Жарияланымдар

Балалық шағым жайлы бірер сөз

Алты жастамын-ау. Әжем мені Горький паркіне ертіп барады. Мамыр етін. Алдымыз — Мейрам. Жеңіс Мейрамы екенін білетінмін. Ал соғыстың не екенін білмеймін.

Дзержинский мен Маяковский қиылысында кездестім онымен. Соғысты айтам. Тәрбиелі бала ретінде, атам әрдайым үйреткендей, сәлемімді бердім: "Қалайсың, Йося? Ата-анаң қалай?" Дегенмен, ол кездері бұл сұрақтардың мәнін түсінбейтінмін. Түсіну үшін біраз уақыт қажет етті.

Мен сөйлеп тұрған адамым маған қарады да, тани сала әңгімесін айта жөнелді. Мамеле екеуі Благбазға барып, мектепке бәтеңке сатып алғанын. Ал ертең әкетайымен пони мінуге зообаққа баратынын. Жазда болса, бар жанұясымен Херсонға демалысқа кететінін…

Үрейден шашым тік тұрды сол мезет! Алдымда ұзын бойлы, ақ шашты, қырықтың ар жақ бер жағындағы, мойын түймесіне дейін тағулы жейде киген еврей тұрған еді. Күнделікті өмірдің азар-безерін айтып тұрып, жылап тұрған еді. Ернінен «пони» мен «Херсон» шықса, көзінен шыққаны жас етін. Бәрінен қорқыныштысы — шәйнек.

Қайдағы шәйнек? Кәдімгі жез шәйнек, үш литрлік, іші толған тиын-тебен. Елестеттіңіз бе? "Ғажап" көрініс. Бұл — Харьковтың орталығында аты шыққан «Шәйнегі бар Йося». Соғыстың жемісі, районымыздың ұяты. Құдайдың құтты күні, қолындағы шәйнегін тастамай, Дзержинский мен Маяковский қиылысында орналасқан сүт сататын дүкен маңайына келіп, 76. үйдің екінші қабатындағы балконға қарап тұратын. Бұл шәйнек сумка да, құжат салатын қап та, кашелёк те. Бірақ, бір де бір бұзақы сол шәйнектен бір тиын алмайтын. Арсыз атанатын. Аяусыз таяқ жейтін. Бәрі Йосяның бастан кешкенін білетін.

Немістер қалаға алғаш келгендерінде Йосяның жанұясы қашып үлгермеген. 76. үйдің екінші қабатында орналасқан бұлардың пәтері екі неміс лейтенантына қатты ұнаса керек. Ұзынсонар әңгіме қылмайын деп, һәм «еврейлік мәселені» де шешпек болып, Йосяның әке-шешесін өз балкондарында дарға асады. Ұсталмас алды, шешесі Йосяның қолына шәйнекті ұстатып, ішіне бірер тиын салып, сүтке жібергендей болып, далаға шығарып жіберген. Алты жасар бала не түсініп жатты дейсіз. Сүт керек болса керек те шығар.

Дүкен жанына жеткенде бәрін де көрген. Не болғанын түсінген бойда есі ауысып, шашы ағарып кеткен. Сол күннен бастап алты жастан асып түспеді. Әрдайым сол дүкен жанында анасын күтумен болды. 43. жылға дейін басқа отбасылар Йосяны тығумен болған. Ал қала немістерден азат болғалы Йося дәл осы жерді мекен етті.

"Әңгімеге тартып, ата-анасы жайлы сұраудың не қажеті бар болды?" дерсіз. Көңілін аулап, үйге әкетіп, тамақтандырып, үсті-басын жөнге келтірудің жалғыз амалы осы еді.

Ал шәйнектегі тиынды садақа деп ойлап қалмаңыз. Жоға. Атам айтпақшы: «ол — ұятымыздың көз жасы».

Соңғы рет «Шәйнегі бар Йосяны» 90. жылдың көктемінде көрдім. Тап-тұйнақтай, соңғы түймесіне дейін тағылған жейде киген, ақ шашты, дәл сол дүкен жанында. Дәл осылай Мейрам күні жақындап қалған еді.

© Владимир Киященко

Отбасы деген

Блог - Aygaya: Отбасы деген

Бір күні үйге азық-түлік толы, қара зіл пакеттерді сүйреп келдім. Жігітімнің үйде жатқанын білемін. Мұрнынан суы ағып, салқын тиіп жатқан еді.

