Жарияланымдар

Астанадағы кинофестивальдің ашылуына Джеки Чан келді

7-8 маусым аралығында Астанада қытай киноларының фестивалі өтеді.

Осы шараның ашылу салтанатына қатысу үшін танымал актер Джеки Чан Астанаға келіп, журналистермен кездесті.Астана жаңалықтары: Астанадағы кинофестивальдің ашылуына Джеки Чан келді

– Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның Қытайдағы елшісі қазақ елі туралы, оның тамаша табиғаты мен табиғи бай ресурстары жайында айтқан болатын. Шынымды айтсам, Қазақстанға келуді әрі әрі кинематографиямен айналысуды бұрыннан армандайтынмын. Осы мақсат-тілегімді жүзеге асыру үшін болашақта міндетті түрде Қазақстанға келуді жоспарлап отырмын, — деді актер журналистерге берген сұхбатында.

Қазақстандағы қытай киносының фестивалі 7 маусым күні сағат 16:00-де Қазмедиаорталығында басталды. Бағдарлама бойынша Елорда кионтеатрларында 6 қытай фильмі көрсетіледі. 7-18 маусым аралығындағы мәдени шара ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.
Материал Астана қаласының ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

EXPO-2017 ең жас және егде волонтері

Еліміздің биылғы жылғы басты шарасы — ЕХРО-2017 өтуіне санаулы күндер қалды. Бірнеше күндерден соң көрме орталығына шетелдерден, еліміздің түпкір-түпкірінен келген қонақтар ағылады. Ал көрмеде сіз бен бізге жол сілтеп, қажетімізді табуға көмектесетін еріктілер туралы не білеміз?

Көрмеде 3 мың адам ерікті болуға ниет білдірген, бір орынға 6 адам үміткер болған, деп жариялады қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарма бысшысы Асхат Оралов.

Оның сөзінше, іріктеудің басты талабы – тіл меңгеруіне ерекше ден қойылған.

— Біз үш тілді ерікін меңгерген ең үздік адамдарды таңдап алдық. Біздің базада түрік, қытай, итальян, және өзге де тілдер бар. «Болашақ» бойынша алыс шетелдерде оқып жатқан студенттер де қатысуға өтініш білдірді, — дейді А.Оралов.

Ораловтың айтуынша, үміткерлерді іріктеуде жас ерекшелігіне мән берілмеген. Ең жас ерікті 15-те. Ол Назарбаев интеллектуалдық мектебінің оқушысы, бірнеше тілдерді біледі. Ал, ең үлкен көмекші — 70 жаста.

— Бүгін бізде 50-ден астам зейнеткер оқытылды. Бұл зейнеткерлеріміз бен жастарға өте пайдалы. Жасы үлкен азаматтардың көбі неміс тілін меңгерген, ал жастар сәйкесінше, ағылшын тілін біледі, — дейді А.Оралов.

Ұйымдастырушылар әсіресе шетелдіктердің шара барысында көмектесуге ниет танытқаны таңғалдырғанын айтады. Мысалы, Астанаға Италиядан 12 ерікті келе жатыр. Олар Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесінде де өз еріктерімен көмектескен. Енді міне, Қазақстан астанасына келіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, көрменің өтуіне атсалыспақ.

Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі өз жұмысын 10 маусым күні бастайды.
Материал Астана қаласы әкімдігінің astana.gov.kz ресми сайтынан алынды
Әрі қарай

Астана әкімдігі ең үздік жаңажылдық бейнеқұттықтауға байқау жариялады

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігі ең үздік жаңажылдық бейнеқұттықтауға байқау жариялады
Келе жатқан жаңа жыл біреулер үшін шынымен де ертегіге айналады. Мереке қарсаңында Астана әкімдігі ең үздік жаңажылдық бейнеқұттықтауға байқау жариялады. Байқау Аяз Атаның атынан Инстаграмдағы ayazata_official ресми парақшада жүргізіледі.

Жарысқа ниет білдірген әр адам қатыса алады. Ол үшін елорда тұрғындарына арналған өз құттықтауын жүктеу қажет, ал сипаттамада «@ayazata_official» байқауы және#жаңажылыңменАстана2017 хэштегін қою керек. Қатысушының парақшасы байқау аяқталғанша ашық тұруға тиіс.

