Жарияланымдар

Қысқы марафонды өткізу барысында көлік қозғалысына шектеу қойылады

«Astana Winter Marathon» ІІ қысқы марафонының сызбасына сәйкес қаланың бірнеше көшесі 23 желтоқсанда сағат 8:00-ден 13:00-ге дейін көлік қозғалысы үшін жабық болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалада кептеліс жағдайларының туындауын болдырмау және жабық учаскені айналып өту үшін басқа ашық жолдарды пайдалану мақсатында Астананың ПД Әкімшілік полиция басқармасы елорда тұрғындары мен қонақтарына өз бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес береді (Қошқарбаев даңғылы мен Жүргенов көшесі аралығында жатқан Байтұрсынов көшесімен, сондай-ақ, Сарыкөл көшесімен, Тәуелсіздік даңғылымен, Аманжолов көшесімен).

«Сонымен қатар, іс-шараны өткізу кезеңінде Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов пен Қалдаяқов көшелері жүк автокөліктерінің қозғалысы үшін толық жабық болады.

Қоғамдық көлік жолаушыларының жайлылығы үшін қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгертілетін болады (қоғамдық көлік қозғалысы Нәжімеденов көшесі және Қошқарбаев даңғылы бойынша жүзеге асырылатын болады)», — делінген хабарламада.

Астанада дауылды ескерту жарияланды

Жақын күндері елордада ауа температурасы -32 градусқа дейін төмендейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бейсенбіде «Қазгидромет» Қазақстанның бас қаласында дауылды ескерту жариялады. «Астанада 21 және 22 желтоқсанда ауа температурасы түнде -30...-32 градусқа дейін төмендейді. Дауылдың ықтималдылығы 90-95% құрайды», — делінген синоптиктердің хабарламасында.

Қалалық бейнебақылау жүйесі қар тазалау жұмыстарының сапасын назарда ұстайды

Қала аумағында орналасқан 6 мыңнан астам бейнебақылау камералары iKomek орталығына ақпарат береді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Әкімдіктің мониторинг және жедел әрекет ету орталығы қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы коммуналдық қызметтердің жұмысын онлайн түрде бақылайды.

«IKomek орталығына қала бойынша 6 мыңнан астам бақылау камералары жеткізілді. Камералар сауда орталықтары, мешіттер, ірі аялдамалар, теміржол вокзалдары сияқты қоғамдық орындарды қамтиды. Қаладағы бейнебақылау жүйесі арқылы iKomek орталығының операторлары тәулік бойы мектептер, аулалар мен үй кірмелерін бақылап отырады», – делінген орталық хабарламасында.

Қыс мезгілінде қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы операторлар қардан уақытылы тазартылмаған орындарды анықтайды. Осыған орай, қалалық коммуналдық қызметтер дереу олқылықты реттейді.

«Нөлдік толеранттылық» қағидатын басшылыққа ала отырып, iKomek орталығының операторлары рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс шығару, көлікті тұраққа дұрыс қоймау, санкцияланбаған қоқыс орындарын анықтау, сондай-ақ көшелер мен аулаларды су басуын және өзге де бұзушылықтарды тіркейді. Камераларды пайдалану құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Астана әкімдігі барлық тұрғын үй-коммуналдық мәселелері, соның ішінде қар мен мұзды тазартуға қатысты өтінімдердің қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығында тәулік бойы қабылданатындығын еске салады.

Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы келесі әдістер бойынша хабарласуға болады:
Telegram чат-боты t.me/astanaikomek109_bot;
Астана әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz;
Жарияланымдарды әлеуметтік желілерде #astana109 хэштегімен белгілеу:

Facebook www.facebook.com/astana109/
Instagram www.instagram.com/astana109/
Телеграмма арнасы t.me/astana109112.

Жастар арасында радикалды идеологияға қарсы рухани иммунитет қалыптастыруда

Астана әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы жастардың жаңа буынын анықтау ретінде «Q» ұғымын енгізуді ұсынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мұндай идея «Ұлы дала академиясы: рухани иммунитетті нығайту арқылы Q буынын қалыптастыру» атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға арналған конференцияда айтылды.

