Жарияланымдар

Көшкін көңіліңізге қарап келмейді (сәуірде келеді). Немқұрайлылықты доғарыңыз!

Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы Облыстық драма театрда жаңа қойылым сынақтан (сдача) өтті. Оңтүстік өңірінде орналасқан мәдени ошақтарды насихаттауға бағытталған хабардың редакторы ретінде мен де көрсетілімге қатыстым (комиссия мүшесі емес, әрине). Қойылымның режиссері Асқар Алтынбеков былайша айтқанда «саяси жанр» енгізіпті. Пьеса «Көшкін» деп аталады, түрік драматургы Түнджер Джүзеноғлы жазған. Белгілі бір уақытта болмаған шартты оқиға.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Көшкін көңіліңізге қарап келмейді (сәуірде келеді). Немқұрайлылықты доғарыңыз!
Шығарма желісі – тау ішінде орналасқан бүтін бір ауылдың жүрегін мазалаған жартығасырлық үреймен ұштасады. Артық дыбыстан, адуындап келетін қар көшкінінің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіруге де дәті бармайды. Ал, әйелдер бала көтерген күні сол шаңырақта жауыздық орнайды. Адамнан адам оңай шыға ма?! Бір бала дүниеге келем дегенше, бүтін ауыл өлім құшады. Лажсыздан босануына 3 айдай қалған әйелді дауысы шықпас үшін, тірідей табытқа салып тастап отырған. Осылай әр жүкті әйел ажалын табыттан күтіп жүреді. Ең өкініштісі, сол үрейдің жәй ғана сандырақ екеніне бақандай елу жылдан кейін ғана көз жеткізу. Қарапайым жұртты «жұмса, жұдырықта ұстағысы» келетіндердің пиғылы дер кезінде анық болмай, ұзақ уақыт бойы көшкін қаупімен халықты қорқытып келген. Бір отбасыдағы үнсіздікке тұншыққан еркек мылтықты көріп, өзін-өзі атуға бел буады. Және әлі уақыт бар деп жүрген келіні мерзімінен бұрын босанып қояды. Содан шаңырақта белгілі деңгейде шу орнайды. Ал, ақырзаманға уәде берген көшкіннен ешқандай хабар болмай шығады.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Көшкін көңіліңізге қарап келмейді (сәуірде келеді). Немқұрайлылықты доғарыңыз!
Шығарманың әр түрлі түйіні бар шығар. Менің түсінгенім бойынша нағыз «бізге» арналған екен. Ауыз әдебиеті ұқсап жарты ғасырға созылған үрейге – халықтың сенгіштігі, немқұрайлылығы себеп. Сол 50 жыл ішінде бірде-бір рет төтенше жағдай орнамаған (сабақ алуы үшін). Бірақ, келіп қалар деген қарғыс атқыр «үмітпен» адамдар тіпті сыбырлап сөйлесуге көшіп кеткен. Бүгінде тау арасында тұрмасақ та, біз алдын ала алмай жүрген «көшкіндер» көп. Ол, ақпараттың жалғандығы мен оның тез таралуы, тіпті, ұрпаққа жалғасып кетуі. Дені осындай мәселелер көп қой, жалпы. Не оқиға болса да, соның рас-жалғандығына көз жеткізу керек.
Қойылымдағы актерлар шеберлігі. Ауылдағы ең қатты дыбыс ұйқы болып кеткені, адамдардың қимылындағы үмітсіздік бәрі айқын көрініп тұрды. Фобиясын қалай жеңеді екен деп күтіп отырасың.
Айта кетейін, «Көшкін» пьесасы сәуір айынан бастап көрерменге жол тартады. Барайық, тамашалайық!
