Жарияланымдар

«Астана» баскетбол клубы жаңа маусымға дайын

Астана жаңалықтары: «Астана» баскетбол клубы жаңа маусымға дайын
«Ханшатыр» СОО-да «Астана» баскетбол клубы жаңа маусым алдында жаңа ойыншыларын таныстырды.

Салтанатты жиынға олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Юрий Мельниченко қатысты.

Биыл клуб құрамына қосылған Адам Кэмп, Кэнни Хэйс, Александр Жигулин, Алексей Жуканенко сынды ойыншыларына жанкүйерлер құрмет-қошемет көрсетті.

«Астана» БК бас директоры, олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко елордалықтардың қолдауына алғысын айтып, алдағы ойындарға жанкүйер болуға шақырды. Клубтың жаңа маусымдағы алғашқы ойыны 18 қазан күні «УНИКС» командасына қарсы өтеді.
Әрі қарай

Астана тұрғындарының назарына!

Астана жаңалықтары: Астана тұрғындарының назарына!
Астана қаласының әкімдігі жауапсыз құрылыс салушылармен пәтерлерді заңсыз сату фактілеріне жол бермеу мақсатында елорда тұрғындары мен қонақтарын хабарландырады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылыс салушылармен баспананы сату үлескерлердің қаражаттарын тарту үшін тиісті лицензиясы немесе нақты бір объектіні салу үшін екінші деңгейлі банктерде ашылған 100 % кредиттік желісі бар болған жағдайда ғана мүмкін болады.

Сонымен, құрылыс салушыда құрылысты бастау үшін мынадай растама құжаттары болуы тиіс:

1. Объекті орналасқан жер учаскесін иелену құқығын растайтын құжаттары (жеке меншік немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығына арналған акті);

2. Инженерлік желілері бар, әзірленген және сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы;

3. Әкімдіктің құрылыс жұмыстарын орындауға арналған қаулысы;

4. «Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ (МСҚҚБ) құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарламасы.

Рұқсат беру құжаттамалары туралы қажетті ақпаратты Астана қаласы әкімдігі сайтынан (пайдалы сілтемелер – www.astana.gov.kz) алуыңызға болады.

Бұзылымға жол берген құрылыс салушылар жөніндегі ақпарат қосымшада көрсетілген.

Сіздерден қырағы болуларыңызды сұраймыз!

Мәселелі мердігерлердің тізімі

astana.gov.kz/kk/modules/material/9232
Әрі қарай

Мүмкіндігі шектеулілерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді

Астана жаңалықтары: Мүмкіндігі шектеулілерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді
Мүмкіндігі шектеулілерді жұмысқа орналастыру айлығының шеңберінде 22 қазан күні Жұмыспен қамту орталығында кембағал жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Бұл қайырымды шараға елорданың 20-ға жуық жұмыс беруші мекемелері қатысады. Олар мүгедектерге күзетші, есепші, полиграфия және тағы да басқа жұмыс орындарын ұсынбақ.

Жәрмеңкеде «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» әлеуметтік бағдарламасы және басқа да салалық мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.

Ұйымдастырушылар астаналықтарды Бейбітшілік көшесі, 25 мекенжайында 22 қазан күні сағат 10.00-13.00 аралығында күтеді.
Әрі қарай

Астанада экологиялық айлық аяқталды

Астана жаңалықтары: Астанада экологиялық айлық аяқталды

Елордада 7 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өткен экологиялық айлық аясында жалпы көлемі 2 805 540 шаршы метр алқап тазартылды, деп хабарлайды Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Санитарлық тазарту жұмыстары барысында қызыл тал, қара үйеңкі, қарағай, қайың, емен, терек, шетен секілді 9 720 ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, 47 мыңға жуық көшеттің түбі ақталды.