Кіреберістен дауысымды қаттырақ шығарып: «Мына пакеттерді алшы» дедім.

Ол болса көрпеге оранып алған, ыстығы басылмай, терлеп-тепшіп жатыр.

«Менімен осы еш жұмысың жоқ иә сенің?» деп, зекіп қалды.

«Ауырып жатқан адамды мазалаудың не керегі бар? Шеш те аяғыңды, апара салмай ма соларды асүйге» деп ойласа керек.

Мен болса сол кірберісте әлі тұрмын. Реніштен өкпем жарылардай, көзіме жас та толып қалды. Еркек дегенің ауырса да еркек болып қала беруі керек емес пе? Ыстығың көтеріліп тұрса да, жұбайыңа көмектесіп, жүкті қолынан алудың несі қиын сонша? Мен бір рояльді тасы деп те жатқаным жоқ. Бар болғаны пакеттер. Бар керегі бір минут уақытың.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде. Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Бұл бір 14 жылдай уақыт бұрын болған жәйт еді. Жаспыз, әрқайсысымыз отбасы ұғымындағы сөзіміз жүрер аумақтың кеңірек болуына шайқасып жүрген кездер…

Жігітімнің көлік айдауды енді-енді үйреніп жүрген кезі. Әлі де бойында күмән менен қорқыныш бар.

Мен бір концертке кеттім. Концерт біткенде, сағат тоғызға таяу ең жақын метроның маңайыан алып кетуін өтіндім.

Концертім он жарым дегенде бітіп, жігітім сол метроның жанында екі сағат күтіп қалды. Залдан шығып, метроның әлде де алыстау екендігін, және мына аяқ киіммен жеткенімше кемінде тағы жарты сағат өтетінін ұқтым.

Жігітіме қоңырау шалып, концерт залының дәл алдына қалай жету керек екендігін түсіндіре бастадым. Ол кездері навигатор деген жоқ. Кәдімгі қағаз карталар заманы. Инструкторсыз көлік айдап жүргеніне бір-ақ апта болған жігітім, қайда қалай бару керек екенін түсіне алмай қойды.

Метроға қарай беттедім. Дала қараңғы. Аяқкиімім ыңғайсыз. Жеткенімше аяқтарым қажалып-күстеніп, «бірден келе қоймады, алдымнан шықпады» деп ашуға булығып жеттім.

Жігітім болса маған ызалы. «Осы әйелдер өздеріне не керек екенін де білмейді» десе керек.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде.

Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Отбасын құрғанымызға біраз жыл болды.

Кеше кешкісін басымның сақинасы ұстап қалды. Дәріні сіміріп алып, көрпенің астына тығылдым. Балалардың ойнап-күлгендегі шуы шыдаттырмастай қинап барады. Бірақ, балалы үй базар ғой. Екіге енді толған қызым қайдан түсіне қойсын. Қайта-қайта құшағыма еніп, ойнағысы келеді. Басымның ауырғаны сонша, қиналғанымнан тіпті ыңырсып жаттым.

Қалай ұйқыға кеткенімді аңғармай қалдым. Жігітім балаларды далаға серуендеуге алып кеткен екен. Ауа райы серуендейтіндей болмаса да, бір жарым сағаттай жүріп келді. Жел уілдеп, жаңбыр себелеп тұрған. Олар оралғанда мен оянып кеттім. Басымның ауырғаны да басылғандай.

Жігітімнің де жағдайы оңып тұрмаған екен. Бірнәрседен уланған-ау шамасы мазасы болмапты. Бірақ, екі аурудың біреуі өзін қолға алып, екіншісіне оңалуға мүмкіндік беру керек екендігін түсінген еді.

Әрине, ол да жатып алып, екеулеп ыңырсудан жарыс өткізсек болар еді. Бірақ ол даланың райына қарамастан, мені құтқарар серуенге балалармен бірге кетуді ұйғарды.

Ал, өткен аптада, ол ауырып жатқанда, мен де жігітім үшін дәл осылай істеген едім. Дұрысы – өзім үшін. Себебі оның тезірек сауыққаны маған да керек.

Осыдан үш жыл бұрын, жүкті кезімде той атқарып жүрдім. Тапсырыс берген той иелері «тек қана сен» деп, қандай да бір бөлмеге менен бұрын кіріп жүрген қарныма мән бермеген еді.

