Жарияланымдар

Польша Елшісі поляк халқына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қазақстандықтарға алғысын білдірді

Елордада М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында Қазақстанға поляктардың жер аударылғанына 80 жыл толуына орай шара өтті. Бұл шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен және Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Астана қаласындағы «Polacy» қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылды.

Астана жаңалықтары: Польша Елшісі поляк халқына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қазақстандықтарға алғысын білдірді

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, этномәдени бірлестік, ғылыми және зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

«Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту барысында біз сенімді түрде поляктардың Қазақстан халқымен біте қайнасып кеткенін айта аламыз, — деді Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова.

Польша Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мачей Ланг қиын қыстау кезде барша ұлтқа қонақжайлылық танытқан елімізге ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан өз басынан өткерген ауыр кезеңдегі жағдайға қарамастан, жер аударылғандарға барынша қамқорлық көрсеткен. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халқымызға жылы лебізін жеткізді.

«Сол кездегі сұрапыл уақытта қол созған қазақтардың іс-әрекетін ең жоғары адамгершіліктің белгісі ретінде бағалаймын. Бұл ақиқаттың куәгеріне айналған қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Әрқашан қазақтардың көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз», — деді ол.

Шараға қатысушылар арасында болған жер аударылғандар сол кездің ауыр зардаптарын әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан жер аударылғандарға жасалған үлкен көмекті жылы ілтипатпен айтты.

Кеш барысында көпшілік назарына елордалық мәдени бірлестіктердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының фойесінде тақырыптық көрме өткізілді.

Еске сала кетейік, 1936 жылғы 28 сәуірде «Украинадан қоныс аударушылар туралы» КСРО ҰКО қаулысы қабылданған болатын. Құжатқа сәйкес, Украинада тұратын поляктар Қазақстанға көшірілді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Ауыл шаруашылық жәрмеңкелері сұранысқа ие

Апта сайын жұмадан жексенбіге дейін Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Кенесары, 14) мен «Думан» ойын-сауық орталығының тұрақтарында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылық жәрмеңкелері өткізілуде.

22 сәуірд — 5 маусым аралығында 24 жәрмеңке өткізілген, осы кезеңде жалпы құны 222,7 млн теңгелік 434 тоннадан артық өнім, соның ішінде өткен демалыс күндері 39 тонна өнім сатылды.

Астана жаңалықтары: Ауыл шаруашылық жәрмеңкелері сұранысқа ие

Жәрмеңкеге 15 жеткізуші мен өндіруші қатысады. Қала тұрғындары мен қонақтарына тауардың 500 астам түрі ұсынылады: ет, балық, сүт өнімдері, шұжық өнімдері, жемістер мен көкөністер, ұн, жарма, май және т.б. Жәрмеңкедегі бағалар базардағыдан төмен, мысалы, картоптың келісі 95 теңге, пияз – 80 теңге, қырыққабат – 60 теңге, қияр мен қызанақ 400 теңге, сүттің литрі – 160 теңге, он жұмыртқа – 210 теңге тұрады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.

Жыл басынан бері өнеркәсіптік тауарлар мен қызметтер көлемі 145,5 млрд теңгені құрады

Елордада өнеркәсіптік өндіріс қарқынды өсіп келеді. Жыл басынан бері өңдеуші өнеркәсіптік, құрылыс индустриясы, тамақ өнімдерін шығару, электр қуатымен және сумен жабдықтау салаларында өнімнің нақты көлемі ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің нақты көлемі 2015 жылғы қаңтар-мамырдағы деңгеймен салыстырғанда 2,1%-ға өсті және қолданыстағы бағамен 113,1 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсуі машина жасауда, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын жасауда, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде байқалады.

Астана жаңалықтары: Жыл басынан бері өнеркәсіптік тауарлар мен қызметтер көлемі 145,5 млрд теңгені құрады

Тамақ өнімдері өндірісінде нақты көлем индексі 113,4%-ды құрады. 2015 жылғы қаңтар- мамырдағы деңгеймен салыстырғанда ұн өндіру 26,7%-ға өсті.

