Жасылға оранып желегі,
Мен білем, көктемің келеді.
Көк аспан сол жылы көктемде
Шуағын өзіңе төгеді.
Ал қазір мен саған жыр жазам
Белгісіз боп келген дерегі.
…Кейде шын тиеді көмегі
Жазылмай қалса ақын өлеңі.
«Сөздер көп, асықпа,
Себебі,
Оны айтпау еш мүмкін емес боп
Тұрғанда ғана сен айтқайсың»
Высоцкий осылай деп еді.
Ал ол бос сөйлемес ер еді.
Ой мейлі, артығы, не кемі,
Қолымнан жыр жазу келеді.
Ал сенің келеді қолыңнан
Сол жырдың бола алу себебі.
Менімен, болмаса не менсіз,
Бәрібір көктемің келеді.