Жарияланымдар

Есілдің терең жерінде шомылу қауіпті

Құтқарушылар Астана тұрғындары мен қонақтарына ашық су қоймаларында шомылу кезінде аса абай болуға кеңес береді. Терең жерлерде су әлі салқын. Сондай-ақ, мамандар алкогольді ішімдік ішіп суға түсу, үлкендердің қарауынсыз балаларды суға жіберу өте қауіпті екенін еске салады.

Арнайы жабдықталған, рұқсат етілген жерлерде ғана шомылған абзал. Тап сол жерлерде күн сайын сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін құтқару қызметі жұмыс істейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына қалалық жағажайда демалуға мүмкіндік мол. Астанадағы жалғыз жағажай – Тұран 2/1 даңғылында. Құтқарушылар Есіл өзеніндегі суда шомылу еш қауіпті емес екенін айтады: сүңгуірлер шомылатын орындарды күн сайын тазалайды. Астана қаласының әкімдігі барлық демалушыларға сәттілік тілеп, судағы қағидаларды еске салады:

Рұқсат етілмейді:

• судың тереңдігін тексермей жатып жарлар мен мінберлерден секіруге

• белгіленген жерден асып кетуге немесе су тоғандарын толық жүзіп өтуге
• мас күйінде шомылуға
• суда қауіпті ойындар ойнауға
• суық суда ұзақ шомылуға
• егер жүзу білмесеңіз үрленген матрастар мен шеңберлер арқылы жағажайдан ұзап кетуге

• судың жанында балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруға
• балаларға таныс емес жерлерде шомылуға, алысқа жүзуге, егер балалар жүзу білмесе қауіпсіздік құралынсыз суға түсуге рұқсат етуге болмайды.

Әрі қарай

Астанада аптап ыстық маусымның соңына дейін созылады


Астаналық жұмыскерлер артық су қоры мен күннен қорғайтын қалпақ дайындап, төзімділік танытуларына тура келеді. Елордада бір жарым жұма бойы аспап ыстық болады, — деп хабарлады Елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

Салқын күндер маусымның 28-нен кейін ғана күтіледі, — деді «Қазгидромет» ұзақ мерзімді болжам жасау басқармасының аға инженері Айгүл Мыңжанова Елорда әкімдігінің медиа-орталық тілшісіне.

Жақын күндері су қоймаларына барып, шомылуды жоспарлағандарға ауа-райы кедергі келтірмейді. Синоптиктер 35 градусқа дейін ыстық болады деп отыр. Демалыс күні жаңбыр жаууы ықтимал. Келер аптаның басында қапырық сәл бәсеңдейді, Ресейден келетін циклон термометр көрсеткішін 30 градустан жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Алайда, артынан іле-шала Қазақстанға Ираннан ыстық ауа массасы келеді. Сол себептен 21 маусымнан кейін сынап бағанасы қайтадан жоғары көтеріледі.

Синоптиктердің болжамы бойынша ең аптап ыстық күндері маусымның 26-27-нде күтілуде. Ол күндері ауа температурасы 39 градусқа дейін жетеді.
Әдетте Қазақстанда ең ыстық ай саналатын шілдеде синоптиктердің алдын-ала болжамы бойынша күн салқын әрі жаңбырлы болады. Ал тамызда қайтадан ыстық күндер күтілуде, температура көрсеткіші нормадан бір градусқа жоғары болады.
Әрі қарай

Астанада Алматы, Ақтөбе облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада Алматы, Ақтөбе облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада өңірлік тауарөндірушілердің кезекті жәрмеңкесі өтуде. Бұл жолы Елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбе мен Алматы облыстарының шаруалары кең көлемдегі өнімдерін жеткізді.

Алматы облысының үш қаласы мен 19 аудан орталығынан келген шаруалар 1 млрд теңгенің 2800 тонна өнімін ұсынуда. Ал жалпы жәрмеңкеде 250 ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері өсімдік шаруашықтарын, көкөністер мен жеміс-жидектер, бақша дақылдарын жеткізді.

— ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде біз Астанаға 19 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізге күн сайын 7 мың өнім жеткізетін дистрибьюторлық компаниялар бар. Ал жылжымалы жәрмеңкелерде шаруалар 12 мың тонна өнім әкеледі. Мұндай шаралар облыс кәсіпкерлері үшін аса тиімді. Ыстық ауа-райына қарамастан өндірушілер тырысып бағуда. Бізде рефрижератор фуралар бар, барлық өнімдер сол жерде сақталады. Маусым барысында біз жәрмеңкеге үш рет қатысуды жоспарлап отырмыз, — дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.

Алматы облысының өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары екені байқалады. Астаналықтар әсіресе келісі 180-нен 210 теңге аралығындағы жаңа піскен картопты көптеп алуда. Сондай-ақ, құлпынай, шие, балық және сүт өнімдері де жақсы өтіп жатқанын айтады Алматы облысы әкімдігінің өкілдері. Бұдан басқа, қызығушылық танытушылар арасында жаппай сатып алушылардың да бар екенін айтады Серікжан Бескемпіров.

Сонымен қатар Астананың ауылшаруашылық басқармасы қойылған өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп, санитарлық талапты да қадағалауда.

— Баға саясатын қадағалаудан тыс, мұнда ертемен ветеринар дәрігерлер жұмыс жасауда. Олар арнайы зертханаларда сынама жүргізіп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар мұнда тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, қалалық әкімдіктің өкілдері де жұмыс істеп жатыр, құжаттарды тексереді. Сауда сөрелеріне тауарлар толық тексерістен өткеннен соң ғана қойылады, — дейді Астана қаласының ауыл шаруашылық басқармасы азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімова.
Әрі қарай

Халықаралық Astana Art Fest-2017 фестивалі басталды

Астана жаңалықтары: Халықаралық Astana Art Fest-2017 фестивалі басталды

17 маусым күні Астанада Нұржол саяжолында ІІІ халықаралық заманауи өнердің Astana Art Fest-2017 фестивалі жұмысын бастады.

Astana Art Fest – бейнелеу өнері, сәулет, мүсін, өнеркәсіптік дизайн, хореография және театр өнерлерін бір алаңда тоғыстыратын кросс-тәртіптік мультимәдени фестиваль. Шараға жыл сайын Қазақстан, Ресей, алыс-жақын шетелдерден 72 автор қатысады. Бүгінгі күні көрмеге 50 жұмыс қойылған. 90 күн ішінде перформанс Елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантпақ.

Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Шараның хедлайнерлері — Стивен Сигал, Арагорн Дик Рид, DUNDU театры, Эдуард Казарян, Сәуле Сүлейменова, «Қызыл трактор» арт-тобы.

Көрме Эльдар Хасанов, Роман және Михаил Беличко фестиваль сәулетшілерінің кіреберістегі топ туындыларымен басталады. Қонақтарды қозғалыстарды сезініп, түсін өзгертетін интерактивті аймақ қарсы алады.

– Біз кіре берістегі топқа аса көңіл бөлдік, өйткені фестивальге келетіндер алдымен осы жерді тамашалайды. Меймандардың бірінші алған әсерлері мен көңіл-күйлері – біз үшін аса маңызды. Әдеттегідей, кіреберіске фестиваль тұжырымдамасын, фестивальдің материалдарына қарап отырып жазған менің ойын-ертегі еңбегім және барлық ақпараттар қойылды. Бұл ертегі бүгінгі кешкі шоудың негізгі бөлігіне айналады, — деді фестивальдің бас тәлімгері Яна Малиновская.

Фестивальдің ашылуына арналған ерекше театрландырылған шоу бүгін сағат 20:00-де басталады. Көрермендерді шараның басты идеясы — Nomad Energy тақырыбына негізделген ғажайып перформанс күтіп тұр. Номад энергиясы – бұл шығармашылық, адамзаттың күш-қуаты мен оны қоршаған кеңістіктің түрленуі. Бүгін Нұржол саяжолына келетіндер жарық сәуле мен отты шоуды тамашалайды, сондай-ақ, фестивальге арнайы дайындалған бірегей хореографиялық нөмірлер мен тұжырымдамалық музыкалық безендірулерді көре алады. Салтанатты ашылудың басты кейіпкерлері ҚР танымал балет әртісі – Досжан Табылды және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, балет әртісі – Жандос Әубәкіров.