Астана әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Гүлмира Серікбаеваның айтуынша, бұл қадам жастар арасында радикалды идеологияға қарсы рухани иммунитеттің қалыптасуына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері жастарға кеңес берді

Елордалық жастар Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, халықты жұмыспен қамту орталығының және басқа да ұйымдардың өкілдерінен кәсіби кеңес алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара «NEET жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізілді.

Кездесуді елорда әкімдігінің «Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырды.

«Біз барлық сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарында қыркүйектен бастап осындай шараларды өткізіп келеміз. Біз барлық бағдарлама бойынша өзі-өзіне жұмыс жасайтын жастарға кеңес беру үшін бар күшімізді саламыз. Кейбір жастар уақытша тіркеуге тұру туралы білмейді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ХҚКО-ның өкілдері бар», – деді «Астана жастары» ресурстық орталығының басшысы Үкібай Нұрпейісов.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға қолдау көрсету, оларға жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру.

Денис Теннің шығармашылық жобалары 2019 жылы жүзеге асырылады

Келесі жылы мәнерлеп сырғанау шебері жазған 15 туынды топтастырылған музыкалық диск жарыққа шығады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қайғылы жағдайда мерт болған мәнерлеп сырғанаудың жұлдызын еске алу қоры 2018 жылдың тамызында құрылған болатын. Оның құрамында Болат Жәмішев, Тимур Бекмамбетов, Сергей Кан, Татьяна Тарасова, Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ Денистің анасы Оксана Тен бар.

«Қордың көмегімен біз Денистің арман-мақсатын жүзеге асыра отырып, оның атын мәңгіге есте сақтаймыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қордың қызметі туралы Оксана Тен де мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылы 15 композиция жинақталған музыкалық диск жарық көреді. Онда классикалық туындылардан бөлек, Денис жазған әндер де топтастырылған.

«Дискіден басқа, біз ұлым жазған өлең, ертегілер мен әңгімелерді жарыққа шығарамыз. Сондай-ақ, Астана мен Алматыда екі фотокөрме өткіздік», – деді О.Тен.
«Соқыр махаббат» туындысы 2019 жылы жарыққа шығады. Режиссер Тимур Бекмамбетов атап өткендей, фильм АҚШ-та түсірілмекші. Мәтіннің сценарийі ағылшын тілінде жазылған.

«Біз Дениспен тамыз айында таныстық. Ол фильмдер жасау байқауына қатысып көрді. Оның жұмысы қызықты болды. Сөйтіп ол, кәсіпқойлармен өтетін әңгімелесуге келді. Біз онымен сонда таныстық. Денистің ашықтығы, адалдығы жағымды әсер қалдырмай қоймайды. Фильмнің жұмыстары жүріп жатыр. Ол Денистің мерейтойына қарсы дайын болады деп ойлаймын», – деді Бекмамбетов.

«Борышкер» ЖПШ жалғасуда

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәліметті qamqor.gov.kz сайтынан білуге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астананың полиция департаменті қалалықтарға Жаңа жылды әкімшілік айыппұл бойынша қарызсыз қарсы алуға ұсынады. Полиция 2019 жылдың 27 қаңтарынан бастап қала аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасының екінші кезеңі жалғасатынын еске салады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жөнінде қосымша мәліметтің бар-жоғы туралы qamqor.gov.kz сайтынан немесе 95-44-98, 76-83-65 анықтама телефондары, 8-776-197-23-48 WhatsApp мессенджерінің номері арқылы білуге болады. Сондай-ақ, қажетті ақпаратты Астана қ, 20-40 к-сі, 4/1 үй мекен-жайы бойынша орналасқан ПД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінде алуға болады», — делінген хабарламада.

Иорданияның бас қаласындағы көшелердің біріне Астана атауы берілді

Бақыт Сұлтанов ресми сапарымен Амманға барды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Туыстас қалалар Астана мен Амман экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуда. Бүгін Иордания астанасы көшелерінің біріне Қазақстанның елордасы – Астана атауы берілді.

Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін, екі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін тілге тиек етті. Ол аммандықтарға Елбасымыздың қызметіне деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді. 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.

