Ішкі істер министрлігі «банда полицейлер» жайлы видео таратқан Қарағандыдағы ІІМ академиясының өкілін қызметтен босатты. Ал әлеуметтік желіде полицейлердің жұмысына қатысты талқылаулар көбейді. Азаттық тілшілері Астана тұрғындарынан «Полицияға көңіліңіз тола ма? Нені өзгерту керек?» деп сұрап көрді.
Қытай Айдың арғы бетіне ғарыш аппаратының сәтті қонғанын хабарлады. Бұған дейін бірде-бір аппарат ол жаққа қонып көрмеген. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, 3 қаңтарда «Чанъэ-4» роботы Астана уақытымен таңертеңгі сағат 8:30-да Айдың арғы бетіндегі Эйткен — Оңтүстік Полюс бассейніне қонған. Алғашқы суретін де түсіріп, жіберіп үлгерген. Аппарат Айда геологиялық зерттеулермен қатар биологиялық тәжірибелер де жасайды. Қытай 2013 жылы да Айға «Чанъе-3» аппаратын жіберген. Алайда, техникалық қиындықтарға байланысты бір айдан соң істен шыққан. АҚШ, Үндістан, Жапония және Ресей де таяу жылдары Айды зерттейтін ғарыш аппараттарын ұшыруды жоспарлап отыр. АҚШ 1969-1972 жылдары Айға 12 аппарат қондырған. Зерттеу аппараттары Айдың қараңғы жағын суретке түсіргенімен, олардың бірде-бірі арғы бетіне қонбаған.