Жарияланымдар

EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Әдемілік бізге көптік етпейді немесе Астанада қазақстандық дизайнерлердің алғашқы EXPO Fashion fest сән фестивалі қалай өтті?

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Астанадағы алғашқы сән фестивалі болғандықтан, толқыныс, қобалжу болғаны түсінікті. Дегенмен, сән мен сұлулық мерекесі болғандықтан, көркемдік пен кербез сипат басым түсті. Астана әкімдігі медиа орталығының тілшілері елорда билігінің ұйымдастыруымен өткен алғашқы сән фестиваліне қатысып қайтты.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

EXPO Fashion fest сән фестивалі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында арнайы ұйымдастырылды. Мақсаты – қазақстандық дизайнерлердің жұмыстарын халыққа кеңінен насихаттап, отандық сән индустриясының ахуалын паш ету. Қазақ елінің сән әлемінде қол жеткізген табыстарымен таныстырып қана қоймай, дизайнерлердің бір-бірімен танысып, өзара ынтымағын нығайтуды көздеді.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Фестиваль барысында қазақстандық 36 дизайнер топтамалары көрме
сатылымға шығарып, шоу-рум өткізді. Олардың арасында сән әлемінің тісқаққан
Аида Кауменова бастаған майталмандарымен қатар бұл салаға енді аяқ басқан жас
дизайнерлер бар.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Астана
тұрғындары мен қонақтары үшін бұл фестиваль жаңалыққа толы болды. Соның бірі — белгілі қазақстандық имиджмейкер Жанна Ахметова өткізген шеберлік сыныбы.
Ахметова қыз-келіншектерге киім киюдің әдебі мен сауаттылығы жөнінде білгенін үйретіп бақты.
Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Ұйымдастырушылар тұрғындарға тағы бір тосын сый жасады.
Мэйкап шеберлері жиналғандардың шашын сәндеп мен тегін макияж жасайды деп ешкім
күтпеген-ді. «Артист» сұлулық салонының шеберлері 40-қа жуық қыз-келіншекті сәндеп,
айымдардың ажарын әрлей түсті.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сән әлемінің мамандары адамға әдемі болып көріну үшін тек сәнді киім кию жеткіліксіз дейді. «Адам көркі шүберек» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Алайда, сұлулық тек киім-кешекпен өлшенбейді. Әйелдер сәнді киініп, бет әлпетін әрлеп қана қоймай, сондай-ақ әдемі сөйлеп, әдемі жүре білуі де тиіс. Мамандардың елорда тұрғындары мен қонақтарына берген кеңесі осыған саяды.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сән фестивальі болғандықтан, сән көрсетілімісіз өтуі мүмкін емес қой. Ашық аспан астында қазақстандық алты дизайнердің жаңа топтамаларының таныстырылымы өтті. Жинағандар көрсетілім арасында жас орындаушылардың концертін тамашалады.

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

Сонымен бірге Ayana style брендімен танылған еліміздің ең жас дизайнері Аяна Мұратованың жаңа топтамасы да Астана жұртшылығына таныстырылды. Дизайнердің өзі Миланда өтіп жатқан сән конкурсына қатысып, бас жүлдені иеленгені де сол жерде белгілі болды. Дизайнердің киім үлгілерін киіп подиумға шыққан кішкентай сәнгерлер Ақтөбеден арнайы келген екен. 

Астана жаңалықтары: EXPO Fashion fest сән фестивалінен көріністер

«Астанада мұндай сән фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр.
Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен фэшн фестивальді жыл сайын өткізіп
отырамыз деген жоспарымыз бар. ЭКСПО көрмесі Қазақстан үшін зор әрі ұмытылмас
жетістік болып қалмақ. Сәйкесінше, аталған көрме аясында өткізіліп отырған
біздің фестивальіміз де отандық сән тарихында өз ізін қалдырады деп ойлаймыз»,
— деді EXPO Fashion fest ұйымдастырушысы 
Айгерім Сүйіндікова медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында.

