеткен соң орнында эпителий қабаты мен түктер түзіледі. Дәл осы қабатты әжелер «тікенек» немесе «көсеу» (кочерга) деп атайды.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай кез келген нәрестеде бола бермейді. Егер белгілері нәресте дүниеге келген алғашқы айда білінсе, қажетті шараны жасау керек. Егер алғашқы айында «тікенек» байқалмаса, одан кейін пайда болмайтын көрінеді.

КӨК ШАЙДЫ варикозы бар жандарға ІШУГЕ БОЛМАЙДЫ

Нәрестеде «тікенек» бар екенін қалай анықтайды?
Сәбиді жақсылап шомылдырып, жылы ваннада булап алған соң оны екбетінен жатқызады да, арқасына арнайы маймен массаж жасап уқалайды. Уқалау балаға жағымсыздық тудырмауы тиіс. Нәрестенің терісі нәзік болатындықтан абайлап әрекет ету керек.
Егер 3 минуттық уқалаудан соң ештеңе шықпаса немесе түйіршіктелген түктер байқалмаса, «тікенек» жоқ деген сөз. Ал қолға түктер байқалса, демек алып тастауға тура келеді.

«Тікенегі» бар баланың белгілері
1. Жақсы ұйықтамау және түнде көп мазасыздану
2. Қыбырлап бір орында жатпай қимылдау беруі
3. Арқасынан немесе басқа да жерінен сипағанда қолға шаншылудың әсерін сезу
4. Уақытынан ерте — 2 апта бұрын өмірге келген нәресте Ваннаға булап, шомылдырған соң массаж жасағанда ірі түктердің түйіртпектеліп пайда болуы

Бұлардың кейбірі басқа да жағдайлардың белгілері болуы да мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте баланы дәрігерге мұқият тексерткен жөн.

ҚАН ҚЫСЫМЫ: қандай кезде адам АЖАЛ құшуы мүмкін?

Тәжірибелі аналар мен әжелердің өзіндік тәсілдерді бар
Әрине, мұндай жағдайда баланың жайын алдымен дәрігер қараған соң ғана жүгінуге болады. Бірақ нәрестеге жасалған қайсыбір шара болмасын, анасының қатаң бақылауында болуы керек.
Әдетте, тәжірибелі әжелер баланы жақсылап шомылдырып, терлетіп алады да, екбетінен жатқызып арқасына ана сүтінің бірнеше тамшысын сауғызады. Содан кейін уқалап массаж жасай бастайды.

ЕСКЕРТУ! Нәрестенің денесін 3 минуттан артық уқалауға болмайды! Нәзік тері қабатына зақым келуі мүмкін!

Халықтық тәсіл арқылы көбіне қаттылау иленген қамырды жылытып, баланы шомылдырған соң арқасына әрі-бері жүгіртеді. Қатты түктер қамырға жабысып, баланың денесіне зақым келтірмей алады.
Сол сияқты, қамырға бал жағып жасайтын да түрі бар. Енді бір әжелер нәрестенің денесіне сұйық қамыр жағып, 15 минут өткен соң еппен алып тастайды. Сонда түктер қамырға жабысып алынады. Тек балдың өзімен алатын халықтық тәсілдері көп қолданылады.
Мұндайда ана мен баланың жанында медицина маманы да бірге болғаны абзал. Баланың денесіне халық емінде пайдаланылатын қандай да бір тәсілдің компоненттері жақпай, аллергия немесе басқалай да жайсыздықтар тудыруы мүмкін.

