Жарияланымдар

Smart Service хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді

Астанада кезекті Smart Service хакатон-марафоны басталды. Қатысушылар Астананы инновациялық тартымды әрі өмір сүруге жайлы ету үшін жаңа шешімдер әзірлейді, деп хабарлайды астана әкімдігінің реми сайты «Astana Innovations» АҚ сілтеме жасап.


Хакатонның негізгі идеясы қаланың өміріне талантты адамдарды инновациялық идеялар арқылы тарту.


«Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейрам Дюсюков Астананың инновациялар қаласы екенін және осындай шаралар дамуға мүмкіндік беріп, стартап-қауымдастықты қолдайтын мегаполис екенін айта кетті.


«Бүгінде кез келген қалада кішігірім болсын «ақылды» элементтер бар, мысалы бейнебақылау жүйесі. Ақылды қала – бұл қала мен оның тұрғындарының пайдасына жұмыс жасайтын объектілер мен субъектілер. Сол себепті мемлекет пен бизнес шешім қабылдауда тек экономикалық қана емес әлеуметтік мәселелерді де шешуде толыққанды серіктес болуы тиіс. Кедергілерді алып тастау, барлық кәсіпкерлер құрылымымен белсенді жұмыс істеу үшін енді басталып келе жатқан стартаптарды қолдау керек – бұл біздің негізгі міндетіміздің бірі», — деді Мейрам Дюсюков.


Жобаны Астана әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ ұйымдастырды. «Smart Service» хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді.


«Біз инновациялық жобалардың басынан соңына дейін қолдау көрсетеміз. Инновациялық экомәдениеттің дамуы, оның жетілдірілуі — «Астана Innovaitions» АҚ негізгі міндеттері», — деді М. Дюсюков.


Жексенбі күні қаржылай қолдауға үміттеніп отырған жеңімпаз командалар анықталады.

Қаланың тағы 6 негізгі көшелерінде «BusLane» пайда болады

2019 жылы Қонаев, Достық, Ақмешіт, Түркістан және Абай мен Кенесары көшелерінің жалғасына арнайы жолдар енгізу жоспарлануда. Күтілетін тиімділік – 14 %, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«BusLane» жобасы қала көшелерінде қоғамдық көліктердің кедергісіз жүруіне арналған арнайы жол жолағы. Қазіргі күні қалада жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын 24 жол бөлігі бар. Қоғамдық көліктерге арнайы жол жолағы жасалған соң автобустардың жүруі кестеге сай келетін болған және таңғы, кешкі мезгілде аялдамаларда автобусты күту уақыты 24 %-ға төмендеген. Мысалы, № 10 қоғамдық көліктің жол бағытының 40 % «BusLane» жолағымен қамтылған, ал Қабанбай батыр даңғылына шыққанда 100 %. Осы бағытқа арнайы автобус жолағын енгізгелі бері бағытты жүріп өтті және аялдамаларда автобусты күту 26% төмендеген.

«Red bus» экскурсиясы 50% арзандады

Астанада күзгі және қысқы уақытта екі қабатты «Red Bus» автобусымен экскурсия жасау сапарына 50% жеңілдік жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қызыл автобуспен» сапарлаудың бір реттік бағасы ересектер үшін 1,5 мың теңге, ал жеңілдіктегілер үшін (балалар, студенттер, зейнеткерлер) – 1 мың теңге. Акция тек Қазақстан азаматтарына арналған.

«Red Bus» қозғалысы туралы ақпаратты мына телефондар арқылы білуге болады: +7(7172) 779 099; +7 777 555 75 75.

Елордада көлік картасын толтыратын тағы 100 пункт орнатылады

Елордада көлік картасын толтыратын RTVM автоматтарына балама ретінде тағы 100 бірдей пункт орнатылатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Бізге RTVM автоматтарын көбірек орнату туралы өтініш жиі келеді. Алдағы уақытта қаламызда карталарды бірден толтыратын жаңа 100 баламалы пункт ашылады. Толтыру пункттерін қала бойынша жайғастыру процесіне қатысуға шақырамыз», — делінген «Astana LRT» компаниясының фейсбуктегі ресми парақшасында.


