Жарияланымдар

Елордада Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қалай мерекеленеді?

Нұр-Сұлтанда ресми іс-шаралар 7 мамырда басталады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.


Мереке күндері елордада Ақмола жауынгерлерінің бейітіне Даңқ гүл тізбегін қою рәсімі, жеңіл атлетикалық эстафета, автожарыс және мерекелік концерттер ұйымдастырылады. 7 мамырда Триатлон-саябақта қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашаласа, ал 9 мамырда сағат 23:00-де Есіл өзенінің жағасында Жеңіс күні құрметіне арналған отшашуға куә бола алады.



ТЕСТ: Түстерді қаншалықты ажырата аласыз?

Адамдардың тек төрттен бірі ғана түстердің толық спектрін ажырата алады екен. Қалғандары тек өңі өзгерген түрінде көреді. Мына қарапайым тест арқылы түстерді қаншалықты айыра алатыныңызды тексеріңіз.

Неліктен бұлай екенін білесіз бе? Түстерді ажырату қабілеті көздің ішкі тор қабығындағы фоторецептор жасушалардың мөлшеріне байланысты екен.

(К)өзіңіздің түс ажырату деңгейіңізді төмендегі сурет арқылы тексеріп көріңіз. Суретке мұқият қарап, қанша түс барын және сол түске ұқсас жолақтарды санаңыз. Яғни жалпы қанша жолақ көресіз, соларды санаңыз.



Сонымен неше жолақ санадыңыз?

1. 20 жолақтан аз. Демек көзіңізде екі түрлі жарықсезгіш жасушалы тор қабығы бар деген сөз. Адамдардың 25%-ы дәл осындай дихромат болып саналады. Иттер де солай, олар көп түстерді ажырата алмайды.

2. 20-дан 32-ге дейін. Бұл санаттағылар трихромат деп аталады. Көздің жарықсезгіштігі 3 түрлі. Сіз тек барлық түстерді ғана емес, олардың түрлі реңктерін де көре аласыз. Адамзаттың 50 пайызы осындай.

3. 32-ден 39-ға дейін. Түстердің барлығын ең жоғары сапада көре алатындарды, түрлі реңктерін анық көретіндерді тетрахроматтар деп атайды. Мұндай қабілет араларда да болады.

4. Егер 39-дан көп санасаңыз — қайтадан тексеріңіз. Өйткені суретте барлығы 39 жолақ бейнеленген. Және бұны монитордан көру тіпті қиын.

Тест ұнаса, сілтемесін достарыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз.