Баланы емшектен шығарудың ЕҢ ОҢАЙ әрі ДҰРЫС ӘДІСІ

«Тікенек» нәресте денесінің қай аумағында көбірек болады?
Жоғарыда айтылғандай, сәби денесінде «тікенектің» қандай да бір белгілері білінсе, оның тек арқасында ғана емес иығы, білектен жоғары қары аймағында, бөксе мен санның сырт жағында болуы мүмкін.
Сондықтан нәрестенің тек арқасына ғана емес, шомылдырып алған соң бүткіл денесіне еппен ғана массаж жасап байқап көрген дұрыс.
«Тікенегі» алынған нәрестенің денесін тыныштандыратын балалар майын немесе арнайы кремді жағу керек. Бастысы – нәрестенің терісі зақымданбауына мұқият болуы ұмытпаған жөн. Мақалаға интернеттен түрлі деректер пайдаланылды

Дайындаған: Қ.Сауран, ERNUR.KZ

Тері күтімі: Қартаюға қарсы сусындар

Терінің қартаюы — ешнәрсе тежей алмайтын, табиғи құбылыстардың бірі. Бірақ кейде қыздардың өзі терінің тезірек қартаюына әсер етіп жататыны рас. Бүгін косметолог мамандар теріні қартайтатын күн сайынғы әдеттерді атап, одан қалай арылуға болатынын айтады.

Терінің ерте қартаюының ең бірінші себебі: Күйзеліс. Әрине, қазіргі таңда жүйкені жұқартатын жайттар өте көп, бірақ сабырлы болуға тырысыңыз. Дәрігерлер Магний В6 дәруменін қабылдауды, жеміс пен көкөністерді жиі тұтынуды, сонымен қатар йогамен айналысуға кеңес береді. Майлы тамақ-терінің жас болуына жауап беретін ақуыздың бұзылуына алып келеді. Тым майлы тамақтан бас тартуға тырысыңыз.
Күн-терінің ең қауіпті жауларының бірі. Үнемі күнге қарсы майлыжақпаларды жағып жүріңіз. Күннің астында жүріп келгеннен кейін міндетті түрде нәрлендіретін маскалар жасаңыз.

Ұйқының қалыпсыздығы. Егер сен 7 сағаттан кем ұйықтасаң жас тері туралы ұмыта берсең болады. Терінің қалыпқа келетін уақыты ұйқының кезі екен. Өзің түнгі cағат 23:00 -де ұйықтауға дағдылан.

Бірақ «Кей сусындар қартаюды тежейді» дейді АҚШ-тың ғалымдары. Олар өз зерттеуіне сүйене отырып, сусындардың тізімін де жариялаған. Олардың құрамындағы табиғи заттар сіздің ішкі ағзаларыңызға ғана емес, теріңізді де нәрлендіреді. Тізімде алғашқы болып тұрған 5 сусынды ұсынамыз! Алдағы уақытта осы жемістерден дайындалған шырынды көбірек ішуге тырысыңыз!
5. Алма шырыны. Түссіз және қантсыз болатын алманың шырыны бауыр мен бүйрек ауруларына ем. Ас қорыту жүйесінің жұмысын реттеп, ішті тазалауға көмектеседі. Физикалық шаршаған уақытта ішсеңіз, күшіңізді қалыпқа келтіріп сергітеді.
4. Шие шырыны. Бұл сусын көзіңіз бен тісіңіздің жастығын сақтап, қандағы гемоглобин мөлшерін реттейді. Қатерлі ісіктің де алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, есте сақтау қабілетін жақсартады.
3. Қаражидек шырыны. Қант диабетімен күресуге көмектеседі және қызыл иекке де жақсы пайдасы бар. Қаражидектен дайындалған сусын азқазанның қызметін дұрыстап, көру қабілетін арттырады, сонымен қатар әжемге қарсы тамаша күш.
2. Жүзім шырыны. Мұнда В тобындағы дәрумендер өте көп, ол терінің жас сақталуына септігін тигізеді. Жүрек-қан тамырлары ауруларына жақсы ем болып қана қоймай, шаш пен тырнақтың мықты болуына да пайдасы зор. Әсіресе әйел адамдарда болатын ауруға таптырмайтын дауа.
1. Бірінші орында Анар шырыны екен. Оның құрамында қартаюға тежеу болатын көптеген элементтер бар. Кальций, фосфор, магний, темір және калийді бойына жиған жемістің жүрек пен қан тамырларда болатын аураларға ем болатын күші бар. Сондай-ақ терінің, шаш пен тырнақтың саулығына және жүйке жүйесінің қалыптылығына пайдасы мол.