Бүгінгі күні фестивальге барлық нысандар қойылған жоқ. Қала күніне орай, 6-8 маусым күндері Art Fest көрмесі павильонының ашылуы өтеді. Бұдан бөлек, осы күні қазақтандық және шетелдік театрлардың көше қойылымдары болады. Сонымен қатар, панельдік пікірталастар, шеберлік сыныптар, урбанистік тақырыптағы лекциялар мен өнердің экологияға ықпалы сынды тақырыптардағы Арт форум ұйымдастырылады.

Қала күнінде тап осы алаңда альтернативті қазақстандық музыканың концерті өтеді. Оған андеграундтық командалар қатыспақ. Мерекелік шара Керуен мен Шығыс шұғыласының ортасындағы Асхат Сәдуовтың жетекшілігімен урбанистік орталықтың сәулетшісі Әйгерім Оспанова жобалаған сулы-жасыл саяжолында өтеді. Жоба Есіл әкімдігімен бірлесіп жүзеге асты. Жаз бойы нетворкингті дамытуға арналған астаналық қоғамдастықтар жиналатын кеңістік VIP-Астана деп аталады.

Фестивальдің кеңістігі 7 бөлімнен тұрады: заманауи өнер, сәулет, өнеркәсіпті дизайн, музыка, театр және перформанс, fashion, nomad 2.0.

Сонымен қатар фестивальге келушілер сулы-жасыл саяжолында орналасқан коворкинг–аймағын да аралай алады. Ұйымдастырушылар аталған аймақтың ерекше болуына мән берген. Онда кез-келген адам акцияға қатыса алады. Шараның талабы – өзінің жеке затын қазақ батырларының кескіні бар жейделерге ауыстырулары тиіс. Қатысушылардан жиналатын заттар кейін қайырымдылық шараларына жіберіледі.

— Саналы ғұмырымды батырлардың ерлігіне қызығып, оларды салуға арнап келемін. Әрбір адам өзінің ұлтын ғана емес, ата-бабаларын да жақсы тануы тиіс. Бұл — біздің байлығымыз. Осыны насихаттау мен үшін аса маңызды. Жастар өткенді оқып, танып, болашаққа бағдар алуы қажет деп санаймын, — дейді жейделердің авторы, Ресей суретшісі Әлібек Қойлақаев.

Фестиваль үшін арнайы сәулеттік кескіндер жасалды: жылжымалы, кюммель, кіре берістегі топ, әуедегі «орман», коворкингтер, мамандандырылған павильондар мен мобильді дәмхана. Олардың барлығы энергия қозғалысын, ресурстарды үнемдеу және технология арқылы байланыс ұғымдарына негізделген.
Әрі қарай

Елорданың ескі вокзал алаңын Заңсыз саудагерлер мен тасымалдаушылардан тазалауда

Жаңа ережелерді бұзғандарға айыппұл салынады, ал оларға көліктерін қоюға рұқсат етілмейді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

17 маусымнан бастап Астананың ескі вокзал аумағында Заңсыз коммерциялық қызметке, жеке тасымалдауға, жарнама қызметіне және пәтерлерді жалға беруге тыйым салынды, деп хабарлады сенбі күні «Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметі.

Жаңа ережені бұзғаны үшін бірінші күні-ақ 12 адам жауапкершілікке тартылды. Қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтың сөзінше, астыртын сауда-саттықпен айналысқандар, пәтерлерді жалға берушілер және көлікпен жолаушыларды тасымалдаушылар жауапқа тартылған.

Айта кету керек, бұл саудагерлерге бірнеше рет заңсыз қызмет үшін жауапқа тартылатындары жөнінде ескерту жасалған.

-Құқық қорғау органдары ереже бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Ал әкімшілік бұзушыларды жосықсыз қолданушылар тізіміне енгізіп отырады және одан кейін көліктерін қоюға рұқсат берілмейді, — делінген «Астана LRT» баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, 17 маусымнан ескі вокзал аумағындағы тұрақтарға кіргеннен 24 сағаттан артық уақыт көлік қоюға шектеу қойылды.

Бұдан бөлек, ұзындығы 5 метр, ені 2,5 метр авто көліктерге, басқа көлік құралдарын тіркейтін көліктерге және тіркемесі бар автомобильдерге ақылы көлік тұрағына кіруге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, ақылы тұраққа сегіз орыннан асатын көліктерге де кіруге болмайды.