Мәтіні: Айнұр ШОШАЕВА
Фотосы: Әділхан ІЛИЯСОВ
Әрі қарай

Астанада үлескерлерді қолдау орталығы жұмысын бастайды

Орталықтың жұмысы өтініштер мен шағымдарды қабылдауға, өтінімдерді, қылмыстық, əкімшілік және азаматтық істерді (оның ішінде жауаптардың көшірмесін беру) қарау туралы мәлімет беруге, тұрғын-үй құрылысында үлескерлік қатысу саласындағы қолданыстағы Заңнаманы түсіндіруге бағытталған.

-Елордада прокуратураның бастамасымен үлескерлерді қолдау орталығын құру ұсынылуда. Ол Астана қаласы, Сейфуллин көшесінің басындағы (188 көше) ХҚКО ғимаратында орналасады. Енді азаматтар мемлекеттік органдардың əкімшілік ғимараттарында кезек күтіп тұрмайды. Барлығы бір жерде — бір терезе қағидасы бойынша болады" — деп хабарлады Facebook əлеуметтік желісінде Бас прокуратура департаментінің аға прокуроры Ринат Əтембеков.

Үлескерлік құрылыс сұрақтары бойынша барлық азаматтарды Астана қаласы əкімдігінің қызметкерлері қабылдайды.
Әрі қарай

Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері балаларға еңбек заңнамасының ережелерін түсіндірді

Астана қ. ІІД Жергілікті полиция қызметі жазғы маусымда кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің тарпынан болатын бұзушылықтардың алдын алу, ІІО-да есепте тұрған жасөспірімдерді іспен қамту мақсатында кездесу өткізді.

Шараға Астана қ. прокуратурасының, Жастар саясаты мәселелері жөнінде басқарманың өкілдері, «Астана жастары» аула клубы даму бөлімінің басшысы, оған қоса ІІО-да есепте тұрған жасөспірімдердің ата-аналары қатысты.

Астана қ. ІІД ЖПҚ ювеналды полиция қызметкерлері балалар мен оның ата-аналарына қолданыстағы еңбек заңнамасының ережелерін түсіндірді. Астана қ. Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар келушілерге бос жұмыс орындары туралы айтып, ү.ж. 20 шілдесінде «Жастар» сарайында өтетін бос орындар жәрмеңкесіне жұмыссыздарды шақырды.

Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді ұйымдастырылған демалыспен, іспен қамту мақсатында «Астана жастар» ЖК даму бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жұқат қалада орналасқан тегін аула клубтары туралы айтып берді. Шараға жиналған балалар мен оның ата-аналары әлеуметтік әлжуаз санаттарындағы жасөспірімдерге арналған бейнесюжет көрді. Шарадан кейін 20 жеткіншек ІІД-нің музейіне барып, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақмузыкалық-драма театрнда қойылым көрді.

Естеріңізге сала кетейік, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді жұмысқа алған кезде олармен міндетті түрде келісім-шартқа отыру керек. ҚР Еңбек кодексінің 31 бабына сәйкес, 16 жасқа толған азаматпен келісім-шартқа отыруға болады.

Кәмелеттік жасқа толмағандарды заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталған жағдайда ювеналды полиция қызметкерлері Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына жұмыс берушілерге қатысты шара қолдану туралы арыз толтырады.
Әрі қарай

Өңірлік тауар өндірушілер ауыл шаруашылығының 600 тоннадан астам өнімін ұсынады

15-16 шілдеде «Қазақстан» СС көлік тұрағының аумағында республиканың 4 өңірінен келген тауар өндірушілердің қатысуымен кезекті жәрмеңке өтеді.

Ақмола, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен 600 тонна азық-түлік өнімін ұсынады.

Мәселен, жылқы етінің 1 келісін 1500 теңгеге сатып алуға болады, сиыр етінің 1 келісі 1250 теңге сомасында ұсынылмақ, сұйық май 340 теңге көлемінде сатылымға шығады.