ERNUR.KZ

Салбыраған БЕТ ТЕРІСІН үш аптада «ТАРТАТЫН» 3 маска

Бұл үш маска ботокстан кем түспейді. Үшеуін де әркім үй жағдайында жасай алады. Сонымен қатар, үш маска да барлық адамға қолжетімді.

Әйел өмірінде қай іске көп уақыт жұмсайды десе, мен айнаға қарауға деген болар едім. 30 жасқа дейін сұлулығына тамсанып айнаға жиі қараса, ал 30-35 жастан соң байқала бастаған әжім іздеріне маска жасап айна алдында ұзақ отырады. Сіз қайсысына жатасыз?
Егер, жасыңыз 30-дан асып, сізді әжім ғана емес, босаңси бастаған бет пен мойын терісі де ойландыра бастаса, косметолог мамандар мынандай маскаларды қолдануға кеңес береді.

1-ші МАСКА: Бірінші масканың ерекшелігі – бет терісін тартуға арналған масканы таңертең дайындайсыз, кешке қолданасыз.
Сізге керекті заттар: зығыр дәні, бір стақан қайнаған су және қағаз майлық.
Дайындау тәсілі: 1 шай қасық зығыр дәніне 1/3 стақан немесе 70 мл қайнаған су құйып, бірер минут шайқаңыз. Содан кейін қағаз майлықпен бетін жауып, кешке дейін тұндырыңыз.
Қолдану әдісі: Кешке, бетті және мойынды жуып, макияждан тазартып, мақта тампонмен таңертең дайындалған тұнбаны жағасыз. Бірінші жұқалап жағыңыз, ол кепкен соң, тағы да бір қабат жағу керек. Осылайша 5 рет қайталаған дұрыс.

2-ші МАСКА: Бұл маска ботокстен кем емес.
Сізге керекті заттар: картоп крахмалы мен су ғана.
Дайындау тәсілі: 1 ас қасық ұнтақ крахмалды 100 мл салқын суға салыңыз. Оның үстінен осы мөлшерде қайнаған ыстық су құйып араластырыңыз. Баяу отқа қойып қоюланғанша қайнатыңыз. Оттан түсіріп, 5 ас қасық жаңадан сығылған сәбіз шырыны мен 1 ас қасық қаймақ қосыңыз. Жақсылап былғап араластырыңыз.
Қолдану әдісі: Тазаланған бет пен мойын терісіне жағыңыз. 25 минуттан кейін жылы сумен жуыңыз. Бұл масканы аптасына 2-3 рет қолдануға болады.

3-ші МАСКА: Қайнатылған картоп пен жұмыртқаның сары уызы да өте үнемді және тиімді масканың бірі. Бұл маска теріні тартып қана қоймайды, сонымен қатар нәрлендіреді және ағартады.
Сізге керекті заттар: 1 дана картоп және 1 дана жұмыртқа.
Дайындау тәсілі: Картопты қайнатып, қабығынан тазартып, езу керек. Оған жұмыртқаның сары уызын қосып араластырады. Қолдану әдісі: Жылы күйінде бет пен мойын терісіне жағады. Толық суығанша бетте ұстайды да жуып тастайды. Аптасына 2-3 рет жасауға болады.

Ескертетін ҮШ жайт:
1.Бетіңізге масканы жаққаннан соң, күлуге, ашулануға, сөйлеуге болмайды. Яғни, мимикалық қимыл жасамауға тырысыңыз.
2.Бетіңізді қайнаған жылы сумен жуып, түнге арналған крем жағыңыз.
3.Бұл мойныңыз бен бетіңіздің салбыраған терісін тартуға арналған процедураларды 12-15 күн қабылдау керек.
Бұл маскаларды неғұрлым уақытылы жасайтын болсаңыз, нәтиже де соғұрлым жылдам байқалып, әжімдер мен тері қатпарлары тартылып жатқанын өзіңіз-ақ аңғаратын боласыз. Тек масканы жуғанда қолыңызбен теріні қатты ысқыламауға тырысыңыз. Сондай-ақ түнде ұйықтағанда мейлінше шалқаңыздан жатуға тырысқаныңыз абзал. Бір бүйірмен жату және биік жастық теріде әжімнің ерте пайда болуына ықпал етеді.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы ERNUR.KZ

Әлемнің ең суық елдерінде болғыңыз келе ме? .

