Кездесу


Дәмхана ішіндегі келушілерге арналған барлық үстел басы бос емес. Келушілер саны көп. Үстелдер арасында сары түсті жейде киген «Пицца Блюз» дәмханасының даяршы қыздары аяқ ұштарымен жүгіріп жүр. Біреулерінің қолдарында тағамға толы табақтары бар, екіншілерінің табақтары бос, үшіншілері үстел басында отырғандардың тапсырыстарын алдарына қойып жатыр.
Қызыл костюм киген көк көз, жалпақ бетті орыс әйелге:
-Сіз, жалғыз отырсыз. Үстел басына екінші болып қасыңызға отыруға бола ма? –деп, айтып жатып үстел басына қойылған екінші орындықты өз ыңғайыма қарай жылжыта бастағанда:
-Жалғыз емеспін, –деді жақтырмаған түрімен. Басын шайқап «не деген бассыздық» дегендей айтты, ішіндегі ойы сәл жыбырлаған еріндерінен білінді.
Қолымдағы ұялы телефонға қарап қоям, уақыт түскі үш. Дәмхананың залының ортасына барып келушілерден «босайды-ау» деген үстелді қарауылдап тұрмын. Әлгінде ғана үстел басына отырғызбай қойған орыс әйелі қолын бұлғап маған белгі берді. Қасына барғанша үстел басынан тұрып, жиналып үлгерді.