Азық-түлік өнімінің 35-тен астам түрі ұсынылады: ет және сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектер, сұйық май, күріш, балық және т.б.

Дәстүр бойынша жәрмеңке өңірлік шығармашылық ұжымдардың ұйымдастыруымен концерттік бағдарламамен жалғасын таппақ.

Келесі демалыста өтетін жәрмеңкеге Атырау, Ақтөбе, Оңтүстік-Қазақстан және Қостанай облыстары келеді.
Әрі қарай

Астанада сатылатын бау-бақша өнімдерінде нитраттар табылған жоқ

Есесіне химикаттар басқа бақша өнімдерінде көп кездеседі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Атап айтқанда картоп (140 сынаманың 3-інде), қырыққабат (169/9), баялды (41/1), редис (34/2), шомыр (11/1), кәді (32/3), банан (23/1), құлпынайда (16/2) нитраттардың қалдық мөлшері жоғары екенін көрсетті.

Елордалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің хабарламасына сәйкес, нитраттардың қалдық мөлшері жоғары өнімдер шетелден әкелінген: мысалы құлпынай Италиядан, ал химиялық элеметтер табылған картоп Қытайдан жеткізілген. Сонымен бірге бау-бақша өнімдерінде әзірге дейін нитраттар табылған жоқ. Шілде айының басынан бері қарбыз бен қауынның құрамындағы нитраттардың қалдық мөлшерін анықтау мақсатында 33 сынама тексерілді.

Мамандар бақша өнімдерін сатып алғанда бірқатар шарттарды сақтауға шақырады. Бау-бақша өнімдерін тек дүкендер мен базарлардан сатып алған жөн, себебі тамақ өнімдері уақытша сақтау мен температуралық режимді қадағалау арқылы жүзеге асырылуы керек. Ауа температурасы мен ылғалдылығының төмен немесе жоғары болуы өнімнің сапасына әсер етіп, қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Ал, көшедегі ашық күн астындағы жабайы сауда орындарында сатылатын өнімдер кез келген нәрсемен ластануы мүмкін.

Бұдан бөлек, көкөністер мен жемістердің өндірушінің берген өнімнің талапқа сай әрі қауіпсіз екендігін дәлелдейтін құжаттары болуы шарт. Қарбыз бен қауын таңдағанда өнімнің сырт келбетіне мән берген дұрыс (жарылмаған бүтін өнімді таңдау керек). Өнімнің ішіне залалды заттардың түспеуі үшін қауын-қарбызды сатып алмас бұрын кеспеген жөн.
Әрі қарай

Астанада ақылы тұрақтар көлік қозғалысын жақсартады

Қазіргі таңда Астанада ақылы тұрақтар енгізу жұмыстары басталды. Жоба тестілеу тәртібінде жүзеге асырылуда, сондықтан көлік қойған үшін ақы алынбайды, алайда жаңашылдық қоғамда әртүрлі пікірлер тудыруда.

Біреулер қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсылық танытуда. Елордалық әкімдік қалада ақылы тұрақтар қаншалықты керек деген сауалға мониторинг жүргізді.

Ресми мәліметтер бойынша, Астанада қазіргі күнге 350 мың көлік тіркелген. Жыл сайын бұл көрсеткіш 6-8%-ға өседі. Әрине, бұл жолдарда көлік қозғалысына қиындықтар тудырады.

PriceWaterHouseCoopers халықаралық кеңесшілері Түркістан, Достық, Орынбор көшелері мен Нұржол бульвары бойынша орналасқан паркингтер мен тұрғын үй кешендерінің маңындағы аумақтарда көліктердің қойылуына сараптама жасаған. Мониторинг бүгінгі күні ақылы тұрақтар енгізудің бірінші кезеңі өтіп жатқан Нұржол бульвары аумағында сағат 7:00-ден 2:00-ге дейін жүргізілді.