Бейнеқұттықтаулар 2016 жылдың 30 желтоқсаны сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Ерекше идеяның авторы IPhone 7 иегері атанады, байқау қорытындысы 31 желтоқсан күні сағат 15:00-де «Хан Шатыр» СОСО-ында шығарылады.
Әрі қарай

Астанада мешіттерде жұмысқа орналасу бойынша кеңес беру тәжірибесі қолға алынды

Астана жаңалықтары: Астанада мешіттерде жұмысқа орналасу бойынша кеңес беру тәжірибесі қолға алынды
Аптасына екі рет бейсенбі және жұма күндері сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін елордалық Жұмыспен қамту орталығының мамандары келушілерге жұмыс табуда көмектеседі. Осы уақыт ішінде Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне 200-ден аса адам жүгінген, соның 25-і мамандықтары бойынша жұмысқа тұруға жолдама алды.

«Жолдамамен бірден жұмыс берушіге барған дұрыс. Көбінесе жұмыссыздар екінші, үшінші күндері барып, бос жұмыс орнынан айырылып қалады. Бүгін маған 15 адам көмек сұрап келді, бесеуі жолдама алды», — дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұмыс жүргізіп жатқан Жұмыспен қамту орталығының маманы Қанат Жұмабаев.

Оның айтуынша, осы күнге дейін еңбек нарығында электрик, слесарь, дәнекерлеуші сияқты техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары.

Жұмыспен қамту орталығының мәліметтер базасында өзекті бос жұмыс орындарын ұсынумен айналысатын мобильді топтар мешіттерден басқа Орталық базарда, «Шанхай» базарында жұмыс істейді. Мақсат — елордадағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін барынша көп жұмыссызды қамту.
Әрі қарай

Астана әкімі қала тұрғындарын «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясына қатысуға шақырды

Астана жаңалықтары: Астана әкімі қала тұрғындарын «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясына қатысуға шақырды
«Нұр Отан» партиясының елордалық филиалының есептік-сайлау конференциясы барысында Астана әкімі желтоқсанның 1-і мен 31-і аралығында «Мейірімді қала» акциясы өткізілетінін мәлім етті.

«Жыл сайын Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саясатты іске асыру сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырады. Әрине, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттерін орындайды. 2016 жылы қала әкімдігімен 130 мыңнан аса адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Атап айтқанда, мүгедектер мен зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, тегін және жеңілдікті санаториялық-курорттық емдеу және т.б.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қазіргі әлеуметтік бағдарламаларға қосымша «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясы қолға алынды. Осы бастама аясында әкімдік қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар бұл акцияға бірінші болып қатысады. Бұл бастаманы бизнес-қоғамдастық та қолдайды деп үміттенемін», — деді Астана әкімі.

Акцияның мақсаты жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, мүгедек балалар, тұрмысы төмен отбасылар, көп балалы отбасылар, жетім балалар, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар, ДЦП-ға шалдыққан балалар және туберкулезбен ауыратын балалар сияқты азаматтардың жеңілдікті санаттарына көңіл аудару және қамқорлық көрсету.

Көмек азаматтардың түрлі бағыттар бойынша, яғни киім, азық-түлік алу, жеңілдікті дәрі-дәрмектер алу үшін дәріханаға арналған сертификаттар, қатты отын және т.б. түрінде көрсетіледі.

«Қоғамда аға буынға деген құрмет пен ынтымақтастық сезімін күшейту мақсатында жастарды – жасотандықтарды, оқу орындарындағы жастар істері жөніндегі комитеттерді және басқа да жастар ұйымдарын акцияға атсалысуға шақырамын. Қарттарға қамқорлық көрсетуіміз керек.

Жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйінің ауласындағы қарды тазалау мен пәтерлерін жинауға, азық-түлік сатып алуға көмек көрсетсеңіздер – бұл өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деп ойлаймын»,-деп атап өтті Ә. Исекешев.

Өзектілігі мен маңыздылығын ескере келе, осындай акцияларды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарланған.

#Астана_мейірімді_қала
Әрі қарай

Елорда жастары теңге тарихымен танысты

Бүгін қаржы саласының өкілдері елорда мектептерінің оқушылары және студенттер үшін интерактвті дәріс өткізді. Кездесу ел экономикасының басты атрибуты — ұлттық валютаға арналып, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылды.