Құрылыс индустриясы кәсіпорындарымен металл есіктер мен есік босағалары, терезелер және олардың жақтаулары (190,3%), құрылыс ерітінділері (150,7%) өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Машина жасауда өнімнің нақты көлемінің өсуі негізінен өзге де көлік құралдарын шығаруға қатысты (129,9%) орын алды.

Электр қуатымен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда өнім көлемі 27,7 млрд. теңгені құрады.

Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда қызмет көлемі 2015 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 23,2%-ға өсті және 4,7 млрд. теңгені құрады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Коммуналдық ақылы тұрақтар үшін 259 учаске бөлінеді

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында коммуналдық ақылы көлік тұрақтары орналасатын орындарды анықтау мәселесі қаралды. Тиісті талдау жүргізілгеннен кейін ақы төлеп, көлік қоюға болатын 259 учаске анықталды. Олардың шекарасы екі жолмен– жол белгілерімен және белгілеу арқылы белгіленеді.

Астана жаңалықтары: Коммуналдық ақылы тұрақтар үшін 259 учаске бөлінеді

Елордалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменовтың айтуынша, техникалық мәліметтер бойынша 40 тұрақ орнына 1 паркоматтан келеді.

— Жобаға кіретін жабдықтарға паркоматтар, мобильді қосымша, ақпараттандыру жүйесі, тетіктер мен төлем жасауды бақылау жүйесі жатады. Астана ЛРТ компаниясымен бірге инвестормен келісім жасалады, бұл жағдайда бюджет қаржысы емес, тек инвестициялық қаржы ғана жұмсалады, — деді баяндамашы.

Аталған жоба 2 кезеңге бөлінеді, бірінші кезеңде елорданың сол жағалауында – «Нұржол» желегінің, Ақмешіт пен Түркістан көшелерінің бойында 910 ақылы тұрақ орны пайдалануға беріледі. Бірақ бұл кезеңде Қоғамдық кеңес мүшелері мен Астана қаласының мәслихаты депутаттарының ескертулерін ескере отырып, аталған учаскелердегі тұрақтар тестілік режимде жұмыс істейді, ал жүйе техникалық жағынан толығымен сынақтан өтіп болған соң ақы алынатын болады.

Қазіргі кезде коммуналдық ақылы тұрақтарды пайдалану үшін тарифті есептеу жүргізілді.

Белгіленген баға барлық шығындарды толық өтеуге кепіл беріп, рентабельділікті қамтамасыз етеді. Есептеулер бойынша бір сағат үшін тариф 182 теңгені құрайды, бірақ жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере келе, базалық тарифті сағатына 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылды.

«Аталған жобаның мақсаты ақы алу, бюджетті толықтыру емес, көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту», — деді Е. Сүлейменов.

Кеңес мүшелері жобаны жиналғандардың барлық ниет-тілектерін ескере отырып, ешбір ескертусіз қабылдады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Silk Way-2016 байқауында қазақстандық бишілер қола жүлдені жеңіп алды

Елордалық Оқушылар сарайында спорттық баллдық биден Silk Way-2016 халықаралық жарысының қорытындысы шығарылды. Дүниежүзілік фестиваль Ресей, Беларусь, Израиль, Грузия, Корея, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан және т.б. елдердің өкілдерінің басын қосты.

Астана жаңалықтары: Silk Way-2016 байқауында қазақстандық бишілер қола жүлдені жеңіп алды

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Украина бишілері бірінші орын алды. Израиль екінші орында, ал қазақстандықтар қола медальді қанағат тұтты.

7-17 жастағы балалар барлық номинацияларда қатысты. 17 жасқа дейінгілер 7 номинацияда шеберлік байқасты – қазіргі заманғы хореография, әлем халықтарының биі, стильді халық биі, балалар, классикалық және эстрадалық би, сондай-ақ, би шоуы.

— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Біздің балалар өзге елдерден келген қатысушылардан еш кем емес. Техникалық жағынан да, костюмдерімен де. Сондай-ақ, биыл жас санаттары өзгертілді, турнирге кіші топты да қатыстырдық, — деді Оқушылар сарайы директорының орынбасары Қымбат Іргебаева.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kzдеректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Жасыл белдеу аумағында қосымша 1,5 млн астам ағаш отырғызылады

Елорданы абаттандыру мен көгалдандыру сыртқы факторлардың атмосфераға жағымсыз әсерін азайтуға мүмкінідік береді. 2012 жылдан бері Астанада 1323,5 га жерге «Оңтүстік-батыс бөлігі» және «Талдыкөл су жинағышы» учаскелерінде 1 846 560 көшет отырғызылды.

Ағаштар көмірқышқыл газын сіңіреді және оттегі бөліп шығарады, 24 сағаттың ішінде бір ағаштан үш адамға жетерлік оттегі бөлінеді, ал 1 га жасыл көшет бір сағатта 8 л көмірқышқыл газын сіңіріп, атмосфераға 30 адамның өмірін қолдауға жетерлік оттегі мөлшерін бөліп шығарады. Ағаш қалыңдығы 45 м жуық ауа қабатын көмірқышқыл газынан тазартады.

Астана жаңалықтары: Жасыл белдеу аумағында қосымша 1,5 млн астам ағаш отырғызылады

Қала көшелері мен саябақтарда отырғызылған жасыл көшеттер сәндік-жоспарлау және рекреациялықтан басқа, өте маңызды қорғаныш және санитарлық-гигиеналық роль атқарады. Жергілікті жердің ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, елорда аумағында ауа райы жағдайлары күрт өзгерген жағдайда өсе алатын ағаш егіледі. Атап айтқанда, терек, тал, қайың, үйеңкі, кәдімгі қарағай, сібір шыршасы, шегіршін, жиде және т.б.

Бес жылда Астананың жасыл белдеуінің 56% қылқан жапырақты ағаштар (шырша, қарағай, сібір балқарағайы) және 44% жапырақты ағаштар (емен, шегіршін, жиде) отырғызылды.

Қазіргі таңда Астана қаласының жасыл белдеуі аумағында көшеттерді қалпына келтіру мен екінші қабылдаудағы орман дақылдарын жасау жобасының кезекті кезеңі әзірленді. Жасыл белдеу аумағында қоян, түлкі, қарсақ, құр мен қырғауылдар мекендейді. 5 жылдың ішінде 4 483 қырғауыл өсірілді. Өткен жылы жасыл белдеу аумағына 4083 жабайы аң жіберілген. Қазіргі кезде вольерде 400 қырғауыл мен 1500-ден астам балапан бар. Қырғауылдар мекендейтін ареалдың мониторингі олардың жыл сайын жасыл белдеу аумағына таралып, табиғатта белсенді көбейіп жатқанын көрсетті.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астаналық делегация Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова 9-11 маусымда Варшавада (Польша) өткен жыл сайынғы Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты. Биылғы саммит «Әйелдер – сандық технологиялар дәуірінде инклюзивті экономиканы құру үшін» тақырыбымен өтті. 70-тен астам елден 1000 астам табысты бизнес пен саясаткер әйелдер осы беделді алаңда өз тәжірибелерімен әрі пікірлерімен алмасты. Бұл саммит мемлекеттік және жеке өмірдің барлық салаларында тиімді дамуға қол жеткізудегі жаңа креативті ойлармен алмасу мүмкіндігін бере алатын аса маңызды іс-шара болып табылады.

«Бүгінгі таңда бизнестегі басшы әйелдердің үлесі 42%-ға жетіп отыр және бұл көрсеткіш тұрақты түрде артып келеді. Астанада бұл үрдіс ШОБ саласында ерекше байқалады, сондықтан озық тәжірибені меңгеруге және жетістіктермен бөлісуге мүмкіндік тудыратын осы сияқты форумдарды өткізу өте орынды» — деп баяндады «Қалалардың болашағы» атты форумда Қазақстанды таныстыру барысында М. Бектұрова.