БАРЫМЫЗ ДА, БАҒЫМЫЗ ДА – ТӘУЕЛСІЗДІК

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне арнайы сұхбат берді


Дархан Қыдырәлі: Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің Президент лауазымындағы алғашқы сапарыңыз киелі Түркістаннан бас­талды. Біз де сұхбатымызды осы игі­лікті сапар жайынан бастағымыз келіп отыр…
– Иә, мен үшін бұл елеулі, маңызды сапар болды. Түркістан – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түр­кістан – сан ғасырлық адамзат шежіре­сінің куәгері және өркениет жауһары.
Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қа­былдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер.
Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруа­ғына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәс­түрге, эволюциялық даму сабақтас­тығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын.
Соның біздің заманымыздағы жарқын бір көрінісі – Елбасымыздың Түркістан облысын құрғаны. Өңірге киелі мекеннің атын бере отырып, Тұңғыш Президент та­рихи әділеттілікті қалпына келтірді, мем­лекеттің іргесін мығымдап, жалпыұлттық сәйкестік пен береке-бірлігімізді еселеп нығайтты.
Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркен­дету – осының бәрі хал­қымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады.
Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті.
Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруа бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруы­мыз өте маңызды.
Дархан Қыдырәлі: Рұқсат болса, ал­ғашқы сұрақты жалғастыра кетсем. Сіз осы сапа­рыңызда қасиетті орын­дарға тағзым етіп, жұртшылыққа өзіңіздің ең басты ұста­ным­дарыңызды да жеткіздіңіз. Сол ұстанымдарды тар­қатып айтып берсеңіз.
– Менің Түркістан облысына сапарым халқымыздың ұлық мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келді. Ұлыстың ұлы күні қар­саңын­да әлем жұрт­шылығы Қазақстандағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды.
Қазақ мемлекеттігінің негізін қа­лаушы ұлы тұлға, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз ер­кімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Бұл тағдырлы шешім жа­һандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемең­герлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты.
Ұлт көшбасшысы іс жүзінде тәуел­сіз елдегі саяси басқару мен сабақ­тастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді.
Менің де Президент ретіндегі не­гізгі ұстанымым мен өмірлік көз­қарасым осы бағыттан ауыт­қымайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды.
Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастауын алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей.
Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділет­сіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айт­қандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.
Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру.
Өздеріңіз білесіздер, біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық.
Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлықты көтер­мейді. Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ция ке­зеңінде, жоғары технологиялық, цифрлық кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын тол­тыра алмайтынымызды естен шығармайық.
Елбасының дана шешімінің арқа­сында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақ­тылығы мен ұдайы дамуы үшін жасал­ған бірегей қадам екенін ұмыт­пауымыз керек. Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді.
Нұртөре Жүсіп: Халықаралық сарап­шылар билік тізгінінің бейбіт жағдайда берілуін Орталық Азия тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат тарихи оқиға деп жазып жа­тыр. Кейбір сарапшылар келе­шек­те екіұдайылық орын ала ма деп қауіп­тенетін секілді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Нұрсұлтан Назарбаев Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиын­дыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты.
Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен, Елбасының парасаттылы­ғы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұрты­мыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекет­тердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайы­лыққа» жол бермеймін.
Дархан Қыдырәлі: Сіз күні кеше облыс әкім­дерімен өткен кеңесте әкімдерге халық­қа жақын болуды, жұртты мазалаған мәсе­леге жедел жауап қайыруды тапсыр­дыңыз. Жалпы, елді бір ғимаратқа жинап, алдын ала сұрақтар дайындатып, есеп беру деген фор­матты да өзгертетін уақыт келген жоқ па?
– Әкімдердің есеп беру форма­тының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде, халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.
Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеу­ніктерімізге жетпей жататыны – қара­пайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс.
Ал біздің шенеуніктер халықпен ка­бинетінің немесе қызметтік көлігінің тере­зесінен ғана араласқанды қош көретіндей.
Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Ха­лықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе.
Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге, кері байланыс ор­натудың пайдасы зор. Өкінішке қарай халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформа­лардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті дең­гейде тез шеше алады. Бұл аза­мат­тардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елдімекенді аралауға тиіс.
Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс. Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі.
Сондықтан мен Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап об­лысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет.