Тыңдаушыларға купюра және монета түріндегі теңгенің тарихы, атауы, символдың сипаты және басқа да әлемдік валюталар туралы әңгімеленді.

«Мен балаларға біздің ақша жүйесінің қалыптасу тарихын баяндадым, олармен өз білгенімді айтып, болашақта валютаның даму перспективалары туралы, бұл бағыттағы қиындықтар қалай шешілетінін және ҚР Ұлттық банкінің ақша бірлігінің тұрақтылығы, орнықтылығы бойынша міндеттерді шешу үшін қандай шара қабылдап жатқанын жеткіздім. Ақша теориясы өте қызық ғылым, ақша макроэкономикалық категория ғана емес, ол әрбір үйге кіреді, ол адамдардың өмірімен, кәсіпорындамен, мемлекетпен байланысты. Сондықтан бүгінгі жастар ол туралы білуге тиіс», — деп мәлім етті экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің «Банк ісі» кафедрасының доценті Алмагүл Жұмабекова.

Сондай-ақ, дәріс барысында балалар білім саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларымен танысты.

«Егер оқуға ақша болмаса, білім несиелері бар. Мысалы, адам біраз уақыт оқып, одан ары төлеуге қабілетсіз болса, мемлекеттің кепілдігімен несие берніледі, пайыздық мөлгерлемесі әлдеқайда төмен және несиелеу мерзімі 10 жылға дейін», — дейді ҚР БҒМ Қаржы орталығы АҚ менеджері Алпамыс Сатыбалдин.

Дәрісті әкімдіктің «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Әрі қарай

Жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды

Әсет Исекешев жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, елордада салынған жолдарды (800 км артық) ескерсек, 250-ге жуық аялдама орнату керек, оларды жобалау кезінде Астананың климаттық жағдайларын ескеру қажет. Сонымен қатар, қала басшысы жаңа аялдамалардың жайлы болуы тиіс екендігін атап өтті. Негізінен, бұл кешендер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен салынатын болады, ал жоба 2017 жылдың бірінші жартысында жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, қаладағы жаңа аялдама павильондары мен автобус маршруттары көше-жол желісінің дамуына қарай пайда болады. 2016 жылдың соңына дейін Астанада 45 жаңа шыны және перфорацияланған аялдама абаттандырылады. Мұнымен қоса, жабық типті жаңа аялдамалар жобалануда. Олар жолаушылар ағыны тығыз жерлерде орнатылмақ. Сондай-ақ, көлемді жабық сауда және техникалық орынжайлардан, ашық алаңнан тұратын автостанциялар жасалады. Автостанция аумағында тез тамақтану пункті, қоғамдық дәретханалар, төлемдер қабылдау пункті, лайт-бокстар және т.б. болады.

Сонымен қатар, Әсет Исекешев автобус парктерін жаңарту, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру, автобустардың қозғалыс интервалын азайту және ескі машиналарды қолданыстан шығару мәселелеріне назар аударды. Астана әкімінің атап өтуінше, елорда халқының саны ұдайы өсіп отырады, сәйкесінше қоғамдық көлікке түсетін жүктеме артады. Қазіргі кезде күн сайын 700 аса қоғамдық көлік жолға шығады, олар 875 мың адамға қызмет көрсетеді.

Мұнымен қоса, 2017 жылы Астананың автобус парктері IVECO маркалы 210 заманауи жайлы автобуспен толықпақ. Жаңа жылжымалы құрамды сатып алу Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялық қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Жаңа автобустар ақпараттандыру, ауа баптау, жылыту, бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға және балалар арбасымен жүрген ата-аналар үшін арнайы пандустармен жабдықталады.

Анықтама: Жылжымалы құрамды толықтырудың нәтижесінде автобус маршруттарының қозғалыс сызбасы өзгереді. Жолаушылар олардың қозғалыс кестесіменASTRA Bus қосымшасынан және 2010 жылдың соңына дейін орнатылатын 110 ақпараттық таблодан таныса алады. Қазіргі кезде бұл жабдықтар тестілік режимді жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша 2017 жылы аялдамаларда тағы да 72 ақпараттық табло орнатылатын болады.