Әрі қарай

ҚАЗАҚ ӘНІНЕ БАҒА БЕРГЕН ТАҢДАУЛЫ 10 ҒАЛЫМ

Негізі, кітапханаға дәл осы тақырып бойынша ізденіп барған жоқ едім. Дәстүрлі ән өнері туралы ғылыми мақалалар мен жазбалар іздеп жүргенмін. «Мынау жарайды-ау» деп ксерокөшірмеден өткізіп алған мәліметтерімнің басым бөлігі дәстүрлі емес, жалпы қазақтың әні туралы екен. Содан қарап отырсам, қазақ әніне ерекше баға берген өзге ел ғалымдарын, тіпті, санатқа тізбектеуге болады екен. Мектеп жасымда археологтар туралы «Олар арнайы осы кәсіпті қалап болмайды-ау. Жәй жер аударып жатып, жылтырағанды немесе шүберек секілді бір ескі затты көріп қалып, соңына дейін қазып не екеніне көз жеткізеді. Сосын, тарихқа зерттеу жаңалықтарын енгізеді де, кейін жетістіктерге жеткізер осы жұмысы оларды одан сайын қызықтыра түсетін секілді» деп ойлайтынмын. Енді, әрине, археологтар секілді жаңалық емес бұл. Бірақ, өзімнің оқып-білгенімді сіздермен де бөліскім келіп отыр. «Әні хитке айналған 5 әнші», «Бірнеше рет тұрмыс құрған жұлдыздар» деген секілді жазбалардан қарағанда пайдалы болар деген үміттемін.
«Қазақ әні дәл мына уақытта пайда болды» деп дөп басып айтуға болмайды. Себебі, адамзаттың дүниеге келгеннен кеткенге дейінгі өмірінің әуенмен байланысуы барлық халыққа тән үрдіс. Алайда, қазақ әніне әлемнің назар аударуы, олардың ғылымға еніп, нотаға жазылуы XIX ғасырға тиесілі. Сондай-ақ, қазақ музыкасына әлем жұртшылығының назар аударуына басты ықпалдық еткен, ең бірінші кезекте, орыс ғалымдары. Олар алпысыншы жылдардан бастап Патша үкіметі жүргізген отарлау саясатымен орыс шаруаларының қазақ жеріне біртіндеп қоныс аударуы нәтижесінде, қазақ халқының шығармашылығымен етене таныса бастаса керек. Және олардың басым бөлігі қазақ әндерінің дамуына орыс мәдениетінің ықпалы басым екендігін жазған. Бұл туралы Ерзакович Борис.: «Қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен халықтардың этногенездік өзгешеліктері салдарынан және күні бүгінге дейінгі сақталып келе жатқан көршілес елдердің музыка мәдениетінің ықпалының нәтижесінде қазақ әндері әр жанрда, бағытта көрініс табады»,-дейді. Ол бұл сөзін қазақ музыка тарихында күрделі де, елеулі еңбек жазып қалдырған А.В.Затаевичке жауап та етіп қалдырған екен. Себебі, Затаевич Александр естеліктерінің бірінде: «Орал қазақтарының әні бізге жат емес. Ал, Қарқаралы қазақтарына Оралдық жас жігіттің әні бөгде көрініп, таңырқады. Бұл – қазақ халқының ән өнерінің алуан қырлылығын, жан-жақтылығын, ән қорының орасан молдығының айғағы» дейді.
Қазақтың әншілік өнеріне байланысты ел аузында қалған аңыз Уәлиханов Шоқанның жазбаларында кездеседі. Онда: «Ән аспаннан құс болып қалықтап ұшып жер бетіне жақын келеді. Сонда кейбір жерде төмен, кейбір жерде жоғары ұшып жүрген. Ал, қазақ жерінен өткенде тым аласа ұшып өткендіктен, халық әнді жақсы айтатын болған» делінген. Белгілі ғалымды өзіне қадірлі дос тұтқан орыс саяхатшысы, ғалым Потанин Григорий де қазақ әні туралы өз пікірін қалдырған. Және оны бүгін де бәрі жақсы біледі. Ол өз тамсанғанын «Мен үшін бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп жеткізген екен.