Нұртөре Жүсіп: Сіз өз қызметіңізде Елба­сының стратегиялық бағыт-бағ­дарын жал­ғастырудың маңызды екенін қадап айтып, осы тұрғыда жемқор­лықпен күрес, әділет­тілік туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл – қоғам үшін аса қажет құндылықтар. Әсіресе, бү­гінгі таңда. Ал осы құндылықтар енді мем­лекеттік саясатта қалай көрініс таппақ?
– Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылық­тар – қоғамның иммунитеті.
Алайда, әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жем­қорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұстарын жайлағаны жасырын емес.
Иә, Үкімет өз тарапынан заң аясында күресіп жатыр. Бұл аздық етеді. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықты жеңу үшін тек қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекеттер қажет. Жем­қорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек Үкіметтің ғана емес, әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс.
Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төраға­сына осы бағытта нақты тапсырмалар бердім.
Ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген әйгілі нақылы бар ғой. Ең бастысы, қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұратындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекетіміз нәтижесіз күреске айналуы мүмкін.
Жалпы, әділеттілік – қоғамды өр­кениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құн­дылық. Ол жоғалған сәтте азаматтар арасында наразылық туындайды. Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек деп санаймын. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуы тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай заң шеңберінде жазалануы шарт.
Әсіресе, жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қа­ладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз.
Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек бі­ліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет.
Дархан Қыдырәлі: Nur Otan партиясының XVIII съезінде ай­тылған «Әлеуметтік қамқорлық» жобасын жалғастыру үшін сіз бірқатар бастаманы белгіленген уақытынан бұрын орындауға тапсырма бердіңіз. Осы орайда, бюд­жет шығыстарын қайта қарап, мақсатсыз қаржы жұмсауды доғару керектігін айттыңыз. Жалпы, бюджет саясатындағы Қазақстанның басымдықтары қандай болмақ?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болған әлеуметтік бастамалар жалғаса береді. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржы қа­растырылды, тиісті шаралар легі айқындалды. Осыған дейін айтқа­нымдай, мен бірқатар бастама­лар­ды межеленген мерзімінен ертерек қолға алуға тапсырма бердім.
Бюджет саясатында алдымызға қойылған нақты мақсаттар, жос­парлар бар. Мәселен, мұнай кіріс­теріне тәуелділікті азайтуға, ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оны сақтау ісіне басымдық бе­ріледі. Бұл орайда тиісті лауа­зым­ды тұлғаларға нақты тапсыр­малар жүктедім.
Бюджет қаржысы экономика­лық жағынан маңызды әрі табыс әкелетін салаларға жұмсалуы керек. Барлық шешімдер алдын ала жан-жақты зерттеліп, эко­но­микалық прагматизм тұрғысында қабылданғаны жөн. Бұл қаражат­тың тиімді жұмсалуына әсер етеді. Бюджет тапшы кезеңде қыруар қаржының игерілмей қалуына жол берілмеуі керек.
Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі бірқатар даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына Ұлттық қор ерекше ықпал етті. Бюджетке ке­піл­дендірілген және мақсатты транс­ферттерге Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Ендігі ке­зек­те трансферттер көлемін бір­тіндеп азайтқан жөн. Қор қара­жа­тын ин­вестициялау құрылымын жақсарту саясаты сауатты жүргі­зілуі керек. Ұлттық қордың игілігін көру – болашақ ұрпақтың еншісінде.
Дархан Қыдырәлі: Әлеуметтік блокқа республикалық бюджеттің 45 пайыз үлесі жұмсалады. Бұл қаражат салыстырмалы түрде аз емес. Әлеуметтік саясатты же­тіл­діруге және оңтайландыруға қатысты көзқарасыңызды білсек деп едік. Жалпы, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты не айтасыз?
– Халықтың әлеуметтік жағ­дайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз тіпті экономикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлдік қой.
Мысалы, көпбалалы аналар­дың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табы­ла­ды. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық кө­мек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек.
Алдағы уақытта әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын білесіздер. Аз қамтылған көпбалалы отба­сыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарла­ма­сы аясында 40 мыңнан астам жал­дамалы пәтер салынады. Өңірлерге жасаған сапарымда мен облыс­тардағы баспана құрылысының жүргізілу барысын жіті қадаға­лай­тын боламын. Еңбекақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгері­лету, демографияны дамыту, өңір­лердегі инфрақұрылымдарды жақ­сарту сияқты жұмыстардың бә­рі жоспарлы түрде іске асырыла бе­реді. Бұл – бұлжымайтын жоспар.
Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан сая­саттандыруға болмайды. Шетел­дегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Ата­ме­кенге қайтару ісі ешқашан на­зар­дан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан­дастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз.
Елбасы әлеуметтік әділетті мемлекет құру бағытында орасан зор жұмыс атқарды. Биылғы Жастар жылының ашылуы және Nur Otan партиясының ХVIII съе­зінде берген бес әлеуметтік бас­тамасы мен тапсырмалары кешенді жүзеге асырылатын болады. Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызмет­керлерінің еңбек­ақы­ларын бір ай бұрын – 1 мау­сымнан бастап өсіруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады.
Азаматтарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, баспана мәселесі. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен аза­мат­тар үшін 40 мыңнан астам жал­дамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдер бұл іске биылғы мамырдан бастап кіріседі. Біз алдымен әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаймыз. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипат­тағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұл – тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы саласын­дағы, яғни жылумен және сумен қамта­масыз ету, кәріз жүйесі, сон­дай-ақ жолдар, газдандыру мә­селелері, экология және қауіп­сіздік түйт­кіл­де­рі. «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары осы міндеттерді орындауға ба­ғыт­талған. Бұл жобаларды жүзеге асы­ру үшін алдағы үш жылға трил­лионнан астам теңге қарас­тырылып отыр.
Алайда Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс. Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тар­тылуын бақылауға алуды тапсыр­дым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің эконо­микасын ынталандыруға мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеу­меттік көмектің оннан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәр­демақы төлеу, баспанамен қам­тамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау ша­ра­ларына 5,3 процентке жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қол­даныстағы бюджет теңдестіріл­меген және қайта форматтауды талап етеді. Бюджеттің толығу көз­деріне жан-жақты сараптама жүргізілмейді. Екіншіден, бюд­жеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі.
Сонымен қатар халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шы­ғындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Бюджетке қатысты көзқа­ра­сымызды түбегейлі өзгертуге тиіс­піз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек.
Масылдық пиғылға да жол бер­меуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қор­ғау – бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы.
Нұртөре Жүсіп: Жастар жы­лына байланысты Үкімет жас от­басыларды қолдау жөнінде бір­неше шара дайындап отыр. Өзіңіз былтыр Твиттер арқылы «тағы қаптаған форумдар, имидждік жобаларды ұйымдас­ты­руға жол бермейік» деп пікір біл­дірдіңіз. Жалпы, жастарды қолдау қай тұрғыда жүргенін қалайсыз?
– Тұңғыш Президент – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастар туралы пікі­рімді жоғарыда да айттым, жас ұрпақты қолдап, қорғау – бола­шақты қорғау.
Биыл «Жастар – ел тірегі» ар­наулы әлеуметтік жобасы іске қо­сылды. Заңнамаға өзгерістер енгі­зу, бюджеттен қаражат бөлу, инф­ра­­құрылымды дамыту биыл – Жастар жылында шешілуі керек.
Жастар жылы барысында жұмыспен қамту, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары жалғаса береді.
Елбасының пәрменімен дү­ниеге келген «Болашақ» бағдар­ламасы ширек ғасыр уақытта ел жастарына әлемнің үздік оқу орындарының есігін ашып берді. Мемлекет оқимын, тоқимын деп талпынған жас азаматтар үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Осы сұхбатты пайдаланып, орта білім беру саласында үштіл­ділік бағдарламасын жүзеге асы­рудың да маңызы зор екенін айтқым келеді. Ең алдымен, қазақ тілін және орыс тілін оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Біздің балаларымыз үшін мұның мәні зор. Содан кейін ағылшын тілін үйретуге болады. Осылайша, болашаққа ашық көзбен қарайтын жаңа ұрпақты тәрбиелейміз.
Жастар саясатында, жастар тәр­биесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйым­дастыруға жол бермеу керек. Сон­дықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жү­зеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқта­жын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажетті­лік­терге жауап беретін деңгейде ұйым­дастыру маңызды. Біз жас­тарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрибелеу ісін де басты назарда ұстау керек.
Дархан Қыдырәлі: Президент ауысқанда Үкіметтің де өзгеру ықтималдығы жоғары. Қазіргі Үкімет осы құрамда қала ма әлде қандай да бір кадрлық өзгерістер бола ма? Жалпы, маман таңдауда қандай қағидат ұстанасыз?
– Президент ауысқанда Үкі­меттің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жақында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыс бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съезд тап­сыр­маларын орындау, көктемгі тас­қын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусым­­дық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады.
Дархан Қыдырәлі: Ел өзінің жа­ңа басшысын тек газет, теледидар, сайт арқылы ғана емес, тікелей көрсек, білсек, сұрақ қойсақ дейді. Осы орайда облыстарға, өңірлерге қаншалықты жиі шығасыз және алда қай аймақтарға баруды жоспарлап отырсыз?
– Мен ешқашан бұқарадан алыс болған емеспін. Өздеріңізге мәлім, біраз жылдан бері Твиттер желісі арқылы ойларымды бөлісіп келемін. Сенат төрағасы қызметін атқарған кезімде де ел ішіне шы­ғатынмын. Сондықтан өңірлерге шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысу жоспарда тұр.
Нұртөре Жүсіп: Тұңғыш Прези­дентіміздің «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымы өзгермейді дейсіз ғой?
– Дәл солай. Нұрсұлтан На­зар­баев – әлемдік тарихқа аса көр­некті реформатор ретінде енді. Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз – Елбасының жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Сондықтан шетелдік сарапшылар бұл рефор­маларды «Қазақстан жолы» не­месе «Дамудың қазақстандық үлгісі» деп атайды. Қазір біздің еліміз – Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір жетекші мемлекет. Даму жағы­нан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қата­рындамыз.