Жаңадан ашылатын орындарда картаны бірден толтыруға болады, яғни активацияны қажет етпейді.


«Агенттік жаңадан ашылатын орындар желісін бірге құрастыруға шақырады. Толтыратын орындар Қараөткел (Ильинка), Лесная Поляна, Лесозавод, 7 емхана, Көктал тұрғын алабының тұрғындарына, Мастер-2, Қошқарбаев көшесіне, Иманов көшесіне, Экспоның айналасына жетіспейді. Тағы да елордамыздың қай аумақтарына аталмыш автоматтар қажет деп есептейсіз? Ой-пікіріңіз бен ұсынысыңызды осы жазбаның астына міндетті түрде қалдырыңызБарлық жолаушылардың ұсынысы ескерілетін болады», — делінген хабарламада.


Компания көлік карталарын толтыру орындарының орналасуы ең алдымен халық үшін барынша ыңғайлы болуы керектігін айтады.


Бұдан бұрын да жол ақысын төлеудің басқа да тәсілдері айтылған болатын.  Еске салайық, SMS хабарлама арқылы төлеу үшін арнаулы қысқа нөмір жұмыс істейді, ол еліміз бойынша барлық ұялы операторларының клиенттеріне қолжетімді.


Смартфон иелері жол ақысын арнайы қосымша арқылы SMS көмегімен мына тәсілдер арқылы төлей алады:


-        Автобус деректерін енгізу;


-        Көлік құралын геолокация бойынша анықтау;


-        Автобустағы жапсырмадан QR-кодты сканерлеу;


Android операциялық жүйесіндегі телефондардың иелері жол ақысын қосымша NFC арнайы белгімен төлей алады.


SMS арқылы және мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде жолаушы телефонына электронды билет алады.

Елорда мектептерінде TEDx клубтар ашылуда

Есіл ауданы әкімі Төлеген Закарьяновтың бастамасымен № 84 мектеп-лицейде TEDx клуб ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


№ 84 мектеп-лицейде TEDx клубтың ашылуына Елбасы Жолдауында айтылған Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс деп деген тапсырмасы ынталандырған. Қазақстандағы алғашқы TEDx клубтар Назарбаев зияткерлік мектептерінде ашылған.


№ 84 мектеп-лицей ди⁠ректоры Зәуре Жүсіпованың айтуынша, атылмыш мектеп-лицей басшылығы қашанда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін зерделеп мүмкіндігінше қолданысқа енгізеді.


«Бұл шара TED клубтың ашылуына арналып отыр. TED ойын-сауық, технология және дизайн дегенді білдіреді. Бұл клубта бізде жаратылыстану, экология, көптілділік, техника бағыттары болады. Біздің клубтың басты мақсаты оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін дамыту. Біз балалардың көпшілік алдында сөйлеу дағдылары жақсарып, шешендік өнер, зерттеу қабілеті дамиды деген ойдамыз», — дейді З. Жүсіпова.


TEDx клуб Есіл ауданы әкімі аппаратының және № 84 мектеп-лицей басшылығының бастамасы бойынша ашылды.  


«Біздің бұл бастамамыз Елбасы Жолдауын қолдауға арналған. Осы жылғы Жолдау ерекше. Онда ел өмірінің барлық саласы атап өтілді. Бірақ Елбасы білім саласына ерекше статус берді. Білім жүйесінде жаңаша көзқарас қалыптастыру айтылды және оның ішінде білім алушыларды мектеп қабырғасынан бастап бір мамандыққа бейімдеу, оның ішінде сұранысқа ие мамандықтарға баса назар беру.TEDx клубтар тура сол бағытқа ықпал етеді», — деді А. Садықова.