Халқымыздың әні туралы пікір қалдырған орыс ғалымдары өте көп екен. Алайда, соның ішінде жоғары баға бергендерін көзіммен іліп, сіздердің назарларыңызға жазып отырмын. Солардың бірі – «Музыка казахов» еңбегінің авторыЭйхгорн Август. Ол 1870 жылы Түркістанға барып, сондағы өнерпаздармен жақын танысып, мынадай пікір қалыптастырған:«Қазақ әндері құдіретті де, күшті, өктем, әрі сонымен бірге жатық, құлаққа жағымды естіледі… Ауылда, болмаса мал арасында да немесе жапан түзде де жым-жырт аспан астында жалғыз келе жатып салған әнінің өзі әдемі естіледі. Олардың қарапайым сөздері мен саздары айналадағы табиғатпен үндесіп келеді де, оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір қалтқысыз айқын баяндайды»
Ал,Астафьев Виктордың пікірін Балтабаев Марат «Қазақ халық музыкасы және студент» атты өз еңбегіне қосқан. Онда: «Қазақ әндері – өз эмоциясымен, сезімталдығымен, сөз тазалығымен, айқындылығымен және терең көркем шығармашылығымен баурап алады. Оларда қазақ халқының қатал өмір мектебі де, бастан кешкен және кешіріп отырған оқиғалары бейнеленген» делінген. Әрине, әндерімізді тыңдап отырсақ, олардың мәтіндерінен ата-бабаларымыздың тұрмыстық өмірімен өлең жолдары өрілгенін байқаймыз. Орыс жазушысы Астафьев Виктор да осыны айтпақ болса керек.
Қазақ әніне ерекше ден қойғандардың ішінде кеңестік кезеңдегі белгілі саяси қайраткер Сталин Иосиф те бар. Ол қазақ әні хақында: «Халық өз әндерін ғасырлар бойы сұрыптайды, нәтижесінде өнердің биік сатысына дейін жеткізед» деген.
1816-18 жылдары Астраханьда қазақ әндерінің ноталық жазбасы алғаш жарыққа шыққан. «Музыка и песни уральских мусульман с очерком их быта» еңбегінің авторы, этнограф Рыбаков Сергей мұны өз мақаласына қосып, нәтижесінде сол уақыттағы орыс интеллигенциясының қазақ халқының өнеріне үлкен назарын аудартады.
Қазақтардың топ болып ән айтуы ежелден болғанына дәлелдік ететін, ол туралы алғаш сипаттаған Ресей империясының мемлекеттік қайраткері Левшин Алексей. Оның жазбасында: «Олар (жастар) екі топқа бөлініп, бірінде еркектер, бірінде әйелдер болып екі-екіден қосылып ән айтады. Әйелдер әнге қосып өз жыныстарының артықшылықтарын айтады, еркектерге өз өкпе-наздарын қосып айтады. Ал, еркектер өздерін ақтайды, осылай өздерінің махаббаттарының жарастықтарын сипаттайды» делінген.
Қазақ халқының тұрмыстық және отбасылық өмірі әнмен тығыз байланысты екендігін тағы бір аңғарған ғалым Пфенинг Р.А. (есімі жазылмапты, ғаламтордан да таппадым). Оның қазақ халқының музыка өнері турасындағы тұжырымдамасы былай: «Жазу-сызу үйреткенде, жеке дыбыстар мен буындарды әндетіп айтқызады; Салт-жоралғылардың барлығында да ән айтылады, суырыпсалмалықпен де айта береді; Ән арқылы өлген адамды да жоқтай береді, оның өзінше бір жолы бар; Ауылға жақындап келген жолаушы өзінің келгендігін білдіру мақсатында ән шырқап келеді.»