Көше-жол желілерін зерттеудің нәтижесінде, бұл аумақта күні бойы орта есеппен 600 көлік тұрақтайтыны белгілі болды, оның 238-і тұрақ ережесін бұзады. Әр екінші жүргізуші өз көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған.

Халықаралық зерттеулер бойынша, әлемнің дамыған ірі қалаларының ешқайсысында Астанадағыдай тұрақ ережесін бұзбайды екен. Көптеген елдерде қомақты айыппұл салынады және заңды бұзған жүргізушінің көлігін тиеп әкету жүйесі енгізілген. Жазаға тарту жүргізушілерді тәртіпке келтіріп, жаяу жүргіншілер үшін жайлылық деңгейі жоғарылайды және өзге де қолданушылар үшін қолжетімді тұрақ орындары пайда болады.

Сонымен қатар зерттеудің қорытындысы бойынша белгілі болғандай, темір тұлпар иелерінің 80%-ы көліктерін Нұржол саяжолына қалдырып, 8-9 сағатқа жұмыстарына жайбрақат кете барады екен. Бір сөзбен айтқанда, 380 көлік күні бойы көше тұрағында орын алып, босқа тұрады. Өзгелер бұл ауданда 1-2 сағат бойы бос орын таппай сабылып жүргенде, біреулер жеке гаражы ретінде көше тұрағын пайдаланады. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, сұралғандардың 50%-ы көлік қоятын бос орын болмайтындықтан өз кездесулерін кейінге қалдырады немесе бас тартатын көрінеді.

Естеріңізге саламыз, көліктер көп жүретін орындарда ақылы тұрақтар құру кептелістердің алдын алу және жол қозғалысы ережесін бұзу санының азаюына септігін тигізетін әлемдік тәжірибедегі тиімді шаралардың бірі болып табылады.

Елордада «Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару» жобасының бірінші кезеңі 19 маусым Нұржол саяжолында сынақ ретінде жүзеге асырыла бастаған болатын. Әзірге ақы алынбайды. Келешекте ақылы тұрақ құны сағатына 100 теңге болады.

Толық ақпаратты елорда тұрғындары мен қонақтары Call-орталықтың 8 800 080 28 88 нөмірлеріне хабарласу арқылы немесе www.astra-park.com ресми сайтынан ала алады.
Әрі қарай

Астанада пластик терезелер құрылымын өзгерту ұсынылуда

Астана жаңалықтары: Астанада пластик терезелер құрылымын өзгерту ұсынылуда

Бұл кішкентай балалардың көпқабатты үйлерден құлауы санының көбеюіне байланысты, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің медиа орталық тілшісі.

Тек соңғы бес күнде Қазақстан астанасында 2 баланың терезеден құлап кету жағдайы тіркелген. Екі және жеті жастағы екі бала да төртінші қабаттан құлап түскен. Дәрігерлер олардың жағдайы аса ауыр деп бағалауда.

Терезелерден балалардың құлауы жағдайларының көбеюіне байланысты дәрігерлер ұсыныстарында балақайлар өздері ашып алмаулары үшін пластик терезелердің құрылымын өзгерту керектігін айтуда.

Шілде айының 10 күнінде балалар емханасына 1 658 емделуші барған, оның ішінде (6-9 шілде аралығында) – 663 бала. Оның 9-ы биіктіктен құлау жағдайы. 110 адам ауруханаға жатқызылған. Госпитализация нейрохирургия, травматология, күйік бөлімшелерінде жүргізілген.

Дәрігерлер елордада былтырғы жылмен салыстырғанда биыл балалардың жарақат алуы көбейгенін айтады.

Астана қаласының №2 қалалық балалар емханасының травматология бөлімшесінің медициналық көмегіне 2017 жылдың 6 айында әртүрлі жарақаттармен, сүйектердің және бас ми патологиясымен 25 485 бала жүгінген. Өткен жылы осы кезеңде 23 762 жағдай тіркелген.

Бұл балалар санының артуымен, урбанизациямен, көліктердің көбеюіне, тұрғындар санының ұлғаюына байланысты.
Әрі қарай