Ашылған TEDx клубта № 84 мектеп-лицейінің барлық оқушылары оқи алады. Ал оқушыларды тиісті бағдарламалармен мектеп ұстаздары қамтамасыз етеді, сондай-ақ тартылатын болады және оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ояту мақсатында жоғары оқу орындары оқытушылары мен әр түрлі салалардың өкілдері тартылатын болады.


Астанада жаңадан біржақты қозғалыс жолдары пайда болады

Өзгеріс қаланың оң жағалауындағы үш көшеге енгізіледі, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Біржақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан көшесі мен Кенесары көшесінен Ирченко көшесіне дейін, Ирченко көшесі мен Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін болмақ. 


«Осы аталған көшелердегі жол-көлік оқиғаларының санын азайту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін ұлғайту үшін ЛРТ мамандары көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету мақсатында жол қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынуда. Мұндай өзгерістер біздің ауданның үш учаскесіне тиесілі: Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан мен Кенесары көшесінен жағалауға дейін және сол жағалаудың бойындағы Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін, Жеңіс-Бұқарбай батыр қиылысына бағдаршам орнатылмақ. Осы көшелердің жүктемесін азайтып, жаяу жүргіншілер жолында қауіпсіз бағдар құру үшін әсіресе балалардың амандығы үшін аталған учаскелерде біржақты қозғалыс енгізуді ұсынуда», — деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің фейсбуктегі парақшасында.


Аталған өзгеріс көлік қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстардың бір бөлігі және ол көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету үшін енгізіледі, жаяу жүргіншілер жолын қауіпсіз ету, қарама қарсы ағындағы соқтығысып қалатын нүктелерді азайтудың арқасында ЖКО саны төмендейді, — деді ол.


Аудан әкімі көтерген осы мәселеге қатысу үшін қала тұрғындарын сенбі, 27 қазан күні сағат 10:00-де № 1 мектеп-лицейде өтетін қоғамдық тыңдауға шақырады.


Астана мен Сингапур әріптестікті кеңейтуде

Бейсенбі күні Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Сингапурдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Зулкифли бин Бахарудинмен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Кездесу барысында тараптар екі мемлекет басшыларының қолдауының арқасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанына тоқтала кетті.   


Б. Сұлтановтың айтуынша, Астана әкімдігі Сингапурмен іскерлік әріптестікті кеңейтуге үлкен мән беріп отыр. Екі ел арасында менеджмент саласында тәжірибе алмасу орнатылды. 2016  жылы қаңтарда № 2 индустриалдық паркте сингапурлық «Jurong Consultants» компаниясы әзірлеген мастер-жоспардың таныстырылымы өткен болатын. 


 «Қазір біз ірі қалалардың даму тәжірибесін зерттей отырып, «Қазақстан – 2050» стратегиясымен жұмыс жасап жатырмыз. Сингапурдың тәжірибесі бізге өте пайдалы әрі үлгі боларына сенімдімін. Егер сіздің осы салада сарапшылармен әріптестік бойынша идеяларыңыз бен ұсынысыңыз бар болса, біз олармен кездесіп, әріптес болу мүмкіндігін талқылаймыз», — деді Бақыт Сұлтанов.


Сондай-ақ Б. Сұлтанов Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы басталғанын, оның Қазақстанда қаржы инфрақұрылымының ядросына айналатынын мәлімдеді. Астана әкімі Сингапурдың қаржы және инвестициялық институты АХҚО жұмысына қатысады деп үміттенетінін айтты.


2019 жылы 9-13 қыркүйекте Астанада қалалық туризм бойынша VIII ЮНВТО саммиті және ІІ Жібек жолы елдеріндегі қала мэрлерінің форумы болып өтеді. Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов Сингапурды жоғары деңгейде өтетін аталмыш шараға қатысуды шақырды. 


Елордада қазақ тілді медиаконтенттің сапасы талқыланды

Астана әкімдігінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен қаламыздағы БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«Қазақ тілінде түрлі аудиторияға лайықталған сапалы контенттің жасалуы және проблемалары» атты дөңгелек үстел отырысында бүгінде қаламызда туындап жатқан мемлекеттік тіл мәселесі, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан материалдарда тіл тазалығын сақтау мәселесі айтылды.