Маған ең ұнағаны «Қазақ әні» атты мақала жазған, қазақ тарихы мен мәдениетін жіті зерттеген орыс ғалымыАлекторов Алексейдің пікірі. Ол қазақ әнін: «Сыртта соғып тұрған боран мен жылы зілмәңкеде отырып ән тыңдадым. Әнші тері тулақтың үстінде жайғасып отырып, домбырасының шегін қаға бастады. Шектің баяу дірілі, орындаушыға жақындай түскен адамдардың қозғалыс дыбыстары, домбыраның күмбірлеген, қайғылы дыбысы маған ерекше бір әсер етті. Мұндай қарапайым әуенге қаншама поэзия сыйып жатыр. Қолдан істеген екі ішекті домбырада мұншама нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен ешуақытта сенбеген болар едім. Егер де, мына қарапайым, жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!»-деп керемет сипаттапты.
Ал, белгілі орыс жазушысы Гоголь Николай: "Қай уақытта кім шығарғанын құдайдың өзі білетін қазақ музыкасында адам таңқаларлық көркемдіктер аяғыңды аттап басқан сайын кездеседі. Олар даладағы ешкім сеппей, ешкім бақпай өзінен өзі өскен гүл тәрізді. Алғыр музыкант осы бір адам табиғатының үнінде не бір үлкен қорытынды беретін деректер жатқанын бірден біледі"-дейді.
Қазақтың халық музыкасына баға бергендердің басым бөлігі орыс ғалымдары екен. Солардың зерттеу нәтижесінде өзге елдердің де аңсары біздің мәдениетке ауа бастады, тіпті, қазақ арасында музыкатанушылар саны арта түсті. Музыкатану ғылымы тоқтап қалмай, керісінше, дамуын жалғастырып, бүгінгі күнге дейін жетті. Соның тұтқасын ұстаған, XXI ғасырдың музыкатанушысы Тұрмағанбетова Бақыттың «Қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері» атты мақаласынан қазақ әніне баға берген венгер ғалымына да көзім түсті. Ол Браташ А. (есімі жазылмаған) – Азия халықтарының музыкасын зерттеуші маман, қазақтар және олардың музыкалық шығармашылығы жөнінде былай дейді: «Қазақтар – өте дарынды халық. Мен олардың әндеріне тәнті болдым. Егер, оларды венгерлер мен итальяндықтардан кем түспейді десем қателеспедім деп ойлаймын. Қазақстан – азиялық Вена мен Италияның қосындысы іспеттес...»
Мен таңдаған ғалымдар мен белгілі тұлғалар осы. Әрине, бұлардың барлығы 19-20 ғасырларда назар аударып, зерттеу жүргізген ғалымдар. Ал, бүгінгі әніміздің дәрежесіне ден қойып жатқан өзге елдердің музыкатанушылары бар ма екен, болса олар қандай пікірде?! Алдағы уақытта ізденіп, жауабын тапсам, сіздермен бөлісетін боламын. Жазба қажетіңізге жарайды деген сенімдемін! Және де позитив жазамыз!
Әрі қарай

Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!

Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
© www.kursiv.kz
Егер, сіз «Неге Шымкент, басқа қала емес?» десеңіз оған жауабым бар. Ширек ғасырға жетер-жетпес ғұмырымда бар-жоғы Қазақстанның үш қаласының ғана тыныс-тіршілігімен таныстым. Олар — бас қаламыз Астана, студенттік жылдарымның жаршысы болған Алматы және туып-өскен жерім Шымкент. (Көкшетауда Бурабай тауындағы демалыс аймағын ғана көргендіктен, ол қалада болғаным саналмайды.) Енді, еліміздің біріншілігінде тұрған Астана мен Алматыны, әрине, өзге қалалармен салыстыруға болмайтыны айдан анық. Себебі, кемшілігінен гөрі артықшылықтары басым.
