Жарияланымдар

Үздік шахматшы қариялар анықталды

Астана жаңалықтары: Үздік шахматшы қариялар анықталды

Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қарттар күні қарсаңында қариялар арасында шахматтан жарыс өткізілді. Сайысқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбенғаппас Ахметов, мәслихат депутаттары мен «Астанаводсервис» ЖШС өкілдері қатысты.

Ойын кезінде дүниежүзілік шахмат федерациясының ережелері мен талаптары қатаң сақталып, жүзден жүйріктер алға шықты. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қайырбек Сейітқұл мен Ілияс Қалин иеленіп, екінші орын Тұрсын Қадырбековке тиесілі болды. Ал, үшінші орынды Мекентай Бегенбаев пен Мажит Бекжанов бөліп алды.

Жеңімпаздарға марапаттау қағаздары мен ақшалай жүлделер табысталып, қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.
Әрі қарай

Аналар үйі жетімдерді жерде қалдырмайды

Астана жаңалықтары: Аналар үйі жетімдерді жерде қалдырмайды

Еліміздегі тастанды балалардың санын азайту мақсатында екі жыл бұрын «Ана үйі» атты жаңа жоба жұмысын бастаған еді.

Бүгінде осы бастаманың арқасында елімізде 1007 бала жетімдіктің азабынан құтылып отыр. Бұл жайында жобаның негізін қалаушылардың бірі, BI Group компаниясының жетекшісі Айдын Рахымбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Айтулы жоба жүзеге асырылғалы республика аумағындағы 6 сәбилер үйі жабылды. Алдағы уақытта жетім балаларды қамқорлыққа алатын тағы да 2-3 аналар үйін ашу жоспарда бар.
Әрі қарай

Құқық бұзушылыққа қарсы акция өтеді

Астана жаңалықтары: Құқық бұзушылыққа қарсы акция өтеді

Астанада 28-30 қыркүйек аралығында «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» атты кең ауқымды акциясы өтеді.

Қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бойынша шаралар үнемі жүргізіледі. Жыл басынан бастап 80 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылықтың – 3,4 мың, тыныштықты бұзудың – 7 мың, алкогольді ішімдіктерді ішу және қоғамдық орында мас күйінде болудың – 16,2 мың, белгіленбеген орындарда темекі шегудің – 12 мың, тазалық тәртібін бұзудың – 14,8 мың және бегіленбеген орындарда саудамен айналысу 3,5 мың фактісі тіркелді.
Әрі қарай

Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өтті

Астана жаңалықтары: Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өтті
Астанадан Бурабайға шығатын жол бойында орналасқан Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалы жүргізді.

Ескерткіш айналасына төселген плиталар жаңартылды. Әдемі темір қашалар мен жолаушылар демалатын орындықтар қойылды. Шыршалар мен гүлдер отырғызылды. Қазір Құлагердің маңайы құлпырып тұр. Абаттандыру жұмыстары әлі жалғасатын болады.

– Ұлы Даланың символына айналған Құлагер ескерткішін күрделі жөндеуден өткізуге өзіміз ниеттендік. Ескерткішке жолаушылар жиі аялдайды. Шетелдіктер де көп келетінін білеміз. Көпшілік қоғам қайраткері Сәдібек Түгелдің идеясымен бой көтерген осынау ескерткіштің жанында тұрып суретке түсуді ұнатады. Сондықтан, Құлагердің көрікті болғанын қалаймыз әрі оның күтімін өзіміз атқаратын боламыз, – деді мекеме директоры, ұлтжанды азамат Арман Жүсіпов.
Әрі қарай

«Тарих пен тіл тамырлас» мүшәйрасы қорытындыланды

Астана жаңалықтары: «Тарих пен тіл тамырлас» мүшәйрасы қорытындыланды
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған «Тарих пен тіл тамырлас» атты жас ақындар мүшәйрасы мәресіне жетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Тілеп» қобыз сарайында өтті.

Атаулы шараға ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар мен студенттер қатысты.
Қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев бұрынғы Целиноград пен Ақмоланың, бүгінгі Астананың қазақылануына үлес қосқан бір топ адамға «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медалін табыстады. Аталмыш медальмен марапатталғандардың арасында ұлағатты ұстаз, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынов, осы өңірде басшылық қызметтерді атқарған саясаттанушы Зәуре Қадырова, мәдениеттанушы Отызбай Сүйіндіков, белгілі журналист, газетіміздің бұрынғы басшысы Жұмагүл Саухат, ақындар Серік Сейітман, Балғынбек Имашев және Қалқаман Сарин болды.