«Осы отырыста сіздермен сұхбаттасайық, ортақ ойымызды білдірейік, шешіліп жатқан және шешімін күтіп тұрған жұмыстардың оң шешімін табу мақсатында кездесіп отырмыз. Одан бөлек, қаланың ономастика мәселесін реттеу жайы, сыртқы жарнамалардағы тіл нормаларының сақталуы, қаладағы архив қорларын сақтау мәселелері бойынша қаламызда жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел отырысында қазақ тілді контент сапасына көңіл тола ма, қазақ тілді интернет ресурстардың ішінде топ жарған сайттар қандай контент ұсынуда, ақпараттық өнім ұсынушы басылымдар мен сайттар аудиторияның сұрасын қанағаттандырып отыр ма деген тақырыптарда пікір алмасып, талқыға салынды.

Астаналық спортшы армрестлингтен екі дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы жастар арасында жалпыкомандалық есепте бірінші және ересектер арасында екінші орын алды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Түркияда армрестлингтен өткен Әлем чемпионатында Еркін Әлімжанов екі алтын жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Елордалық «Жігер» спорт клубының тәрбиеленушісі халықаралық додада ардагерлер арасында 75 кг салмақ санатында өнер көрсетіп, оң және сол қолмен күш сынасуда бірінші орын алды.


Армрестлингтен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында Астанадан «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары да өнер көрсетті. Олар қазақстандық команданың қоржынына төрт жүлде салды: 2 алтын, 1 күміс және 1 қола. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Георгий Дзеранов 100 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын алды. ҚР халықаралық сыныптағы спорт шебері Әлімжан Мұратов 80 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын, оң қолмен күресте екінші орын алды.


ҚР Спорт шебері Арман Рахманқұлов 85 кг салмақ санатында оң қолмен күресте қола жүлдені қанағат тұтты.


Армрестлингтен Әлем чемпионаты Түркияның Анталья қаласында 12-21 қазанда өтті. Жарыста әлемнің 40-тан астам мемлекетінен 1300 тарта спортшы бәсекеге түсті.


Әлібек Дінішев «Астана Опера» сахнасында ән салады

Қазақстан халқының сүйіктісі ҚазССР және СССР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты тенор Әлібек Дінішев 28 қазан және 2 қараша күндері «Астана Операның» үлкен залында «Люблю тебя, мой край родной» атты концертін қояды. Шығармашылық кеш астананың 20 жылдығына арналған және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.


Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляковтың басшылығымен «Астана Опера» хор театры мен Алматы қ. әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі қатысады.


Әлібек Дінішев опера мен камералық классиканы, қазақ және орыс халқының әндерін, ұмытылмас ретро-шлягерлерді орындайды.


Айта кетейік, әншінің репертуары өте бай. Әсіресе Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса»  т. б. ерекше орын алады. Оның талантын құрметтеушілер орыс композиторлары жазған «Лунная серенада», «Вечер на рейде», «Услышь меня хорошая» шығармаларын, батыс еуропалық Агустин Лараның Solamente una vez, Консуэло Веласкестің Besame mucho, Эрнесто Лекуонның «Сибонейін» сүйіп тыңдайды.


Әлібек Дінішев өзінің жеке бағдарламасымен Еуропаның үлкен залдарында концерт қойған. Ол әлемнің көптеген сахналарында Қазақстанды үлкен мақтанышпен таныстырады және Астананың да мәдени өміріне үлесін қосуда. Тәуелсіз Қазақстанның айтулы оқиғалары соның қатысуымен өтеді. Ол ЭКСПО-2017 ашылуында көптеген әлемдік көшбасшылардың алдында ән шырқады. Көрермендер оның асқан шеберлікпен орындайтын күміс даусын естуге асық.


Концерттің басталуы 18:00.