Биылғы Республикалық блогқұрылтайдың Таразда ұйымдастырылғанына орай көне қалаға ат басын бұрып, шаһармен жақын танысу бақыты бұйырды. Жалпы, кез-келген елге, қалаға саяxат құрған кезде, тек зерттеуші ғалымдар, журналистер немесе басқа да арнаулы мамандар ғана емес, қарапайым адамдардың өзі сол жақтың тариxымен, xәл-аxуалымен танысқысы келеді, ең болмағанда тұрғындарының ерекшелігіне зең қояды. Және ол жақты өз Отанымен, туған жерімен салыстыруы да заңдылық. Міне, сол үшін мен де не болса да ыстық-суығын жақсы білетін өз Шымқаламмен иықтастыруды жөн санадым.
— Жалпы, екеуі де көне. Шымкенттің құрылу уақыты XII ғасырға тән болса, Тараз қаласының 2000 жылдан аса ғұмыры бар. IX-XII ғасырларда Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының бірі болған. Бүгін де, Тараз қаласы орналасқан киелі жер Қазақ xандығы құрылған жер ретінде үлкен маңызға ие. Ал, шет елден келген саяxатшылар алдында бұл маңызды тариxи оқиғаның қаланың ғана емес мемлекеттің дәрежесін де көтеретінін білесіздер.
— Тараз шаһарының көлемі Шымкенттен қарағанда 2,5 есеге кішірек. Шымкентте адасуың мүмкін, ал Таразда бұған сену аздап қиын. Есесіне, мұның тиімділігі, әрине, шет ел саяxатшылары үшін басым. Қаланы аз күн ішінде-ақ аралап, жедел уақытта зерттеп біте алады. (Уақыт заманында мұны да есепке кіргізген жөн).
— Тағы бір бәріне белгілі ұқсастығы, сондай-ақ, екеуінің де Қазақстанның өзге қалаларынан ерекшелігі — ежелгі әулие-әмбиелердің шоғырланған жерлері екендігінде. Тұяқтарының ізі бүгінге дейін өшпеген бұл қасиеттілер өз ұрпағынан өлгенде де игілік көріп отырған жайы бар. Әсіресе, руынан тарағандар атаулы жылдықтарында үлкен көлемде ас та беріп келеді. Шымқалада орналасқан кесенелер саны көп болғанымен, олардың басым бөлігі аудандарда орналасқан. Мәселен, атағы жұртына мәлім, көсем болған ұлы тұлға Бәйдібек кесенесі Бәйдібек ауданында. Ал, Қараxан әулетінен шыққан Ша-Маxмуд Бұғра Қараxан қабіріне орнатылған кесене ежелгі Әулие-Атаның орталығынан орын тепкен. Тараздың айырмашылығы да осында болса керек. Саяxат құрып келгендер үшін қаланың көне күйі сақталуы үлкен мәнге ие.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
Қарахан кесенесі
— Тағы бір ұтатыны — Шымкентте көп кесене орын тепкенмен, олардың басым бөлігінің (Укаша ата, Ибраһим ата, т.б.) танымалдылығы бір ауылдан, ауданнан, ары кетсе облыстан аса қоймайды. Ал, Таразда орналасқан кесенелердің көбісінің есімдері барша қазақ жұртына белгілі болғандықтан, тариxынан тек тариxшылар мен зерттеушілер ғана емес, қарапайым адамдар да xабардар. Мәселен, Айша Бибі кесенесі, Талас өзені бойындағы «Тектұрмас әулие», т.б. Бүкіл қазақ жұртына мәлім олардың өмірдерегін білмеу — тараздықтар үшін сын болса керек.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
Айша Бибі кесенесі