Мүшәйраға 50-ден аса үміткер қатысып, іріктелген 10 ақынның ішінен жеңімпаздар анықталды. Сонымен, 1-орын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әлімжан Әлішерге бұұйырса, 2-орынды халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, Айжан Тәбараққызы иеленді. Ал, 3-орынның жүлдесін Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің студенті Абай Ораз бен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Дәулетберді Жекей бөлісті. Бұдан бөлек бес ақынға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жас ақындардың барлығы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Астанада EXPO-2017 әріптестік бағдарламасы таныстырылады

Астана жаңалықтары: Астанада EXPO-2017 әріптестік бағдарламасы таныстырылады

24 қыркүйекте сағат 13.00-де «Көрме» орталығының семинарлық бөлмесінде 12-ші қазақстандық Astana Leisure — 2015 халықаралық туристік көрмесі шеңберінде Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасы бойынша ашық баспасөз мәслихаты өтеді.

Бағдарламаны ұйымдастырушылар — Астана қаласының әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып табылады.

Бағдарламаға Астана қаласының туристік инфрақұрылымына жұмылдырылған қонақ үйлер, қоғамдық тамақту орындары және басқа да ұйымдар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушыларға Recommended by EXPO-2017 белгісін беру туралы куәлік пен Астана қаласының әріптесі мәртебесі беріледі.

Қатысушыларды іріктеу комиссиясының құрамына Астана қаласы әкімдігінің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының, «Туризм индустриясы одағы» ЗТБ өкілдері кірді. Комиссияға Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұралы Әлиев төрағалық етеді. Бағдарламаның жұмыс органы — «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС.

Бағдарламаның мақсаты – туристік индустриясы субъектілерін Астана қаласының имиджінің мүддесіне орай жүзеге асыратын қызметтердің сапасын арттыруға және деңгейін жетілдіруге ынталандыру. Кәсіпкерлер елорда мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ғана емес, еліміздің де тартымды имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосудың маңыздылығын сезінеді.

Бағдарламаны іске асыру туристердің,, соның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілердің қала аумағында болуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

astana.gov.kz
Әрі қарай

Биыл 1 500 м артық магистральды жылу желісі жөнделді

Астана жаңалықтары: Биыл 1 500 м артық магистральды жылу желісі жөнделді

Елорданың энергия көздерінен жылу энергиясын сенімді және тоқтаусыз беру мақсатында Астана қаласының Энергетика басқармасы жылу магистральдарын қайта жаңарту және салу бойынша жобаларды іске асыруда. 2015 жылы 2 060 м құбыр (соның ішінде: ЖМ-5, ЖМ-18, ЖМ-50, ЖМ-36) тартылды.

Астанада жылумен жабдықтау объектілерінің құрылысы аясында «ЖМ-20 жылу магистралін қалпына келтіру» жобасы бойынша жалпы ұзындығы 3 784 м құрайтын жұмыстар жүргізілуде, соның ішінде 2 710 м төселді. Аталған жылу магистралі А. Жұбанов көшесінен Ғабдуллин көшесіне дейін Ж.Омаров көшесінің бойымен өтеді. Сондықтан 2015 жылғы 22-30 қыркүйек аралығында Ш. Уәлиханов және Ж. Омаров көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы жабылады.

Астана қаласы Энергетика басқармасының хабарлауынша, бүгінде елордада қалалық шаруашылықты жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыстар қолға алынды. Жыл басынан бері жөндеу бағдарламасы аясында 551 м таратушы және 1 549 м магистральды жылу желісіне күрделі жөндеу, ұзындығы 10,9 км таратушы желіге ағымдық жөндеу жүргізілді. 50 жылу магистралі гидравликалық сынақтан өткізілді.

«Астана-РЭК» АҚ бекітілген кестеге сәйкес жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шараларды жүргізуде. Жыл басынан бері жөндеу бағдарламасы аясында 52 трансформаторлық және таратушы пунктері және 34,6 км ауа желісі ауыстырылды. Ағымдық жөндеу жұмыстары бойынша қосалқы станция жабдықтары ауыстырылды.

2015-2016 жылғы жылыту маусымына дайындық бойынша барлық шаралар бекітілген жоспар бойынша жүргізілуде.

astana.gov.kz
Әрі қарай

«Жібек жолы» автошеруі Астанаға жетті

Астана жаңалықтары: «Жібек жолы» автошеруі Астанаға жетті

Биыл 8 тамызда Қытайдың Шанхай қаласынан басталған «Жібек жолы» автошеруі еліміздің елордасы Астанаға келіп жетті. Жолаушылар осы ұзақ сапар барысында ЭКСПО көрмесі өтетін қалаларға арнайы ат басын тіреуді мақсат етіпті.