-Темір жол вокзалын және көлік тұрақтары аумағын өзгертуге қатысты болып жатқан өзгерістер көлік тұрақтарын қолданушыларға қауіпсіздік пен жайлылық жасауға бағытталған. Келушілерге тұрақ орындарын босату, көп уақытқа көліктерін қалдырып кету жағдайларын болдырмау және заңсыз тасымалдаушылар мен жарнамашылардың салдарынан орын жетіспеушілігі мәселесін жою бағытында атқарылуда.

Осы күнге дейін тұрғындар қалалық басшыларға вокзал аумағында тұрып, жолаушылардың діңкесін құртатын заңсыз тасымалдаушылар мен пәтерлерді жалға берушілер қызметіне бірнеше рет шағымданып, тәртіп орнатуды сұраған.

Осы ретте «Астана LRT» вокзал төңірегінде сауда жүргізу қызметін реттейтін ереженің жаңа редакциясын құрды.

Компания вокзал аумағындағы ақылы тұраққа ірі габаритті көліктердің кіру талаптарын не себпті күшейткенін түсіндіріп берді.

Өйткені, минивэндер мен ірі көлемді көліктерге кіруге шектеу қойылу себебі, олар өзге көліктерге кедергі келтіреді, ал тіркейтін көліктер мен автоматика тіркемесі екінші көліктік құрал ретінде есептеледі және шлагбаумды құлатып кетуі ықтимал.
Әрі қарай

Елорда аялдамаларындағы күн батареяларына бюджет қаржысы жұмсалған жоқ


Астанада эксперимент ретінде қалалық электр желілерін жеңілдетуге бағытталған күн батареялары орнатылған аялдамалар пайда болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қазақстан астанасында электр қуатын үнемдеуге септігін тигізетін аялдамалар жұмыс істейді. Аялдамалардың төбесіне орнатылған күн батареялары күндізгі жарықты жинайды. Соның көмегімен аялдама өзін-өзі жарықтандырады. Қондырғы күніне 800 ватт жинақтайды.

Мамандар қытымыр аяздарда да аялдамалар ішкі ресурстардың көмегімен жылынатынын айтады.

Айта кету керек, бұл жаңашылдыққа бюджет қаржысы шығындалмаған.

-Жоба пилоттық және жеке инвесторлардың қаражатына жүзеге асырылуда,- деп мәлімдеді елорда әкімдігінің медиа орталығы тілшісіне Астана қаласы энергетика басқармасының маманы Қали Бекзат.

Қазіргі уақытта қала ішінде осындай 5 аялдама орнатылды. Олар «Керуен сити» СОСО (бұрынғы «Мега»), «Ханшатыр», «Азия парк» және ана мен бала орталығында қойылды.

Энергетика басқармасы жыл соңына дейін «ақылды» аялдамалар саны көбейетінін айтады.
Әрі қарай

120-дан астам субұрқақ астаналықтар мен қала қонақтарын ыстықтан қорғауда


Астана субұрқақтары таңертеңгі сағат 8-ден түн батқанға дейін жұмыс істейді, деп хабарлады Елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

Елордада субұрқақтар маусымы мамыр айының басында ашылды, алайда оларға дәл қазіргі кезеңде — нағыз жаздың аптап ыстығы келген тұста, яғни температура көрсеткіші +30 градустан асқанда сұраныс ерекше.

Қала тұрғындары мен қонақтары таңертеңгі сағат сегізден түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейтін 122 субұрқақтар арқылы шіліңгір жаздың ыстығынан қорғана алады.

«Қаладағы ең үлкен әрі тұрғындардың ерекше жақсы көретін жасанды су қоймасы – музыкалық субұрқақ. Мұнда таза, салқын самал соғып тұру үшін күн сайын 1200 текше мерт су құйылады. Айына бұл көрсеткіш 12 мың текше метрге жетеді. Ал кішкентай субұрқақтарға шамамен 400 текше метр су жеткілікті», — дейді «Астана көгалдандыру құрылыс» АҚ медиа-орталықтың тілшісіне.

Жасанды су қоймалары күн сайын тазартылады.