— Шымкент — алып шаһарлар қатарына (мегаполис) кіру мақсатымен қарқынды дамып, жемісті еңбек етуде. Заманауи үлгідегі ғимараттар да бой көтеріп қалаға көрік беріп келеді. Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей Таразбен салыстырғанда мұндағы қала ішіндегі тариxи орындар саны аз екенін айта кету керек. Ал, шет елден келген саяxатшы Шымкенттен гөрі Таразға барса іші пыспас еді. Екі қадам жасасаңыз тариxи сәулеттік ескерткіштер мен белгілі тариxи оқиғаларға негізделіп салынған саябақтармен кезіге бересіз. Сондай-ақ, қазақ xалқына елеулі еңбек сіңірген ұлы тұлғалардың ескерткіштері де жетіп-артылады. Төле би, Ж.Жабаев, Б.Момышұлы, Д. Қонаев, Қ. Сәтбаев, т.б.) Салынып жатқан заманауи нысандар да көштен қалмай көбейіп келеді. Мәселен, облыстың спорттық дамуына бірден-бір септігін тигізген «Тараз-Арена» спорттық кешені. Мәдениеттің алда екенін көрсетуге бағытталған «Атакент-Тараз» көрме орталығы (біле білсеңіз, мұндай Шымкентте әлі жоқ), сауда орталықтары мен қонақ үйлер, т.б. Сондай-ақ, "Қазақ xандығының 550 жылдық" мерейтойы қарсаңында базар орнына салынған «Көне Тараз» мәдени орталығы да ішіне кірген адам шыға алмайтындай көз тартар жерлері басым. "Қазақстан" глобусы, «Ашық аспан астындағы мұражай», мұнара, демалыс саябағы т.б. Әрине, одан соң Қазақ xандығын құрған қос атамыз Керей мен Жәнібектің ескерткіштері.
Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Саяхатшы, Шымкентті емес, Таразды таңда!
"Қазақ хандығына 550 жыл" алаңы
— Тойxана. Шымқаламен ешқандай қала бұл турасында сөзге де, теңесуге де келмес. Тараздағы орналасқан ресторан, кафелер де біздің қаладан көлемімен де, санымен де асып түспейді. Алайда, Шымқаладағы жарысып тойxана салғандардың оны бітіруге асық болатындығынан ба, әйтеуір, сәулеттік ерекшелігі көрінбей, көшірме күйінде қалып қоятыны жиі кездеседі. Ал, Жамбыл облысының орталығындағы көне қала мейрамxаналары шағын ғана тұрғызылғанмен, олардың бір-бірінен айырмашылығын, ерекше үлгіде салынғандығын бірден байқадым. Тіпті, тойxананың ішкі дизайны да еріксіз назарымды аудартты.
— Автобустарына міне алмадым. Естуімше, Шымқаладан 5 теңгеге жоғары екен. Ал, такси ұстау Шымқаладан гөрі арзандау. Оған қаланың шағындығы немесе таксидің көптігі себеп болса керек. Такси бағасының қолжетімділігі — туристер түгілі, тұрғындардың өзіне айын оңынан тудырады.
— Көше ережесі. Бұл турасында, бәлкім, Шымқаланы әзіліне қоспаған адам жоқ шығар?! Жаяу жүргінші жолындағы, бағдаршам түстерін дұрыс ажыратудағы олқылықтарымызбен баршаға танымал екендігімізді жасырмаймыз. Таразда да ондай жағдайлар анда-санда орын алып тұратын сияқты. Алайда, жамбылдықтар шымкенттіктер секілді «бір саусаққа» қарап «бұрылыс» жасамайды екен. Бұл — ондағы адамдардың Шымқалалықтар секілді ақкөңілді еместіктерінен немесе жол ережесіне аса құрметпен қарайтындықтарынан. Егер, екінші нұсқасы болса, шет елдік туристер үшін жақсы көзқарас қалыптастыруға сеп болады.