Адамдар әдетте суықты ұната бермейді, бірақ қысқы ойын-сауықтар, қармен ойнау, шаңғы тебу немесе мұзда сырғанау барлығын ұмыттырып жібереді. Сондықтан, біз суық ауа-райын кейде жақсы көріп кетеміз және қысты жылдың ең керемет мезгілі деп санайтындар да бар.

Қыс ең болмағанда, шыжыған күннен және барлық жерде қаптайтын масалар мен шыбындардан демалуға мүмкіндік береді. Тек жылы киініп жүру керек және жақындармен бірге қысты қызықты өткізу керек. Дегенмен, барлық жерде қыс соншалықты тартымды емес. Себебі, кейбір елдерде адамдар бірнеше айлап Күнді көре алмай, суықтың әсерінен мәселеге ұшырап жатады. Алайда, ол елдерде осындай қиын жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін білетін тәжірибелі адамдар өмір сүреді. Сонымен, ең суық елдер қандай?

10. Эстония
Біз барлығымыз бір үлкен әлемде өмір сүргенімізбен, кейбір елдер туралы біле бермейміз. Соның бірі – Эстония. Бұл елді көп адам білмеуі мүмкін және ондағы суық климатқа байланысты естімеген де болар. Эстониядағы температура осы мақаладағы басқа елдердегі сияқты қатты төмен емес, бірақ оның климаты адамдарға қысты жақсы жағдайда өткізуге кедергі келтіреді екен.

9. Финляндия
Финляндиядағы скандинавиялық керемет халық ғаламшардағы ең қатал және суық қысты жыл сайын көреді. Себебі, бұл елдегі қысқы маусым аязды болып, температура -20 градусқа дейін төмендейді және қыс 4 айға дейін созылады. Сондай-ақ, финляндиялықтардың жақсы өмір сүруіне кедергі келтіретін – желмен бірге жауатын қалың қар.

8. Моңғолия Шығыс және Орталық Азия аралығында орналасқан
Моңғолия шағын ел болып табылады. Ал Моңғолияның қыстағы орташа температурасы -20 градусқа тең екен. Ең суық айлар – қаңтар және ақпан, ол кезде температура -47 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан Моңғолия өте суық, қыста өмір сүру қиындау ел болып есептеледі.

7. Исландия
Бұл елдің атауы өзіне лайық дейді адамдар, себебі «iceland» –мұзды ел деген мағына береді екен. Ондағы орташа температура 0 градустан төмен болып тұрады, тек кейбір жаз айларында ғана 0 градустан жоғары көтеріледі және жазда мұнда ыстық ауа райы мүлдем болмайды. Себебі, Исландия солтүстік полюсте орналасқан, күн сәулесі түспейді. Бұл елде жыл бойы суық ауа райы. Ең төмен температура-40 градусқа тең екен.

6. Гренландия
Ресми Гренландия Дания Корольдігі құрамында. Бұл автономды ел болып табылатын әлемдегі ең үлкен арал. Гренланд атауы (greenland – «Жасыл ел») шын мәнінде жаңылыстыруы мүмкін, өйткені бұл әлемдегі ең суық елдердің бірі екені анық. Гренландия күн сәулесінің енуіне кедергі жасайтын ірі мұзды жамылғымен жабылған, сондықтан Гренландиядағы температура өте салқын. Жазда ең жоғары температура шамамен 7 градус, қысқаша қысқы маусым жыл бойы жалғасады деп айтуға болады.

