Жарияланымдар

Алматы ауданындағы 50 отбасы сыйлыққа жылы киімдер алды

Астанадағы Оқушылар сарайында қайырымдылық концерті мен Алматы ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға жылы киімдер табыс етілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Шара Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан «20 Izgi Qadam» акциясы шеңберінде өтті. Акцияға «Niyet Charitable Foundation» ҚҚ ат салысты.


«Ниет» қайырымдылық қоры – коммерциялық емес ұйым, ол өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды әлеуметтік қорғауға бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады.


Бүгін қайырымдылық акциясы шеңберінде Алматы ауданының аз қамтылған 50 отбасына жылы киімдер берілді. Осы жылдың соңына дейін аудан аумағында тұратын тағы да 300 отбасы көмекке ие болады. Қор астаналық аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына, қамқорлықтағы жетімдерге, мүгедек балаларға LC WAIKIKI компаниясы табыс еткен 10 000 жаңа киімді  беруді жоспарлап отыр.


 «Астана күнін мерекелеу шеңберінде Алматы ауданы әкімінің аппараты аталған шараны ұйымдастырды. «20 Izgi Qadam» шарасының қолдау мен көмекке мұқтаж астаналық отбасылар үшін маңызы зор. Бүгін Алматы ауданында тұратын отбасыларға жылы киімдер табыс етілді. Барлық отбасына денсаулық, отбасылық игілік, балаларының қадам алысына сәттілік тілеймін. Ең бастысы, осындай шараның арқасында балалар қайырымдылық жасауды, жақсылықпен бөлісу керектігін есте сақтайтын болады», — деді Алматы ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Мұхамедияр Қожекенов.


Астанада АҚТҚ-инфекциясынан қайтыс болғандар саны екі есе төмендеді

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен ЖҚТБ күресу және алдын алу орталығы «Өз статусыңды біл» ұранымен бүкіләлемдік кампания шеңберінде аурумен күрес айлығын жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.  


ЖҚТБ орталығы хабарлағандай, осыған байланысты Астанада ашық есік күндері, орталықта тегін тексерістен өткізу шаралары, сауда орталықтарында үгіт-насихат акциясы, блогерлерді тарту, вайн-челендж ұйымдастыру шаралары өткізіле бастады. Орталықтың мамандары өзіңнің оң статусыңды білу дер кезінде ем қабылдап, өмір сапасын ұзартуға, оны жақсартуға мүмкіндік беретінін  айтады.


 «9 айдың қорытындысы бойынша осы жылы 224 428 адам тіркелді, яғни біз елді мекеннің 20 % тексерістен өткіздік. Оның 77 %-нан алғашқы кезеңдерін анықтадық. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында АҚТҚ-жұқтырғышын екі есеге төмендеттік. Өткен жылы ол 1,3% болса, биыл – 0,7%. Өткен жылы АҚТҚ-жұтырғышына қатысты 190 оқиға болса, бүгін бұл көрсеткіш 150 құрайды. Әрине, өзінде АҚТҚ-жұқтырғышы бар екендігін білгендер күйзеліске түсіп жатады, олармен психологтар жұмыс істейді», — деді ЖҚТБ күресу және алдын алу орталығының бас дәрігері Сәбит Абдрайымов.  


Бүгінгі таңда АҚТҚ жұқтырғышының 79,4%-ы – жыныстық жолмен жұғады, оның 12,4% гомосексуалдар. Тәуекел тобындағылар – көбіне гомосексуалдар мен секс-индустриядағы жұмысшылар. Оларға жүйелі түрде мүшеқап пен ақпараттық материалдар таратылып тұрады. Түнгі клубтарда рейдтер жүргізіледі.


Астанада АҚТҚ-жұқпасына шалдыққандардың 25 пайызы – ішкі мигранттар, 5 пайызы – шетелдіктер.