— Әкімдіктері — бай немесе лотореядан ақша ұтып алған. Әрине, әзіл ғой! Себебі, дәл мұндай жоғары деңгейдегі блогтурды болсын, медиатурды болсын бірінші рет көруім. Кешкі асты арнайы сценарийлік бағдарламамен керемет отырысқа айналдыруға бар күшін салғанымен қоймай, әр ойын сайын жүлделерді ақшалай сыйлап, баршаның назарын аудартты. Ұйымдастырушылар — ұйыған айрандай. Демек, мұндай ауызбіршілігі бар қаланың шет елден келген қонақтарын да ренжітпей, құрметпен күтетініне сенімім мол.
— Жастар орталығы. Қазақстанның барлық облыстарында, аудандарында, тіпті ауылдарға дейін ашылып қойған. ОҚО-дағы бұл қызмет орталығының өз белсенділігімен, жастардың ынтымақтастығымен бүгін де дәрежесі биік. Блогқұрылтай барысында екі облыстың Жастар орталығы арасында достық жылулық туындап, ыстық лебіздер орын алған болатын. Егер, республикалық деңгейде іс-шаралар болып жатса, екі жақтың бір-біріне салқын қабақ танытпай, жұмыла жұмысқа кірісетініңе күмәнім жоқ. Шет елдік қонақтарымызға да «Бірлігіміз барын, бірлігіміз бар жерде тірлігіміз де» тез, абыройлы бітетінін көрсетеміз.
Тараздың мен байқаған артықшылықтары — осы. Алайда, қазақтың бар қаласы мен даласы мақтануға тұрарлық. Олардың кереметтілігін көзбен көрмесем де, мектеп жасымыздан санамызға сіңірткен ұстаздардың арқасында патриоттық сезіміміз әрдайым жоғары болып қала береді. Ендеше, позитив жазамыз!
Әрі қарай

Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!

Блог - ayzat_bauirzhanqyzy: Менің мақтанышым болар мамандықты біреудің мазағы етпеймін!Топырағының татымы жоқ жерге ағаш ексең бейбақтың күйін бір кешесің. Ал, өңделген жерге егілген ағаштан жеміс шығара алмау – одан өткен сорақылық. Сонда өзгелердің келіп «қытайдың, иранның, өзбектің-ақ жемісін жеп жүре бермейсің бе?!» дегені, сын көзбен қарағаны, күмәнданғаны, күлгені – бәрі шамыңа қатты тиеді. Әйтеуір, тырысып-бағып пішіні қисайған жеміс шықса да, дәмі қандай болмасын айызың қанып жейсің ғой?! Есесіне, не жеп отырғаныңды білесің. Сатып алынғанның да сапасы қандай болатынынан хабардар боласың. Өз қолымен ағаш баптамағандар, оның байыбына барып, бас ауырта бермейді. Мақсат қойып, бір жолға бағытталып, сүрініп-шалынып жүргендер мен жолы болып кеткендердің де айырмашылығы осында болса керек.
Ерігіп отырып, еркіндіктің жолын тауып алдым
Достарыммен бір көште болайын деп, фейсбук желісіне тіркеліп, фотолар мен жеңіл-желпі посттар жазып жүргенмін. 4 курста өткен «Азаматтық журналистикаға» аңсарым ауып, сол туралы іздене бастадым. (Әлі де жауабын таппай келемін, шыны керек). Оның құрамдас бөлігі – блог дегенді де оқығанымыз бар. Содан не керек, профилінде «блогер» деген достарыммен жақын танысып жүріп, Астана интернет форумынан бір-ақ шықтым. Аздап ғаламтор тілі түсінікті бола бастады. Кейін Республикалық блогқұрылтайға қатысып, нәтижесінде, қазақша сайттар мен блогтарға тіркеліп шықтым. Тіпті, өзімнің де ойланып жүрген сайт жобамды қалай жарыққа шығаруға болатынын біліп алдым.
Арман – арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?!
