Жарияланымдар

Шымкент - қайырымды қала

  • Shymkent
"Ғасырлар бойы тіршілігі үзілмеген, заңғары биік, аңғары көркем ғажайып асқар Алатау сілемдерінің күнгейіндегі Шымкент қаласының тарихын танытып, өзіндік бет-бейнесі мен болмысын байқататын уақыт жетті."
— Ерлан Айтаханов (Шымкент қаласының әкімі)

Елорда жастары Президент Жолдауын талқылады

Елордалық Достық үйінде «Заманауи жастар: келешек және сын-тегеуріндер» тақырыбында жастар пікір таластырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараға Қазақстан Ассамблеясының Нұр-Сұлтан қалалық хатшылығы, этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жаңғыру жолы» РЖҚ штабының төрайымы Анастасия Тимощенко-Боровикова Жолдаудағы жастарға тікелей қатысы бар міндеттерге тоқталып өтті.

«ҚР Президентінің Жолдауында айтылған ел жастарының алдында тұрған мәселелер мен міндеттерді нақты айқындау үшін біз этномәдени бірлестіктердегі жастар арасында сауалнама жүргізіп, терең талдауды қажет ететін өзекті мәселелерді анықтадық. Оларды «ҚР Президенті Жолдауы аясында жастарға берілетін мүмкіндіктер», «Шағын және орта бизнес: қиындықтар мен даму мүмкіндіктері», «Мемлекеттік тіл – заманауи мемлекеттің бірлігінің негізі», «Президенттік кадрлық резерв – ел жастары үшін тиімді әлеуметтік лифт» деп топтастырып қарауға болады»,-дейді ол.
Жастар Мемлекет басшысы Жолдауында аталған жастар үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, оларға Мемлекеттік басқару академиясына түсу емтихандары туралы толық ақпарат берілді.
Пікірталасқа арнайы қонақ ретінде Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше рет еніп, қазақ палуандарының дәстүрін жалғап жүрген Сергей Цырульников те келді. Оның айтуынша, Президент Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін қажетті міндеттер мен шаралардың бәрі қамтылған.
Өзінің табысқа жету жолы туралы әңгімелеген палуан, жастарға еш қиындыққа мойымай, тек алға жылжу керектігін айтты.
Пікірталас спикері Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бекнұр Молдатай, беларусьтық «Радима» қоғамдық ұйымы жастар қанатының мүшесі Светлана Тарасова, «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Закир Бикмухаметов болды.

«Astana Marathon-2019» кезінде елордада бірқатар көше уақытша жабылады

8 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Astana Marathon-2019» халықаралық марафоны өтеді.
Марафонның өтуіне байланысты қаланың бірқатар көшелерде қатынауға шектеу қойылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Марафон таңертең сағат 08.00-ден 14.00-ге дейін өтеді.
Осы аралықта кейбір көшелер толықтай, ал кейбірі жартылай жабылады. Жарыс екі қашықтықтан – 10 және 42,2 шақырымнан тұрады. 10 шақырымдық бағдар Рысқұлов көшесі – Қабанбай батыр даңғылы – Орынбор көшесі – Мәңгілік ел – Рысқұлов көшелері арқылы ұйымдастырылады. 42,2 шақырым қашықтықтағы бағдар келесі көшелер мен даңғылдар арқылы болады: Рысқұлов– Қабанбай батыр — Орынбор – Мәңгілік ел – Қалдаяқов — Панфилов – Тәуелсіздік – Нәжімеденов – Сарыкөл – Байтұрсынов –Қошқарбаев – Жұмабаев — Момышұлы – Абылай хан –Жұмабаев – Қошқарбаев – Мәңгілік ел – Қонаев – кіші Қабанбай батыр – Достық – Мәңгілік ел – Рыскұлов.
Осыған орай Рысқұлов көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы толық жабылады.
Қалған көшелерде жартылай шектеу енгізіледі.
Бұған қоса №№ 21, 29, 35, 47, 50, 51, 60, 100, 101, 107 10 автобус бағдарының қозғалысы уақытша тоқтатылады. Тағы 56 бағдардың қозғалысы өзгереді. Олар №№ 2, 3, 4, 5, 5А, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 18, 19, 20, 22, 22А, 23, 24, 25, 28, 31, 32, 33, 37, 40, 41, 44, 46, 48, 52, 53, 54, 56, 61, 70, 71, 72, 73, 80, 102, 104, 105, 302, 303, 304, 308, 309, 313, 314, 315, 316, 318, 320, 321.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық көлікте қатынау уақыты мен бағдарын уақытша шектеу енгізілген және жабылған көшелерді айналып өтетіндей етіп алдын-ала жоспарлап алуларын сұраймыз.

Түркияда демалу туралы 8 нәрсе

Түркия — жазғы демалыс үшін идеал жер. Әсіресе Жерорта теңізіндегі курорттары отбасылық демалыс үшін баға және сапа жағынан қолайлы.

Демалысқа шықпастан бұрын кей нәрселерге алдын ала дайындалып, ақпараттанған жөн.

Қалай барамыз?
Ең алдымен туристік агенттікті дұрыс таңдау қажет. Тур операторымен, чартерлермен, қонақүйдегі орынмен мәселелер туындамауы үшін күмәнді агенттерден гөрі сәл қымбат болса да, үлкен офисі, бірнеше филиалы бар ірі фирманы таңдаған жөн. Олардың тур қызметіне ұшақ билеті, отельге дейін және кейінгі трансфер, медициналық сақтандыру, отельдегі демалыс (түнеу, тамақ, басқа да тегін қызметтер) кіреді.
Егер өзім барамын десеңіз, арзан ұшақ іздейсіз, әуежайдан таксиге мінесіз, қонақүйлерден бос орын іздейсіз. Бәрібір шығын болады.

Қалай таңдаймыз?
Алдымен баратын адам санына қарап бюджетіңізді нақтылаңыз. Сол ақшаға қарай туристік агенттіктің сайтынан өз бетіңізбен іздеп көріңіз немесе офистеріне барып, бірге қараңыз. Егер балалармен баратын болсаңыз отельдің 1-линияда болғаны дұрыс. Ол теңіз жағасында деген сөз. Егер жолдың арғы бетіндегі отельді таңдасаңыз, бағасы арзан боулы мүмкін, бірақ теңізге тунель немесе басқа жол арқылы барасыз. Ал 1-линиядағылар бірден теңізге шығады және пляжға жақын отель барынан сусын, ішімдік ала алады.
Түркияда тамақ қымбат. Сондықтан AI (All Inclusive) алған дұрыс. Бұған 24 сағат ішімдік-сусын және 5 мезгіл тамақ кіреді.
Күндіз күн ыстық болатын болғандықтан, теңізге түспей адамдар көбіне бассейн маңын паналайды. Сондықтан егер отель 1-линияда болмаса, бассейні болуын қараңыз.

Не апару керек?
Демалысқа аса ауыр сөмкемен шықпаған дұрыс. Сондықтан фен, шампунь, сабын, сүлгі сияқты заттарды алмасаңыз да болады. оның бәрі онсыз да бар. Күннен қорғану кремін алу керек. Суға түсетін киімдерді де ала шыққан дұрыс. Түркияда бұның бәрі қымбат. Темекі шегетін болсаңыз, 1 блок ала кеткен дұрыс. Темекі де қымбат екенін айта кеткен жөн. Гигиеналық құралдар, презерватив, балалардың жөргектерін де алған дұрыс.

Тіл білу керек пе?
Түркияда туризм саласында қызмет ететіндердің көпшілігі ағылшын тілін біледі және орыс тілін де үйреніп болған. Сондықтан еш жерде қиналмайсыз. Ал күнделікті жиі қолданатын сөздерді алдын ала үйреніп алсаңыз, жергілікті халық бұны бағалайды, құрметпен қарайтын болады ;)

Теңізден бөлек не бар?
1 аптаға келетін болсаңыз, күні бойы отельде жатып алмайтын боларсыз? Экшн керек болса су спорт түрлері бар. Мысалы гидроцикл, су парашюті, дайвинг, рафтинг сияқты. Одан бөлек яхта турларына шығуға болады. Тауға-тасқа, өзен-көлге, балық аулауға, пикникке, тарихи орындарға экскурсияларға шығуға болады. Шоппинг жасау үшін кешкі астан кейін күн батқанда шығасыз. Нағыз сауда кешке басталады. Көшеде түрлі экскурсия да сатып алуыңызға болады. Ертеңіне өздері келіп алып кетеді, әкеліп тастайды.

Не ішеміз, не жейміз?
Отельде бәрі тегін, бірақ бәрі сапалы емес әлбетте. Тегін болғандықтан көп нәрсенің арзанын алады. Бірақ мақсат тамақ жеу емес, демалу екенін ескерсек бұл кемшілікке көз жұмуға болады. Күн ыстықта түрік сырасы жақсы, кешкі уақытта түрік ракысының дәмін көріңіз. Шәйдің түрі көп болғанымен, нағыз қара түрік шәйімен түрік тәттілері жақсы кетеді. Лахмаджун, пиде, гөзлеме сияқты ұлттық тағамдарын түрік айранымен жеген дұрыс. Жалпы жергілікті сусындарды рекомендеймін. Бірден айта кетейін: виски мен шараптары нашар. Көшеден міндетті түрде апельсин шырынын ішіңіз. 1 долларға 3 апельсиннен 1 стакан сок шығарып береді.

Естелікке не аламыз?
Соңғы жылдары Түркиядағы экономикалық кризис және салықтардың өсуіне байланысты көп нәрсе қымбат. Киім-кешек қымбат және сапасыз. Сондықтан естелікке сувенир магниттер, көз-моншақтар, әмияндар алуға болады. Достарыңызға сыйлыққа рахат-лукум тәттілерін алсаңыз болады. Олар өте дәмді және арзан. Тері немесе басқа киім алу үшін Истанбулға барған дұрыс. Антальяда бірнеше есе қымбат.

Қанша кетеді?
Егер «ыстық тур» күтпей, алдын ала жоспарлайтын болсаңыз, адам басына 250-350 мың теңге болады жақсы демалыс құны. Бұған әлбетте бәрі кіреді. Одан бөлек қыдыруға, сувенирлерге 100 мыңдай қиясыз. Бірақ әрине 1 жылдық энергия алуыңызға жетеді мұндай демалыс. Сондықтан шама шарқыңызша бюджетіңізді есептейсіз.


№ 9 қалалық емханада МӘМС енгізу мәселелері бойынша баспасөз туры өтті

БАҚ өкілдеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты медициналық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдер туралы айтылды.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесін әзірледі. Осы жүйенің бірінші деңгейі ҚР барлық азаматтары, оралмандар мен тұрақты жасайтын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен ТМККК беруді қамтамасыз етеді.
Бұл пакет тіркелген жердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек, жедел жәрдем, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі сияқты тегін медициналық көмектің түрлерін қамтиды.
Екінші деңгей — сақтандырылған халыққа арналған ТМККК-ден тыс қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін және консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек пен аурулардың кең спектрі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңалтуды және қалпына келтіру емін қамтитын МӘМС пакеті.
Үшінші деңгей — бұл ТМККК және МӘМС пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен беріледі.
Емханада атап өткендей, МӘМС енгізу аясында бірқатар қызметтердің қолжетімділігі кеңейтіледі. Олардың арасында қымбат диагностикалық және стоматологиялық қызметтер бар. Олар бойынша қаржыландыру тиісінше 3 және 2,3 есе өседі.
МӘМС енгізу мәселелері бойынша емхана қызметкерлері халық арасында белсенді ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, емханада автоматтандыру, жабдықтау және цифрландыру мәселелері шешілді. «Астана — адалдық алаңы» жобасы аясында емхана смарт-қосымша немесе бірыңғай Сall-орталық — 109 арқылы дәрігерлерді қабылдауға алдын ала жазылу арқылы «кезексіз» жұмыс режиміне көшті. Осылайша адам факторы азайтылып, күнделікті кертартпалыққа негізделген міндеттер автоматтандырылды.
Емхана немесе тікелей дәрігер туралы тілектер мен пікірлерді Smart Аstana мобильдік қосымшасы арқылы қалдыруға болады.