Той болар күні жігітім де корпоративке баруы керек болды. Сол жерде марапаттау кеші өтіп, оған да алғыс хаты табысталатын болған. Таңертең көйлеген үтіктеп, галстук таңдап қойдым.

Кешкісін жастармен тұрған суретімді жібердім. Боянып, сыланып, әдемі көйлегімді киіп алғанмын. «Қара, жаным, қарны қампиып тұрса да, қандай әдемі иә сенің әйелің» дегендей.

— Биік өкшелі аяқ киім кигенбісің? — деді жігітім. Жүктіліктің соңғы айларында аяқтарымның тым қатты ісініп ауыратынын білуші еді.

— Иә, енді бұл той ғой. Тәпішке киіп, қолыма капельница іліп жүрмемйн ғой, енді, — дедім мен.

— Өкшесі жоқ аяқ киім ала кеттің бе? Әлде ауыстырар ештеңе жоқ па?

— Жоқ, ала шықпаппын, — деп күрсіндім. Осындай күнделікті заттарды ойлай бермеймін. Ауыстырар аяқ киім алуды ұмытқан екенмін.

Екі сағаттан кейін, корпоративін тастап, үйге соғып, жеңіл аяқ киім тауып, маған әкеліп тұрған жігітімді көрдім.

Дәл сол сәтте аяқтарым әбден ісіп, жаным қиналған еді. Жігітімді көргеннен қатты қуанып кеттім.

Аяқ киімімді ауыстырып отырып: «Мараптың ше?»- деп сұрадым. Күйеуімнің маңызды іс-шараны өткізіп алатынына алаңдаған едім.

— Міне менің марапатым! – деді ол, басымен ішіме сілтеп.

Отбасы дегеніміз – жарыңның қажеттіліктерін өзіңдікінен маңыздырақ көре білуіңде, және бұл ұстанымыңның саған ешқандай жайсыздық тудырмауында.

Әр қайсысымызда әлі де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Бірақ оны бір-бірімізге тықпыштауды доғардық. Себебі біз үшін бақытты болу дұрыс болудан әлдеқайда маңыздырақ.

© Ольга Савельева
Әрі қарай

Балаларына ана тапқан ана!

Арамызда осындай да жандар бар екендігін қазақша оқитын достарым да білсін деп, аударып едім жазбасын. Көпбалалы ана, жетімдер үйінен 11 баланы ғана емес, үшеуінің туған анасын да жанына алған Жанар жайлы біле жүріңіздер! Қолдау көрсетеді деген үмітпен, Айкерім.

«Көбіміздей балаларыңды асырай алмадың» деп 5 баласын мемлекет тартып алған ана да бар. Өзі де жетімдер үйінің түлегі. Сөзбен жеткізілмес қайғы. Анасының мейіріміне зәру өскен жан, баласыз да қалды.

Балалар да аң-таң. Күнделікті өзектерін өртеп жүрген сұрақтарға жауап жоқ. «Анашымыздан бізді неліктен алып кетті? Біз тамақты аз жегендіктен бе? Мына жерде де оңдырып азықтанып жүрген жоқпыз ғой. Ойыншықтарымыздың аздығы ма себебі? Жетімдер үйінде тіпті көрмейміз де ойыншық атаулыны. Олай болса, себебі не?». Уақыт өте баланың анасына деген ұмтылысы бәсеңдей берді. «Балалық бақыт» дегенді де ұмытқандай. Ішкі дүниесінің бар нәсібі — қайғы менен қасірет.

Бірақ, қаншалықты алыста болса да, көзге көрінбестей әлсіз болса да бір үміт оты жүректерін жылытады. Ол үміт — АНА! Баланың тілегі жауапсыз қалмайды. Жетімдер үйі атаулы жүйеден балаларды жұлып алмақ ниеті мен мейірімділікке толы жүрегінің қалауымен бір келіншек келіп оларды бауырына басты. Осы үшін мемлекет оған айына 10АЕК (21 000 ₸) төлейді. Жаңа жанұя қалыптасып қана қоймай, күннен-күнге өсіп-өркендеп жатыр…

Ол келіншекті де түрлі ойлар жайына қалдырар емес. «Анасынан неліктен тартып алды екен? Не себептен асырай алмады екен? Маған берген сол 10 АЕКті туған анасына бермейді неге мемлекет? Сол балаларды тартып алып, қамап қою үшін салынған ғимараттардың орнына, осы ананы баспанамен неліктен қамтамасыз етпеді?