Астана әкімі орынбасарының Варшаваға сапары барысында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Польша елордасының Вице-Президенті М. Ольшевскимен кездесу ұйымдастырылып, оның барысында Астана мен Варшава арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың мәселелері талқыланды. Тараптар қалалық әкімдіктер арасындағы серіктестіктің ахуалы мен әлеуетін жоғары бағалады. Қаланы дамыту ісіндегі бай тәжірибені ескере отырып, 2020 жылға дейінгі арнайы ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы келісімге келді. Сонымен қатар, осы құжат экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамытуға бағытталған шараларды қамтитын болады. Алдағы уақыттаВаршавада өткізілетін НАТО Саммиті аясында поляк тарапы ірі халықаралық шараларды жоғары деңгейде, соның ішінде ЭКСПО-2017 өткізу бойынша Астананың тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты.

М. Бектұрова Польшаның Даму министрлігінде өткен кездесуде поляк бизнес өкілдеріне Астананың инвестициялық шарттары мен басымды жобалары туралы баяндап берді. Бұл кездесу Қазақстан Елшілігі үстіміздегі жылдың мамыр айында ұйымдастырған Польша Даму Вице-министрі Р. Домагальски-Лабэндзки және Астана қаласының Әкімдігі арасындағы келіссөздердің жалғасы болды. Семинарға Қазақстанда жұмыс істейтін және ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырған Польшаның 18 компаниясы қатысты. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар Польшаның құрылыс кластерімен белсенді ықпалдастық орнатуға уағдаласты, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, баламалы энергетика, ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу және көлік-логистикалық жобалары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу туралы келісімге қол жеткізді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Жаздың алғашқы айында «Арман» лагерінде 1500 астам астаналық демалады

Жаздың алғашқы айында «Арман» лагері 1500 астам балаға естен кетпес тамаша жазғы демалыс сыйлады. Мұнда нағыз балалық шақ атмосферасы орнаған. Кішкентай астаналықтар спортпен шұғылданып, түрлі конкурстарға қатысады, тәлімгерлерімен бірге ашық ауада тынығады.

Астана жаңалықтары: Жаздың алғашқы айында «Арман» лагерінде  1500 астам астаналық демалады

Лагерьде күн таңғы жаттығудан басталады. Балаларды спорт пен дене шынықтыруға баулу үшін салауатты өмір салтына баса назар аударылады. Сонымен қатар, олардың шығармашылық қабілеттіліктері де дамытылады. Әрбір күн белгілі бір қызықты тақырыпқа арналады.

– Мұнда кеш ұйықтайсың, ауа таза, әдемі. Қалада машиналар көп, биік үйлер. Күн сайын өтетін би кештерін ұнатамын. Көңілді, мысалы, кеше жатар жатқанша «Таңқурай күні» өтті, – дейді Камила Ахмеджанова.

Астана жаңалықтары: Жаздың алғашқы айында «Арман» лагерінде  1500 астам астаналық демалады

«Арман» лагеріне демалуға Астана қаласының Арнайы коррекциялық мектеп-интернатының да шәкірттері келді. Мұнда олар дос болуды, бірін-бірі түсінуді және қоғамда өмір сүруді үйренеді. Сонымен қатар тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, жетім 250 жуық балаға «Арман» лагері есігін айқара ашып, қонақжайлық көрсетті.

– Оларды да ойындарға тартуға тырысамыз, әрине, егер қиын тапсырмалар болса, оларға оңайларын береміз, бірақ басқа балалардың жанында болатындай. Оларды бөліп тастамаймыз, олар да сау балалардың істегенін істеп, орындау керек, – дейді «Арман» лагерінің бірінші маусымындағы аға тәрбиеші Жәннат Әбенова.