Ұдайы экономикалық өсім болмаса, осы дәрежеге жетуіміз екіталай еді. Инвестиция, экспорт және индустрияландыру – эконо­микалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қол жет­кізудің шешуші факторлары. Қа­зіргі заманның қарқыны өте жыл­дам. Мемлекет пен бизнестің, сон­дай-ақ орталық пен өңірлердің жұ­мыстарын үйлесімді түрде жүр­гізуіміз керек. Бүгінде Қазақстан шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы ахуал орнықтырды. Инвес­тиция өз-өзінен келе сал­майды. Біз, бірінші кезекте, әлеуетті инвесторларға жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, шетел инвесторларына жер телімдерін бөлу, олардың инженерлік және электр желілеріне қосылуы, түрлі рұқсаттар алуына қатысты айтар­лықтай тосқауылдар бар. Мәселені жедел шешудің орнына бюро­кратияға жол беріліп отыр. Соның салдарынан бірқатар облыста әкімшілік кедергілер мен жасанды шектеулер іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен әлеуетті инвестордың салы суға кетіп, ол басқа елді таң­дауға мәжбүр болады. Бұл жағдай тек шетелдік қана емес, отандық инвесторларға да қатысты. Үкі­метке және әкімдерге осы проб­леманы жедел шешу мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма бердім. Инвестиция салуға кедергі келтіретін кез келген тиісті лауа­зымды тұлғаның жеке жауапкер­шілігі қаралуы қажет. Биыл Тіке­лей инвестициялар қоры құрылды. Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көле­мінде қаржы бөлінді. Қор жұмысын тиімді жүргізетін болса, осы жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Елімізге тартылған инвести­циялар мен шикізаттық емес экспорттың көлемі министрлер мен әкімдердің қызметін бағалау ісінде шешуші көрсеткіш болады.
Нұртөре Жүсіп: Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері әлемдік деңгейде көпвекторлы саясат жүргізді. Өзіңіз екі рет Сыртқы істер министрі ретінде осы саясатты жүзеге асырдыңыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы ахуал күрделі. Алдағы уақытта еліміздің сыртқы саясатында қандай бағыт ұстанбақсыз?
– Көпвекторлы саясат – Қазақстанның географиялық орналасуынан, геоэкономи­ка­сы­нан туындайды. Бұл – ұзақмерзімді стратегиялық бағыт. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы осы жолды ұстанды. Бұл стратегияның нәтижесінде мемлекетаралық қақ­тығыстардан, аймақтық теке­ті­рестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде елі­міздің сыртқы саясатының ба­сымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платфор­масы деп айтуға толық негіз бар.
Қазақстан өзінің сыртқы сая­сатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақтастыққа баса мән береді. Оған қоса, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында біршама интеграциялық үдерістерге баста­машы болды. Бұл бағытта дәстүр сабақтастығы сақталады, саяса­тымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қа­зақ­стан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді.
Дархан Қыдырәлі: Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Бас хатшысы бол­ған Пан Ги Мун кезінде сіз туралы «Бұл қызметте ұзақ отырмай, еліңізге аса жауапты қызметке оралатыныңыз белгілі» деп жазған екен. Әлемдік деңгейдегі саясат­кердің бұл болжамын көріпкелдік деуге бола ма?
– БҰҰ-ның Женевадағы кең­сесін басқару – менің диплома­тиялық жұмыс тәжірибемдегі елеулі сәттердің бірі. Бұл – әлемдік проблемалар көтерілетін әрі шешімін табатын БҰҰ маңызды өкілдігі. Әрине, сол кездегі Бас хатшы Пан Ги Мунмен бірге жұмыс істеп, онымен тұрақты байланыста болу құрметіне ие болдым. Ол кі­сінің бұл сөзі тек маған ғана емес, бүкіл Қазақстан диплома­тиясына берілген жоғары баға деп есеп­теймін. Себебі, бұл саладағы ма­ман­дарымыздың бәрі – әлемдік деңгейдегі кәсіби дипломаттар. Был­тыр еліміздің БҰҰ-ның Қа­уіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шелігіне сайлануы және әлемнің жүз­ден аса елдерімен бейбіт бай­ла­ныс орнатуы осының айқын дәлелі.
Дархан Қыдырәлі: Сіз қашанда қазақ руханияты мен ұлт мәде­ние­тіне жанашырлық танытып жү­ресіз. Қоғамда қазақ тілін дамы­туға ерекше мән беріп келесіз. Ел­басы 2020 жылға қарай елдегі бар­лық мектеп оқушыларының 90 па­йызы мемлекеттік тілді меңгереді деп айтқан еді. Жалпы, мемле­кет­тік тілді дамыту үшін қандай ша­ралар атқарылу керек деп ойлайсыз? Қазақ тілінің дамуына көңіліңіз тола ма?
– Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі.
Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байла­ныс­тыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдір­шіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.
Біз мемлекеттік тілдің мәрте­бесін көтеру бағытындағы жұ­мыс­тарды үздіксіз жалғастыра береміз.
Нұртөре Жүсіп: Латын гра­фикасына көшу жөнінде бірқатар шаралар атқарылды, емле-ереже қабылданды. Ендігі қадам қалай болмақ?
– Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр.
Көрші мемлекеттердің көп­шілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 па­йызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғы­рудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Осыған орай, Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы жарлығы шықты. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құ­рылымдар бар. «Егемен Қазақ­стан» газетінің де бір беті осы әліп­бимен жарық көріп жатыр ғой.
Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану бары­сын­дағы артықшылықтар мен олқы­лықтар ескеріледі.
Нұртөре Жүсіп: Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-қалыбын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кердең мінезге нені жатқызар едіңіз?
– Даңғазалық, ысырапшыл­дық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет. Осы туралы бұрынырақта, әлеу­мет­тік желіде пікірімді де жаздым.
Ұлы Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – за­лымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүние­ден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды» дейді. Бізге надан­дықтан құтылу қажет.
Тәуелсіздік жылдарында мем­лекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастары­мыздың тұтас бір буыны қалып­тасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ой­шыл, қанағатшыл, рақымшыл бол­са – онда біздің еліміздің бо­лашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!
– Уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқандар
Н.Жүсіп,
Д.Қыдырәлі

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.



Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды.  Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып  келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.



Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.



Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.



Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.



Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.



Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.



Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.



Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.



Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.



Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.



Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.



 



І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ



Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.



 



1. Атқа міну мәдениеті



Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.



Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.



Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.



Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.



Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.



Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.



Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.



Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.



Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.



Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.



Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.



Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.



Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.



Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.  



 



2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия



Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.



Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.



 



3. Аң стилі



Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.



Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.



Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.



Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.



Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.



 



4. Алтын адам



Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».



Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.



Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.



 



5. Түркі әлемінің бесігі



Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.



Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.



Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.



 



6. Ұлы Жібек жолы



Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.



Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.



Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.



Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.



 



7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны



Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.



Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.



Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.



***



ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ



Көтерілген мәселелер жан-жақты  ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.



Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.  



 



1. Архив – 2025



Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.



Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. 



Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.



Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.



Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.



 



2. Ұлы даланың ұлы есімдері



Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.



Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  



Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.



Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.



Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.



Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.



Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.



Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.



 



3. Түркі әлемінің генезисі



Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.



Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатынТүркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.  



Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.



Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.



 



4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі



«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.



Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.



Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.



Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.



 



5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы



Бұл жоба  аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.



Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.



Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.



Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.



Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.



Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. 



Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет. 



 



6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі



Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. 



Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.



Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.  



Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.



Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. 



Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.



Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.



 



ҚОРЫТЫНДЫ



Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.



Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.



«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.



Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.



Астананың 20 жылдығына арналған интеллектуалдық сайыс өтті

Астана қаласының 20 жылдығына арналған интеллектуалдар сайысын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана Интеллектуалдар Клубы бірлесіп өткізді.

18 команда, 72 адам қатысқан сайыстың басты тақырыбы Астана қаласының 20 жылдығы болды. Қатысушыларға Астана тарихы және қазіргі кезіне байланысты 20 сұрақ қойылды. Сайысқа мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, студенттер, блогерлер және түрлі сала өкілдері қатысты. Тартысты өткен сайыс соңында үздік 3 команда мүшелеріне бағалы сыйлықтар берілді.

Шараны ашқан Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп «Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру, ұлттық құндылықтарды нығайту бағытында бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Бүгінгі шара да осының айғағы. Осы сайыс көпшілік арасында кеңінен танылып, сұраныс артып жатса алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар» деді.

«Мұндай сайыстарды 2 жылдан бері өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз – Астана қаласында интеллектуал орта қалыптастыру, жастардың логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру және тілдің дамуына үлес қосу. Астана тақырыбына арналған ойынға қатысушылардың дені жастар болғанына қуаныштымыз», деді интеллектуалдық сайыс ұйымдастырушысы Аршат Оразов.

Астана қаласында интеллектуалдық жарыстарды тұрақты өткізу алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Жарысқа қатысушылар ауқымын кеңейту де негізгі жоспарлар қатарында. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.


«Елорда Жастары Премиясы» байқауы басталды

Өтініштерді қабылдау 1 қарашаға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Астана әкімдігінде «Елорда Жастар Премиясы» байқауының басталуына арналған брифинг болып өтті. Аталған жастар байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өтеді.


Шараның мақсаты – талантты жастарды мемлекеттік деңгейде ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметте қолдау және жастар ҮЕҰ арасында бірлесіп әрекет жасау, табысты жас қазақстандықтар идеалын қалыптастыру. 


Премияға астана тұрғыны, Қазақстан Республикасының 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтары таласа алады. Бұдан басқа, кандидаттың түрлі салада көрнекті жетістіктері болуы керек.


Биыл жалпы номинация саны 20-ға дейін ұлғайтылды. Оның арасында: ғылым, заманауи шығармашылық, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, театр, кинофестиваль, эстрада, ҮЕҰ (жастар саясаты саласындағы).


Сонымен қатар әлеуметтік және өнер саласындағы жұмысшы, үздік өнеркәсіп жұмысшысы, жыл студенті, жыл волонтері, үздік мемлекеттік қызметкер, өнерге қосқан үлесі үшін жыл жаңалығы, жас кәсіпкер, үздік SMM-менеджер иегерлері анықталатын болады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау заманауи Қазақстанның бейнесін ары қарай қалыптастыратын жас қазақстандықтарды көруге көмектеседі.


«Жастар байқауының негізгі мақсаты – өз саласындағы үздіктерді анықтау. Өткен жылы «Жыл студентіне» ең талантты студенттер бақ таласқандықтан, жеңімпазды анықтау қиынға түсті, сол себепті біз осы жылы қоғамдық онлайн дауыс беруді қостық.  Яғни кандидаттарды іріктегеннен соң біз онлайн-дауыс беруді жариялаймыз, онда кез келген адам қатысушыға дауыс бере алады», — деді «Астана жастары» КММ басшысы Үкібай Нұрпейісов.


Баспасөз конференциясында «Елорда Жастары Премиясы» байқауын ұйымдастырушылар «Астана дарыны – 2017» конкурсының былтырғы жеңімпаздарымен бірлесіп жұмыс жасап жатқаны туралы айтты.


«Бұл туралы жобаны мен біздің «Арман/Когда ангелы спят» фильмі шыққаннан кейін білдім. Маған осы конкурсқа қатысу үшін құжаттар өткізуімді ұсынды. Осы байқаудан кейін ерекше шабыт алдым. Мені түрлі жерлерге шақыра бастады. Қазір тележүргізуші болып істеймін. Меніңше бұл да жетістік. Жастарымызға үндеу жолдағым келеді. Ұялмаңыздар! Тек қана алға басыңыздар!», — деді «Астана Дарыны – 2017» байқауының «Кино» номинациясының жеңімпазы Жұлдыз Абдукаримова. 


Жеңімпаздарға сертификаттар мен бағалы сыйлықтарды қазақстандық эстрада жұлдыздары табыс етеді.


Айта кетейік, толығырақ ақпаратпен танысып және қатысуға тілек білдіргендер үшін www.elordapremiasy.kz сайтына кіріп өтініш жолдай алады. 


Қарағандыда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау курсы өтті

2018 жылдың 5 қазанында Қарағанды қаласында (Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында) «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» гранты аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының әр түрлі деңгейдегі мүшелерін оқыту курсы аяқталды.
Курсқа Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының ақпараттық-түсіндіру топтарының 100 мүшесі қатысты. Сертификаттар мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» деген арнайы куәлігін Қоғамдық келісім комитетінің басқарма басшысы М.Қарабаева табыстады. Барлығы 37 курс тыңдаушысы куәлік иегерлері атанды.
Арнайы куәлікті иелену талаптары:
өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында 1 жылдан 3 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесінің болуы;
жергілікті құзырлы мемлекеттік органның ұсынысы;
аттестациялық тестілеудің қорытындысы;
курс барысында тәжірибелік жұмыстарын тыңдармандар мен сарапшылардың бағалауы;
Келесі аймақтық курс 2018 жылдың 22-26 қазан аралығында Орал қаласында өткізілуі жоспарланған. Бұл курсқа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шақырылады.

Ұстаздар күнінде ұстаздарды ұлықтаған жолдау

5 қазандағы Жолдауға ең көп қуанған ұстаздар болар? Желіде қолданушылар бұл туралы не айтқанын қарайық.

Есен Елеукен:
Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауын тыңдадық. Жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Жиын осынысымен де ерекше болды. Жолдаудағы нақты тапсырмалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны қуантты. Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы Заң қабылданады. Демек енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Олар «қолбала» тірліктен құтылып тек бар күш-жігерлерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сондай ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған пікір де өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» деді. Бұйырса енді «Ауыл — ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл біз үшін аса қуантарлық жаңалық.

Ақберен Елгезек:
Биылғы Жолдау абстрактілі дүниелерге емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны көңілге сенім ұялатты. Ең ұнағаны «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау жөніндегі бастама, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі ұсынысы, полиция мен сот қызметін жетілдіру, адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік қызмет көрсету ісін дамыту туралы нақты тапсырмалар бергені қуантты.

Бақытжан Тұрсынов:
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауын тыңдадым. Президент Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді ары қарай дамытып, оларды тың толықтыруды көздейтіндігін білдірді. Білім беру саласының қызметкері ретінде Ұлт көшбасшысының жастарға деген көзқарасы ұнады. Бүгінгі күні жастардың арасында диплом үшін оқып, қоғамға ешқандай пайдасын тигізбей жүргендер бар. Бұл өте өзекті проблема деп есептеймін. Елбасы халықаралық дәрежедегі түрлі әдістемелерді қолданып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім бағдарламасын орта мектептерге енгізуді ұсынды. Осы мектептің мұғалімі ретінде қазір біз балаларға озық үлгілі әдістемелер арқылы білім беріп жатқанымызды айта аламын. Әлемге әйгілі Оксфорд, Кембридж сынды университеттермен әріптестік жасаймыз. Ұстаздардың статусын көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Мұғалім – тек білім бері үрдісіне қатысы жоқ жұымстарға тартылмауы тиіс. Осы сала мамандарының жалақысының көтерілетіндігі мені де, барлық ұстаздар қауымын да қуантқаны белгілі.

Аршат Оразов:
Бұл жолдауға ең көп ұстаздар қуанған болар? Елбасы айтпаса бұрынғыдай қағазбастылықтан құтылмай, үгіт-насихат сияқты басқа істерден босамас еді. Енді тек негізгі жұмыстары білім берумен айналыспақ. Сондай-ақ мемлекеттік мектептерде жеке мектептердегі әдістемелер мен стандарттар қолданылатыны қуантты. Білім саласында реформалардың болмауы оқытушыларға да, оқушыларға да жақсы болмақ.

«Астанаға тарту» жас ақындар мүшәйрасы жарияланды

Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мен елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана — жастар жүрегінде», «Астана — жиырмадағы жас қала» және «Еркін тақырыпта» жас ақындар мүшәйрасын жариялайды.


Мүшәйраға 16-28 жас аралығындағы барлық жас ақындар қатыса алады. Жеңімпаз ақындарға бағалы сыйлықтар қарастырылған:  1 орын — 1 адам — 300 000 теңге, 2 орын — 2 адам — 200 000 теңге, 3 орын — 3 адам — 100 000 теңге, «Ең үздік 4 жас ақындар»  50 000 теңге.


Ең үздік 30 ақынның өлеңдері жинақталып кітап ретінде шығарылады және жоба соңында қорытынды марапаттау концерті өтеді.


Мүшәйраға қатысуға өтінімдер мен өлеңдерді 2018 жылдың 14 қазанына дейінгі аралықта http://jasaqyn.kz сайтына тіркеліп, (jasaqyn.kz@mail.ru) және (jasaqyn.kz@gmail.com)  электрондық пошталарының біріне өлеңдерді жіберу қажет.


Қосымша ақпаратты (Instagram (@jasagyn.kz) және (Facebook (jasagyn.kz), (VK (jasagynkz), парақшаларынан алуға болады.


«Жүз жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өтініш қабылдау басталды

«Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау.

Қызмет саласы бойынша ұйымдар тобының кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық бастамаларды насихаттау мақсатында, жобаның жаңа үміткерлерін таңдау институционал әдістермен жүргізіледі.

Әр қоғамдық ұйым, бірлестік ерекше тарихы мен кәсіби жетістіктері бар үміткерлерін ұсына алады. Сонымен бірге, үміткерлер өзін ұсынуға мүмкіндігі бар.
Үміткерлерді таңдау критерилері:

  • үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);
  • қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;
  • үлгі алуға лайық, жастарды патриоттық және туған жерге адалдық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;
  • Қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесінің болуы.
  • Қазіргі Қазақстанның, оның табыстары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға;



Өтініш беру үшін мына жерді басыңыз