Керуен бағытының соңғы нүктесі – 2015 жылы ЭКСПО көрмесін өткізетін Италияның Милан қаласы. Жолға 8 көлікпен шыққан автошеру қатысушылары 16 мың шақырымды бағындырмақ. Қазақстаннан соң Ресей асып, Грузия, Түркия, Грекия елдерін кесіп өтіп, діттеген жері Италияға 31 қазан күні барып тоқтайды.

– Біздің бұл сапарымыз достық қарым-қатынасқа негізделген. Жаңа «Жібек жолы» мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтып, стратегиялық ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. ЭКСПО көрмесі өтетін қалалардың көтеріп отырған тақырыптары өте маңызды мәселе. Сондай игі іске әлем назарын аударуға біз аз да болса ықпал етсек – мақсатымыздың орындалғаны, — деді «Жібек жолы» авторшеруі комитетінің атқарушы директоры Фу Цзянь.

Қонақтарды жылы қарсы алған ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов біздің елдің Шығыс пен Батыс елдерінің түйіскен жері екенін, өркениеттердің алтын көпірі болып келе жатқанын атап өтті.

Елсияр Қанағатовтың сөзін қолдаған Қытай Халық Республикасының Өнер қауымдастығы президенті Шенг Джонг Го Қазақстан Қытайды Еуропамен жалғайтын сенімді әріптес екенін айтты.
Әрі қарай

Астаналықтардың саны 13 мыңға артты

Астана жаңалықтары: Астаналықтардың саны 13 мыңға артты
Астана қаласы Статистика департаментінің хабарлауынша, елорда халқының саны ағымдағы есеп бойынша 2015 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 866 039, соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша – 381 635 (44,1%), «Есіл» ауданы бойынша – 133 402 (15,4%), «Сарыарқа» ауданы бойынша – 351 002 (40,5%) адамды құрады.

Жыл басымен салыстырғанда Астана қаласы халқының жалпы саны 13 157, соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша — 1781 адамға, «Есіл» ауданы бойынша — 6574 адамға, «Сарыарқа» ауданы бойынша 4802 адамға артқан. Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында халықтың табиғи өсімі 12 684 адамды, көші-қон өсімі 473 адамды құрады.

Аталған мерзімде Астана қаласы бойынша тұтастай алғанда 149 95 сәби туған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5% көп. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 8% өсіп, 12 684 адамды құрады.

2015 жылғы қаңтар-шілдеде АХАТ органдарында тіркелген некелер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1% азайды, ажырасулар саны 10% өскен.

astana.gov.kz
Әрі қарай

«ҚазҚұрылысШыны» құлашын кеңге сермейді

Астана жаңалықтары: «ҚазҚұрылысШыны» құлашын кеңге сермейді

Астанадағы айнадай жарқыраған ғимараттардың бой көтеруіне былтыр ғана ашылған «ҚазҚұрылысШыны» ЖШС айтарлықтай үлес қосып үлгеріпті. Шынында, энергия үнемдегіш әйнек пакеттер мен қауіпсіз шыны өңдейтін зауыттың алғашқы қадамдары қалай екен? Осы мақсатта Индустриалды паркте орын тепкен кәсіпорынды бетке алған едік.

Астанадағы алып өндіріс алаңының бір мүйісін мекендеген шыны зауытының іші қайнаған қызу тірлік. Қол қусырып қарап отырған жан жоқ. Бізді жылы қарсы алған кәсіпорын директоры Әнуар Алдамұратов жұмыс барысымен таныстыра жүріп, ашылғанына аз ғана уақыт болған өндіріс ошағының бітірген ісін айтып, ағынан жарылды.

– Біздің өнімдеріміздің артықшылығы – энергия үнемдейтіндігі, — деп атап көрсетті зауыт директоры Әнуар Алдамұратов. – Қыста бөлме іші жылуының 50 пайызы терезе арқылы сыртқа кетіп қалады. Жылудың сақталмауы шынымен қапталған нысандарда бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Біз өңдеген құрылыс материалдарымен жылу мәселесін оңтайлы шешуге болады. Шыныларымыз қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығымен, экологиялық тиімділігімен және қуат сақтағыштығымен сипатталады. Қаламыздың өркендеуіне үлес қоса алсақ, ісіміздің алға басқаны. Қазірдің өзінде Астанадағы тірліктің қарқынына қарқын қосқан әлемдік ЕХРО көрмесі үшін тұрғызылып жатқан ғимараттарды шынымен қамтамасыз етуді қолға алдық. Одан бөлек, тағы бірнеше үлкен жобаларға қатысамыз. Ол – астаналықтар асыға күткен «Абу Даби Плаза» мұнарасы, «Talan Towers» кешені. Осы құрылыстар аяқталса, бұл ғимараттарды биіктігі ғана ерекшелемейді, сондай-ақ, біз өңдеген шынылар айдындай жарқыратып көрсетеді, — деді Ә.Алдамұратов

Аузымызды аштырмастан кәсіпорынның аяқ алысын аңдатқан зауыт басшысы бізді алдымен әлі өңделмеген, қалыпқа түспеген шынылар сақталатын қоймаға бастап жүрді. Ондағы десте-десте шикі өнімдерді шекаралас Ресей жөнелтеді екен. Ресейден келеді дегеніміз болмаса, бұл шикізаттар АҚШ-тың «Guardian», Англияның «Pilkington», Жапонияның «AGC» атты әлемдік деңгейдегі шыны компанияларына тиесілі.