Осы сұрақтардан тыныштығы бұзылған келіншек, балаларға деген маxаббатына қарамастан, балалардың туған анасын табуға бел буды. Тауып та алды… Сыртқы бейнесі тартымсыз болғанымен (күтімі жоқ екендігінің белгісі), жан дүниесінің әсемдігі нұр шашқандай. Кедейлік сыр бергенімен, үй іші таза және жайлы екен. Тағы да бала босаныпты. Ұлы, сүп-сүйкімді, асыр салып ойынға беріліп кеткен. Жасы 3,5да. Оған қоса жүкті екен. Келіншек „бұныңыз қалай? Бұл балаларды да тартып алатын шығар?“ деп, уайымын білдірді.

Туған ана: „мен балаларды жақсы көремін. Тағдыр мені әке-шешесіз қалдырды, оған қоса балаларымнан да айрылдым. Бірақ, мен өмір сүргім келеді. Мен ТІРІМІН! Кеудемдегі жүрек те тас емес, тірі ғой“ деп үн қатты.

Жүздескенде, туған ана келіншекке балаларын жақсы көріп, құтқарып қалғаны үшін қаншалықты қуанышты екендігін де айтты. „Тек бір арманым. Сізге бала болған балаларымды бір көрсем...“

Барлық мән-жайға көзі жеткен келіншек үйіне, балаларына қайтты. Ас ішуге зауқы жоқ. Көз алдында қайғыдан қайысқан ана. Көз алдында сол ананың кішкентай ғана ұлы. Олардың жарытып ас жемейтіндігін де аңғарды. Бірақ, ол кісі не зарланбады, не көмек тілемеді.

Балалары дастарқан басында отырып, бұл келіншектің туған аналарын тауып алғандығын сезбейді де. Келіншектің басында түрлі ой зымырандай зулап жатыр. Бірі: „айтсаңшы-ау! Аналарыңды таптым! Керемет жан екен! Сендерді жақсы көреді екен“ деп жатса. Енді бірі: „Мен ше? Олар есейіп, туған аналарына, мені тастап, кетіп қалса қайтемін? Менің қаншама еңбегімнің зая кеткені ме? Доғар! Қалай болса да, игі істі міндетсіну бұрыс жәйт. Ал, енді қайтем?“

Екі күн дегенде шешім қабылдап қойды. „Туған аналарын жанымызға алу керек. Сонда балалар да бірге болмақ. Кішкентай інілерін де тартып алмайды ешкім“. „Мына әйел алжасқан болар! Осыншама баланың жанына артық ауызды қосып не істемек?“ дер ел-жұрт.

Бұнысына келіншек: туған ана туған балаларын жетілдіріп тәрбиелеуге көмектессін. Егер ол кісіден кішкентай баланы тартып алардай болса, балалар үйінен мен алып кетуім керек болады. Себебі ағайындары менде ғой. Ол үшін тағы күтуші де жалдауым керек болады. Қайтемін оны, туған анасы барда?»

Алысқа терезеден көз жүгірткен балалардың анасы келіншектің ұйытқып бұған келе жатырғанынан бейxабар. «Жүр, бізбен бірге бір шаңырақтың астында бол. Ендігәрі, балаларыңды аңсап, жас төкпейсің» деген сөздерді есту ойында да жоқ. Естіген сәт: «Алла ұлық һәм мейірбан ғой. 10 минут берші, заттарым көп те емес, салып алайын» деп жауап қата алды.

Келіншек пен балалардың туған анасы үйлеріне де жетті. Қыздары құшақтарын айқара ашып қуанғанымен, ұлы жақындай қоймады. Ол әлі де ренжулі. Әлі де есінде. «Сен бізді тастап кеткенсің» дейді. Тым-тырыс болды да қалды. Барлық балалар ананың жауабын күтіп, бір-біріне жалтақтайды. Келіншектің көзінен жас ытқып шығып: "өзіндей тірі жанға қаншалықты қатігез бола алатын еді адам баласы" дегені естілді. «Осынша жетімді қанатыңның астына алдың деп, біраз адам көмектесіп жатыр маған. Ал, кезінде осы әйелге қол ұшын созғанымызда, сегіз жылға созылған қайғылы оқиға да орын алмас па еді!»