5. АҚШ
Америка Құрама Штаттарын осы тізімнен көру күтпеген жағдай сияқты болуы мүмкін, өйткені АҚШ-та өте ыстық жерлер бар, тіпті олардың кейбіреулері өлім алқабы сияқты жердегі ең ыстық аймақтар болып табылады. Оның аумағы өте үлкен және Америкада әлемдегі ең суық орындардың бірі бар. Ол – Солтүстік аймақта орналасқан Аляска, онда өте қатал және суық қыс болады және температура -30 градусқа дейін төмендейді.

4. Қазақстан
Қазақстан әлемдегі ең суық елдердің арасынан 4-орынға ие болып отыр. Қазақстан – Азияда орналасқан және Ресеймен шектеседі. Өзіміз білетіндей, елімізде жаз өте жылы, ал қыс аязды болады. Қазақстандағы тауға жақын тұратын адамдарға қыс қиындық тудырады.

3. Канада
Америка Құрама Штаттарына жақын орналасқан Канада біздің планетамыздағы ең суық мемлекеттердің бірі болып табылады. Оның климаттық жағдайлары АҚШ-тағы сияқты, бірақ өзінің географиялық жағдайына байланысты Канада қысы айтарлықтай суық болады. Бұл елдің шығыс және солтүстік аудандарында қыс 5 айға дейін созылып, температура -40 градусқа дейін төмендейді екен.

2. Ресей
Ресейдегі солтүстік халқы жылынып, дені сау болып және қысқы проблемалардан құтылғысы келсе ішімдік пайдаланады екен. Суық болғаны соншалық, жазғы айларда ауа температура -3 градусқа дейін төмендейді екен. Елдің кейбір аймақтарында жылына 2 ай ған күн шығып тұрады екен. Қыста температура -40 градусқа дейін төмендейді және қар көп жауып, омен бірге күшті жел тұрады. Жалпы Ресейде өмір сүру өте қиын.

1. Антарктида
Әрине, Антарктида жер планетасының солтүстігінде орналасқан ең суық ел. Онда жыл бойы күн сәулесі түспейді және климат жағдайына байланысты халық саны өте аз. Ең төмен температура -89 градус екен. Осындай төмен температурада өмір сүретін адамдарды елестету мүмкін емес. Әлемдегі ең суық елдер осылар.

Жылдың суық мезгілі болса да, жүректегі жылуларыңыз азаймасын, құрметті оқырмандар!

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ

Телефонды қуаттаудың естен шығып кете беретін 5 ережесі

Қарыштап дамыған технологиялар ғасырында ноутбук, планшет немесе заманауи телефонсыз өмір сүру қиынырақ. Дегенмен, ең жақсысы деп танылған құрылғылардың өз артықшылықтарына қарамастан, кемшіліктері де болады. Оның ішіндегі ең бастысы –қуатының тез таусылып қалуы.

Қазіргі заманауи гаджеттер, яғни ноутбук немесе телефонның ұзақ әрі жақсы жұмыс істеуі үшін оларды дұрыс қуаттауды білу керек. Сол жайында бүгінгі мақаламызда бірнеше кеңестер ұсынамыз.

1. Әр гаджеттің өзінің қуаттағыш құрылғыларын пайдаланыңыз
Көп жағдайда қуаттағыш құрылғы мобильді құрылғыларға тікелей орналасады, ал сыртқы желілік адаптер түсетін күшті жеңілдетіп, тұрмыстық электрожелінің тоғын түзететіп отырады. Сол кезде ғана тоқ батареяға тікелей әсер ете алмайды, бірақ мұны көп адам біле бермейді. Сондай-ақ, кейбір гаджеттерде, мысалы сандық фотокамераларда іштей орнатылған қуаттағыш құрылғы болмайды, сондықтан олардың литий-иондық аккумуляторларын сыртқы қуаттағышқа орналастырады. Ал осындай жағдайда сапасыз қуаттағышты пайдалану батареяның жұмысқа қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар ұялы телефондарға да байланысты, яғни өзге телефонның қуаттағышы Сіздің телефоныңызға кері әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан «родной» құралды пайдаланыңыз.
2. Құрылғыңызды қуаттағыштан уақытылы ажыратыңыз
Гаджетіңізді 50-80%-ға дейін қуаттап отыратын болсаңыз Сізге ұзағырақ қызмет ететін болады. Егер, аккумуляторды 100%-ға дейін қуаттасаңыз, оны уақытында тоқтан ажыратқан дұрыс, өйткені бұндай жағдайдың бірнеше рет қайталануы батареяның қызмет ету уақытының азаюына себеп болады. Сондықтан, құрылғыны түні бойы қуаттағышқа тығулы күйінде қалдырмауға тырысу керек.
3. Құрылғыны жиі қуаттаңыз
Ноутбук немесе телефоныңызды қуаты толық таусылып қалуына дейін жеткізбеңіз. Заманауи гаджеттерде қолданылып жүрген литий-иондық аккумуляторларда есте сақтау әсері деп аталатын әсер жоқ, сондықтан оларды қуаты таусылғанша ұстамай, жиі қуаттап отырған дұрыс. Ол Сізге көп пайда әкелмесе, зиян болмайды. Сондай-ақ, көптеген өндірушілер литий-иондық аккумулятордың жарамдылық мерзімін қуаты қанша рет толықтай өшкенінің (0%-ға дейін) циклімен санап отырады. Сапалы аккумуляторлар үшін бұл 400-600 циклге тең. Ал, литий-иондық аккумуляторыңыз ұзақ уақыт бойы Сізге сапалы қызмет еткенін қаласаңыз, телефоныңызды немесе ноутбукты жиі қуаттап тұрған абзал. Ең дұрысы, батарея қуатының деңгейі 10-20%-дан төмендесе телефонды қуаттағышқа жалғаңыз! Бұл аккумулятордың қуатының таусылып қалу циклін 1000-1100-ге дейін төмендетеді.
4. Аккумулятордың қатты қызып кетуіне жол бермеңіз
Литий-иондық аккумуляторлардың басты жауы жоғары температура, яғни оларға қатты қызып кету көп зиян тигізеді. Сондықтан мобильді құрылғыларыңызды күн сәулесінің тікелей түсетін жеріне, сонымен қатар жылу құбырларына жақын қоймаңыз немесе тастамаңыз. Литий-иондық аккумуляторларды пайдалануға болатын температура мөлшері — 40 °C-тан + 50 °C-қа дейін!
5. 90 күн сайын құрылғының қуатын 0%-ға дейін тауысып, 100%-ға дейін қайта қуаттын толтырып отыру керек
Батарея қуатын нөлге дейін тауысу сияқты, ұзақ уақыт бойы толықтай қуаттандыра беру де литий-иондық аккумуляторлар үшін зиян екенін айттық. Сондай-ақ, қалай болса солай қуаттау да өте зиянды, мысалы біз көбіне телефонды кейде USB арқылы, розеткадан, сыртқы аккумулятордан және т.б. әдістермен қуаттай береміз ғой. Осылай құрылғыны тұрақсыз қуаттандыру процесстеріне байланысты мамандар 3 айда бір рет аккумуляторды толықтай отырғызып, қайта 100%-ға дейін қуаттап отыруды және солай қуаттандырғышта 8-12 сағат ұстап тұруды ұсынады. Біздің Сізге ұсынатын кеңестеріміз осылар. Неғұрлым құрылғыңызға жақсы күтім көрсетсеңіз, ол да Сізге жақсы, сапалы қызмет көрсететініне сеніңіз!

Дайындаған: Б.Ерман ERNUR.KZ

«Бос орындық» терапиясымен өміріңізді РЕТТЕЙ АЛАСЫЗ

Бұл гештальт-терапиясының техникасы арқылы кез келген адам арнайы маманның көмегінсіз-ақ, ешқандай қаржы жұмсамай-ақ өміріндегі ретсіздікті жөндей алады.