Еске салайық, 2015 жылы қарашада алғашқы 358 автобус сатып алынды, қыста бұл көліктердің сапалы әрі сенімді екендігіне көз жеткіздік.

Әсет Исекешев автобус маршруттарын ұйымдастыруға да баса назар аударды, сондай-ақ, қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты азаматтардан келіп түскен сынға байланысты дереу әрекет етуге шақырды.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы Көкарал және Бәйшешек көшелері тұрғындарының өтініштері бойынша №73 маршруттың қозғалысына жартылай өзгерістер енгізілді.

Осылайша, Көкарал көшесінде 3 аялдама пункті ұйымдастырылды, ендіаталған бағдардағы автобустар бастапқы пункттен Төлебаев көшесімен «Көкжелек к-сі» аялдамасына дейін өзгеріссіз, одан әрі Төлебаев көшесімен Көкарал, Бәйшешек, Шалкөде көшелерімен жүреді, соңғы аялдама «Промышленный т/а». кері бағытта өзгеріссіз, қазіргі сызба бойынша Шарбақты көшесі арқылы.

Үстіміздегі жылдың 28 қарашасынан бастап «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындарынан өтініш көп түскендіктен, №24 маршрут № 39 разъезді мен «Мұнайшылар» т/а дейін ұзартылды, және жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін осы бағдар бойынша сыйымдылығы 110 адамды құрайтын Man маркалы автобустар шығарылды.

«Көктал-2» тұрғын алабында Наурыз көшесінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты №4 және №34 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертілді.

28 қарашадан бастап аталған маршруттардың қозғалысы қалпына келтірілді(жол жөндеу жұмыстарына байланысты аялдамаға дейін 1 км жаяу жүру қажет болды). Осыған байланысты қаладан Қосшы ауылы бағытында жолаушылар ағынының артуына байланысты қала маңына қатынатын № 303 маршрутына қосымша автобустар жіберілді, соның арқасында қарбалас сәттерде қозғалыс интервалы 5 минутқа дейін қысқарды.

Қала маңына қатынайтын №306 автобустың да интервалы қысқартылды, автобустар Талапкерден қарбалас сәттерде 15 минуттық аралықпен жүретін болды (бұған дейін интервал қарбалас сәттерде 25 мин болған).

Қоянды ауылында№ 307 маршрутта автобустар саны ұлғайтылды, ендіқозғалыс интервалы қарбалас сәттерде 8 минутты құрайды(бұған дейін қарбалас сәттерде 10 мин болған).

30 қарашадан бастап Қабанбай батыр ауылына дейін жүретін қала маңына қатынайтын №308 автобус енді Қызылжарға кіреді (бұған дейін бұл маршрут тасжолда тоқтайтын, бұл қызылжар тұрғындарына ыңғайсыздықтар келтіретін);

«Көктал-1» тұрғын алабында «Ансар қоғамы» ауданының тұрғындары автобустың кіруіне қатысты көп рет өтініш жолдаған. Қазіргі кезде аялдама пункті ұйымдастырылып, көше түзетілді. Осылайша, қоғамдық көліктің қозғалысын ұйымдастыру мүмкіндігі туындады.

30 қарашада №120 маршруттағы автобус көрсетілген аялдамаға дейін ұзартылады (қазір ең жақын аялдамаға дейінгі қашықтық орта есеппен 1,1 км құрайды, ал ұзартқаннан кейін орта есеппен 550 м болады).
Әрі қарай

Астанада қаланы смарт мамандандыру бағыттары анықталды

Елордада 5 құзырет орталығы — алдынғы қатарлы әлемдік компаниялардың қатысуымен қалалық және аграрлық технологиялар, медициналық технологиялар, энергетика және fintech орталықтары құрылады. Осы орталықтардың айналасына стартап жобаларға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта Астананың жеке бағдарламасы құрылды. Аталған бағыттарда жұмыс істейтін үздік инновациялық компанияларға жыл соңына дейін 30 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Әсет Исекешев Астанада ХІ Инновациялық форумның ашылуында мәлім етті.