Атап айтсақ:

– Алматы ауданында – 4 214 көшет. 763 көшет – № 46 көшесі бойымен Тәуелсіздік даңғылынан Сәтпаев көшесіне дейін, 431 көшет –Тәуелсіздік даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейінгі Байтұрсынов көшесі бөлігінде, 520 көшет – Юго-Восток ықшам ауданындағы Талғар, Таскескен және Сартау көшелерінде, 2 500 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар аулаларында;

– Есіл»ауданында – 4 332 көшет. 1 560 көшет –Хусейн бен Талал көшесі ауданынан №31 көшесіне дейінгі Орынбор көшесі бөлігінде, 490 көшет – «Астана Опера» театры алдында, 80 көшет – «Арай» саябағында, 202 көшет – «Хан Шатыр» СОО айналмалы жол бойында, 500 көшет Ильинка елді-мекенінде, 1 500 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар айлаларында;

– Сарыарқа ауданында – 1 174 көшет. 500 көшет – Тілендиев көшесінде, 124 көшет – Бабатайұлы көшесінде, 30 көшет – Көктал ауданында орналасқан Қарттар үйі маңайында, 520 көшет – мектептер, балабақшалар, ауруханалар аулаларында.
Шара шеңберінде волонтерлар мен қоғамдық мекемелердің қатысуымен Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілді.
Әрі қарай

Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Астана жаңалықтары: Елордалық газеттің 25 жылдығына арналған футболдан турнир өтті

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 25 жылдығына орай журналистер арасында футболдан турнир өтті.

Доп додасына «Егемен Қазақстан», «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» РТРК, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Астана» телеарнасы, «Ақмешіт» Қызылорда облысы журналистерінің құрамасы, «24 KZ» телеарнасы, «Қазмедиа» орталығы және «Астана ақшамы» командалары қатысты.
Мерекелік жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің көмекшісі Михаил Чирков, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанар Өтешова қатысып, астаналық газет қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, командаларға алғыстарын білдірді.
Үш топқа бөлінген командалар арасындағы тартысты ойындардың нәтижесінде «Хабар» агенттігі, «Ақмешіт» құрамасы, «Егемен Қазақстан» газеті және «Қазақпарат» ақпарат агенттігі командалары жарыстың жартылай финалына шықты. Бірінші жартылай финалдық ойында белгілі журналист Амангелді Сейітханов бастаған «Хабар» агенттігі және Дастан Кенжалин бастаған «Егемен Қазақстан» командалары өзара кездесті. Бұл ойында есепті егемендіктер ашқанымен, хабарлық жігіттер 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ, Ержан Байтілес баптаған жігіттер «Қазақпарат» командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сында ойнады.

Үшінші орын үшін ойында «қазинформдықтар» ел газеті жігіттерін 2:1 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. Ал финалда «Хабар» мен Қызылорда облысы құрамасы кездесіп, сыр бойынан келген жігіттер жарыс жеңімпазы атанды.
«Үздік қақпашы» аталымын Қанат Базылхан («Хабар»), «Үздік қорғаушы» аталымын Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан»), «Үздік шабуылшы» аталымын Қуаныш Құлахметов (Қызылорда құрамасы) иеленді. Сонымен қатар, Сұлтан Сейітов пен Елтай Нұрғазин («Астана ақшамы»), Алмас Манап («Егемен Қазақстан»), Дархан Досболов («Қазақпарат») сынды журналистер де үздіктер қатарынан көрінді.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге «Астана ақшамы» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Сергей Кузовников пен бас редактор Аяған Сандыбай дипломдар, медальдар және сыйлықтар табыс етті.
Әрі қарай

Елордада студенттік жасақтар жұмыс істеуде

Астана жаңалықтары: Елордада студенттік жасақтар жұмыс істеуде

Жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында наурыз айынан бастап Астана қаласында студенттік жасақтар өз жұмысын жүзеге асыруда. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының хабарлауынша, аталмыш жасақтардың көмегімен он бес рейд өткізіліп, үш жүзден астам әкімшілік бұзушылық анықталды.

Бүгінгі таңда студенттік жасақтар құрамында 250 адам бар. Жастар елорда тұрғындары арасында ҚР заңнамасы мен құқық бұзушылықты болдырмау туралы ақпараттық насихат жүргізуде.