Тіркелерін тіркеліп алып, не жазамын деп жүргенмін. Содан КерекИнфодан бастадым да, осындағы өзге қолданушылардың жазбасын қарап отырып, Аяулым атты қыздың «Армандар орындалады» дегеніне көзім түсті. Ол: «мамандықты мектеп жасынан-ақ анықтау керек»-депті. Ұстанымымыз ұқсас. Мен де осы қыз секілді бір жолға тұрақталып, қалғанының бәріне көз жұма қарап өстім. Ақыры арманым орындалып, бүгінгі таңда журналистика мамандығын тәмәмдайын деп отырған жайым бар. Тек, сол арман деген арманыңның орындалуымен ғана шектелсе ғой?! Әйтеуір, өкініш қосылады, қайтадан үміт пайда болады, бір құлап, қайта тұрып жүріп төрт жылдың өте шыққанын байқамай қалыппын. Қуанышым — көзқарасымда. Жоғарғы оқу орны мен отбасыдан жырақта тұрудың бала Айзатты есейтуге қауқары жеткеніне қуанамын.
Көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады
Төрт жыл бойы ақша төлеп теориялық білім алдым. Енді, сол білімді басымда шірітпей, тәжірбиеде әбден пайдаланғым келеді. Кеш те болса, осыны сезініп әрекет жасап жүргенде, қыз екенім, болашақ ұрпақ әкелуші ана екенім есіме түсіп кетеді. Сонда көкейге түсініксіз өкініштер келіп қонады. Шынында, 4 айда үйренетін теорияны оқуға 4 жылды бекер құртқан журналистиканы таңдағаныма өкінемін бе, әлде қоғамға бас болатын, ықпалы зор ер адам емес, қыз баласы болғаныма ма?! Неге бәрін тастап, жәй ғана мұғалім ба, балабақша тәрбиешісі ме немесе мүлде көзге түспейтін жерде жүретін жұмысқа бас қоя салмаймын деп те кетемін. Бұл сезімдер бір менде емес, журналистика саласында жүрген екінің бірінде болатынына күмәнім жоқ. Бағытты таңдауға қандай да бір батылдық жетпей жүреді. Ендеше, бұл құбылмалылыққа бір ғана жалын жетіспей тұрған секілді. Және оның жастығымызда ерте сөнуіне жол бермеймін.
Құлазысам, көтеретінім бар
Кейде жарты адамыңды кездестіруде, қызмет жолында кеш те болса қателесіп «бұл – менің адамым емес», «бұл – маған арналған мамандық емес» деп жатамыз. Ал, ата-ана мен бауырың сендік болудан ешқашан ажырамайды. Және жоғарыда айтып өткен жол торабында шатассаң да, соңына дейін демеулік етіп, ықыласын көрсететін – осы кісілер ғана. Маған да ата-анамның «Сен — Бауыржан мен Клараның қызысың. Қорықпа, саған сенетін біз бармыз» деген сөзі биікке шығарып отырады.
«Дұшпаның болса қорықпа, дұрыс жолға бағыттар...»
Мамандығым бойынша менің екі дұшпаным бар. Біріншісі – «Журналистика қызға тән емес» дейтіндер. Екіншісі – «Оқып-оқып құрып қалғыр уақытыңды бекерге құрттың-ау» дейтіндер. (Өздері құрып қалсын). Қандай өкініш болсын, сүріну болсын осы сөздерді ойлап, намысқа тырысып жігерленіп аламын. Себебі, мен кез-келген мамандықты өмірлік рөлге сай ыңғайлап алуға болатынына кәміл сенемін. Ал, осы сенімнің нәтижесінде жетістікке жеткен күні сіздермен бөлісетін боламын. Әзірге маған да сіздерге де сәттілік!
Өзім еккен ағаштың жемісі қышқыл болса да келесі жолы дәмді болады деген үмітпен оны баптай беремін, өсіре беремін! Менің мақтанышым болар мамандықты, біреудің мазағы болуға ешқашанда жол бермеймін. Ендеше, позитив жазамыз!
Әрі қарай