Түркияның экономика министрі Нихат Зейбекджи еліміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Ақтау теңіз портын жаңарту жобасына қызығушылық білдірді. Бұған дейін Түркия Қазақстанға 1,8 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция құйған еді. Ал біздің елдің қаржылай салымы 970 млн долларға жетіпті. Бұл туралы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында өткен экономика министрлерінің бесінші кездесуінде мәлім болды. Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі: — Түркі кеңесі инвестициялар, кәсіпкерлік, көлік пен туризм сияқты экономиканың әр салаларында табысты еңбек етеді. Елдер арасындағы тұрақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін басты тұғырнама болып отыр. Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі 2009 жылдың 3 қазанында Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Ол құрамына енген. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан Республикасы және Түркия сынды тілі мен мәдениеті ұқсас елдер үшін тиімді экономикалық әріптестікті нығайтатын платформаға айналып отыр.
Бүгін Астана қаласы әкімдігінің кезекті аппарат жиналысында қала өміріндегі бірқатар маңызды мәселе қарастырылды. Атап айтқанда, «Тұлпар» сауда орталығындағы жалға берілетін орындардың ай сайынғы төлемінің қымбаттауы талқыланды. Жақында аталған сауда орталығының жалға алушылары басшылықтың ай сайынғы төленетін төлемақының доллар курсының өсуіне байланысты көбейтіп отыратынын айтып, өз наразылықтарын білдірген болатын. Атап өту керек, мұндай жағдай қаланың басқа сауда орталықтарында да болған. Елорда әкімі жалға алушыларға ниеттестік білдірді. «Долларға мүдделі болудың бұған қандай қатысы бар? Жалға берілетін орындардың төлемақысына доллар курсы қалайша әсер етеді? Жалға алушылар саудадан түскен ақшаны тек қана теңгемен алады, ал төлемақыны доллармен төлеуге міндетті. Осының барлығы баға саясатының тұрақсыздығына әкеліп соғады», — деді Ә.Жақсыбеков және арнайы жұмыс тобына осы мәселенің шешімін тауып, қажетті түсіндірме жұмыстарын өткізуді тапсырды. Елорда басшысы қаланың жол жиектеріндегі ақылы тұрақтардың жеткілікті болуын ұйымдастыруды тапсырды, бұл өз кезегінде қаладағы жол қозғалысы трафигіне оң әсерін тигізуі қажет. Бұл үшін шетелдіктердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерттеп, ішкі аумақтар, мектеп айналасы, ЖОО және басқа да әлеуметтік нысандар трафигіне көңіл бөлу шарт. Шағын және орта бизнес дамуының көптеген мәселесі, сонымен қатар автотұрақтардың құрылысы әлі толықтай бір ретке қойылмаған жер телімдерін аукционға шығару механизміне келіп тіреледі. Ә.Жақсыбеков ағымдағы ережелерге тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды, оларды жеңілдірек, түсінікті әрі анық және ең бастысы бүгінгі күнге, жаңа экономикалық саясатқа сәйкес қылып жасауды тапсырды. Әкім мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердің жағдайларына ерекше тоқталып өтті. Бұл жерде түйткілді мәселелер көп. Кейбір салушылар қосалқы трансформаторлық бекеттерді, қазандықтарды және басқа да қосалқы нысандарды уақытында қала балансына бермейді. Бұл өз кезегінде пәтерді сатып алу мен күту бағасына тікелей әсерін тигізеді. Үй аумақтарының абаттандырылуы мен үй асты орындарының басқа мақсаттарда қолданылуы тұрғындардың арыз-шағымдарын туғызуда. Ә.Жақсыбеков аталған нысандарды аралау барысында бірқатар ескертпені айтып, тез арада бұл кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.
Оларға салынған айыппұл көлемі жарты миллион теңгеден асады. Естеріңізге сала кетейік, таяуда ғаламтор беттерінде Қонаев көшесі бойында қымбат көліктердің шоуы көрсетілген бейнежазба жарияланған еді. Жүргізушілер өзінше өнер шығарып, көлікті теріс қарап отырып басқарып, бірнеше мәрте көлік апаты қаупін тудырған. Тіпті, жол ортасындағы жолақтарды қиып өтіп, қарсы бағытқа шыққан. Тәртіп сақшылары бұзақыларды қолға түсіріп, қазір 9 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның төртеуі көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сабыр Жүсіпбеков, қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары: — Барлық жүргізушілер бейнебақылау камералары арқылы анықталып, ұсталды. 9 жүргізушіге 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Жолдың қарсы бағытына шығу, қозғалыс қатарларын бұзу, артқа жүру, автокөліктерге стробоскоптар орнату, дыбыс сигналдарын пайдалану, жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзу сияқты өрескел қателіктер жасалды. Сондай-ақ Алматының Әл-Фараби даңғылында «дрифт-шоу» ұйымдастырған екі жүргізуші де жауапкершілікке тартылды. Өзге көліктердің қозғалысын тоқтатып, кедергі келтірген азаматтардың әрекеті ғаламтор пайдаланушыларының наразылығын тудырды. «Дрифт-шоу» кезінде даңғылдың бойында кептеліс қалыптасты.
«Абай» операсы – жаңа көзқараспен. «Астана-Опера» сахнасында әйгілі қойылым көрерменге тағы да жол тартты. Туындыны түрлендірген қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако аянып қалмағаны көрініп тұр. Мәселен, сахнаны безендіру үшін 33 тонна түрлі материал жұмсалған. Ал астаналық шеберлер әртістерге арнап жүзге тарта жаңа киім тігіпті. Заманауи техникамен жабдықталған сахна әп сәтте түрленіп шыға келді. Басты партияны Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Сүндет Байғожин мен Париждегі «Гранд Операның» жезтаңдай әншісі Майра Мұхамедқызы орындады. Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі -Біздің мақсатымыз — осы операда қазақ халқының рухани байлығын кеңінен көрсету. Джанкарло дель Монако, қоюшы режиссер -Мен осындағы мамандармен ақылдаса отырып, қойылымды барынша сәтті шығуын қадағаладым. Абай қазақ үшін өте маңызды тұлға екендігін ескере отырып, қандай да бір олқылық кетпесін деп тынбай еңбек еттік. Бұл туындыны Еуропа елдеріне насихаттау керек деп санаймын.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді. «Ақылды қаланың» инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру елорданың ұзақ мерзімді дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады және оған келесі құрамдас бөліктер енеді: «Астана қаласының тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жүйесі», біріктірілген тұғырнама, мәліметтерді беру желісі, «Смарт Астана» жобасының үлгілері және кіші жүйесі, «ақылды қала» шешімдерінің Астана орталығы. Астана қаласының тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жобасы шеңберінде қауіпсіздікті бақылау және қамтамасыз ету саласында жаңа технологиялар қолданылды. Бұл құқық бұзушылықтарды анықтауға және ол туралы ақпаратты қалалық басқару орталығына беруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларымен қаланың орталық бөлігі қамтылған. Жоба шегінде қалалық басқару орталығына жол бойындағы және қоғамдық орындардағы, оның ішінде салынып жатқан «ЕХРО-2017», «Абу Даби Плаза» КБК, «Жаңа теміржол вокзалы», Мұз сарайы, «Қазақ хореографиясы академиясы ғимараттарының кешені (би мектебі)» объектілерінде 1221 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жүйемен қамтылған аудандарда құқық бұзушылық санының төмендеуі күтілуде. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркеудің аппаратты-бағдарламалық кешендерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жылдамдық түзімін тіркейтін 25 фиксатор және бұрылыстардағы қозғалыс мониторингінің 10 кешені орнатылды. Бұл шаралар 1 км/сағ көлік құралының жылдамдығын оптикалық диапазонда тіркеуге мүмкіндік береді және қосымша датчиктерді орнатуды қажет етпейді.