«Бүгінде әлем экономикасының дамуы жаһандық қалаларға байланысты, сол себепті біз Астананы Global Smart City-ге айналдырмақпыз. Жаһандық қалалар дамуының әлемдік үдерістеріне бейімделген қаланы дамытудың жаңа стратегиясы іске асырылуда. Біз қаланың орнықты экономикасын анықтайтын 10 секторды белгіледік. Соның ішінде девелопмент, туризм, қаржылық орталық, заманауи өндіріс, ақылды қала үшін шешімдер, медицина, логистика және т.б. бар», — деді Астана әкімі.

«Smart Astana» бағдарламасын іске асыру барысында қала басшылығы тұрғындардың қажеттіліктерін назарға алады — бұл білім, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік және т.б. салалардағы ақылды технологиялар. Бұл технологиялар адамдарды жайлы өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз етеді («ақылды» бағдаршамдар, көлік ағынын басқару, дәрігерге жазылу, электрондық денсаулық картасы, балабақшаға, мектепке кезек, тұрғынның бірыңғай картасы, экологияны жақсарту, нөсер канализациясы).

«Өткен аптада біз «Start Up Session» өткіздік, онда Назарбаев Университетінің қала міндеттерін шешуге бағытталған үздік жобалары таныстырылды. Біз мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, ең жақсыларын таңдап, қалада енгізетін боламыз», — деді Астана әкімі.
Әрі қарай

Астанада «Елордалық білім беру мекемелерінің көшбасшы оқушысы» V зияткерлік байқауы аяқталды

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Астанада 10-сынып оқушыларының арасында «Елордалық білім беру мекемелерінің көшбасшы оқушысы» V қалалық зияткерлік байқауының финалы өтті. Ол көшбасшылық қабілеттері мен ораторлық шеберліктері бар, қоғамдық өмірге белсенді араласатын 12 оқушының басын қосты.

Байқау алғаш рет 5 жыл бұрын өткізілген, ол кезде қазақстандық мерекелер күнтізбесіне Тұңғыш Президент күні енгізілді. Сол жарыстың тақырыбы ұлт көшбасшысының жолы деп белгіленген болатын. Зияткерлік байқаудың алғашқы қатысушыларын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таңғы асқа шақырған еді.

Биылғы жылғы байқаудың тақырыбы тарихшы, публицист Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған.

«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған байқаудың мақсаты — жастардың білімге деген қызығушылығын ояту қазақстандық патриотизмге баулу.

Үш финалдық турдың қорытындысы бойынша («Бәйге», негізгі мектеп пәндері бойынша жан-жақты білім деңгейін анықтайтын сұрақтар; «Алаш арысы — Әлихан Бөкейхан» викторинасы; шешендік өнер) бірінші орын №64 мектеп-лицейдің оқушысы Алан Несіпбек иеленді, ал гран-при №8 мектептің оқушысы Дидар Сейітханға бұйырды.
Әрі қарай

Елордада 38 млрд теңгеден астам соманың 8 224 нысаны заңдастырылды

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметтері бойынша, 2016 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша 38 млрд 517 млн теңге соманың 8 224 нысаны заңдастырылған.

Азаматтардан жалпы сомасы 111 млрд теңге болатын 9 023 өтініш түсті. Соның ішінде 69 млрд 550 млн теңге соманың 11 016 тұрғын үй нысаны, 42 млрд 288 млн теңге соманың 11 725 тұрғын үй емес нысаны, 22 млрд 872 млн теңгенің 1 132 коммерциялық нысаны, 457 млрд 949 млн теңге соманың заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуының 5 үлесі бар.

Сонымен бірге, Астана қ. Мемлекеттік кіріс органдарына 1 млрд 054 млн теңгенің сомасына 16 нысан бойынша 17 арнайы декларация тапсырылды. Сондай-ақ, ҚР аумағынан тыс жердегі заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысудың 6 млн 250 мың теңге соманың 3 үлесі заңдастырылды. Ақшаны заңдастыруға келсек, аталған кезеңде 584 млрд теңгенің 687 арнайы декларациясы тапсырылған, соның ішінде есепшотқа салмастан, 944 млн 230 мың теңге заңдастырылды, одан 94 млн 423 мың теңге көлемінде 10% алым жиналды. Сондай-ақ, 10 млрд 807 млн теңге соманың құнды қағаздары заңдастырылды.

Еске салсақ, елімізді мүлікті заңдастыру 2014 жылдың 1 қырқүйегінде басталып, 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Әрі қарай