 «1 қазаннан бастап есепте 989 пациент тұрады, 63 пайызы антиретровирусты терапиядан өтеді, яғни 616 ауру. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 214 пациентке көп. Биыл 40-тан астам адам қайтадан емделу үшін орталыққа оралды», — деді С. Абдраймов.


Астанада 10 ай ішінде медициналық көмектің түрлері мен формалары бойынша 235 мыңнан астам науқас емделді

 Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 68,4 млрд теңге төледі.


Бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы жалпы құны 88,1 млрд теңгеге бекітілген келісімшарттар сомасының шамамен 77,6%-ін құрайды. Төлемдердің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке (23,2 млрд теңге), жоғары технологиялық медициналық қызметтер үшін төленді. 10 ай ішінде аталған медициналық көмектің түрлері мен формалары бойынша 235 мыңнан астам науқас емделді.


Сондай-ақ, қазіргі таңда қалалық филиалдың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 85 мекеме бар, олармен стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативті-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері бойынша 122 келісім-шарт бекітілген. Жеткізушілер тізіміндегі 36 медициналық ұйым – мемлекеттік, 49 — жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік емханалардың саны 13-ке артты. Астаналық жеткізушілердің толық тізімімен қордың fms.kz сайтында танысуға.   


«ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Кабдықапаровтың айтуынша, медициналық ұйымдарға ақы төлеу кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың операциялық шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын төлеуге жеткілікті.


«Қор апта сайын стационарлық және стационар алмастырушы медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қызметтерінің сапасына электронды басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізеді. Айта кетерлігі, мониторинг жүргізу халық арасында сұранысқа ие медициналық қызмет түрін анықтауға да мүмкіндік береді», — дейді Н. Қабдықапаров.  


Медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз түскен жағдайда, филиал қызметкерлері жоспардан тыс мониторинг өткізеді.


Астана «ақылды қалалар» конгресіне қатысуда

Бүгін Барселонада Smart City Expo 2018 Бүкіләлемдік конгресі өзінің жұмысын бастады. Шараға қатысушылардың арасында «Астана Innovaitions» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев та бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Барселона мэрінің шақыртуы бойынша Smart City Expo 2018 бүкіләлемдік конгресіне келдік. Астанадан басқа конгреске әлемнің 100-ден астам қаласынан өкілдер қатысуда. Мұнда қалалар басқа қалаларға өзара тәжірибе алмасып, өздерінің жобасын көрсетеді, оны дамыту үшін жаңа шешімдерді іздейді», — деп атап өтті Олжас Сартаев өзінің «Facebook»-тегі парақшасында.

Шара «ақылды қала» саясатын қабылдауда қатысушы-қалалардың әрқайсысының өзіндік үлес қосуларына, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерді анықтауға, серіктестік қарым-қатынасты орнатуға бағытталған.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттыққа бастау берді

Алғашқы сауда-саттық Мемлекет басшысы арнайы орнатылған гонгті ұрғаннан кейін басталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дағдарыстан шығуға жол ашып, толық тоқтаған экономиканы жылжытуға мүмкіндік берген 1995-1999 жылдардағы «жылдам» жүргізілген жекешелендіруді еске салды. Сондай-ақ, ел басшылығының алдына жекешелендірудің екінші ауқымды кезеңін өткізу міндетін қойды. Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов бүгінгі таңда АХҚО-да 88 компания тіркелгенін атап өтті.

«АХҚО биржасындағы алғашқы транзакция басталды. Жақында Қаржы министрлігі еурооблигациялардың дебюттік шығарылымын орналастыруды аяқтады. Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» облигациялары орналастырылған. Біз «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ға соңғы бірнеше ай бойы бірлескен жемісті жұмысымыз үшін алғыс білдіреміз. Бұл транзакцияны табысты аяқтадық. Бүгін Астанада сауда басталды, Лондонда тиісті шаралар жария болды. Менің ойымша, бұл – Қазақстан үшін үлкен қадам», – деді ол.