Астана жаңалықтары: Жаздың алғашқы айында «Арман» лагерінде  1500 астам астаналық демалады

Балалар табиғат аясындағы демалыстың ең үздік екендігін бірауыздан құптады. Жалпы, лагерьде бес маусым өткізілмек. Осы уақыттың ішінде мұнда 1500 астам елордалық балғын тынығады. Соның ішінде 1000 бала – халықтың осал топтарына жатады, олар үш маусым бойы лагерьде тегін демалады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Елордада қоғамдық көліктердің қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді

11-13 маусымда Астанада қалалық қоғамдық көліктердің қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді. Бұл Орынбор көшесінің Қонаев көшесінен Достық көшесіне дейінгі бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты жүзеге асырылады.
Қозғалыс сызбасына өзгерістер енгізілетін бағдарлар төменде көрсетілген:
— №№12, 28 маршруттар: Қонаев к-сі – Түркістан к-сі – Достық к-сі, одан әрі сызба бойынша. Орынбор көшесімен жүрмейді;
— №№18, 52 маршруттар: Сарайшық к-сі – Түркістан к-сі – Достық к-сі, одан әрі сызба бойынша. Қонаев және Орынбор көшелерімен жүрмейді;
— №№ 19, 60 маршруттар: Орынбор к-сі – Қонаев к-сі – Түркістан к-сі – Достық к-сі – Орынбор к-сі, одан әрі сызба бойынша.
— №№21, 70 102э маршруттар: Қонаев к-сі – Түркістан к-сі – Достық к-сі – Орынбор к-сі, одан әрі сызба бойынша.
— №32 маршрут: Достық к-сі – Орынбор к-сі, одан әрі сызба бойынша. Түркістан және көшелерімен жүрмейді;
— №35 маршрут: Сарайшық к-сі — Орынбор к-сі – Қонаев к-сі – Түркістан к-сі –Достық к-сі – Орынбор к-сі, одан әрі сызба бойынша.
— №№40, 51, 56, 60, 101э маршруттар: Орынбор к-сі – Қонаев к-сі – Түркістан к-сі – Достық к-сі, одан әрі сызба бойынша.
— №№46, 50 маршруттар: Достық к-сі – Түркістан к-сі – Сарайшық к-сі – Орынбор к-сі – Қонаев к-сі – Түркістан к-сі — Достық к-сі, одан әрі сызба бойынша.

Айта кетейік, қалалық қоғамдық көліктің бұрынғы қозғалыс кестесі Астана қаласының көше-жол желісінде жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай қалпына келтіріледі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Абай, Кенесары және Янушкевич көшелерінде біржақты көлік қозғалысы енгізілді

Маусымның 11 күнінен бастап елорданың көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында үш көшеде біржақты көлік қозғалысы енгізілді: Абай даңғылы (Сарыарқа даңғылынан Пушкин көшесіне дейін), Кенесары көшесі (Пушкин көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін) және Янушкевич көшесі (Абай даңғылынан Иманов көшесіне дейін). Біржақты көлік қозғалысы енгізілген көшелердің жалпы ұзындығы – 9,6 км.

Астана жаңалықтары: Абай, Кенесары және Янушкевич көшелерінде біржақты көлік қозғалысы енгізілді

Бастапқы кезеңде жол полициясының қызметкерлері біржақты қозғалыс енгізілген көшелерде жүргізушілерді жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпайтын болады. Бірақ апатты жағдайларды болдырмау үшін Әкімшілік полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің өкілдері он күн бойы біржақты көлік қозғалысы енгізілген көшелермен жүру ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал 20 маусымнан бастап тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Айыппұл мөлшері – 5 АЕК.

Еске салайық, 28 мамырда Әуезов көшесінде (Республика даңғылынан Молдағұлова көшесіне дейін) және Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Кенесары көшесіне дейін) біржақты көлік қозғалысы енгізілген болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, жол желісіне түсетін жүктемені азайту есебінен көлік ағынының жылдамдығы аталған көшелерде 30% ұлғайған, қиылыстарда тұрып қалу уақыты 78-ден 40 секундқа дейін төмендеді, көлік құралдарының қозғалыс қарқыны 20% өсті.

Ескерту. 11-13 маусымда Қонаев көшесінен Достық көшесіне дейінгі жол бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Орынбор көшесі толығымен жабылады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай