Жарияланымдар

Мектепті 3-ке оқыған адам мұғалім бола алады ма?

Мектепті «3»-ке оқыған бала мұғалім бола алады ма?
Мектеп-кеме, білім-теңіз. Тарыдай болып мектептің табалдырығын аттап, талай қызықты бастан кешіріп, балалық пен шалалықтың тәтті дәмін сезініп, таудай болып ұядан ұшасың. Мектепте әр оқушының сыры бөлек, әр мұғалімнің жыры бөлек. Бірі «5»-ке оқыса, бірі «3»-ке оқып, бірі солардың ортасында жүреді. Бірінің ұстазы қатал болса, бірінің ұстазы жұмсақ болады. Мектептегі ұстаз бен оқушының қарым-қатынасынан, сабақ үлгеріміне қара отырып: «Мектепті «3» деген бағаға оқыған адам болашақта мұғалім бола алады ма?»- деген сұрақ туындайды.
Сұрақтың қысқаша жауабы — «ия». Бірақ бұл дұрыс па? Алдымен, дұрыс жағына көңіл бөлейік. Мектепте түрлі жағдаяттар мен түсініспеушіліктер орын алып тұрады. Сыныпта 20 оқушы болса, әр қайсысының сыры бөлек, мінездері де өзгеше болып келеді. Ғылыми-техникалық революция шарықтау шегіне жеткен заманда оқушының барлық сабақтан нашар оқуы мүмкін емес десек те болады.
Сөздің шыны керек, ұстаз сыныптағы шәкірттерінің бәріне бірдей қарамайды. Бірінің бағасын асырып қойса, бірінің бағасын жасырып қояды. Осындай қылықты көріп өскен оқушыда: «болашақта мен де ұстаз боламын, бірақ мен оқушыларды бөліп қарамаймын»- деген ұстаным пайда болады. Жоғарыдағай жағдайлар көп орын алып жатады. Осындай нәрселерді көре отырып, мұғалімнің оқушы үлгерімін төмен бағалағанына күмән тудырамыз.
Жаратылыстану бағытын жақсы қабылдайтын оқушылар болады немесе гуманитарлық бағытты сүйіп оқитын оқушылар да аз емес. Бір жандар әдебиет, тарих сынды сабақтарды өте жақсы оқып, физика математика тәрізді сабақтарды нашар оқыса, ол оқушыға ауызша сабақтарды өте жақсы оқиды екен деп «үздік оқушы» емес, есеп сабақтарынан төмен баға көрсеткені үшін «үлгерімі төмен» оқуышылар қатарына жатқызады. Келешекте дәл осы оқушы тарих пәнінен мұғалім болып, талай шәкіртті түрлі олимпиадаларға қатыстырып, диссертациялар қорғап, мықты ұстаз саналуы ғажап емес.
Ал, енді, сабағы төмен болған оқушылардың ұстаз болудағы керағар жақтарын зерделесек. Мектепті ілініп-салынып оқып, әрең бітірген оқушы тағдырдың тәлкегімен өзі ұнатпайтын, дұрыс қабылдай алмайтын мұғалім мамандығына түсіп кететін оқиғалар кездесіп жатады. Университеттегі оқуына еркіндікте жүріп, бірде барып, бірде бармай әйтеуір диплом алып шығады. Дәл сол мамандығы бойынша ауылдағы бір мектепте жұмысқа орналасады.
Мектепті кезінде төмен бағаға оқыған адам, шәкіртіне озат оқы деп шарт қоя ала ма? Мұғалімнің статусы оқушыларға кері әсер етіп, ел болашағына кесірін тигізе ме? Адам бір нәрсені талап ету үшін, өзі сол жағынан мінсіз болуы керек. Білімнің нәрін сезінбеген, іргетасын қалай алмаған ұстаз шәкірттеріне қандай білім бере алады? Еңбексіз келген білім өз жемісін бере алмайтынын оқушыларға жеткізе алады ма?
Қазіргі таңда орта біліммен мұғалімдік қызметте жүргендер де бар. Өзі мектепте оқып жүрген кезінде көштің соңы болған мұғалім көшбасшыларды дайындауға қауқары жете ме? Әрине тәрбие болмаған жерде, білімнің орны ойсырайды. Ата-анасының қанымен берілген тәрбие мен жігерлілік, көшбасшылық қасиеті тасып тұрған оқуышыны осындай ұстаздар әрі қарай дамыта алады ма, әлде жолынан адастырады ма?
Ел болашағы- білімді ұрпақтың қолында. Елбасы барлық мектептерге оқушыларды өмір бойы білім алуға шабыттандыру мақсатында түрлі жобалар ұсынуда. Ұстаз- оқушының ең алғашқы кумиры. Ұстаз мінсіз болса, шәкірт сөзсіз мықты болады.
Мектепте өте жақсы оқыған оқушылардың мұғалімдік жолды таңдамауы неде? Осындай ұстаздардың қаптап жатқанына байланысты, сыныбының алды болып үйренген оқушы көптің бірі болмаймын деген ниетте басқа жолды таңдайды. Елдегі ұстаздар — элита емес. Талай мықтыны тәрбиелеп, таңнан кешке дейін шәкірт тәрбиелеген ұстаздың еңбегі бағаланып жатқаны онша байқала қоймады. Осындай олқылықтарды көріп өскен озат оқушының талғамы да, талабы да биік болып, жоғарыны көздейді. Мұғалімдік жол тағы да сапасыз ұстазға бұйырады. Елдегі оқушыларға мүмкіндік жасалғанымен, оларды дайындайтын мұғалімдерге айтарлықтай жағдай жасалмаған. Бұрынғы заманда «қамшымен» тәрбиелеген ұстаздардан шыққан шәкірттер — ел билігінде, қазірге таңда оқушыға қамшы көрсету түгілі, ұрысудың өзі мүмкін емес. Елдегі білімді жастарды көбейтеміз десек, ұстаздарға да қатар жағдай жасалынуы керек. Мұғалімдік жұмыстың төмен емес, элита екенін де оқушыларға көрсетіп, насихаттау керек. Сапасыз ұстаз — санасыз ұрпақ тәрбиелейді, санасы мен сапасы болмағанда, елдегі білім де төмен болады, елдегі білімнің төмендегі — ел болашағына күман тудырады. Жеңілдін үстімен жүріп алынған білім- елді ойлайтын азаматттарды емес, өзін ойлайтын «эгоисттерді» жасап шығарады.
Мектеп- білімнің ошағы, болашақтың кепілі. Мемлекет тарапынан ұстаздарға берілген сыйластықты көріп өскен оқушы, өзінен-өзі өмір бойы білім алуға шабыттанады. Кезекті бір мәселе — мектептегі мұғалімдердің жалақысының аздығы. Білімді ұрпақ тәрбиелегің келсе, ұрпаққа білім берер ұстаздардың жағдайын жасау керек алдымен. Сонда ғана еліміз Жапония сынды алдыңғы қатарлы елдердің тізімінен көрінеді.
Әрі қарай