Астанада санитарлық тазалау жұмыстарын күн сайын жүзге тарта мердігерлік ұйым жүргізеді

Айталық, Байқоңыр ауданындағы тазалау жұмыстарына 16 учаскелік мердігерлік ұйым, 288 жол жұмысшысы және 79 бірлік мамандандырылған техника тартылады. 


Байқоңыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қазан мен 14 қараша аралығында 1059 текше метр құм-тұз қоспасы себіліп, қардың 5541 текше метрі қала сыртына шығарылды. Өткен тәулікте полигонға жеткізілген қар көлемі 393 текше метрді құрайды.


Ал Есіл ауданын тазалау жұмыстарын 23 мердігерлік ұйым жүзеге асырады.


Күн сайын қардан тазарту жұмыстарына 725 адам, мамандандырылған техниканың 246 бірлігі жұмылдырылады.


4-14 қараша аралығында аудан аумағынан 17655 текше метр қар сыртқа шығарылып, 893 текше метр құм-тұз қоспасы себілді.


Алматы ауданындағы санитарлық тазалау жұмыстарына 26 мердігерлік ұйым, 575 жол жұмысшысы және мамандандырылған техниканың 174 бірлігі тартылды.


13 қазаннан 14 қарашаға дейін құм мен тұз аралас  қоспаның 1715 текше метрі себіліп, 13 586 текше метр қар сыртқа шығарылды. Өткен тәулікте қар полигонына 2057 текше метр қар шығарылды.


Сарыарқа ауданында санитарлық-тазалау жұмыстарын 33 мердігерлік ұйым жүзеге асырады. 


14 қарашадағы жағдай бойынша аумақтарды тазалауға 500 жол жұмысшысы және 74 бірлік мамандандырылған техника шықты.


13 қазан мен 14 қараша аралығында 1331 текше метр құм-тұз қоспасы пайдаланылды. Қар полигонына 6624 текше метр қар шығарылды.

Полиция IMEI кодты меншік иесінің ЖСН нөмірімен байланыстыру не үшін қажет екенін түсіндірді

Ұялы телефондарды ұрлау және сату қазір өте оңай. Жыл басынан бері елордада ұрланған мүлікті сатқаны үшін 28 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Бұл қылмыстың таралуына қарсы тұрудың жалғыз жолы – Франция, АҚШ, Англия, Австралия және Нидерланды сияқты елдердің тәжірибесіне сүйену. Ол – IMEI кодты меншік иесінің ЖСН нөмірімен байланыстыру. Бізде бұл әдіс 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.


«Ұялы телефондар әртүрлі құқық бұзушылықтарға себепші. Ұрлықтан бастап террористік шабуыл кезінде ұялы телефондардың қолданылатыны баршаға белгілі», – деп хабарлады полиция департаментінің бастығы Марат Қожаев тұрғындармен кездесуде. Сондай-ақ, департамент басшысы азаматтарды өз телефондарын тіркеуге шақырды.


2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген құрылғылар желіден ажыратылатынын еске саламыз.

Астанада бір жақты қозғалысқа арналған жаңа жол бөліктері пайда болады

Алдағы күндері елордада бір жақты қозғалысқа арналған жаңа жол учаскелері пайда болады. Өзгерістер қаланың оң жақ жағалауындағы екі көшенің бойында енгізілетін болады. Осылайша, бір жақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесінің Жеңіс даңғылынан Әзербайжан Мәмбетов көшесіне дейінгі аралығында және Желтоқсан көшесінің Кенесары көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейінгі аралығында енгізілмек. Өзгерістер 2018 жылдың 15 қарашасында, яғни бейсенбі күні күшіне енеді.


Аталмыш өзгерістер – қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстарының бір бөлігі. Өзгеріс жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр.