Дегенменен, мемлекетіміздің өз аналарына деген әділетсіздігі сөзсіз. Балаларды тартып алудың қажеттілігі бар ма еді? Асырап алған әйелдерге, бала 18 жасқа толғанша төленетін 10 АЕКті туған аналарына берілсе қаншама адамның тағдырына ықпалы болар еді? Осынша қайғыға батқан жан болар ма еді? Осынша аты шыққан, әсерлі, әдемі, мейірімді істерге де мұқтаж болмас па едік? Бұл істер болмай-ақ та қойсын, қайта жанұяның сақталуы маңыздырақ емес пе?

Қорытынды: мемлекетіміздегі балалардың жетім үйлеріне баруының алдын алу — ең маңызды істердің бірі болып танылуы керек. Бұған қоса, мемлекетіміз жетім үйлеріне қыруар қаражат жұмсауда. Неге?

Бұл жазба арқылы әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға көмектесіп жүрген барша жанға АЛҒЫС білдіремін. Қаһарман мен емес, сіздерсіздер!

© Жанара Байжулдинова (фб)
Әрі қарай

Жауапсыз xаттар

Блог - Aygaya: Жауапсыз xаттар

Фб-ны ақтарып отырып, бір жас келіншектің парақшасына жолықтым. Келіншек те емес, кішкентай қыз дерлік. Жанұясы бар еді. Күйеуі мен қызы. Күйеуі — әскер. Мемлекеттің шығысында басталған оқиғалар барысында, ол да, әрине, соғысқа аттанды. Ал 2014 жылдың жаздық шайқастарынан кейін ол тіпті жоқ болып кетті. Өлілердің арасында — жоқ. Тірілердің арасында — жоқ. Тұтқындалғандардың арасында — жоқ.

Соның желідегі парақшасын оқып отырмын. Ал ол парақшасы арқылы күйеуімен сөйлеседі. "Қызымыз үшке де толды. Әңгімені керемет айтады. Сен жайлы жиі сұрайды. Қайдасың, жаным?" дейді. «Бүгін сенің туған күнің. Мен торт пісіріп қойдым. Сен жақсы көретіндей етіп. Оралшы бізге. Біз сені қатты жақсы көреміз ғой» дейді. «Саған ұнайтындай борщты пісіруді үйрендім-ау, әйтеуір. Келші бізге. Сенсіз өмір сүре алмаймыз» дейді.

Осылайша, бітпестей ұзақ тоғыз ай бойы. Онымен сөйлесіп, онымен ақылдасып, оған сауал да қойды. Еш қысылмастан, еш қорықпастан, еш тығылмастан.

Оның аккаунты — біртұтас, бітпес, жібермес жан ауыруындай. Оқып отырған менің жаным осынша қиналса, ол қалай шыдап жүр екен?

Әсіресе, мен бәрінің біткенін біліп тұрсам, ал, әріптерді тізіп, жазып отырған ол — әлі де білмесе…

Сүйек қалдықтарын тексере отырып, жеке басы анықталды. Тоғыз айдан кейін. Қыздың парақшасында жалғыз сөз: «жерледік».

Және көптеген бақытқа толы суреттер. Ол, күйеуі, қызы. Осындай, өзгеше адамдар болады ғой, өзі. Суретте болсын, кафеде болсын, далада болса да — жанарына қарап — бақытты екендігін түсінесің.

Дәл қазір, жесір-қыз өз қызын әлдилеп, ұйықтатып отырған шығар. Мүмкін, өзі де ұйықтап қалған шығар. Мүмкін, ұйықтамаған да шығар.

Ал, мемлекеттің орталығында, біреулер портфель бөлісе алар емес. Бастарының амандығы осындай кіп-кішкентай қыздардың, жігіттердің, балалардың, әйелдердің, еркектердің періштенікіндей сабырларының арқасында екенін түсінбейді. Мемлекеттің жағдайын өзгертуге, аз ғана болса да, уақыт беру үшін өз өмірлерін пида еткен, ысырып қойған адамдардың арқасында екендігін түсінбейді.

© Зоя Казанжи. Украина. 2016 ж.
Әрі қарай