«Біз барша аммандықтарға біздің Елбасыға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы орын алып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретіндігіне сенімдімін», — деді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде Амман мэрі Юсуф әл-Шауариба екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жемісті болатындығына өз сенімін білдірді.

«Біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас пен екі ел басшыларының арасындағы саяси достық өзгелерге үлгі. Астана – заманауи қаланың үздік эталоны. Одан әлемнің басқа қалалары үлгі алады. Сол себепті, Иорданияның бас қаласында Астана атындағы көшенің ашылғаны біз үшін үлкен құрмет. Ол біздің мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді», — деді Юсуф әл-Шауариба.

Көшені ашу салтанаты Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың Иорданияның бас қаласына жасаған ресми іс-сапарының аясында өтті. Кездесу барысында Астана әкімі мен Амман мэрі екі елдің алдағы уақыттағы түрлі салада ынтымақтастықта іс жүргізуінің әлеуетін талқылаған болатын.

«Біздің Амманға іс-сапармен келуіміз урбанистикалық даму саласындағы екі жақты ынтымақтастықты белсендендіруге зор мүмкіндік береді. Амманда көлік, көгалдандыру, құрылыс, смарт-технологиялар, әкімшілік үрдістерді жеңілдету, автоматтандыру, бизнес-ортаны жақсарту салаларында көптеген ірі реформалар мен жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын білеміз. Астанада да аталмыш бағыттардағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Бұл салаларда біздің бір-бірімізге үйретеріміздің аз болмайтындығына еш күмәнім жоқ. Біз тәжірибемізбен, білімімізбен бөлісуге дайынбыз», — деп атап өтті Сұлтанов.

Ол сондай-ақ, Амман мэрінің есіне Қазақстанның бас қаласында жыл басынан халықаралық «Астана» қаржы орталығының жұмыс істеп жатқанын салып, иорданиялық бизнесмендерді оның жұмысына қатысуға шақырды.

Астана көшесінің ашылу салтанатында қазақстандық және иорданиялық музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендер шырқалып, дәстүрлі халықтық билер орындалды.

Еске салайық, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иордания Королі марқұм Жоғары мәртебелі Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген болатын.

Астана әкімдігі мен Амман қаласының муниципалды органы арасында туыстық қарым-қатынас орнату туралы келісім-шарт 2005 жылдың 8 қарашысында бекітілді.

Астанада рождестволық концерт өтеді

22 желтоқсанда Оқушылар сарайында рождестволық концерт өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Weihnachtswunder» рождестволық концертін Астананың «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі мен Ақмола облыстық «Возрождение» қоғамдық қоры Германия елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Бағдарлама барысында Астананың және Ақмола облысының неміс қоғамдық бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары және арнайы шақырылған қонақтар — «Романсиада» халықаралық байқауының жүлдегері, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, «Метрополитен-опера» байқауының аймақтық кезеңінің финалисі, «Астана Опера» солисі Евгений Чайников, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, концертмейстер Елена Цветцих өнер көрсетпек.

Концерт 22 желтоқсанда сағат 19:00-де Оқушылар сарайында (Момышұлы даңғылы, 5) өтеді.

Жастар театры «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін ұсынады

Жастар театрының талантты әртістері елорданың кішкентай тұрғындарын екі тілде сахналатын Г.Х.Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісінің тұсаукесерін тамашалауға шақырады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Қар ханшайымы» ертегісі 20-30 желтоқсан аралығында сағат 10:00-де, 12:00-де және 14:00-де қойылатын болады.

«Ғажайып ертегінің кереметтігі сол – жақыныңа, досыңа деген шексіз махаббат пен мейірім ғана әлемдегі бар алапат зұлымдықты жеңе алатындығын балдырғандарымызға ұғындырады. Қойылым бүлдіршіндерді мейірім мен адалдыққа, достық пен татулыққа баулиды», – делінген «Жастар» театрының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов, Балетмейстер – Анар Жүсіпова.

Ертегіден соң шырша маңында кішкентай көрермендерді танымал мультфильм кейіпкерлерінің, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өтетін жаңажылдық бағдарлама, тосын сыйлар мен сыйлықтар күтеді.