#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына 1200 адам қатысты

Қоянды су қоймасын қоқыстан тазартуды мақсат еткен «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.

Акцияға 1200 адам қатысып, Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды су қоймасын тазалады. Жалпы көпшілікпен бірге қоқыс жинауға Үкімет мүшелері, елорда мен Ақмола облысының әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, дипломатиялық корпус, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, студенттер мен волонтерлер атсалысты.



#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына атсалысқан Премьер-Министр Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қолғабыс жасады. Үкімет басшысы барлық облыс басшыларын министр Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды.

«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», — деді Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа бастама көтеріп, елорда маңындағы демалыс орындарын бірге тазалауға шақырған болатын.

Түркітілдес мемлекет жастары Жайдарманда бас қосты

Жайдарман – қазақ елінің ғана емес, әлемнің түркі тілдес мемлекет жастарының басын қосатын жоба. Осы мақсатты негізге алып, “Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы” ММ мен “Қазақстан КВН Одағы” республикалық жастар қоғамдық бірлестігі фестиваль ұйымдастырды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, көршілес мемлекеттің жайдарманшыларын қонақ ететін бұл жобаға қатысушылар саны да артып келеді.

Үш күнге созылған халықаралық жайдарман фестивалі арнайы бағдарламалық жоспар негізінде жүзеге асты. Фестивалдің алғашқы күні шет елдің жастары мен қазақстандық топтарды табыстыру мақсатында ашылу салтанаты өтті. Жастар сарайының төрінде белгілі жайдарманшылардың жүргізуімен концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ, фестивалдің екінші күні шетелдік қатысушылар үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Қала ішінде орналасқан зәулім ғимараттар мен мұражайларды, «Бәйтерек» пен «ЭКСПО» кешендерін және театрларды аралатты. Шара барысында қонақтарға қазақ елінің тарихы баяндалып, салт-дәстүрлері жайлы мәліметтер айтылды.

Фестивалдің үшінші күні қатысушы түркі тілдес мемлекеттерден келген командалар мен қазақстандық топтар арасында жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен додаға барлығы 10 команда қатысты. Оның 6 шетелдік, 4 қазақстандық топ. Олар:
1. «Қазақстан халқы ассамблеясының құрамасы» Нұр-Сұлтан қаласы
2. «Моңғолия елінен Баян өлке құрамасы»
3. «Біз қазақпыз» Екібастұз қаласы
4. «Қарақалпақстан құрамасы» Өзбекстан Республикасы, Нөкіс қаласы
5. «Башқұртстан құрамасы» РФ Уфа қаласы
6. «Ноғай құрамасы — Алтын орда» РФ Ноғай ауданы
7. Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті «Бүгін.kz» Шымкент қаласы
8. «Татарстан құрамасы» РФ Қазан қаласы
9. «Миллион» — «Нұр-Үміт» өнер орталығы Шымкент қаласы
10. «Позитифф» Қырғызстан Республикасы Бішкек

Өнер көрсеткен командаларға қазылар тиісті ұпай сандарын үлестіріп, жеңімпаздарды анықтады. Сайыс нәтижесі:
150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болған III орын иегерлері:
— «Моңғолия елінен Баян өлке құрамасы»
— «Қарақалпақстан құрамасы» Өзбекстан Республикасы, Нөкіс қаласы
— «Башқұртстан құрамасы» РФ Уфа қаласы
300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болған II орын иегерлері:
— «Позитифф» Қырғызстан Республикасы Бішкек
— «Бүгін.kz» Шымкент қаласы
1 миллион мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болған I орын иегерлері:
— «Ноғай құрамасы — Алтын орда» РФ Ноғай ауданы
«Үздік ойыншы» аталымына «Татарстан құрамасының» ойыншысы – Наиль Салаxов лайық деп танылды.