Жарияланымдар

Алматыға бәрі-бір...

Жыладың ба, күлдің бе
Мұңға батып жүрдің бе,
Күніңді жақсы сүрдің бе
Алматыға бәрі-бір…

Тоқсың ба әлде ашпысың,
Саумысың, қырттай маспысың.
Уайым қағып өзіңнен,
Сұрамас тәтті-ашысын.
Алматыға бәрібір…

Жүрегің жүр ме желпініп,
Жаурадың ба әлде жел тұрып,
Қызықтырмас жай-күйің,
Кетсе де біреу өлтіріп.
Алматыға бәрі-бір…

Жыртық па киген киімің,
Болды ма қалта күйі мұң
Қайда, кіммен жүрсің деп
Қызық болмас ұйымың
Алматыға бәрі-бір…

Тасыса мал мен дәулетің,
Байыса ұрпақ, әулетің,
Лыпылдап саған қарар деп,
Болмай ақ қой әуре тым.
Алматыға бәрі-бір…

Қайыр тілеп тұрмысың,
Нанға зәру жүрмісің,
Сені аяп, жыламас,
Толғандырмас тұрмысың.
Алматыға бәрі-бір…

Хақ жолымен жүрдің бе,
Ағымға басқа кірдің бе,
Жолыңды нұсқап көрсетіп
Қата қоймас үн мүлде
Алматыға бәрі бір…

Еңбек қылсаң ерінбей,
Жалқаулыққа берілмей,
Алматы сені елейді
Құшағын ашқан керімдей.
Қызықсызсың сен оған,
Еңбектің тері төгілмей.
Әрі қарай

Еріме

Бағала деп барыңды бағыт берген бақ құсым,
Жағар ма деп жалынды шабыт берген бақ құсым.
Өр басымды жер қылмай, еркелікті ескеріп,
Бақыт атты тағымды алып берген бақ құсым.

Жабыққанда жұбатып, жылу берген жарығым,
Аман болсам өзіңе жыр арнармын тағы мың.
Сүйгендіктен қамығып, жабығамын… себебі
Сүйген жанға шынайы махаббаттың әні-мұң.

Қиын кезде сүйеніш, демеу болған алтыным,
Жазып жүрген жырыма желеу болған алтыным.
Назалансам назыма налығанды білмеген.
Жып-жылысың… дәл күндей, сездірмейтін салқынын.

Жүрегімнің иесі, бақыт сыйлап, бақ бердің,
Өміріме елеулі зор өзгеріс әкелдің,
Саған деген сезімім, кір түспеген, ақ қардай,
Жазылмаған сиямен парағындай дәптердің.

Дауылдардан қорғайтын қорғаныма теңеймін,
Жасаған игі ісіңді ескеремін, елеймін.
Сені жақсы көрем деп айтпасам да күн сайын,
мен өзіңді ешқашан «жек көремін» демеймін
Әрі қарай