Жарияланымдар

Сіз латын әліпбиіне көшуді қолдайсыз ба?

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» дейді елбасы өз жолдауында. Дамыған елдердің басым бөлігі латын қарпін күні бүгінге дейін қолданып келеді. Қазіргі заманның, техниканың, білімнің, ғылымның тілі латын қарпінде. Сіз латын әліпбиіне көшуді қолдайсыз ба? Сіздің пікіріңіз қандай? Блог - Kutpegen-konak: Сіз латын әліпбиіне көшуді қолдайсыз ба?Блог - Kutpegen-konak: Сіз латын әліпбиіне көшуді қолдайсыз ба?
Әрі қарай

Қыз күнделігінен

Сезім ұшқындарын оятқан күзБлог - Kutpegen-konak: Қыз күнделігінен
Р.S. Осыдан бірнеше жыл бұрын журналистика мамандығына түсу үшін шығармашылық емтихан тапсырған болатынмын. Маған мына бір (сайын, жапырақ, жылу, шақ, ел аузында, үмітсіз, нағыз, қар) деген сөздерді қатыстырып күз бен қыздың сезімі туралы эссе жазу тапсырмасы келді. Уақыт тапшы, ойыма дым түсер емес. Ол кезде қанатым қатаиып, қаламым ұшталмаған еді. Тек бар арман мақсатым оқуға түсу болатын. Сол менің алғашқы шимай шатпағым...
Күз. Әр мезгіл келіп кеткен сайын мен үшін осы күздің орны бөлек. Ұйқылы көңілімді түртіп оятқандай, нақ осы мезгіл жүрегіме небір сезім ұшқындарын себеді. Жаныма ерекше күй, жүрегіме қайталанбас сезім сыйлайды. Ел аузында күздің бірнеше атауы бар деседі. Солардың бірі – мырза күз, бұл жеміс-жидектер пісіп, молайған шақ екен. Сен де осы мезгілде мені піскен жемістей тәтті сезімдерге тойдыртып кеткенсің. Дәл осы күз мен үшін ғажайып, сезімдер іспеттес, Жалғасын табар сары күз – ағаштың, жапырақтың сарғайып түлеген кезі екен. Сағыныш сезімі солып, жапырақша сарғайып, ағаштан бір талдап үзілген жапырақтай жүрегім үмітсіз күйді бастан өткереді… Осыдан келеді екен жылауық күз. Күн жылуы азайып, салқын тарта жауындатып, нөсерлетіп тұрады. Өшкелі тұрған сезімдей. Келесі келер қоңыр күз – бұл енді қара суық, жүрекке қоңыр суығы жеткендей. Қара күзді айтпаса да түсінікті, нағыз суық түскен кез, сөніп-өшіп сезім күлі қалған кез. Содан кейін біз күткен келіп жетті-ау, бақырау күз. Қар жауып, ызғары тоңдырған кез. Күздің соңғы айлары, соңғы түстер сынды. Бәрі өткен, бәрі кеткен сол бір – КҮЗ…
Әрі қарай

Көңілдегі көп ойлар

Осы бір жағдай сіздің де өміріңізден орын алған шығар, сірә. Демалыс күндері үйге керек-жарақ алайын деп көк базарға бара қалсаңыз болды, үсті-басы кір-қожалақ ер азаматтарымыз бен қаракөз қандастарымыз алдыңыздан шығып, алақан жайып, қайыр сұрай бастайды. «Алла үшін садақа бер, жолың болады...» деп жаттап алған ұрандарындай қазақшалап сайрай жөнеледі. Жанына қатты бататыны – солардың көбісі өзіміздің егде жасқа толмаған аға-апаларымыз. Амалссыздан қалтамыздағы барымызды беруімізге тура келеді. Мән бермей, елемегенсіп өте шықсаң, «жолың болмасын, құдай ұрсын ...» деп қарғыс сөздерін жаудыртып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Бұл тек бір базардан орын алса хош деңіз. Жаяу жүрер болсаң, көше бойында аяқ алып жүре алмайсыз. Бір аялдамадан екінші аялдамаға дейін кейде екі-үшеуін кезіктіресің. «Берерімді беріп кеттім» десең ашуланып: «Неге бересің? Бұл менің тұрағым ғой» деп жаны шығады. Байқауымызша, әркімнің өзінің тұратын орны болады екен… «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» демей ме!? Құмырсқа жәндігінің өзі тапқан-таянғанын өз илеуіне жеткізу үшін күндіз-түні адал еңбектенеді. Қайыршылап, алақан жайып тапқан табыстан – маңдай термен еткен адал еңбегің мың есе артық емес пе!? Қайыршысыз өмір сүрген көк бөрінің тұқымы – қазақ едік… ТЕКТІ ЕЛДІҢ ТҰҚЫМЫ ӨЗ ОТАНЫНДА ТЫШҚАНШАЛАП ҚАЙЫР СҰРАП ЖҮРГЕНІ ҚАЛАЙ?...
Әрі қарай

Ақ көйлек

Р.S. Ескі күнделігімді ақтарып отырып, мына өлең жолдарына көзім түсті. Осыдан бір-екі жыл бұрын жазылған-ау деймін шамасы…
Оқи отырып, " киім көрдім ішінде адамы жоқ, адам көрдім үстінде киімі жоқ"- деген сөздер ойыма орала берді...

Блог - Kutpegen-konak: Ақ көйлек

Ақ қардай көйлек кигенсің

Сағынып жүрек сүйген шын,
Өлең мен әсем күйге енсін.
Адалдық бояуларындай,
Ақ қардай көйлек кигенсің.
Алысып асау сезіммен,
Ақ таңмен бірге көз ілгем.
Бақыттың құсы басыма,
Қонады жалғыз өзіңмен.
Қашанда іңкәр сенім өр,
Жүректен жыр боп төгілер,
Сен киіп жүрген сол көйлек,
Жібектей маған көрінер.
Қиялы, ойлар, танымдар.
Жүрекке жыр боп қондырар,
Ақ көйлекті жан, қайдасың?
Сені іздеп жүрген сағым бар…

* * * * *
Ақыреттік көйлек кигенше,
Жауқазын көңіл солмасын.
Көкейден кетпей жүргенсің,
Түсіне мені білгейсің…
Күндіз ой, түнде түсімде,
Ақ қардай көйлек кигенсің.
Әрі қарай

Рахат ӘБДІРАХМАНОВ: "ПОЭЗИЯ ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС"

«Жанымның жазба нұсақасы», «Әдемі менің әлемім» атты жыр жинағының авторы, Қасым Аманжолов атындағы І облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері, ақын Рахат Әбдірахмановатың «Жүрегім» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Осыған орай, ақынмен поэзия төңірегінде азды-кем сұхбаттасқан едік. Сәтті сұхбатты сіздермен бөліскенді жөн санадым.
— Сұхбаттымыздың тұздығы ретінде тұсауы жаңа кесілген «Жүрегім» атты жыр-жинағыныздан сиясы кеппеген жаңа туындыңызбен бастасақ… Кітаптың «Жүрегім» деп аталуына не себеп? Жалпы ақындарға деген қолдау қандай?
— Ұқсайтын ол күндердің әлдиге әні…
Жаным-ай, жарық таңдай бал дидары!
Көктемнің берген бағы көзден ұшып,
Өткеннің өкініші жан қинады!

Былтырғы қалпында емес биылғы бақ,
Сәуір де алып кеткен сыйын жырақ!
Көзіңмен көріп жүрген дүниеге,
Көңілдің сенуі де қиын бірақ…

Жоқ іздеп жүгіргендей белден белге,
Сенделіп түсіп кеттім сергелдеңге!
Күннен де жарық еді күлген жүзің,
Сен қандай бақытты едің мен келгенде!

Лепіріген қайран көңіл аласарып,
Білінді бал күндердің бағасы анық.
Мойныма асылушы ең шыдай алмай,
Есікті апыл-ғұпыл жаба салып!

Жалғанып үзілуде нешінші үміт?
Жалықтым өкінуден кеш ұмсынып…
Дәл қазір ештеңе де болмағанда,
Еркелеп жүрер едің есің шығып…

Жүректе дейсің бәрі сыр мен мұңның,
Елесі алаң-қамсыз жүрген күннің!
Түнімен қиналасың ұйықтай алмай,
Түсіңе келіп еді гүлмен кіргім…

Былтырғы қалпында емес биылғы бақ,
Сәуір де алып кеткен сыйын жырақ!
Көзіңмен көріп жүрген дүниеге,
Көңілдің сенуі де қиын бірақ…
Шынымды айтсам, жыр жинағымды оқырмандардың сұраулары бойынша шығардым. Ал, енді оның «Жүрегім» деп аталуының қарапайым ғана себебі, ондағы өлеңдер жүрегімнің жазбаша көшірмесі. Бүгінде ақындарға қолдау жақсы көрсетілуде. Тек ақындарды іріктеу жағы дұрыс жолға қойылмаған. Кітаптың шығуына қолдау көрсеткен бала күннен бірге өскен достарым.
— Бәрекелді! «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп жатамыз...Қалай ойлайсыз бүгінгі поэзияда цензура бар ма?
— Ақындар әр заманда шындықты, халықтың жай –күйін жырлаған. Әр ақын өз шығармасында белгілі бір мәселелерді көтеріп, ақиқатын айтып жатады. Біз қазір Құдайға шүкір, еркін елде тату-тәтті тұрып жатырмыз. Сондықтан да, еліміздің одан ары дамуы жолында, бірлігі жолында қызмет етуге тиіспіз.
— Рахат аға, сіздің көп өлеңдеріңіз лирикалық бағытта жазылған. Лириканы өзіңізше қалай түсінесіз?
— Менің жазып жүргендерім — жүрегімнің сөзі. Қағаз бетіне түскен сезім. Лирика – ол өте мөлдір әрі пәк! Мен тақырып таңдап, идея іздеп, ізденіп жазбаймын. Дәл қазір қандай күйде отырмын, соны қағаз бетіне түсіремін. Ең әдемі жыр-ол ең шынайы жыр.
— «Күндер өтті ала да құла не бір,
Не көрмеді жалғанда мына көңіл?
Бақыт беріп бір сынап көріп еді,
Мұң құштырып тағы да, сынады өмір» дейсіз… «Бақыт» дегенді қалай ойлайсыз? Өмірде «Әттеген-ай» деген сәттеріңіз болды ма?

— Бұл жалғанға келген әр адамның өзіндік атқаратын қызметі, өз миссиясы бар. Мен жылдар өткен сайын, өзімді өлең үшін жаралғандай сезінуім артып келеді. Сорым да бағым да осы өлеңнің айналасында. Менің бақытым, өлеңді пайдаланып атақ не болмаса сый-сияпат алу емес. Менің бақытым-жүрегімдегі сезімді со қалпы өлеңге айналдырып, өзге жүректерге жеткізу. Әттеген-ай әркімде бар болғандықтан, менде де бар! Көп!
— Қазіргі таңда «сүйдім- күйдім» деп, бір өлең жазып, ақын атанып жүргендерді көзіміз көріп жүр. Жалпы бүгінгі поэзияны қалай бағалайсыз?
— Поэзия еріккеннің ермегі емес. Өлеңнің өз ғажабы мен өз азабы бар. Оны ұйқасын үйлестіре салып, әдемі сөздерді тізбектеп шығу деп ойлайтындар оңбай қателеседі. Бүгінде ақын көп деп жатады. Шын мәнінде ақын өте аз. Жүрекке жетпейтін, бірді екілі шумақпен ақынмын деп жүргендер өте көп. Біз поэзияны қадірлесек, әр нәрсені өз атымен атап, әркімді өз орынынан көруіміз керек.
— «Әннің сөзі рухы да, ал әуені сүйегі» дейді. Осы уақытқа дейін қанша әндеріңіз жарыққа шықты?
— Мен әнін де сөзін де өзім жазған 4-5 ән, сонымен қатар мен мәтінін жазған 30 шақты әндер орындалып жүр. Олардың қатарында, Ақбота Керімбекова, Ердос Қанаев, Нұрсұлтан Батырқұлов, Жаңабай Өтегенов, Ерлан Малаев, Төреғали Төреәлі сияқты бірнеше әншілер бар. Еркін Нұржан, Мақсат Базарбаев тағы да басқа әншілермен жаңа әндер жазу үстіндеміз.
— Сіздің көп туындыларыңызды өзге атпен ғаламторда жарияланып жатқаның жиi байқаймыз. Плагиат жайында не дейсіз?
— Иә. Ондай жағдайлар бар. Бірақ, мен нақты бір туындымды сол беті өз атынан жариялап жіберіп жатқан бауыр-қарындастарыма еш ренжімеймін. Олар әдейі емес, байқамай солай болып жатыр деп ойлаймын. Ал, енді өлеңдегі идея, ойыңды, тың теңеулеріңді өңін айналдырып өз өлеңі етіп жіберуді қоштамаймын.
— Алдағы уақытта шығармашылық кеш беру жоспарыңызда жоқ па?
— Шынайы өлең сүйетін оқырмандарымды жинап алып, алдарында өлең оқығым келеді. Менің арманым сол. Көрерменді белгілі бір эстрада жұлдызының беделімен емес, өлеңмен жинағым келеді.
— Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Жазар дүниеңіз көп болсын!
Әрі қарай

САНАЛЫ ҰРПАҚ, АРМЫСЫҢ?!

Журналистика атты алып қазанда қайнағаныма биыл үшінші жыл болыпты. Мақала дейтін қарумен талай редакцияны бомбалағаным жасырын емес. Енді міне, өзіме жеке парақша ашып, сіздер сияқты саналы жандармен ортақ әңгіме өрбітіп, тұжырымды ой бөлісуге келген жайым бар. "Өсер елдің баласы бірін-бір батыр дер",-деп дана халқымыз айтқандай, бір-бірімізді өсірмесек өшірмейік!!! АРМЫСЫҢ, САНАЛЫ ЖҰРТЫМ?!
Әрі қарай