Белгіленген учаскелерге бір жақты қозғалысты енгізу автокөлік ағындарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ете отырып, қарсы ағынмен шиеленісу нүктелерін азайтудың арқасында жол-көлік оқиғаларының санын азайтады деп күтілуде.


Аталған учаскелерде қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі орын алғанын айта кету қажет.


Бұдан бөлек, аталған шаралар бұл көшелердің көлік ағындарын өткізу қабілетін арттырады. Жүргізілген талдау жұмыстырына сәйкес, осыдан біршама уақыт бұрын бір жақты қозғалыс енгізілген көше учаскелеріндегі өткізу қабілеті орта есеппен 30% -ға артқан.


Сонымен қатар, бір жақты қозғалысқа арналған жаңа учаскелерді енгізу бір жақты қозғалыс желісін қалыптастыра отырып, бұған дейін енгізілген бір жақты қозғалыс учаскелерінің тиімділігін арттырады. Сонидай-ақ, ол №1 мектеп-лицейге жақын жолдарда көлік қозғалысы жүктемесін төмендетуге септігін тигізбек.


Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 27 қазанында тұрғындардың қатысуымен бір жақты қозғалысты енгізуге қатысты мәселе қаралған қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Бас қосуда Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Сарыарқа ауданы әкімшілігінің, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының және «Астана ЛРТ» ЖШС өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының пікірлері тыңдалып, барлық ұсыныстары ескерілді.


Инватакси қызметі бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жұмыс істейтін және оқитын адамдарға ұсынылады

Астанада ерекше күтімдегі адамдардың жайлы қозғалысы мен қалалық ортаның қолжетімді болу мәселесін шешу мақсатында «Инватакси» қызметі ұйымдастырылды.

«ДЦП диагнозы бар көптеген балалар үшін, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған ересек, аяқ-қолы жоқ адамдар мен көзі нашар көретіндер үшін қызметтің бұл түрі тұйық шеңберден шығудың жақсы құралына айналды», — делінген хабарламада.

Инватакси қызметі жұмыс істейтін және оқитын мүгедектерге кестеге сәйкес ұсынылады. Анықтама телефондары: 48-19-66, 46-86-57, 37-05-59, 55-69-63, 55-68-47.

Вакцина – денсаулық кепілі

Қазақстан республикада мемлекеттік тіркеуден өткен және ДДҰ-ның стандарттарына сәйкес келетін сертификаттары бар тәжірибе жүзінде тексерілген вакциналарды пайдаланады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  


Вакцина салынған кейінгі кезеңде асқыну байқалмайды, ал кейде бөлек егілгендерінде туындайтын реакция аурудың өзіне қарағанда жеңіл өткеріледі. 


Ведомствоның ақпараты бойынша, Астанада бүгінгі таңда қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, туляремия, құтыру, 16 жылдан бері дифтерия жағдайлары тіркелмеген. Көкжөтел мен эпидемиялық паротит тек сирек жағдайда ғана тіркеледі.


Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары иммунопрофилактикалық мәселенің алдын алу үшін балаларына екпе алудан бас тарту өзекті мәселеге айналған. Азаматтар екпеден көбіне діни сенімі мен жеке көзқарасына байланысты бас тартады. Қазір көптеген жас аналар өз балаларына екпе егуден оп оңай бас тартып жатыр.


 «Осыған байланысты аналарға балаларыңызды екпесіз қалдырып, тәуекелге бармаңыздар, оларға дені сау және бақытты балалық шақ мүмкіндігін сыйлаңыздар дегіміз келеді. Сондай-ақ біз балаларына өз еркімен келіп вакцина салдырып жатқан аналарға алғыс айтқымыз келеді. Олар баласының болашағына үлес қосып, қауіпті эпидемиялық жұқпалы аурулардың алдын алуда. Бүгінгі таңда иммунизацияға қарсы балама жоқ. Балаларымыздың денсаулығы – ұлт денсаулығының кепілі», — делінген хабарламада.