Жастар саясаты мәселелері басқармасы Астана қаласы ІІД бірігіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары дамыту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕМУ студенттерімен кездесулер өткізді. Бұл шара студенттік жасақтар жұмыстарын насихаттауға бағытталған.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9217
Әрі қарай

Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша айлық өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша айлық өтуде

2015 жылдың 28 қыркүйегінен бастап 28 қазанына дейін Астана қаласында ЖРВИ, тұмау, пневмококктық инфекцияның алдын алу бойынша айлық өтуде. Айлық аясында алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарында ашық есік күндері өтуде.

Айлықтың мақсаты ауру асқынуларын болдырмау үшін уақытында медициналық көмекке жүгіну керектігі туралы халықты ақпараттандыру болып табылады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметтерінше, 2014-2015 жылдың маусымында ЖРВИ-дің 16 985 фактісі тіркелді, соның ішінде тұмаудың 145 фактісі анықталған. Астанада тұмаудың алдын алу шаралары иммундау түрінде жүргізілуде. Осылайша, 2015-2016 жылғы маусымда тұмауға қарсы вакциналауға жергілікті бюджеттен 10 321 826 теңге бөлініп, 13 741 вакцина сатып алынды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9216
Әрі қарай

Астанада Қарағанды облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтуде

Астана жаңалықтары: Астанада Қарағанды облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтуде

Бүгін елордада «Хан шатыр» СОО алдындағы алаңда кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде. Екі күн бойы Қарағанды облысының тауар өндірушілері елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынады.

Жәрмеңкеде көкөніс, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, сұйық май, бал, сондай-ақ, нан-тоқаш өнімдері мен кондитерлік өнімдер ұсынылды. Ұсынылған өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатылуда және тұтынушылардың сұранысына ие. Тауар өндірушілер жалпы сомасы 149,7 млн. теңгені құрайтын 850 тоннаға жуық өнім әкелді.

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Асановтың айтуынша, жәрмеңкеде ет және еттен жасалған өнімдер – 45 тонна, сүт өнімдері – 8 тонна, 300 мыңға жуық жұмыртқа, 230 тоннадай картоп, 160 тонна көкөністер мен бақша дақылдары ұсынылды.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде облыстың әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/9218

Қазақстан – Нидерланды: Дайындық кезінде жанкүйерлерге есік ашық болды

Астана жаңалықтары: Қазақстан – Нидерланды: Дайындық кезінде жанкүйерлерге  есік ашық болды

Бүгін «Астана Арена» стадионында Қазақстан және Нидерланды құрамасы матч алдындағы дайындығын өткізді. Одан бұрын құрамалардың бас бапкерлері баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Әрі қарай

Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Астана жаңалықтары: Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қоларба табысталды

Қазанның әр жексенбісінде елімізде Мүгедектер күні аталып өтіледі. Осыған орай кеше «Дәулет» спорт кешенінде паралимпиада және сурдлимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, әрқайсысына су жаңа қоларба табысталды.

Салауатты өмір салтын берік ұстанатын жарымжан елордалықтар үшін бұл қоларба күнделікті жүріп-тұруларынан бөлек, спортпен шұғылдануларына да қолайлы.

Астана қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарының спортпен айналысуларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде 400 спортшыны жаттықтыратын «Қайсар» спорт клубы оған дәлел. Клуб мүшелерінің арасында Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғаған жеңімпаздарымыз бар.

– Қазіргі таңда елордада 20 мыңға жуық мүгедек тұрады. Олардың ішінен спортта жетістікке жеткен азаматтарымыздың есімін мақтанышпен атай аламыз. Өмірдің қатал сынағына сынбай, алға ұмтылған жандар басқа да мүмкіндігі шектеулілерді жігерлендіреді. Сол үшін біз барынша қолдап, қолпаштап, бұл жеңімпаздардың жетістіктерін үнемі үлгі айта жүруіміз керек, — деді Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.
Әрі қарай