Өміріңізді реттей алмай жүрсіз бе? Орта жолда аяқталмай қалған ісіңіз көп пе? Күн ортасында-ақ есінеп, шаршап қаласыз ба? Бұның бәрінің себебі — бір-ақ нәрсе. Ол ішіңізде қордаланып жиналған агрессивті эмоциялар. Оны сыртқа шығармайынша, өміріңіздегі ретсіздікке шалынып, сүріне бересіз. Ал, шлак және токсинді ас қалдығы секілді бұл эмоцияларды сыртқа қалай шығаруға болады?
Бұл орайда көмектесетін әдіс көп. Соның бірі – неміс психиатр-дәрігері Фредерик Саломон Перлздің«бос орындық» деп аталатын гештальттерапиясы.

КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН?
Белгілі психотерапевт Фредерик Перлз «Бос орындық» гештальттерапиясын мынандай адамдарға арнап құрастырған:
— әлдекімге ренжіп жүрген адам (туысы, досы, жан жары, перзенті, әріптесі, көршісі, бастығы және т.б.);
— өткен шақтан қалған ренішті ұмыта алмай жүрген адам (бұрынғы жігітіне, мектепте бірге оқыған құрбысына, бірнеше жыл бұрын бір ұжымда жұмыс істеген әріптесіне, ажырасып кеткен әйеліне, басқамен бас қосқан күйеуіне және т.б.);
— ата-анасына өкпелі адам; — бауырларына (аға, әпке, іні-қарындас, сіңліге) ренжулі адам;
— әлдебіреуге уақытысында айтылмай қалған сөздері бар адам;
— сағынышы, ғашықтық сезім ішінде тұншығып жатқан адам;
— үнемі өзінің ішкі даусымен келісе алмайтын адам;
— басына түскен оқиғаға тура қарағысы келмей жүрген адам;
— түнде тамақ жеу, тәттіге құмарлық секілділерге нәпсісін тежеуде әлсіз адам;
— зиянды әдеттерге тәуелді адам;
— өзіне сенімсіз адам;
— өзіне не қажет екенін, өз мүмкіндіктерін білмейтін адам;
— өзін-өзі таппай адасып жүрген адам;
Егер, сіз осы тізімнің қатарынан өзіңізді көрсеңіз, онда бұл гештальт-психологиялық терапияны орындауға дайындалыңыз.

НЕ ҚАЖЕТ?
Сізге ешкім кедергі болмайтын оңаша, тыныш бөлме және екі орындық қажет. Сонымен, ішіңіздегі қай агрессиялық эмоция кірінен құтылып тазарғыңыз келеді? Реніштен бе? Егер ренжіткен адам көп болса, оның әрқайсысымен әр күні жеке-жеке диалог құрасыз. Және бір адаммен терапия өз мәресіне жеткенше бірнеше күн диалогты жүргізу керек.

ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ?
Бөлмеде сізден басқа ешкім болмағаны дұрыс. Ешкім кірмес үшін есікті ішінен кілттеп қойсаңыз да болады. Сондай-ақ, ойыңызды, сөзіңізді бөлмейтін тыныш уақытты таңдаңыз.
1) Екі орындықты бір-біріне қарама-қарсы қойыңыз. Екі орындық арасы шамамен 1-2 метр болсын.
2) Өзіңізге ұнаған орындыққа жайғасып отырыңыз. Қарама-қарсы орындыққа ойша ренжіткен адамды отырғызып қойыңыз. Иә, әрине ойша елестетіңіз!
3) Диалогты бастаңыз! Оған не үшін ренжулісіз? Айтыңыз. Осы уақытқа дейін ренішті ұмыта алмай жүргеніңізді, оның жасағаны опасыздық екенін немесе достыққа жатпайтынын… ойыңызға қандай сөз келіп тұр сыртқа шығара беріңіз. Қызыл тіліңіз сайрасын, іште айтылмаған сөзіңіз қалмасын.
4) Эмоцияңызға ерік беріңіз. Шындығында ол адам сіздің қасыңызда жоқ қой. Сондықтан қысылмаңыз, ұялмаңыз. Жылағыңыз келсе жылаңыз, айқайлаңыз. Қабырғаны ұрғыңыз келсе, оған да рұқсат.
5) Орныңыздан тұрып, бос орындыққа отырыңыз, яғни орын ауыстырыңыз. Енді сіз әлгі адамның рөліндесіз. Ол сіздің қазір айтқан сөздеріңізге не деп жауап берген болар еді деп ойлайсыз? Жалпы, өз қалауыңыздағы, одан естігіңіз келген сөздерді айтсаңыз да болады. Ол айтуы мүмкін емес деген сөздерді де айта беріңіз.
6) «Ол» сөйлеп жатқанда сізде сұрақ туындай қалса, орныңызды ауыстырып айтарыңызды айтыңыз. Осылай ішіңізде сөз қалмағанша, эмоционалды тұрғыда жеңілдегенше диалогты жалғастырыңыз. 7) Айтатын сөздеріңізді алдын ала қағазға жазып алсаңыз да болады.
8) Ойша емес, дауысыңызды шығарып, сөйлеп диалог құрасыз.

СОНДАЙ-АҚ…
* «Бос орындық» техникасында тек реніш ғана айтылмайды. Сонымен қатар, белгілі себептерге байланысты сездірмей жасырған ғашықтық сезім мен айтылмай қалған сезімге толы сөздер де диалогқа қатыса алады.
* Өз-өзіңізбен келісімге келе алмай (мысалы, диетаны бұзбай қатаң ұстау, спортпен айналысуды бастау, зиянды әдетті тастау т.б.) жүрген кезде де бос орындыққа ойша өзіңізді отырғызып, диалог құруыңызға болады.
* Маңызды кездесу алдындағы қобалжудан арылу үшін, жаңа жұмысқа орналасу кезіндегі әңгімелесуге, я болмаса жарысқа дайындалу барысында да «бос орындық» гештальттерапиясының жәрдемі зор.
* Тіпті, бұл терапияны эмоциональдық мәселесі бар адамдар ынжықтықтан құтылу үшін, сенімділікті арттыру мақсатында да пайдаланса, көмектеседі.

ТЕРАПИЯНЫ ҚАЛАЙ АЯҚТАУ КЕРЕК?
Көңіліңіз тазарғанша, іште реніш қалмағанша «бос орындық» терапиясының техникасын күнде қайталай беріңіз. Алайда, әр күні терапияны жағымды эмоциямен, сізбен диалог құрған (ойша) адамға алғыс айтып, оны кешірумен және кешірім сұраумен аяқтауды қатаң есте ұстағаныңыз жөн. Бұл өте маңызды!
Басқа мәселелерді, басқа бөлмедегі адамдарды ұмытып эмоциямен диалог құра білсеңіз, онда гештальттерапия да мәреге жетті деп сеніңіз. Тағы да ескертемін, терапия оны кешірумен және ол адамға алғыс айтумен аяқталуы тиіс.

НӘТИЖЕ ҚАЛАЙ БАЙҚАЛАДЫ?
Гештальттерапия бұл физикалық денемен жұмыс істеу емес. Сондықтан да сіз нәтижені бірден «көре алмайсыз». Бұл жанмен жұмыс жүргізу болғандықтан, бастапқыда ешнәрсе сезбеуіңіз де мүмкін. Бірақ та, көп ұзамай-ақ өміріңіздегі оң өзгерістерді, айналаңыздағы адамдардың, отбасы мүшелерінің сізбен қарым-қатынасының жақсарғанын аңғарасыз. Еркін әрі терең тыныс алып, жаныңыз кеңіп, бойыңызға күш-қуат құйылғанын байқайтын боласыз.
Сонымен қатар, іштегі эмоция сыртқа толық шыққанда оның нәтижесі құсу, бас, тамақ ауруы секілді белгілермен де көрініс беруі мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ.

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