Ақмола облысының шаруалары жыл басынан бері Астана тұрғындарына 15 мың тоннаға жуық ет жеткізген. Аймақта елорданы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жалпы саны 140-тан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары бар болса, оның көпшілігі мал өсіріп, ет өндірумен айналысады. Есіл ауданындағы шаруашылықта қазір 1000-нан астам ірі қара байлауда тұр. Барлығы да қазақтың ақбас сиыры. Мұндағылар: «Малдың басын 2 мыңға жеткізсек», – дейді. Ірі қаралардың күтімі де ерекше. Себебі күйі келіспеген мал жарытып салмақ қоспайтыны белгілі. Елена Бежина, ферма бригадирі -Біз бағып отырған малға уақытында екпе жасап, күтімін бақылауда ұстап отырамыз. Бір бас ірі қараға күніне 5 келі жем-шөп беріледі. Ал қыста тек жылы су ішкіземіз. Бұдан бөлек мұнда жылқы да өсіріледі. Әзірге олардың саны 100 шақты ғана. Кәсіпкер оны келешекте 300 басқа дейін көбейтуді көздеп отыр. Ал сойылған мал еті Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға жұмсалса, артылғаны сыртқа шығарылады. Уәлихан Әріпов, шаруашылық басшысы -Біз жақында 70 тонна сиыр етін өткіздік. Оның 20 тоннасы Ресейге экспортталды. Өзімізде мал соятын арнайы орын бар. Барлық ет сол жерде дайындалады. Айта кету керек, ақмолалық шаруалар өткен жылы 40 пайыз Астананы етпен қамтамасыз еткен болса, қазір бұл көрсеткіш 9 пайызға көтерілген.
Барлық қызмет мемлекеттік тілде тиісті деңгейде көрсетілуі тиіс. Астанада 100-ден астам ерікті осы жағдайды қоғамдық орындар мен меКемелердің қызметкерлеріне түсіндіруге кірісті. «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» акциясы әуежай, теміржол вокзалы, сапаржай, Қазпошта және қоғамдық көліктерді де қамтитын болады. Осылайша, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту көзделген. Акцияға белсенді қатысқан мекемелер салтанатты түрде марапатталмақ Нұрзила Қасқатаева, Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы: — Халықта мынадай түсінік пайда болуы мүмкін Мемлекеттік тіл бір күндік қана ма деп, олай деп түснбеу керек. Қазір қай жерге барсаңыз да, ресми тіл қоса қолданылып жүреді. Біз осы бір күн арқылы қалған күнде де мемлекеттік тілді қолдануға шақыру.
Астананың барлық емханаларында 20-30 қыркүйек аралығында ашық есік күндері өтіп жатыр. Іс-шара дүниежүзілік жүрек күніне орайластырылған қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алуға арналған онкүндік аясында өтуде. Шара аясында дәрігерлер жүрекке және өкпеге аускультация әдісін пайдаланады, артериалдық қысым, қан қысымы мен қандағы холестерин деңгейін өлшейді. №1 және 2 қалалық емханаларда 25 қыркүйекте сағат 9-дан бастап ашық есік күндері өтеді. Онкүндік аясында №3 қалалық емхана 23 қыркүйекте келушілерді қабылдайды. Сонымен қатар 22 қыркүйекте №4 емханада дәрігер мамандарының кеңес беруімен ашық есік күндері өтеді. Сондай-ақ 23 қыркүйекте №9 және 10 қалалық емханаларда да ашық есік күндері өтеді.
Астана мешіттерінде таңғы сағат 07:45-те Құрбан айт намазы оқылды. Таңмен таласа тұрған тұрғындар ұлық мерекеде мешітке ағылды. Дұға оқып, тілек тілеуге жиылған кісі қарасы көп. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Намаздан кейін құрбандық шалуға рұқсат етілді. Дін өкілдері шаһарда арнайы мал соятын орындарды әзірлеген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 2018 жылға дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған. Осыған орай діни мерекелер кезінде мешіттер алдында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді. Бүгін сағат 18:00-де «Тілеп» қобыз сарайында Қазақстан халықтарының тілдері күні аясында «Тарих пен тіл тамырлас» атты жас ақындар мүшәйрасы өтеді.
Жалпы 50-ден астам үміткер байқауға қатысуға ниет білдіріп, өз шығармаларын жолдады. Қазылар алқасының іріктеуінен 10 ақын қорытынды кезеңге жолдама алды. Мүшәйраға Астана, Алматы, Семей, Қарағанды, Тараз, Павлодар, Өскемен және т.б. қалалардан жас ақындар қатысты. Мүшәйра жеңімпаздары дипломдармен және арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталады, ал үздік деп танылған осы 10 ақынның шығармалары арнайы жинаққа енгізіледі. Жыр додасына танымал ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері шақырылды. Жыр кешін ақын Қалқаман Сарин жүргізеді. Мүшәйра барысында марапаттау салтанатымен қатар, белгілі әншілер Клара Төленбаева, Ибрагим Ескендір т.б. өнер көрсетеді.