Жарияланымдар

Республикалық «Жас ақын» байқауының жеңімпазы анықталды



Республикалық «Жас ақын» байқауының жеңімпазы анықталды. Үздік танылу үшін еліміздің әр облысынан 18 бен 29 жас аралығындағы 400- ге жуық ақын ынтықты. Ақтық сынға оның 10- ы жолдама алды. Үміткерлер 3 кезеңнен сүрінбей өтті. Яғни, олар «Астана жастар жүрегінде», «Астана- жиырмадағы жас қала», «Еркін тақырыпта» қалам тербеп, жыр шумақтарын арнады.

Жеңіске баршасының бар таласы. Әр бірі елордаға арнаған өлеңін иірімді ұйқаспен әрлеп, мазмұнды сөзбен көркемдеді. Абайдың ізін жалғағандар, «ат тұяғын тай басарын» жадында сақтады. Оларға шабыт сыйлауға зиялы қауым өкілдері келіп еңселерін тіктей түсті.

Байқау нәтижесі бойынша 1-ші орын Дания Сәтбекқызына бұйырды. Шығыс Қазақстан облысынан келген ақын шабыт атты тұлпарын тақымдап, сүбелі сөз, отты өлеңімен тәнті етті.

Үздіктер сапына енгендерге қаржылай сыйлық табысталды. Ақындар мүшәйрасы концеттік бағдарламамен жалғасты.

Түн батырлары!

Қытымыр қыс жақындай бергенде, елорда ақ ұлпаға оранады. Халықтың қауіпсіздігін күзеткен мамандар, алғашқы күннен – ақ қар тазалау жұмыстарын үдетеді. Мәселен, Астана қаласы бойынша көлемі жағынан 2-ші орынды алатын Байқоңыр ауданында 16 мердігер мекеме артылған міндетті уақытылы орындайды. Жұмысты атқаруға 130 мамандандырылған техника тартылған. Оның сапын биыл су жаңа құрылғылар толтырды.
280 адам 2 ауысыммен 6 — 8 сағат аралығында жұмыс істейді. Олар бет қаратпас боран, желге қарамастан өз қызметтерін мүлтіксіз орындайды. Қиындықтан қаймықпай, ісін сүйіспеншілікпен атқарады. Айтуларынша, нәпақасын табумен қатар, Астананың тазалығына, тұрғындардың қауіпсіздігіне үлес қосуда.
Жұмысшылар, жолмен қатар көпқабатты үйлердің ауласы, Байқоңыр ауданына қарасты 19 саябақты да тазалайды. Күн – түн демей ауыр істі атқаратындардың еңбегі қашан да елеулі. Тұрғындар да жұмыстарын жоғары бағалайды.
Байқоңыр ауданында соңғы он күндік ішінде қардың 30 мың текше метрі қала сыртына шығарылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға 90 текше метр құм-тұз қоспасы себілді. Әкімдік қызметкерлері 107 пәтер иелері кооперативімен тығыз жұмыс істейді.

«Сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасағының құрылғанына 5 жыл



Биыл, «Сақшы» құқықтық тәртіпті сақтау студенттік жасағының құрылғанына 5 жыл. Осы уақыттан бері 1500-ге жуық жас темірдей тәртіпке бағынып, құқық бұзушылықпен күресіп келеді. Олардың бірі Қуаныш Төкен. Басқару колледжінің 3-ші курс студенті, тәртіп сақшыларымен рейдтік шараларға шығып, әкімшілік хаттама толтырып, қаланың қауіпсіздігін сақтауға үлесін қосуда.
Астана қаласы бойынша жас сақшылардың қатысуымен 1 жылда 50 құқықбұзушылық әшкереленді.Іс сотта қаралып, әкімшілік айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары, ізбасарларының еңбекқорлығы мен отансүйгіштігіне сүйсіне қарап, жоғары бағасын берді.
Бұл жылы студенттер жасағының құрамы 200 жаспен толықты. Бүгін, белсенділігімен көзге түсіп, міндетін жақсы атқарғандар марапатталды. Бұл олардың шабытын шалқытып, жұмысын одан әрі нәтижелі орындауға серпін бермек. Жастар, ұлағатты ісімен елге үлгі болған аға буынның алғысын алды.
Жастардың патриоттық сезімдерін еселеуге эстрада жұлдыздары жалынды әндерін орындады. Тыңдармандардың рухын асқақтатып, жандарын жадырата түсті.

Ғажап көпірге саяхат. Шыңғыс Қожабековпен бірге

«Астананы жағаlike» — қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті еткен сәулет өнерінің туындылары, қызықты демалыс орындары жайында әңгімелейтін танымдық жоба. Жеңіл әзілдер, сапалы бейне көрініс оның басты ерекшелігі болмақ. Бағдарламаның жүргізушісі талантты жайдарманшы Шыңғыс Қожабеков.

Жобаның алғашқы саны Астанадағы жаңа, ерекше нысанның бірі «Атырау көпіріне» арналады.

Пирамида құпиялары

Астананы жағаlike жобасы бүгінгі санын Астана қаласы Әкімдігінің «Бейбітшілік пен Келісім Сарайы» МКҚК ғимаратына арнайды.

Бағдарлама жүргізушісі: Шыңғыс Қожабеков



Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Елордада Пирамида тәріздес сарайды салу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Жоба авторы белгілі ағылшын архитекторы Норман Роберт Фостер.

Елордада Пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І-ші съезінде ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші бас қосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және Келісім Сарайында өткізді.

Пирамиданың негізі 62×62м, биіктігі 62 м. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал пирамиданың төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген.

Жаңа сарайдың салтанатты ашылу рәсімінде әлемнің классикалық музыкасының жарық жұлдызы Монсеррат Кабалье өнерін паш етті.

Сарай ішінде 1302 орынға арналған Опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан.

2009 жылдың 13 шілдесінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Бейбітшілік және келісім сарайы» Мемлекеттік коммуналды қазыналық кәсіпорны құрылды.
Сарай демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Экскурссиялар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.