«Субұрқақтарды тазалау жұмыстары бассейндерді тазалаумен тең, сол себептен ол жерлерге шомылуға рұқсат, қауіпті емес», — дейді компания өкілдері.
Әрі қарай

Астанада қазақстандық тұңғыш электробаспен қатынауға болады

Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында қазақстандық «Хайгер квазар» экскурсиялық бағытта тегін қатынайтын тұңғыш электр автобусы іске қосылды. Жоба Астана қаласының әкімдігі мен «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қорының қолдауымен жүзеге асты.

«Хайгер квазар» электр автобусының бірегей техникалық ерекшеліктері бар: батареясы небары 8 минут қуатталғанына қарамастан 70 шақырым артық жүре алады. Электр автобус көлік құралының техникалық жағдайын шынайы уақытта қадағалап, оны басқарып отыратын тетіктермен жабдықталған.

Сонымен қатар жоғары қауіпсіздік жүйесі де қарастырылған: батареяларда жанып кетпейтін электролит қолданылды, сонымен қатар электр қозғалтқышты тежеу инновациялық жүйесі орналасқан. Электр автобустың тағы бір артықшылығы жоғары климаттық жағдайға бейімделген: жаңа көлік түрі -40С-қа дейінгі температураға төзімді.

Барлық қала тұрғындары мен қонақтары «Бәйтерек» – ЭКСПО-орталығы – «Жасыл орам» тұрғын үй кешені» бағыттары бойынша экологиялық таза автобусқа мініп, саяхат жасау мүмкіндігіне ие. Экскурсия күн сайын сағат 9:00-19:00 аралығында қол жетімді.
Әрі қарай

Астанада кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтеді

22 маусым күні «Жастар» сарайында сағат 10:00 – 13:00 аралығында кезекті бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Шараны жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыруда. Әр түрлі сала бойынша 60 жұмыс беруші 1000-ден астам жұмыс орындарын ұсынбақ.

Айта кетсек, жыл басынан бері Астанада 7 730 бос жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда 7 508 азамат жұмысқа орналастырылды. Сонымен қоса 1- ші маусымдағы жағдай бойынша елордада 8 523 босжаңа жұмыс орны бар.
Әрі қарай

Елордалық таксопарктер жүргізушілеріне талапты күшейтпек

Астана жаңалықтары: Елордалық таксопарктер жүргізушілеріне талапты күшейтпек

Астананың таксомоторлы парктері қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жүргізушілерді қызметке аларда клиенттермен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, қаланы жақсы танып, бағдарлау сынды бірқатар талаптарға басымдық бермек, деп хабарлайды Елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

«Бүгінде кандидаттарды іріктеуде талап бір қалыпта: көлік жүргізу өтілі кем дегенде 5 жыл болуы керек, такси қызметіндегі еңбек өтілі, Елорданың көрікті жерлері мен көшелерді жақсы тануы», — дейді Астана көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

М.Құрмановтың айтуынша, аталған талаптардан тыс болашақ жүргізушілер такси қызметінің ерекшеліктері мен психологиялық факторларды да ескерулері тиіс.

«Әр түрлі клиенттер кездеседі, сол себептен олардың әрқайсымен жеке қарым-қатынас жасап үйренуге бейімделу керек»,- деді ол.

Астана көлік қызметкерлері қауымдастығы төрағасының айтуынша, ЭКСПО көрмесі қарсаңында бірыңғай такси қызметінің жүргізушілеріне мәдени қызмет көрсету бойынша қысқа курстар өткізілді.

«Әрине, бұл жеткіліксіз. Астана көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығында біздің жүргізушілер тасымалдау үрдісінің барлық талаптарын: қала көшелерін жақсы білуден бастап, өзін ұстау этикасына дейін үйренетін болады», — деді М.Құрманов.

Естеріңізге салайық, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі басталғаннан бері Астанада такси жүргізушілері тарапынан тариф құнын негізсіз өсірген екі факт тіркелді. Венгрия тұрғыны әуежайдан қаланың оң жақ жағалауына дейінгі аралыққа 40 мың теңге төлесе, ал Германия азаматы осындай аралық жерге қалтасынан 19 мың теңге санап берген.

Екі жағдай бойынша да таксистер табылды, туристерге ақша кері қайтарылды.
Әрі қарай