Қоймадан шыққан шынылар бірінші түрлі өлшемде кесіледі. Тынымсыз қозғалған адамдардың қарасы көп болғанымен, жұмыс күшінің денін арнаулы аппараттар құрайды. Зауыт шыны өндірудегі шаруаны жеделдететін әлемдік алдыңғы қатарлы технологиялармен толықтай қамтылған. Мысалы, Германиядан алдырған заманауи «Bystronіc» жабдығы жылына 300 мың шаршы метр шыны кесуге мүмкіндік береді. Кесу жылдамдығы – минутына 120 метр.

Шыныны жылтырата қашау, ойықтар жасау, тесу, кесу сынды жұмыстар италиялық «Intermac Master 45» аппараты арқылы атқарылады. Одан соң материал «Emar» жуу машинасында жуылып, кептіріліп пешке салынады. Ал, шынылардың шыңдалатын орны – Испаниядан әкелінген «Heat Soak Test» пеші. Бұл пеш шынының қолданылу уақытын 50 жылға дейін ұзартып, қауіпсіздігін арттырып, энерготиімділігін одан әрі үдете түседі.

Бұдан бөлек, кәсіпорындағы шыныларды түрлі-түсті бояу, жиектеу және тағы басқа ұсақ-түйек шаруалар нәзік қолды арулардан артылмайды. Сондай-ақ, жүкті тасымалдау, көтеру сияқты жұмыстарды құрыш білектілер арнаулы машиналар арқылы оңай жайғастыра салады екен.

Зауыт директорының айтуынша, кәсіпорын алғаш ашылғанда 58 адамды жұмыспен қамтамасыз етіпті. Ал, қазір жұмысшылар саны 90 адамға жетіп жығылады. Күнделікті нәпақасын осы жерден теріп жеп жүрген еңбекқорлар жұмысқа қабылданарда алдымен 2-3 ай оқу курсынан өтеді. Өйткені, мұндағы қаптаған технологияның тілін үйрететін елімізде ешқандай оқу орны жоқ. Арнаулы бейімдеу сынағынан сүрінбей өткен үйренушілер оператор болып жұмысқа алынады. 1-2 жыл тәжірибе жинап, тісқаққан маманға айналған операторлар шебер дәрежесіне көтеріледі. Тиісінше, еңбекақылары да жоғарылайды. Операторлардың орташа еңбекақысы 110-120 мың теңгені құраса, шеберлердің айлығы 150 мың теңгенің үстінде.

– Мен зауыт ашылғанда жұмысқа үйренуші емес, үйретуші ретінде қабылдандым. Себебі, мен бұған дейін басқа кәсіпорындарда біраз тәжірибе жинағанмын. Мына жерде орналасқан технологияның бәрін бес саусағымдай білемін. Осындай дамыған заманда адамның мықтығылы күшінде емес, білімінде екенін сөзсіз мойындайсың. Өйткені, дене күшін жұмсамастан, роботтық машиналармен бәрін әп-сәтте орындай саламыз. Тек басқара алсаң, жетіп жатыр, — деді шебер Алмат Әлжанов.

Астанада ашыла салысымен, қаланың шаруасына білек сыбана кірісіп кетіп, үлкен жобаларға ауыз салған зауыттың алғашқы адымдары таңғаларлық емес. Себебі, аталмыш «ҚазҚұрылысШыны» қатардағы өндірісшілердің бірі емес, Қазақстан нарығында тәжірибесі мол. Компанияның негізі 2004 жылы Алматы қаласында қаланған. Астанада жұмысын бастаған бұл зауыт – «ҚазҚұрылысШынының» екінші өндіріс орны.

Елордадағы «ҚазШыныҚұрылыс» өнімдері бүгінгі таңда Астана, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларына тарайды. Зауыт жақында Өскемен қаласында іргесі қаланған «Huyndai center» нысанын шынымен қаптап шығыпты. Күніне 5 мыңнан 15 мың шаршы метрге дейін өнімді өңдеп, дайындайтын кәсіпорын қазірдің өзінде Астанадағы шыны нарығының 30-40 пайызын құрап отыр.
Әрі қарай